Қазақстанның тарихы жайында сқрақтар



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 172 бет
Таңдаулыға:   
Билет 1
1. Алаш әскерінің құрылуы, қызметі және Азамат соғысы кезіндегі іс-қимылдары.
2. Қазақстандағы тоталитарлық жүйе: әлеуметтік-экономикалық негіздерінің жасалуы. Ф.Голощекиннің Кіші Қазан идеясы және тап күресі.
3. ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстан үшін маңызы.

1. Алаш әскерінің құрылуы,қызметі және Азамат соғысы кезіндегі іс-қимылдары.
Алаш әскерін құру идеясы 1917 жылғы І-ші жалпы қазақ съезінде көтерілген, бірақ ондағы ... анархия болу қаупі бар, сол себепті осы күнгі әскер орнына халық милициясы құрылсын деген сөздер сол күйінде қалды. Одан кейінгі ІІ-ші жалпы қазақ съезінде мемлекет халі тайғақ кешуде, тар жолға душар болып тұрғанда жан-жақты қоршаған қалың бәледен сақтану үшін халық әскерін жасау керектігі қайта жаңғырып, милиция құрудың мақсаты анықталды, қазақ милициясын құру жоспары жасалып, бекітілді.
ІІ-ші жалпы қазақ сьезінде халық әскерінің әр облыс, уезд орталықтарындағы саны, оларға соғыс өнерін үйрету, қажетті қару-жарақ, қаржы, көлік және тағы басқа заттармен қамтамасыз ету тәртібі анықталып, 26 500 адам тіркелген халықтық милиция құру қажет деген қаулы қабылданады. Бұл идеяны Жақып Ақбаев ұсынған болатын. Съезд қаулыларында нақты көрсетілгендей, Алаш әскерін құру үшін алдымен милицияға алынатын адам шығынын анықтау, оларды қару-жарақ, ат-көлікпен қамтамасыз ету, әскери мамандар (офицерлер мен инструкторлар) даярлау жұмысын айқындап, оған қажетті қаражатты 6 облыстың қазақтары есебінен жинайтын болды.
Әрине, пұлсыз Алашорда да, оның комитеттері де ешнәрсе істей алмайтын еді. Сондықтан, бұл істі тоқтатпастың жалғыз-ақ шарасы - ақшаны қарызға алу, жұрттан ақша жиналған соң орнына салу еді. Орданың өзі де, жергілікті комитеттері де қарызға берілетін ақшасы бар жерлерді қарастыра бастады. Осылайша Алашорда үкіметі адмирал А.Колчак, атаман Б.Анненков, атаман А.Дутовпен, орталықтағы Халық Комиссарлар Кеңесімен келіссөздер жүргізді. Айталық, Алашорданың батыс бөлімі 1918 жылдың көктемінде Мәскеудегі ХКК-нан сұралған 40 млн. қаражаттың 12 млн.-нақолжеткізген.
Жалпы, Алаш әскерінің іс-қимылдары билікке келген большевиктерге қарсы 3 бағытта жүргізілді: 1) оңтүстік-шығыс бөлімі (Жетісу); 2) шығыс бөлімі (Семей); 3) батыс бөлімі (Орал). Ал әскердегі қазақ полктерінің саны шамамен 12-ге жеткен. Олардың ұрыс қимылдары Алашорда үкіметі құрылғаннан кейін күшейді.
Азамат соғысы жылдарында Антанта елдерінің қолдауына сүйенген үкіметтер құрылғаны белгілі. Солардың қатарында Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметі, 1918 жылы маусымда Самарада құрылған Құрылтай жиналысы мүшелерінің Комитеті (Комуч) және 1918 жылы қыркүйекте құрылған Уфа директориясы (Уақытша Бүкілресейлік үкімет), сондай-ақ Башқұрт үкіметі мен Алашорда үкіметі де болды.
Алашорда үкіметі азамат соғысы жылдарында аталған Уақытша үкіметтермен тіл табысып, Орал, Сібір, Жетісу, Орынбор атты казактарымен тығыз байланыс орнатты және оларға Алаш автономиясын ресми тану жөнінде өтініштер жасады. Сонымен қатар мүмкіндіктеріне қарай көмек беруді сұрады. Осы тұста 1918 жылдың 11 қыркүйегінде Құрылтай мүшелерінің Комитеті Алаш автономиясын танығанын және Самара Комитеті Алашордаға қару-жарақ, киім-кешек жағынан көмек бере бастағанын айта кеткен жөн.
Ал, 1919 жылдың 27 тамызында адмирал А.Колчак Орал әскери үкіметі мен А.Кенжин бастаған қазақ делегациясын қабылдаған кезде қазақтардың мемлекеттік мекемелерін құру жұмысына кеткен қаржының орнын толтыруға 6 млн. сом көлемінде ақша сұралған және оның тезарада талқыланатыны айтылған. Елде қалыптасқан осындай күрделі жағдайда Алаш әскері іске кірісті және оның ұрыс қимылдарының ауқымы кеңейді.
Алашорда әскерінің құрылуы мен қызметінің мерзімдік шеңбері 1918 жылдың басынан бастап 1919 жылдың аяғына дейінгі аралықты толық қамтиды.

2. Қазақстандағы тоталитарлық жүйе: әлеуметтік-экономикалық негіздерінің жасалуы. Ф. Голощекиннің "Кіші Қазан" идеясы және тап күресі.
Ф.Голощекин 1926-1927 жылдарындағы шабындық және егістік жерлерді бөлу науқанын кіші Қазан деп атады. 1925 жылы Қазақстанға келген соң, мұнда Қазан төңкерісі болмаған, сондықтан Кіші Қазанмен желпіп өту керек деген тұжырым жасады. Ф.Голощекин бастаған Қазақстан өкіметі мен үкіметі бұл әлеуметтік-саяси науқанды жерге жаппай орналастыру реформасына апаратын алғашқы баспалдақ ретінде қабылдады.
Шабындық және егістік жерлерді қайта бөлу 1927 жылы кең көлемде жүргізіліп, байлардан көп жер, мысалы, бұрынғы Орал губернияснда - 84 605 дес., ал бұрынғы Жетісу губерниясында - 31 961 дес., бұрынғы Семей губерниясында - 17 365 дес., шабындық, егістік алқаптары тартып алынды, кедейлерге берілді. Қалыптасқан кемшіліктерге ерік берген Ф.Голошекиннің Кіші Қазаны - шабындық және егістік жерлерді қайта бөлу сәтсіз аяқталды.
Сонымен Кіші Қазан қалыптасып келе жатқан тоталитарлық мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық негізін жасады. Ф.Голощекин ауылды кеңестендіру жұмысының әлсіздігін жергілікті партия органдарынан емес, қазақ байынан және рулық қатынста көрінді. Ф.Голощекин өзінің ауылды кеңестендіру. яғни Кіші Қазан жасауға бағытталған төңкерістік бағытына бүкпесіз ашық қарсылық білдірген С.Сәдуақасовты ең басты қарсылысы ретінде таныды. сәдуақасовшылдықты Қазақстан партия ұйымы үшін аса қауіпті идеялық бағыт етіп көрсетті. кейінгі кезеңдерде олардың қатары көбейіп әр түрлі шылдықтар айыптау науқандарына ұласты.

3. ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстан үшін маңызы.
ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің еліміздің Астанасында өтуінің өзі ұлттық беделді көтерері сөзсіз және бұл идеяның авторы елбасы Н.Назарбаев еді. 2012 жылы дауыс беру рәсімінен кейін 2017 жылғы көрмені өткізу мәртебесі Астанаға бұйырып, одан бері көптеген жұмыстар атқарылды: Астана ЭСКПО-2017 ұлттық компаниясы құрылды, Тіркеу парағы бекітілді, ең үздік көрме кешені үшін халықаралық сәулет сайысында жеңімпаз анықталды, ЭКСПО-ны өткізу және ұйымдастыру туралы заң қабылданды. Алғаш рет Қазақстан 2005 жылы Жапонияда Табиғат даналығы атты ЭКСПО көрмесіне қатысқан болатын. Кейін 2008 жылы Испанияда Су және тұрақты даму атты көрмесінде алғаш рет Н.Назарбаев осы шараның қазақ жерінде де өткізу туралы алғаш сөз қозғаған болатын.
Жаңа тапсырмаларды жедел шешу үшін 2012 жылдың 26 қарашасында Елбасының ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық және өткізу бойынша Мемлекеттік комиссия құру туралы Жарлығы шықты. Көрме кешенін салуға әлемнің 50 ден аса сәулет компаниялары сайысқа түсіп, құрылысты салу мүмкіндігін американдық Adrian Smith+Gordon Gill Architecture LLP компаниясы алды. Бекітілген жоспар бойынша барлық құрылыс нысандары 2016 жылдың желтоқсан айында орналасуға беріле бастады.
Барлығы жоба бойынша 38 құрылыс нысаны бой көтерді. Көрме кешенінің жалпы аудан 174 гектарды құрайды, оның ішінде сфера іспеттес ғимарат Қазақстанның Ұлттық Павильоны болып табылады, одан басқа халықаралық, тақырыптық және копоративті павильондар, сауда және ойын-сауық нысандары да барЖалпы Қазақстан барлығы құрылыс жұмыстары мен көрмені өткізуге 280 миллион евро ақша жұмсады.
Оның барлығы демеушілер мен серіктестердің қолдауынан, сонымен қатар билеттердің сатылуынан (5 миллион адам көрмені көреді деп күтілуде) жүз пайыз қайтарылады деп қарастырылған. ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысында Президент отандық экономика ресурстарын, шағын және орта бизнес мүмкіндіктерін, ішкі өнеркәсіптерді пайдалануды тапсырды.
Яғни, қоғамдық тамақтану, сауда-саттық, электронды коммерция, қонақүй және туристік бизнес, концерттер мен ойын-сауықтарды ұйымдастыруды тек отандық өндірістердің ғана жүзеге асыруын қадағалайтынын айтты.

Билет 2
1. ІІ-Мемлекеттік Думаға Далалық өлкеден сайланған өкілдер және олардың Мұсылмандық фракциядағы қызметі.
2. ХХ ғасырдың 50-60 жж. Қазақстанның саяси-әлеуметтік, экономикалық дамуы.
3. Қазақстан Ресепубликасының Ұлттық теңгесінің айналымға ену тарихы.

1. ІІ-Мемлекеттік Думаға Далалық өлкеден сайланған өкілдер және олардың Мұсылмандық фракциядағы қызметі.
Екінші Мемлекеттік Дума - Ресей империясындағы мемлекеттік басқарудың 2-рет сайланған конституциялық-монархиялық бағыттағы заң шығарушы жоғары өкілетті органы. 1907 жылы 20 ақпаннан 3 маусымға дейін жұмыс жасаған 103 күн ішінде 2 рет сессия ашып, 53 мәжіліс өткізді.
Қазақ халқынан Думаға сайлау 1905 жылы 11 желтоқсандағы сайлау заңы бойынша жүргізілді. Қазақ халқынан депутаттыққа Оралдан Б.Қаратаев, Ақмоладан Ш.Қосшығұлов, Торғайдан А.Бірімжанов, Семейден Т.Нұрекенов,Жетісудан М.Тынышбаев, Сырдариядан Т.Алдабергенов, Астраханнан Б.Құлманов сайланды.
Мұсылман фракциясына 36 депутат енді. Бұл фракция "мұсылман фракциясы" және "мұсылман қызмет фракциясы" болып екі топқа бөлінеді. 1907 жылдың 21 сәуірінен мұсылман депутаттары "Дума" газетін шығарып, Думада қаралып жатқан мәселелерді жариялап тұрды.
Мұсылман фракциясы Ресейдің шет аймағындағы отарлау саясатын әшкерелеп, парламенттік жолмен кұрес жұргізді. Қазақ депутаттарыНұрекенов, Алдабергенов, Қосшығұлов, Бірімжановмұсылман фракциясыныңқұрамына, Тынышбаевконституциялық-демократиял ық фракция құрамына кірді.Қаратаев алғашқы кезде тіркеу тізімі бойынша кадет партиясыныц құрамына, кейін партиялық фракция мен топтарды толықтай құрған кезде мұсылман фракциясының тізіміне енгізілді.
Үкіметтің аграрлық және отаршыл саясатын сынға алған бұл Дума депутаттары құрамы жағынан да, күн тәртібіне қойылған талқылау жағынан да Бірінші мемлекеттік Думадан төрі солшыл болып шықты. Думаның 39-пленарлық отырысында қазақ өлкесіндегі жер саясатына байланысты Егіншілік пен жерге орналастыру ісінің бас басқармасының бастығы князь Васильченко мен Министр Кеңесінің төрағасы Столыпиннің қазақ жеріне қатысты жүргізіп отырған қанаушылық, озбырлық істерін дәлелді фактілер келтіре отырып сынға алып, "қоныстандыру" саясаты қазақ шаруашылығын күйзеліске ұшыратуы мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді. 1907 ж. 3-ші маусымда таратылды.

2. XX ғасырдың 50-60 жж. Қазақстанның саяси-әлеуметтік, экономикалық дамуы.
1953 жылғы 5 наурызда Коммунистік партия мен Кеңес Одағының басында 30 жылдан астам отырған И. В. Сталин қайтыс болды. Сталин өлгеннен кейін елде демократиялық қайта кұру процесі қарқынды жүре бастады. Демократиялық өзгерістердің ықпалымен Кеңес өкіметі шамадан тыс орталықтандыруды босаң-сытуға және одақтас республикалардың шаруашылық саяси - мәдени кұрылыс саласындағы құқықтарын кеңейтуге бағытталған кейбір шараларды жүзеге асыруға мәжбүр болды. Бұл кезде Қазақстанның бюджет құқықтары кеңейтіліп, оның көлемі едәуір өсті. Атап айтқанда, 1951-1955 жж. өнеркәсіпке жұмсалған қаржының жалпы көлемі 1941-1950 жж. Салыс
тырғанда 2,3 есе артты.
Ал 1956 жылдан бастап табыстың кейбір түрлері бойынша республикалық бюджеттерге қаржы бұрынғыдан да көбірек бөліне бастады. Қазақстан бюджетінің шығыс көлемі 1953-1960 жылдарда 7 еседен аса ұлғайды: 434, 9 млн. сомнан 3 млрд. 53 млн. сомғадейін жетті.
1954-1956 жылдарда одақтық министрліктерден республика қарамағына 144 ірі кәсіпорны, ал 1959 ж. түсті металлургияның барлық 29 кәсіпорындары берілді. Мұның нәтижесінде одақтық-республикалық өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2 еседен артық ұлғайды. Түсті металлургия, қара металлургия мен химия өнеркәсібі кәсіпорындарын салу, байланыс, қала және село кұрылысы, геология және жер қойнауындағы қорларды қорғау министрліктері басқада одақтық министрліктер, одақтық республикалық болып қайта кұрылды. Су шаруашылығы министрлігі қалпына келтірілді. Республикадағы министрліктердін құқтары бұрынғыға қарағанда едәуір өсті. Оларды құру кезінде Қазақстан үкіметі шаруашылықтың ерекшеліктерін, жұмыс көлемін және өркендеу келешегін ескеретін болды.
Сонымен бірге одақтас республикалар жалпы одақтық сипаттағы мәселелерді шешуге бұрынғыдан гөрі белсене қатыса бастады. Одақтас республикалардың экономикалық және мәдени өркендеуіне байланысты ұсыныстарын талқылау үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің ұлттар Кеңесі әр республиканың өкілдігі болатын Экономикалық комиссия кұрды.
Жергілікті Кеңестердің шаруашылық және мәдени құрылыс істерінде, оның ішінде халыққа білім беру, сауда, коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы құқықтары кеңейтілді. Кеңестерге жергілікті өнеркәсіп өндірісін жоспарлау және олардың өнімін бөлу, тұрғын үй салуды ұйымдастыру, қаржы-бюджет мәселелерін шешуде үлкен міндеттер жүктелді.
Одақтас республикалар құкықтарының кеңеюіне байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің заң шығару қызметінің белсенділігі артты, оның республикадағы шаруашылық және әлеуметтік-мәдени құрылыска іс жүзінде басшылық етудегі рөлі әжептәуір өсті. Сессияда қаралатын мәселелердің шеңбері кеңейді.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық теңгесінің айналымға ену тарихы.
Қазақстан теңгесі -- Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы. ҚазақстанРеспубликасы Президентінің 1993 ж. 15 қарашадағы жарлығы бойынша айналысқа енгізілді. 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.
1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы -- теңге айналысқа енгізілді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.
1993 жылы қараша айына дейін эмиссиялау қызметін тек қана КСРО-ның Мемлекеттік банкі, кейіннен Ресейдің Орталық банкі атқарып келді. Ол кезде Қазақстан аумағында төлем құралы ретінде КСРО Мемлекеттік банкінің немесе Ресей Орталық банкісінің 1961 -- 1991 жылдары шығарған рублдегі банкноталары мен монеталары қызмет етті. Ендеше сол уақыттары біздің шаруашылық айналымға қажетті Ресейдің рублін сатып алып отырғанымызда жасырын емес. Әсіресе 1 рублдегі қолма-қол ақшаны 2 рубль қолма-қолсыз ақшаға сатып алған. КСРО ыдырағаннан кейін кейбір оның кұрамына енген республикалар өздерінің ұлттық ақша бірлігін айналымға енгізіп, яғни рубль аймағынан шығып кеткен болса, ал біздің республикамыз сол аймақта екі жыл бойы қалды. Оның басты себебі, Қазақстанда өзінің банкнота шығаратын фабрикасы мен Монета сарайы болмады.
1992 жылы құпия жолмен біздің алғашқы валюталарымыз 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 номиналдағы банкноталар түрінде төрт ғасырлық тәжірибесі бар ағылшынның пошта маркілері мен банкнота жасауды кәсіп еткен Харрисон және оның ұлдары компаниясымен өзара жасалған келісімшартқа байланысты шығарылды.Теңге Қазақстанның алғашқы ақшасы емес. Ежелгі Қазақстан аумағында ақша бұдан көптеген ғаырлар бұрын пайдаланылған. Сырдарияда, Отырар алқабында түркі билеушілері, ал Жетісуда түргештер 7-8 ғасырларда өз ақшаларын шығарған. Отырар мен Исфиджабта монет сарайлары жұмыс істеген. Оныншы ғасырлардың ортасы мен сегізінші ғасырларда қалалар тез өсіп,тауар өндірісі мен сауда көлемі ұлғая түсті. Ұсақ бөлшек саудада көбіне мыс фельстер қолданылды. Алтын монеталар да айналымға түсті, бірақ ол саудада дара түрінде ғана емес салмағына қарай пайдаланылды: монетаны қажетіне қарай кесектеп сындыратын болған.
Он төртінші ғасырдың соңыннан бастап Қазақстанда Әмір Темір монеталары айналымға енді. Бұлардан басқа Қазақстан қалаларында саудада Самарқанд, Бұхара, Ташкент монеталары, негізінен, мыс динарлар пайдаланылды. Қазақстан ақшасының бұрынғы тарихы міне, осындай. Күрделі жиырмасыншы ғасырда Қазақстан біртұтас рубль аймағына кірді. Бұл 1993 жылдың қараша айына дейін жалғасты. Кеңестік рубльдер 1993 жылғы 15 қарашада сағат таңертенгі 8:00-де теңгемен ауыстырыла бастады. Бұл күні Ұлтық валютаның туған күні болып саналады.

Билет 3
1. Отандық тарихнамадағы М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Тынышбаев сынды қазақ зиялыларының тарихи еңбектеріне тоқталу.
2. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы халықтың ерен еңбегі.
3. Ядролық қарусыз әлем және Қазақстан.

1. Отандық тарихнамадағы М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Тынышбаев сынды қазақ зиялыларының тарихи еңбектеріне тоқталу.
Мұхаметжан Тынышбайұлы (1879-1937) -- қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайрат - кері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш Орда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері. Елшіл Мұхамеджан XX ғасырдың 10 жылдары Орынборда шығып түрған Қазақ газеті төңірегіндегілермен де араласып-хабарласып тұрады. Аталған газетте публицистің Соғысушы патшалар әскері, Сүңгуір қайық, Темір жол һәм Еуропа соғысы, Соғыс кемелері һәм мина, Барлыбек Сыртанов, Садуақас Шалымбеков т.б. мақалалары жарық көреді.
Міржақып Дулатұлы (1885 -- 1935) -- қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.Міржақып Дулатұлы -- әдебиеттің әр түрлі жанрына қалам тартқан қаламгер. Алғашқы кітабы -- "Оян, қазақ!" деген атпен Петербург қаласындағы жарық көрген өлең жинағы. Одан кейін 1913жылы Орьнборда "Азамат", ал 1915 жылы "Терме" атты өлеңдер кітаптары басылып шығады. Ақын өлеңдерінің басты такырыбы -- ел тағдыры болды. Алғашқы кітабы "Оян, қазақ!" жұртшылық арасында ауыздан-ауызға, қолдан-қолға тез тарап кетеді. Қайта басылады. Кітаптың нeriзгi мазмұны халықты оятуға, әділетсіздікпен күресуге шақырған өлеңдер құрады. Сол себепті де кітап тұтқындалып, авторы қуғынға ұшырайды. Өзінің шығармашылық жолын ә дегеннен өлеңнен бастаған Міржақып проза жанрына да қалам сілтейді. 1910 жылы оның осы жанрдағы туындысы "Бақытсыз Жамал" романы Қазан қаласында басылып шықты. Бұл - қазақ әдебиетіндегі таза көркем проза үлгісінде туған тұңғыш роман еді. Кітап 1914 жылы екінші peт басылды.Бұл жылдары Міржақып бірқатар мақалалар мен фельетондар жазады. 1922 жылы Ташкентте екі бөлімнен тұратын "Есеп кұралы" оқулығын бастырады. "Балқия" пьесасын жазады.М. Дулатұлының шығармалары қазақ елінің тәуелсіздік алған кезінен бастап кеңінен жариялана бастады. 1991 жылы шығармаларының бip томдық, ал 1996-1997 жылдары екі томдық жинақтары жарык көрді. М. Дулатұлы шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізіліп, бірқатар кітаптар мен мақалалар жарияланды.
Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы(25 маусым 1893, Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасы - 19 наурыз 1938, Алматы) - Алаш қозғалысыныңқайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы.Ақын тұңғыш өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанды. Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны "хакім" деп атады, ұлы ақынның "мың жыл жұтса дәмі кетпес" сөзін жаңа жағдайда ілгері дамытты, Батыс пен Шығыстың рухани қазынасын сабақтастыру негізінде қазақ поэзиясын тақырып, түр мен мазмұн жағынан байытты. Жұмабайұлы ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді көтерді ("Шын сорлы"), халқын өнер-білімге шақырды ("Ләззат қайда?", "Жазғы таң", "Өнер-білім қайтсе табылар", "Балалық шақ", "Қазағым", "Қарағым", "Осы күнгі күй", "Мен сорлы").Бірқатар өлеңдерін махаббат тақырыбына арнады ("Жас келін, "Зарлы сұлу", "Сүйгеніме", "Алданған сұлу"). Өз поэзиясының алғашқы қадамдарынан бастап ақтық демі біткенге дейін М.Жұмабаев ұлт-азаттық тақырыбын үзбей толғанды, оны өз поэзиясының өзегі етті. Бүкіл халықты тап, топқа жіктемей, Қазақ елін әлемдік мәдени жетістіктерге қол жеткізуге қандай күш кедергі деген сауал қойып, оған басты кедергі - отаршылдық деген шешімге келді.Бастапқы кезде бұл тақырып туған жердің табиғатын тамашалаудан барып қайран жердің ендігі күні не болады деген уайым-қайғыға ұласады, ақыры келіп кіндік қаны тамған нулы, сулы өлкені жаулап жатқан қара шекпенді отаршылдыққа қарсы наразылық оты болып тұтанды ("Туған жерім - Сасықкөл"). Ақын халқымен бірге күйзелді, осыдан келіп романтикалық әуенге бөленген жорық идеясы туды ("Жарыма", "Есімде... тек таң атсын", "Жаралы жан", "Мен жастарға сенемін", т.б.).
Ахмет Байтұрсынұлы (5 қыркүйек 1872 жыл, қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылы - 8 желтоқсан1937, Алматы қаласы) -- қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.[1] Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі. Ақынның алғашқы өлеңдері Қырық мысал атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.
Байтұрсынұлының екінші кітабы -- Маса(1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. Қазақ салты, Қазақ, қалпы, Досыма хат, Жиған-терген, Тілек батам, Жауға түскен жан сөзі, Бақ т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.

2.Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы халықтың ерен еңбегі.
Майдандардағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600000 адамға азайған. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. 1944 жылы қолхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі - 20%, әйелдер - 58%, жасөспірімдер - 22% болды. Яғни, майданды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз етті. Соғыс жылдарында колхоздар мен совхоздар майданға тек азық-түлік емес, сонымен бірге тірі мал, тіпті, ауыл шаруашылық техникасын жіберіп отырды. 1942-1943 жылдар аралығында республика ауыл шаруашылығынан 4111 трактор, 1184 жүк машиналары, 30318 жылқы майданға жіберілді. Сондықтан да соғыс жылдары егін салу жұмысының 50%-ін ірі қара атқарды. Тылдағы еңбекшілер жоғарыдан берілген жоспарды орындау барысында күні-түні еңбек етті. Соғыстың бірінші жылы мемлекетке 100 млн. пұт астық тапсырылды. Бұл көрсеткіш 1940 жылмен салыстырғанда 24 млн. пұтқа артық. Колхозшылар мен совхозшылар өз еркімен еңбек күнін таңғы бестен, кешкі 22.00-ке дейін ұзартқан. Әрбір шаруа 2-3 адамның жұмысын атқарды. Әйелдер балаларын балабақшаға тапсырып, күні-түні жұмыс істеп, колхоз жұмысын белсене атқарды. Мысалы, Алматы облысының 9 ауданының 277 колхозында соғысқа дейін 64369 адам еңбек етсе, соғыс жылдары олардың саны әйелдер, қариялар және балалар есебінен 68598 адамға дейін өскен. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент ауданының Куйбышев атындағы колхозында 74 жастағы қарт ана - Анар Садықова - жұмыс істесе, Семей облысы, Абай ауданының "Шолақ еспе" артелінде 70 жасар қария - Кенебаев еңбектеніп, жоспарды асыра орындады. 1941 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының "Құрман" колхозының егіншісі Шығанақ Берсиев 1 гектардан 155,8 ц. тары алып, әлемдік рекорд жасаса, ал 1945 жылы - 1 га-дан 202 ц. тары алып, өзінің алғашқы көрсеткішін бірнеше рет өсірді. Шиелі ауданы, "Авангард" колхозының даңқын шығарған күріш егуші Ким Ман Сам 1 га-дан 154,9 ц. күріш өндірді. Күріш өсіруші Ыбырай Жақаев 1943 жылы 1 га-дан 172 ц. күріш өнімін алып әлемдік рекорд жасады. Астық өнімі үшін алған 106000 сомды Ы.Жақаев қорғаныс майданына жіберді. Республикада Ш.Берсиев, Ким Ман Сам, Ы.Жақаевтың жолын қуушылар аз болмады. "Ойыл" ауданы, "Кемерші" совхозының Зауре Баймулдина звеносы, Шелек ауданы "Төңкеріс" колхозынан Малжегерова звенолары 1 га-дан 95-100 ц. тары мен күріш алды. Соғыс жылдарындағы әйелдер ерлігі ерекше. Мыңдаған арулар тіпті тракторға, машина рулдеріне отырды. Мысалы, Ақтөбе облысы, Мартук ауданының Дзержинский атындағы қолхозында Агафья Швалькова соғысқа кеткен күйеуінің комбайынын жүргізіп, 2 күнде 87 гектардан астық жинады. 1942 жылы 450 мың гектар тың және тыңайған жер жыртылып, егін салатын жер ауданы 17%-ке өсті. Осы жылы Қазақстанда 6809 колхоз болды, оларда еңбек етуге жарамды 4912001 ерлер, 593407 әйелдер еңбектенді. Нәтижесінде 1942 жылы Қазақстанда егін жақсы шығып, республика бойынша 84,3 млн. пұт астық жиналды. Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Семей облыстары астық жинау жоспарын 102,2-тен 114,9-ке асыра орындады. 1943 жылдан бастап республикада егін егісі қысқара бастады. 1940 жылы егістік 6808,6 мың га болса, 1945 жылы 6039,9 гектарға кеміді. Себебі 1943 жылдан бастап жаудан азат етілген жерлерге егін салу жандана бастады. Керісінше, картоп, бау-бақша өнімдерін егетін жер көлемі жылдан-жылға өсті. Бұл өнімдер 1940 жылы 214,2 мың гектар егістікке егілді. Сондықтан 1944 жылы колхоздар мен совхоздар мемлекетке 1943 жылмен салыстырғанда 18,2 млн пұт қант қызылшасын, 7 ц. көкөніс, 150 000 ц. мақта артық өткізді. Бұл жылдары республиканың барлық колхоздары мен совхоздары жоспарларын орындаумен шектелмей, асыра орындауға бар күштерін салды. Мысалы, Қарағанды облысының Осакаровка ауданы 1943 жылы 1944 жылмен салыстырғанда мемлекетке 2 млн. пұт астық артық тапсырды. Соғыс жылдары бір адам майданға кеткен бірнеше адам орнына жұмыс істеу қозғалысына, жұмыс өнімділігін арттыру барысында мемлекет тарапынан ұйымдастырылған әртүрлі жарыстарға қазақстандық малшылар да көптеп тартылды. Мысалы, 1942 жылы бүкілодақтық малшылар жарысынан қазақстандықтар бірінші орын алды. Сандық көрсеткіш бойынша 1942 жылдың соңында мал басы 1,5 млн. немесе 1942 жылдың басындағы көрсеткіштен 17%-артты. Мал басын өсіруден Қызылорда, Қарағанды, Павлодар облыстары алда болды. Соғыс жылдары колхозшыларға қарсы тоталитарлық тәртіп тарапынан көптеген шаралар жүзеге асырылады. 1941 жылдан бастап әрбір колхоз-совхоздарда жергілікті саяси бөлімдер құрылып, олар ауыл шарушылық жоспарларының орындалуын қадағалап, жоспарын орындай алмаған шаруаны жазалап отырды. Сонымен бірге 1942 жылдан бастап колхоз-совхоздарда 12-16 жас арасындағы жасөспірімдердің еңбегі заңдастырылып, жұмыс жоспарын орындамаған жасөспірім қылмысты ретінде жазаланды. Осыған қарамастан халықтың патриоттық серпіні тоталитарлық жүйе тәртіптерінен жоғары тұрды. Қазақстандықтар соғыс жылдары майданға өз қаржысына алынған қару-жарақ, техника да жіберіп тұрды. Мысалы, Шымкент теміржол жүйесінің комсомолдары Москва түбіндегі майданға танк колоннасын жабдықтау үшін қаржы жинауды бастайды. Шымкент комсомолдарының бұл бастамасын бүкіл Қазақстан қолдап, жиналған 11 650 мың сомға жасалған 45 танк 1942 жылдың қыркүйегінде "Қазақстан комсомолы" деген жазумен Сталинград майданына жөнелтілді. Жүздеген оқушылар егіс алаңдарында жұмыс істеп, металл қалдықтарын жинап, "Қазақстан пионері" фондына 4 млн. сом ақша жинады. Бұл ақша "Қазақстан пионері" атты коллонаны жабдықтауға жұмсалды. С.И.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті студенттерінің ұйымдастыруымен жоғарғы оқу орындарының студенттері "Кеңестік студент" деген танк колоннасын жабдықтауға 600 мың сом ақша жинады. Танк колонналары мен ұшақ бөлімдерін жасақтауға Республикада 480 млн. жуық ақша жиналып, Қорғаныс Комитетіне тапсырылды. 1943 жылы Алматы қаласында С.Луганскиймен кездесу ұйымдастырылып, бұл кездесуден кейін Алматы жастары 400 мың ақша жинап, батырға жаңа ұшақ сыйлады. Сондай-ақ, соғыс жылдары жинаған қаржыға И.Павловқа, Н. Добровольскийге, Р.Бекетовке арнайы ұшақтар, Кеңес Одағының батыры Қ.Сыпатав атындағы су асты қайығы жасалынды. Республика тұрғындары өздерінің жеке жинағынан майдан қорына 4,7 млн. сом ақша беріп, 20-дан астам құрамалар мен әскер бөлімдерін шефке алып жауынгерлерге 2 млн. астам жылы киім, 1600 мың сомның сыйлығын жөнелтті. Сонымен қатар қазақстандықтар қоршауда қалған қалаларға қамқорлық көмек көрсетті. Қазақстан жаудан азат етілген Орал облысының 10 қаласын, 35 ауданын, Лениград облысының 12 қаласын, Калинин облысының аудандарын қалпына келтіруге көмектесті. Сол сияқты Москва, Курск облыстары, Солтүстік Кавказ, Белоруссия, Украина және т.б. республика тұрғындарына көмектесті. Қазақстан комсомолдары қамқорлыққа алған Сталинградта трактор зауыты мен "Красный октябрь" зауытын қалпына келтіру жұмыстарына 1943 жылы 1439 қазақстандық комсомол аттанды. Түрксіб теміржолшылары батыстағы темір жолдарды қалпына келтіру үшін 20000-нан астам мамандарды жіберді. Жауды жеңуге республиканың зиялы қауым өкілдері де үлкен үлес қосты. Олардың қатары Кеңес Одағының батыс аудандарынан уақытша көшірілген ғылым мен өнер қайраткерлері негізінде толықтырылды. Соғыс жылдары Қазақстанға 20 ірі ғылым институттары көшіп келді. Олардың ішінде КСРО Ғылым Академиясының физиология институты, Украина Ғылым Академиясының физика-механика институты, Москва, Ленинград, Киев институттары болды. Осы жылдары Қазақстанда И.П.Вернадский, В.А.Обручев, И.И.Мешанинов, А.И.Бах, Л.С.Берг, А.Е.Фаворский, Б.Д. Греков, С.Н.Бернштейн және т.б. атақты ғалымдар жұмыс істеді. Қазақстанға Ресей, Украина, Белоруссиядан 100-ден аса жазушылар уақытша көшіп келді. Олардың ішінде А.Толстой, С.Маршак, С.Михалков, К.Паустовский, М.Зощенко, О.Форш, С.Сергеев-Ценский, Л.Квитко сияқты атақты жазушылар болды. Соғыс жылдары партизан-ақын Ж.Саинның топтамасы, Қ.Аманжоловтың "Ақын өлімі туралы аңызы", М.Әуезовтың "Абай жолы" эпопеясының бірінші кітабы, С.Мұқановтың "Өмір мектебі", Ғ.Мүсіреповтың "Қазақ солдаты", Ғ.Мұстафиннің "Шығанақ" повесі, Ж.Жабаевтың "Ленинградтық өренімі" дүниеге келді. Сонымен бірге Қазақстанға 20-дан аса театрлар мен музыкалық мекемелер, өнер қайраткерлері көшірілді. 1941-1945 жылдары Алматының біріккен орталық киностудиясында кеңес киноматографиясының алтын қорына енген фильмдер түсірілді. Олар: "Секретарь райкома", "Они защищает Родину", "Воздушный извозчик", "Два бойца", "Фронт", "Жди меня", "Парень из нашего городка" т.б. Соғыс жылдары Қазақстанда 500-ге тарта кино қызметкерлері мен әртістер еңбектенді. Мысалға, С.Эйзенштейн, Ф.Эрмлер, Г.Рошаль, Э.Тиссе, Н.Черкасов, Г.Александров, С.Васильев, И.Пырьев, Л.Орлова, Н.Крючков, В,Марецкая және т.б. Орталық киностудия қызметкерлерімен бірігіп, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, А.Тәжібаевтің қатысуымен "8 - ші гвардиялық", "Абай өлеңдері", "Жауынгер ұлы", "Саған, майдан" фильмдері түсірілді. Соғыс жылдары КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық бөлімінде астрономиялық обсерватория, тіл, әдебиет пен тарих, химия-металлургия, топырақтану мен ботаника, зоология және өлкетану институттары ашылды. Қ.И.Сәтпаев бастаған қазақстандық ғалымдар қара, түсті және жиі кездесетін металдарды, тау пайдалы қазбаларын, су және гидроэнергетикалық ресурстарды соғыс қажетіне қолдану бағытындағы ғылыми жұмыстар жүргізді. Соғыс жылдары Қазақстанға жоғарғы оқу орындары көшіріліп, көптеген орыс - қазақ, қазақ-украина мектептері, балалар үйі мен интернаттар ашылды. Олардың ішінде - Москва авиация институты, Москва түсті металл және алтын институты, біріккен Украина мемлекеттік университеті болды. Сонымен бірге соғыс жылдары Алматы мемлекеттік шет тілдер институты, Шымкент технологиялық институты, Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты ашылды. Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісі адамзатты фашизм қаупінен құтқарды. Қазақ халқының бұл жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап "Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!" деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизм үлгісін танытты.

3.Ядролық қарусыз әлем және Қазақстан.
Ядролық қару аты қорқынышты. Алайда мұндай қаруы жоқ елдер бар елдерге мықты деп қарайтыны анық. Тағы бір айта кетерлігі, қаруы бар елдердің де көңілі тыныш отыр деп ешкім айта алмайды. Шындығына келгенде жаппай қырып-жоятын тажалды өндіріп, сақтап орасан зор шығындарға батып отырып та тыныштығыңды сатып ала алмайтының белгілі болды. Бүгінде қуатты қаруға мына елдер иелік етеді: АҚШ, Ресей (КСРО ыдырағаннан кейін ядролық қаруды өз иелігіне алды), Франция, Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Солтүстік Корея және Пәкістан. Сонымен қатар, бұл елдердің қатарында Израильді де қосуға болады. Бұл ресми мойындалмағанмен, әлемдік қауымдастықтар бұл мемлекеттің өзі құрастырып дайындаған қарулары бар дегенге меңзейді. Айта кетер тағы бір жайт, бұл тізімге Украина да кірген болатын. Алайда, украиндар 90-жылдары алапат қарудан бас тартып, ресми түрде бейбітшіл халық деген мәртебеге ие болған. Дүние жүзінде ядролық қару саны кеміп жатқанымен, ядролық қаруы бар елдер өз арсеналын модернизациялап жатыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұл қару түрінен бас тартпақ емес деп мәлімдеген болатын Стокгольмдегі (Швеция) Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI - Stockholm International Peace Research Institute) ғалымдары.
Аталған институттың мәліметі бойынша, 2017 жылдың басында қуатты қаруы бар тоғыз мемлекетте жедел қолданысқа дайын барлығы 4 150 дана ядролық қару болған. SIPRI есебінше, бұл елдердің жалпы қорында осы жылдың басында ядролық оқтұмсықтардың саны 14 935-ке жеткені айтылады. Дегенмен, бұл өткен 2016 жылғы көрсеткіштен 15395 дана аз екені де белгілі болды. Ядролық заряды көп елдер тізімін көршілес Ресей Федерациясы бастап тұр. Ресей арсеналында бас-аяғы 1 950 ядролық заряд бар. Ал АҚШ-тың иелігінде бұл көрсеткіш 1800 ядролық заряд пен 5000 өзге де оқтұмсықтарды құрайды. Институттың дерегі бойынша көш соңындағы Солтүстік Корея елінде 10-нан 20-ға дейін ядролық заряд бар екен.
Қару соғыс құралы, ол бар жерде тыныштық болмайды дейтін қарапайым қағиданың тағы бір мысалы. Қазіргі шексіз билікке ұмтылған мемлекеттер мен олардан қалғысы келмейтіндер арасындағы негізгі дау осы қарудың айналасында. Қырғиқабақ көзқарастардың нәтижесі әлем елдері арасындағы сенімсіздікке алып келді. Қаруға кеткен қаржы экономиканың әлсіреуіне, қарапайым халық тұрмысының төмендеуіне бірден-бір баспалдақ болып отыр.
Бейресми мәліметтер бойынша дүниежүзілік соғыс басталардың алдында Еуропадағы фашистік тәртіптен қашқан ғалымдар АҚШ-та бас қосып, қуатты қаруды жасауға қызығушылық танытқан екен. Өткен ғасырдың 40-жылы Америка үкіметі Еуропадан келген ғалымдарды Ұлттық ғылыми және әскери зерттеу орталығына жинап, жеке ядролық қару жасау жобасын қолға алады.
Алдағы бір-екі жыл көлемінде ғалымдар fission-uranium-235 және плутонийдің (Пу-239) басты материалдарын дайындаумен шұғылданды. Атом бомбасы алғаш рет ядролық бомбаның әкесі деген атпен танылған Роберт Оппенхеймердің жетекшілігімен АҚШ-тың Нью-Мексика штатындағы Лос-Аламос деген жерде сынақтан өткізіледі.
Бейресми мәліметтер бойынша дүниежүзілік соғыс басталардың алдында Еуропадағы фашистік тәртіптен қашқан ғалымдар АҚШ-та бас қосып, қуатты қаруды жасауға қызығушылық танытқан екен. Өткен ғасырдың 40-жылы Америка үкіметі Еуропадан келген ғалымдарды Ұлттық ғылыми және әскери зерттеу орталығына жинап, жеке ядролық қару жасау жобасын қолға алады.
Алдағы бір-екі жыл көлемінде ғалымдар fission-uranium-235 және плутонийдің (Пу-239) басты материалдарын дайындаумен шұғылданды. Атом бомбасы алғаш рет ядролық бомбаның әкесі деген атпен танылған Роберт Оппенхеймердің жетекшілігімен АҚШ-тың Нью-Мексика штатындағы Лос-Аламос деген жерде сынақтан өткізіледі.
Өткен жылдың наурыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлем. ХХІ ғасыр манифесі АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит шеңберінде жария етілген болатын.
Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі БҰҰ-ның басшылығын, тұтастай Нью-Йорктегі дипломатиялық қауымдастыққа жаңа құжат-парадигманы таныстырды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға, сондай-ақ әлемдік ұйым жанындағы барлық мүше мемлекеттердің Тұрақты Өкілдеріне тиісті хат жіберілді. ҚР Тұрақты Өкілдігінің Бас хатшысына үндеуінен кейін Әлем. ХХІ ғасыр манифесі БҰҰ Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды.
Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Әлем. XXI ғасыр манифесі дамыған және дамушы елдердің нақты істерінің тиімді басшылығына айналуы тиіс. Бүгінде жер бетінде ғылыми жетістік ретінде саналып, түрлі қуатты қару шығарылып жатыр. Алайда, олардың қаншалықты қаупі барын, болашақта қандай мақсатта қолданылатыны көлеңкеде қалып қояды.
Бұл ретте Елбасымыз Соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар - ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеу маңызды, - деп орынды ұсыныс білдірді. Шындығында әлем елдері жеке мүддесі үшін жанталаса қаруланып, адамзатқа ортақ мүддені назардан тыс қалдырып отырған секілді. Мұндайда бір елдің тәуекелге барып, өзгелерге үлгі ұсынуы, жалпы адамзаттық мүдде үшін әрекет етуі кез-келгеннің қолынан келе бермейтін көрегендік. Мемлекет басшысының манифесі туралы әлемге белгілі сарапшылар, мамандар оң пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің мақаласы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында АҚШ-тың The Hill атты күнделікті саяси газетінде жарияланды.
Жері ядролық қару сынау үшін полигон ретінде пайдаланылған, 500 ядролық сынақтың нәтижесінде бір жарым миллионнан астам азаматы мен ауқымды территориясы радиацияға ұшыраған еліміздің тарихи тәжірибесі бізді қауіпсіздікті басқаша түсінуге алып келді. Қару және ядролық материалдар қорын жою өңірімізге қауіпсіздік пен тұрақтылық әкелді. Алайда, әлдеқайда берік қауіпсіздік барлық тараптың өзара қауіпсіздігіне бағытталған құрылымдар арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Ядролық қару бұдан былай Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторы болып саналмайды, - делінген мақалада.
Адамзат баласы ертеден-ақ биліктің, үстемдіктің негізі қуатты қаруда деп біліп келгені жасырын емес, алайда жаңа ғасыр өз перзентінің алдына қатаң талап қойып отыр: не бұл жолдан бас тартамыз, не өз орны толмас өкінішке тап боламыз. Бұл бұрынғы көзқарастардың көнергенін көрсетеді. Жаңаша ұғымдарды қалыптастыратын уақыт келді. Парасат бәсекесіне жол ашылуы тиіс, адам баласы бір-бірінен білім-парасаты арқылы ғана биік тұра алады. Адамзат дамуының бастауында осы идея билік құрған болатын, соған қайта оралатын уақыт жетті.

Билет 4
1. Алаш қозғалысы: ұлттық мемлекеттілік үшін күрестің бастауы.
2.1924 жылғы ұлттық-территориялық межелену саясаты және қазақ жерінің жаңадан белгіленуі.
3. Қазақстандық парламентаризм.

1.Алаш қозғалысы:ұлттық мемлекет үшін күрестің бастауы.
Алаш қозғалысы - ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласында Ресейлік басқару жүйесінің күшейе түсуі, Ресейден көшіп келушілердің күрт артуы, қазақтардың құнарлы жерлерден ығыстырылуы бел ала бастады. Ендігі жерде қазақ халқының өзін-өзі сақтап қалуы үшін күресті күшейту мәселесі туындады. Бірақ енді зардабы көп қарулы көтеріліс жолымен емес, ұтымды саяси жолмен күрес жүргізу қажет еді.
Осылайша Бірінші орыс төңкерісі жолдарында қазақ халқының мүддесі үшін күресті бастаған қазақ зиялыларның әрекеттері кейініректегі Алаш қозғалысының бастамасы болды.Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов жетекшілігімен ұлттық зиялылар ұлт азаттығы үшін саяси күрес жолдарын меңгере бастады. Олар түрлі қозғалыстарға қатысып, үгіт-насихат жұмыстары үшін газеттер, кітаптар шығаруды жолға қойды. 1911 жылдан Айқап журналы, 1913 жылдан Қазақ, артынша Бірлік туы, Сарыарқа, Ақжол газеттері ұлт-азаттық күрес жолын айқындауға қызмет етті. Алаш қозғалысы- қазақ елінің өзін- өзі басқару және біртіндеп ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Өнер мамандарын дарлаудағы Республика өнер қайраткерлерінің рөлі
Онкологиялық науқастардың ауруға қатынастарының ерекшеліктері
Мұғалімдердің АКТ құзыреттілігінің құрылымы
Бастауыш сыныптарда қолданылатын тәрбие технологиялары
Көлік құралымен орын алған оқиға болған жерді қарау
Қазақстанның археологиялық зерттеу тарихы
Орта Азия аймағына жүргізген орыс саяхатшыларының зерттеулері
Қазақстандағы көші-қон процестері және оның зерттелуі (1926-1959 жылдар)
Қазақстанның Ресейге қосылуының алғашқы кезеңдегі зерттеулері
Зерттеу жұмысын жазу барысында соңғы жылдары Отандық тарих ғылымында болып жатқан түбегейлі өзгерістерді негізге алдық
Пәндер