Ерте ортағасырларды Қазақстан



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 15 бет
Таңдаулыға:   
Ерте ортағасырларды Қазақстан тарихында түркі дəуірі деп те атайды. Бұл кезеңде Еуразиялық Ұлы дала түркілердің басшылығымен бірігіп, бұрын-соңды болмаған эносаралық коммуникациялық байланыс жүзеге асырылды. Түркілер Жерорта теңізі мен Тынық мұхиты арасындағы алып территорияны жайлап, Ұлы Жібек жолын қадағалап, халықтар мəдениеттерінің өзара араласуына жол ашты. Оңтүстік Сібір, Орта жəне Орталық Азия мен Шығыс Еуропаны мекен еткен түркі тілдес тайпаларды біріктірген Түрік қағанаты өзіне дейін өмір кешкен сақ, ғұн, қаңлы, үйсіндердің мемлекеттік дəстүрін бойына сіңіре отырып, көшпелі қоғам мен отырықшы мəдениет ерекшеліктерін біріктірген жаңа сапалық деңгейдегі мемлекет құрды. Біздің заманымыздағы І мыңжылдықтың орта шенінен бастап Ұлы даладағы этникалық-саяси жағдай өзгерді. VI ғасырдан бастап сақтардың, үйсіндердің, ғұндардың уақыты өтіп, түркі дəуірі басталды. Яғни, Тынық мұхитынан, Солтүстік Монғолия далаларынан жəне Алтай тауларынан, Қазақстанды басып өтіп, Қара теңіздің жағалауына дейін түрік халықтары өсіп-өркендеді. Сол кезден бастап Орталық Азияның ұлан-байтақ аумағы, соның ішінде Қазақстан да ертедегі түріктердің қуатты этникалық-мəдени қауымдастығының өресіне енді. Бұл аумақ ауқымында түрік тайпалары үшін ең белсенді тарихи орталық Алтай болды. Шамамен алғанда, б.з.б. V ғасырда Ашина əулеттік руының өмір сүруі кезінен одан əрі солтүстік-батысқа қарай қоныстанып, Оңтүстік Сібірдің көп бөлігін, Қазақстанды, Орта Азияның солтүстік жəне шығыс бөлігін, Еділ бойын, Шығыс Еуропаға дейін қамтыған көшпелі түріктердің негізгі көпшілігі сол жерден шыққан .
Бұл орасан-зор территорияны 30-дан астам түркі тектес тайпалар мекендеді. Бұдан біз халық санының көп болғандығын көреміз. Халық санының көптігі жəне дүниетанымында əлемнің төрт бұрышын игеруге деген талпынысының зор болғандығынан түркілердің ширақ қимылдап, дүние тарихында өте маңызды рөл атқаруға мүмкіндік жасады. Түркі халықтарының осы орасан зор кеңістік пен ондағы ауа райы туралы түсінігі жоғары болды. Оған себеп -- олар климаттық жағдайға орай шаруашылығын жүргізді. Жат елдермен сауда-саттық жасады, мал жəне тауармен қатар, ой алмастырды, сол орайда өздері де игіліктерге ие болды. Жаугершілік болған кездері олардың айлатəсілдерін, күш-қуатын бағамдады . Түркілердің құрыш сауытты, көк найзалы қуатты атты əскерінен көршілері үнемі сақтанып отырды. Дəстүрлі түркі дүниетанымының дəуірлеп тұрған кезінде, яғни түркі мемлекеттілігінің империялық дəрежеге жеткен тұсында, түркілер бүкіл əлемді билеуге өздерін ғана құқылы санап, оны түркілер -- Тəңірінің сүйікті жаратылысы деген діни түсініктің аясында мойындаған .
Кей жағдайларда түркілер саяси өзгерістердің ықпалымен өздерін билеген басқа да əмірші əулеттердің қарамағында да өмір сүріп жатты. Соған қарамастан, түркілердің дүниетанымында ортақ мəдениеттің, тіл, əдет-ғұрып, дəстүрдің бірлігі берік сақталды. Əсіресе Алтай көшпенділердің мекен етуі үшін, мəдениеттің пайда болуы мен дамуы үшін мейлінше қолайлы жағдайлар туғызды. Темірдің Алтайда өндіріліп, өңделуі, түркі суперэтносы мен этносының отаны Алтай болғаны бекерден бекер емес . Түркі қағанатының құрылу қарсаңында мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы үшін қажетті құрылым ретінде өз діни-идеологиялық жүйесі болды. Ұлы ғұн империясы ыдыраған соң бірнеше ғасырлық үзілістерден соң олардың мұрагерлері түркілер өз тарихында болып өткен мемлекеттілікті, империялық заманды аңсап, қайта қалпына келтіруге тырысты. Ғұн мемлекеті ыдырағанымен, оның мемлекеттік дəстүрлері із-түзсіз жоғалып кеткен жоқ.
Түркі қағанаты ғұндар тұсында қалыптасқан көшпелілерге тəн дəстүрлі мемлекеттік жүйені мұраға алды. Ұлы даладағы біртұтас мемлекеттің негізін қалаған түркі тайпаларына ғұндардың бір тіл мен мəдениетке, бірыңғай этникалық сипатқа ие тайпалармен қатар, əртүрлі этникалық, шаруашылық текке ие халықтар мекен ететін ұлан-байтақ территория ғана емес, мемлекет құрылымына негіз болған, əлі толық пісіп-жетілмеген, бірақ даму жолындағы билік жүйесі жəне дəстүрлі дүниетанымы қалды . Түркілердің алдында енді осы мұраға қалған дəстүрді жетілдіріп, дамыту міндеті тұрды. Бұл туралы С.Г.Кляшторный: Ғұндар емес, олардың мұрагерлері - түркілер Орталық Азияға тəн шаруашылық типтердің, саяси ортақтықтар мен мəдени дəстүрлердің қалыптасуына шешуші ықпал етті, -- деген пікірінің жаны бар . Жалпы алғанда, түркілердің дүниетанымының бастауы сақтар, үйсіндер мен ғұндардың дəуірінен тарихи сабақтастықпен жалғасып келді. Түркілердің тұрмысы, ойлау мəнері, сенімнанымдары, əлемге көзқарасы, салт-дəстүрлері Ұлы даланың өміріне сəйкес қалыптасты. Л.Н. Гумилев: Дəстүрлі түркілік дүниетаным материалдық құндылықтардан гөрі, ата-бабалар өмірі мен олардың ерліктері туралы ұрпақтан ұрпаққа берілген рухани құндылықтарға жəне сөзге негізделген, сомдалған, -- деп баға береді [5; 145]. Байырғы түркілердің өз қолымен жазып қалдырған Орхон бойындағы Білге қаған, Күлтегін, Күлі-чор, Тоныкөк, Ел-етміш білге қаған есекерткіштерінің мəтінінде Түркі қағанатының мемлекетіне, атқарушы үкіметіне, ел басқару əкімшілік жүйесіне, əскери ісіне, оның құрылымына түркілердің дүниетанымына байланысты деректер мол . Түркі əлемінің дəстүрлі дүниетанымы неден жəне қалай қалыптасты деген сауалға келсек, оны рухани мəдениеттің қалыптасуы жəне қайта жаңғыру құбылысымен тұтастықта қарастыру қажет.
Түркілердің орасан-зор аймаққа еркін таралып, қоршаған ортаны жылдам игеруінің өзі олардың əлем туралы дүниетанымың кең болғандығынан екені белгілі. Түркілердің дəстүрлі дүниетаным жүйесі мынадай негізгі ұғымдарды біріктірді:
1) Тəңірі -- түркілердегі Жаратушы, жарылқаушы, бақылаушы жəне жауап алушы Құдай.
2) Жер-Су -- түркілердің Тəңірі берген Отаны, өмір сүру кеңістігі, мекені.
3) Ұмай -- əлемнің əйел бастауы, балалар мен əйелдердің жебеушісі, қолдаушы.
4) Құт -- Тəңірінің түркілермен бірге оларға арналған несібесі, үлесі, өмірлік күш-қуаты немесе қолдаушысы .
Міне, осы негізгі наным-сенімдер мен діни ұғымдар түркі мемлекеттілігінің қалыптасуына, түркі қоғамындағы қоғамдық-əлеуметтік қарым-қатынастарды реттеуге, қағанаттағы сыртқы-ішкі істерді дұрыс ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралардың шеңберін белгілеп берді . Аспанға көз жіберген ежелгі түркілер өмірді өзінің дүниетанымдық кеңістік тұрғысынан қалыптастырған. Ол тік кеңістіктің үстіңгі бөлігін Тəңірі əлеміне жəне өзінің орталық əлеміне -- Жер мен Суға бөлді, осылардың бəрінің жиынтығын тіршілік ету көзі деп қарады. Онда Жер мен Тəңірге табынушылық осы нанымда басты орын алады. Олар Тəңірі мен Көк аспанды бір ұғымда қарастырып, сыйынды . Тəңір -- байырғы түрік халықтарында аспандағы Құдайдың аты. Бұл ұғым Хунну (Сюн-ну, Гун) дəуіріне дейін орнығып (б.з.б. ІІІ ғасырға дейін), кейіннен осы көшпелі Ұлы дала империясының идеологиясына айналып, кейінгі түркі империяларына да идеологиялық алтын қазық болғаны қақ. Бұл жайында қытай деректерінде хуннулардың билеушілерін Танг-ли күтү (Тəңіріқұты), Тəңірі текті Шаньюй (Мао-тун) деп ұлықтағанын білеміз. Тəңірі сөзін алтай текті халықтардың ішінде кең таралуына қарап-ақ осы сөздің түптөркінінің қаншалықты алысқа кетерін болжау қиын емес. Тəңірі сөзін: алтайлықтар - тенгри, тенгери; монғолдар - тэнгэр; шорлар - тегри; хакастар - тигир, тер; чуваштар - тура; сахалар - тангара; буряттар - тэнгэри; тувалар - дээр; қалмақтар - тэнгер деп атаған . Түркілерде бір Тəңір ұғымы болғандығын ортағасырлық араб жəне парсы саяхатшылардың еңбектерінде көрініс тапқан. Х ғасырда араб географы Əл-Макдиси Орталық Азиядағы түркілердің наным-сенімі туралы былай деп жазады: Түріктер бір Тəңірі, яғни Репозиторий КарГУ Н.Б. Смағұлов, А. Ташағыл 42 Вестник Карагандинского университета Тəңір біреу, -- дейді. Олардың кейбіреулері Тəңірі дегеніміз -- зеңгір көктің атауы деп пайымдаса, ал енді біреулері Тəңірі деген -- көктің нақ өзі, дейді .
Бұл сенім жүйесінде Тəңір ең жоғарғы болмыс саналды. Соғыста түркілер үшін келген жеңіс пен сəттіліктер Тəңірдің қалауымен келеді деп сенді. 682 жылы Тан империясына 50 жыл бойы бағынышты болған түркілер, тəуелсіздік үшін көтеріліске шыққан кездегі қолжеткізген жақсылықтарын Тəңірі қолдап шықты деп сенеді. Бұл Тəңіршілдік түріктердің басты дүниетанымы болды. Бұл мəтін Күлтегін ескерткішінде былай жалғасады: Сол кезде жоғарыдағы Түрік Тəңірісі, Түріктің киелі Жері, Суы былай депті: Түркі халқы жойылмасын деп, ел болсын деп əкем Елтеріс қағанды, шешем Ел білге қатынды Тəңірі төбесіне тұтып, жоғары көтеріпті. Ежелгі түркілердің сенімі бойынша, түріктердің ел болуы мен қағанат құруы жəне қағанның жіберілуі Тəңірінің қалауы бойынша іске асқан болып есептеледі. Дəстүрлі түркі дүниетанымында Тəңірі -- ұлы құдірет иесі. Ол ұлыстың қорғаушысы. Тəңірі түрік халқының азаттығына, тəуелсіздігіне көңіл бөлді. Қағанат билеушілері мен идеологтары Тəңірінің құдіретін өздері құрған мемлекет іргесінің нығаюна тиімді пайдаланып отырады. Өздерінің бүкіл ісəрекетін Тəңірімен байланыстырған түркілер мемлекеттің дамуы да Тəңірі қалауына негізделген деп санады. В.В. Бартольдтың: Халықтың психологиясын түсіну үшін оның діни сенімдерін білу маңызды... Аспан мен Жердің мəнін айтқанда, кейбір кезде түрік аспаны мен түрік жері мен суы деген тіркестер қолданылады. Тəңірі деген сөз аспанды да, құдайды да білдіреді. Ал жер мен су туралы айтқанда, жерлерде жер мен судың біртұтас құдай екенін, жердің рухының жиынтығы емесін айтуға болады, -- пікір білдіреді .Тəңірге табынудың пайда болуын адамдарда əуелден қалыптасқан ризашылық сезімдерімен байланыстыруға болады, көктің əмірімен қарапайым тіршілік иелері бейбіт заман мен молшылықты өмір сүрген. Осындай өмірдің нақты шындығына көзжеткізу адамдарға жəрдемдесетін жоғары əлем бер деген түсінікті туғызды. Сондықтан ежелгі түркілер өздерінің ұғымдарындағы ең биік шыңды Хан-Тəңірі деп атауы кездейсоқ емес . Құдірет деп есептелген бұл қос күштің негізгісі Көк Тəңірісі аспан болды.
Зерттеуші М.Орынбеков ежелгі түркілердің дүниетанымы мəселесін жан-жақты қарастырып, Тəңірі сенімі жайлы былай дейді: Осы жағдайда тіпті ежелгі түрік діні бір құдайлы дін болды деп тұжырым жасауға негіз жасайды, себебі барлық құдайлар өздерінің басты құдайы Тəңір деп біледі, ол өмірдің барлық саласына ықпал етеді деп түсінді. Сонан кейін діннің ішінде əдейі тотемдік, шамандық, яғни бақсылық, тəңірлік түрлері бөлінді. Тегінде, бұл қате түсінік еді. Өйткені, біріншіден, Тəңірдің құдіреті күштілігімен нақты өмір жағдайында ол дəрменсіз болып шықты . Тəңірге табынуды Түркі қағанатында қажетті өкілеттілік беру мақсатында əртүрлі əскери-саяси топтар кеңінен қолданды. Қағандардың жиі ауысуы, үздіксіз қақтығыстар, билікке талас қағанның құдайлық табиғатын, тегін негіздеуге итермеледі. Сол арқылы қағандар туыстар арасындағы таққа таластықты, билікке ұмтылысты жоюға талпынды. Сөйтіп, Тəңірі қолдауымен пайда болған ежелгі Түркі қағанаты туралы аңыз пайда болды. Түркілер өздерінің билеушілері қағандарды нақ осы құдіретті көк тəңірісінің еркімен билік құратындар деп есептеді. Ол туралы Білге қаған ескерткішінде: Түрік халқының атақ-даңқы өшпесін деп, əкем қағанды, анам қағанды ұлықтаған Тəңірі, ел берген Тəңірі, Түрік халқының атақ-даңқы өшпесін деп Тəңірі мені қаған отырғызды, -- деп өзінің билігін Тəңірдің қалауымен жүзеге асқанын дəлелдейді . 716 жылы Түрік қағанатының саяси орталығы Өтүкенде көтеріліс жасап, билікті қолдарына алған Білге қаған мен Күлтегін де қағанаттың билігіне мемлекетті нығайту үшін көктің əмірімен билік басына келгендігін жариялап отырған. Мысалы: Тəңір бір. Тəңірден жаратылған түрік Білге қаған бөдке тақ иесіне отырдым. Сөзімді түгел естіңдер...Тəңірі жарылқағаны үшін, өзімнің құтым бар үшін қаған тағына отырдым. Түрік халқын Тəңірі ел етіп бергендігін мұнда тасқа бастым [10; 106]. Қағандар тəңірлік сенімді қағанаттың идеологиялық негізі қылып ала отырып, ел билігіне бір Тəңірдің қолдауымен келіп отырмыз деп сенді. Ел билеушілері дінді тірек етіп, киелілерге табыну арқылы шын құдай болмысына жақын болуға, осы негізде олардың атынан сөз сөйлеп, олардың атынан орта дүниеге билік жүргізеді. Тəңірге арналған құрбандықтарды қабылдады. Биліктерін Тəңірі атынан жүргізді. Сонымен қатар, аспанға немесе көкке сиыну ұғымы туралы, аз да болса, қытай жылнамаларында сақталған. Мысалы, Н.Я. Бичуринің аударған Таншу жылнамасында Алтай түркілерінің діні туралы қызықты мəліметтер кездеседі. Онда: Қаған əрқашан Дугин тауында тұрады. Хан ордасының есігі шығысқа қаратылған. Ол күнге құрметтілікті білдірсе керек. Қаған əр жыл сайын ең жақын бектерімен бесінші айдың ортаңғы он күндігінде қара халықты жинап, өзен бойында көкке бағыштап құрбан шалады .
Тəңіршілдік түркілердің дүниетанымында берік орын алған соң, байырғы көшпелілер бір идеологияны ұстанып, жұмылған жұдырықтай топтаса білген. Бұл идеологияның ұйытқысы жаратушы -- бір Тəңірі болды. Халықтың түсінігінде Тəңірдің киесіне қалу, Тəңірдің қаһарына ұшырау елді ақырзаманға апарады деп сенді. Тəңірдің жердегі өкілі -- қаған саналды. Күлтегін ескерткішінде билік иесі қағанды Тəңірі бір, Тəңірден жаратылған Түрік Білге қаған, -- деп атады . Тəңірдің -- жаратушының қолдауымен қаған киелі Өтүкен орталығында орнығып, түрік халқына, еліне төріне тұтқа болып, халықтың арман-мақсаты болған Мəңгілік Елді орнатушы тұлғаға айналды. Түркілерде Тəңірінен кейін иерархиялық жүйе бойынша қасиетті саналатын тағы бір ұғым ЖерСу ұғымы болды. Түркілер түсінігінше, Жер-Су -- адам өмір сүретін табиғи орта, жер, отан . Л.П. Потапов былай деп жазды: Ертедегі түріктердің Йер-Суб, яғни Жер жəне Су, құдайларын құрметтеуі бізге мəлім айғақ . Дəстүрлі түркі дүниетанымында Жер жəне Судың орталық əлемінде Алтайға құдайдай табыну орын алған. Қазақ аңыздарындағы Жер-Су қасиетті түсінік ретінде қабылдануы ежелгі түркілердің Алтайдан қоныс аударуынан басталады. Алтайды Жер-Судың орталығы деп қадір тұтты. Алтай тауларын, халықтың діни түсінігінше Жер-Судың ата-бабаларының рухтарымен кездесетін орны, рухтар барлық қазақ жерін дəстүрлі түрде өзара бөліседі деп санады . Алтайды барлық түркітілдес халықтар құрмет тұтқан. Қытай деректеріне сүйенсек, ежелгі түркілер тауларға табынған: Тауға табыну өте ерте кезде пайда болған, ең кем дегенде, ол ежелгі түркілер ортасында белгілі болған. Қытай деректерінде, -- деп жазды С.И. Вайнштейн, -- ежелгі түркілерде, шыңында, тал да, өсімдік те жоқ биік тау қасиетті деп есептелген деген хабар бар, ол тау Бодын-Еңлі деп аталған, қытай тілінде ол елдің қорғаушы рухы деген мағына береді .
Алтай тауын жер кіндігі ретінде, жоғары Тəңірі мен ортаңғы Жер-Суды байланыстырушы мекен деп қабылдау түркілердің дүниетанымының негізі болған. Түркі халықтары ғана емес, барлық көшпелі жауынгер жұрттардың барлығы да Алтайды қасиет тұтып қадірлейді. Түркілердің өсіп-өніп өркендеген, əлемге таралмай тұрып балалық шағын өткізген отаны Ергенеқон, Өтүкен, Жерұйық, Жиделі Байсын туралы аңыздары сағынышты сарынмен сипатталады. Бұл тарихи аңыздардың мазмұнының түпқазығы түркілердің халықтың дүниетанымындағы Мəңгілік Ел мұратымен ұштасып, өзара тарихи сабақтастық арқылы байланысының болғанын көрсетеді. Ергенеқон аңызы қазақ халқының дүниетанымында түркі халқының алғашқы мекендеген құтты қонысы ретінде сақталған. Халық мұрасында төрт тараптан төнген қатерден елді аман сақтап, кейін өсіп-өнуіне себепші болған киелі жер ретінде сипатталады. Əбілғазы Түрік шежіресі еңбегінде Ергенеқон дастанының түпнұсқасын аңыз бойынша баяндайды жəне түркі халқының пайда болуы туралы өз зерттеуін ұсынады. Ергенеқон аңызында түрік халқы биік таудың ішіндегі қауіпсіз жерде көбейіп алған соң, ата-бабаларының аманатына адалдық танытып шыққан тегін мықтап естерінде сақтағанын көреміз. Таудың ішінде 400 жыл тұрып жеке ел болады. Жан-саны артқан соң таудың ішінен шығып, төрт тараптағы жауларын талқандап жеңіске жетеді. Достық қолын ұсынғандарын қатарларына қосып алады. Ал жаулық пиғылды көрсеткендеріне қарсы қайрат қылады. Көрші халықтарға қарағанда, түркілер өздеріне тиесілі жер мен суын нақты білуімен ерекшеленеді. Жер-Суды кие санаған түркілер есте жоқ ескі замандардан бері Алтай тауларындағы Ергенеқон жерін қоныстанып, қасиетті жерін қорғап келген. Ергенеқон аңызында халықтың басты арман-мақсаты -- Мəңгілік Ел идеясының мұраты сипатталады. Зерттеуші ғалым Немат Келімбетов: Ергенеқон дастанына өзек болған идея -- халыққа құтты қоныс, жерұйық табу болды, -- дейді . Түркілер қоршаған ортаға ризашылығының білдіруі салдарынан Жер мен Суға жəне олардың киелі мекендеріне сиыну пайда болды, осыдан олар жерді де, суды да өздерінікі мен басқаныкі, деп бөлді. С.Г. Кляшторный былай деп жазды: Əлемнің орталығы -- түріктер мекен еткен қасиетті Өтүкен қарашығы болды. Өтүкен қарасы -- түрік қағандарының резиденциясы, сол жерден түріктер əлемнің төрт бұрышын жаулау үшін алға, артқа, оңға, солға жорықтар жасап отырды . Өтүкен қарасы орналасқан Хангай таулары туралы зерттеуші М. Орынбеков былай деп пікір білдіреді: Жалпы бұл -- Хангай таулары екенін айтуымыз керек, ол жерде бөрінің қаншығы аяқсыз, қолсыз баланы құтқарыпты-мыс, сөйтіп, одан түрік тұқымы тарапты деп аңыз қылады . Түркілердің нанымы бойынша, жер мен суды, ормандар мен тауларды рухтар жайлаған. Құрбандық шалу арқылы олардың бетін бері қаратып отыру керек деп сенген. Түркілерде əр ру-тайпаның меншікті өз Жер-Суы болған. Бұл айтылған ой бүгінгі қазақ халқының табиғатқа деген қастерлі сезіммен қарайтын дүниетанымымен сəйкес келеді. ХХ ғасырдың бас кезінде ұлт көсемі Əлихан Бөкейханов қазақ жерінің жаппай егіншілік мақсатында пайдалануға болмайтынына өзінің дəйекті ғылыми дəлелдерін ұсынып келді. Американдық ғалым Лоуренс Крадер Орта Азия халықтары монографиясында түркілердің Алтай тауын кие тұтуын былайша сипаттаған: түріктері кезінен бастап, түркі діни тəжірибелерінде, тауларға табыну əдет-ғұрыптың негізі болды. Тауға табыну Азияда, Арктикадан Үнді мұхитына дейін кең таралған.
Түркілер мен монғолдар арасында тауларға табыну жер құдайы Өтүкенмен байланысты. Қасиетті Өтүкен түркілерде қағанның жоғарғы билігімен байланысты. Түркілердің дүниетанымында Өтүкен тауының иесі қаған немесе жоғары билеуші болып саналады. Өтүкен рухы сол аумақтың билеушісін жеңіспен жəне жетістікпен қамтамасыз етеді. Сондықтан қағанның ордасы жоғарғы жерге орнатылды. Киелі таулар түркілер үшін қорғаныс жəне пана іздейтін жер болды . Қасиетті Өтүкен жері Саян-Хангай тауларында орналасқанын ескерсек, бұл жер түрік қағандарының Астанасы болды. Күлтегін мен Білге қағанның мəңгі тас ескерткіштерінде Отанға деген сүйіспеншілік анық сипатталып: Өтүкен жерінде отырып, керуен аттандырып қойып отырсаң, онда мұңың жоқ. Өтүкен жынысында отырсаң, мəңгі ел тұтып отырар ең сен, -- деп анық жазылған . Тоныкөк ескерткішінде: Өтүкен жеріндегі түрік халқы мені Білге Тұйұқық Өтүкен жеріне ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ұлы Жібек жолының тәуелсіздік жылдарында тарихнамалық тұрғыда зерттелуі
Ортағасырлық Батыс және Шығыс философиясы
Қазіргі заманғы әлеуметтiк философия пәнi
Философиялық тарих
Қайта өрлеу және реформция дәуірінің тарихи ойлары
Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегі қазақ тарихының дерегі ретінде
Графика өнері жайлы жалпы баяндау
Қала мәдениеті тарихын оқыту
Кеңес тарихшыларының қазақ тарихын кезеңдеуі
Тауарих хамсада тарихи - этнографиялық деректердің орын алғанын, қазақ халқының күнтізбесіне байланысты мәліметтердің кездесетінін
Пәндер