ТАРИХИ ЖЫРЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ


КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаты: Қазақ фольклоры дамып, жетілу барысында уақыт өте келе көптеген жаңа жанрлар пайда болып, дәстүрлі жанрлардан бөлініп шығып, даралана бастағаны белгілі. Заман өткен сайын халықтың рухани қажеттілігіне сай әр кезеңнің өзіндік өрнектерімен ерекшеленетін, оқиғалары да, кейіпкерлері де әр басқа туындылар легі шығып отырды. Сондай жанрдың бірі - тарихи жырлар. Басқа фольклор үлгілері ерте бастан зерттеліп, жинақталып, талқыға түсіп, ғылыми айналымға енсе де, тарихи жыр жайлы, жалпы фольклордың тарихилығы туралы нақты әрі бірізді түрде 20 ғасырдың 80-жылдарында ғана сөз қозғала бастады. Жырларда тарихи тұлғалардың, шынайы дерекке негізделген оқиғалардың баяндалуы бұрынғы қиял-ғажайып элементтері басым, жалпы тұлғалар бейнесі жинақталып бір батырдың бойынан көрініс табатын батырлар жырынан кейін туған туындылар легі екені байқалды.
Өткен ғасырда ел аузынан аңыз-әңгімелер мен тарихи мәліметтерді жинақтай отырып, жыр жазу белең алды. Бір ғана жырдың түрлі нұсқасы болатыны мәлім. Дегенмен жырдың қай нұсқасын алып қарасақ та, тарихи шындықтан алыс кетпегенін көре аламыз. Әр автор өзіндік жинаған деректерінің негізінде оны көркемдей отырып, оқиғаны шынайы жырлап шыққан. Жоғарыда аталған ерекшеліктерді атап, М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаев, Р. Бердібаев, Е. Тұрсынов, С. Қасқабасов, З. Сейітжанов, т. б. ғалымдар тарихи жыр жайлы пікір білдіріп, оларды жан-жақты қарастырған.
Сондай жырлардың бірі - “Ер Жәнібек” жыры. Бұл жыр негізінен Шығыс Түркістан аймағының Алтай өлкесінде, Моңғолияда туып, жарық көрген. Жәнібек батыр Абылай хан заманында өмір сүрген, елі үшін егесіп өткен ерлердің бірі. Оның қазақ-қытай дипломатиялық қарым-қатынасына зор үлес қосқаны жайлы мағұлматтар бар. Оның батырлығымен қоса шешендігі де болған. Қазақ жерін анығырақ айтсақ Алтай өлкесін сақтап қалуда маңызды стратегиялық рөл атқарған. “Ер Жәнібек” жырының көп таралған, танымал бес нұсқасы бар. Онымен қоса батырдың ерлігі, шешендігі, өмірі жайлы көптеген аңыз-әңгімелер ел аузында сақталған.
Тарихи жырлардың қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше. Себебі ол елдің өткенінен хабар беріп, тарихтың терең қойнауынан сыр шертеді. Зерттеу жұмысында тарихи жырдың көркемдік және жалпы ерекшеліктері жайлы сөз болады. “Ер Жәнібек” жырын негізге ала отырып, жырдан мысалдар келтіріледі, көркемдеуіш құралдарына, дәсүрлі жыр өрнектері мен сюжеттерін басқа жырлармен салыстырып, тарихи деректер ұсынылады.
Тақырыптың өзектілігі: Алтай мен Атыраудың арасындағы, Еділ мен Ертістің сағасындағы, ұшса қыранның қанаты талатын, шапса тұлпарды тұяғы тозатын ұлан-ғайыр атырап бізге жайдан-жай келе салған жоқ. Батыр бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, даналығымен, жауға берілмес қайсарлығымен жерімізді қорғап, келер ұрпаққа аманаттап отырған. Бүгінде жер қадірін білмейтін, ұлтын сүймейтін жастар мен балалар өсіп келеді. Оларға халықтың бай мұрасы жырларды дәріптеу арқылы бойларында ұлттық рухты оятуға күш салуымыз керек. Ал оларға лайықты түрде түсіндіре алуымыз үшін оны жан-жақты зерттеп, зерделеп алғанымыз ләзім.
“Ер Жәнібек” жыры кеш жарияланып, соған орай зерттелуі де кешеуілдеп қалды. Ер Жәнібектің аты жыраулардың жырларында, тарих кітаптарында жазылса да, оның көптеген ерліктерін басқа батырларға теліп жіберу орын алды. Тарих жағынан болсын, әдебиет жағынан болсын әр тұлға өзіне тиісті, лайықты орнын иеленуге тиіс. Қазақтың сақталып қалуы жолында қасық қаны қалғанша айқасқан, ел мен жерді қорғауда ерен ерлік көрсетіп, қажырлы еңбек еткен батыр есімі ардақталып, халық жадында жаңғырып отыруы тиіс.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Дипломдық жұмыстың мақсаты ретінде тарихи жырдың көркемдік ерекшеліктерін қарастырамыз. Бұл арқылы жырды жан-жақты талдауға, көптеген тарихи деректерді көркем оқиғамен салыстыра отырып, мақсатымызға жетеміз. Дипломдық жұмыстың мақсатына қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді анықтап, зерттелу үстіндегі нысанға жетеміз:
- Жыр нұсқаларын салыстыра талдау;
- Ер Жәнібек батырдың көркем бейнесін анықтау;
- Көркемдік ерекшеліктерін саралау;
- Тарихи жыр сипатын анықтау;
- Әр түрлі нұсқаларындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарға зер салу;
- Жыр жайлы ғалымдардың жазған еңбектеріне шолу жасау;
- Жырды басқа да батырлық жырлармен сабақтастырып, салыстыру,
- Жырдағы түсініктер мен мотивтерді анықтау.
Зерттеудің жаңалығы: “ Ер Жәнібек” жырындағы оқиғалар басқа да батырлар эпосымен және тарихи жырлармен салыстыра отырып, талданды. Тарихи деректерді және ғалымдардың пікірлерін, нақты тарихта болған адамдардың естеліктерінің негізінде ғылыми тұжырым жасалды. Жырдағы көркемдеуіш құралдар анықталып, топ-топқа бөлінді. Жыр нұсқаларындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар және олардың себептері сараланды.
Қорғауға ұсынылған негізгі қағидалар:
- Зерттеу нәтижесі бойынша төмендегідей тұжырымдар қорғауға ұсынылады:
- Тарихи жырдың сипаты мен ерекшеліктері жайлы ғалымдардың пікірлерін салыстырып, бірізді пікір нақтыланады;
- “Ер Жәнібек” жырының оқиғалары мен ондағы тарихи шындық жайлы - тұжырымдар нақтыланады;
- Жырдың әр түрлі нұсқалары салыстырылып, ұқсастықтары мен айырмашылықтары айтылады;
- Жырдағы көркемдеуіш құралдарға мысал келтіріліп, олардың жырға әсері жайлы сөз етіледі.
Зерттеу жұмыстың зерттеу нысаны: "Ер Жәнібек" тарихи жырының бес нұсқасы
Зерттеу жұмысының пәні: Қазақ фольклоры
Зерттеудің әдісі: Тарихи жырды зерттеп, талдау үшін тарихи-салыстырмалы, объективті-аналитикалық талдау әдістері басшылыққа алынды.
Зерттеу жұмыстың құрылымы: Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдалынылған әдебиеттердің тізімінен тұрады.
1 ТАРИХИ ЖЫРЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
1. 1 Тарихи жырдың зерттелуі
Қазақ эпосындағы тарихи шындыққа қатысты көптеген фольклортанушы ғалымдар пікір айтқан және олардың халықтың бастан кешкен түрлі кезеңдері жайлы хабар беретіндігіне назар аударған. Рахманқұл Бердібаев “Эпос - ел қазынасы” еңбегінің “Эпостың тарихилығы туралы” бөлімінде көптеген ғалымдардың пікірін, түрлі көзқарастарды келтіре отырып, мынадай пікір айтады:“эпостың тарих оқулығы, кезеңдік сипаттамасы емес, көркем сөз туындысы екенін айта кеткен жөн. Алайда бұл ережелер сөз жүзінде мойындалғанымен, нақтылы тарихта болған тұлғалар мен жырдағы эпостық кейіпкерді қатар қойып, талдау кезінде фольклор үлгісін оқып отырғанымызды ұмытып кетеміз”[31, 83] . Бұл пікірлер кейін келе, жаңа бір жанрдың зерттелуіне, ашылуына жол ашты. Әуелбек Қоңыратбаев, Рахманқұл Бердібаев, Едіге Тұрсынов, Сейіт Қасқабасов, Зуфар Сейітжанов, т. б. ғалымдар “нақты тарихи эпос, тарихи эпос” деп атаған тарихи жырлардың жүйелі зерттелуі кейіннен басталды. Бұған себеп кеңестік кезеңде батырлар жайлы сөз қозғауға, оларды дәріптеуге тыйым салынуы еді. Дегенмен тарихи жырлар жайында жазылған алғашқы көлемді зерттеу еңбектерінің бірі “Қазақ тарихи жырларының мәселелері” монографиясында қазақ фольклористикасының негізін салушылардың бірі, ғалым Шоқан Уәлихановтың тарихи жырды алғаш эпостан бөлек қарастырғаны жайлы айтылады. Ғалымның “другой джир” деп “Орақ батыр” жырын қарастырып, оны талдағаны жайлы сөз болады [28, 14] . Сейіт Қасқабасов та “Тарихи жырлардың зерттелуі мен жанрлық сипаты” деген еңбегінде Шоқан Уәлихановтың зерттеулерінде “исторический джир” деген қолданыс кездескенін атап өтеді [27, 46] . Ал халық ауыз әдебиеті ғылымына “тарихи өлең, тарихи жыр” деген терминдерді енгізіп, келешек зерттеулерге жол ашып берген көрнекті ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезов еді. Ол тарихи жырды нақты тарихи оқиғаларға негізделетін, басты кейіпкерлері тарихта болған адамдар екенін ерекше атап өтеді. Әрі тарихи өлең мен тарихи жырдың айырмашылығын да көрсетіп береді [28, 17] . Тарихи жырды арнайы зерттеген Қажым Жұмәлиев бұл жанрдың эпостан айырмашылығын елеп-екшеп көрсеткен. Жырдың жазылып шығарылуы, авторы белгілі болуы - негізгі сипаттарының бірі, ал ерекшелігіне келсек, кей жырлардың түрлі нұсқасы болады және ауыз әдебиеті дәстүрінде жырланып отырады. Бұл сипаттарына қарай бұл жанрды ауыз әдебиетіне де, жазба әдебиетіне жатқызу қиын. Қажым Жұмәлиев батырлар жырынан тарихи жырдың айырмашылығын әсіре шендестіру, әсірелеу сияқты көркемдеуіш құралдар болмайтындығында және ондағы кейіпкерлер ел өміріндегі нақты тарихи уақиғаға, күрес-тартысқа қатысқан адамдар екендігінде [27, 45] деп көрсетеді. Ғалым тарихи жырды кейде тарихи поэма деп атайды, алайда терминдік жағынан бұл атау үйлеспейтін секілді көрінеді. Тарихи жырға ерекше мән берген, көптеген маңызды зерттеулер жазған ғалым Есмағамбет Ысмайылов болды. Ол 30-жылдарда жазған эпикалық жырларға қатысты мақаласында Қабанбай, Бөгенбай, Есім хан, т. б. тұлғалар жайлы шығармаларды батырлық жырларға қосады. Дегенмен кейінгі зерттеулерінде тарихи жырды жеке жанр деп қарастырып, оның ерекшеліктерін көрсетеді, әрі оларды кезең-кезеңге бөледі. Мысалы, ғалым қазақ тарихи жырларын төрт кезеңге бөледі:
1) орта ғасырда; 2) 18 ғасырда; 3) 19 ғасырда; 4) 20ғасырда туған жырлар [28, 21] .
Тарихи жырлардың қысқаша бастапқы зерттелу тарихын атап өттік. Енді тарихи жырдың өзіне тоқталайық. Тарихи жыр терминінің аумағын кеңірек мағынада түсінетін болсақ, оған ел тарихының, халық өмірінің маңызды кезеңдеріне арналған эпикалық, бірен-саран лиро-эпостық шығармалар жатады [28, 28] . Нақты тарихи жыр белгілерін анықтауда профессор Б. Н. Путиловтың мына пікірін ескергеніміз жөн:“Егер эпоста нақты тарихи байланыс, қатынас үстінде көрінетін кейіпкер пайда болса, онда ол не аңызды-тарихи, не нақты тарихи эпос деп айтуға мүмкіндік бар”. Және академик В. Я. Пропптың:“Алайда тарихи жырлардың мына белгілері дау туғызбайды. Кейіпкерлері ойдан шығарылған персонаждар емес, негізінен өмірде болған, оған қоса, көбіне жоғары дәрежедегі ұлы тұлғалар. Мазмұн негізінен көбіне белгілі бір кең таралған шынайы болған оқиға алынады”[30, 48] - деп көрсеткен тұжырымына қосыламыз. Рахманқұл Бердібаев тарихи жырларды тарихи оқиғаларды, аңыздарды эпикалық дәстүрмен насихаттау ниетінен туған, бұларда тарихи істердің негізгі сорабы сақталып, ауқымды оқиғалар мен танымал тұлғалар сөз болып отырады [33, 114] дейді.
1. 2 "Ер Жәнібек" жырының зерттелуі
Елі үшін егескен ерлер есімі халыққа кешеуілдеп жетіп жататыны әр түрлі тарихи, саяси жағдайларға байланысты болса керек. Көбіне Қытайдағы Алтай аймағында, Моңғолия жерінде ауыздан-ауызға таралып, қазыналы қариялардың қамба көкірегінде сақталған “Ер Жәнібек” жыры да осындай жағдайларға ұшырап, кеш айтылып, жазыла бастады. Жырдың әр түрлі нұсқаларының алғашқылары жиырмасыншы ғасырдың аяғына таман ғана баспа бетін көрді. Мысалы, Моңғолияда шығатын “Шұғыла” журналында Мағауия Сұлтанияұлы жырлаған нұсқа журналдың 1992 жылғы нөмері 3-санында басылды. Енді бір нұсқа 1980 жылы “Алтай аясы” журналында жарық көрді. Кеш басылым бетін көргендіктен, бұл жырларды зерттеп, ғылыми айналымға енгізу де көп кейінге шегеріліп қалды.
Алғаш жырды зерттеп, мақала жазған кісілердің бірі де бірегейі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ф. ғ. д. Зуфар Сейітжанұлы болды. Ғалым алғашқылардың бірі болып Ыбырай Ботайұлы жырлаған “Ер Жәнібек хақында” атты мақала жазған. Бұл мақалада он сегізінші ғасырдағы қазақ даласын ойрандаған жоңғар шапқыншылығы, соның кесірінен болған тарихи оқиға “ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” жайлы айта келіп, сол заманда халқына қорған болу үшін атқа қонған Абылай хан мен оған ерген батырлар жайын тілге тиек етеді. Солар жайлы жазылған жыр-дастандардың аз еместігін сөз ете отырып, осындай жырлардың бірі Ыбырай Ботайұлы жырлаған “Ер Жәнібек” жыры екенін жазады. Ер Жәнібектің екі қыры, бірі - батырлығы болса, екінші - шешендігін атап өтеді. Жырда осыны айғақтайтын оқиғалар желісі көркем тілмен берілген. Мақала соңында Ер Жәнібек есімін ұмытпау һәм ұлықтау келер ұрпақ парызы екені, хас батырлар арасында есімі ескерілуі қажет тұлға деп түйіндейді. Сондай-ақ “Қазақ әдебиеті” газетінде “Ер Жәнібек есімі неге ескерілмейді?” атты мақаланы Халифа Алтай мен Зуфар Сейітжанұлы жазғаны белгілі. Бұл мақалада батырдың өмір жолы айтыла отырып, қазақ әдебиетінде кездесетін тұстарын жазады.
Зуфар Сейітжанұлының “Ер Жәнібек жыры” атты көлемді мақаласы жайлы айтпай кетуге болмас. Бұл мақалада зерттеуші “Ер Жәнібек” жырының бес нұсқасын терең талдайды. Тарихи жырдың жарыққа шығуына, оның зерттелуіне кеңес үкіметінің солақай саясаты кедергі болды. 1979 жылы ғана тұңғыш рет “Қазақ тарихи жырларының мәселелері” деген ұжымдық зерттеу еңбегі шықты. Бұл еңбекте он сегізінші ғасырдан бастап жиырмасыншы ғасырды қамтыған тарихи жырларға шолу жасалған еді. Дегенмен тарихта болған батырлар, хандар жайлы жырлар түгел дерлік бұл еңбекке ене қойған жоқ. Осы еленбей қалған жырлардың ішінде Ер Жәнібек батырға арналған туындылар да бар еді. Бұның бір себебі керей Ер Жәнібектің ерліктері жаңылыс Шақшақ Жәнібек батырға телініп кетуінде еді. Шындығында Ер Жәнібек Абылай ханның бас батыры, әрі шешендігімен көзге түскен ділмар адам болған. Оған арналған жырлардың бәрінде, қарастырып отырған бес нұсқада батырдың ататегі, балалық шағынан бастап, ел үшін жасаған ерліктері, жұртын жайлы жерге бастап баруы секілді өмірінің басты белестері көрініс табады. Ғалым “Ер Жәнібек” жырын нақты бір кезеңнің тарихи шындығын қамтитын кесек туынды, баға жетпес мұра деп баға береді [13, 1] . “Ел ұраны - Ер Жәнібек” атты бөлімде тарихи деректер келтіріліп, сілтеме жасалады. Тарихшы Құрбанғали Халидтің “Тауарих хамса” еңбегінде батырдың аты Абылайдың хас батырларының бірі ретінде аталады. Мақалада Ер Жәнібекке арналған бес жыр бар екендігі, алғаш Үрімжі қаласында, 2006 жылы көлемді бір жинақ болып басылып шыққаны, оның екеуінің авторы белгілі, ал қалған үшеуінің авторы белгісіз делінеді. Жоғарыда атап өткеніміздей жырдың барлық нұсқасының басында батырдың ататегі мен балалық шағы сөз етіледі. Алайда бірінде толығырақ сипатталса, енді бірінде қысқа-нұсқа айтылады. Бәрінде бір ауыздан арғы атасы Сары батыр болғаны, оның Жәнтекей руынан тарайтыны сөз болады. Жырда қара сөзбен баяндау кездеспейді, ғалым осыдан екі жүз жыл бұрын өткен деп келетін жыр тармағын алдымен бұл тарихи оқиға аңыз-әңгіме түрінде таралып, кейіннен көлемі үлкен жырға айналған деп түсіндіреді. М. Солтанияұлы нұсқасында батырлық эпостарға тән ата-ананың баласын зарыға күтуі мотиві кездеседі. Бұл нұсқада батырдың әкесі алпыс жаста, ал анасы елу жасқа келгенше сәби сүйе алмай жүреді делінеді. Күндердің күнінде анасы қасқыр етіне жерік болып, әкесі қасқыр атып әкеледі, содан соң Жәнібек дүниеге келеді. Осындай оқиға Ыбырай Ботайұлы нұсқасында бар. Басқа нұсқаларда бұл жағдай айтылмайды. Дегенмен Жәнібекке қос бөрінің даруы жайлы оқиғалар кездеседі. Қасқыр етіне жерік болу, бөрі дару деген тәсілдерді зерттеуші көркемдік тәсіл деп атайды. Яғни, халық баланы келешекте жай адам емес, қасиет қонған ерекше батыр болатынын осылай айшықтағысы келген. Осы орайда Сейіт Қасқабасовтың мына пікрін келтіре кетеді:“Ескі мотив ел батырын мадақтау үшін жұмсалып отыр” [14, 250] . Ары қарай Шақшақ Жәнібектің балаға көңілі толып, ат қоюы, бата беруі сөз болады. Есейіп, ер жеткенде Жәнібек нағашысы сары үйсін Досымбек, Өмір деген кісілердің ауылына сапар шегеді. М. Солтанияұлының нұсқасында батырдың нағашысы Қаз дауысты Қазыбек би деп беріледі. Мұны ғалым батырдың тікелей ұрпағы А. Байбосынұлының мына дерегімен түсіндіріп береді:“Жәнібектің анасы - Қадиша Досымбектің туған қызы. Әкесі Бердәулеттің алғашқы жары - Ұлболсын Қазыбек бидің інісі Тыныбек бидің қызы болған. Ол кісі қайтыс болса да, Қазыбек Бердәулеттің баласы Жәнібекті жиенім деп санаған” [3, 223] . Жырдың бірнеше нұсқасында жас Жәнібек нағашысы Досымбектен сауыты мен бес қаруын және болашақ жорықтарда мінетін көк дөненді кей нұсқаларда көк құнанды алып қайтқаны айтылады. Жырларда көк дөненнің сұлу сипатын ерекше өрнекті, көркем сөздермен жеткізеді. “Тұлпарға баса назар аудару тарихи жырдың негізгі идеясына байланысты, себебі жауға шабар батырдың тұлпары өзіне сай, төзімді, жүйрік болуы керек” [13, 4] -дейді ғалым мақаласында.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz