Бұқаралық коммуникация тілі ұғымының қалыптасуы


Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 125 бет
Таңдаулыға:   

Теледидар тілінің лингвопрагматикалық аспектілері

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

1 Бұқаралық ақпарат құралдарының зерттелу

тарихы және теориялық түсініктері . . . 7

1. 1 Тіл біліміндегі прагматикалық зерттеулер . . . 7

1. 2 Теледидардың пайда болу тарихы . . . 14

1. 3 БАҚ тілінің зерттелуі . . . 16

1. 4 БАҚ тіліндегі тірек терминдердің түсінігі . . . 20

1. 4. 1 Ақпарат ұғымының түсінігі . . . 20

1. 4. 2 Бұқаралық коммуникация. «Бұқаралық коммуникация

тілі» ұғымының қалыптасуы . . . 29

1. 4. 3 Медиа, масс-медиум . . . 34

1. 5 Тіл білімі мен телехабарлардағы жанр ұғымы . . . 37

2 Теледидардағы тіл бірліктерінің

прагматикалық мақсатта жұмсалуы . . . 42

2. 1 Телебағдарлама тақырыптарын функционалды-прагматикалық

талдау . . . 42

2. 2 Ақпараттық бағдарламалардың ерекшелігі . . . 53

2. 3 Спорт хабарлары тілінің ерекшелігі . . . 65

2. 4 Ток-шоу тілінің ерекшелігі . . . 83

2. 5 Тележарнаманың тілдік ерекшеліктері . . . 98

Қорытынды . . . 115

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 118

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысы теледидар тіліндегі тілдік бірліктердің прагматикалық мақсатта жұмсалуын қарастыруға арналып отыр.

Тіл білімінде соңғы жылдары БАҚ-тың тілін ғылыми тұрғыда қарастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, мерзімді басылымдар тілі тіл білімінің әртүрлі деңгейлерінің нысаны болып, жан-жақты зерттелуде. Ал теледидар тілін зерттеуге бетбұрыс жасалып, баспасөз беттерінде түрлі мақалалар жарияланып, арнайы конференцияларда баяндамалар жасалғанымен, бұл салаға қатысты жазылған ғылыми зерттеу жұмысы әзірге біреу ғана. Д. З. Ғаббасованың [1] ток-шоудағы теледидарлық диалогты қазақ және неміс тілдерінде салыстырмалы түрде талдап, теледидар тілін бір ғана жанр аясында қарастыруы теледидар тілін зерттеудің алғашқы қадамы болып табылады.

Теледидар - бүгінгі таңдағы адамзат өмірінің ажырамас бөлшегі. Әрбір қоғам мүшесі өзіне қажетті ақпаратты қысқа мерзімде ақпараттық құралдардан алып отырады, екіншіден, мемлекеттің қоғамда жүргізіп отырған саясатын, идеологиясын таратуда теледидардың маңызы зор.

Бүгінгі күні халықтың мәдени, рухани өмірінен үлкен орын алып отырған, қоғамның жетекшілік нұсқауларын насихаттайтын ең пәрменді бұқаралық құрал - теледидар хабарларының міндеті сан алуан. Күніне бірнеше рет берілетін соңғы хабарлардан бастап, әдеби, мәдени, саяси, оқу-ағарту, сан салалы өндіріс пен шаруашылыққа байланысты, спорт, т. б. тақырыптарға арналған мәселелер теледидарда дәстүрлі жүргізілетін хабарлардың негізгілері болып саналады. Демек, теледидар қамтымайтын, оның көп салалы жоспарларына ілінбейтін өмірдің еш саласы жоқ. Осындай ел өмірін жан-жақты қамтитын теледидар хабарларында қазақ тілінің қолданылу аясы да кең, коммуникативтік қызметі де маңызды.

Қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдері тұрғысынан саралағанда теледидар тілі әдеби тілдің публицистика саласына жататыны дау туғызбайтын мәселе. Бұл жөнінде ғылыми әдебиеттерде де бұрыннан айтылып жүр. Зерттеу еңбектерінде теледидар тілінде «көркем әдеби тіл стилі, оның жанрлары, ғылыми стильдің, тіпті кеңсе, іс-қағаздары стилінің де, бұларға қоса ауызша сөйлеу стилінің, оның да әртүрлі жанрларының белгілері бар екендігі аталып, қазіргі кезеңдегі радио, теледидар тілінің стилі - тек қана публицистика стилімен шектеліп қоймайды, онда қазақ әдеби тілінің бүгінгі даму сатысындағы басқа да функционалдық стильдерінің, ауызша сөйлеу тілі стилінің, олардың әртүрлі жанрларының сипаты бар», - деген қорытынды жасалады [2] .

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақ тіл білімінде теледидар тілін зерттеуге әлі де аз көңіл бөлініп келеді. Бұл тақырыпты қарастыруға арналған арнайы, жүйелі теориялық еңбектердің аз болуы зерттеу жұмысын жасауға кедергі жасайды. Қазақ тілінде теледидарға қатысты берілген мақалалардың көпшілігі тіл тазалығына байланысты. Қазақ тіліндегі теледидар тілінің стиліне, тіл тазалығына, тіл нормаларын сақтау ерекшеліктеріне байланысты мәселелерді Р. Сыздықова, М. Серғалиев, Ш. Құрманбайұлы, Н. Уәлиев, Б. Омарұлы, Г. Смағұлова сынды ғалымдар мен қоғам қайраткерлері ғылыми мақалаларына арқау етті.

Зерттеудің мақсаты - әртүрлі жанрдағы теледидар хабарларын таратудағы диктор, тележурналистердің, комментаторлардың жиі қолданатын тіл бірліктерін анықтап, теледидар тілінің арнайы лексикасын бір жүйеге келтіруге ұмтылу, яғни теледидар тілінде көрерменге ақпаратты пәрменді әрі жылдам жеткізу, уақыт үнемдеу, т. б. тілдік үрдістерді нақтылау мақсатындағы тележурналистердің ұдайы қолданатын тілдік бірліктерін анықтау. Осыған байланысты зерттеу жұмысында төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:

  • БАҚ тілінің орыс және қазақ тіліндегі зерттеулерінің түрлі жетістіктеріне сүйене отырып, еңбекте басшылыққа алынатын теориялық ұстанымдарды негіздеу;

● БАҚ-та қолданылатын тірек терминдердің пайда болу және жасалу жолдарына, мағыналық құрылымдарына талдау жүргізу;

● БАҚ тіліндегі жиі қайталанатын модельдерді, стандарттарды, қалыптарды айқындау;

● телебағдарламалардың жанрларына салыстырмалы тілдік талдаулар жасау, теледидарға қатысты арнайы лексиканы топтастыру, жүйеге келтіру;

● БАҚ-тың аудиалды, визуалды және аудио-визуалды түрлерінің тілдік ерекшеліктерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарына салыстыру арқылы тілдік сипаттама беру.

Зерттеу нысаны . Телебағдарлама тақырыптары, ақпараттық, спорттық, ойын-сауықтық бағдарламалар және тележарнамалар тілі.

Бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде теледидар бағдарламаларының тілдік ерекшеліктерінің лингвистикалық тұрғыдан талдануы зерттеу пәні болып табылады.

Зерттеу әдіс-тәсілдері. Жұмыста тілдік факторларды белгілеудегі негізге алынған сипаттамалы әдіс, салыстырмалы әдіс, контрастивті-компоненттік талдау, материалдарды жаппай іріктеп жинақтау, топтастыру тәсілдері қолданылды.

Зерттеу материалдары ретінде теледидар арналарында берілетін түрлі бағдарламалардан (ақпараттық, спорттық, ойын-сауықтық, жарнама) алынған материалдар қолданылды. Жұмысты жазу барысында 3000-ға тарта мысалдар жинақталды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысының нәтижесінде мынадай мәселелер ғылыми жаңалық ретінде шешімін тапты:

- Бұқаралық коммуникация және бұқаралық ақпарат ұғымдары, сонымен бірге БАҚ-тың дәстүрлі және жаңа түрлеріне қатысты тірек терминдердің қазақ тіліндегі қалыптасуы сараланды;

- теледидар тілі арқылы (өзге де БАҚ секілді) қоғамдық пікір стереотиптерін қалыптастыратын тілдік бірліктер, модельдер, қалыптар, стандарттар болатындығы жанр түрлеріне қарай анықталды;

- БАҚ-тың аудиалды, визуалды және аудио-визуалды түрлерінің бір-бірімен ұқсастықтары мен айырмашылықтары салыстырыла көрсетілді;

  • жарнама мәтініндегі бағалауыштық категориясын анықтайтын тілдік құралдар белгіленіп, жіктелді.

Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Зерттеу барысында алынған нәтижелер мен тұжырымдар теледидар тілінің лексикасымен, оның өзіндік ерекшелігімен жақынырақ танысуға, тіл білімінің лексика саласының теориялық тұрғыдан толыға түсуіне үлесін қосады. Диссертациялық жұмыс бұқаралық ақпарат құралдарының ішіндегі ең күрделісі теледидар тілін зерттеуге негіз болады.

Зерттеу жұмысының практикалық мәні. Зерттеу жұмысында алынған нәтижелер мен қорытындыларды жоғары оқу орындарының қазақ тілі, қазақ тілінің лексикологиясы, стилистикасы сияқты іргелі пәндерді оқытуда қосымша материал ретінде, БАҚ бойынша арнаулы курстарда, қазақ әдеби тілінің оқу-әдістемелік материалдарын құрастыруда, салалық сөздіктер жасауда пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

● Тележурналистердің күнделікті бағдарламаларда уақыт үнемдеу, көрерменге ақпаратты түсінікті етіп беру мақсатында қайталап қолданатын тілдік бірліктері арнайы қалыптар болып қалыптасады. БАҚ тіліндегі арнайы қолданылатын бірліктер арқылы теледидар тілінің «сөздік жадын» құрайтыны сараланды.

● Өзге мәдениеттің теледидар арқылы трансформациялануы алдымен қабылдаушы топтың лексикасына әсер етеді. Лексикалық өзгешеліктер теледидар тілінің негізгі сөздік қорын құрайтыны айқындалды.

● Публицистикалық стильдің бір құрамдас бөлігі теледидар тілі - коммуникацияның вербалды және бейвербалды тілдік құралдары араласқан ерекше функционалдық түрі. Теледидарда тілдің функционалдық стильдері арасында болатын жаңалану үрдісі тіл нормасының өзгеруіне әкелетіні дәлелденді.

● Теледидар арналарында болатын бағдарламалардың жанрына қарай өзіндік арнайы лексикасы қалыптасады. Теледидар тілінің ең басты ерекшелігінің бірі - тілдік бірліктердің тұрақты қайталанып берілу, бағалауыштығы екені анықталды.

● Ақпараттық бағдарламаларда қоғамда болып жатқан шытырман оқиғалар (қылмыстық жағдайлар, саясаттағы олқылықтар, т. б. ) саяси эвфемизмдермен бүркемеленіп берілетіні, спорттық бағдарламалар тілі көбіне қимылға қатысты лексикамен құрылатындығы, ал жарнамалық, ойын-сауықтық мәтіндердің прагматикалық құрылымы тілдік құралдардың тиімді, үнемді қолданылуына қарай жүзеге асатындығы нақтыланды.

Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен бағыттары лингвистикалық бірлестікте, университетте жыл сайын өтетін ғылыми-әдістемелік және әр деңгейдегі конференцияларда баяндалды. Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен нәтижелері ҚазҰУ хабаршысы (Алматы, 2003; 2004; 2006), «С. Аманжолов және қазақ тілі теориясының негіздері» (Алматы, 2003), «С. Аманжолов және қазіргі қазақ филологиясының өзекті мәселелері» (Алматы, 2004), «Түркі сөз әлемі» (Алматы, 2004) атты ғылыми-республикалық және халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалды. Республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда зерттеу жұмысы бойынша 6 мақала жарық көрді.

Жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, тұжырымдардан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 Бұқаралық ақпарат құралдарының зерттелу

тарихы және теориялық түсініктері

1. 1 Тіл біліміндегі прагматикалық зерттеулер

Тіл білімі саласы өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейін тарихи және құрылымдық тұрғыдан зерттелініп келді. Лингвистика ғылымының зерттеу бағытындағы жаңа арнаға түсуіне прагматика мәселесі септігін тигізді. Яғни, 70-жылдардан бастап қолға алынып, зерттеле бастаған прагматика лингвистика ғылымында басқаша зерттеу бағытын туындатты.

Тілдік материалды бірегей ұғымда сипаттау үшін біздің зерттеу жұмысымызда ең алдымен прагматика терминінің мәнін ашып алу қажет. Ғылымның таңбалар туралы - синтаксис, семантика және прагматика сияқты дәстүрлі бөлімдерінің ішінде прагматика ұғымына қазіргі уақытқа дейін біртұтас анықтама берілген жоқ, дегенмен осы пәндік саланың көптеген аспектілері лингвистикалық зерттеудің шеңберінде бірнеше рет қарастырылды.

Прагматика (грек сөзі) - «іс-әрекет» деген мағынаны білдіреді. Бұл терминді өткен ғасырдың 30-шы жылдары семиотиканың негізін салушы Ч. Пирс пен Ч. Моррис енгізген болатын [3, 201 б. ] . Бұл термин таңбалардың семиозисы мен оның функционалдық аспектісі, яғни интерпретаторлар аралығындағы қарым-қатынастарды айқындау мақсатында қолданылады. Прагматика теориясын дамытып, оны көп аспектілі ғылым ретінде дәлелдеген ғалымдар: Ч. Стивенсон, Р. Стольникер, Ф. Кифер, Н. Д. Аруланова, Е. В. Падучева, В. Г. Гайа, т. б.

«Конверсационалдық прагматика», яғни әңгіме прагматикасы адамзаттық қызметтерді зерттеудің жалпы тұжырымдамаларына сүйенеді. Бұл тұжырымдағы прагматика тілдің адамзат қызметіндегі қолданысының мақсаттары мен нәтижелерін, ал семантика ойды жеткізудің мағынасы қандай болатындығын айқындайды. Прагматикалық-әдістемелік зерттеулер тілдік таңбалардың, сөйлеу қарым-қатынасының барлық деңгейлерін, сонымен қатар таңба мен қолданушы адам арасындағы қарым-қатынасты зерттейді.

Тіл мен сөз - адамның ақылының айнасы, көңілінің көрінісі. Қазақ ғалымдары өз еңбектерінде сөздік таңба, ой бірлігі адамның танымдық ұғымы мен сезім әрекеті арқылы берілуінің мәнін жан-жақты етіп ашты, олар категориялардың бүгінгі прагматика және стилистика мәселесімен қатысты екендігін айқын көрсете білді.

Прагматика сөйлеу әрекеттерін оқып-үйретуді және оның жүзеге асу шарттарын зерттейді. «Прагматика - коммуниканттардың бір-біріне және мәтіннің мазмұнына (жазбаша және ауызша түрде) олардың коммуникативтік пиғылымен және сұқбаттасу мән-жаймен санасқан жеке қарым-қатынасы. Лингвистикалық прагматиканың ең басты ерекшелігі - оның белгілі бір деңгейдегі шектеулі шеңбері болмайды, осыған орай ол көптеген мәселелерді қамтиды. Прагмалингвистика коммуникативтік іс-әрекет туралы ғылым саласы болғандықтан, тіл ғылымының басқа салаларынан бөлшектенбейді, тілдің барлық аспектілерінің қызметіне тікелей қатыса алады.

Прагмалингвистика шындыққа негізделген коммуникация бағытында тілдің субстанционалдық-функционалдық ерекшеліктерін, қарым-қатынасын оқып үйрететін сала, сонымен қатар ол белгілі тұлғалардың нақтылы сөйлеу барысында вербалды және бейвербалды тілдік тәсілдерді пайдалана отырып, пікір алысып, ой бөлісуін үйретеді. Ақиқатқа құрылған өмір жағдайларында адам кез келген уақытта таңбалар арқылы өзінің ой-пікірін тыңдаушыларына немесе оқырманына жеткізе алатындығын үйретуді мақсат етеді.

Бүгінгі таңда орыс тіл білімінде, сонымен бірге қазақ тіл ғылымында стилистиканың прагматикамен тығыз байланыстылығы туралы зерттеу еңбектері кеңінен өріс алып келеді. Орыс ғалымдары прагматиканы әр қырынан, әр аспектіде зерттей отырып, тілдің құрылымындағы прагматиканың мақсатына басты назар аударды. Мәселен, Н. П. Ульянова [4] лексикалық бірліктердің мағыналық ішкі формасын прагматикалық компонент ретінде, Л. А. Уралова [5] жалпы коммуникативтік сөйлеу формасындағы прагматикалық бағытты қарастырса, Н. К. Шорабаева [6] фразеологиялық мағынаның прагматикалық тиімділігін ғылыми еңбектеріне арқау етті.

Прагматика қатысым әрекетіндегі таңбаның болмыс ерекшеліктерін айқын көрсетеді. Автордың жеке қолданысындағы кез келген тілдік таңба өзінің «іс-әрекетін ықпал ету», «белгілі мақсатқа арнап» құру қасиетіне ие болады. сондай-ақ прагматика тілдік таңбалардың оны қолданушы адамдарға қарым-қатынасын білдіріп, оған тікелей әсер етеді де, қабылдаушының реакциясын туындатады. Осыған байланысты прагматиканың табиғатын, оның тіл ғылымының қай саласында мәні мен мағынасы толық ашылатынын жіті анықтаудың қажеттілігі орнайды.

Тілдегі таңба мен қабылдаушы арасындағы байланысты, сонымен қатар сол аралықтағы өзара қарым-қатынастық үздіксіз құбылыстарды айқындаудағы прагматиканың мәні өте зор. Сөйлеу актілеріндегі қатысушылардың психологиялық жағдайы, олардың қарым-қатынас аясы, саяси-әлеуметтік жағдайы, прессуппозициясы, сөзінің шынайылығы, дүниетанымдық көзқарасы белгілі стилистикалық мәнге ие болатын таңбаларды таңдап ала отырып, өз мақсатына жетуі сияқты мәселелер прагмастилистиканың зерттеу мағынасына толық айналады.

Т. В. Булыгина өзінің «О границах и содержании прагматики» деген мақаласында: «Қазір прагматика деп қабылданып жүргеннің ішіндегі көпшілігі грек және римдік ғылымда «риторика» деген атпен негізделіп келді», - деп тұжырымдайды [7, 243 б. ] . Ғылымның прагматикалық аспектісіне түрлі эксперименталдық зерттеу жүргізген авторлар және интерпретаторлар назар аударды: «Аристотель «Об истолковании» атты кітабында сөзге барлық адамдарға да ортақ - ойдың шартты таңбалары деген түсінік берді. Оның талқылауындағы теория дәстүрлі теорияға айналды. Оның негізі мынадай: таңбаның интерпретаторы - бұл сана, интерпретант - ой немесе түсінік; осындай ойлар немесе түсініктер барлық адамзат баласына ортақ және олар сананың объектілер мен олардың қасиеттерін ұғынуының нәтижесінде туындайды; сана айтылатын сөздерді осы ұғымдарды және соған сәйкес заттарға жанама түрдегі көріністерді тікелей қабылдау қызметі арқылы бөледі; қол жеткізу мағынасында таңдап алынатын осы мақсат айтылуы жағынан туынды болып саналады және ол бір әлеуметтік топтан екінші топқа өткенде түрленіп отырады; алайда олардың айтылулары арасындағы байланыс туынды болмайды, олар түсінік қарым-қатынасы мен сол заттардың өзіне сәйкесіп айтылады» [8, 91 б. ] . Сөз бізді қоршаған тіршіліктің түрлі құбылыстарының атауы ретінде беріледі, осының нәтижесінде сөздердің мағыналары құбылыстардың жалпыланған бейнелерін, олар туралы мәліметтерді білдіреді.

Өзінің бүкіл тарихи жолында таңба теориясы сана және ойлау теорияларымен тығыз байланысты болғандығын байқаймыз, бірақ лингвистиканың даму кезеңдерінде «прагматика» термині түрлі мағынада қарастырылып келді. Ғылым көп уақыт бойы тілді өзі суреттейтін табиғи болмыстан бөлек алып зерттеді. 20 ғасырдың басында тілге қатысты семиотикалық бағыт принциптерінің дамуы Ф. де Соссюрдың ықпалымен қолға алынды. Соссюрдың пікіріне сүйенсек, тілден тыс болмысты, коммуникация барысы мен оған қатысушыларды қарастыру мәселелері семиотика табиғатына «қарама-қайшылық» болып есептеледі. Осыдан соң структурализмнің постулаттары мен семиотикалық идеялары жасалына бастады. Алайда тілде кең қолданылатын сөйлеу контекстеріне назар аудармастан құрылымдық және жүйелік заңдылықтарға балама сипаттама табудың мүмкін еместігі айқын болды. Тіршіліктің табиғи ортасы - сөйлеу қызметіне ешқандай ауыртпалықсыз еніп, тілді әлеуметтік және жеке жағдайлардан дербес етіп, белгісіз бір абстрактілік феномен ретінде қарастыра отырып, құрылымдық лингвистика саласы жасанды дерексіз, ойша жору құрылымына түсуге тәуекел еткен еді. Осыған байланысты тіл феноменін екі түрлі көзқарас тұрғысынан, интерпретацияның жинақталған түрлі тәсілдері мен әдістерінің нәтижесінде белгілі бір объектінің кейбір белгісіз жақтарын тереңірек анықтайтын аралас көзқарас тұрғысынан қарау қажеттігі күннен-күнге айқындала түсті. Зерттеушілер прагматика құбылысын қарастырудың жаңа міндеттері алға қойылғандығын үлкен жауапкершілікпен қабылдады.

Ф. де Соссюрдың тілдің дәлелденбегендігі туралы теориясы тілдің таңбаларын олардың өздері белгілейтін заттар әлемінен, бір жағынан, олар қызмет ететін адамдар әлемінен бөліп алғандығымен келіспей болмайды. Дегенмен бұл тұста автордың идеясына сүйенсек, ой да, тіл де өз бетімен жекелеген әлем жасай алмайды, олар тек шынайы өмірдің мәні ғана болып саналады, олар бізге айқын да негізді болып көрінеді.

М. А. Пробст: «Біздің табиғи тіліміз - адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы, тіл әрдайым өз бетімен жүрген адамдарға емес, белгілі бір ұйымға, белгілі бір қоғамға жататын адамдарға қызмет етеді. Осылайша, тіл үнемі не адамдардың ұжымын, не бірегей жүйедегі ұйымдар жиынтығы, яғни қоғаммен байланысты адамдарға қызмет көрсетеді», - деп тұжырымдайды [9, 75 б. ] . «Тілді қолданатын тұлға немесе тұлғаларға қатысты тіл бірліктерін бөлетін және қарастыратын тілдің зерттелу жобаларының немесе аспектілерінің бірі «прагматикалық» немесе «прагматика» деп аталатындығы бізге кеңінен таныс» [10, 344 б. ] . Дегенмен көптеген зерттеушілер, бұл ғылыми саланың негізін құрайтын басты мәселелерге сүйене отырып, прагматиканы адамға оның мінез-құлқының (атап айтсақ, мимика, ым, дыбыс ырғағы және т. б. ) паралингвистикалық құбылыстарын реттеу мақсатында әсер етудің экстралингвистикалық құралы туралы ғылым деп қабылдауды ұсынады.

Л. А. Киселева «прагматика термині өзінің лингвистикалық аспектісін бүркемелейтін терминдермен табиғи түрде парадигматикалық байланысқа түседі», - деп нақты анықтама берген [11, 98 б. ] . Осыған ұқсас «прагмалингвистика» терминін ұсынған зерттеушілердің көзқарасы бойынша «прагмалингвистиканың» мазмұны да айқын: прагматика - әрекет, прагмалингвистика - интеракция, әсер ету құралын зерттейтін ғылым; оның міндеті - «адамзаттың мінез-құлқын вербалды басқаруды, адамдардың сөйлесім арқылы жеке және әлеуметтік мінез-құлықтарын модельдеуді зерттеу, ал пәні - атқарушы ақпарат ретінде жинақталған тілдік ақпарат» [11, 98 б. ] . Бұл, өз кезегінде, тілдік құралдарды олардың алдын-ала берілген прагматикалық ерекшеліктері тұрғысынан зерттелуін, прагматикалық ақпараттың пайда болу жолдарын қарастыру, сонымен қатар коммуникация үрдісіндегі тілдік бірліктердің прагматикалық қалыптасу заңдылықтарын зерттеумен байланысты. Басқа сөзбен айтқанда, прагматика жасанды тілдің белгілі бір аспектілерін білдіреді. Оның аспектілері тілдік ойлардың қызметтік күшін құрайды. Бұл күштері адамның коммуникацияға сәйкес нақты мақсаттарымен байланысты құрамында субъективті факторлары бар мақсаттық қызметімен тығыз қарым-қатынаста болады.

Ч. Моррис cубъектінің коммуникативтік қызметіндегі таңбалық үрдістің қатынасы үш жақты болатындығын ескере отырып, семиозисті үш өлшемнің шеңберінде қарастыруды ұсынады: «семантикалық - таңбалардың объектілерге қатынасы; синтаксистік - таңбалардың бір-біріне формалық қатынасы; прагматикалық - таңбалардың интерпретаторларға қатынасы» [12, 192 б. ] . Таңбалық үрдісті зерттеуде осы аталған үш өлшемді қолдану тиімді сияқты және ол, ең алдымен, объектімен, қоршаған орта және т. б. байланысты түрлі сұрақтар кешенін қамтитын коммуникативтік қызметтің күрделілігіне негізделген. Сонымен қатар Ч. Моррис семиозис қатарына 1946 жылдан бастап «сигнификат» деп аталған, яғни таңбаның нені білдіретіндігіне қатысты және біркелкі құбылыстар тобының ойлаудың баламасы ретінде түсінілетін «десигнат», бұған қоса объектілер белгісі - «денотат» ұғымдарын енгізді. Н. Г. Комлев денотат ұғымына мынадай анықтама береді: «Денотат дегеніміз - бұл шынайы немесе қияли объектілер, олардың тілдік ұстанымда белгісі болуы да, болмауы да мүмкін. Тіл лексикалық ұғыммен, лексикалық ұғым сөйлеу барысында денотатпен сәйкесетіндігін еске сала кетейік. Осылайша, денотат, нақты зат емес, сол зат туралы оқиғалық көрініс» [13, 37 б. ] . Э. Д. Сүлейменова атап көрсеткеніндей, «денотат ұғымы» адамның коммуникативтік және прагматикалық қажеттіліктеріндегі күрделі байланыста болатын танымдық құрылымнан пайда болады [13, 39 б. ], себебі ол, біздің ойымызша, кез келген таңба сияқты өзінің қызметінің, яғни тілдің соңғы нәтижесіне бағынады, тіл дегеніміз - адамның сөйлеу құралы, оның көмегімен адам өзінің сезімін, еркі мен жігерін білдіреді, ойын жеткізеді, басқа адамдарға әсер етеді, басқалар оған әсер етеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бұқаралық дискурс ерешеліктері
Аудармада экспрессивті құралдарды қолдануды талдау
Сөз мағынасының дамуы және ақпарат
Ақпарат қоғамының философиялық аспектілері пәні бойынша лекция жинағы
Саяси жарнама тарихы
Саяси коммуникация және саяси дискурс
Ақпарат құралдарының тәрбиеге ықпалы
Қазақстандық іскерлік журналистиканың қалыптасуын зерттеу
Араб саяси дискурсының ерекшеліктері
Мәдениетарлық коммуникация, оның түйінді ұғымдары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz