Зейнолла Серікқалиевтің публицистикасы



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 109 бет
Таңдаулыға:   
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІ
МАГИСТРАТУРА

Мерзімді баспасөз кафедрасы

МАГИСТРЛІК ДИССЕРТАЦИЯ

ЗЕЙНОЛЛА СЕРІКҚАЛИЕВТІҢ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ

Орындаушы
Ғылыми жетекші .

Қорғауға жіберілді
Кафедра меңгерушісі:
Ш.Ы. Нұрғожина ф.ғ.д., профессор
18 маусым 2009 ж.

Норма бақылаушы:
аға оқытушы М.Ж.Майлықұтова 18
маусым 2009 ж.

Алматы 2009 ж.
М А З М Ұ Н Ы :

Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... .3 — 7

І. Ғибрат тұнған ғұмыр
1.1. Зейнолла Серікқалиевтің өмірі мен
шығармашылық жылдар
белесі ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ...8 — 13

ІІ. Зейнолла Серікқалиевтің публицистикасы
2.1. Тағдыры— сын, жаратылысы— сыншы Зейнолла
Серікқалиевтің сыншылық
даралығы ... ... ... ... ... ... ... ... ..14 — 72

2.2. Ғылыми және көркемдік танымға жаңа көзқарас
Дүниетану даналығындағы суреткерлік сыры мен
эстетикалық
талғам ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... .78 —
93

3. Зейнолла Серікқалиев көсемсөзіндегі көркемдік шеберлік
(тілдік, стильдік
ерекшеліктер) ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... 94 —
102

Қорытынды ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ..103 — 105

Сілтемелер
жүйесі ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 10
6—108

Пайдаланылған
әдебиеттер ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ..109—1 12

Дүбірлі дүниеде сөзден мәңгілік, сөз мәнісінен құдіретті еш нәрсе
жоқ. Қазақ публицистикасын түр мен мазмұн жағынан байытатын таланттылар
қаламынан туған туындылар өз құнын ешқашан жоғалтпайды. Сондықтан туған
әдебиетіміздің мәртебесімен сөз қадірін ұлықтайтын халықтың мерейі қашан
да үстем.
Сөз құдіретін кие тұтатын ұлттық журналистикада көсемсөздің
көсегесін көгертер қаламгерлік шеберлік дәстүрі тамаша туындылармен
толығып, уақыт көшімен жалғасын тауып келеді.
Ғылым көкжиегінде сараланған көркем шығарманы ұлт ұстазы Ахмет
Байтұрсыновтың тілімен түрлендірсек, бір нәрсе турасындағы пікірімізді,
яғни қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек,
сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялымызды, яки көңілдің күйін
тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару —сөз
шығару болады. Шығарма дегеніміз осылай шығарған сөз...[1, 147-148].
Өмірдің көркем шындығын кернеуін келістіре, дәуір көшіне ілестіре отырып,
тап басып айту мен ұшқыр ой, салиқалы талдау да публицист қаламының
қарымдылығына тікелей байланысты.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің Мемлекеттік тіл туралы толғанысында: Дауға
салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса
қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі
байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл
дүниеде қымбат не бар екен!? [2, 38] —деп тебіреніпті. Сол туған
тіліміздің қадір –қасиетін бойына сіңірген қазақ публицистикасының бүгінгі
жарқын бет- бейнесін бағалау үшін де парасат – пайым тереңдігі қажет.
Ұлттық публицистикадағы әдеби сын жанрын тақырыптық, пішіндік,
мазмұндық жағынан байытқан қаламгерлеріміздің бірі де бірегейі Зейнолла
Серікқалиевтің қалам құдіретімен халықтың эстетикалық мәдениетін көтеруге,
оқырманның әдеби-эстетикалық талғамын тәрбиелеуге, қалыптастыруға, дамытуға
дәнекер болып, өмір бойы табанды түрде еткен еңбегіне ерекше мән беріп,
сараптау жасайтын шақ әлдеқашан туған. Көрнекті публицист, әдебиет сыншысы,
баспагер З. Серікқалиев өзінің Дүниетану даналығында: Шын суреткер - бір
қалыптан шыққандай өз тегі, өз заманының ортақ ұлы ғана емес, ол -
қайталанбас дара тұлғасымен, шеберлігімен ерекше қатынас - көзқарасымен өзі
жасаған сом суретке өз қолтаңбасын қалдыра алатын адам, — деп пайымдайды.
Бірақ ол шын суреткерліктің сипатын осылай қағаз бетінде ғана жазып
қалдырған жоқ, бұл дарындылықты өз даралығымен таныта білді, нағыз
суреткерліктің бейнесін Өзі жасады деуге толық негіз бар. Іздену барысында
жұмысымыздың негізгі арқауы болған публицистің шығармашылығын зейінмен
зерттеп-зерделеуге талпыныс жасадық. Бұл талпынысымызға негіз болған нәрсе—
бұрын- соңды ғылыми айналымға енбеген тақырыптың сонылығы мен өзектілігі
еді.
1. Тақырыптың өзектілігі. Қазіргі еркін ақпарат алмасу ғасырында ой
дәлдігі мен сөз дәлдігін ұштастыра отырып, ұлттық құндылықтарымызды
ұлықтауымыздың өзі ерлік іс болмақ. Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің
ортақ игілігіне айналған сөз мұрасына адалдық танытқан қаламгер
З.Серікқалиев публицистикасының арнайы тақырып болып, ғылыми
зерттеу бағытында саралануының өзі өнер иесін қадірлеуіміздің бір
нышаны, сонымен бірге, сарапшы сыншы қаламынан туған көркем сөз
өнері құндылығының бір көрінісі. Әдебиет туралы дәуір үнін— әдеби
сын деп қарастырар болсақ, З.Серікқалиев күллі шығармашылығында осы
жанрды даралап еншілеп алған қаламгер. Оның газет–журналға
лайықтап жазылған мақалаларының басым көпшілігі қаймағы бұзылмастан
қазақ әдебиетінің мәселелеріне арналған Ойлар, толғаныстар (1967),
әдеби сын–зерттеуді арқау еткен Жылдар сазы (1971), Бәрін білсем
суретті кітапша (1972), ғылыми және көркемдік таным ерекшеліктері
қарастырылған Ақыл таразысы (1976), Ақ жол сын кітабы (1990),
Дүниетану даналығы (1994), әдеби сыншылдық көзқарастары,
толғаныстар мен эсселерінің топтамасы Тағдыр және біз (1996),
таңдамалы Сын кітабы (1997), қазіргі көркемдік ой танымына
көзқарас: талдау, толғаныстар Алтын жамбы (2001), Жандауа (2004)
сияқты жинақ кітаптарға топтастырылды. Мұндағы мақалалардың әр
қайсысы кеңінен талдауды қажет ететін сүбелі тақырыптарға арналған.
Күні бүгінге дейін публицистің шығармашылық зертханасының зерделеніп
–зерттелмеуінің өзі тақырып өзектілігін айқын аңғартады.
2. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қырық жылға жуық шығармашылық белесінде
З.Серікқаливтің жалпы саны жетпіске жететін мақалалары мерзімді
баспасөз басылымдарында жарық көрді. Әдеби сынға алпысыншы жылдың
басында келген қаламгерлер шоғырының ішінде шоқтығы биік
З.Серікқалиев өз әріптестері мен замандас зиялы қауым арасында
эстетикалық талғампаздығымен ерекшеленді. Тіпті, сыншылық даралығы
жағынан басқа әдебиетшілердің құрметіне бөленді. Әр жылдар белесінде
танылған Сыншы шығармашылығының көркемдік қуатына байланысты өз
кезегінде қазақ қаламгерлерінің ой –пікірлері, лебіздері
баспасөзде үздіксіз жарияланып отырды. Тақырыбымызды жан –жақты
зерттеу барысында біз М.Қаратаевтың Сыншылық сирек
қасиет(Лениншіл жас газеті, 6 ақпан, 1988 жыл), Ә Бөпежанованың
Дүние ─ имани ғана құбылыс (Қазақ әдебиеті, 3 наурыз, 1998. №9),
Текті өнердің дарабозы (Егемен Қазақстан, 8 желтоқсан, 1998),
М. Әкімхановтың Сын кітаптары сыр толғайды (Алматы ақшамы, 24
қыркүйек, 1997), С. Жұмабектің Тағдыры ─сын, жаратылысы ─ сыншы
(Алматы ақшамы, 9ақпан,1998), А. Кемелбаеваның Жамбы жарығы─ нұр
(Алтын орда, 31қаңтар-6 ақпан, 2003), Н. Оразалиннің Мен Зекеңді
іздеймін (Әдебиет айдыны, 17наурыз, 2005), С.Оспанның Жаратылысы
сарапшы жан (Түркістан газеті, 9 желтоқсан, 1998), Бекзат болмыс
сұңқарға бітеді (Егемен Қазақстан газеті, 10 ақпан, 1998) деген
сияқты мақалаларын парақтадық.
Белгілі қайраткер, әдебиет сыншысы М. Қаратаевтың Аңдап қарасақ,
З.Серікқалиұлының әдеби сын саласында болсын, тындырғаны аз емес. Бірақ
мәселе бітірген еңбек санының аз –көбінде емес, сапасында, маңызында. Осы
ретте айтуға болады: З.Серікқалиев —өз қатарында үздік көзге түскен талант
иесі. Ол не істесе де тынымды, тыңғылықты істейді. Не жазса да біліп,
зерттеп, көз жеткізіп жазады...[3, 7] —деген пікірінің дәлдігіне зерттеу
жұмысы барысында иланасыз.
3. Зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері.
Әдеби шығарма көркем шындыққа негізделіп жазылса, публицистік
шығармалар өмірдің нақты шындығына сүйеніп жазылады. Зейнолла
Серікқалиевтің негізгі жанрының өзі әдеби сын болғандықтан зерттеу
жұмысымыз үшін публицистика мен сынға қатысты еңбектерге қажеттілік туды.
Осыған орай біз А. Байтұрсыновтың Әдебиет танытқыш, Қ.Жұмалиевтің Стиль
—өнер ерекшелігі, Т.Қожакеевтің Жас тілшілер серігі, Т.Амандосовтың
Совет журналистикасының теориясы мен практикасы, М.Барманқұловтың
Журналистика для всех, Р.Сыздықованың Сөз құдіреті , З. Қабдоловтың
Сөз өнері, С.Әшімбаевтың Азаматтыққа адалдық, Сын өнері,
С.Жұмабектің Сын пернесі атты ғылыми–теориялық кітаптарға сүйендік.
Сондай–ақ, Д.Ысқақұлы, Д. Баялиева, Б.Жақып сынды авторлардың ғылыми
еңбектерінен де бағыт–бағдар алдық.
4. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Тағдыры —сын,
жаратылысы —сыншы З.Серікқалиұлының мерзімді баспасөз бетінде жарияланған
мақалаларына ғылыми –теориялық және эстетикалық талдаулар жасай отырып,
сыншылық даралығын, қаламгерлік ізденісі мен суреткерлік шеберлігін айқын
көрсетуге талпыныс жасадық. Сонымен бірге, ұлттық әдебиеттану ғылымындағы
әдеби-көркем сынды кәсіби жағынан жан-жақты толықтырып, теориялық-танымдық
тұрғыдан байытып, эстетикалық талғам мен аналитикалық талдауды
қалыптастырудағы табанды еңбегін зерделеп, бағалауды мақсат еттік. Осы
мақсатымызға орай:
1. З. Серікқалиевтің баспасөздегі жарияланымдарының жанрлық, тілдік,
стильдік ерекшеліктерін белгілеп, саралау;
2. Тілдік айшықтау құралдарының пайдалану аясын газет материалдары арқылы
көрсету;
3. Эстетикалық талдауларын жан –жақты қарастыру;
4. Эссе жанрындағы шығармалардың тақырыптық, мазмұндық сапасы мен көркемдік
шешім мәселелеріне шолу жасау;
5. Танымдық, тәрбиелік мәніне бойлап, баспасөз тарихындағы орнын анықтау
сияқты мәселелерге жауап беруді өз міндетімізге жүктедік.
5. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.
Бұл зерттеу жұмысымызда Зейнолла Серікқалиевтің баспасөзге
жарияланған сын мақалаларын бір арнаға түсіріп, олардың мазмұны мен
формасына, тілдік, стильдік ерешеліктеріне орай үш топқа жіктеп талдау
жасалады. Эсседегі еркін баяндау мен авторлық толғанысының ерекшелігі
анықталып, үздік туындылары арқылы З.Серікқалиевке эстет –сыншы мәртебесі
лайықты деп шешім қабылдаймыз.
6. Зерттеу жұмысының әдіс –тәсілдері.
Магистрлік зерттеу жұмысымызда тақырыпты жан –жақты сан қырынан ашу үшін
публицист шығармашылығына талдау жасауда салыстыру әдістерін кеңінен
пайдаланамыз. Сонымен бірге теориялық, тілдік талдау, салыстырмалы
–сараптамалық баға беру мен ғылыми тұрғыдан тұжырымдап дәлелдеу әдістері
қолданылды. Тарихи деректерден нақты мысалдар да келтіріледі.
7. Жұмыстың жалпы сипаттамасы.
Бұл зерттеу жұмысымыз кіріспеден, Ғибрат тұнған ғұмыр және Зейнолла
Серікқалиевтің публицистикасы деген екі тараудан және қорытынды бөлім мен
пайдаланылған әдебиеттер тізімі, сілтемелер жүйесінен тұрады. Алғашқы
тарауда публицистің өмірі мен шығармашылық жолы кеңінен қамтылған.
Жаратылысынан сарапшы сыншының шығармашылық ізденісі мен шеберлігі екінші
тараудың еншісінде. Негізгі екінші тарауымыз үш бөлімге жіктелген: онда
ғылыми және көркемдік танымға авторлық көзқарастар мен сыншы қаламына тән
тілдік, стильдік ерекшеліктер арқау болған.

1.1. Зейнолла Серікқалиевтің өмірі мен
шығармашылық жылдар белесі
Жаратылыстың сырына үңіліп, адамдық биік болмысты бағалай білген
қаламгердің ғана төл қолтаңбасы мәңгілік болмақ. Қаламына қасиет дарыған
Зейнолла Серікқалиев Серікқалиұлы публицист-жазушы, сыншы, аудармашы, әрі
баспагер. Ол Атырау өлкесінің тумасы. 1938 жылы 10 ақпанда Құрманғазы
ауданының Нұржау ауылында ардақты әке Серікқалидың шаңырағында жарық дүние
есігін ашады.
Сыншының алғашқы шығармашылық ізденісі С.М. Киров атындағы Қазақ
мемлекеттік университетіндегі студенттік кезеңімен байланысты. Ол 1955-
1960 жылдар аралығында осы университеттің филология факультеті журналистика
бөлімінде оқып білім алады.
Университет қабырғасында жүргенінде-ақ сыншының Әсима, Білсем
екен сынды шағын әңгімелері Пионер журналында жарияланған. Ал бұдан
кейін, оның әдеби сын бағытында қалам тартуы қара шаңырақ—білім ордасынан
түлеп ұшар шағымен тұспа- тұс келді.
Зейнолла Серікқалиев 1963 жылы КСРО Жазушылар Одағының
мүшелігін қабылдады. Бойында Біз білімге тоймайтын адамдар едік (Баубек
Бұлқышев) дейтін оқуға құштарлығы мен үздіксіз ізденісінен бір сәт те
ажырамаған қаламгердің Абай атындағы Қазақ педогогикалық институтының
аспирантурасында білімін жалғастыруы шығармашылық шеберлігін шыңдалуына жол
ашқан еді. Ол 1968 жылы Қазіргі қазақ тарихи романының кейбір мәселелері
деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Парасат-пайымы терең
публицистің бұл ғылыми жұмысына академик Қажым Жұмалиевтің жетекшілік етті.
Сыншы алғашқы еңбек жолын Жұлдыз журналынан бастаған. Тіпті, оның
алғашқы сын мақалаларына осы басылым арқылы куә боламыз. Дәлірек айтсақ,
1960-65 жылдар аралығында Жұлдыздың әдеби қызметкері, сын және көркемөнер
мен ғылым бөлімдерінің меңгерушісі, жауапты хатшы сияқты қызметтер атқарды.
Ғылыми ізденісіне негіз болған аспирантураны тәмамдағаннан кейін 1968-70
жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы сын секциясының меңгерушісі болды. 1971
жылдан Журналистер Одағының мүшесі.
Баспасөз беттерін парақтай отырып, қазіргі ел басылымы Егемен
Қазақстан газетінің де (сол кезеңде Социалистік Қазақстан деп аталды)
Зейнолла Серікқалиевтің публицистік, сыншылық мәдениетінің қалыптасуына,
биіктеуіне негізгі мектеп болғанын аңғарамыз. Нақты дерекке жүгінсек,
1970 жылдан бастап Социалистік Қазақстан газетінің әдебиет, көркемөнер,
мәдениет бөлімінің меңгерушісі болған публицист, сыншы мұнда 5 жыл бойы
үздіксіз еңбек етеді. Осыған қатысты талантты ақындарымыздың бірі Сейфолла
Оспанның 1998 жылы (бұл кез сыншының 60 жас мерейтой қарсаңы — Г.С )
Егемен Қазақстан газетінде жарық көрген мақаласынан үзінді келтірудің
сәті түсіп тұр: ... Әркімнің өзінің өрісі кең толғамын танытатын тұсы
болады. Біздің Зекеңнің осындай еркін самғаған кезеңінің бірі 1970-1975
жылдар аралығында Социалистік Қазақстан (қазіргі Егемен Қазақстан)
газетінің әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болған жылдары. Бұл кезде
Зекең белгілі журналист Ұзақ Бағаев ағасымен тізе қоса отырып, әдебиет пен
өнеріміздегі көптеген күрделі де соны мәселелердің жандануына үлес қосты.
(Егемен Қазақстан ). Бұл мақала Бекзат болмыс сұңқарға бітеді деп
аталады. Шындығында, адамдық болмысы биік, пендешіліктен ада ауылда ауасын
жұтқан ақиық қаламгер Зейнолла Серікқалиевтің шығармашылық қызметіне
осылай құрметпен қарайтындар бір Сейфолла Оспанның жазғанымен ғана
шектелмейді. Өйткені, осы аталған мақала жарияланған басылымда Серік
Қирабаев, Шерхан Мұртаза, Мұхамеджан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов сынды
халық қалаулыларының әріптестік лебіздері көп жәйді аңғартады. Бұл туралы
толығырақ таратып айтуды келесі тараудың еншісіне қалдыруды жөн көрдік.
Ал 1975-79 жылдар аралығында сарабдал сыншымыздың қызметі
Қазақстан баспасының бас редакторы болуымен жалғасын тапқан еді. Осы
алуандас әрқилы мәдени-баспагерлік қызметтер атқара жүріп, бұл жылдары
әдеби сын және баспасөздегі әдебиет, көркемөнер мәселелері бойынша қазақ
университетінде арнаулы курстар жүргізіп, 1980 жылы журналистика
факультетінде аға оқытушы болып қызмет істеді. Осыған орай Сын шын
болсын еңбегінің авторы ғалым Д.Ысқақұлының: Сыншы... әдебиеттану
ғылымымен, одан қалды бүкіл қоғамдық ғылымдардың жетістіктерімен жан-жақты
қаруланған білімдар. Сыншы — әрі философ, әрі этнограф, әрі тілші, әрі
тарихшы, әрі экономист, әрі әлеуметтанушы, әрі психолог, әрі
ұстаз[4, 26], — деген пікірі еріксіз тіліңе оралады.
Бағына орай, рухи дүниетаным өрісіңнің, ар-иман бағдарыңның өлшем-
мәйегіндей мәңгілік діңгегі[5, 163] Мұхтар Әуезовтей кемеңгердің көзін
көріп, Ел мен ұлы азаматтың бір-біріне деген мейірім-махаббатын, құрметін
студент кезінен-ақ шет-жағалап болса да сезініп үлгерген жандардың
қатарында Зейнолла Серікқалиев те бар. Бұл жайында автордың өзін сөйлетсек:
... Университет қабырғасында азын-аулақ уақыт ауыз әдебиетіне қатысты
дәріс-сабағын, Жазушылар одағы тәрізді әр қилы қасиетті ғимараттарда – ұзын
жиын, келісті кеңес, талқы- таразыларды сөйлеген сөздерін тыңдай алдық.
Бесінші курста оқудан қол үзбей, жұмыс істей жүретінмін, — дейді ол өзінің
Жандауа еңбегінде. Автор осылай әрі қарай жалғаған әңгімесінде сарабдал
көсемсөздің хас шебері болған Камал Смайыловтың редакторлық арнайы
тапсырмасымен Мұқтар Әуезовтің өз үйінде, жұмыс үстелінде жүзбе-жүз
еркінірек бір тілдескенін баяндайды.
Сексенінші жылдың ақпан айы — Зейнолла сыншының әдебиет игілігіне
арналған айтулы жұмыстарды жүзеге асырған уақыт еді. Ол Мұхтар Әуезовтің
жиырма томдық шығармалар жинағын жарыққа шығару жұмысына бастан-аяқ
қатысып, одақтық, орталық Москва, Орынбор қорларынан жазушы мұрасын
жинастыру, жариялау ізденісіне біршама араласқан. Тағы бір ескеретініміз,
Хан Кене, Тартыс, Ақ қайың, т.б пьесалары, И.Тургеневтің Дворян
ұясы романының қазақша аудармасы, Жеткіншек оқулығы сияқты М.Әуезовтің
қыруар әдеби, ғылыми-зерттеу еңбектерінің текстологиялық жұмыстарын
жүргізіп, ғылыми түсініктерін Зейнолла Серікқалиев жазғандығын жасырып
қалуға хақымыз жоқ. Сондай-ақ біраз томдарының (V, ІХ, ХІ, ХІV, ХVІІ, ХХ)
жауапты шығарушысы болған. Қай кезде де әдебиет жанашыры Зейнолла
Серікқалұлының ұйымдастырушылық, азаматтыққа адалдықпен қарайтын қасиет-
қабілетіне осындай игі бастамалары толық дәлел десек қателеспейміз.
Сонымен 1980-87 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы – М.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері жұмысын
жауапкершілікпен атқарғаннан кейін қарымды қаламгер, сарабдал сыншы
байырғы баспагерлік жұмысына қайта шақырылып, 1987-91 жылдары Қазақ КСР
Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетіне Бас
редакторлық етті. Жазушының шығармашылық қызмет жылнамасына үңілсек, 1991-
97 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті (Жоғары Кеңес) редакциялық-
баспа бөлімінің меңгерушісі болып істейді де (Сенат Бюросы қаулысымен
мемлекеттік қызметші мәртебесі- бесінші мамандық (квалификациялық) класы
берілген), кейін 2001 жылдан бастап Раритет баспа компаниясының бас
редакторы болады. Негізінде, қаламгердің баспагерлік қуаты туралы да
тағылымды сөз айтуға болады. Жоғарыда аталған баспадағы қызметінде жүріп ол
Алтын қор кітапханасының жиырма томын халыққа беріп кетті.
Қазір Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі (Х, ХІ
съездерде сайланған), Сын кеңесінің төрағасы, Жазушылар одақтарының
Халықаралық Қауымдастығы Тексеру комиссиясының мүшесі (Москва, 1992
жылдан), Қазақстан Үкіметі жанындағы Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комиссияның
(комитеттің) мүшесі (1992 жылдан); Қазақстан Республикасының Ғылым
министрлігі – ғылым академиясының гуманитарлық ғылымдар саласы бойынша
сарапшысы, Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университеті Диссертациялық
кеңесінің (журналистика мамандығы бойынша) мүшесі, Мемлекеттік Терминология
комисиясының мүшесі, Біріккен Ұлттар Ұйымына Жәрдемдесу Қоғамдастығы
Басқармасының мүшесі.
Зейнолла Серікқалиұлы 1994 жылы Дүниетану даналығы кітабы үшін
Қазақстан Жазушылар одағы Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты атанды.
Автордың бұл еңбегінде бағзы заманнан бүгінгі дәуірге дейінгі өнер
сұлулығы, ғылыми және көркемдік дүниетаным ерекшеліктері жүйелі зерттеліп,
әлем әдебиеті мен бейнелеу өнерінің- дүниежүзілік таңдаулы мәдени
қазыналардың бірін-бірі байыту үлгілері, ізденіс жолдары өзара сабақтас
қарастырылады. Эстетикалық, ізгілік, имандылық тәрбиесі тақырыбындағы тың
деректермен толықтырылған Дүниетану даналығы кітабы 1994 жылы Білім
министрлігінің арнаулы бағдарламаларына енгізіліп, жоғары оқу
орындарына–мұғалімдерге, филология, журналистика, өнер факультеттері
студенттеріне оқу құралы ретінде ұсынылды.
Қырық бес жылға созылған шығармашылық жолында қадамы сәтті
болған публицистің көзі тірісінде марапатталған атақ-дәрежелерінің тізімі
Жұлдыз журналының 1963 жылғы жүлдегері, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет
грамотасымен ( 1988), Еңбек ардагері медалімен (1991), Тәуелсіздіктің он
жылдығы медалімен марапатталған. 1997 жылы Шыңғыстау өңірі Абай ауданының
құрметті азаматы атағы беріліп, Ескерткіш күміс ордені тапсырылды. Қорқыт
ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры
(2002); Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деген сияқты сый-құрметпен
осылай үздіксіз жалғасып кете береді. Публицист шығармашылығының шеберлігі
мен терең парасатын осындай мәртебелі белгілермен ғана бағаланбайтыны анық.
Сәті келгенде қазақтың дарабоз жазушысы Ғабит Мүсіреповтің (Қойын
дәптерінен): Адам атақ-даңқымен емес, өз даңқымен атақты болсын деген
жолдарын қайталап айту артық болмас деп ойлаймыз.
Сондай-ақ, сыншы, публицист Зейнолла Серікқалиевтің жекелеген
мақалалары неміс, татар, орыс, түрік тілдерінде жарияланған. Р.Ролланның
14 шілде, А.Штейннің Толас, Н. Мирошниченко мен Э.Бобровтың Қара
маржан пьесаларын (Қызылорда, Семей, Торғай, Жамбыл облыстық драма
театрларының сахнасында қойылған), В.Г.Короленко, венгр әңгімелерін
аударған, көп томдық Өнердің ықшам тарихын (Б.И.Ривкин Антик өнері, (
1988), Мәдениет және өнер сөздігі терминдерін (2OOO) қазақ тіліне
аударушылардың бірі.
Асқаралы алпыстың асуынан абыройлы өткен қаламгер арада алты жыл
өткен соң ақтық демі таусылып, дүниеден озды. Бұл 2004 жылдың көктемі,
дәлірек айтқанда 20 наурыз күні болатын.
Пешенесіне бұйырған өлшеулі ғұмырында Зейнолла Серікқалиұлының
есімін елең еткізіп қана қоймай, басқалардан айрықша даралығын айқындайтын
Ойлар, толғаныстар еңбегі (1967), әдеби сын–зерттеуді арқау еткен
Жылдар сазы (1971), Бәрін білсем суретті кітапша (1972), ғылыми және
көркемдік таным ерекшеліктері қарастырылған Ақыл таразысы (1976), Ақ
жол сын кітабы (1990), Дүниетану даналығы (1994), әдеби сыншылдық
көзқарастары, толғаныстар мен эсселерінің топтамасы Тағдыр және біз
(1996), таңдамалы Сын кітабы (1997), қазіргі көркемдік ой танымына
көзқарас: талдау, толғаныстары енгізілген Алтын жамбы (2001), Жандауа
(2004) сияқты еңбектері қай кезде де құнды туындылар болып қала бермек.
Осы магистрлік зерттеу жұмысымыздың алғашқы тарауында баяндаған
деректердің дәйектілігі мен өзектілігін жан-жақты саралау, талдау,
талқылауды енді келесі тараудың үлесіне қалдырдық.

2.1. Тағдыры — сын, жаратылысы — сыншы Зейнолла Серікқалиевтің сыншылық
даралығы
Алпысыншы жылдары шын мәнінде әдебиет өңіріндегі жастардың ой
тартысының өрісі кеңейген мезгіл еді. Жұртшылық назарын өзіне айырықша
аударған батыл да өткір әдеби сын елеулі, әрі пәрменді болатын. Уақыт
биігінен қарасақ, әдебиетте қабырғалы күшке айналып отырған осынау ел ағасы
дәрежесіндегі — буынның көңілге қуаныш боларлық шығармашылық жолының, ә
дегеннен сәтті басталуы да, өрімдей солқылдаған жас кездерінен-ақ тез
танылуы да сол замана заңдылығы мен талаптарынан. Демек, әдебиеттегі осы
толқын ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқандай, жыл келгендей
жаңалық, соны леп, әрі тың серпін әкелді.
Есімдері мен шығармаларын сүйсініп, әрі мақтанышпен айтатын
мейілінше талантты шоғырдағы қаламгерлеріміздің көшбасшысы Зейнолла
Серікқалиевтің шығармашылығында әдеби сын жанрында жазған мақалалары
елеулі орын алады. Сыншы Зейнолла Серікқалиевті көсемсөз шебері, публицист
ретінде танып, бағалауымыз үшін ендігі әңгімеміздің арнасын сын жанрының
публицистикалық сипатына қарай бағыттауымызға тура келеді. Сын өзінің шығу
төркіні жағынан да, мазмұндық-түрлік қасиеттері жағынан да журналистикаға
тікелей түрде байланысты [6, 47] болғандықтан оның әдеби, ғылыми,
эстетикалық сипаттары секілді публицистикалық сипатын да ешкім жоққа шығара
алмайды. Ғалым Д. Ысқақұлы өзінің Сын өнері
еңбегінде Сын журналистика емес, публицистикалық–оның табиғи қасиеті[7,
24] деген пікірін жан-жақты дәлелдеген еді. Біз де бұл пікірдің
дәйектілігін Зейнолла Серікқалиевтің шығармашылығы арқылы танытпақпыз.
Бүгінгі күні публицистика мен көсем сөзді бір ұғым ретінде
қабылдауымыз қисынсыз емес. Өйткені, көсем сөз атауы қазақ әдебиетінің
көрнекті қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық журналистика
игілігі үшін жасаған еңбегінің бір жемісі десек ұтылмаймыз.
Зерттеу жұмысымыз белгілі бір деңгейде жүйелі болуы үшін алдымен
публицистика деген сөздің мәніне тереңінен үңілсек, бұл латынның publikus
– қоғамдық деген сөзінен тарайды. Демек публицистика сөзінің этимологиясы
қоғамдық деген сөзге тікелей қатысты болуы заңды.
Сөзіміздің басында Зейнолла Серікқалиевтің шығармашылығындағы
мақалаларды жанрлық тұрғыда әдеби сын деп анық, әрі батыл шешім шығардық.
Осы тұста басқалар тарапынан Ізденуші мұны айтуда қандай дерекке
сүйенді? деген сұрақтың тууы заңды. Осыған орай зерттеу нысанымызға
алынған автордың өзін сөйлетсек: ... менің жеке кітаптарға топтастырылған
басылымдарымның дені газет-журналдарға лайықталып жазылған зерттеу-
мақалалардан тұрады. Өйткені, негізгі жанрымның өзі ─ сын, әдеби сын.
Жаратылысында олар, әрине, қазіргі әдебиет ауа райына қайткенде де бір
әсерін тигізу, ойландыру мұратында, жалпы мәдени үдеріс ағымына қағазға
түскен бетінде тікелей араласып отыруы шарт еді [8], —жазған Зейнолла
Серікқалиев Қазақстан- Zaman газеті журналисіне берген сұқбатында негізгі
жанрын өзі осылай дәлдікпен анық жеткізді.
Зер салып қарасақ, сыншының өзі айтқанындай зерттеу-мақалаларын
газет-журналдарға лайықтап жазуының өзі публицистиканың табиғатын еске
түсіреді.
Тіпті бұның астарында көсемсөздің қағидаларына үңілу
жауапкершілігі жатыр. Қазақ әдебиетінің алып тұлғасы Ахмет Байтұрсынов
Әдебиет танытқыш еңбегінде: ...Көсем сөз күндегі мәселе жайын сөйлейтін
сөз болған соң, кезіндегі шығып тұрған газет–журнал жүзінде шығатынын [9,
224] баяндаған болатын. Көсем сөздің негізгі мақсаты бүгінгі күннің ең
өзекті мәселесін жазу деп ұғынсақ, сынның да басты мұраты — қазіргі әдеби
процестің зәру проблемаларын көрсету. Сондықтан Сынның әдеби,
публицистикалық сипаттары негізгі қасиеттері болғандықтан да ол әдебиет пен
баспасөз жанрларының барлық мүмкіндіктерін емін – еркін, керегінше
пайдаланады [10, 136] – дейтін пікір де орынды.
Әдеби сын журналистикаға нық табан тірегенде ғана өзіне жүктелген
міндеттерді ойдағыдай орындай алады. Енді осындай сан салалы, мұрат-мақсаты
биік мамандықтың майталманы Зейнолла Серікқалиевтің ең алғашқы шығармашылық
жолына көз жүгіртелік.
Сын өнерінің кемел жолында ізін қалдырған Зейнолла Серікқалиевке қалам
қасиеті мектеп қабырғасындағы оқушылық кезінде-ақ дарыған. Ол балаң,
албырт кезеңінде-ақ туған әдебиетінің бай қазынасымен танысып үлгерген-ді.
Бұлай айтуға негіз болған нәрсе, осыдан 55 жыл бұрын жазылған хат еді.
Бәрімізге белгілі, сол елуінші-алпысыншы жылдардың белесінде көрініс тапқан
тамаша бір құбылыс—жастар, жалпы оқырман әрбір жарыққа шыққан көркем
туындымен танысуға зор ынталы болатын. Жастар қауымына кітап құмарлық пен
әдебиет сүйгіштік тән еді. Көркем әдебиетке ерекше ықылас пен
сүйіспеншіліктің лебі анық сезілетін сондай бір шабытты шақтардың бірінде
Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Абай атындағы орта мектептің оқушысы Зейнолла
Серікқалиев 1954 жылы ақын Әбу Сәрсенбаевқа хат жолдайды. Бұл хатта
ақынның Толқында туғандар атты кітабына орай болашақ сыншы- оқушының
алған әсері риясыз баяндалған.
Сәлем сізге, құрметті аға!... деп басталған хат Ә. Сәрсенбаевтің жеке
архивінде сақталған екен. Ерекше назарымызды аудартқан бұл хаттың нұсқасы
2004 жылы сәуір айының 29-күні Түркістан газетінде жарық көрді. Енді
осы хаттан шағын үзінді келтіреміз: ...Сіздің романыңыз толқынды таулардың
буырқана көк шарпып, қатал, мейірімсіз алып күшін әлемге айқын байқатпақшы
болғандай, долданған, бейнебір отты, ызалы күш тасқынын өмірдің сол
кезеңдегі тартысты тағдырына балап, дауылданған бейнесімен ашылады. ...
Романдағы уақиғалар жемісінің өмір тартысына сай өрбіп, шиеленісу стилімен
қиюласып отыратынына аса сүйсінемін. Сондай-ақ өмірдің қараңғы қапасын,
азулылар мен тырнақтылардың халыққа озбырлық жасау бейнесінде көрінуін және
бұған бітіспес қайшылықта қарсы тұрған, іштегі ызасы сыртқа жалынша,
арыстанша атылғалы тұрған кекті бұқараның іс-әрекетін шебер әсерлегенсіз,—
деп жазады жас автор. Болар бала он бесінде баспын дер демекші,
байқағанымыздай, оқушы бола тұра пікірлері салмақты, сөз саптауы да
көркем. Хат мазмұнымен бастан-аяқ танысып шыққаннан кейін бұл хат сыншының
әдебиет әлеміндегі сыншылық қадамының ең әуелгі табалдырығы іспетті
көрінді. Әлбетте, мектеп оқушысы жазған хатты әсірелеп, асырып айтудан
аулақпыз, бірақ, еріксіз мойындайтынымыз, оның әдебиетті жасынан
сүйетіндігі, зердесінде ой түйетіндігі, сараптау, салыстыру сияқты
ізденімпаздыққа қабілеттілігі еді.
Сыншы Зейнолла Серікқалиев әдебиет сынына алпысыншы жылы келді.
Сол уақыттан бастап өмірінің ақырына дейін ерінбей, өзіндік үздіксіз
ізденісімен баспасөз арқылы жария еткен мақалаларын біз үш бағытта жіктеп
қарастырамыз:
1. Проблемалық немесе айтыс мақалалар
2. Ғылыми немесе теориялық мақалалар
3. Эсселер
Негізінде, бұл саралауымызға қарап сынның жанрлық сипаты осы үш
бағытпен ғана өлшенеді деген ұғым тумауы керек. Бұлай жіктеуіміз үшін біз
әдеби сынның теориялық негізін ғылыми тұрғыда сараптаған
Д. Ысқақұлының ғылыми- теориялық еңбектерін басшылыққа
алдық. Әбден саралап, таразылап, ерекше мән беретініміз, сынның жанрларын
айқындауда бірізділік жоқ. Дандай Ысқақұлының пікірінше, әдеби сынның
жанрлық жүйесін айқындау оның сан сипатты табиғатынан туындайды. Сол
себепті де оған бір ғана әдеби, не публицистикалық принциппен, өлшеммен
келуге болмайды.
Әдеби сынның методолгиялық мәселелеріне диссертация қорғаған
И.Кондаков типологиялық тұрғыда: әлеуметтік–публицистикалық, ғылыми
–аналитикалық, көркем–эсселік түрін ғана таңдап ұсынған екен [11, 11].
Алайда әр жанр таза қалыпта кездесе бермейтіні белгілі. Бір туындыда
бірнеше жанр элементтері тоғысып жатуы мүмкін. Филология ғылымдарының
докторы, профессор, журналист Темірбек Қожакеевтің Шығармада қай жанрдың
белгілері мол болып, бірінші қатарға түссе, туындыны сол жанрға
жатқызамыз [12, 6] —дейтін заңдылығын бүгінгі зерттеу жұмысымызда басты
назарда ұстадық.
Әрбір шығармаға өнер туындысы ретінде қарай білетін Зейнолла
Серікқалиевтің сыншылық даралығын зерттегенде, ең әуелі, ескеретініміз,
ол— эстет–сыншы. Шын сыншылық дарындылықтан туатынын ескерсек, оған эстет
деп тағы бір екпін бере айтуымызда да үлкен мән бар. Сонымен бірге, осы
пікіріміздің дәлдігі мен шынайылығы зерттеу жұмысымыздың барысында
дәлелденетініне сенеміз.
Ақиқатында, адам— жаратылысынан сұлулыққа құштар жаратылыс иесі. Ол
өзінің рухани рахатын табиғаттан іздейді және адам ақыл-ойының жемісінен
туған өнер туындыларынан нәр алады. Өмірді сөз арқылы бейнелейтін өнер —
әдебиеттің рухани құндылығы ешбір өлшемге сыймаса керек. Бір анық нәрсе,
сөз өнері — көркем әдебиетті әдебиеттану ғылымымен бірге эстетика ғылымы
да зерттейді. Ал эстетика дегеніміз — әдемілік туралы ғылым. Әдеби сын
эстетика ғылымының жетістіктерін өз қызметінде кеңінен пайдаланып отырады.
Кез-келген көркем шығарма оқырманның эстетикалық қажеттілігін өтеуге
тиісті. Эстетикалық қажеттілік—адамның рухани өміріндегі туа бітті
қасиеттерінің бірі. Шын мәніндегі өнер шығармасы еліктірерлік үлгілер
жасау арқылы адамдарды жақсы өмір сүруге үйретеді, алға ұмтылдырады, жақсы
қасиеттерді көрсетіп тәрбиелейді [13, 182] —деген пікір де негізсіз
айтылмаған.
Сөз өнері жайлы топшылаулардың туу тарихын, жалпы өнерге тән қасиет
(әдемілік) хақындағы ұалыптасу тарихын әдебиет пен өнер зерттеуші ғалымдар
біздің эрадан бұрынға ҮІ ғасырдан, яғни Пифагор тұсынан бері ұарай
тұтастыра жүйелеп жүр. Дұрысында, адам баласының көркемдік талғамының
алғашқы белгілері грек өркениетінен ондаған ғасыр бұрын Нил мен Нигер,
Хуанхэ мен Янцзы, Инд пен Ганг, Тигр мен Ефрат жағалауларын мекендеген көне
халықтардың рухани өмірі мен өнерінен пайда болған.
Зейнолла Серікқалиев шығармашылық ғұмырында таңдап алған сын жанры қай
кезде де әдебиетіміздің эстетикалық татымды табыстарын халықтың игілігіне
айналдыруда маңызды қызмет атқаратыны даусыз. Бұл жерде әдеби сынның
оқырманның эстетикалық талғамын қалыптастыруда еңбегі елеулі. Өйткені, сөз
өнерінің көркем қырларынан әдемілікті сезіне біліп, эстетиткалық ләззат алу
қарапайым оқырманға оңайға түсе бермейтіні даусыз.
Тақырыптық бағытымыз З. Серікқалиевтің публицистік қабілет-қарымын
даралап жеткізу болғандықтан, архив қорынан қолымыз жетіп, куә болғанымыз,
сыншының 1961 жылы поэзиялық шығармаларға арнап жазған Ойсыз өлең жоқ
деген тақырыптағы проблемалық мақаласы. Дәлірек айтқанда, Қазақ
әдебиетінің 18 тамыздағы шығарылымында жарияланған. Проблемалық мақалада
әдебиеттің идеялық, көркемдік –эстетикалық, адамгершілік, тілдік, т.б кесек
мәселелері көтерілуі заңды. Сыншының Ойсыз өлең жоқ атты мақаласында:
Талант рухын көтеріп, құрметке бөлейтін де, арзан мүлкін ұсынған авторды
жамағат-жұртшылық алдында айыптайтын да — ең алдымен ақынның өз
творчествосы; оның бүкіл жан-сезімін, көңіл-күйін аңғартар өз қаламының
ыссылы-суықты іздері,— деу арқылы сыншы ақын тұлғасын танытуда ең әуелі,
оның шығармашылығына жүгінетіндігін жазады. Мұнда танымалы бар, жас талабы
бар Әбділда Тәжібаев, Сағи Жиенбаев, Ізтай Мәмбетов, Абдрахман Асылбеков,
Аманжол Шамкенов, Тұманбай Молдағалиев, Тілеген Шопашев, Қасым Тоғұзақов,
Тоқаш Бердияров сынды ақын қауымының жыр әлеміне Зейнолла Серікқалиевтің
пайымымен саяхат жасайсыз. Сол кезеңдегі поэзия сынында үздік, сәтті
туындылар дәріптелетін, не түкке тұрғысыз шалағай шығармаларды сыналып,
үкім шығарылатын. Бұл үрдісті заңды деп қарағанымызбен, сыншы ескерген
мына мәселе өте әділ айтылған деп ойлаймыз. ... Бір өкініштісі, тәуір
деген дүниеңіз талданбайды, мақталады. Ешқандай талассыз кез келген адам
мойындайтын сәтті туындының атын атап ардақтау да, көзге бадырайып көрініп
тұрған, сауатсыз қолдан шыққандай бос сөздердің сылдыр ұйқасын сынап,
кемшілігі жайлы жаттанды пікір айта салу да онша көп еңбек сіңіруді
қаламайды. Сыншының поэзия сынына қатысты мақаладағы ой-тұжырымы
осындай. Әйтсе де қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті қайраткері Ахмет
Байтұрсынұлының Дарынды сөзді сынау үшін де білім керек. Сондай-ақ
дарынды сөздің мінін ақындық дарыған адам көбірек көрмек [14, 99], — деген
пікіріне сүйенсек, жоғарыда есімдері аталған ақындардың өлеңдері туралы сөз
қозғау үшін де өренің биіктігі керек. Ақындық қабілет-дарынның даралығын
сараптау үшін шыншылдық қана емес, көркемдік пен көрегенділік астасып,
сыншы талғамымен таразыланып жатса, нағыз сыни дүние болары күмәнсіз.
Бір қызығы, сыншы оқушы жұртшылығының біразы әлі де жылы
қабылдайтын, тәуір өлеңдер сапынан түспеген қайсыбір туындыларға ой
жүгіртуге батыл қадам жасайды. Қазақ поэзиясында өзіндік ізі бар,
талантты есімдердің бірінен саналған жас ақын Сағи Жиенбаевтің Дала гүлі
жинағындағы Сентябрь таңында деген өлеңі сыншының шынайы талқысына
түскен. Авторға әдейі кінәрат тағуды мақсат тұтпағандығы да айқын көрініп
тұр.
Алаулап алтын таң атты,
Аймалап сүйіп даланы.
Балқытып байтақ алапты,
Балғындар шырқап барады.

Бұлбұлдар әнге салады,
Тербетіп орман, тоғайды.
Жап-жасыл мектеп алаңы,
Раушан гүлге молайды.

Тағы да мектеп алдында...
Толассыз күлкі ұлғайды...
Алғашында С. Жиенбаевтің бұл өлеңін оқығанда әуезділігі, жыр
сазы ұйқасымен жарасымын тапқан шығарма ретінде ой түйеріміз анық. Алайда
Зейнолла Серікқалиевтің көксегені басқа екен: Шығарманы тұтас алып
қарағанда, біркелкі, жып-жинақы, кедір-бұдыры жоқ, есіліп жатқан шумақтар-
ақ. Автор ниетін тану да қиын емес. Осы топтың ішінде көппен бірге оның да
кішкене бауыры мектепке кетіп бара жатыр. Қуаныштың бір сәті делік мұны.
Мықтағанда бар айтарымыз осы. Жырда онан басқа, әрірек, тереңірек жатқан
ешқандай ой жоқ [15, 48]. Сыншының бұл пікірімен сөзсіз келісеміз. Бір
ескерер жәйт, осы мақаладағы сыншының ақындарға қадап-қадап айтқан
ұсыныстары да құптарлық. Ақын айтып отырған оқиға өз жүрегімен үндеспей,
жан дүниесінің тезінен, талқысынан өтпей, автор шығармасында құбылысқа тек
сырттай тамашалаушы күйінде қалса, ол, сөз жоқ, боямашылықа ұрынады, көзі
көргеннің бәрін тізіп беру сияқты шынайы поэзиямен сайыспас элементтерге
қол артуға еріксіз мәжбүр болады. Сыншы тарапынан айтылған дәл осы
ұсыныс бүгінгі күні де өзекті десек қателеспейміз. З. Серікқалиевтің өзі
зейін қойып, оқыған өлең шумағынан тұшынып алар рухани ләззат іздейтіндігі,
шын мәнінде, әрбір ақын жүрегін көркемдікке, шынайылықа шақырып тұрғандай.
Сонымен бірге бұл мақалада автор А. Шамкеновтың Секретарь атты өлеңіне
талдау жасап, бірыңғай ақындық ой тұтастығы да, автордың өзіндік шешімі,
алған тақырыбына өзіндік қатысы да жоқтығын батыл ескертеді. (Дала
тынысы жинағындағы Секретарь өлеңі, талданған-Г.С ) Ақынның сезім-күйін
жеткіземін деп, ол өз тарапынан ештеңе айта алмай, бұрыннан белгілі
мотивтер мен белгілі образдық жүйелерді қайталап кеткендігін сынға алады.
Мақалада сыншыны сүйсінткен өлең де жоқ емес. Ақын Ізтай Мәмбетовтың:
Дүниеге ез келіп те, ер келіп,
Ақ бесікте жатар бірдей тербеліп.
Аңғарылар айырмасы ақыры
Кетерінде қасиетті жерге еніп, —
деген жыр жолдарына сыншы үлкен тәжірибе жемісі ретінде де қолдау
білдіреді. Ақиқатында, адам баласы дүниеге бір ғана жолмен келеді. Ақ
бесікте қатар жатқан сәбилерге жаратылыс бар мырзалығымен, ешбір алаламай
ортақ махаббабытн сыйлайды да, жұмырбастыларға тән кіршіксіз, мөлдір, ең
асыл қасиеттерді көлденең тартады. Бірақ қатар өсіп, қатар ержеткендердің
бәрі де өмір талқысында әр түрлі шыңдалады, сондықтан олардың дүниеден кету
жолы да әр басқа. Біреулері өміріне өкінбестей адам баласының игілігі үшін
қолдан келгенінің бәрін аямай беріп кетеді. Сыншы І. Мәмбетов өлеңінің
оқушы жүрегіне жол тауып, бірден әсер етуін — онда адамзат ұрпағына тән
осындай ортақ шындық жатқындығында деп бағалайды. Ізтай қаламынан туған
жырдың құндылығы—автордың ақындығы мен өмірлік тәжірибесінің берік
ұштастығында екенін біз сыншы мақаласы арқылы жақсы түсінеміз.
Бұл мақалада автордың тағы бір ұтымдылығы, өлең жазу шеберлігіне
байланысты мынадай тамаша ойды қорытып, оқырманмен бөліседі: ...Тайға
таңба басқандай белгілі ақиқатты тек ұйқас, ырғақ жүйесіне түсіріп, қайта
баяндап беру — шындықты ақындық жанмен қорыту болып шықпайды. Талантқа тән
тапқырлық, көркемдік бояу жоқ жерде жалаң философиялық ой кімді
толғантпақ?. Әлбетте, әркімнің-ақ таласы бар өлеңнен ой іздеудің, тың
ізденісті талап етудің мәні үлкен. Сыншының осы тұстағы терең талғампаздығы
сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің Шығарманың атын Әзірет әлі қойсаң да
өз философияң болмаса, бәрі бос дейтін даналығымен астасып жатыр.
Сыншының дарыны сынның беделіне өз ықпалын тигізбей қоймайды.
Мына бір қызықты әңгіме біздің ерекше назарымызды аудартты. Егемен
Қазақстан газетінің 1998 жыл, 10 ақпан күнгі нөмірінде сыншы Зейнолла
Серікқалиевтің алпыс жылдық мерейтойына орай айтылған зиялы қауымның
лебіздері жарияланды. Сонда жазылған халық жазушысы Шерхан Мұртазаның
құрмет-пікірін қаз-қалпында келтірсек: ...Елуінші жылдардың ортасында
жаңадан жауқазындай қылтиып көрінген жас ақындардың жинағы жарық көрді.
Арасында менің үш-төрт өлеңім бар. Бір күні Лениншіл жаста сол жинаққа
сын жарияланды. Авторы—Зейнолла Серікқалиев. Менің өлеңдерімнің быт-шытын
шығарыпты. Содан қайтып өлең жазғанды үзілді-кесілді қойып кеттім. Сөйтіп
сыншы Зейнолла қазақ поэзиясын бір халтурадан сақтап қалды. Сыншы бір кезде
маған істеген принциптілігін қазір қайрай түссе, қазақ әдебиеті қыл-
қыбырдан тазарар ма еді?.... Жазушы еш бүкпесіз ақтарған осы сырдың
өзінен сын мәртебесін, сыншының беделін тануға болады. Біз жазушының
(Ш.Мұртаза) осы лебізінен соң мынадай үш қисынды пікірді түйіндедік:
1. Шерхан Мұртазаның айтқанына жүгінсек, Зейнолла Серікқалиев елуінші
жылдардың кезінде-ақ сынға қалам тартқан. (Түрлі себептерге қарай
сыншының сол уақыттағы кейбір сын мақалалары кітаптарына енбеген.
Алпысыншы жылдардан бастап баспасөзге жазып, жариялағандарының ғана
толық нұсқасы сақталған).
2. Сыншы Зейнолла Серікқалиевтің студенттік кезеңінде жазған алғашқы
сын мақалаларынан балаңдықтың ізі көрінбегендігі сол — Шерхан
Мұртазадай дарабоздың өзі азаматтық риясыз пейілімен сыншы шеберлігіне
бас иген.
3. Сыншының Ш.Мұртаза айтқандай, поэзия сынына принциптілігін
жоғалтпағандығына жоғарыда біз талдау жасаған
Ойсыз өлең жоқ атты мақаланың өзі толық дәлел болмақ.
Енді көкейде бір сұрақ бар? Ойсыз өлең жоқ проблемалық мақала ретінде
баспасөз арқылы ақындарға, жалпы қаламгерлер арасында қозғау сала алды ма?
Әлбетте! Сыншы поэзиялық туынды жазу шеберлігіне орай өзінің қисынды
пікір, тамаша ой-толғамдарын Өмірлі өнер үшін мақаласы арқылы тағы бір
тереңінен ашып жеткізді. Жұлдыз журналының 1961 жылғы №1
нөмірінде жарияланған бұл айтыс мақаланың жазылуына ақын Аманжол
Шамкеновтың Қазақ әдебиеті газетінде ( 25 тамыз, 1961ж.) жарық көрген
Жан серігің болса сын атты мақаласы себеп болды. Аманжол Шамкеновтың
өлеңі Ойсыз өлең жоқ деп аталатын мақалада сыншының қайрағына түскен
еді. Ақын А.Шамкенов өз мақаласында: Әр өлеңнен Серікқалиев талап
еткендей ой іздеудің қисыны келе бермес дейміз, —деген пікірін ашық жаза
отырып, сыншы мақаласымен келіспейтінін баяндайды. Біле білсек, А.
Шамкеновтің өзі айтқан бір ауыз сөзінен оның ақындық қабілетінен бұрын
болмыс шындығын бағамдауға болады. Адамның мәңгі өлмейтін рухының артықша
қасиеті — оның ақыл-парасатында. Ақылдылықтың ең соңғы, ең жоғарғы көрінісі
– ой [16.127] екенін ұғынған жан, бәлкім, мұндай жалаң түсінікте болмас
еді деп ойлаймыз. Тіпті, сыншы Сағат Әшімбаевтың Шыңғырған шындық
жолында атты эссесінде: Біздің көп ақындарымыздың өлеңдері техникалық
жағынан Абайдан артық соқпаса кем түспейді. Бірақ ой жоқ, —деуі
сыншыларымыздың әдебиетке жанашырлықтағы үндестігін, ортақ ізденімпаздығын
аңғартады.
Негізінде, көркем шығармаға эстетикалық талдаулар жасау сыншының
өнер туралы жан-жақты білімдар, эстетикалық түйсігінің, талғамының жоғары
болуын талап етеді. Сондай–ақ, әдеби сында өзінің эстетикалық тәрбиеші
қызметі үшін түрлі көркемдік тәсілдерді (әсерлі жазу, стиль айқындылығы,
логикалық ойдың айшықты белгілері,т.б) кеңінен қолданылатынын ескерсек, .З.
Серікқалиевтің Ойсыз өлең жоқ, Өмірлі өнер үшін мақалаларында осындай
биік өлшем бар. Сондықтан сыншы туған әдебиетіміздегі терең ой, терең
толғамның поэзиясына баға беруде де әділ. Сыншының пайымындағы ойлы ақын
кім десеңіз, алдымен, Балауса жинағындағы мына жыр жолдарына зер салыңыз:

...Анау келген кім болды екен, біліп келші кім екен?
Батырлық па? Өз төрімде жайраңдатам, түнетем.
Байлық болса қулау болар, тура қара көзіне,
Кім де болса алдамасын, алданбасын өзі де.
Қайғы болса, артында оның қуанышы бар шығар,
Бірі кірлеп, бірі жуып, кеудем менің аршылар.
Адалым боп арнап келсе —барым әзір, көңіл хош.
Түсір жылдам, атын байла, қырауын қақ, тонын шеш.
Шындық болса, кілем төсе, дастарханым жаямын,
Жалғандық па, —тулақ таста, сүртіп шықсын аяғын.
Енді осы жыр жолдарының авторына қатысты Өмірлі өнер үшін
мақаласындағы сыншының көзқарас-пікірін оқып көрейік: ...Табиғат
сұлулығына, құбылыстың ең негізгі астарына, мәніне бойлай, философиялық
түйіндеуге икемді, образды көріністерге толы өлеңдерінде өткір метафоралар
арқылы жыр арқауына алынған шындықты бұрын –соңды көзіңе түспеген жаңа бір
қырымен көрсетуге тырысатын ізденімпаз, ойлы ақын—Жұмекен Нәжімеденовтың
өлеңдері қандай!, —деп сүйсінеді сыншы. Шынында, сыншының қуаттап,
қолдаған өлең жолдары ізгілікті қастерлеп, жалғандықты көкірегінен итеретін
әрбір адамның жүрегімен бір үндестік табады деп ойлаймыз.
Жалпы әдебиетте эстетикалық сындардың болуы— әдеби ой пікірдің
кемелдік дәрежеге жеткендігінің де белгісі. Кезінде сын өнерінің атасы
В.Г. Белинский әдебиетке тек эстетикалық сындар керек деп талап қойғаны
белгілі. Шығарманың эстетикалық қадір - қасиетінің дәрежесін анықтау
сынның бірінші ісі болу керек. Шығарма эстетикалық талдауды көтермесе, оны
тарихи тұрғыдан сынаудың да қажеті жоқ [17, 437],—деп жазған еді сыншының
атасы В.Г.Белинский.
Бұл жолы біз сыншы З. Серікқалиевтің мақаласының тұтас мазмұнын
баяндаудан шектеле отырып, ондағы айтылған негізгі тұжырымдарды
қарастырмақпыз:
... Оқушы назарына ұсынылып отырған шығарманың көркемдік құны, сапасы,
ондағы образдардың дәлдігі мен әуезділігі әрдайым авторлық терең ой, терең
сезімнің қаншалықты үйлесімді, қаншалықты жарасымды шыққандығына тікелей
байланысты болмақ. ... Ой өлеңде тек қана образды берілуге тиіс. Ақынның
маңдай терімен туғанымен, баурай алмайтын, сезімсіз, жалынсыз, самарқау
берілген ой да оқушыға ешқандай әсер етпейді. Ал нағыз ақындық
махаббаттан туған шынайы сезім мен ақындық ой-парасат тереңдігінің
үндестігі – шеберлік критерийінің бірі. Көкірегі ояу, көзі ашық сыншы З.
Серікқалиевтің ойлы өлеңге қатысты осындай пікірлері әдебиеттанудағы
теориялық білімнің өрісін кеңейтіп, тәжірибелік жағынан байытатыны даусыз.

Жоғарыда біз сөз еткен поэзиялық шығармаларға арналып жазылған екі
мақаланың 1967 жылы Жазушы баспасынан басылып шыққан автордың Ойлар,
толғаныстар кітабына толық енгізілуі де тегіннен-тегін емес. Зейнолла
Серікқалиевтің бұл еңбегіне сыншы Сайлаубек Жұмабеков өзінің тұңғыш кітабы
Сын пернесінде: ... (Жинақтағы—Г. С) мақалалардың кез келгені сыншылық
ой-пікір сүбелілігімен, жазылу мәдениетімен ерекшеленер еді, — деп бағасын
берген. Қазір оқысаң да, бүгінгі күннің күннің талабымен соншама үндес, әрі
сыншылық мінездің біртұтас көріністеріне талай рет көз жеткізетін Ойлар,
толғаныстар жинағына топтастырылғандардың ішінде 1963 жылы Жұлдыз
журналының ақпан айындағы басылымында жарияланған Сын және жауапкершілік
атты мақала да бар. Журнал редакциясы жас сыншы З.Серікқалиевтің бұл
мақаласын әдебиет сынының проблемалары жөнінде пікір алысуға түрткі болсын
деген мақсатта жазушы, сыншы, әдебиетшілердің назарына ұсынған.
Сын және жауапкершілік көтерілген проблемасының ауқымдылығымен
ерекшеленеді. Сондай-ақ мұнда теориялық қағидалар да орын алған. Мысалы,
қандай ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бауыржан Момышұлы шығармашылығының өзіндік көркемдік сипатын байыптау
Мұхтар Әуезов туралы жазылған мақалаларға шолу
Әдеби портрет ұғымының әдебиетте қолданылуы
ШЕРХАН МҰРТАЗА ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Асқар Сүлейменовтің драматургиясы
«20 ғасырдың 60 жылдарынан кейінгі қазақ әдебиеті (1960-2000)» пәні бойынша әдістемелік нұсқау
Ә.Нұрпейісов шығармашылығының бастау –бұлақтары
Жазушының драмалық шығармалары
Қасым Қайсеновтің публицистикасы
Публицист шығармаларындағы этнотарих мәселесі
Пәндер