ҚОСАЛҚЫ ТАРИХИ ПӘНДЕР


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 98 бет
Таңдаулыға:   

ӘЛ-ФАРАБИ атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Т. Ә. ТӨЛЕБАЕВ

ҚОСАЛҚЫ ТАРИХИ ПӘНДЕР

ІІ бөлім

Оқу құралы

Алматы

«Қазақ университеті»

2014

Баспаға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих, археология және этнология факультетінің Ғылыми кеңесі және Редакциялық -баспа кеңесі шешімдерімен ұсынылған

Пікір жазғандар:

Махаева А. Ш. , тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Қалыш А. Б., тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Оспанова Р. Р., тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Сабденова Г. Е., тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Төлебаев Т. Ә.

Қосалқы тарихи пәндер. ІІ бөлім: оқу құралы. - Алматы: Қазақ университеті, 2014. - 160 б.

Бұл оқу құралы өткен жылы жарық көрген І бөлімнің жалғасы және мұнда қосалқы тарихи пәндердің геральдика, тарихи метрология, палеография сияқты күрделі салалары баяндалған, тест сұрақтары мен студенттердің өзіндік жұмыстары үшін қосымша тапсырмалар берілген.

Оқу құралы жоғары оқу орындарының тарих факультеттері студенттеріне, мектеп мұғалімдеріне және көпшілік оқырмандарға арналған.

КІРІСПЕ

Тарих факупьтеттеріндегі тарих, мұрағаттану және құжаттану, археология және этнология, музейтану мамандықтары студенттері үшін оқтылатын «Қосалқы тарихи пәндер» әрқайсысының өзі бір-бір пән, тіпті ғылыми сала болып есептеледі. Мәселен, адамзаттың өткен кезеңдерінде және бүгінгі күндері де пайдаланған өлшем жүйесі туралы мәселелерді оқытатын «Тарихи метрология» өлшем бірліктері, сертификаттау мен стандарттау мәселелерін зерттеп, реттеп отыратын жалпы метрологияның бір саласы болып табылады. Мұның өзі қосалқы тарихи пәндердің күрделі де қызықты екендігін және тарих мамандықтары бойынша алынатын білімді тереңдету мен нақтыландыруда маңызды орын алатындығын айқындай түседі.

Өткен, 2013 жылы жарық көрген «Қосалқы тарихи пәндер» атты оқу құралының бірінші бөлімінде ономастика, генеалогия, нумизматика және хронология сияқты салалары қамтылған еді. Ал қолдарыңыздағы оқу құралы соның жалғасы, екінші бөлімі ретінде ұсынылып отыр. Мұнда тарихи метрология, палеография және геральдика сияқты қосалқы тарихи пәндер баяндалып, олар бойынша студенттердің өз бетімен білім алуына бағыт, бағдар беру мақсатында қосымша материалдар берілген. Бұл қосымшаларда еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысты мәселелерге басымдық беруге тырыстық. Мұнымен қатар «Қосалқы тарихи пәндер» оқу пәндерін бағалау жүйесін негізінде ҚР БжҒМ өткізетін тестілеуге енгізілгендіктен оқу үрдісі барысында пайдалану үшін тест тапсырмалары да ұсынылып отыр.

Қосалқы тарихи пәндердің біздің елімізде өте аз зерттелгенін, тіпті қосымша мәліметтер беру үшін материалдар табу мүмкіндігінің де қиындау екендігін атап көрсетуіміз қажет. Бұл жағдайлар оқу құралын жазу барысында қиындықтар да тудырып отырды.

Сондықтан, қосалқы тарихи пәндердің әрбір саласы бойынша ұлттық деректер мен тарихи мұралар негізінде зерттелуге, айқындалуға тиісті мәселелер өте көп және олардың болашақ зерттеушілерін күтуде екендігіне де назар аудартуды дұрыс деп білеміз.

  1. ТАРИХИ МЕТРОЛОГИЯ

Дәріс мақсаты: Тарихи метрология пәнінің мәні мен ерекшеліктерін, басқа ғылым салаларымен байланысын, ғылыми сала ретінде қалыптасуы мен дамуын, ежелгі дүниедегі, шет елдердегі, қазақтардағы және қазіргі халықаралық өлшем бірліктері туралы мәселелерді баяндау

Негізгі сөздер: метрология, өлшем бірліктері, ХӨСБ, ӨСХК, SI, метр, литр, киллограм, эталон.

Негізгі мәселелер:

  1. Тарихи метрология пәні, ерекшеліктері, басқа ғылым салаларымен байланысы, деректері
  2. Тарихи метрологияның қалыптасуы мен дамуы
  3. Ежелгі дүниедегі өлшем бірліктер
  4. Шетелдік өлшем бірліктерінен
  5. Қазақтың дәстүрлі өлшем бірліктері
  6. Халықаралық өлшем бірліктер жүйесі. Тарихи метрология пәні, ерекшеліктері, басқа ғылым салаларымен байланысы, деректері.

Тарихи метрология - өткен уақыттарда адамдар пайдаланған ұзындықтың, ауданның, көлемнің, салмақтың және тағы басқалардың өлшем бірліктерін, олардың атауларын, жүйесін, өлшеу құралдары мен әдістерін оқытатын қосалқы тарихи пән. Метрология ұғымы грекше метрон - өлшем, өлшеу құралы, логос - ілім, білім деген сөздерден пайда болған. Бүгінгі таңда метрология барлық өлшем бірліктері жүйелерін, олардың эталондарын, заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандарттық түрлерін, өлшем құралдарын тексеру және аттестаттау мәселелерімен айналысатын ауқымды ғылыми сала. Ал тарихи метрология соның бір бөлігі ретінде де қарастырылады.

Өлшем бірліктері метрлік жүйе қалыптасқанға дейін - ақ пайда болып, дамыды. Сондықтан ол кезең дәстүрлі өлшем жүйесі кезі деп те аталады. Сонау көне замандарда -ақ адамдар өсірген малдарының санын, алған өнімінің көлемін, барған жерінің қашықтығын, мал өрісі мен көш-қон шегін өздерінше өлшеп, анықтап отырды. Еңбек құралдарын, қару-жарақтарды жасау, киім тігу, баспана салу барысында оларды дұрыс және ыңғайлы ету үшін өлшеу керек еді. Тұрмыстық заттарының салмағын, көлемін, ұзындығын анықтау қажеттігі де алғашқы өлшем бірліктерінің дүниеге келуіне ықпал етті. Ең алғашқы өлшеу құралдары ретінде адамдар өздерінің дене мүшелерін пайдаланған деп есептеледі. Мәселен, саусақ, шынтақ, табан тағы басқалар арқылы өлшеген. Өлшеудің бұл түрі көптеген халықтарда соңғы кездерге дейін сақталып келгені мұның бұлтартпас дәлелі болса керек. Ежелгі дәуірлерде ұзындық өлшемдері ретінде адым, белгілі бір уақытта жүрген жолдың ұзындығы да негізге алынды. Ал аумақтың көлемі зер өңдеуге кеткен еңбекпен немесе ол аумаққа себілетін діннің, тұқымның көлемімен өлшенетін болды. Сусымалы және қатты денелер адам алып кете алатын мөлшерімен айқындалды.

Шаруашылықтық қатынастардың дамуы, өндіруші шаруашылықтардың пайда болуы, айырбас пен сауданың маңызды рөл атқара бастауы, рулар мен тайпалардың, халықтар мен елдердің өзара байланысының жаңа түрлерінің дүниеге келуі мұның барлығы кейбір өлшем бірліктері мен жүйелерінің кең таралуына ықпал етті. Өлшем жүйелері жетілген кейбір елдердің өлшем бірліктері басқа елдер мен мемлекеттерде де пайдаланыла бастады. Сөйтіп олар халықаралық сипат алды. Мәселен Жерорта теңізі бойы елдерінде вавилондық өлшем жүйесі таралып, олардағы өлшем жүйелеріне негіз болды.

Дегенмен ортағасырлық Еуропа елдеріндегі экономикалық-әлеуметтік құрылыстың, қоғамның саяси ұйымдастырылуының, мәдениет пен діннің айырмашылықтары мен ерекшеліктері және халықаралық қатынастардың сипаты өлшем жүйелеріне әсер етті. Оларды шатастыруға, мәліметтердің әртүрлі болып, араласып кетуіне әкелді. Сол себепті де метрология күрделі әрі қызықты пән болып есептеледі.

Қазіргі кезеңде жекелеген фактілерді жинақтаумен қатар, оларды терең ой елегінен өткізіп, пайымдаулар мен тұжырымдар жасауға ұмтылыс артуда. Метрологияда бұл үрдіс енді ғана өріс алуда. Көптеген елдерде, соның ішінде Еуропалық елдердің барлығында бірдей сенімді метрологиялық анықтамалықтар жоқ. Жекелеген салмақ, ұзындық көлем және т. б. өлшем бірліктерінің өалыптасуы мен дамуы туралы арнайы, кешенді зерттеулер де мәліметтер бере отырып, жекелеген елдердегі өлшем бірліктер тарихына және халықаралық өлшем бірліктеріне сипаттама беруге ұмтылыс жасалды. Басты мақсат - метрология туралы ғылыми көзқарас қалыптастыру және қателіктер мен шатастыруды болдырмау үшін тарихилық принципін пайдалана білуге үйрету.

Метрология тарихи деректерді айқындау, нақтылау және шынайылығын анықтауда үлкен орын алады. Ол әсіресе экономикалық-әлеуметтік тарих бойынша көптеген деректер береді және оларды нақтылауға көмектеседі. Өлшем бірліктері арқылы белгілі бір халықта немесе мемлекетте шаруашылықтың қандай түрінің жетекші сипат алғанын, қай кезеңде қандай аумақта өмір сүргенін, саудасының дәрежесін, өандай елдермен сауда байланыстарының болғандығын және т. б. білуге болады. Метрологияның көмегімен деректегі өлшем бірліктерге қарай отырып, оның уақыты мен орнын ажырата аламыз. Метрологиялық мәліметтер негізінде құжаттың шынайылығы мен жалғандығын да анықтауға болады. Бұл оның деректанумен байланысын байқатады және оған деген қызығушылықты арттырады.

Метрология басқа да тарих ғылымы салаларымен тығыз байланысты. Тауардың салмағы мен көлемін, құнын анықтау барысында метрология нумизматикамен жиі байланысқа түсіп отырады. Метрологиялық зерттеулер барысында мамандар археология мен этнология мәліметтерін де пайдаланады. Өлшем бірліктері әсіресе ежелгі және орта ғасырларда табиғи факторларға - топрақтың ерекшелігіне, ландшафтқа, ауа райына, климатқа және өнімділікке - тікелей байланысты болды. Сондықтан да метрологиялық еңбектерде география, астрономия, геология, агрономия және т. б. ғылым салалары бойынша әдебиеттерге сілтемелер жасалады.

Метрологиялық зерттеулер үшін көптеген дерек көздері пайдаланылады. Олардың негізгі тобын сөз жоқ жазбаша деректер құрайды. Олар: жекелеген трактаттар, хроникалар, келісім шарттар мен келісімдердің мәтіндері, саудалық есептер туралы құжаттар, иелік жөніндегі есептер, сот протоколдары және басқа да жазбаша материалдар. Бұлармен қатар, топографиялық карталар, метрологиялық анықтамалықтар да өлшем бірліктер туралы мәліметтерді толықтыруға, нақтылауға көп көмек береді.

Жазбаша деректермен қатар заттай деректер де метрологияда кең түрде пайдаланылады. Заттай метрологиялық деректерге өлшеу құралдары, қоныстардың, жекелеген құрылыстардың қалдықтары мен орны, егістік аумағы, өлшемдер мен салмақ эталондары, монеталар жіне т. б. жатады. Колонналардағы фрескалар мен капителдерден, кітаптардағы миниатюралардан, мүсіндеу мен бейнелеу өнері ескерткіштерінен өлшеу үшін адамдардың нені және қалай пайдаланғанын көруге болады.

  1. Тарихи метрологияның қалыптасуы мен дамуы

Өлшем бірліктері туралы ортағасырлық Еуропада жазылған алғашқы еңбектер заңгерлер мен көпестердің трактаттары деп есептеледі. Мәселен ХІҮ ғасырдағы италиялық саудагер Франческо Баль-дуччи Пеголоттидің «Сауда тәжірибесі» атты еңбегі осы қатарға жатқызылады. ХІҮ -ХҮ ғасырларда әртүрлі аймақтарда қолданылатын өлшем бірліктері коммерциялық қажеттілік үшін жүйелендірілді. Осы кезеңдерде жерге орналастырушылар ұзындық пен жер бедерін өлшеу тәсілдері кең түрде сипатталған алғашқы көлемді трактаттар пайда болды. Сол шығармалардың ішінде неміс қоныстанушыларының жер бөліктерін өлшеу тәжірибесін қорытындылайтын «Кульмдық геометрия» атты еңбекті ерекше айтуға болады. Кейінгі феодализм кезеңіндегі діл өлшеу талаптардың күшеюі өлшемдер туралы жұмыстарды жазудағы бастамашылық көпестер мен жер өлшейтіндерден математиктерге өтті. Вена тұрғыны Кристоф Рудольфтың «Шебер есеп» атты еңбегі Батыс Еуропаның әртүрлі аудандарында таралған астық, шарап, май өлшемдерін, фунттарды, шынтақтарды салыстыра сипаттауға арналған. Ол 1526 жылдан 1588 жылдардағы 60 жылдай уақытта мегіз рет жарық көрді. Батысеуропалық көптеген мұрағаттардан өлшем бірліктері туралы трактаттардың әртүрлі қолжазбаларын кездестіруге болады. Сондықтан да метрология жеке ғылыми пән ретінде ХҮІ ғасырда қалыптасты деп есептейді. Ал Еуропада тарихи метрологияның пайда болуын Георг Агриколла (1494-1555) мен Жозеф-Жюст Скалигердің (1540-1609) «Римдіктер мен гректердің өлшемдер мен өлшеуіштер туралы бес кітап» атты еңбегімен байланыстырылады. ХҮІ -ХҮІІІ ғасырларда тарихи метрологияның негізгі мәселесі антикалық кезең өлшем бірліктері басты назарда болды. Ал ортағасырлық европалық өлшем бірліктері мәселелері көбінесе өлкетанушылар мен антикварларды ғана қызықтырды.

ХҮШ - ХІХ ғасырларда Еуропаның көптеген елдерінде өлшем бірліктері туралы анықтамалықтар шыға бастады. Ресейде өлщем бірліктері жүйесң негізінен ХҮШ -ғ. басында қалыптасты деп есептеледі. Ал ХҮШ - ХХ ғасырлардағы метрологияның басты міндеті елдің орасан зор аумағындағы өлшем бірліктерін нақтылау, біріздендіру болды. Бұл кезеңдерде ресейлік бірыңғай өлшем бірліктері жүйесңн қалыптастыру мақсатында бірнеше комиссия құрылып, жұмыс істеді.

ХІХ -ғасырда экономика тарихына қызығушылықтың артуына байланысты ортағасырлық өлшем бірліктеріне көбірек көңіл аударыла бастады. Метрологияның кейбір мәселелеріне байланысты арнайы зерттеулер пайда болды. «Ұлы Карлдың фунты», «кельндік марка», «гуфтар» және басқалар пікірталас мәселелеріне айналды.

ХХ - ғасырда өлшеу жүйелері тарихи-экономикалық мәселелерді зерттеу құралы ретінде ғана емес, өзіндік зерттеу обьекті ретінде де қарастырыла бастады. Тарихи метрологияны оқып зерттеуде Тарихи метрология бойынша Халықаралық комиссия өзіндік үлес қосты. 1975 жылдан бастап тарихи метрология бойынша конгрестер өткізіле бастады.

Зерттеушілер тарихи метрология бүгінгі таңда өрлеу сатысында тұр деп есептейді. Жалпы алғанда тарихи метрологиялық зерттеулер ортағасырлық кезеңмен салыстырғанда ежелгі гректік және римдік өлшем жүйелері жақсырақ зерттеліп, айқындалғандығын көрсетеді.

  1. Ежелгі дүниедегі өлшем бірліктер

Бізге нақты жазбаша деректер бойынша келіп жеткен алғашқы өлшем бірліктері Ежелгі Вавилон, Египет, Парсы, Қытай, Грекие, Рим және тағы басқа елдер ге тән. Енді солардың кейбіреулеріне қысқаша тоқталайық.

Ежелгі Вавилоннан келіп жеткен Хаммурапи заңдарында көптеген өлшем бірліктері аталады. Ол бойынша көлем өлшемдерінен 1 гур = 252, 6 л. , ал аумақ өлшем бірлігінен 1 ику = 3528 м² екен.

Ежелгі Египетте парсанг, шем деп аталған ұзындық өлшемдері болған. Бір парсанг 1/9 шемге, ал ол қазіргі өлшем жүйесі бойынша 6, 98 километрге тең. Ал 1 шем 62, 82 км. болып саналады. 1 канна 5 адымға немесе 4, 07 метрге тән.

1 адым - 81, 44 см.

1 зерец - 1 1/3 спитам, ол 34, 9 см.

1 спитам - 1 ½ дихас, ол 26, 17 см.

1 дихас - 2 шесп, ол 17, 45 см.

1 шесп - 4 теб, ол 8, 72 см.

1 теб - 2, 18 см.

Ал ежелгі Египеттік салмақ өлшем бірліктері бойынша төмендегідей мәліметтер бар:

1 кантар = 139, 78 кг

1 киккар = 42, 5 кг.

1 ойпе - 8, 5 кг

1 кедет = 9, 096 г.

Ежелгі Қытайда алғашқы өлшем бірліктері император Хуан-ди кезінде жасалған деп есептеледі. Сяо эрья және Кунцзы цзяюй сөздіктерінде ұзындық өлшем бірліктерінің адамның дене мүшелеріне байланысты пайда болғандығы айтылады. Ал Ши цзи бойынша алатын болсақ бұл адам дене мүшелерінің ұзындығы да әртүрлі болып келуіне байланысты император Юй кезінде олар нақтыланды. Тіпті Шан әулетінің жерлеу орнынан ондық белгілері бар сызғыш та табылған. Ал Чжоу әулеті билігі кезінде аймақ басшыларының билігі күшейгени кезде олардың өздерінің өлшем бірліктері пайда болады. Қытайда бірорталықтандырылған мемлекет құрған Цин Шихуанди өлшем бірліктерін жүйелеттіреді. Ол өлшем бірліктері Ханьшуда көрсетілген. Мин әулеті билігі тұсында өлшем бірліктері ондық негізде жүйеленеді. 1928 жылы Қытай үкіметі метрлік өлшем жүйесін қабылдайды.

Ежелгі дәуірде Қытайда чи, бу, ли деп аталған ұзындық өлшем бірліктері пайдаланылған. Бір ли 300 - 360 бу, ал 1 бу 5-6 чи деп өлшенетін болған. Бірақ олардың аттары сақталып отырғанмен әр кезеңдердегі ұзындықтары әртүрлі болып отырған. Мәселен, Шан әулеті кезеңінде 1 чи - 0, 167 метр, 1 бу -1 метрдей, 1 ли - 301, 50 м. болған. Чжоу дәуірінде 1-чи - 0, 199 метр, 1 бу - 1, 19 метр, 1 ли - 358, 20 метр деп есептелген. Бір назар аударарлығы уақыт өткен сайын олардың ұзындықтары аздап болса да өсіп отырғаны байқалады. Тан әулеті тұсында 1 чи - 0, 25м., 1 бу -1, 23 м. болса, ал 1 ли тіптен - 443, 70 -ке дейін жетіп отырған екен.

Ежелгі дүниедегі біршама жүйеленген және кең таралып, жақсы зерттелген өлшем бірліктер жүйесінің бірі - римдік болып есептеледі. Ол бойынша бүтін ұғымын білдіретін «ас» - негізгі өлшем бірлігі болып табылды. Оның 1/12 бөлігі унция деп аталды. Қалған өлшем бірліктерінің барлығы «астың» немесе «унцияның» бөліктері немесе көбейтінділері түрінде есептелді. Өлшеудің бұл принциптері сызықтық, квадраттық және кубтық өлшемдерді жеңілдетуге мүмкіндік берді. Сызықтық -өлшемде тіректік бірлік пес (табан, фут ұғымын білдіретін) болды. Ол 29, 57 см. деп саналды. 5 фут бір пассус - екі адым (1, 48 м. ) : 1000 адым - бір миль деп есептелді. Фут жарты футқа, ал 2, 46 сантиметрге тең унция жарты унцияға және сол сияқты бөліктерге бөлінді. Архитектуралық тәжірибеде біршама басқа жүйе қолданылды. Онда өлшем бірліктері адам дене мүшелерімен өлшеніп, аталды. 1/16 фут -саусақ, 4 саусақ - алақан, 1, 5 фут - бір шынтақ немесе 6 алақан деп саналды. Саусақ 1/288 футқа дейін бөлінді және ол скрупул деп аталды. Римдік жерөлшегіштер пайдаланған метрологиялық жүйе ұзындық өлшеміне айналды. Мұнда басты өлшем - акт деп аталды. Бір акт қос өгіз үнсіз жыртқан атыздың ұзындығына тең деп есептелінді. 1/12 акт пертика деп аталды. Ол 10 футқа тең делінді.

Осы сызықтық өлшем негізінде аумақты өлшеу бірліктері қалыптасты. Олардың ең кішісі скрупул - 8, 75 шаршы метр еді. 288 скрупул аумақтың негізгі өлшем бірлігі - югерді құрады. 1 югер -2519 шаршы метр деп өлшенді. Үлкен аумақты өлшеу үшін центурия және сальтус делінетін бірліктер қолданылды. Центурия - 200 югерге, ол 50, 38 гектарға, ал сальтус - 4 центурияға немесе 201, 5 гектарға тең болды.

  1. Шетелдік өлшем бірліктерінен

Ұлыбританияда, АҚШ-та және басқа да кейбір елдерде ағылшындық өлшем жүйелері пайдаланылады. Бірақ ол елдердегі өлшем бірліктері көлемі бойынша бір-бірінен ерекшеленіп отырады. Сондықтан да оларды метрлік жүйе негізіндегі жуықтап алынған бірліктерімен қатар көрсетейік.

Ағылшындық ұзындық өлшемдері:

1 теңіз милі - 1, 85 км.

1 ярд - 3 фут - 0, 91 м.

1 фут - 12 дюйм - 0, 30м.

1 дюйм - 12 линия -2, 54 см.

1 линия - 2, 1 мм.

Америкалық сұйықтықтардың өлшем жүйесінен:

1 баррель шикі мұнай - 42, 2 галлон - 158, 97 л.

1 галлон - 3, 78 л.

1 унция - 29, 56 мл.

1 ас қасық - 14, 8 мл.

1 шай қасық - 0, 08 мл.

Жапондарда дәстүрлі өлшем бірліктері - сякканхо́ деп аталады. Бұл жүйе 1891 жылғы императорлық заң бойынша метрлік өлшем жүйесіне көшірілді. Дегенмен Жапонияның кейбір салаларында әлі де болсадәстүрлі ұзындық өлшемдері қолданысқа ие болып отыр. Тарихи тұрғыдан алғанда бұл өлшем бірліктерінің негізі қытайлықтардан алынған. Дегенмен жапондықтардағы ұзындық өлшем бірліктерінің өзіндік мәні, өлшемі бар. Мәселен, 1 сун - 3, 03 см. Ал 1 сяку - 30, 3 см. Бір кэн - 1, 81 м. болса, бір дзё - 3, 03 м. деп есептеледі.

Жапонияда күріш пен саке дәстүрлі көлемдік өлшем бірліктері негізінде өлшеніп келді.

Өлшем бірлігі
көлемі
литр
Өлшем бірлігі: Го
көлемі:
литр: ≈ 0, 18039
Өлшем бірлігі: Сё
көлемі: 10 го
литр: ≈ 1, 8039
Өлшем бірлігі: То
көлемі: 10 сё
литр: ≈ 18, 039
Өлшем бірлігі: коку
көлемі: 10 то
литр: ≈ 180, 39

Ал салмақ өлшемдері төмендегідей:

1 фун
375 мг
1 фун: 1 моммэ
: 10 фун
375 мг: 3, 75 г
1 фун: 1 кин
: 160 моммэ
375 мг: 600 г
1 фун: 1 кан
: 1000 моммэ
375 мг: 3, 75 кг
  1. Қазақтың дәстүрлі өлшем бірліктері

Басқа да халықтардағы сияқты қазақ халқында да өлшем бірліктері өмір-тіршілігіне, тұрмыс-салтына, шаруашылық ерекшелігіне байланысты қалыптасқан. Ол өлшемдер сонау көне замандардан бастау ала отырып ғасырлар бойы пайдаланыла келе біздің кезімізге дейін жетіп отыр. Олардың кейбіреулері, әсіресе ауылдық жерлердегі, күнделікті тұрмыста әлі де болса орын алады. Дегенмен қосалқы тарихи пәндердің көптеген саласы сияқты қазақ метрологиясы да толық зерттеле қойған жоқ. Сол себепті де қазақтың байырғы өлшем бірліктерінің мәні, көлемі бойынша қазіргі метрлік жүйе негізінде айқындауды, нақтылауды қажет ететін мәселелер баршылық. Оларды ескерте отырып, қазақтың дәстүрлі өлшем бірліктері жөніндегі мәліметтерді білуіміз қажеттігінің де үлкен орын алатынын баса көрсетеміз. Бұл бүгінгі таңда, әсіресе тарихи зерттеулер барысында ерекше маңызға ие болып отыр.

Дәстүрлі қазақ өлшем бірліктерінің ұзындықты айқындаудың көне түрлері саусақпен, қолмен және аяқпен өлшеу негізінде пайда болса керек. Саусақпен өлшенетін ұзындық немесе қалыңдық өлшемдері бойынша бір елі - саусақтың көлденең қалыңдығын, енін білдіреді. Ал сүйемге байланысты бірнеше өлшем атауы бар. Бір сүйемнің өзі бас бармақ пен сұқ саусақ аралығындағы өлшем болса,
сынық сүйем - сұқ саусақтың буыны бүгіліп барып белгіленетін өлшем. Ол бір сүйемнің 3/4 бөлігіне тән. Ал қарыс сүйем - бас бармақ пен ортаңғы саусақтың арасы. Қарыс - бас бармақ пен шынашақтың арасындағы ұзындық. Кере қарыс деп бас бармақ пен шынашақтың кере созылғандағы арасын айтады. Қолға байланысты өлшенетін білем, шынтақ, қолтық, құлаш, табан және тағы басқа да ұзындық өлшем бірліктері бар. Ол бойынша бір білем - саусақтың ұшы мен қолдың бірінші буынының аралығы болып есептеледі.

Ал шынтақ өлшемі қолдың басы мен шынтақ аралығындағы ұзындық.
Қолтық - қолдың басы мен қолтықтың аралығындағы көлем.
Құлаш деп иық деңгейінде созылған екі қол ұшының арасындағы ұзындық айтылады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қосалқы тарихи пән және оның міндеттері. Палеграфия ғылымының дамуы. Генеология. Хронология
Палеографияның қазақ жазбаларындағы (хан- би жарлықтары, ресми қатынас кағаздары, жеке тұлғалардың хаттары, т. б. əр тұрлі құжаттар) таңбалардың қолданылу ерекшелігін анықтау
Қосалқы тарихи пәндер пәнінен оқу-әдістемелік нұсқау
Экономикалық тәрбие беру
Композиция ұғымы
Математика ретінде және CLIL пән
Ғылым философиясы туралы
Бастауыш және орта білім беру, сондай-ақ кадрларды қайта даярлау жүйесін әлемдік стандарттарға жақындату
Метрология ұғымы
Ботаниканың бөлімдері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz