Эллинизм өнері



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 9 бет
Таңдаулыға:   
Эллинизм өнері

ӨНЕР ТАРИХЫ

Эллинизм өнері
Бүгінгі дәрісімізде Ежелгі антикалық Грек өнерінің ақырғы сатысы саналатын Эллинистік мәдениетпен таныстығымызды бастаймыз. Эллинизм мәдениеті мен өнері Александр Маке- донский есімімен байланысты. Әкесі Филипп ІІ Македонский дүниеден өткеннен кейін таққа қол жеткізген Александр өз мемлекетінің, жаңа мемлекеттің құрамын мейлінше қарқынды түрде кеңейтумен болады. Үздіксіз, аяусыз жүргізілген соғыстар нәтижесінде жаңа мемлекеттің құрамына Ежелгі Мысыр, Қосөзен, Пенджаб, сонымен қатар Грекия, Кіші Азия халықтары мен облыстарының көп бөлігі кіреді. Александр Македонский тек қана соғыс әрекеттерін жүргізумен ерекшеленген жоқ. Тарихи деректер, Александр Македонскийдің мәдениетке, өнерге ерекше қолдау көрсеткенін, оның дамуына өзіндік үлесін қосқанын дәлелдеп берді. Мысалы, Александр Македонский өзінің жеке портреттік бейнесін тек қана бір суретшіге табыстаған. Ол Апеллес есімді мүсінші еді. Сонымен қатар, Александр Македонский өз сарайының маңына ең мықты, өз уақытында танымал деген суретшілерді де жинақтаған. Солардың ішінде Леохар, Лисипп есімді де мүсіншілердің болғаны белгілі. Александр небәрі 33 жасында дүниеден озады. Ол Арабияға да әскери жорығын жоспарлап қойған болатын. Македонский құрған алып империя оның ізбасарлары мен қолбасшыларының иелігіне бөлінеді. Осылайша Грекия территориясында қалыптасқан, күрделі шығыстық мәнерімен қайта жаңғырған өнерді эллинистік өнер деп айтамыз.

Эллинистік өнер грек классикалық өнерін бірізді жалғастырушы, содан қайта жанданып, жаңғырушы өнер ретінде белгілі. Эллинистік өнерден бізге дейін мүсіндік туындылар көп жетті. Антикалық кезеңдегі классикалық мүсіндік туындыларды қарасақ та, эллинистік кезеңдегі мүсіндік туындыларды қарасақ та түпнұсқа күйінде жеткендері өте аз. Бізге дейін тек Римдік көшірмелері ғана жетті. Өйткені, Рим Грек территориясын басып алғаннан кейін ең тамаша туындылардың барлығын дерлік Римге көшіріп әкеткен еді. Эллинистік кезеңдегі мәдениеттен бізге дейін Скопос, Пракситель, Леохар, Лисипп сынды мүсіншілердің есімдері кең танымал.

Эллинистік мүсіншілер өз шығармаларында қола материалын өте жиі пайдаланатын. Алайда мәрмәрға адалдық танытып, өмірінің соңына дейін мүсінді осы мәрмәр тастан қашап жасаған мүсіншілердің бірі - Скопос болды. Скопос Парос аралында дүниеге келеді. Шығармашылығы да осы Парос аралымен байланысты болды. Парос өте аппақ, сүттей таза мәрмәр шығаратын мекен еді. Дәл осы жерде Скопос шығармашылығы Паростық мәрмәрмен байланысты болды. Скопос алғашқылардың бірі болып, өзінің мүсіндік туындыларында мүсін кеңістігін мүсінге бағындыра білді. Мүсіндік туындылар енді тек алдынан немесе бір жақ жанынан қарауға негізделмеген. Олар айналып көруге және күрделі динамикалық қозғалысқа бағытталған еді. Скопос Александр Македонскийдің қарамағында жұмыс жасайды. Сонымен қатар Тегея және Галикарнас қалаларында өз шығармашылығын дамытады. Тегея қаласында ол Афина Алейге арналған ғибадатхана құрылысына сәулетші және мүсінші ретінде араласса, Галикарнас кесенесінде де дәл осындай қырын паш етеді. Бұл кесенелерде ол жалпы ғибадатхананың жоспарын сызумен, оның негізгі құрылымдық жүйесін анықтаумен қатар, франтондар мен метоптардағы негізгі композициялық мүсіндік топтамаларды жасауға да үлесін қосады. Өкінішке қарай, алапат өрт бұл туындыны бізге дейін жеткізбеген.

Скопостың шығармашылығында ерекше тоқталып өтуге болардық туындылардың бірі - Менада мүсіні. Мүсін жұмыр және динамикалық қозғалысқа негізделген. Мүсінді жан-жағынан айналдырып қарауға болады. Өйткені бұл жерде Менада Вакхтың жанкүйерлерінің бірі. Ол Вакх мерекесі кезінде сол Вакхтың әуеніне елітіп билеп жүрген нимфа ретінде көрініс тапқан. Оның қасында кішкене лағы болған деседі. Өкінішке қарай, бізге Менаданың басы мен тек қана дене, яғни торс бөлігі жеткен. Қалған қол-аяқтары сынып, бізге дейін жетпеген. Тіпті мүсіннің сол қалған қалдық бөлігінің өзінен Скопос өмірге деген құштар керемет бір әсерді жеткізеді. Билеп жүрген қыздың нәзік қозғалысы, оның би әсерімен тоқтай алмай алға қарай құлшына басқан әрбір қадамы қазір жүріп, тербетіліп, билеп кетердей әсер қалдырады. Дене бітімін матаның қыртыстарын өте нәзік ете отырып, айқын көрсетеді. Осылайша Скопос шығармашылығы мүсінші мен көрермен, кеңістік пен мүсін арасындағы байланысты орнатып, біржақты қабылдау заңдылығын бұзған болатын. Скопос б.з.д. ІV ғасырда Галикарнас кесенесін безендіру барысында император Мавсол ІІ мен оның әйелінің керемет толық тұлғалық мүсінін жасайды. Бұл мүсін бізге дейін аянышты халде жетті. Дегенмен мүсіннің өн бойынан біз мүсіншінің асқан шебер, өз ісінің маманы екенін байқаймыз.
Эллинистік кезеңдегі әйел дене бітімінің сұлулығын мейлінше жіті жырлаған мүсіншілердің бірі - Пракситель. Өз заманында оны әйел сұлулығының ақыны деп те атаған болатын. Пракси- тель мүсіншілер отбасында дүниеге келген. Оның атасы, әкесі де мүсінші болды. Пракситель сол жастайынан мүсіншілер отбасында, шеберханада тәрбиеленгендіктен, кейіннен өзінің екі ұлын да осы мүсіншілікке баулиды. Праксительдің өмірдерегін, өмірбаянын жеткізген әртүрлі деректерде оның шығармашылығын ғашығы Фринамен байланыстырғанын айтады. Фрина өте сұлу, көңілді әйел болған екен. Сондықтан да Пракситель барлық әйел мүсіндерінің моделінде дәл осы Фринаны пайдаланады. Б.з.д. 364 - 350 жылдары Пракситель Кіші Азияға сапар шегеді. Осы сапары нәтижесінде ол Афродитаның жалаңаш мүсінін жасап шығады. Пракситель енгізген үлкен жаңалық - ол алғаш рет жалпы әйел бейнесін жалаңаш сомдауында болды. Тіпті, кейбір ақындардың жазған деректерінде Афродитаның сөзімен Мені Пракситель қай кезде жалаңаш көріпті деген де бір тіркестер кездеседі. Дәл осы Афродитаның бейнесіне де Фринаның модель болғаны белгілі. Пракситель Афродита бейнесін сомдауда, оны жалаңаш бейнелеуде оның қазір, біраздан кейін суға түсер сәтінен тарқатады. Осылайша киімін амфораның үстіне қойып, сәл ғана алдыға еңкейіп оң қолымен әурет жерін жауып, суға түскелі жатқандай әсер қалдырады. Оның өн бойынан ерекше үндестікті, үйлесімді, сәл ғана ойға шому сәті мен мінсіздікті көре аламыз. Пракситель сомдаған Афродитаның жалаңаш мүсінін Книд аралдарының халқы сатып алады. Кейіннен дәл осы мүсін Книд аралының асыл қазынасына айналады. Өйткені жыл сайын тек мүсінді ғана көру үшін Грекияның түпкір-түпкірінен келген адамдар, дәл осы мүсін орналасқан жерді мінәжат орнына айналдырады. Осылайша, мүсін тек Книд аралдарында ғана емес, бүкіл әлемге танымал болады. Патша Никомет І мүсінді сатып алу жөнінде Книд халқына ұсыныс тастайды. Ақысына Книдтіктердің есепсіз қарызын кешіруге уәде береді. Книд халқы бұл ұсыныстан бас тартып, мүсінді өз аралдарында қалдырады. Осылайша тарихта Афродита мүсіні Книд Афродитасы деген атаумен қалады. Афродита мүсінінде Пракситель ежелгі классикалық мүсін үлгілеріне жүгінеді. Мүсін тек қана алдынан қарап қабылдауға арналған. Күрделі бұрылымдарды қозғалыстар мен қиылыстардан бас тартып, мүсінді тек қана үндестікке негіздейді. Осылайша біз Афродитаның мүсінінен ерекше сабырлы, салмақты әсем әйел бейнесін көре аламыз.

Пракситель әсем, әдемі, сұлу әйел мүсіндерін сомдаумен қатар, грек мифологиясында танымал ер құдайлардың да мүсінін бейнелейді. Солардың ішінде ең танымалы Гермес пен сәби Дионис мүсіні. 1877 жылы неміс археологтары жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде қоқыс үйінділерінің астынан осы мүсін композициясы табылады. Оның қол-аяқтары сынып, бізге өте нашар күйде жетеді. Реставратор мүсіншілердің тыңғылықты еңбегінің нәтижесінде мүсін қайта қалпына келтіріліп, оның мазмұны да талқыланады. Грек мүсіншілері негізінен сюжетке, мазмұнға көп тоқталмаған. Мүсін сомдау барысында ол негізінен аллегориялық кейбір элементтерге, детальдарға тоқтала отырып, бейнеленуші кейіпкердің негізгі қызметін айқындауға баса назар қояды. Гермес Гераның қаһарына ұшыраған Дионисті оның зұлымдығынан құтқару үшін алып ұшып, бір сәт дамылдап тұр. Сәби Дионисті алдарқату үшін оған жүзім беріп, оны өзінің басынан асыра көтеріп, баланы алдап тұр. Осы арқылы тіпті мүсіннің өн бойынан, сол жүзімді Диониске ұсыну арқылы біз Дионистің негізгі қызметі қандай болатынын да байқаймыз. Гермес өте нәзік, жеңіл әсерлі сомдалған. Есесіне Дионис мүсіні дөрекі, тұрпайырақ сомдалған болатын. Бұл грек мүсіншілерінің әлі де болса сәби бейнесін сомдаудағы шеберліктерінің, тәжірибелерінің аздық еткені болса керек.

Ежелгі антикалық мүсіншілердің шығармашылығына жақын болған тақырыпты біз Аполлон Савроктон мүсінінен көреміз. Аполлон грек мифологиясында екі түрлі қызмет атқарады. Біз оны күн құдайы ретінде жақсы білеміз. Бұл оның жақсы жағы, өйткені ол нұр сыйлайды, күн түсіреді. Сол арқылы өмірді түрлендіреді. Жақсы көңіл күйге бөлейді. Ал оның жасырын, астыртын екінші қарама-қарсы түрі бұл оның ай бейнесімен байланысты болуында. Ай түнде шығады, осыған байланысты оның қараңғы жағы да айқындалады. Пракситель дәл осы Аполлон Савроктон мүсіні арқылы бір кейіпкердің бойынан екі жақты қасиетті көрсеткісі келеді. Ал оның кейіпкері мінсіз құдайдың өзі еді. Аполлон ағашқа өрмелеп бара жатқан кесірткеге қарап тұр. Савроктон грек тілінде кесіртке деген мағынаны білдіреді, яғни Аполлон кескірткені өлтіру арқылы өзінің екінші қараңғы қайшылықтағы қасиетін айқындап, оны жоюға тырысқан. Өзінің тек қана жақсы жағын ғана қалдырғысы келетінін мүсінші өте нәзік астарлап жеткізеді.
Аполлон Савроктон мүсіні Пракситель шығармашылығының алғашқы кезеңінде жасалса, керісінше Демалып тұрған Сатир мүсіні ең соңғы кезеңінде сомдалады. Жалпы Пракситель дамылдаған сәттің, сәл ойға шомған кезді бейнелеудің шебері болатын. Осындай әдістер арқылы ол мүсінді әдебилікке жақындатып, оны баяндауды, тарқатуды күшейте түседі. Антикалық мифтерден білеміз, Сатир құбыжық адам-жануар бейнесіндегі кейіпкер. Ол әдетте, жылқы құйрықты, ешкі сирақты, құлақтары ұзын, өзі жүндес түктес болып денесінің жоғарғы бөлігі адам кейпінде сипатталатын. Ол үнемі орманда жүретін, жабайы болатын және флейтада ойнайтын. Праксительдің осы ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Грек философиясы мен мәдениеті
Грек тарихнамасы
Эллинизм
Ежелгі Грекия мен Рим мәдениеті туралы
Антика мәдениеті жайлы
Ежелгі Грекия мен Рим мәдениеті туралы
Зерттеушілердің еңбектеріндегі А.Македонскийдің соғыс жылдары
Антикалық философияның қалыптасуы мен өзіндік сипаты
Антикалық дәуірдің философиялық ізденістеріндегі ғылыми білімнің жүйеленуі
Антика мәдениеті
Пәндер