Қазақ эпосындағы өмірбаяндық сарындардың дүниетанымдық негіздері және типологиялық сипаты


- Қазақ эпосындағы өмірбаяндық сарындардың
дүниетанымдық негіздері және типологиялық сипаты
Қазақ халқының бағзы заманнан бергі негізгі рухани азығы, мәдениеті, философиясы - фольклор болғандығы мәлім. Оның шығармашылық үлгілері қисапсыз мол болса, жанрлық түрлері де көп.
«Фольклор» деген терминді ағылшын тілінен қазақ тіліне аударғанда, «халық даналығы» деген мағынаны білдіретіні белгілі. Осының өзі-ақ фольклордың синкретті, көпфункциялы құбылыс екенін ағартады. Бұны академик С. Қасқабасов : «Фольклордың үш сипаты бар: а) фольклор - ежелгі дүниетаным және көне мәдениет әрі мұра; ә) фольклор - тұрмыстың бір бөлшегі; б) фольклор - сөз өнері», - деп атап көрсетеді (Қасқабасов С. Қазақ фольклоры: статусы мен теориялық негіздері // кітапта: Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 1-том. Алматы, 2008. 20-б. ) .
Демек, «фольклор» терминінің кең және тар мағыналары бар. Аса кең мағынада алғанда, ол әр халықтың өзіндік ерекшеліктерін қамтиды. Одан тарлау мағынада қарастырғанда, оған халықтың көнеден келе жатқан дүниетанымы мен мәдениетін тұтастай жатқызуға болады. Ал, өте тар мағынасында ол «халықтың ауыз әдебиеті» деген ұғымды білдіреді. Фольклордың өзіндік ерекшеліктерін анықтаудың ең тиімді жолдарының бірі - оны типологиялық тұрғыдан зерттеу. «Типология» деген терминге филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Н. Путилов: «кең мағынада алғанда типология дегенді заңды түрдегі, объективтік жағдайларға орай туындаған, табиғаттағы, өмірдегі заттар мен құбылыстарда, қасиеттер мен қарым-қатынастарда байқаланатын қайталанушылық ретінде ұғыну қажет», - деп анықтама бергені белгілі. [Путилов Б. Н. Историко-сравнительное изучение фольклора. Тезисы. М., 1971. Стр. 58]
Әлем халықтары әдебиетіндегі ортақ құбылыстарды зерттеудің де ғалымдарды ежелден бері қатты толғантып келе жатқан көкейкесті мәселе екеніне, бұл саладағы ізденістердің негізгі аспектілеріне филология ғылымдарының докторы, профессор А. С. Ісмақова: «Типологиялық байланыс - бірнеше халықтың сөз өнеріндегі, әдебиетіндегі әдеби ағым, бағыт, стиль, сюжет, образдар ұқсастығы, жалғас-жақындығы. Мұндай ұқсастық арасындағы мәдени байланыстың тәжірбие алмасу нәтижесі болуы немесе бірнеше елдің тарихы тамырлас, тілі, дәстүрлері сабақтас болуынан тууы мүмкін. Мыс., орыс әдебиеті мен шығыс әдебиетінің үлгілері, сюжет, образдар қазақ арасында таралуы мәдени ауыс-түйіс түріне жатса, қазақ әдебиетіндегі көптеген сюжет, тақырыптардың кездесуі олардың мәдениетінің тарихи тамырластығынан туған ұқсастықтын танытады. Типологиялық байланыс әдебиеттің даму заңдылықтарын олардың әлеуметтік-тарихи жағдаймен сабақтастығын түсіну үшін аса қажет», - . [Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, 2005. 502- б] деген анықтама беріп, оданы ары қарай бұл ойын: «Типологиялық байланысты зерттеудің ең маңызды принциптері қандай десек, алдымен тарихи типологиялық ұқсастықтың тарихи негізділігіне көңіл бөлу, бүтіндей әдеби құбылыстар - әдеби бағыт, жанр, стильдік ағымдар, бірнеше халықтың әдебиетінде ұқсас келетініне назар аудару және типологиялық жалғастық, ұқсастық тілі, мәдениеті жағынан жақын халықтардың әдебиетінде ғана емес, одан әлдеқайда кең халықаралық көлемде кездесетінін ескеру қажеттігін айтар едік. Ел мен елдің, халықтардың арасындағы мәдени, әдеби байланысты, жалғастық-жақындықты жан-жақты терең тексеріп, танып-білу өте қажет. Осы қыры мен сыры мол әдеби құблысты бір қырынан алып қарастырудың ұтымды жолы типологиялық ұқсастықты байыпты түрде зерттеу екендігін сөзсіз мойындаймыз», - деп сабақтаған. [Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, 2005. 502- б]
Типологиялық сарындардың қырлары мен сырларын анықтаудың әсіресе халық даналығы - халық ауыз әдебиетінің, табиғатын ашып көрсету үшін ауадай қажеттігі туралы академик Р. Бердібай. «Ауыз әдебиеті мұрасының өзіндік өзгешелігін анықтауға қажет тәсілдердің бірі салыстырмалы-тарихи әдіс болмақ. Орыс фольклортану ғылымы ауыз әдебиеті шығармаларын осы тәсіл негізінде тексеріп, күрделі нәтижелерге жетіп жүргені белгілі. Шынында да фольклор материалына кең де жүйелі салыстырулар жасамай, ондағы үндес, қайталама фактілерді тексермей, олардың заңдылықтарын есепке алмай, ауыз әдебиетінің табиғатын түсіну қиын», - деп жазған еді. [Қазақ фольклорының типологиясы. Алматы, 1981 3-б. ]
Қазіргі кездегі фольклортануда академиктер А. Н. Веселовский, В. Я. Пропп, В. М. Жирмунский, Е. М. Мелетинскийдің фольклор типологиясын зерттеудегі әдістемелері мен ғылыми тұжырымдарын басшылыққа алу дұрыс та жақсы нәтиже беріп жүр.
А. Н. Веселовский фольклордағы типологиялық мотивтердің барлығы бірдей өз бетінен туындаған деп есептеуге болмайтынын, белгілі бір жағдайларда олар генетикалық туыстық пен мәдени байланыс арқылы ауысып, түйісудің де нәтижесі болуы мүмкін екенін ескертуді де ұмытпайды.
А. Н. Веселовскийдің еңбектеріндегі дұрыс тұжырымдарды өз еңбектерінде басшылыққа алған орыс ғалымдарының елеулі жетістіктерге жеткеніне В. М. Жирмунскийдің, И. И. Толстойдың, В. Я. Пропптың, Е. М. Мелетинскийдің және тағы басқа зерттеушілердің ғылыми ізденістері дәлел бола алады. Академик В. М. Жирмунский өзінің 1958 жылы жасаған «Эпическое творчество славянских народов и проблемы сравнительного изучения эпоса» атты ғылыми баяндамасында фольклор типологиясын тарихи-типологиялық тұрғыдан салыстырмалы зерттеудің негізгі принциптеріне тоқталды. Ғалым фольклорлық мотивтердің ұқсастығына халықтардың генетикалық туыстығы, мәдени байланыс барысындағы ауыс-түйістерімен қатар өз бетінше туындау да себепші болатынына тоқталып, өз пікірін еңбегінде келтірілген көптеген мысалдармен дәйектеді. Ғалымның бұл бағыттағы ізденістері «Народный героический эпос» (1962), «Сказание об Алпамыше и богатырская сказка» (1963), «Тюркский героический эпос» (1974) атты монографияларында және өзге де еңбектерінде жалғасын тапты.
Академик В. Я. Пропптың «Исторические корни вольшебной сказки» (1946), «Фольклор и действительность» (1986) атты монографияларының және академик Е. М. Мелетинскийдің «Герой вольшебной сказки», «Происхождение героического эпоса» атты монографияларының және тағы басқа еңбектерінің үлгі-өнегелік маңызы зор болды. Сондай жетістіктердің нәтижелерін талдау және қорытындылау мақсатындағы Б. Н. Путиловтың «Историко-сравнительное изучение фольклора. Основные направления в изучении фольклора. Тезисы» атты монографиясында бұл мәселе кеңінен қарастырылған. Бұл еңбегінде Б. Н. Путилов әр алуан халықтардың фольклорындағы типологиялық ұқсастықтар молдығының ең басты себептері ретінде халық мәдениетінің ауызша туындап, ауызша таралатынын, ұжымдық сипатын, дәстүрлілігін, көпнұсқалылығын, бұл туындылардың түрлері мен өмірде болу жағдайларында да типологиялық ұқсастық орын алатынын және тағы сол сияқты ерекшеліктерін атап көрсеткеніне назар аударуға болады.
Қазақ фольклорының типологиялық ерекшеліктерін жүйелі түрде зерттеу ХІХ ғасырдағы Ш. Ш. Уәлиханов, В. В. Радлов, Г. Н. Потанин, В. В. Стасов, А. Н. Веселовский және тағы басқа фольклортанушылардың еңбектерінен бастау алады. Мысалы, Ш. Ш. Уәлиханов қазақтардың мифтік дүниетанымы, олардың шамандық діннің сарқыншақтары, туысқан түркі халықтарының арасында сақталған Ноғайлы дәуірі туралы, аңыздар мен өлеңдердің және өзге де фольклорлық туындылардың типологиялық ерекшеліктері туралы құнды байқауларын білдірген.
А. Н. Веселовский де өзінің тарихи поэтикаға қатысты еңбектерінде қазақ халқының Шыңғыс хан және өзге де тұлғалар жөніндегі аңыздарын салыстырмалы талдаудың нысанына айналдырған. Фольклордағы партогенезис (ғайыптау пайда болу) құбылысына кешенді талдау жасау барысында ғалым, кейіпкердің шешесі күннің сәулесі әсерінен жүкті болып қалуы мотиві қазақ және татар халықтарына тән екенін анықтаған. Зерттеуші қазақ фольклорындағы өзге де құбылыстарды типологиялық параллельдер ретінде қарастырған.
Қазақ ғалымдарының кеңес дәуіріндегі еңбектерінде де фольклордың типологиялық аспектілері басты назарда болды. А. Байтұрсынұлының 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш» атты кітабында қазақтың қаһармандық эпосы «ертегі жыр» «тарихи жыр» деп екіге бөлініп қарастырылуына да аталған жанрлардағы дәстүрлі сарындардың үлес салмағы негіз болғаны айқын аңғарылады. Мысалы, ғалым өзінің «ертегі жыр» деген терминді қолдануының мәнісін: «Батырлар әңгімесі өтірік-шыны аралас қойыртпақ болады. Неғұрлым әріден шыққан әңгіме болса, соғұрлым қиял жағы жеңіп, әңгіме өтірікке қарай жақындай береді», [Байтұрсынов А. Шығармалары. Алматы, 1989. 415-б. ] - деп түсіндіреді. Бұндағы ғалымның «өтірік-шыны аралас қойыртпақ» деп отырғаны эпостық жыларда дәстүрлі көркемдік құрал ретінде қолданылатын мотивтер екені анық.
М. Әуезов 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» атты кітабында кейінгі дәуірде пайда болған эпос үлгілерінде ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі сарындардың қолданылуының себебі «түр жағынан қарағанда, тарихи өлеңдердің қаһармандарында елдің өзі «батыр» деп бағалаудан да баяғының батырының ісі деп» [Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы, 1991. 147-б. ] баға беруді лайық көргендігінде жатқандығын түсіндіріп, ғасырлар бойы қалыптасқан фольклорлық дәстүрдің тарихи өлең үлгілерінде де көрініс беретінін аңғартады да, ойын: «Ел баға беріп, ел ұғымынша жіктесек, Кенесарылар кіші батырдың ретінде де даусыз қосылады. Бұларды сол жікке қосқызатын тағы бір себеп: кейбір тарихи өлеңдер жырлану ретінде де баяғы батырлар өлеңінше құралған.
Бірақ батырлар өлеңі бергі заманға жақындаған сайын жаңа өзгеріске түсіп, өмірге жақындап, түр жағынан әлсіреп бара жатқанын байқаймыз». -[Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы, 1991. 147-148б. ] деп тұжырымдайды. Ал, С. Сейфуллин батырлар жыры мен тарихи жырлардың арасындағы айырмашылық туралы А. Байтұрсынұлының пікіріне сәйкес пікір айтып, алдыңғыларында «қиял қоспасының, жапсырма сырлардың» [С. Сейфуллин. Шығармалары. 6 томдық. 6-т. Алматы, 1964. 337-б. ] молдығына, ал, соңғыларының «керметтері аз болса» беретініне [С. Сейфуллин. Шығармалары. 6 томдық. 6-т. Алматы, 1964. 338-б. ] назар аударып, сондай типологиялық сарындардың бірқатарына: «Кей батырларды «әулиенің кереметімен туған еді; суға салса батпайтын еді; отқа салса, күймейтін еді; атса, оқ өтпейтін еді» деп, . . . «оның енесіне көлдің көк ала толқынын адам көрмеген түсті бір айғыр шығып келіп шауып кеткен» деп әңгіме қылатын» [С. Сейфуллин. Шығармалары. 6 томдық. 6-т. Алматы, 1964. 338-б. ], деп - тоқталған болатын.
Одан бергі кезеңде қазақ фольклорын зерттеушілер қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі типологиялық мотивтердің қырлары мен сырларын ашуға баса көңіл бөліп отырды. Біз бұл мәселенің шешімін табуға Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев, Қ. Жұмалиев, М. Ғабдулин, Ә. Қоңыртбаев, Е. Ысмайылов, Р. Бердібай, Б. Уахатов, Е. Тұрсынов, С. Қасқабасов, Ш. Ыбыраев, Б. Абылқасымов, К. Матыжанов және т. б. ғалымдардың зор үлес қосқаны белгілі.
Бірқатар жыр-аңыздарда олардың кейіпкерлері болып табылатын батырлардың айрықша қасиеттері олардың керемет жағдайда туғандығымен түсіндіріледі. Мысалы, бір аңызда Әлмерек абыздың ұлы Жәнібек батыр бір күні сапардан түнделетіп оралғанда, үйінің іші жап-жарық, лапылдап от жанып тұрғанын көріп, дыбысын шығармастан таяп келіп, жабықтан сығалағанда әйелі Қайқының шомылып жатқанын, оның қос өкпесі тесік екенін байқап, таңданып, таңдай қаққан дыбысы қаттырақ шығып кетеді. «Сол дыбыстан секемденген Қайқы апыл-ғұпыл киінеді . . .
- Өкінішті іс болды, - дейді мұңданып.
- Өкпемнің тесігі бітетін шарты толып қалып еді, соған дейін оны адам
баласы көрмеуге тиіс болатын. Соны сездірмей жүр едім, міне, сен көріп қойдың, серт бұзылды. Басқа амал жоқ. Енді маған мұнда тұруға болмайды, басыма қатер төнеді. Ер жеткен соң балам Байсейіт мені іздесе, Қазығұрт тауынан табады, соны ұмытпа!
Сол заматта Қайқы әппақ құсқа айналады да, көкке ұшып кетеді. [Бабалар сөзі. Жүзтомдық. 87-т. Астана, 2012. 34-б. ]
Оның ұлы - Байсейіттің атақ-абыройы күн-күн санап өседі, Жауды жайпаған батырлығы аңызға айналады, . . . ел-жұрты өзінің қорғаны санайды. [Бабалар сөзі. Жүзтомдық. 87-т. Астана, 2012. 85-б. ]
Ендігі бір аңызда мынадай оқиға суреттеледі:
«Қаракесек Келдібек жігіт күнінде (қыз таңдап) түсінде ата-бабаларының аян бергеніндей қызды кездестіре алмай, үйленбей көп жүріп қалады. Күндердің бір күнінде бір жерде үлкен жиын-той болыпты . . . Сол тойға жиылған көп сұлулардың ішінен аяғын сылтып басатын, көзі кәдімгіден қиғаштау қызға көзі түседі де, оны ұнатып қалады. Көп ойлануға шамасы да келмеген. Келдібек әке-шешесінің қасарысқан қарсылығына қарамастан, құда түсіріп, қызға үйленіп те үлгеріпті . . .
Ауыл-аймақ, тума-туыс бәрі-бәрі: «Япырай, «таңдаған тазға деген осы!» - деп таңданған екен. Бірде Келдібектің құрдасы, көңілдес досы:
- Келдібек-ау, осы екеуіңнің қайсыңыз көршісіңдер? - депті. Сонда
келіншек:
- Жасырмаймын, көзім қыли, ақсақпын,
Келдекеңмен сондай тату, жақсы-ақпын.
Татулықтың белгісіндей, ұмытылмас,
Төрт божанды билейтін ұл таппақпын! » - деген екен. Сонда туған
ұл Қаз дауысты Қазыбек атанды» [Бабалар сөзі. Жүзтомдық. 87-т. Астана, 2012. 66-б. ] Бұл туындыда қаһарманның артықшылықтары оның шешесінің кемтарлығымен байланыстырылуы мотивінің түп төркіні де иницация ғұрпында жатқаны анық.
Эпостық мұра - түркі халықтарының ортақ рухани мұрасы әрі азығы деп айтуымызға болады. Қазақ эпосын қазіргі зерттеушілер көне эпос, батырлар жыры, тарихи жыр, ғашықтық жырлары және діни эпос деген жанрлық түрлерге бөліп қарастырады. Бұның алдыңғы үшеуіне ортақ ерекшеліктер - олардың барлығының бас кейіпкерлерінің батырлар екені. Сондықтан осы үшеуін «қаһармандық эпос» деген айдар аясында бірге қарастырған дұрыс деп ойлаймын. Жоғарыда қазақ фольклоры үлгілерін салыстыра қарастыру халқымыздың адамға біткен қабілеттердің барлығынан батырлықты жоғары қоятындығы жөніндегі ойға жетелейтініне тоқталған болатынбыз. Сол ойымызға қазақтардың қаһармандық эпосының саны жөнінен әлемдегі барлық халықтан асып түсетіні де дәлел бола алады. Бұл жырлардың барлығында да өзі өмір сүрген қоғамды жаулардың озбырлығынан қорғау үшін теңдессіз ерлік көрсеткен батырлардың ерлігі әсірелене суреттеледі. Көне эпос үлгілерінде батырлар Жалмауыз кемпір, Мыстан кемпір секілді фантастикалық қаһармандардың қастық әрекеттеріне қарсы тұрып, кейде Көлтауысар, Таусоғар, Желаяқ, Тыңшы, Қайып ерен қырық шілтен секілді қиял-ғажайып көмекшілердің де қолдауына жүгініп, кейде су асты патшалығына барып, ерлік көрсетіп, пешенесіне жазылған қосағын сол жақтан да алып келіп отырса, қаһармандық эпостың соңғы аталған екі түріне еліміздің тарихында шынымен орын алған жаулармен соғыс тақырыбы өзек болған.
Академик Е. Мелетинский атап көрсеткеніндей: «Қаһармандық эпос - белгілі бір әлеуметтік-тарихи жағдайлар тудырған және адамзат мәдениетінің белгілі бір сатысымен байланысты тарихи нақты поэтикалық пішін» (Мелетинский Е. М. Происхождение героического эпоса (Ранние формы и архаические памятники) . М., 1963. Стр. 424) . Аталған ғалым өзінің қаһармандық эпостың пайда болу жолдарын анықтауға арналған зерттеуінде: «Халықтардың мемлекет ретінде ұйысуы қаһармандық эпостың дамуындағы шешуші фактор болып табылды. Дәл осы фактор көбінесе қаһармандық эпостың архаикалық және классикалық түрлерінің арасындағы айырмашылықты анықтайды. Классикалық эпоста халықтың өткені жөніндегі естеліктері соларға неғұрлым сәйкес келетін тарихи қайраткерлердің образдарымен және оқиғалармен, ертегілік-мифологиялық қабықпен емес, байланыстырылады», - деп жазды (Сонда, 433-б. ) .
Осы пікірдің дұрыстығына қазақ қаһармандық эпосын қарастыру арқылы анық көз жеткізуге болады. Халқымыздың классикалық эпосы үлгілерінде батырлар өздерін Ноғайлы елінің тәуелсіздікке тіккені байқалса, тарихи жырларының басты тақырыбы қазақ елін, оның жерін жоңғар басқыншыларынан, орыс отаршылдығынан, Қоқанның езгісінен, өзге де көршілес халықтардың шапқыншылығынан қорғау болып табылады. Оның үстіне батырлар алдыңғы аталған түрінде біртұтас Ноғайлы бірлестігінің, ал, екінші түрінде Қазақ елінің, бізді бөліп алып билей беруді көздеген халықтардың ғалымсымақтары дәлелдемек болғанындай, жеке жүздердің емес, өкілдері ретінде әрекет жасайды. Бұдан байқалып тұрғандай, қазақ эпосы біздің халқымыз отарлау дәуіріне дейін өзінің мемлекетін құрып үлгермегендігі туралы қисынсыз долбарларды жоққа шығарады.
«Эпостың қалыптасуында әскери демократия кезеңі маңызды қызмет атқарғаны даусыз. Бұл кезеңде жергілікті рулық, патриархалдық байланыстардың шайқалуы орын алғандығына, жеке тұлғаның белсенді түрде танылуына белгілі бір мүмкіндіктер туғанына, оның батырлар образдарының пайда болуы үшін қажетті алғышарт болып табылғанына күман келтірудің реті жоқ» (Сонда, 324-б. ) . Бұндай жағдай ол дәуірде билік басына тек айрықша жауынгерлік қабілетін көрсете білген тұлғалардың келуін талап етті. Ол заман талап еткен алғышарттарды жүзеге асырудың арқасында ұлы империя құруға қол жеткізген тарихи тұлғаның бірі Шыңғыс хан болатын. Қазақ елінің ұлт болып ұйысуына басшылық жасаған қазақ хандарының атасы болғандықтан және қазақтардың тарихи есінен шыға қоймаған тәуелсіздік дәуірі сол бір тарихи тұлғаның ұлы - Жошы хан ұрпақтары билеген ұлыстарда салтанат құрғандықтан, қазақ жыршылары Шыңғыс ханды да мінсіздендірілген (идеалды) тұлға ретінде бейнелеген. Осынның мысалы ретінде «Еңсегей бойлы ер Есім» жырын және Абылай, Кенесары туралы жырлардың кейбір нұсқаларын атауға болады. Алдыңғы жырда Шыңғыс біз жоғарыда сөз қылған тарихи аңыздардың мазмұнына сәйкес суреттеледі. Дегенмен, жырда Шыңғыс біздің жұртымызға тіпті жақындатылып, Іле бойында өмір сүрген қазақ ханының жиені етіп көрсетіледі.
М. Әуезов: «Бұл тарихи жырлардың дәстүрі тереңде, алыста жатыр. Ол бастауын Орта Азия мен Сібір тайпаларының ру аралық тартысы кезінде шабуыл жорық жайындағы жырлардан алады», - деп жазғаны белгілі (Әуезов М. Шығармалар. Он екі томдық. 11-т. Алматы, 1969. 247-б. ) . Осы тұжырымның дұрыстығына Е. М. Мелетинскийдің Сібірдегі түркі халықтары қаһармандық эпосының пайда болу жолдарын зертеу барысында жасаған ой қорытындылары дәлел болып табылады.
Осы еңбегінің бір тұсында ғалым: «Қауіп пен өлім ешқашан батырды қорқыта алмайды, өйткені оның қайсарлығы батылдықпен, батырлық мінез-дің осы бір маңызды қасиетімен, байланысты. Тәуекелшілдік пен батылдық жаман ырымдар жөніндегі анық аян берілген, құдайлардың тікелей бұйрығы мәлім болған кездерде де бәсеңдемейді», - деп жазған (Сонда, 349-б. ) .
Осындай ерекшеліктер қазақ қаһармандық эпосы кейіпкерлеріне де тән. Қазақ жырлары бас кейіпкерлерінің жорыққа аттануына жақын-жуықтарының жанашырлық сақтандырулары кедергі бола алмайды. Мысалы, Қобыланды батыр жорыққа аттанарда ата-анасы, жары және қарындасы онан бұл сапарынан бас тартуын сұранады. Жарының жорыққа аттануына болмайтындығының негізгі себебі ретінде оның тұлпары - Тайбурылдың бабы әлі жетілмегенін айтқан Құртқа ештеңеге құлақ аспастан жол жүріп бара жатқан еріне оның елді Алшағыр жаулап алып, Қобыландының әке-шешесін, қарындасын және жарын құлдыққа, күңдікке салып қойған уақытта қайтып оралатынын болжап айтады. Сол сияқты «Айдос батыр», «Базар батыр» жырларының бас кейіпкерлері жорыққа аттанбақ болғанда, жарлары оларға бұл сапары қауіпті екенін түстерінде көрген аяндары арқылы білгендерін айтып, күйеулерінің жорықтан бас тартуларын өтінеді. Дегенмен, аталған үш батырды да еш жағдай кері қайтара алмайды.
Е. М. Мелетинскийдің: «Қайсарлық пен жүрек жұтқандық батырлық мінез-құлықтың негізін құрайды», - деген байқауына (Сонда, 350-б. ) қатысты мысалдарды қазақ жырларының кез-келген үлгісінен көптеп табуға болады.
Аталған ғалымның: «Батыр көбінесе өзімен күш сынасатын қарсыластарды іздейді», - деген тұжырымына (Сонда, 350-б. ) қатысты мысалдар қазақ эпосында сирек те болса, бар. Мысалы, «Наурызбай - Ханшайым» жырында бейнеленген қақтығыстарға қазақ эпосының дәстүріне сәйкес елге сыртқы жаудың шапқыншылығы емес, Наурызбайдың өзінен күшті қарсыластың бары-жоғын сұрастырып барып, сондай қарсыластар ретінде сипатталған Әлі, Мұса батырлардың еліне жорыққа аттануы себепші болады. Бірақ мұндай оқиғалардың қазақ эпосында саусақпен санарлықтай аз. Өйткені халық басқыншылықты қолдамайды. Осының бір айқын дәлелі ретінде Қобыландының тыныш жатқан Көбіктінің еліне шабуыл жасай барғанда өзінің пірі - Баба түкті шашты әзіздің қолдауынан айрылып, тұтқынға түскенін еске алған абзал.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz