Қан мен тер


«Қан мен тер»
Төл әдебиет тарихында аты алтын әріптермен жазылған көрнекті жазушы, ірі тұлғалардың бірі де бірегейі Әбдіжәміл Нұрпейісов еді. 1924 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданындағы Үшкөз ауылында туған әдебиет саңлағының өмір жолы, әдебиетке қосқан өлшеусіз еңбегімен көпшілік жақсы таныс. Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан шебіндегі әрбір сәтті қалт жібермей, көркемдеп, туындыларының өзегі етіп алған. Біздің мақаламызға арқау болып отырған жазушының бет-бейнесін танытатын көлемді туындысы - «Қан мен тер» трилогиясы.
Қазақ сөз өнерінің кемеліне көтеріліп, әлем деңгейіне кеңінен танылған шығармалармен толыққан шағы XX ғасырға тұспа-тұс келеді. Бұл кезең әдебиет әлеміне сілкініс жасап, ақын-жазушылардың жарқ етіп, оқыған елді елең еткізетін үздік туындыларды паш етуімен құнды. Туған елінің даңқын асырып, атағын аспандатуға рухани тұрғыда үлес қосқан жазушы бүгінде халқы құрмет тұтатын алып тұлғаға айналды.
«Қан мен тер» трилогиясы - «Ымырт» (1961), «Сергелдең» (1964), «Күйреу» (1970) атты үш бөлімнен тұратын жазушының басты туындысы. XX 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамының тыныс-тіршілігін танытатын шығармасын жазушы бірнеше рет толықтырып, қайта өзгертіп жазып шыққан екен. Бұл жөнінде трилогияның 2015 жылы басылып шыққан кітабының алғы сөзінде Е. Шаймерденұлы былайша түсіндіреді: «Ә. Нұрпейісті өз өнер гүлзарының, өз өнер бағының өнегелі қожайынымен теңеуге болады. Ол өз сүйіктілерін әлдеқайдан жел айдап әкелген өлі жапырақтан да, топырақ астына байқаусыз түскен басы артық тал-бұтадан да көзінің қарашығындай қорғауды мұрат тұтады. Қажет деген жерінде одан әрі көркейтіп, жасандыра түсуге дей бейіл. Оған шаршамайды да, жалықпайды да. Сондықтан да оның «осы басылымға қолым қаттырақ тиді. Бірақ тағы қарасам, тағы да өзгерістер енгізетін тәріздімін» деген шығармашылық көңіл-күйін де түсінуге әбден болады». [1. 5]
Бұл туынды - қазақ романдарының ішіндегі композициялық құрылымы жағынан да, стильдік тұрғыдан да ерекше сипатқа ие тарихи-революциялық тақырыптағы шығарма. Сонау 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен бастап патшашыл ақ әскердің бүкіл тыныс-тіршілігі қамтылып, орын алған ірілі-ұсақты төңкерістерді қамтиды.
Жазушының трилогияны жазуға үлкен дайындықпен, құлшыныспен келгені анық байқалады. Шет ел әдебиетінің озық үлгілерін назарға ала отырып, қазақы қалыпты сақтап, шығарманың бүкіл өн-бойына қазақы салт-сана мен суреттеп отырған дәуір бейнесін жымдастыра алудағы шеберлігі айрықша. Шығармасына арқау еткен кезеңді жүрегімен кезіп, дәуірдің айшықты оқиғаларына, заманның шынайы көрінісіне оқырманын өзімен бірге ертіп апарады. Образ жасауда өзіндік стилін жоғалтпай, оқиғамен бірге кейіпкердің характерін жетілдіріп, өсіріп отыруды негізге алады. Шығарма арқылы автордың айтар ойы, көздеген басты нысанасы анық. Ұнамды, ұнамсыз образ және типтендіру мәселесін Ә. Нұрпейісов «Қан мен терде» молынан қарастырған.
Шығарманың басты кейіпкер Еламан өзі кедей, өзі момын, ерекше ақылды да емес, жауынгер-батыр да емес, өзімен-өзі жүретін қарапайым қазақ жігіті. Солай бола тұра басынан небір қиын-қыстау сәттер өтіп, аштықты да, үстем таптың озбырлығы мен қорлығын да, айналасындағылардың сатқындығын да көреді. Жазушы өз естелігінде Еламанға берілген мінезді, келбетті қайдан алып сомдағанын былайша түсіндіреді: «О заманда қалмақ та, қазақ та көшпелі, бір соғыста атамыздың санына садақ жебесі тиеді. «Жау марқайып кетеді» деп жарасын жасырып, оқ тиген санын қанжығаға қайырып байлап, шайқаса берсе керек. Сөйтіп, жарасы асқынып кетеді. Ағасы Қыдырбай дереу сынықшы алып келіп көрсетеді. Сынықшы: «Аяқты кесу керек, әйтпесе, өледі. Ол үшін төрт жерге төрт қазық қағып, аяқ-қолын байлап, екі жігіт кеудесінен басып отырсын», - дейді. Өткір пышақ, тұзды су, түйенің шудасын алдырып, ем-дом жасауға кәдімгідей дайындалады. Сонда Тайқожа: «Көзім тіріде кеудеме ешкімді мінгізбеймін, шыдаймын, төзімім жетеді», - деп аяқ-қолын кергізбей, тақиясын тістеп ақырына дейін шыдап жатса керек. Сынықшы оқ тиген аяғын кесіп, байлап сыртқа шығады. Жігіттер батырдың қарысып қалған жағын қылыштың ұшымен ашса, тістелген тақия қырылып қалыпты. Содан әлгі атамыз Ақсақбөрі атанған. Бұл кісінің мінезін «Қан мен тер» романындағы Еламанның бәзбір тұстарына қиыстырып келтірдім». [2] Демек, Ә. Нұрпейісов кейіпкерлерді сомдағанда шынайы өмірдің қалтарысында жүрген шынайы бейнеден алып, оны жетілдіріп отырған, өзіндік көзқарасымен қалыптастырған.
Майданнан бұрынғысынан әлдеқайда жетіліп, толығып келген Еламан ендігі кезекте ешкімге есесін жібермей, еңсесін тік ұстап жүруге, кеудесін ешкімге таптатпауға әрекеттенеді. Бүкіл ауылға, балықшыларға сөзі өтетін нар тұлғаға айналады. Сөзі кесек, не нәрсені ойланып, екшеп барып әрекетке көшетін нағыз өр мінезді ерге айналады. Жазушының жоғарыда келтірілген естелігінде айтқан сөзінің дәлелі осында.
Еламанның бойындағы адамгершілік, турашылдық, намысқойлық сияқты адами сапалы қасиеттер оның табиғи болмысын оқырманға жақын ете түскен. Еламан - жинақталған образ. Тұтас бір кезеңде өмір сүріп жатқан жандардың бет-бейнесін, олардың бойындағы қадір-қасиетті бір образға сыйдырып беру суреткердің асқан шеберлігін танытады. Бұл жерде Еламан образы арқылы қазақ даласындағы өр мінезді, туған елі, жері үшін жанын пида ететін намысқой, турашыл азаматтардың қатарын көруге болады.
Адам баласы үшін туып-өскен жер қашанда ыстық. Сөз өнерінің қадір-қасиетін түсінетін жан қолына қалам алып, туған жерін суреттеген сәтте-ақ оның қадір-қасиетін жүрегімен түйсініп, бар махаббатын салары анық. Ә. Нұрпейісов шығармаларына арқау болған оқиғалардың көбі өзінің туған жерімен тікелей байланысты. Арал өңірі - оның мәңгілік махаббатын арнаған, өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған киелі мекені. Міне, осы үшін де Арал, ондағы балықшылар өмірі жазушы шығармаларына арқау болған. Нағыз, шынайы суреткердің тұрақты тақырыбы болуы қажет болса, Ә. Нұрпейісовтің тұрақты тақырыбы туған жері Аралға қатысты. Аралдың әрбір тау-тасын, әр мезгілдегі табиғат құбылысының көрінісін, теңіздің бұйраланған асау толқынын, ондағы құстың ұшып-қонғанына дейін әдемі суреттеп, картина етіп көз алдыңа әкеледі. Туған жердің киелі топырағының иісін аңқытады. « . . . Көптен бері күн жылымықтанып, ұлы теңіз әлі де ұстаса қойған жоқ-ты. Биылғы жел біртүрлі есірік. Жағалау қаймақтанып, кілегейлене бастаса-ақ, арқадан шыққан қатты жел әлсіз мұзды бет ашыққа айдап, қуып әкетіп тұрған». Оқып отырғанда бір сәтте көз алдымызға теңіз, жел, мұз көріністері қаз-қалпымен тұра қалады. Әдебиеттің көркемдеуіш құралдарымен нысанаға алған объектісін әсірелеп, жан-жақты сипаттап, толықтыра түсіндіреді.
Автор шығармасының тағы бір ерекшелігі кейіпкерлерінің әрқайсысының өмір тынысына, көңіл-күйіне, болмысына тереңінен бойлап, олардың қоғам ішіндегі орны мен күнделікті тұрмысын бейнелеуге жіті назар аударуы. Шығарма ауқымы кең болғандықтан, ондағы кейіпкерлер саны да мол. Сол кейіпкерлерінің келбетін психологиялық тұрғыдан ашып, рухани өмірлерін танытуға үлкен мән береді. Басты кейіпкері Еламаннан бастап Рай, Мөңке, Ақбала, Қален, Тәңірберген, Сүйеу қарт, Судыр Ахмет, Федоровтар әулеті, бәрі-бәріне ерекше көңіл бөліп, жан-жақты суреттейді. Бұл - образды толыққанды танытудағы, жеке тұлғаның өзіндік болмыс-бітімін жасаудағы таңдаған басты әдісі. Қарақатынның екі елі аузына сөз тұрмайтын жылпостығы, сыпсыңдаған өсек сөзге әуестігі замана көрінісінің өмірде бар, шынайы бейнесі. Жазушы роман қаһармандарының әлеуметтік іс-әрекеттеріне жіті көңіл бөле отырып, психологиялық тұрғыдан зерделеуге көңіл бөледі. Олардың қиын да күрделі тағдырлары теңіз жағалауындағы балық аулау кәсібіне байланысты өрбіп отырады. Орыс байы Федоровтың (ел арасында Тентек Шодыр атанған) ауына жалданып, күнделікті нәпақаларын тауып, күндерін көрудің амалын жасап жүрген қарт балықшы Мөңке, Дос, Еламан, Райлар небір қиын да азапты күндерді бастан кешеді. Ағайынды Алдаберген, Құдайберген болыс, Тәңірберген мырзалардың малын да бағып күнелтуге әрекет жасайды. Бай-болыстардың, үстем тап өкілдерінің озбырлығы, қарапайым халықты адам құрлы көрмей, басып-жаншуы, олардың мансапқорлығы мен бар дүниені билеп тұрғандай өркөкіректік танытуы сол дәуірдің шынайы көрінісі еді. Жалпы, бай мен кедей арасындағы ара қашықтық, әлеуметтік теңсіздік осы XX ғасыр басындағы кезең шығармаларында молынан қамтылған. Қарапайым халық арасынан шыққан өкілдер мұндай озбырлыққа кейде төзімділігімен, қайсарлығымен қарсы тұрса, кейде амалдың жоқтығынан, әлсіздігінен қарсы тұруға шамасы да келмей езіліп-жаншыла бергендігін байқаймыз.
Алайда, қандай да бір қысымның, озбырлықтың шарықтау шегі келгенде қанша жерден сабырлы, момын, адамдық қасиетті жоғары қоятын жан болса да бойындағы ыза-кек, намыс оянары хақ. Олардың ішінде булығып жатқан ашудың бір күні атылып, сыртқа шығуы бек мүмкін еді. Еламан мен оның қатарындағылардың бойындағы сабырлылықты тауысқан да осы озбырлық, ашкөздіктің күшейіп, өз қазағынан шыққан кеудемсоқтардың өздеріне деген қысымының артуы. Мұндай күйге түсуінің түп төркінінде кішкентайынан тартқан жетімдік тақсіреті жатыр. Еламанның бойындағы ашу-ызаның ақыры оның Сібірге жер аударылуына себеп болды. Өмірдің әділетсіз тұстарын, тағдыр тәлкегіне ұшыраған кейіпкердің аянышты күйін оқырманға жеткізуде шығарма желісін желдіріп, сезімдерге әсер ететіндей суреттеуі жазушының жан-жақты толысқан, әдебиет әлемінің қыр-сырына тереңінен бойлаған шағын көрсетеді.
Шығарма желісі бойынша Еламан Сібірге жер аударылып кеткеннен кейін елдегі оның ісін Кәлен жалғастырады. Автор Кәленнің еңгезердей сырт келбетін, болмысын ішкі жан дүниесіне сай етіп тамаша суреттейді. «Өзі аса ірі. Екі тізесі аттың екі құлағын қаққандай. Күпінің ұзын жеңінен қамшы ұстаған қолы көрінбейді. Шидем күпілі сом дене ерге құйып тастағандай». Бұл Кәленнің Алдаберген софының ауылына ат басын бұрғанда суреттелген бейнесі. Кейіпкерді танытуда «Сені сирағыңнан танимын. Құста көкқұтан, адамда сен сирақтысың ғой» деген айшықты сөзді Алдабергеннің аузына салып береді. [1. 42]
Ә. Нұрпейісовтың кейіпкер сомдауында өзіне дейінгі әдебиет өкілдерінің ірі роман-эпопеяларының ықпалы зор екені анық. Мәселен, М. Әуезовтің әйгілі «Абай жолындағы» Құнанбайдың айлакерлігін «Қан мен тердегі» Тәңірбергеннен көруге болады. Сол сияқты қазақ топырағында туындаған, төл әдебиеттің құнды дәстүрлерімен, орыс, әлем әдебиетінің озық үлгілерімен үндеседі. Қай дәуір ақын-жазушыларын алып қарасақ та заманының ащы бейнесін сынға алып, қоғамның шынайы келбетін әшкерелеуге қалам тербеу бар құбылыс. Бұл үрдіс Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларында да үлкен көрініс береді. Қазақтың бас ақыны Абай, сыршыл ақын Мағжан мен әйгілі жазушылар Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов шығармаларындағы әлеуметтік теңсіздік, психологиялық көзқарас «Қан мен терде» де бар. Таптық қоғамның адам табиғатына сіңірген мінез-құлқы, бай мен кедей арасындағы алшақтық, ақ патшаға жағымсынған жылпостардың, кең даланы меншігіне балаған ашкөздердің дәурені жүріп тұрған кезеңді айшықтап, қарапайым тілмен жеткізе білуде жазушы әдебиеттегі барлық әдіс-тәсілді қолданады.
Автор осылайша ірі шығармалардағы кейіпкелердің жеке қасиеттерін өз кейіпкеріне бере отырып, өзінше жетілдіріп, дамытып отырады. Шығарманың композициялық құрылысымен кейіпкерін бір типтен екінші типке шығарады. Трилогияда кескіндік анықтамалар мен пейзаж көріністері, берілген портреттердің психологиялық нышандары да мол. Қатігез, ашкөз, жамандыққа әуес адамды шығарма соңына қарай философиялық ой жетегіне түскен, рухани жағынан жетілген үлкен тұлғаға айналдыруы жазушы шығармашылығының жаңашылдығын, өзіндік ерекшелігін көрсетсе керек.
Роман басталған тұстағы Еламанның портреті ешқандай ерекшелігі жоқ қарапайым адам ретінде танылса, шығарма соңында оның жан-жақты толысқан, өмірдің бар сынағын бастан кешіп, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, қоғам өміріне біркісідей араласып, бүтін бір ауыл үшін шешім шығара алатын деңгейге көтеріледі. Ал, Ақбаланың образы керісінше, құлдырауға түседі. Автор шығарма басында Ақбаланы көрсе көз тоймайтындай сұлу да сымбатты етіп көрсетіп, әйел біткенге тән нәзіктікті, кіршіксіз таза сезімді бір бойына құйып қояды. Ақбала бейнесі оқырманды өзіне бірден баурап алады. Еламанның бойындағы өмірге деген ерекше құлшынысты жандандырып, сезіміне күш берген де осы Ақбаланың бойындағы ізгі қасиеттер мен сүйкімділігі еді. Алайда, теңіздегі тірліктерінен тапқан нәпақаларын күнделікті астарына талғажау етіп отырған балықшыларға Федоровтың әбден тісі батады. Оның әлі толық қатпаған теңізге балықшыларды шығарып, оны өздеріне де татырмастан өткізіңдер деп бұйрық беруі, жалданып жұмыс істеп жүрген балықшыларды басыбайлы құлы ретінде көріп, ұрып-соғуы Еламанның ашу-ызасын тудырып, төзімін тауысқандай еді. Романдағы Федоровтың образын беруде де жазушының ерекше суреткерлігі байқалады. «Федоров жасында қара жұмыс істеген апайтөс, ірі сары орыс болатын. Түсі суық. Ашулы түрі тіпті жаман еді. Сүзеген бұқадай басын бауырына алып, тұздай көк көз түйілген қабақ астынан қадалып, Еламанға жақындай берді . . . »[1. 74] Бойын кернеген ашудың соңы Еламанды абайсызда болған кісі өліміне себепкер етіп, қолын қанға былғауына әкеліп соқтырды. Осылайша, орыстар оны айы-күні жақындап отырған әйелі Ақбаладан хабар алыспастан айдауға жібереді. Еламан үшін тағдырдың нағыз тауқіметі осы жерде басталады.
Жазушы кез келген ситуациядағы кейіпкердің көңіл-күй иірімдерін әртүрлі бағытта ашады. Адамның көңіл-күйіне, іс-әрекетіне әсер еткен сыртқы факторлардың ықпалын жүрекке жеткізіп барып көрсетеді. Трилогияны оқып отырып, сол дәуірге анық аяқ басқандай боласың. Арал, Шалқар өңірлерінің революциялық дәуірдегі барлық кескін-келбеті анық көрсетіледі. Бір ғана осы өңірлер емес, сол арқылы бүкіл қазақ даласындағы қайшылықтар мен өмірлік тартысты жеткізуді мақсат етеді. XX ғасырдың басында ақ патшаның қазақ даласынан әскер алып, қазақтарды жазықсыз басып-жаншуының салдарынан жер-жерде патшаға қарсы кішігірім қарсылықтармен басталып, соңы революциялық төңкерістерге ұласқаны тарихтан мәлім. Автордың роман арқылы жеткізгісі келген негізгі ойы да осы кезеңнің шынайы көрінісін паш ету. Қилы заманның өткелдерін, халықтың бастан кешірген қиын-қыстау күндерінің көркем картинасын жасап, оны оқырманына жеткізу. Жазушы трилогияны жазуда осы басты мақсатына қол жеткізе алғаны анық.
Белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев: «Біз жазушы жасаған кесек характерлердің, өмір суретінің қаншалықты табиғи, көркем бейнеленгендігіне қарап характер логикасын қадағалай отырып, сол өткен заман рухына бойлаймыз. Автор көзқарасын, бағасын шығарманың өзінен, ішкі дүниесінен, бар әлемінен, көркемдік бітімінен аңғарамыз» деп тарихи туындылар арқылы заман ағысын түйсініп, автордың жеке пікір-көзқарасын аңғаруға болатынын айтады. Әрине, ол үшін шығарманы зер сала, жүрек түкпірінде тығылып жатқан сезімдерді қозғай отырып оқу маңызды.
Қазақ әдебиеті өзінің әлем оқырмандары алдында Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы белгілі бір биіктікке көтерілсе, сол биігін сақтап қалуда «Қан мен тердің» ықпал, үлесі зор. Бұл туындының әлемнің бірнеше тіліне аударылып, жұртшылық назарын аудартуы да тегін емес. Шығармашылық өмірінің көпшілігін туған жері Аралға арнаған жазушы өз туындыларын жазуға бар жүрегімен, бар ықыласымен кіріседі. «Қан мен тер» - қазақ әдебиетінің айбынын асқақтатқан, бағасын асырған құнды туынды. Трилогияның құндылығы мен өміршеңдігін төл әдебиет өкілдері мен шетелдік қаламгерлердің жазушы туралы, шығарма туралы айтқан пікірлерінен, берген бағаларынан байқаймыз.
Мәселен, ««Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты осынау үш кітапта алып әлем бейнесі сомдалған. Бір нәрсе анық, қазақ әдебиетіне көркемдік қуаты зор ұлттық эпопея келіп қосылғаны анық. Нұрпейісов романы - дала психологиясының энциклопедиясы. «Қан мен тер» - ұлттық ғарышқа тән мінездер галереясы», - деп орыс әдебиетінің сыншысы Лев Аннинский өз бағасын берсе, «Белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы бүгінгі күнгі оқушы талабынан шығып, талғамын тұшынтқан, жалпы совет әдебиетіндегі идеялық һәм көркемдік деңгейі жоғары, күрделі шығармалардың бірі . . . Тәңірберген трилогиядағы ең бір тамаша сомдалған типтік образ. Ол астарлы да, терең де, ойлы, қауіпті де зымиян характер . . . Ақбала Анна Каренина мен Катериналардың типіндегі әйел», - дейді әдебиеттанушы Сағат Әшімбаев. [3] Иә, Ақбала бейнесі ерекше бір ықыласпен суреттелгені сонша, көңілге қонымсыз әрекетке барса да оқырманы оны жек көре алмайды. Автор Ақбаланың бойына сонша сұлулықты, кербездікті сыйдыра отырып, кейбір адами қасиетін кемшін келтіріп, оқиға желісін күрделендіріп отырған.
Жағымпаз, көлгірсіген, өте қу Судыр Ахметтің сөзіне еріп, құндақтағы баласын ана сүтінен айырып, әке-шешесіне апарып тастаған Ақбала жалғыздықтың азабын одан сайын тартып, өзінің не істеп, не қойғанын, басынан өтіп жатқан қу тірлікке кімді кінәларын да білмей өмірден баз кешеді. Ақыр соңында Еламанға опасыздық жасап, Тәңірбергенге әйел үстіне әйелдікке кетуі, қартайған әке-шешесін жерге қаратып, әкесі Сүйеу қарттың «жүзіқара, қарабет» деген қарғысын алуы Ақбаланың шығарма басындағы тап-таза, мөп-мөлдір кіршіксіз бейнесіне қылау түсіреді. Алайда, сонша опасыздығынан кейін Еламанның өзі одан біржола теріс айналмай, сырттай тілеулес болып жүреді. Оны кезіктірген сәтте жүрегі елең етіп, бойын ерекше бір сезім билеп әкетеді. Бұл жерде жазушының махаббат деген ұлы күштің қандай залымдық, екіжүзділіктен басым тұратынын, шынайы сезім адам баласын еркінен тыс қоймайтынын көрсетуді мақсат тұтқаны байқалады. Сағат Әшімбаевтың Ақбала бейнесін орыстың ұлы жазушысы Л. Толстойдың әйгілі шығармасындағы Анна Каренинаға теңестіре салыстыруы да осыдан болар. Оқырман да Ақбаланың ендігі тағдырын білуге құмартып, оқыған сайын шығарманың ішінен оның бейнесін кезіктіруге асығады. Оның тағдырын өзіндік ой-қиялымен бейнелеп, көз алдына әкеледі. Осылайша, жазушы оқырманға шығармашылық күш-қуат сыйлайды.
Шығармадағы жазушы сомдаған характер - Тәңірберген. Сол заманның саяси астарлы ойын автор осы Тәңірберген арқылы беруге тырысқан. Себебі, өзі бай, қолында шамалы билігі бар оның іс-әрекеті, бейнесі сол кездегі байлығы мен билігіне масаттанған қоғам өкілдерінің келбетін танытады.
«Құдайберген дейді? Бұл күшігі Құдайберген . . . Әкесі - Тәңірберген. Ал!. . Ал, әне біреулері - Алдаберген . . . Жасағанберген . . . Әй! Әй, Абыралы әулетін Құдай береді . . . Алла береді . . . Тәңір береді . . . Жасаған береді . . . Әй, сонда біздің балаларымызды кім береді екен? О несі әй?» деп болмысынан қатал, кеселді Сүйеу қарттың күйіне сөйлеуі де бұл әулеттің жағымсыз типтен екендігін дәлелдей түскендей. [1. 425] Сырт көзге ел бірлігін, халық жайын күйттеген, адалдықты ту еткен адам болып көрінгенімен, ол - нағыз көрсе көзі тоймайтын, аяушылық сезімі жоқ, ел мен елді, көрші мен көршіні жауластырып, араларына іріткі салуға шебер пасық көзқарастың егесі.
Ә. Нұрпейісовтің бұл тарихи шығармасында қазақтың ата-бабадан жалғасып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-санасы да жиі көрініс береді. «Күніне толмай, шала туған баланы он айға дейін тымаққа салып, керегенің шұнақ басына іліп қоятын ескі ауылдың ежелгі ырымы болатын. Кәлен амандық-саулық сұрап отырып, ағаш төсек тұсындағы керегенің шұнақ басында ілулі тұрған сеңсең тымақтан көзін айырмады . . . » тірідей жетімнің күйін кешкен бейкүнә сәбидің тағдырынан да дәуірдің келеңсіз келбеті көрініс береді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz