ТІЛДІК ТҰЛҒАНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 34 бет
Таңдаулыға:   
ГЛОССАРИЙ

Тілдік тұлға - өзіндік күрделі де қайшылықты ішкі әлемі бар, дүниедегі (материалдық, идеялық) зат, құбылыстарға өзіндік көзқарасы, қарым-қатынас межесі қалыптасқан, өзін-өзі, өзі және өзге, өзі және жаратылыс атаулымен ерекше диалог орната білетін үлкен сана мен тіл иесі, шын мәніндегі Адам, оның тілі арқылы танылатын бейнесі.

Ғаламның тілдік бейнесі - барлық мүмкін мазмұндардың, яғи нақты тілдік жалпылық мәдениеті мен ділінің өзгешелігін айқындайтын рухани мазмұнның және тілдің өзінің өмір сүруі мен қызметін қамтамасыз ететін тілдік мазмұнның жүйесі.

Концепт - адам санасының ойлау бірліктері мен психикалық ресурстарын, білім мен тәжірибенің бейнелі көрсеткіштерін құрайтын, хабарлы құрылымдарды түсіндіруге мүмкіндік беретін когнитивті лингвистиканың негізгі ұғымдарының бірі. Когнитивтік терминдердің қысқаша сөздігінде оған: жадының ментальды қордың, тұжырымдау жүйесінің әрі адам санасында көрініс табатын бүкіл әлемнің мазмұнды да белсенді бірлігі деп анықтама берілген.

Вербалды-семантикалық деңгей − жеке адамның сөздік қорынан құралады, яғни табиғи вербальды қарым-қатынаста қолданатын барлық сөз қоры мен сөз тіркестері. Сонымен қатар лексикалық бірліктер саны ғана емес әрі оларды функционалды стилистикалық құндылықтарға сай, әлеуметтік вариациялық қағидаларға сәйкес дұрыс қолдана білу қабілеті.

Лингвокогнитивтік деңгей − тұлғаның интеллектуалдық (зиялылық, парасаттылық және рухани) өрісі, яғни, ойлау үдерісін жорамалдайтын адамның танымдық әрекеті негізінде байқалады. Әрбір жеке адам бойында өзінің даму барысындағы болмысын бейнелейтін идеялар, концептілер туындайды, яғни оның санасындағы әлеуметтік тәжірибе мен әрекет негізінде құрылған әлеуметтік және мәдени құндылықтар жүйесі.

Прагматикалық деңгей − сөйлеушінің ниеті, оның ықыласы, себептері мен нақты коммуникативтік мақсаттары анықталатын деңгей.

1 ТІЛДІК ТҰЛҒАНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

1.1 Тіл біліміндегі тілдік тұлға мәселесінің зерттелуі
Қазіргі филология ғылымында біртіндеп орныққан антропоцентризм бағыты зерттеушілердің алдына өзара тығыз байланысты және бір-бірінің шарты болып табылатын екі мәселені шешу қажеттілігін қойып отыр: біріншіден, адамның тілге тигізген әсері; екіншіден, тілдің адамға, оның ойлау жүйесіне, мәдениетіне етер ықпалы қандай дәрежеде екендігін анықтау. Осымен байланысты лингвистикалық зерттеулердің қазіргі кезеңінде тілдік тұлға терминіне қатысты мәселе орын алды.
Антропоөзектік парадигмада тілдік тұлға түсінігі мен оның анықтамасының пайда болып, оның зерттеу қағидасы мен теориясы орыс тіл білімінде жасалғанымен, тіл және тұлға мәселесі, тілдің қызметі мен өмір сүруін оны тұтынушы тұлғамен байланыстылықта зерттеу идеясы тіл білімінде барлық кезеңдерде де болды. Еуропа тіл білімінде бұл теорияның пайда болуының тарихи алғышарттары тілдің әлеуметтік табиғаты, тіл мен сөйлеудің, жеке адам мен ұжым тілінің ара қатынасы (В. Гумбольдт, И.А.Бодуен де Куртене, Ф.де Соссюр және т.б.) туралы мәселелердің қозғалуымен сипатталады. В.А. Маслова Тілдік тұлғаға алғаш бетбұрыс жасалуы неміс ғалымы Й.Вайсгербердің есімімен байланысты, ал орыс тіл білімінде алғашқы қадамды тілдік тұлғаны зерттеудің екі жолын, яғни автор тұлғасы мен кейіпкер тұлғасы арқылы шығу жолдарын көрсеткен В.В.Виноградов жасады, − деп көрсетеді[1, 118].
Тілдік тұлға терминін нақтылап, ғылымға 1982 жылы МАПРЯЛ-дің VI Халықаралық конгресіндегі Роль прецедентых текстов в структуре и функционировании языковой личности атты баяндамасы арқылы енгізген академик Ю.Н. Караулов Русский язык и языковая личность еңбегінде тілдік тұлға теориясына қатысты тілді зерттеуге байланысты ғылыми тәсілдерді жинақтап, сонымен қатар В.В. Виноградовтың [2] және Г.И. Богиннің [3] еңбектерінде қарастырылған тілдік тұлға ұғымын толықтырады.
Тілдік тұлға мәселесіне зерттеуші үш тұрғыда келетіні белгілі:
Сананың қалыпты және өзгерген күйіндегі тіл, сөзжұмсам және сөйлеу қызметі психологиясын зерттей отырып, яғни психолингвистика тұрғысынан;
Тілді үйрену процестеріне талдау жүргізетін лингводидактика тұрғысынан;
Таза филологиялық тұрғыдан, көркем әдебиет тілін зерттей отырып қарастыру, өйткені Тілдік тұлға дегеніміз - тілде (мәтіндерде) және тіл арқылы көрініс тапқан тұлға. Оның негізгі белгілері тілдік құралдар негізінде реконструкцияланады [4, 38]. Әрбір мәтіннің ар жағында тұлға, яғни оның авторы тұрады.
Қазіргі кезеңде тілдік тұлғаға және тілдік тұлға құрылымы ұғымдарының жалпы теориялық түсініктері анықталып, тілдік тұлға типологиялары, модельдері жасала бастады. Оны екі бағытта зерттеу үрдісі қалыптасқан. 1) Лингво-мәдени бағыт бойынша тілдік тұлға белгілі бір тілді және ұлттық-мәдени дәстүрді ұстанушының жиынтық бейнесі ретінде қабылданады. Соңғы кездері тілдік тұлға ұғымын лингвомәдениеттанушылық бағытта ұлттық мәдениетпен тығыз байланыстағы белгілі бір ұлттық-тілдік-мәдени қоғамның мүшесі ретінде қарастыру үрдісі белең алып отыр.
В.В.Воробьев лингвомәдениеттанудың объектісі ретінде тіл мен мәдениетті ұштастырған ұлттық тілдік тұлғаны атап, өзінің монографиясында адам (ұлттық тұлға), тіл, ойлау, мәдениет (материалдық және рухани) ұғымдарының арақатынасын қарастырады [5]. В.А.Маслова тілдік тұлғаны әлеуметтік құбылыс деп танып, ондағы жекелік бастаманы атап, тілдік тұлғаның тілдік дәстүрлердің қалыптасуына әсерін көрсетеді [1,120-б]. Жоғарыдағы аталған зерттеушілер пікірлеріне сүйене отыqрып, тілді тілдік қызмет құралы ретінде қарастыратын, тіл-мәдениет-тілдік тұлға үштігінен тұратын лингвомәдениеттану айқындамасы тілдік тұлғаны рухани, этикалық, психикалық, әлеуметтік компоненттерден тұратын және өзінің мүкіндіктерін сөз арқылы жүзеге асыратын жеке адам ретінде зерттейтіндігін көреміз.
2) Лингводидактикалық бағыт жеке адамды тілдік қабілет жиынтығы ретінде жадығат негізінде зерттейді. Осы бағыт өкілі Г.И. Богиннің ғылыми еңбегінде тілдік тұлға моделі тілдік тұлға дамуы деңгейлерінің жүйеленген тізімінен тұратын құрылым ретінде көрініс табады. Зерттеуші тілдік тұлғаны тілдік іс-әрекеттерді орындауға, тілдік шығармаларды жасауға және қабылдауға қабілетті адам ретінде қарастыру тұрғысынан лингводидактиканың орталық ұғымы ретінде қарастырады [3, 9].
Осы екі бағыт шеңберінде төмендегідей аспектілерде қарастыру орын алған:
− когнитивтік (А.П. Бабушкин, Ю.Н. Караулов және т.б.) аспектінің негізінде адамның іс-әрекеті мен қызметі көп жағдайда оның білімі арқылы, ал тілдік әрекеті тілдік білім арқылы айқындалады [6, 22] деген қағида жатыр. Когнитивист ғалымдардың пікірінше, тілдік тұлғаның негізгі қасеттері ұлттық концептілердің вербалдануының әр түрлі деңгейлеріндегі тілдік бірліктердің семантикалық толығуы арқылы көрініс табады;
− тілдік тұлғаны прагматикалық (прагмалингвистикалық) (И.П. Сусов, Е.А. Горло және т.б.) тұрғыдан зерттеу мәтін авторының тілдік әрекетін мәтіндегі жасырылып тұратын әсер ету тәсілдерін есепке ала отырып саралауды білдіреді;
− коммуникативтік (К.Ф. Седов, С.А. Сухих және т.б.) аспектіде тілдік тұлға ең алдымен коммуникативтік тұлға ретінде, яғни тілдік-мәдени және коммуникативтік құндылықтарды, білім мен ұстанымдарды ұстанушының жалпы бейнесі[7, 22] - ретінде қарастырылады;
− ұлттық (В.В. Воробьев және т.б.) аспектідегі еңбектерде тілдік тұлға ұлттық тілмен қаруланған ұлттық мәдениеттің бір бөлігі ретінде анықталады.
Көрсетілген аспектілердің қай-қайсысы да тілдік тұлға феноменін объективті түрде сабақтастықта сипаттауға үлес қосары сөзсіз.
Қазіргі тіл білімінде зерттеушілердің ғылыми дәлелдемелері бойынша көптеген тілдік тұлға типтерінің барлығы айқындалған. Атап айтсақ мәдени кеңістік тұрғысынан В.И. Карасик сөздік тілдік тұлғаны, коммуникативті қызмет тұрғысынан С.А.Сухих тілдік тұлғаның психологиялық типтерін, сөйлеуші тұлғаны И.П.Сусов, диалектілік тілдік тұлғаны В.Д. Лютикова, эмоционалдық тілдік тұлғаны В.И. Шаховский, орыс тілдік тұлғасын Ю.Н.Караулов, батыс және шығыс мәдениеттері тілдік тұлғасын Т.С. Снитко қарастырған, сонымен бірге тарихи тілдік тұлға, элитарлық тілдік тұлға типтері бар. Тілдік тұлға типологиясы негізінде тілдік ерекшеліктер (адамның вербалдық іс-әрекетінің қайталанып отыратын ерекшеліктері) салынады. Зерттеушілер жекелей алғанда тілдік тұлға типтерін ойлау, мінез-құлық, әлеуметтік мәртебесі, білімі және т.б. қатысты ажыратады.
Тілдік тұлғаның даралық сипатын оның шығармаларының ерекшелігін танытатын мәтіндер негізінде зерттеуге арналған еңбектер қатары көбейе түсуде. Осы тұрғыда тілдік тұлға мәселесі қазіргі орыс тіл білімі мен қазақ тіл білімінде төмендегідей бағыттарда қарастырылып келеді деп шартты түрде белгілейміз: 1) нақты тұлғаның тілін оның когнитивтік және прагматикалық интенцияларын назарға ала отырып талдау - Д.Н. Шмелев [8], Т.Е. Пшенина [9], Н.А. Бурмакина [10], А.Б. Жуминова [11], Ш.С. Ниятова [12] және т.б. Катулланың тілдік тұлғасын зерттеген Т.Е. Пшенина тілдік процесс кезіндегі жасаушы және қабылдаушы тұлға туралы сөз болған кезде тілдік тұлға (нақты тілдік тұлға, ұлттық тілдік тұлға) ашық жүйе болып табылады, біз белгілі бір автордың шығармасы сияқты аяқталған дискурсқа кездескен кезде ол жабық жүйе саналады [9, 9] - деу арқылы тілдік тұлғаға қатысты жүйе түрлерін ұсынады.
2) көптеген ғылыми еңбектерде тарихи тұлғалар тілін диахрониялық тұрғыдан сараптау орын алған, жыраулар тілдік тұлғасын олардың поэтикасындағы дүниенің концептуалдық бейнесін таныту арқылы зерттеген Б.И. Нұрдәулетова: біздің зерттеуіміздің нысанынына айналып отырған жыраулар феномені ерекше тұлғалық нышанда танылады. Жыраулық тілдік тұлғаны талдау арқылы көз жеткізген тілдік тұлға туралы өз пайымдауымыз бар. Біздің ойымызша, тұлға - интеллектуалды ерекше жаратылыс иесі [13, 148] - дейді. I Петрдің тілдік тұлғасына диахрониялық тұрғыдан сипаттама берген Қазақстандық ғалым Н.И. Гайнуллина автор образы мен кейіпкер бейнесі проблемасының тіл білімінде кең көлемде зерттелуіне байланысты нақты тілдік тұлғаны бөлек, өз шығармашылығында көркем тілдік тұлғаны жүзеге аысратын көркем сөз шеберлерінің, яғни ақын-жазушылардың тілдік тұлғасын бөлек қарастыруды ұсынады [14, 12].
3) бөлек-бөлек мәтіндер негізінде тілдік тұлғаны модельдеуге арналған зерттеулер де пайда бола бастады: А.А. Реформатсийдің тілдік тұлғасын оның ғылыми еңбектерін зерттеу материалдары негізінде Е.В. Красильникова бастаған авторлар тобы [8]; сот материалдары арқылы А.Ф. Конидің тілдік тұлғасын З.В. Баишева [15] қарастырған; Б.С. Каримова [16] қазіргі кездегі саясаткердің тілдік тұлғасын публицистика материалдары негізінде зерттеп, бірегей тілдік тұлға, элитарлық тілдік мәдениетті ұстанушының тілдік тұлғасы терминдерін қатар қолданады; Қазақ ғалымы Қ. Жұбановтың ғылыми еңбектері негізінде тілдік тұлғасын зерттеген Ф.Е. Терекова оны кәсіби қызметіне байланысты әлеуметтік тұрғыдан түсіндіріп, оны қазақи тілдік тұлға ретінде таниды [17, 26]; О.Ф. Кучеренко Л. Толстойдың тілдік тұлғасын оның хаттарының негізінде зерттеп, күшті тілдік тұлға терминін қарапайым тілдік тұлғаларды тілде, ғылымда, тарихта, өнерде із қалдырған өзіндік орны бар тұлғалардан ажырату үшін қолдануға болатындығын айтады [18].
4) шығармадағы кейіпкерлердің тілдік тұлғасын ашу арқылы шығарма авторының тілдік тұлғасына шығуды мақсат тұтқан зерттеулер де кездеседі. Э.Хеменгуэйдін әдеби-көркем шығармаларындағы кейіпкерлерінің тілдік тұлғасын З.А. Кузневич [19], Б. Соқпақбаевтің шығармаларындағы кейіпкерлері арқылы жазушының тілдік тұлғасын Ж.Б. Саткенова [20], балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілдік тұлғасын З.А. Абдуллина [21] осы бағытта қарастырған.
5) тілдік тұлға бойындағы қасиеттерді оның ұлттық болмысына сай қарастырған еңбектер ғалым Ю.Н. Караулов зерттеуінен бастау алатыны сөзсіз. Осы тұрғыда әсіресе, орыс тіл білімінде біркелкі зерттелген бұл мәселеге қазақ тіл білімінде қазіргі таңда шындап ден қойылып, зер салынып өзіндік сала ретінде дамып келеді. Өз зерттеуінде ұлттық тұлға терминін қолданған Ислам Айбарша [22] ұлттық мәдениеттің тілде орныққан тілдік бейнелеріне талдау жасайды. Көркем мәтіндегі ұлттық мәдениеттің тілдік релеванттарын зерттеген Ш.М.Елемесова [23] дара тіл өзгешелігін лингвостилистикалық және псохолингвистикалық сабақтастықта талдайды. Т.Ізтілеуовтың тілдік тұлғасының дискурстық сипатын зерттеген Ф.Б. Қожахметова тілдік тұлға дегеніміз ұлт тілі мен ұлт мәдениетінің ақпаратын сатылы деңгейде толық меңгерген тілдік-мәдени құзірет иесі [24] ретінде анықтауға болатындығын айтады. М. Дулатұлының тілдік тұлғасын зерттеген Г.Е. Имашева М. Дулатұлы тіліндегі қазақ ұлтының рухани дүниетанымы оның тіліндегі ғаламның бейнесі ретінде байқалатындығын айта келіп, сонымен бірге тілдік тұлға туралы тілдік тұлға есімі, оның айтқан сөздері, шығарған өлең-жырлары, жазған мақалаалары ел есінде мәңгі қалуы тиіс[25, 7], − деген пікір білдіреді. Абайдың тілдік тұлғасын зерттеген Г.Ә.Мұратова қазақ тіл біліміндегі тілдік тұлғаның классикалық үлгісін ұлы Абайдың қазақ әдеби тіліндегі орнын саралау арқылы айқын көруге болатындығын атай келіп, тілдік тұлға мәселесін анықтауда өзі меңгерген ұлт тілі мен мәдениетін өзгеге таныта отырып, тілді тұтынушы ретінде әрі тілді жасаушы ретінде, тұтастай алғанда тіл тарихына (синхронды, диахронды күйіне), тілдің дамуына қандай үлес қосқанын айқындау мәселесі - тілдік тұлға мәртебесін одан әрі бекіте түсетін немесе оның тағы бір қырын, яғни толыққанды тілдік тұлға болмысын ашатын басты ұстаным болуға тиіс [26, 11] − деп біледі.
Соңғы кездері тілдік тұлғаны түсіндіруге бірнеше бағытта келу үрдісі қалыптасқандығын байқауға болады:
1. Тілдік тұлға болып табылатын жеке адам қалыптасуының негізгі жүйелерін анықтау (тегі, өмір сүрген ортасы, әдеби және тілдік, ұлттық-мәдени ықпал т.б.);
2. Жеке адамның тілдік тұлғалық болмысын құрайтын жеке қасиеттерін танытатын ерекшеліктерді көрсету, яғни оны өз бетінше білім алу,өзін-өзі жетілдіру, тәрбиелеу, өз тілдік тәжірибесін ұрпақтарына мұра етіп қалдыруда жеке жауапкершілігін сезіну, білім дағдыларын игеру, шеберлік дағдыларын меңгеру, игерген білімдері мен тәжірибесін болмыс өзгерту үшін қолдану т.б. қасиеттерден тұратын күрделі, көпсатылы зерттеу нысаны ретінде оның тілінің ассоциативтік-вербалдық, лингвоковнитивтік, прагматикалық деңгейлерін сипаттаудан тұратын деңгейлік талдау арқылы қарастыру қажет екені айқындалды [27, 14-15].
Көрсетілген деңгейлердегі жеке тұлғаның ұлттық болмысын ашудың маңыздылығы туралы ғалым Ж.А. Манкееваның пікірлеріне жүгінсек: Аталған деңгейлердің дамуының белгілі бір тілдік тұлғада көрініс табуы әртүрлі дәрежеде өрістеп, түрлі сипатта көрінеді. Оның шығармашылық танымдық мазмұны дүниетанымдық, мәдени құндылықтар жүйесінен тұрады. Сондықтан тілдік тұлғаны алдымен ұлттық тілдік тұлға ретінде түсінеміз. Себебі тілдік тұлға табиғаты тұлғаның ұлттық мәдени сатысымен тікелей байланысты, − [28, 281-284] болып шығады.
Cонымен бірге тұлғаның өмір сүруінің негізін құрайтын, оның мақсаттары, ниеттері мен ұстанымдарын белгілейтін шығармашылық қажеттіліктері туралы да айтуға болады. Тұлғаның қоршаған әлемге, айналадағы басқа адамдарға, өзіне деген қарым-қатынасы арқылы анықталатын құндылықтар жүйесі, яғни адамның материалдық және рухани игіліктері мен мұраттары, белгілі бір әлеуметтік, мәдени және адамгершілік құндылықтарды таңдап алуының себептері оның танымындағы ғалам бейнесін ашу арқылы анықталынады. Ал танымы мен мақсат-мүдделерінің прагматикалық әлеуеті оның тілі арқылы көрініс табады.
Зерттеушілер тілдік тұлға қалыптасуына әсер ететін факторлар ретінде баланың өскен ортасындағы жағдайды, мектепте білім алу процесі мен білім берген оқытушылардың тілдік тұлғалары типтерін, прецеденттік мәтіндер сипатын, яғни жеке адам тілді қолдану барысында үлгі етіп алатын мәтіндерді атайды. Тілдік тұлғаның элитарлық типінің қалыптасуына классикалық көркем әдебиет мәтіндері тірек болып табылады [29, 9] - деп тілдік тұлғаның қалыптасуы сәби кезінде басталып, өмір бойына жалғасатындығын айтады.
Тілдік тұлғаны сипаттау үшін көптеген терминдер ұсынылған, енді лингвистердің алдында олардың бәрін жинақтап бір жүйеге келтіру міндеті тұр. Русский язык энциклопедиясында Ю.Н. Караулов тілдік тұлға терминіне синоним болған атаулардың тізімін берген: Субъект (әлемді ұғынып, оны өзінің сөзжұмсамында бейнелеп көрсетуші адам), индивид, мәтін авторы, тілді ұстанушы, информант, активпассив (белсендісалғырт) информант, сөйлеушітыңдаушы, сөйлеу портреті, идеолект, автор образы [30, 672].
Осылардың ішінде ең жалпы және кеңінен таралғандары деп адамның тілге қатынасын көрсететін терминдер саналады, яғни тілді ұстанушы, сөйлеуші − тыңдаушы адресат.
Тілдік тұлға типтерін градациялау (басқыштарға орналастыру) тарамдалған, бұтақталған күйде болуы мүмкін, ең кең таралғаны тілдік тұлғаны үш саты тұрғысынан қарастыру. Ол зерттеушінің тіл мен адам мәселесіне қай тұрғыдан келуіне, яғни абстракция дәрежесіне байланысты болады.
− Тіл нақты мәтіндер материалында зерттелуі мүмкін; ол мәтіндер тілдің жалпы жүйесінің мәтінде, нақты тіл ұстанушы - жеке тілдік тұлғаның сөйлеу актілеріндегі нақты көріністері ретінде қарастырылуы ықтимал.
− Тіл сол тілде жазылған нақты мәтіндерден тыс алынып, ұлттық тіл, этнос тілі, ұжым тілі ретінде және өзге ұлттық тілдерге, басқа тілдік құрылымдарға қарама-қарсы қойылып қарастырылады, бұл ұлттық тілдік тұлғаны талдауға мүмкіндік береді.
− Тілді жалпы зерттеу - homo sapiens үшін типологиялық жағынан жалпы, әмбебеп, семиотикалық және антропологиялық мәні зор тілдік жүйені зерттеу, бұл тілдік тұлғаны жалпы адамзаттық ауқымда қарастыруға мүмкіндік береді [12, 11].
Сонымен, тілдік тұлға деп бір жағынан, кез келген тіл ұстанушыны түсінсек, екінші жағынан, тілдің жүйелік ұғым, түсініктерін, мәтіндерді функционалды талдаумен қосатын индивидтің тілдік қабілетін сипаттаудың кешенді тәсілін түсінеміз [30, 671]. Өз еңбектерінде тілдік тұлғаға берілген бірнеше анықтаманың ішінен Ю.Н.Караулов мына нұсқаны дұрыс көреді: Тілдік тұлғаның астарында мәтінді жасаушы мен қабылдаушы, адамның ерекшелігі мен қабілетінің жиынтығын айтамыз, олар (мәтіндер):
а) құрылымдық-тілдік күрделілігі дәрежесі бойынша;
ә) болмысты қаншалықты дәл және терең бейнелейтіндігі бойынша;
б) белгілі бір мақсаттық бағыттылығы бойынша бір-бірінен ерекшеленеді [31, 3].
З.А. Абдуллина Тілдік тұлға дегеніміздің өзі ұлттық тіл ортасында ұлттық құндылықтар арасында тәрбиеленген, ұлттық рух пен ұлттық тілді толық меңгерген жеке адам, бүкіл ұлттық болмысты бойына жинақтаған индивид, − деп тұжырымдайды [21, 15].
Б.И. Нұрдәулетова тілдік тұлға терминіне мынадай анықтама береді: Тұлға - интеллектуалды ерекше жаратылыс иесі. Кез келген адам мен болмыс тұлғаның деңгейін бере алмайды. Кез келген шығармашылық адамы жеке-дара тұлға бола алмайтыны белгілі. Тұлғаға ең алдымен даралық қасиет тән. Яғни, өзгелер деп атауға болатын жалпылама ортақ болмыстан ерекшеленіп бөлініп шыққан өзіндік бітім-болмысымен анықталуы қажет. Екіншіден, тұлға адамзатқа тән құндылықтарды тап басып тани білуі, сезініп қабылдай алуы тиіс және сол құндылықтар үддесінен өзі де көрініс беруі керек. Үшіншіден, тұлға тудырған интеллектуалды таным нәтижесі белгілі бір мәдениет түрінде (сөз өнері, сурет, мүсін, музыка т.б.) көрініс беруі қажет[13, 148].
Ф.Б. Қожахметова: Тілдік тұлға - тілді нақты қолданушының жіктеме белгілерінің ғана жиынтығы емес, аялық білімнің де көрінісі, ғаламның тілдік көрінісі негізінде анықталатын суреткердің әлем үлгісі − деп анықтайды [24, 16-б].
Өзге жеке адамдарға ұқсамайтын өзіндік ерекше сапалық қасиеті бар бірегей адам ғана тұлға бола алатыны белгілі. Яғни, елден ерек адам емес, тұлға талаптарына жауап беретін адам - тұлға. Адам тұлға болып тумайды, тұлға болып қалыптасады. Тілдік тұлға да солай. Тұлға өзге адамдармен, әлеуметтік институттармен қатынаста, әлеуметтік байланыстар жүйесінде танылуы тиіс, таныла отырып тарихи тұлға ретінде белгілі болады. Демек, тұлға өмірінің мәні қарым-қатынас құндылығы деңгейінде ашылады.
Тілдік тұлға ұғымы қоғамдық қарым-қатынастар, мәдениет жүйесі арқылы анықталынатын және биологиялық ерекшеліктер себепші болатын саналы қызмет пен қарым-қатынастар субъектісі болып табылатын тұлға ұғымын тірек етеді. Тұлға - шығарманы жасаушы, сонымен қатар тарихтың, мәдениеттің әрі өнімі, әрі субъектісі. Адамның қажеттілігі таным, ойлау және қарым-қатынас құралы болып табылатын тіл арқылы қанағаттандырылады, сол себепті тұлға тіл арқылы, яғни тілдік тұлға ретінде ашылуы керек [27, 21].

1.2 Тілдік тұлға және әлемнің тілдік бейнесі
Адам өмір сүретін шынайы өмір адам санасында оны қоршаған заттар мен құбылыстар туралы жинақталған білімнен тұратын түсініктер жүйесі түрінде бейнеленіп, жеке адамның ойында өз тәжірибесі мен түйсінуі нәтижесінде, сонымен қатар ұжымдық тәжірибенің әсері нәтижесінде қалыптасқан ғалам бейнесі түрінде көрініс табады. Ғалам бейнесі - адамның танымдық қызметінің нәтижесі, ақыл-парасатының өнімі. Адам санасындағы ғалам бейнесі шындығына келгенде оны қоршаған әлемнің өте оңды, идеалды бейнесі болып табылады. Ғалам бейнесі ұғымын философия, психология, мәдениеттану, гносеология, когнитология, лингвистика ғылымдарының өкілдері қолданады. Бұл ұғым қосымша ғылыми, жалпы ғылыми, жеке ғылыми, тарихи, тілдік т.б. анықтамалармен нақтыланып, басқа да көптеген ғылыми білім салаларының зерттеу аясына кіреді [27, 31].
Дүниемен байланыстағы тұлға, адамдар тобы, халық, адамзат ғалам бейнесінің субъектісі бола алады. Ғалам бейнесі субъектілерінің әр түрлі типтері болады: балалар мен ересек адамдар; психикасы қалыпты және психикасында ауытқулар бар адамдар; қазіргі өркениет пен ескі түсініктегі адамдар. Осыларға сәйкес ғалам бейнесінің үш типі көрініс табады: 1) ересек адам мен баланың ғалам бейнесі; 2) психикасы қалыпты адам мен психопотологиялық ғалам бейнесі; 3) өркениетті және архаикалық ғалам бейнесі. Қоғамдық сананың әрбір өзіндік саласында мифологияда, дінде, философида, ғылымда дүниені қабылдаудың өзіндік ерекше құралдары болады. Бұндай дүниені көрудің нәтижесі болып сәйкесінше мифологиялық, діни, философиялық, ғылыми ғалам бейнелері есептеледі [32, 32].
Ғалам бейнесі термині алғаш рет XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында физика ғылымы шеңберінде сыртқы заттардың іс-әрекетіне қатысты мағлұматтар алуға болатын, олардың (сыртқы заттардың) ішкі бейнелірінің жиынтығы ретінде түсіндірілетін физикалық ғалам бейнесіне қатысты қолданылған болатын. Жалпы ғалам бейнесі мен оның ғылыми, философиялық және т.б. түрлерін қайта жасақтау қажеттілігі мен мүмкіндіктері туралы пікірлер соңғы кездері айтылып жүргенімен, ғылыми-философиялық мәселе ретінде ерекше тілдік дүниетанымның барлығы туралы ойды В. Фон Гумбольдт XIX ғасырдың басында-ақ айтқан болатын. Ал XX ғасырда ғаламның тілдік бейнесін (тілдік дүниетанымды) зерттеу лингвистикалық салыстырмалылық гипотезасы шеңберінде (Л. Вайсбергер, Э. Сепир, Б. Уорф және т.б.) жүзеге асырылды [27, 32-б].
Л. Вайсбергер ғылыми терминологиялық жүйеге ғаламның тілдік бейнесі ұғымын енгізіп, өзіндік лингвофилософиялық тұжырымдамасын ұсынды. Ғалымның ойынша ғаламның тілдік бейнесін беретін негізгі сипаттамалар төмендегілерден тұрады: 1) ғаламның тілдік бейнесі - барлық мүмкін мазмұндардың, яғни нақты тілдік жалпылық мәдениеті мен ділінің өзгешелігін айқындайтын рухани мазмұнның және тілдің өзінің өмір сүруі мен қызметін қамтамасыз ететін тілдік мазмұнның жүйесі; 2) ғаламның тілдік бейнесі бірінші жақтан, этнос пен тілдің тарихи дамуының салдары болса, екінші жақтан, олардың әрі қарай өзіндік жолмен дамуының себебі бодып табылады; 3) ғаламның тілдік бейнесі біртұтас тірі организм ретінде айқын құрылымға ие және тілдік бейнеленуі көпдеңгейлі болып табылады; 4) ғаламның тілдік бейнесі уақыт кеңістігінде өзгеріп және кез келген тірі организм сияқты дамып отырады, яғни тікелей (диахрониялық) мағынада әрбір келесі даму кезеңі сайын бұрынғысына сәйкес келе бермейді; 5) ғаламның тілдік бейнесі әлемді көру меен оны тіл құралдарымен бейнелеудің тілдік және мәдени өзгешелігін бекітуге мүмкіндік туғыза отыырып, тіл мәнін біртекті жасайды; 6) ғаламның тілдік бейнесі тілдік жалпылықтың (общность) біртекті өзгеше өзіндік санасында өмір сүреді және келесі ұрпаққа ерекше дүниетаным, мінез-құлық тәлімі, өмір сүру салты, тілдік құралдарда сақталыну арқылы беріледі; 7) белгілі бір тілдің ғалам бейнесі сол тілді ұстанушыларға аралық әлем ретінде тіл арқылы қоршаған әлем туралы көріністерді қалыптастыратын тілдің көркейтуші күші; 8) нақты тілдік қауым ғаламның бейнесі сонымен қатар оның жалпы мәдени игілігі болып табылады [33].
Ғаламның тілдік бейнесі туралы түсінік қазіргі таңдағы пікірлерде өз жалғасын тауып, дамып келе жатыр. В.А. Маслова: Ғаламның тілдік бейнесі - ұлттың жалпымәдени игілігі, ол құрылымды, көпдеңгейлі. Дәл осы ғаламдық тілдік бейне адамның ішкі әлемі мен сыртқы әлемді түсінудің коммуникативтік тәртібін қамтамасыз етеді. Ол рухани, мәдени және ұлттық құндылықтары бар белгілі бір кезеңге тән сөйлеу, ойлау қызметінің тәсілдерін бейнелейді [6, 71] - дейді.
Ғалам бейнесінің қалыптасуының тілсіз жүзеге асуы мүмкін емес, себебі тіл аданың ішкі әлемі мен сыртқы дүниені байланыстырушы болып табылады, адам дүниені қабылдауы барысындағы танымдық қызметінің нәтижелерін тілде бекітіп отырады. Әрбір тілдің өзіндік концептуалдану тәсілі болады, сол арқылы әр тілдің өзіндік ғалам бейнесі жасалады. Тілдік тұлға сол бейнеге сәйкес өз айтылымдарын ұйымдастыруға міндетті. Осы арқылы тілде бекітілген адамның өзіндік дүниені қабылдауы айқындалады [27, 33].
Тілдік тұлғаны зерттеу барысында міндетті түрде адам және оны қоршаған дүние туралы түсініктердің жиынтығы ретіндегі ғаламның тілдік бейнесі қарастырылады. Ю.Н. Караулов ғаламның тілдік бейнесін нақты тілдің толық жиынтықта алынған барлық концептуалдық мазмұны [34, 246] ретінде қарастырады. Соңғы кездегі энциклопедияларда берілетін түсінікке келсек: Ғаламның тілдік бейнесі нақты тілдік ұжымның дағдылы санасында тарихи қалыптасқан және тілінде бейнеленетін ғалам туралы түсініктеердің жиынтығы, шындық болмысты концептуалдандырудың белгілі бір тәсілі[35] болып шығады.
Ғаламның тілдік бейнесі тіл туралы біліммен қатар ғаламның концептуалдық бейнесінің мазмұнын таза тілдік құралдардың көмегімен толықтыратын ақпаратты да сақтайды. Ғаламның концептуалдық бейнесі әр түрлі адамдарда, мысалы әр түрлі заман, әр түрлі әлеуметтік, жас топтары, ғылыми білімнің әр түрлі салалары өкілдерінде әрқилы болуы иүмкін. Олай болса, ғаламның концептуалдық бейнесінде жалпыадамзаттық, ұлттық және жекелік бастамалар өзара қарым-қатынаста болады [1, 67].
Зерттеуші Н.Уәли дүниенің концептуалды бейнесі негіздерін атап көрсетеді: Тілдік бейне түріндегі концептуалды жүйе этностың заттық, мәдени тәжірибесіне тәуелді. Дүниенің концептуалды бейнесі логикалық-прагматикалық позитивтік танымға, әлеуметтік тәжірибеге негізделеді. Концептуалды бейне дүниенің тілдік бейнесінің бол бір бөлігі болып табылады. Дүниенің тілдік бейнесінде мифологиялық, діни, логикалық-позитивті танымның бәрі де болады [36, 18].
Ойлау категориясының барлық адамдар ортақтығына қарамастан, белгілі бір жеке адамда қоршаған әлем бейнесі оның жеке тәжірибесінің, психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерінің негізінде қалыптасқан жеке санасы арқылы өтеді. Ойлау мен сөйлеу жеке, сана мен тіл жалпы болатыны сондықтан [37, 19]. Дегенмен, жеке адам өмір сүретін қоғамда қоғамдық сана мен ортақ тіл қалыптасқандықтан, жеке дүниетаным қоғамдық дүниетаным мен тілдің құрамдас бөлігіне енуге мәжбүр болады. Әркім өзінше ойлап, өзінше сөйлеуі мүмкін, бірақ мұның бәрі жалпы тіл (ұлт тілі) мен жалпы сананы (ұлттық сана) құрайды. Сана - инвариант, ойлау - вариант болатыны сияқты тіл - инвариант, сөйлеу - вариант болады. Сана - бүкіл этностың, әлеуметтің ғасырлар бойы жасаған ой еңбегінің нәтижесі. сол сананы жеке адам ойына көшіру тіл (сөйленім) арқылы жүзеге асады [37, 19]. Яғни тілдік тұлға өз әлемін мәтіндерді жасау арқылы жүзеге асырады. Сондықтан да тұлғаның жасаған мәтіндері оның дүниесінің субъективті бейнесін танудың құралы болып табылып, тұлғаның тілдік қызметінің нәтижесі арқылы оның ғалам бейнесін суреттеуге мүмкіндік туады. Бұл тұрғыда жазушылар мен ақындардың индивидуалды-авторлық ғаламдық бейнесін зерттеу арқылы олардың шығармаларының көркем әлемін тану зор нәтиже береді.
Көркем шығарманың авторы ғаламды өзіндік көруі мен белгілі бір уәждік ұстанымдары себепші болған идиостилі арқылы өзін көрсетеді. Жеке ғаламның тілдік бейнесі ретінде белгілі бір тарихи кезеңде тіл құралдары арқылы бейнеленетін адамның санасында концептілер жүйесі түрінде көрініс тапқан ғалам моделін түсінеміз [13, 152]. Тұлғаның концептілік өрісі жеке ғалам бейнесінің нақты жүзеге асуы болып табылады. Көркем шығарма арқылы көрінетін ғаламның көркем бейнесі сол шығарманы қабылдаушының санасында пайда болатын ғаламның тілдік бейнесі сияқты ғаламның қайталама бейнесі. Көркем мәтіндегі ғалам бейнесі сол шығарманы жасаушының жеке ғаламдық бейнесін бейнелеп, тілдік құралдар, көркемдеу құралдары, автордың жеке қолданысындағы тілдік бірліктер және т.б. арқылы іске асады. Ғаламның көркем бейнесінде сол шығарма авторының дүниені қабылдауына тән жеке концептілер болуы мүмкін, сол себептен де тіл бұл жерде көркем шығарманы жасаушының ғалам бейнесін бейнелейтін ғаламның қайталама бейнесін жасаудың құралы ретінде көрініс табады.
Ғаламның көркем бейнесінде ғаламның ұлттық бейнесінің ерекшеліктері, яғни ұлттық символдар, ұлттық концптілер де бейнеленеді. Көркем шығарманың мәтінінде сөз шеберінің шындық болмысты қабылдауы мен бағалауы бейнеленіп, сол болмысқа өзіндік түсінік беріп, көркемдеу құралдары арқылы қайта жаңғыртады. Ғаламның көркем бейнесін жеке санада қандай да бір түрде көрініс тапқан ерекше когнитивтік құрылымдардың жиынтығы ретінде қарастыруға негіз бар. Бұл қосынды, яғни жиынтық дұрысында көркем концепт болып табылады. Осылайша, ұлттық тілдің өзгешелігін бейнелейтін ғаламның көркем бейнесінің өзі концептіленген көркем кеңістік (концептілік өріс) ретінде қарастырылуы мүмкін [27, 37].
Ақын-жазушылардың шығармашылығында ғаламның көркем бейнесі жекелік сипатқа ие болып, өзіндік реңге ие болғанымен, олардың шығармашылығында пайда болатын ғалам бейнесінің негізгі сипаттамалары ұлттық сананың жалпы қасиеттерін бейнелейді. Ғаламның тілдік бейнесі сияқты көркем әдебиеттегі ұлттық ғалам бейнесі ұлт ділінің вербалды бейнеленуі болып табылады. Зерттеуші Ш. Ниятова атап көрсеткендей: Ғаламның тілдік бейнесі ұлттық және индивидуалды-авторлық тілдік бейнелерден құралатын күрделі ұғым екеніне көз жеткіздік. Бұл екеуі бір-бірінен тыс жатқан дүниелер емес, бірінен бірі туындайтын, бірін-бірі толықтырып, байыта түсетін құрылымдар екені даусыз [12, 35].
Кез келген тіл көпдеңгейлі құрылым, ол әрқайсысы өзінің ғалам бейнесінен тұратын жүйелерден тұрады. Бірақ ең көп дүниетанушылық мүмкіндіктерге тілдің лексикалық жүйесі ие. Креативті лексикалық құрамды талдау сол халықтың немесе жеке адамның ғаламдық бейнесінің ерекшеліктері туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, метафора тілдің лексикалық жүйесінің дамуы мен қалыптасуында маңызды рөл атқарады, себебі ол сөздің жаңа мағынасының пайда болуының қайнаркөзі болып табылады [27, 38].
Сөз мағынасының контексте, әсіресе көркем контексте өзгеріске ұшырап, ауысатындығы жалпыға белгілі жайт. Сөздің тура және ауыспалы мағынасының бір-біріне қатысы салыстырылып от тырған құбылыстардың ұқсастығы, мағына шекараластығы немесе қарама-қарсылығына негізделеді.
Көріктеу құралдарының сөздің жаңа ауыспалы мағынасын жасау мүмкіндігі өте зор. Бұндай жағдайда бар мәселе автордың жаңа тосыннан күтпеген салыстырулар табу шеберлігіне байланысты. Көптеген зерттеушілердің пайымдары бойынша балау (метафора) басты көріктеу құралы болып саналады. Көркем тілдің екі негізгі семантикалық қасиеті - тапқырлық пен тұспалдап айту метафораның көркем тілдегі ерекше когнитивтік рөлін айқындайды. Қоршаған болмыс туралы білімдерді белгілі бір білімдер бойынша реттеу немесе метафораландыру категорияландырудың аса кең таралған түрлерінің бірі болып табылады [27, 38].
Ақын-жазушылар көркем шығармаларында көріктеу құралдарын тосын көркем образдар, ерекше экспрессияға құрылған сюжеттер жасау үшін қолданады. Ақын-жазушылар шығармаларындағы метафораларды танымдық, эвристикалық сипат тудыру тұрғысынан дүние бейнесін танытудағы ерекше қасиеттер [38, 91] ретінде, тілдік тұлғасын сомдай түсетін негізгі көріктеу құралы [24, 37] сипатында, метафораны символмен байланыста қарастыру [39,16] арқылы, ақынның айтар ойын образды жеткізуге қызмет атқаратын тілдік құрал [40,18] ретінде саралау соңғы кездері жарық көрген көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары мен мақалаларда кеңінен орын алған.
Метафораландыру адамның ассоциациялау, салыстыру қабілетіне негізделеді және бұндай салыстыру адамның білімі мен ойлау көлемінің деңгейіне сәйкес жүзеге асырылады. Метафора концептуалдандыру процестерімен, тілді ұстанушылардың бағалау жүйелерімен, дүние туралы түсініктермен, сонымен бірге олардың әр түрлі объектілер топтары арасында ұқсастық таба білу қабілеттерімен тікелей байланысты. Зерттеуші А.С.Сыбанбаева Концептуалдық метафора жаңа ұғым концепт жасауды мақсат ететін метафоралық процестің нәтижесінен туындайды − дей келіп, концептуалдық метафора дегеніміз - адам танымында анология, ассоциация сияқты ойлау процесі заңдылықтарының нәтижесінде туындаған деректі, дерексіз ұғымдардың атауы, тілде қолданыстағы сөз атауының жаңа лексикалық мағына алуы [41,19] - деп қорытынды жасайды.
Авторлық метафоралар оны жасаушыны ерекше поэтикалық, философиялық ойлау қабілеті тән тілдік тұлға ретінде танытады. Философиялық толғаныс пен көркемдік қызмет адам мен оны қоршаған әлемнің болмысын ұғынумен байланысты. Бұндай ұғыну барысында кәдуілгі құбылыстар жаңаша қабылданып, ерекше реңкке ие болады.
Адамның дүниемен байланысы барысында пайда болған өмірлік тәжірибеге негізделген оның санасындағы ғалам бейнесі сыртқы дүниенің идеалды бейнесі түрінде көрініс табады. Қоршаған дүние туралы түсініктің қалыптасуы адамның сол өзін қоршаған дүниедегі өз орнын сезінуімен, өзіндік менін ұғынумен байланысты. Сол себепті де әр кезең адамдарының ғалам бейнесі әр түрлі болып өзгеріп отырады. Дегенмен, ғалам бейнесі өзінің даму кезеңінде көпшілікке ортақ болып табылатын түсініктерді тұтынады. Сонымен, ғалам бейнесі адам ақыл-ойының жемісі, танымдық қызметінің нәтижесі, яғни адам мен дүниенің өзара қарым-қатынасын бейнелейтін тірек ұғым [27, 40-41-б].
Соңғы кезде әлем бейнесін когнитивтік тұрғыдан қарастыруда концепт ұғымы аса маңызды мәнге ие. Концепт ̶ ол тілдік тұлғаның тілдік-когнитивтік деңгейлерінің негізгі бөлшегі, әлемнің шындық немесе қияли негізін көрсетуші ұжымдық сананың қозғалысын айқындаушы бірлік. Адам санасындағы дүние бейнесі табиғаты жағынан әр алуан болып келетін концептердің көмегімен көрініс табатыны белгілі. Олар сөз арқылы таңбаланып, вербалданады.
Концепт терминінің мағына ауқымының кеңдігі соншалықты, зерттеушілер тарапынан оған берілген анықтамалардың әр қилылығы мен сан алуандығы орасан зор. Осыған орай біз концепт терминінің тілдегі табиғаты мен мән-мазмұнына, зерттеушілердің бұл ұғым туралы айтқан ой-пікірлеріне тоқтала кетсек дейміз. Концепт термині тіл білімі шеңберінде когнитивтік жаңа бағыт басталғанға дейін ұғым сөзімен синонимдес мәнде жұмсалған. Ал бүгінде тіл білімінде зерттеуші ғалымдар бұл екі терминнің айырым белгілерін ашып көрсетуге тырысады. Ю.С. Степановтың пайымдауынша, бұл терминдер әр түрлі ғылым саласына жатады, ұғым термині негізінен философия мен логикада, кейіннен мәдениеттану саласында жиі қолданылған. Концептінің ұғымнан айырмашылығы ұғымда энциклопедиялық ақпарат беріледі, яғни концепт ұғымнан кең мағынаға ие. Ұғым ғылыми білімнің нәтижесін білдірсе, концепт сөздіктегі мағынамен қатар алғашқы формасы (этимологиясы), басты тарихи белгілерін ғана қалдырып, өте ықшам формасын, қазіргі заман ассоциациясын, бағалау модусын жинақтаған көпқабатты құрылым ̶ деп тұжырымдайды [42, 41-б].
Бұл пікірден концепт терминінің тіл біліміне соңғы жылдары ене бастағанын ұғынуға болады. Әйтсе де, концепт термині соңғы жылдары тіл білімінің жаңа бағыттарына сәйкес өзекті терминіне айналып, негізгі ұғым - сөз мәнінде жұмсалып, тек мәдениетпен байланысты таным-түсініктерде ғана емес, басқа да әмбебап қабаттағы қарым-қатынас қызметіне айналып келеді. Осыған орай, концепт ұғымы арқылы ғаламның тілдік бейнесін түсіндіру мәселесі бүгінгі тіл біліміндегі аса маңызды мәселелерге айналып отыр. А.Вежбицкая концепт ұғымын Адамның әлем туралы жинақталған мәдени түсініктері бейнеленген және атаулары бар ғаламның тілдік бейнесі ретінде тану [43, 58-] деп көрсетеді.
Бұл терминге В.Н. Телия Концепт - біздің сол нысан туралы білетініміздің барлық жиынтығы, соның мағынасының барлық экстенциясы, − деп өз тұрғысынан анықтама береді [44, 97-б]. Яғни ғалымадр анықтамасынан концептің ғалам бейнесіндегі ұжымдық таным түсініктердің кешенді мазмұнға ие күрделі құбылыс екенін байқауымызға болады. Адам қоршаған ортаны тани отырып, ол жайлы өзінің көзқарасын бақылау, әсер алу, сезіну, есте сақтау, қиялдау, түрлі ассоциациялар жасау және т.б. психикалық іс-әрекеттердің нәтижелері негізінде қалыптастырады.
Соның негізінде, көркем шығармада шындық дүние тек бейнеленіп қана қоймай, тілдік құралдар арқылы адамның сол шындыққа қатынасы яғни шындықтың көркем бейнесі берілді. Осы негізде қалыптасқан ақпарат жүйесі негізінде тілдік үлгілер (модель) арқылы автордың әлем туралы біртұтас (концептуалды) тұжырымдамасы қалыптасады.
Әлемдік лингвистикада концепт мәселесіне алғашқылардың бірі болып назар аударған С.А.Аскольдов (С.А.Алексеев) танымдық құрал ретіндегі концептілердің ең маңызды функциясы ретінде орынбасушылық (заместительства) функциясын атады. Концепт ойлау процесі барысында бір текке (род) жататын көптеген заттардың орнын басатын ой құрылымы [45, 269] - дей келіп, ғалым концепт тек шынайы заттардың, заттың қандай да бір жақтарының, шынайы әрекеттердің, орнын басушы ғана емес, сонымен бірге әр түрлі тектегі таза ойлау функцияларының да орнын басады деп көрсетеді.
Кеңестік кезеңдегі концепт табиғаты туралы алғашқы іргелі еңбек ретінде Р.И. Павиленистің Проблема смысла: Современный логико-функциональный анализ языка(1983) атты монографиясын атауға болады. Онда концепт қандай да бір мағына, тілді ұстанушылардың концептуалдық жүйесінің бөлшегі ретінде қарастырылып, ал мағына мәселесі логико-гносеологиялық тұрғыдан түсіндіріледі. Зерттеушінің пікірінше, концептілер - бір жеке адам басқа жеке адмға жеткізе алатын, барлық тілді ұстанушылар үшін немесе олардың көпшілігі үшін жалпы болып табылатын ойлау процесінің объективті мазмұнымен толыққан қандай да бір абстрактілі мәндер. Концепт жеке адам дүниенің объектілері туралы білетін, жорамалдайтын, елестететін, ойлайтын концептуалдық жүйесінің бөлшегі. Бұндай жағдайда концептуалдық жүйе жеке адам иеленетін шынайы немесе мүмкін әлем туралы үздіксіз құрастырылып отыратын ақпараттар (пікірлер мен білімдер) жүйесі ретінде түсініледі[46, 280-б].
Қазіргі таңда концепт мәселесін мәдениеттану, әлеуметтану, когнитология, тіл білімі, этнолингвистика, психолингвистика және басқа да ғылымдар қарастырады. Осыған байланысты концепт пен оны сипаттаудың әдіс-тәсілдеріне қатысты әр түрлі көзқарастар орын алған. Концептуалдық зерттеулер шеңберінде қарастырылатын негізгі мәселелерге төмендегілерді жатқызуға болады:
− концепт табиғаты мәселесі;
− концепт пен оның бейнеленуі мәселесі;
− концепт құрылымы туралы мәселе және оны модельдеу мүмкіндіктері;
− концепт пен оны объективтендіретін тілдік бірліктер мағыналарының арақатынасы мәселелері;
− концептіні сипаттау тәсілдері мен зерттеу әдістері және т.б. [27, 45-б].
Тіл біліміндегі концептке қатысты көзқарастарды саралау барысында зерттеушілердің концепт мәселесіне кең көлемде екі тұрғыдан, яғни лингвомәдениеттанымдық және лингвокогнитивтік тұрғыдан келетініне көз жеткіземіз. Бұл екі бағыт концептіні қарастыру барысында әр түрлі сәттерге көңіл аударғанымен, яғни лингвомәдениеттану концептіні мәдениеттен жеке санаға бағытталу ретінде, ал лингвокогнитологияда концепт жеке санадан мәдениетке бағытталу [47, 18] болғанымен, бұл екеуі бірін-бірі жоққа шығармайды, керісінше бірбірін толықтырып отырады. С.Г.Воркачев концепт мәселесінің когнитивтік семантика мен лингвомәдениеттануда қарастырылуының бір бірінен өзгешеліктері жеткілікті деңгейде шартты болып, зерттеу объектісін бөліп көрсету техникасымен және оны сипаттаудың әдістемесіне байланысты болып келетіндігін [48, 6] - айтады.
И.А. Стернин мен З.Д. Попова жоғарыдағы бағыттарды жеке-жеке нақтылап, бөліп көрсетеді:
1. Мәдениеттанымдық бағыт (Ю.С. Степанов) - әр түрлі ғылымдардың деректеріне сүйене отырып, концептілерді мәдениет элементтері ретінде қарастырады. Бұнда тіл концептілер туралы білім алудың ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Міржақып Дулатұлы шығармаларындағы «Ғаламның тілдік бейнесі»
Қазақ тілді филолог студенттердің тілдік тұлғасын қалыптастырудың лингвомәдени негіздері
Қадыр Мырзалиевтің тілдік тұлғасы
Жұмабаев Мағжанның тілдік тұлғасы
Тіл меңгеру деңгейлері
Ғылыми стиль - кітаби стилінің бір түрі
Кейіпкер тілі мен тілдік тұлғаның байланысы
Мәдени тілдік құзыреттілік
Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері
Жалпы білім беретін орта мектептерде қазақ тілінен сөз мәдениетін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері
Пәндер