Абай мен Мағжан педагогикасындағы үндестік



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 13 бет
Таңдаулыға:   
Абай мен Мағжан педагогикасындағы
үндестік

Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес, Бір сөзің мың жыл өтсе, дәмі кетпес. Қарадан хакім болған сендей жанды Дүние қолын жайып, енді күтпес... "Алтын хакім Абайға" М. Жұмабаев1912ж... .

М. Жұмабаев, 1912ж.

... Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл,
ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ.
Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің
бәрі де-ақымақтық.
Абайдың он сегізінші қара сөзінен.
Өмір сүру кезеңіне қарамастан, ұлы тұлғалар арасындағы рухани үндестікті олардың бойына тәңір сыйлаған құдіретті қасиет деп білемін. ХІХ ғасырдың ғажайып феномені, құбылысы, абызы, алыбы атанған Абай шығармашылығының ХХ ғасырдағы Алаш зиялыларымен үндесуін рух бірлігі деп түсіндіруге болады. Абай арғы-бергі тарихымызды тереңнен толғап, өткенімізді бажайлап, барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп, болашағымызға үн қатқан абыз. Ол өз ұлтының кемел келешегін көксеп, қараңғы түндегі темірқазықтай жол сілтеді.
Оның мұхиттай терең мол мұрасына сүңгіген сайын тереңдей бересің. Абайтанудың негізін қалаған ғалым, жазушы, этнограф Мұхтар Омарханұлы Әуезов Абай жайын зерттеушілерге деп аталатын мақаласында Тегінде Абай шығармасының аздығынан кенде болып жүрген жоқпыз,барын барша, бажайына барғыза алмаудан кендеміз деп дәл айтқан. Шынында да, Абайды тану, Абай тереңіне бойлау - оңай ғылым емес. Сонымен қатар Әуезов тағы да Абай дәуірі патшаның орыстандыру саясаты мен ел билігінің патша -28-
қолына өтуіне тұспа-тұс келгенін, қазақ сахарасын билеуде патша өкіметі түрлі өзгерістерді қолданғанын, Абай өмір сүре бастаған кезде Қазақстан ішкі Россияға сәйкес административтік жүйеге сай бөлінгенін (алты облысқа Семей, Жетісу, Торғай, Сырдария, Орал, Ақмола) тілге тиек етіп, Абайдың қазынасын болашақ ұрпаққа жеткізуді ашық атқару қажеттілігін айтқан болатын.
Абайды тану - қазақты тану. Абайды тану-дүниені тану. Абайды тану-адамдықты тану. Абайды тану-ұлылықты тану. Міне, өлең сөздің патшасына айналып, білім-ғылымның тереңін меңгерген, адамдық ілімінің негізін қалап, ұлтымызды осындай ұлылыққа жеткізіп, әлемдік биікке көтерген Абайды алғаш Абайша танығандар, Абайтану ілімінің негізін қалағандардың бірі - бұл Алаш зиялылары болатын. Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектер Абайдың таза да мөлдір тұнығынан нәр алып, Абай тағылымын терең түйсініп, Абай ілімінің ізгілігін танып, Абай жолын жалғауға ұмтылған қайраткерлер еді. Әттең, ұлы Абайымыздың ұлы жолын таңдаған Алаш зиялыларының ғұмыры қысқа болды. Егер Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектер жастай жазықсыз жазаланып, қудаланып, атылмағанда, бүгінде Абай ілімімен өз ұлтын заңғарларға алып ұшпас па еді... Шіркін, оларға Абай ілімін жалғастыруға мүмкіндік бергенде, біз қазақ қоғамы бүгінде әлемдік даму биігіне әлдеқашан көтерілген болар едік. Қазақстан-2050, Қазақстан-2030, стратегиялық бағдарламамызды сол Алаш зиялылары әлдеқашан орындап, қазақты дамыған 30 елдің қатарынан емес, басынан бір-ақ шығарар ма еді?! Әттең, солақай содыр саясат оған мүмкіндік бермеді, қыршындарынан қиып, тарихтың терең қатпарына лақтырып жіберді, топыраққа көміп тастады. Бірақ саф алтын құм астында жата ма? Жоқ! Айтуға мүмкіндік бермей, тар қапасқа қамаса да, қуғын-сүргінмен тар жол, тайғақ кешіп, тым ерте фәни дүниемен қоштасса да, олар үлгергендерінше айтарларын айтып, жазарларын жазып қалдырды. Сол дүниелерінің өзі қадірін біліп, түсінген адамға, бар қазақтың ғұмырына жетерлік мол азық.
Иә, ...Жүрегіңнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла...-деп данышпан Абайдың өзі айтқандай, Абайдың жұмбақ әлемімен танысу, Абайды тану ғылымы ол дүние салысымен басталып та кеткендей. Оны Алаш көсемі Әлихан бастады. Ол тарихта тұңғыш рет ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасынан біршама мағлұмат жинақтап, оны орыс тілінде шығатын Семипалатинский листок газетіне жариялағанын, сол арқылы қазақтың Абайын бір ғана қазақ даласына емес, бүкіл Ресей көлеміндегі қалың жұртшылыққа таныта бастағанын білеміз. Осылайша Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов-алғашқы Абайтанушылардың бірі боп, ұлы ойшылдың алғашқы шежірешісі және зерделі зерттеушісі болғанын байқаймыз.
Онан кейін Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсыновтың Қазақ газетінің үш санына бірдей Қазақтың бас ақыны деген тақырыппен көлемді мақала жариялап, онда Абайдың ұлы көсемдігі, данышпандығы, шешендігі туралы өзінің байсалды пікірін Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне Абай-көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған... Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек-деп білдіреді. Ахмет осы мақаласы арқылы болашақ ұрпақты Абайды толық тануға шақырғандай.
Ал, Алаш зиялысы Міржақып Дулатұлы Абай шығармаларына терең қаныға отырып, оны өте жоғары бағалап, Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын - Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз-Абай - деп жазады. Шынында, Міржақып Дулатұлы айтқандай, Абай әлі күнге қазақ ақын, жазушыларының, қазақ ойшыл-философтарының алды болып тұр. Оның орнын басқан бірде-бір ақын да, яки, жазушы, ойшыл да жоқ.
Алдыңғы толқын Алаш зиялыларының еңбегін Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылы Абай журналын шығарумен жалғады. Журнал бір жыл ғана жарық көрді, бір жылда 12 нөмірі ғана шығарылғанына қарамастан, осынау азғана уақыт ішінде Абай мұрасын жинастыру, оны зерттеп, халыққа насихаттау ісінде айрықша рол атқарды.
Алаш зиялылары Абай тұлғасын, Абай мұрасын осылайша жоғары бағалап, оның мұрасын халыққа таныту ісіне белсенділік танытып жатқанда, Мағжан да үнсіз қала алмады. Ол Алаш зиялыларының Абай турасында айтқан әділ пікірлерін жандандырып, Абай есімін танытуда оны Шын Хакімге балап, 1912 жылы Алтын хакім Абайға атпен жыр арнайды.
Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл өтсе дәмі кетпес
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолын жайып, енді күтпес...
Сөзіңе құлақ салып баға бермей,
Қисайып қыңырайды жұртың иттес!
Бұртиып теріс қарап Аулақ жүр деп
Болды ғой жақын туған бәрі кектес.
Тыныш ұйықта қабіріңде уайым жеме,
Қор болды қайран сөзім босқа деме
Артыңда қазақтың жас балалары
Сөзіңді көсем қылып жүрер жөнге!
Мағжан Жұмабаевтың терең зейіні Абай болмысын, Абай тұлғасын дәл танып, Абай ілімін терең түсініп,әділ баға берді. Хакім деген сөздің нағыз иесі Абай екенін Кеңес одағы жасырып келді. Ал, Мағжан сол уақытта-ақ Абайдың ақын ғана емес, нағыз ойшыл, қазақтан шыққан философ, хакім екендігін танып, оны халыққа жария еткен еді.
Абайдың басқа шығармаларын қоспағанның өзінде қырық бес қара сөзінің өзі ұрпақты тәрбиелеуге зор көмекші құрал.
Абайдың қарасөздері - ол даналық кітабы.
Абайдың өзі қалыптастырып кеткен Толық адам ілімінің негізі де осы қарасөздерінде жатыр.
Абай мұрасы туралы көп жазылып келеді, әлі де жазыла бермек. Өйткені оның тереңіне бойлаған сайын қазыналы кеніштей қаза бергің келеді. Мен бұл жолы Абайдың ақындық мұрасын емес, ұстаздық тұлғасын сөз еткім келеді. Оның педагогикалық көзқарасын қарасөздері арқылы ашып, ұлы Абай мен Алаш зиялысы Мағжан педагогикасындағы үндестікті баяндағым келеді.
Қараңызшы, қазақтың ағарту ісінде Абайды ұлық тұтпаған, Абайды үлгі тұтпаған бірде-бір тұлға жоқ. Бәрі де Абай тұнығынан бастау алған. Ал, Мағжан Абайдан қандай үндестік тапты, Абаймен қалай үндесті? Бұл тұрғыда Абайдың қарасөздерін тілге тиек еткім келеді. Мағжан Педагогика кітабының сөз алдында Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамасы келгенше, қазақ қанына қабыстыруға тырыстым дейді. (Рубинштейн,Скворцов,Смирновтардың педагогика туралы еңбектері) Осы аталған ғалымдардың еңбегін пайдалана отырып, оны қазақ қанына қабыстыру үшін ол Абайға, Абай іліміне сүйенді. Өйткені қазақты дәл Абайша зерттеген, Абайша сынаған, Абайша таныған тұлға жоқ.
Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы-мұғалім. Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын-мұғалімдердікі - деп жазды Мағжан Жұмабаев өзінің Педагогика атты кітабының алғашқы бетінде. Олай болса, қазіргі жаһандану дәуірінде алты алаштың баласы бас қосса, төрімізде Абай тұруы тиіс, жүрегімізде Абай ілімі қонақтауы тиіс. Өйткені Абай өз заманының ұрпағын, өзі өмір сүрген қазақ қоғамын ғана тәрбиелеп кеткен жоқ, бүгінгі және келер ұрпақты тәрбиелеуге лайықты тағылымын қалдырып кетті.
Абай - атаның баласын емес, адамның баласын қалыптастыруға ұмтылды, бар қазаққа ізгі жол нұсқады, тәрбие мектебінің негізін қалады.
Сондықтан Абай - қазақ педагогикасының атасы, Ұлт ұстазы деуге әбден лайықты тұлға.
Мағжан педагогикасында тәрбиені төрт түрге бөледі: дене, ақыл, сұлулық , құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны,-дейді. Абай қарасөздерінде осы тәрбиенің төртеуі де түгел қамтылғандығын қалай білмейміз?
Біз бүгінгі және болашақ ұрпағымызды ұлтымыздың жанына сіңген ауыр кеселдей кесір мінезінен Абай қара сөздері мен Мағжан педагогикасында көрсетілген төрт тәрбиенің ізгілігімен тәрбиелеу арқылы ғана сақтай аларымыз хақ. Олай болса, бірін-бірі толықтырып, тәрбие ілімінің дәнегіндей боп бізге жеткен Абай мен Мағжан педагогикасын насихаттау, оны тәжірибеге енгізу бүгінгі мұғалімнің басты міндеттерінің бірі болып табылмақ. Себебі ұрпағымызды ұлы Абай мен Мағжан ілімімен тәрбиелесек, қателеспейміз. Сондықтан бар мұғалім қазіргі заман талабына сай жаңаша оқытуда Абай, Мағжан педагогикасын тұтастай жандандыруға ұлт алдында жауапты екенін сезінуі, білуі тиіс.
Абай педагогикасы-Толық адам ілімі - бұл имани педагогика. Білім беру жүйеміздің күдікпен, пиғылсыз, немқұрайлы қарайтын ұғымы- иман және имандылық. Сондықтан ол біздің жүйемізден шеткері тұр. Ал, шынтуайтқа келсек, заманауи педагогика тұрғысынан қалам тартқан Мағжан мен педагогика-психология ғылымын жазушылардың ғылыми тұжырымдарымен ұштасатын ілім Абайдың Толық адам тұжырымдамасына сай имани педагогика. Джон Дьюи, М. Монтессори, Р.Штайнер, А.Маслоу, К.Роджерс, Вальдорф педагогикасында тұлға дамуының төрт қыры ерекше талданады. Олар: рухани, интеллектуалды, физикалық, материалдық даму. ... Осы 4 тұжырымды Абайдан да табуға болатынын Мағжан болашақ ұрпақтың алдында дәлелдеп те кетті. Хакім Абай Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек дейді. Мұндағы ыстық қайрат-физикалық дамуды, нұрлы ақыл-интеллектуалды дамуды, жылы жүрек-рухани дамуды білдіреді. Ал осы үш дамуды берік ұстанған, өзін үш бағытта дамыту жолында жүріп, өзін дамытқан адам қайтсе де, материалдық дамуға қол жеткізеді. Абай айтқан Толық адамның мәні осы. Ағылшында Successful man, орыста Успешный человек-деген ұғым бар, Оны қазіргі педагогикада қазақша Табысты адам, Жетістікке жеткен адам деп аударып жүр. Егер де өз ақылымызбен пайымдасақ, ағылшын мен орыстағы осы сөзді Абай бізге Толық адам деп жеткізген. Толық адам тек ғана діни-рухани, пәлсапалық ұғым емес. Әрі Толық адамдыққа жету жүзеге аспайтын, біздің заманымызбен қабыспайтын, тек ғана кітап, сөз жүзінде ғана болатын утопиялық ой да емес. Толық адам болу идеясы қазіргі өмірмен біте қайнасқан, ХХІ ғасырдың барлық талап, шарттарына жауап бере алатын өміршең, нағыз қазақы әрі жаһандық деңгейде жұмыс істейтін мықты жоба. Тек оны дұрыс түсініп, қарапайым түсіндіріп, жеке өмірімізге тиімді енгізе білуіміз қажет. Әр адамның санасына Абай ілімі осылай сиысып жатса, білім беру жүйемізге Мағжан педагогикасының қалай келіп, еніп кеткенін байқамай да қалған болар едік. Себебі Мағжан педагогикасының мақсаты да Абай қара сөздерінде айтылған насихатпен үндесіп, ақыл тәрбиесі, құлық тәрбиесі, сулулық тәрбиесі, дене тәрбиесі арқылы сананы имани қасиетке бұрып, өзіне керектіні алу.
Мұны Мағжанның тілімен түсіндірсек, Тәрбиеден мақсұт адамды һәм адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиедегі мақсұт Адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару. Осы тұста Мағжан тәрбие мақсатын айқындауда Абайдың Толық адам іліміне сүйене отырып, Атаның баласы болма, адамның баласы бол, "Адамның баласы-бауырың" -деген берік қағидасын ұстанған секілді. Ал Абайдың сол ілімі, сол қағидасы 45 қарасөзінде жатыр.
Ұлы ұстаздың бірінші қарасөзінен адамның өз-өзіне есеп беруін, өткен өмірімізді барлап, бақылап, талдап, өмірлік мұратымызды айқындауды үйренеміз. Бұл Мағжанда жан тәрбиесіндегі жан көріністерін үйрену жолдарының ішінде "өзін бақылау жолына" жатады. Өзін бақылау дегеніміз- өткенді еске түсіру деген сөз. Демек, Абай өткенді еске түсіре отырып, онан сабақ алып, кейінгіге ғибрат айтып отыр. Осылайша адам жан тұрмысының өркендеуі үшін түзу жолға түсуінің алғашқы шартын орындайды екен.
Ұлы ұстаз екінші қарасөзін өз халқын кемсіту үшін емес, жанына, намысына тигізіп, əдейі айтып отыр. Неге тəжік сияқты егін екпеске, неге ноғай сияқты дін бақпасқа, сауда жасамасқа, неге орыс білімін алып, олармен терезе теңестірмеске? Абайды қажап отырған осы ойлар. Қазақ бұл халден құтылу үшін не істеуі керек, алдымен, өзіңе өзгелердің көзімен қара,-дейді. Өзгелер сияқты шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болсаң, қорлықтан құтыласың. Тек сол жағдайда ғана өзге халықтар туралы да қазақтардың ұғымы өзгермек.
Бұл тағы да Мағжанның жан көріністерін үйренудегі бақылауға келеді. Яғни, бұл өзінен басқа адамдардың жан көріністерін бақылау арқылы олардың жақсысын үйреніп, жаманынан жиренуге үйрететін жол. Және Абайдың бұл қара сөзін Мағжан педагогикасындағы дене және жан көріністерінің айырмасымен де түсіндіруге болады.
Ұлы ұстаздың үшінші қара сөзінде мансап үшін бір-бірімен жауласып, атаққұмарлық пен малқұмарлық, жалақорлық пен парақорлық деген дертке тап болған халқының сондай сорлы халін әшкерелеген ойшылдың өкініші бар мұнда. Болыс болсам деп ағайындар жанжалдасып, партияласып, əбден халықтың мазасын кетіретін пысықтарды көргенде, Абай бұрынғы Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Əз Тəукенің Жеті жарғысын білмек керек,- дейді. Əрине, Абай бұлардың бүгінгі өмірге жарамдысын алып, жарамсызын теріске шығарса,- деп армандай келіп, осыларды іске асыратын кісілердің жоқтығына қиналады.Ол заманда орыс əкімдері үшін қазақтардың болыстыққа таласуы өте пайдалы еді. Ақылсыздықтан арсыздық, арсыздықтан жалқаулық, жалқаулықтан сұрамсақтық туындайтынын ашып айтады, мансапқорлық, сыбайластық, жемқорлықтың қайдан, қалай шыққанын атап көрсетеді. Бұл Мағжан педагогикасындағы "жан тұрмысының бірлігі" мен "ақыл көріністері яки жанның білуі" бөлімінде көрінеді. Жан тұрмысының бірлігі ақыл, сезім, қайраттан тұрады. Бұл үшеуінің бірлігі болмаса, жоғарыда Абайдың атап көрсеткен жаман қасиеттер адам бойын жаулап алады,сондықтан оған да тәрбие қылу-тәрбиешінің міндеті екенін айтады Мағжан. Сонымен қатар адам жанының әсерленуі оны іскерлікке жетелейтінін, бірақ онда да ақыл,сезім, қайраттың ролі зор екенін көрсетеді. Демек,қазақтың мансапқұмарлық пен жемқорлық сияқты лас істерге сыртқы әсермен ғана әуес болып, оған ақыл мен іскерлікті қосып жұмсамайтынын, соның кесірінен жан тұрмысының бірлігі бұзылатынын көреміз. Ол ақылдың азғындауына,құлық тәрбиесінің бұзылуына әкеп соқтырады. Бұл жерде Мағжан педагогикасындағы құлық тәрбиесі көрініс береді. Құлық тәрбиесінің бұзылып, ақылдың азғындап, төмендеуінің себебін Мағжан педагогика ғылымының тілімен түсіндірсе, Абай оны қара сөздерінде мысалдар арқылы нақты фактімен дәлелдеп жеткізгендей.
Ұлы ұстаздың төртінші қара сөзінде уайым-қайғы мен күлкінің мәнін аша келе, соңын адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды. Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ - өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды,-деп түйіндейді.
Ұлы ұстаздың бұл сөзін мен Мағжан педагогикасындағы Іскерліктің қымбаттылығы һәм оны тәрбие қылу жолдарымен байланыстырамын.
Абайдың бұл қара сөзінен байқағанымыздай, ол адал еңбекті насихаттап, еңбексүйгіштікке шақырады. Ал еңбексүйгіштік дегеніміз-бұл іскерлік. Ал Іскерлік Мағжанша айтқанда, жан тұрмысының негізі Бала іскер болмаса, ешнәрсе ұқпайды һәм ешнәрсе үйрене алмайды. Іскерлік осындай қымбат болса, сөз жоқ, оны тәрбие қылу керек,-дей келе, оны тәрбие қылудың жолдарын атап көрсетеді. Абайдың әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйен деуінде терең мән бар. Мұндағы қайрат жан көріністерінің бірі әрі ол адамның дене һәм жан ісін тізгіндеп, белгілі жолға салып, өркендететінін бізге Мағжан педагогика тілімен түсіндіреді.
Ұлы ұстаз бесінші қара сөзінде қазақтың Ә, құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!-деген тілегі мен бірсыдырғы мақалдарын сынайды, халқының ғылым, білім, әділеттің қамын емес, малдың қамын көбірек жейтініне сын айтады, қандай ел болмағына қайғырады. Шындығына келгенде, Абай заманы қазақтың бодандықтың қамытын кие бастаған кезі. Осы тұста, қазақтың басына аумалы-төкпелі заман орнап, ел мінезі ұсақтала бастаған болатын. Соған сәйкес ашынғаннан туындаған халық мақалдарын сынай отырып, ақын астарлап ғана бодан елдің қайғысын бізге жеткізеді. Ал Абайдың іздеген елі қайсы? Қараңғы, бодан ел ме? Жоқ!
Абайдың ... Жас бала қызыл шоқтан қорқушы еді, ал бұлар тозақтан да қорықпайды-деп ашынуының мәні неде? Бұл сананы тұрмыс билегенін, соның кесірінен сананың тұмшаланғанын, тұмшаланған сананы білім-ғылым ғана сәулелендіретінін айтады. Оған аңғал да бодан елін жалғыз өзі қалай жеткізбек? Осылайша ұлы ақын ғылым, білімге ұмтылған азат та аңғал халқына әділетті қоғам іздеп, шарқ ұрады. Мағжан да сол әділетсіз қоғамның құрбаны болған жоқ па?
Иә, Абай қалың елі қазағы үшін білім, ғылым, әділет іздеп шарқ ұрса, Мағжан өз педагогикасымен ұрпағын сауаттандыруға ұмтылып, бала тәрбиесін тәрбиешіге міндеттейді.
Ұлы ұстаз алтыншы қара сөзінде қазақтың Өнер алды -- бірлік, ырыс алды -- тірлік деген мақалы төңірегінде философиялық ой өрбітіп, осындағы тірлік ұғымын терең талдайды. Ол қорқып-үркіп өмір сүргенді тірлік деп есептемейді. ...ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде əлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың деп кейінгіге ой тастап, құр тірі жүру емес, көкіректің, көңілдің тірілігінің маңыздылығын түсіндіреді ұстаз. Көкірек ояу болмаса, ондай адамда ақыл да, жігер де болмайды. Ал, көкірек көзі ояу адамда ақыл да, жігер де, мағыналы тірлік те болады Абайдың бұл ойын Мағжан педагогикасындағы Ойлаудың жан тұрмысы үшін керектігі һәм оны өркендетудің тиістілігі туралы ойымен сабақтастыра түсіндіре аламыз. Онда Мағжан ойлау адам өмірінде аса қымбат орын алатынын, ойлау болмаса, адам басқа жануар сықылды заттарды, көріністерді құр жадына, есіне ғана алып, жат бір көрініс ұшыраса, оны шеше алмайтын , оған түсіне алмайтын бір жан иесі ғана болар еді. Келешекте не болатынын, тұрмысы қалай өзгеретінін білмейтін бір саңылаусыз соқыр болар еді. Мұндағы Мағжанның саңылаусыз соқыр ұғымы Абайдың өлі көкірегімен мәндес. Сондай-ақ Мағжан ойлай білетін адамды-шын мағынасымен адамға теңейді. Бұл Абайдың Толық адам іліміндегі ұғымына сәйкес келеді.
Ұлы ұстаз жетінші қарасөзінде Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде, ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, ол немене?, бұл немене? деп, ол неге үйтеді? деп, бұл неге бүйтеді? деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген... осылайша ой өрбіткен ұстаз оқушыны тән мен жан туралы ілімге бастайды, тән мен жанның сырын ашады. Мағжан педагогикасындағы жан тәрбиесіне терең мән береді. Адамзат дене һәм жан деп аталатын екі бөлімнен тұрғандықтан, бұл екі бөлімнің соңғысы, яғни, жан адамзат үшін аса қадірлі болғандықтан, дұрысын айтқанда, адамға шын мағынасымен адам деген атты осы жан ғана беретіндіктен, адам баласын тәрбие қылу дегенде, әрине, адам баласының, әсіресе, жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек-дейді Мағжан. Ал Абай болса, ... тәннен жан артық еді, жанды тәнге бас ұрғыздық... деп налиды. Ұлы ұстаз бұл жерде әрбір адамның өз жанының тәрбиешісі екенін, бірақ сол жан тәрбиесіне қазақ баласының немқұрайлы қарайтынына өкініш білдіреді. Келешекті жан тәрбиесіне аса мән беруге шақырғандай. Міне, Мағжан ұлы ұстаздың түпкі мақсатын терең түсінгендей, жан дүниесіндегі ұлт үшін арпалысын, ұрпақ тәрбиесіне деген жан дауысына құлақ түріп, бізге аманат етіп жеткізгендей әсер қалдырады маған.
Ұлы ұстаздың сегізінші қара сөзі де осы мазмұндас. Ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды? - деп, өзіне-өзі сұрақ қойып алады да, өз заманының болысы мен биін, байы мен кедейін, ұрысы мен залымын сынайды. Олардың ақыл үйренетін, насихат тыңдайтын ойы, білім-ғылым үйренуге тіпті құлықтары жоқтығына налиды. Болашақ ұрпағын осы Абай айтқан құлықсыздықтан құтқару үшін Мағжан құлық сезімдері мен құлық сезімдерін өркендету жолдарына баса мән береді.
Ұлы ұстаз тоғызыншы қара сөзінде Осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, не қылды, не болды? демей, жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Тірі болсам да, анық тірі де емеспін. ... Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты.... Тірі жан мен өлі жанның мәні туралы философиялық терең ой тастайды. Бұл жерде кәдімгі өлі денедегі өлі жан емес, тірі жанды өліге теңеуі сөз болады. Ұлы ұстаз өз қазағының жаман қылығына күйінсе де, өз қазағынан жери алмайтынын айтады. Өз халқына деген жанашырлық сезімін Абайша мысқыл-кекесінмен шебер жеткізген жазушы жоқтың қасы десек болады. Бұл жерде Мағжан педагогикасындағы құлық тәрбиесі көрініс береді. Яғни, халқының бойындағы кейбір жаман мінез-құлық, әдеттерден арылуын көксеген ұлы ұстаздың ұлт мұраты жолындағы ізгі ойларын құлық тәрбиесі арқылы жүзеге асырудың маңызын Мағжан педагогикасында егжей-тегжейлі түсіндіріледі.
Ұлы ұстаздың оныншы қара сөзі бала тəрбиесіне арналған. Абай қазақтың құдайдан бала тілеудегі мақсатының өлсем орнымды бассын, артымнан құран оқысын, қартайған күнімде асырасын деген тілектерден туатынын айта келе, осы тілек, мақсаттың əрқайсысына жеке-жеке тоқталады. Қазақтың отбасы, бала тəрбиесіне талдау жасайды, халқын оқу-білімге үндейді. ...малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды -дейді. Бала тәрбиесіне баса назар аударған Мағжан да ... бала тәрбиесін бір өнер, өнер болғанда да, ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер деп атап көрсетеді. Өйткені бала тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесі-ұлт тәрбиесі болып саналады. Ұрпақты қалай тәрбиелесек, ұлт болашағы солай көрініс табары хақ. Сондықтан ұлы педагогтарымыз бұл салаға аса жауапкершілікпен қараған.
Ұлы ұстаз он бірінші қара сөзінде ұрлық, бұзақылық , жемқорлық сынды жат қылықтар туралы толғанады. Ел ішінде анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың тоқтаусыз кеткеніне ашынады. Жанын жегідей жеп отырған осы дерттен елін құтқарудың жолын таппай, шарасыз күй кешеді. Абайдың шарасыздықтан шығу жолын Мағжан педагогикасынан іздеп табамыз. Онда Мағжан Құлық сезімдері арқылы түсіндіріп, Абайдың адам бойынан түңілер жаман қасиеттерден арылу үшін, болашақ ұрпағын онан сақтандыру үшін құлық тәрбиесінің балаға жастай жүргізілуін талап етеді. ... Құлық сезімдері жасқа, дұрысын айтқанда, білімге қарап, әр адамда әр түрлі болады. Білім неғұрлым төмен болса, құлық сезімдері де сонша төмен, тар болады. Мысалы, білімі кем адам бір ой, яки іс түбінде пайдалы болып ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мағжан Жұмабаев - педагог ретінде
Мағжан Жұмабаевтың педагогтық қызметі
Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық қызметі
Этнопедагогика пәні бойынша дәрістер
Оқушыларды тәрбиелеуде М.Жұмабаевтың педагогикалық мұрасын (педагогика оқулығы) пайдалану
Халық педагогикасындағы тәрбие бағыттары, олардың мақсаты мен міндеттері
Мағжан Жұмабаевтың педагогика туралы ой-пікірлеріндегі тәрбиелік идесының тәжірибеде қолдану маңызы
Халықтық педагогиканың бала тәрбиесіне ықпалы
М. Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы
Мағжан - елдің патриоты, қазақ баласы
Пәндер