Шығыс Қазақстан облысының орман ресурстарына сипаттама және оның картасын құрастыру


Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 26 бет
Таңдаулыға:   

Әл-фараби атындағы қазақ ұлттық университеті

география факультеті

геоморфология жӘне картография кафедрасы

К У Р С Т Ы Қ Ж Ұ М Ы С

Шығыс Қазақстан облысының орман ресурстарына сипаттама және оның картасын құрастыру

Орындаған:

Геодезия және картография

мамандығының 3 курс студенті Сермағанбетова Ш. Ә.

Ғылыми жетекшісі:

Аға оқытушы Тұрапова Р

Алматы, 2007

МАЗМҰНЫ

Кіріспе3

1. Шығыс қазақстан облысының физикалық-4

географиялық сипаттамасы4

1. 1 Географиялық орны4

1. 2 Аймақтың геологиясы4

1. 3 Жер бедері5

1. 4 Топырақ жамылғысы5

1. 5 Климаты7

1. 6 Су қоры8

1. 7 Өсімдігі және оның таралу зонасы9

2. «СЕМЕЙ ОРМАНЫ» МЕМЛЕКЕТТІК ТАБИҒИ РЕЗЕРВАТ ОРМАНЫ13

Бесқарағай16

4. ЗЕРТТЕЛЕТІН АЙМАҚТЫҢ ОРМАНЫН ҚОРҒАУДЫҢ18

НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ18

4. КАРТАНЫ ГАЖ БАҒДАРЛАМАСЫНДА ҚҰРАСТЫРУ21

(ARCGIS программасында) 21

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

Кіріспе

Орман ресурсы - биосфераның ең маңызды компоненті, экологиялық, әлеуметтік және экономикалық жағынан алғанда маңызды, жер бетіндегі тіршілікке үлкен әсерін тигізетін шаруашылықтың бірі болып табылады. Қазақстан аумағының 4 пайызға жетер-жетпес қана бөлігін алып жатқан орман ресурстарын қорғап, сақтап қалу және оны жетілдіру, еліміздің 69 %-ын шөл және шөлейтті аймақтар алып келе жатқан шақта, бұл мәселенің өзектілігін одан сайын арттырады. Шығыс Қазақстан облысы - Республикамыздағы табиғаты әр алуан, ең ірі, маңызды орманды алаптың бірі, орман қорының көлемі - 20101, 4 мың га.

Жұмыстың мақсаты - Шығыс Қазақстан облысының орман шаруашылығы картасын жаңа ГАЖ-функцияларды, ArcGIS программасын пайдаланып картографиялау.

Жұмыстың бірінші тарауында зерттеліп отырған аймақтың географиялық орнына, геологиялық құрылымы, топырақ жамылғысына, гидрологиялық потенциалына, өсімдік әлемінің таралу зоналарына толық сипаттама берілді.

Жұмыстың екінші тарауында облыстың орманы айрықша, қайыңды-көктеректі ормандар және Қазақтың ұсақ шоқыларының оңтүстік-шығысында алма ағашынан тұратын өзінше бір ерекше табиғи кешен “Семей орманы” мемлекеттік табиғи резерват орманына жан-жақты сипаттама беріледі.

Ал үшінші тарауда, орманды қорғаудың негізгі мәселелері - орман шаруашылығын жүргізуде тазалық ережелерін орындауды қамтамасыз ету және орманды нәтижелі пайдалану, орманда жағымсыз организмдердің қалыптасуына, олардың пайда болуына қарсы жұмыстар жүргізу мақсатында санитарлық қайта қалпына келтіру іс-шараларын жүргізу, орман-патологиялық істерін орындау және оны ұйымдастыру, зерттеу, ормандағы аурулармен, зиянды жәндіктерге қарсы күрес жүргізу іс-шараларын жүзеге асыру жөнінде айтылады.

Соңғы тарауда - картографиялаудың жаңа бағдарламалары, әдістері, ГАЖ-дың қазіргі карта құрастырудағы автоматтандырылған, тың жаңаша операциялары, олардың артықшылықтары мен ерекшеліктері, картографиялаудағы осы жаңа технологияның ролі туралы қарастырылды.

1. Шығыс қазақстан облысының физикалық- географиялық сипаттамасы 1. 1 Географиялық орны

Шығыс Қазақстан облысы - Алтай тауларының оңтүстік-батысын, Зайсан ойпатын, Қалба таулы-қыратын, Сауыр-Тарбағатай жоталарын, Ертісмаңы жазығын және Қазақтың ұсақ шоқыларының шығыс бөлігін қамтиды.

Шығыс Қазақстан облысы солтүстігінде Ресеймен, шығысында Қытай Халық Республикасымен, оңтүстігінде Алматы, батысында Павлодар және Қарағанды облыстарымен шектеседі.

Облыстың географиялық жағдайының ерекшелігі - ең ірі континент Евразияның ортасында, Батыс Сібір жазығымен шекаралас орналасуында. Облыс аумағында жер шарының континентальды полюсі және Евразияның географиялық орталығы орналасқан. Табиғат жағдайларының әртүрлілігі шаруашылықтың дамуына қолайлы жағдай туғызады.

1. 2 Аймақтың геологиясы

Қазақ Ғылым академиясының бірінші президенті Қ. И. Сәтпаев “Алтайды Алтайда зерттеу керек” деп айтқан екен. Сол кісінің қолдауымен Шығыс Қазақстанда алғаш Алтай тау-металлургия ғылыми-зерттеу институты ашылған. Онда сол өңірдің ғалымдары В. А. Филиппов, В. С. Ерофеев, И. Я. Полыванный сынды адамдар жұмыс істеген.

Ерте заманда облыстың геологиялық құрылымы туралы мәліметтер өте аз болды. Кейбір геологтар облыстың аумағын геосинклинальды, ұзынынан бірнеше шақырымға, ені ондаған шақырымға созылып жатқан жер қабығының алып ойпаң жері деп есептеді. Ойпаң жерлер осьі Зайсан-Семей бойымен солтүстік-батыс бағытында созылып жатыр: бұл солтүстік-шығыста Кенді Алтай, ал оңтүстік-батыста - Тарбағатай. Бұл зоналарда протерозой мен төменгі палеозойдың мейлінше ежелгі жыныстары кездеседі. Төменгі палеозой жыныстары өте қатты өзгерген (метаморфты) әктастар, вулкандар, теңіздік құмды-сазды жыныстарды құрайды.

Зайсан геосинклиналының түзілуі төменгі палеозойда басталып, жоғарғы палеозойда аяқталды. Сондықтан да бұл түзілімде теңіздік жыныстар басым. Континентальды жыныстар аз болса да күшті (1600 м дейін), негізінен Маңырақ жотасы мен Сауырда тараған. Тас көмір дәуірінің соңында аймақтың табиғи жағдайы бірден өзгерді. Аймақтың көтерілуі байқалды, ойпаң жерлердің пайда болуы тоқталды [] .

Мезозой дәуірі облыстың геологиялық дамуының ең ұзақ кезеңі болды. Бұл кезде жылы тропикалық климат пайда болды. Осы кезеңде барлық Алтай тау жүйесі біртіндеп бұзылып, олардың орнында ауқымды жазық - пенеплен түзілді. Кайназой эрасының ортасында тропикалық климат жалпақ-жапырақты флорамен қоңыржай климатқа ауысты.

1. 3 Жер бедері

Облыстың жер бедері өте күрделі және әртүрлі, солтүстік бөлігі негізінен жазықты, оңтүстігі таулы болып келеді. Қазақстандық немесе Оңтүстік Алтайдың 80 %-ға жуығын таулар, Батыс аймақты Ертісмаңы жазығы, Шыңғыс тауы, Көкпекті-Шар қыраттары, Тарбағатай-Сауыр таулы жоталары және Зайсан-Алакөл ойпаты ірі табиғи аймақтық кешен құрайды.

Семей өңіріндегі Ертісмаңы жер бедері жазық болып келеді, кей жерлері орманға ұласады. Өзен арнасы биіктігі кей жерлерінде 4-5 метрге жетеді. Семейдің оңтүстігіне қарай Ертісмаңы жер бедері ұсақшоқыларға ұласады.

Көкпекті-Шар ұсақшоқылары абсолюттік биіктігі 500-ден 900 м-ге дейін болатын төбелерден тұрады. Ұсақшоқылардың барлығы өте аз тілімденген. Төбе сілемдері әдетте жазық, жайпақ болып келеді: Семей-Тау (606 м), Дегелең (1085 м), Арқалық (507 м), Делбегетай (730 м), Қандығатай (1025 м) және т. б.

Семей-Тау (биік жері Қарақұс 606 м) Ертіс өзенінің сол жағында, Семей қаласынан оңтүстік батысқа қарай Шаған және Мұқыр өзендерінің арасында орналасқан. Негізінен аласа тау болғанымен онда ені 10 шақырымға дейін жететін гранитті массивтер кездеседі.

Көкпекті-Шар ұсақ шоқылары шығысында ұзындығы мен ені 120 км созылған Зайсан ойпатына жалғасады, ортаңғы бөлігі көлбеу болып келеді де, Зайсан көліне келіп тоғысады. Зайсан көлі теңіз деңгейінен 382 м биіктікте жатыр. Маңайы сазды батпақты тақыр болып келеді. Шығыс жағы құмды.

Зайсан қазаншұңқырынан оңтүстікке қарай Тарбағатай тау жүйесі алып жатыр. Ең биік нүктесі - Тастау 2992 м. Көптеген өзендер бастауын осы Тарбағатайдан алып, олардың бірі Зайсан көліне барып құйса, енді бірі Алакөлге, Сасықкөлге барып құяды.

1. 4 Топырақ жамылғысы

Топырақ - бұл табиғи кешен. Топырақ өте баяу түзіледі. 100 жылда топырақ қалыңдығы бары-жоғы 0, 5-2 см ғана көтеріледі.

Жер бедері мен климатының, топырақ-өсімдік зоналарының барынша алуан түрлілігі бұл ауданның табиғатына ерекше, қайталанбас әсемдік береді. Кең алқапты жерлердің табиғи климаттық жағдайлары сияқты, Шығыс Қазақстан облысының топырақ жамылғысы да әртүрлі.

Оңтүстік беткейінде қоңыр және қара топырақ кездеседі. Онда шөлейт және дала өсімдіктері аралас өседі. Солтүстік беткейінде 600-1400 м биіктік аралығында дала, одан жоғары 2200 м-ге дейін аралас орман, 2400 м-ден жоғары субальпілік және альпілік өсімдіктер тараған. Одан жоғарыда мәңгі қар мен мұздықтар жатыр. Батыс аймаққа ендік бағытта созылып жатқан топырақ зонасы, ал таулы Шығыс аймаққа биіктік белдеуі тән. Облыстың негізгі топырақ түрлері - оңтүстіктегі жазық бөлікте қара топырақ және күңгірт қара қоңыр топырақ тараған, оңтүстікте - ашық қара қоңыр және құба, өзен атырауларында - шалғынды-батпақты топырақтар тараған.

Облыс терістігіндегі біраз аумақты ылғалданған орманды дала зонашасы алып жатыр, негізінен, шайылған орманның сұр топырағы мен шалғынды қара топырақ кездеседі. Бұл зонашада оңтүстікке қарай қара топырақты дала зонашасы жатыр. Бұл суарылмайтын егістік аймаққа жатады. Қара топырақты дала зонасының оңтүстігінде құрғақ және шөлді далалы зона жатыр, оның терістігінде, яғни күңгірт қара қоңыр топырақты зонашада суарылмайтын жаздық бидай егіледі.

Шөлді далалы зонашаның топырақ құнарлылығы төмен, әсіресе оның құрамындағы қарашірік аз, топырақтың көбісі сортаңданған. Бұл қазіргі уақытта негізінен мал шаруашылықты аймақ болып саналады. Құрғақшылық жиі байқалады, яғни төрт жылдың 3 жылы құрғақ болады. Жер асты сулары мұнда 7-10 м тереңдікке дейін барады. Облыс топырағына негізінен, орташа және күшті тұзды сорланған топырақ тән. Тұзды топырақ тараған аудандар: Ұлан, Көкпекті, Күршімнің солтүстік бөлігі, Зайсан Тарбағатай.

Ертіс аңғарында күшті шымдалған, құрамында органикалық заттар көп шалғынды жайылмалы топырақ түзілген. Ертіс аңғарының бір бөлігі шалғынды сортаңды және шымтезекті-батпақты топырақтар. Облыстың топырақ түрлері негізінен қара топырақ, таудың қара топырағы, құба, күңгірт қара топырақ және т. б. (1-кесте) .

1-кесте - Шығыс Қазақстан облысының топырағының түрлері

Топырақ түрлері: Топырақ түрлері
Қарашірінді құрамы, %: Қарашірінді құрамы, %
Қарашірінді қабатының қалыңдығы, см: Қарашірінді қабатының қалыңдығы, см
Топырақ түрлері: Қара топырақ
Қарашірінді құрамы, %: 4-тен 13-ке дейін
Қарашірінді қабатының қалыңдығы, см: 40-120
Топырақ түрлері: Таудың қара топырағы
Қарашірінді құрамы, %: 6-10
Қарашірінді қабатының қалыңдығы, см: 50-80
Топырақ түрлері: Аз және орта қарашірінділі қара топырақ
Қарашірінді құрамы, %: 4-тен 6-8-ге дейін
Қарашірінді қабатының қалыңдығы, см: 50-80
Топырақ түрлері: Күңгірт қара топырақ
Қарашірінді құрамы, %: 3-4
Қарашірінді қабатының қалыңдығы, см: 30-50-60
Топырақ түрлері: Қара қоңыр
Қарашірінді құрамы, %: 2-3
Қарашірінді қабатының қалыңдығы, см: 30-40
Топырақ түрлері: Ашық қара қоңыр
Қарашірінді құрамы, %: 1-2
Қарашірінді қабатының қалыңдығы, см: 16-18, 25-40
Топырақ түрлері: Құба
Қарашірінді құрамы, %: 0, 7-1, 5-2, 0
Қарашірінді қабатының қалыңдығы, см: 10-15, 25-40

Ал таулы алқаптың топырағына келетін болсақ, тау етегіндегі шөлді-далалы аймақтағы ылғал мөлшері жазық аумағындағы шөлді дала зонасына қарағанда әлдеқайда мол. Ылғалданудың орташа мөлшері 250-360 мм. Бұл аймақтың топырағының түсі негізінен сұрғылт түсті. Оның өзі тау етегінде жатқан аймақтардың таулы алқаптан қаншалықты қашықтығына, оған сәйкес түсетін ылғал мөлшеріне байланысты. Ауадан түсетін ылғал мөлшері 500-800 мм. Ылғал жақсы түсетіндіктен шөп жақсы өседі. Топырақтары да құнарлы, негізінен қара қоңыр топырақ пен қара топырақ. Аймақ таулы жыралы болғандықтан, жаппай егістікке қолайсыз, сондықтан көп жері табиғи мал жайылымы, шабындық ретінде де пайдаланылады. Бұл аймақта суарылатын және суарылмайтын жеміс ағаштары, бұталар өседі. Орташа таулардағы шалғынды орман зонасы аласа таулы зонасынан жоғары жатыр. Бұл аймаққа түсетін ылғалдың жылдық мөлшері 850-900 мм. Топырағы - құнарлы, қара топырақ. Жер негізінен жайлау мен шабындыққа қолайлы.

1. 5 Климаты

Облыс климаты тұтасымен шұғыл континентальды, климаттың әртүрлілігі ландшафттың орографиялық құрылымының күрделілігіне байланысты.

Шығыс Қазақстан облысы батыс-шығыс ауа массаларының тасымалымен ерекшеленетін қоңыржай климаттың оңтүстік жартысында орналасқан. Облыс аумағы қоңыржай және аз ылғалданған, ал тау сілемдері биіктеген сайын ылғал жоғарылайтын зонаға жатады.

Облыс аумағы бойынша күн радиациясынының жиынтығы солтүстіктен оңтүстіккке қарай өзгеріп отырады және солтүстікте жылына 108-110, Бұқтырма, Шу, Шаған өзендерінің орталық аңғарында 122-124, ал оңтүстікте 134-135 ккал/см 2 .

Ертіс маңы мен тауалды жазықтарында қаңтар айының орташа температурасы -17-ден -22 0 С, тау сілемдерінде -13-15 0 С, тау қазаншұңқырларында -24-27 0 С нөлден төмен. Облыстың солтүстігінде аязды күндер -40-55 0 С (бұл көрсеткіштер қаңтар 1969 ж., қараша 1987 ж., қаңтар және ақпан 2001 ж. болған) .

Ал жаздағы ең жылы аймақ - Зайсан және Алакөл қазаншұңқырлары: шілде айының орташа температурасы +23, ал абсолютті жоғарғы температура +42 0 С (Бахты метеостанциясының мәліметі бойынша) . Облыстың ең жылы аймағы Кенді Алтай тау сілемдері болып тіркелген (Лениногор метеостанциясы) қаңтар айының орташа температурасы -12, 7 0 С.

Ал жазда Ертісмаңы, Көкпекті, Шар ұсақшоқыларының Алтай тауалды жазықтарында орташа ауа температурасы +18 . . . +23 0 С, тау сілемдерінде +16 . . . +18 0 С, тау қазаншұңқырларында +14 . . . +16 0 С құрайды. Абсолютті максимум +40 . . . +43 0 С құрайды.

Шығыс Қазақстан аумағының атмосфералық жауын-шашын көрсеткішінің жылдық жиынтығы Зайсан және Алакөл қазаншұңқырларының орталық бөлігінде 119-дан 220 мм-ге дейін өзгереді, ал Көкпекті-Шар ұсақшоқылары мен Ертісмаңы дала зонасында 200-280 мм. Кенді Алтайда - 300-450, биік тауларда 2000-2500 мм, Оңтүстік Алтайда - 1200-1500 мм.

Шығыс Қазақстанның ең ылғалды ауданы Кіші Үлбі өзенінің аумағы, мұнда жылдық жауын-шашын 1500-2000 мм және одан да жоғары. Гидрометеоқызметінің байқауы бойынша 1979 ж. (өте ылғалды жыл) жауын-шашын мөлшері 4000 мм болған.

Екінші жауын-шашын көп түсетін аудан Оңтүстік Алтай. Тау бағыты бойымен Ертіс аңғарына қарай жауын-шашын шұғыл азаяды. Тек қана Бұқтырманың орта ағысында жауын-шашын 400 мм құрайды. Шамамен Қалбаның жоғарғы бөлігі мен шығысында жауын-шашын 700-800 мм, ал тауалдында 300-400 мм төмендейді [] .

1. 6 Су қоры

Шығыс Қазақстан облысы өзен, көлдер мен жер асты суларына өте бай. Оңтүстік Алтай тау жүйесін мұздықтардың орталығы десе де болады. Су жүйелері климатпен және басқа да табиғат компоненттерімен тығыз байланысты және соларға бірден-бір әсерін тигізеді. Қазақстандағы су қорының 40 %-дан астамы осында шоғырланған.

Шығыс Қазақстан өзендері Солтүстік Мұзды мұхит пен ішкі ағынсыз Балқаш-Алакөл бассейніне қарайды. Су жүйелерінің көптігі табиғат жағдайларына: жер бедеріне, климатқа, өсімдіктерге байланысты.

Су кадастрының мәліметі бойынша Шығыс Қазақстанда 1200 өзен, оның 885-нің ұзындығы 10 км-ден 100 км-ге дейін және 20 өзеннің ұзындығы 100 км-ден жоғары деп саналады.

Облыстың негізгі су артериясы - Ертіс өзені. Ол облыс аумағын оң жағалауға және сол жағалауға бөледі. Ертіс өзіне көптеген салаларды қосып алады. Олардың ішінде мейлінше суы көп оң жақ салалары бастауын негізінен Қалба және Шыңғыстаудан алады. Олар ұзындығы бойынша өте ұзын емес -Қайыңды, Песчанка, Таинты, Ұлан, Қызылсу, Шар, Мұқыр, Шаған және басқалар.

Облыстың оңтүстік бөлігіндегі негізгі су жүйелері Бақанас, Аягөз, Үржар, Емел. Олар бастауын Батыс Тарбағатай мен Оңтүстік Шыңғыс жоталарынан алады да, Балқаш, Алакөл, Сасықкөл, Ұялы көлдеріне барып құяды.

Ертіс өзені қайнар бастауын батыс Моңғол Алтай тау сілемдерінен (2500 м) алады, ол онда Қара Ертіс деп аталады. Қара Ертіс Зайсан көліне келіп құяды да шыққан жерінен Ертіс деп аталады. Өзеннің ұзындығы облыс аумағында шамамен 1311 км, ал ені - 120-150 м. Өзен ағыны үш су электр станцияларының (Өскемен, Бұқтырма, Үлбі) платиналарымен реттеліп отырады. Ертіс көктемгі-жазғы тасқын суларымен қоректенеді. Ертістің барлық оң жақ ірі салалары бастауын Алтайдың биік жоталарынан алады.

Бұқтырма - Ертістің ең үлкен саласы, ұзындығы 405 км. Бұқтырма бастауын өзеннің қоректенуі үшін маңызды рөл атқаратын Оңтүстік Алтайдағы Бұқтырма мұздығынан алады. Бұқтырма өзенінің салалары: Ақ Берел, Черновая, Сарымсақты, Чермоика және т. б.

Ертістің сол жақ салалары бастауын Қалба жоталарынан алады. Қалба жотасының су жүйелері көп емес, жаздың екінші жартысында таязданады. Олар: Қызылсу, Қанай, Ұлан және т. б. Қалбаның оңтүстік батысында Шар өзені ағып жатыр. Қалбаның оңтүстігінде Зайсанға келіп құятын өзендер: Үлкен Букань, Қарабұғы, Базар және Көкпекті, Ащысу, Шаған, Кулуджун.

Аягөз өзені - Балқашқа келіп құяды, жалпы ұзындығы 325 км, салалары негізінен Тарбағатай жотасынан басталады. Өзен солтүстік-батысқа қарай ағады да, сосын тік бұрылыс жасап, өзінің салаларымен - Нарым, Батпақ, Айғыс және т. б. оңтүстік-шығысқа қарай ағады.

Көлдері. Шығыс Қазақстан облысында 2000-ға жуық көл бар деп саналады, оның 1003 көлінің аумағы 1 гектардан жоғары деп есептеледі. Ірі көлдері - 18. Облыс аумағында олар әркелкі орналасқан, көбісі солтүстікте орналасқан, ірілері - аңғарлар мен тау араларындағы ойыстарда, оңтүстік бөлігінде орналасқан. Тауларда кішігірім өзен өте көп. Тереңдіктері - 2 м-ден 20 м, кейбіреулері 30 м дейін. Алакөл - 54 м, Ульмеис - 38 м, Рахман - 30, Марқакөл - 27 м.

Облыстың ең үлкен көлі - Зайсан. Ертеректе көлдің атауы әртүрлі болған. 280 жылдай бұрын ол Қызыл-Пу, одан кейін - Корцан, Теңіз, Нор-Зайсан болып аталды. Балқаш-Алакөл қазаншұңқырының ірі көлдері: Алакөл, Сасықкөл, Жалаңашкөл [] .

Алакөл көлі - ең төмен бөлігі теңіз деңгейінен 347 м биіктікте орналасқан. Көлдің ұзындығы 104 км, ені 52 км, орташа тереңдігі - 22 м, ең терең жері - 54 м. Көл тұзды болып келеді. Жағалары түбектермен, шығанақтармен, мүйістермен тілімденген. Көлге 15-ке жуық өзендер келіп құяды. Олардың негізгілері: Үржар, Қатынсу, Емел және т. б.

Марқакөл көлі - Оңтүстік Алтайда орналасқан. Марқакөл ойысының ең терең жерінде Күршім және Азутау жоталарының арасында. Көлемі - 455 км 2 , ұзындығы 38 км, ені 19 км, жағаларының ұзындығы - 106 км, теңіз деңгейінен 1449 м биіктікте жатыр.

1. 7 Өсімдігі және оның таралу зонасы

Шығыс Қазақстан облысының флорасы өте бай және өсімдіктер дүниесінің көптігімен ерекшеленеді. Мұны табиғат жағдайының әртүрлілігімен түсіндіруге болады. Солтүстік және батыс тау етектерінің 400-700 м биіктігінде шалғынды әртүрлі өсімдіктер мен астық тұқымдас өсімдіктер өседі, ал 1200-1700 м биіктікіе жусанды бетегелі дала алып жатыр. Топырағы негізінен қара және қара қоңыр топырақ. Мұнда жалпақ жапырақты орман өседі. Орталық және Оңтүстік ауданда 2200-2500 м биіктікте қылқан жапырақты ормандар өседі. Одан жоғары биік таулы альпілік белдеуде субальпілік бұталар мен шалғындар, одан әрі таулы тундра, жартастар, тас қорымдар, қар мен мұздықтар алып жатыр. Тау беткейлерінде қара топырақ, одан жоғары күлгін топырақ тараған. 700 м-ден жоғары қарай астық тұқымдас шалғын шөптер мен қылқан жапырақты ормандар басталады. Субальпілік және альпілік шалғындар көбінесе таулы аудандарға тән. Өсімдіктердің ішіндегі ең маңыздысы дәрілік шөптер: итмұрын, қайың, емен тағы басқа шөптер.

Облыста сонымен қатар, біздің заманымызға дейін сақталып келе жатқан, ежелгі реликті өсімдік түрлері де бар. Оларға: Сібе көлінің маңында өсетін (Қалба жотасы) сібір кривокучнигі, тәтті жапырақты астрагал - қазіргі уақытта Үлбі, Үбі және Бұқтырма өзен алабтарыннда, тау сілемдеріндегі бұталар арасында кездеседі; алтайлық қасқыржидек - орманды субтропикалық флораның реликті өсімдігі. Су өсімдіктері реликтісінен - зайсандық жаңғақ, ол Қара Ертіс жайылмасында және Зайсан көлінде кездеседі.

Адам шаруашылығы қызметінің әсерінен және жекелеген орман өрттерінің әсерінен соңғы 150-200 жылда қарағайлы орман жалдарының ауданы адам сенгісіздей қысқарды. Қарағайлы орман жалдарында негізінен өсімдіктердің реликті бареалды түрлері: ит бүлдірген, қара жидек, солтүстік линнея, дөңгелекжапырақты алмұрт қана сақталып қалды [] .

Шығыс Қазақстан облысының флорасында көптеген бағалы, пайдалы, дәрілік өсімдіктер көп. Бұлар жем-шөпті: түлкіқұйрық, қара бүлдірген жиынтығы, қылтанақсыз костер, орақ тәріздес жоңышқа, шалғынды беде және әртүрлі шөптердің басқа түрлері; эфирлі майлардан: хош иісті зизифора, кәдімгі жалбыз, сібір тас шөбі және т. б. ; дәрілік өсімдіктерден: қылша, кәдімгі өгейшөп, құмды өлмес шөп, қызғылт семізот және басқалары; тамақтық өсімдіктерден: қара қарақат, биік қарақат, кәдімгі таңқурай, алтайлық пияз, рауғаш және т. б. ; витаминді өсімдіктерден: итмұрын, кәдімгі қарағай, жасыл қой бүлдіген, қара қарақат және т. б. ; балды өсімдіктерден: кәдімгі киікоты, кішкене жапырақты иван-шәй, татар ырғайы, қызыл тал және т. б. тараған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шығыс Қазақстан облысының экономикасы
Алматы облысының мал шаруашылығын картографиялау
Географиядан проблемалық оқытудың белгілері
Жамбыл облысының рекреациялық картасын құрастыру
Төрттік шөгінділердің орташа күштілігі 1200 метр
Материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы
Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылықта пайдаланатын жерлеріне әсер ететін физикалық- географиялық факторлар
Ақмола облысы туралы жалпы мәліметтер
Іле өзенінің алабында
Алакөл аумағының геоэкологиялық картасын құру
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz