Байырғы сын есімдердің танымдық сипаты


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 31 бет
Таңдаулыға:   

Байырғы сын есімдердің танымдық сипаты

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ІІ курс магистранты

Махмұтова Инабат Амангелдіқызы

Сын есімнің даму тарихын зерделесек, көне түркі ескерткіштеріндегі сын есімдер мен қазақ тіліндегі сын есім категориясының арасында мағыналық та, тұлғалық та айырмашылық жоқ. Тек фонетикалық ерекшеліктер байқалуы мүмкін. Десе де, заман ағымына қарай сын есімдер де дамып, жаңа мағынаның кеңеюіне жол ашуда. Мұны байырғы сын есімдерді талдау барысында көз жеткізуге болады.

Сын есім категориясын көптеген ғалымдар зат есіммен бірлікте қарастырады. Расында, сын есім заттың сынын айқындап тұратындықтан үнемі зат есіммен бірге аталуы орынды. Алайда, бұл категорияның ерте заманнан бастап-ақ өзіне тән морфологиялық ерекшелігі, семантикалық мағынасы, танымдық сипаты, сөйлемдегі қызметі жағынан зерттелу аймағы бар.

Қазақ тілінде байырғы түбір қалпында кездесетін сын есімдердің саны көп емес. Жалпы түркі тілдеріндегі байырғы сын есімдерді салыстыра қарастырғанда онда басты екі ерекшелікті байқауға болады.

  1. Кейбір сын есімдер тура мағынада да, заттық мағынада да қолданылады.

Бұл көне дәуір ескерткіштерінде де осылай қолданылған. Қазіргі тіліміздегі ақ, қара, көк сөздері осы сөзіміздің дәлелі. Мұндай зат есімнің сын есімдерге, керісінше, сын есімдердің зат есімге ауысып отыруы сонау замандағы генезистің заңды жалғасы деп білу қажет.

  1. Байырғы түбір мағынасының кеңеюі, жіктеліп, сараланып, мағыналық мәндерге

ие болуы. Мұндай құбылыстар жыл өткен сайын өз дәуіріне қарай икемділігін арттырып келеді. Мәселен, көк түбірінің түр-түс білдіретін мағынасынан аспан, Тәңір, өскін (шөп), тамыр, туыс мағынасына ойысуы.

Жалпы, қазіргі қазақ тілінде қолданылатын сын есімдердің қай-қайсысын алсақ та белгілі бір тұрмыстық, әлеуметтік, табиғи құбылыстармен байланыста туындаған өзіндік танымдық сипаты бар. Негізгі сын есімдер түр-түсті білдіретін, сын мен сапаны, көлем мен аумаққа қатысты болып топтастырылады.

Заттың түрі мен түсіне қатысты сын есімдердің дерлігі көне түркі тілдеріне ортақ сын есімдер. Түр-түс атауларының өзі үлкен бір ғылым десек қателеспейміз. Қазақ тіл білімінде оны колоративті лексика деп атап, зерттеу нысанына алып та жүр. Ғалымдар мұны адамдардың танымымен, мәдениетімен, тұрмысымен бірлікте қарастырады. Себебі, тарихтан келе жатқан Көк түрік, Ақ Орда, кісі бақилық болғанда үй сыртына ту тігу, бала қадам басқанда ала жіппен тұсауын кесу, қызыл түс қуанышты хабардың нышаны болуы, сары түстің қайғы, уайымның белгісі атануы, айналып келгенде, халықтың түсті танудағы болмысын көрсетеді.

Түркі халықтары десе ең алдымен еске оралатыны көк түс. Көк түріктің ұрпағы саналатын біздің атауымыздың өзінде сындық тұрғыдан сипатталған үлкен мән бар. Түр-түс атауларын ерекше зерттеген академик Ә. Т. Қайдаров «Алғашқы адамдар көк күмбезін оның түсіне қарап, «көк» деп атап кетуі қаншалықты заңды болса, керісінше, жер бетіндегі көк түсті заттардың бəрін аспан түсімен салыстыра отырып, жалпылама «көк» деген түр-түс атауын жасап алуы да мүмкін ғой»[1] - деп, көк сөзіне қатысты пікірін білдірген болатын. Расында, бұл ұғымға қарап мұның құбылыс ретіндегі мағынасынан сындық мағына туындады ма, әлде сындық мағынадан құбылыс пайда болды ма деген ойға келесің. Мұның өзі әлі күнге дейін даулы мәселе болса керек. Зерттеуші Н. Аитова өз зерттеуінде «Түркі тектес халықтардың ішінде қазақта көк күшейту мəнінде «көкпеңбек» болып қолданылады. Бұл «көк пен көк», яғни көкпен бірдей деген ұғымға келеді. Əр сөздің екі рет қайталануы оның реңдік мəнін əсірелеп, үдетіп жіберген» деп көрсеткен»[2] .

Түркі тілдеріне ортақ көк сын есімінің этимологиясына тереңдесек, оның синонимдік қатарын шығаруға болады. Көк пен Тəңір аспан мағынасындағы синоним сөздер болып табылады. Бұған дəлел ретінде түркінің ұлы ғалымы М. Қашқари сөздігінде көктің бірнеше мағынасы берілген, соның бірі - аспан . Ал осы сөздікте тəңір номинативінің мағынасы да аспан деп көрсетілген[3] . Ш. Уəлихановтың

«Қырғыздардағы шамандықтың қалдығы» атты мақаласында: «Аспан - бұл шамандықта ең жоғарғы құдірет. Көк тəңірі - көк аспан. Қырғыздарда бірінші сын есім көк сөзі көрінетін заттық нəрсені білдіреді, ал тəңірі зат есімі Алла жəне Құдай сөздерінің синониміне айналған», - дейді[4] . Бұл мақаладан «тəңірі жарылқасын», «көк соқсын» деген тұрақты тіркестерді кездестіресің. Бұдан олардың мағыналас екендігін анық байқауға болады. «Құтадғу білігтен» мысал келтірсек, «йерни кокни йараган» (жер мен көкті жаратқан[5] .

Көне түркі тілдерінде көк сөзінің бір мағынасы «тамыр» деген ұғымды берсе керек. Яғни, «көкяу» «тамырлас» деген мағынаны меңзейді. Мұны «көке» деген туыстық атаумен де байланыстырады. Мәселен, М. Қашқаридың еңбегіндегі «Көкең кім?» деген тіркестің аудармасы «шыққан тегің қандай?» деген мағынаны білдіреді[3] . Көке деп әкесінің апа-қарындастарын атаса керек. Мұндай көне түркілік мән кей отбасыларда әлі де бар. Қазіргі кезде де ауызекі сөйлеуде «көкең кім?» деген тіркесті кезіктіріп жатамыз. Бұл туыстық атаумен қатар, мағынасы жағынан демеуші, тірек деген мағынаға ойысып бара жатқандай.

Қара сын есімі қазақ халқының ұлттық санасында, дәстүрінде қасиетті ұғыммен де, қасіретті ұғыммен де байланысты. Ғалымдар қара сөзінің этимологиясын адамның дене мүшесі көзбен байланыстырады. Яғни, қасиетті ұғымға балайтынымыз - қазақта «көздің ағы мен қарасындай» деген жақсы бір тіркес бар. Мұны халқымыз ең қымбат, жақын адамдарына салыстыру ретінде айтқан. Сонымен қатар, «көздің қарасындай сақтау» деп аманат еткен затқа ие болу, бағалау, құрметтеу мағынасында қолданған. Аталмыш сын есім М. Қашқаридың сөздігіндегі «қарақ» сөзімен мәндес. Себебі, мұнда қарақ көздің қарашығы, көз мағынасында түсіндірілген[3] . Сонда қазіргі қолданып жүрген қара сын есім көнеде қарақ деп қолданылып, бертін келе бірнеше сөз пайда болған. Олай дейтініміз, қазіргі қазақ тілінде көзі қарақты тәрізді тіркестер жиі пайдаланылады. Бұл айтылғандардан қара сын есімі сол көзге қатысты «қарақ» сөзінен пайда болған деген пікірмен келіскен жөн секілді. Қазақта «қырағы» деген ұғым да көзбен байланысты мерген, аңғарымпаз мәніндегі сын есімнің де осы қарадан, яғни «қарақтан» шығуы әбден мүмкін деп топшылаймыз. Түр-түсті зерттеушілер қарға құсын да қара түсіне байланысты атаған деп қарайды. Ал, зерттеуші Н. Аитова болса, қарғам деп еркелету сөзі қара құстың атына еш қатысы жоқ. Оның көзге байланысты туындағанын айтады[2] .

Қарығу деген көздің шел басқан ауруы бар. Бұл жөнінде Б. Қыдырбекұлы «Қарығу - көздің суықтан, əсіресе қарлы далада ұзақ жүруден болатын ауру, көздің төңірегінде иненің жасуындай ақ бөріткеннің пайда болуы, ол көзге тікендей қадалып тұрады. Қазақ оны қардың ақтығынан көреді. Сондықтан «қарығ», яғни «қар қапты» деседі». Қашқари сөздігінде қарықты деген сөзге адамның көзі қардан қамалды деген анықтама береді. Яғни, көздің қарға қарағандағы бейнесінен қарығу, оны туындатқан ақ нәрсе қар деп аталып кетуі әбден мүмкін дейді[6] .

Қара сөзін қасіретпен де байланысты қарайды. Қазақта «қара жамылды», «қара қағаз» деген тіркестер бар. Бұл адам өлімімен, жаман хабармен ассоцацияланады. Өлім-жітім болған жерде қара түнек көңіл, жылау-сықтау болатыны белгілі. Сол себепті қара сын есімі халық ұғымында жамандықтың, тұнжыраудың символын да білдірсе керек. Адам өлімі кезінде, әйел жесір қалғанда бірыңғай қара түсті киім кию салты да бар. Сонымен қатар соңғы жылдары маркетинг, сауда-саттық желісінде қара сөзі жеңілдік, су тегіншілік (черная пятница немесе black friday) деген ұғымда пайдаланылып жүр. Мұның өзі айналып келгенде, сол жерде адам қарасының көбеюі, жылтыраған дүкен сөрелерінің босап, қарайып қалуымен байланысты болса керек деп түйіндейміз.

Ақ сөзінің түс мағынасы және одан туындайтын ауыс мағыналары бар. Атап айтсақ, көздің ағы, ақ түсті зат болуымен қатар кіршіксіз, таза, адал, керемет, тамаша, ғажайып деген сындық мағыналары бар. Ақ сөзінің шығу төркіні жөнінде түрлі пікірлер қалыптасқан. Ғалым Э. В. Севортян түркі тілдерінде ақ сөзі «аға», «әке» туыстық атаулардағы ақ сын есімі мен оқ (қартаю) етістігінен өрбіген деп көрсетеді. Егер де ақ сөзі жас ұлғаюды көрсеткен болса, онда халық ұғымындағы «қосағыңмен қоса ағар» тіркесі осымен үндес болуы мүмкін. Зерттеуші Б. Сағындықұлы ақ сөзінің сындық мағынасының пайда болуын жауатын заттың ақ аталуымен, ол заттың түсінің ақ екендігімен байланыстырады. Адам танымы ұқсас заттар мен олардың сипатын, қасиетін танығанда бір-бірімен байланыстырып, сабақтастыра таниды да, сол ретпен атау береді. Жалпы сүт тағамдарын білдіретін ақ атауы (қымыз, сүт, шұбат, құрт т. б. ) ақ етістігі негізінен өрбігенін аңғаруға болады. Оған дəлел «ақ» - ағу, жоғары-төмен жылжу, құйылу» мəніндегі етістік. Сүттің төмен сауылып, сорғалап құйылатыны белгілі. Əрі өзі де ақ, басқа реңкі жоқ, өзгермейтін ақ түсті ақ атау да көңілге қонымды. Көне түркі тілінде «үрүң» атаудың тілден ығыстырылып шығуына да ақ сөзінің конверсиялануы əсер еткен. Көне мұраларда кездесетін «таң ағару» тіркесіндегі «ақ» жоғары көтерілу, «таң көтерілу» мағынасын беретін ақ - етістігінің əр түрлі сапада жеткендігін ғалым Б. Сағындықұлы дəлелдейді [7] .

Орта ғасыр ескерткіші «Һибат-ул хақайиқта» « Рассуллар үрүң йүз бу ол йүзга көз » (Расулдар аппақ жүз бұл ол жүзге көз) деген жолдар кездеседі[8] . Бұдан ақ сөзінің адал, таза, кіршіксіз мағынасында қолданылғанын көру қиын емес. Сол секілді, бұл күндегі тілімізде кеңінен қолданылатын «сүттен ақ, судан таза» деген тұрақты тіркесіндегі мағынасы да аппақ , мөлдір түске қатысты айтылып, кінəсіз деген мағынаны білдіреді.

Бірқатар ғалымдар ақ сөзінің мәнін ай космонимімен сабақтастырып жатады. Бұлардың арасында тек фонетикалық өзгешеліктер орын алуы мүмкін. Бұған дәлел түркі тілдерінде «ай йузлук» тіркесінің көптеп қолданылуы[9] .

Ақ сөзімен шындық, адалдық мәнін де байланыстырады. Елге шындықты айтып шырылдайтын, әділдікті талап етіп, қалың жұрттың айтуын жеткізетін шайырларды ақын деген. Соған қарағанда «ақын» сөзі де «ақ» сөзінен шықса керек деп жорамалдаймыз. Себебі, ақты ақ деп айтатын, адал сөйлейтін мағынаны толықтай ашып тұрғандай.

Пәктік пен шынайы махаббаттың символына айналған құс аққу болса, мұның да этимологиясы түсінің ақ болуынан шықса керек. Бұл мысалдардан ақ сөзінің көнеден қалыптасқан сын есім екендігін аңғаруға болады.

Байырғы сын есімдердің қатарынан ал сөзін кезіктіреміз. Бұл сөз қызыл, сары, көк сөздерімен тіркесіп, түстің ашық екенін білдіреді. Ал ұғымы кейбір авторлардың пікірінше, от сөзімен байланысты. Себебі, түркі тілінде жалын, ялкун, йалун (й- ал -ун) сөздерінің негізгі түбірі деп қарайды. Ұйғыр тілінде кездесетін һал тармақ сөзі қызару, қызғылттану мағынасын береді. Сондықтан ал сөзінің мағынасы оттың жалыны болуы мүмкін деп қарайды. Ə. Қайдар былайша дəйектейді: « Біріншісі - ал сөзінің бүгінгі түркі тілдерінің көбінде-ақ жеке-дара күйінде де, күшейткіш элемент күйінде де қолданылуы болса, екіншісі - орыс, тағы басқа славян тілдеріндегі «алый» сөзінің түбірі «алды» мамандардың барлығы бір ауыздан түркі тілдерінен енген кірме сөз деп есептейді». Кейбір этимологтар түркі тіліндегі «алтын» жəне монғол тіліндегі «алтан» сөздерімен жақындастырып, оларды ал (алқызыл) мен тұн (қызғылт) мыс) түбірінен пайда болған деп қараса, енді бір жерде алмұрт, алма, алқор, алша сияқты жемістердің алғашқы компоненті ал - парсы сөзі деген де пікір бар [1] .

Орта ғасыр ескерткіші «Һибат-ул Хақайиқта» «Йа майдан дег ол гүл карам ал гүл ол» (қарапайымдылық жасыл алқап, адамгершілік онда өскен ал қызыл гүл сияқты) деген жолдарды кезіктіреміз[8] . Бұдан байқағанымыз түркі халықтарында сындық мағынада ашықтық, әдемілік мәнінде қолданылғанын көреміз.

Қызыл сын есімінің арғы төркіні қызу етістігінен шыққан. Оттың жалыны, қызыл түс шығаруымен байланыстырады. Қызыл сын есімінен сұлу, бетінің қызылы бар қыз түбірінің төркіні айқындалады. Қазақ болмысында қашанда қыз баласына қызыл киім кигізу, қызыл моншақ тағу салты бар. Халық арасында «қыздың көзі - қызылда» деген мәтел бұл сөзімізге дәйек болмақ. Һибат-ул Хақайиқта Йа анлар қызыл ең бу еңа меңа. (Яки олар қызыл шырайлы бет, ал ол бетке көрік беретін мең) деген жолдар бар[8] . Бұдан да қызыл сынының қыздың әдемілігін, шырайын сипаттағанын көруге болады.

М. Қашқари еңбегінде қыз сөзі екі түрлі мағынада қолданылған. Бірі қызыл сын мағынасында, екіншісі қымбат мағынасында. Мәселен, Бу ат қыз алдым (Бұл атты қымбат алдым) [3] . Мұнда қызыл түс қатыстық сын есім ретінде көрінсе, біздің тілімізде сапалық сын есім болып қалыптасқан. Қалай болғанда да, қызыл түс қазақ отбасында бағалысын, қимасын, қорғаны, ұяты, ары мағынасымен астарлас. Қызын қырық үйден тыйған қазақ үшін қызға қызыл кигізу, көз өтпеске қызыл жағу салтқа айналған. Қызыл сөзінің осы өтімділігінен болу керек, қазіргі таңда адам баласына түсінікті бейвербальді тыйым белгілер (мәселен, көлік белгілері, кіруге рұқсат жоқ жерлердегі белгілер) қызыл түспен беріледі. Байырғы қызыл сынының мағынасы осылайша кеңи түскен.

Жасыл сын есімінің шығу төркінін жас деп қарастырамыз. Жас «жаңа шыққан өскін» мағынасында. Бұл жөнінде Н. Қарашева: «Жас сөзінің . . . бастапқы мағынасы «жаңа шыққан көк өсімдік» деп ұйғаруға болады. «Жас» сөзінің жаңадан көгеріп шыққан өсімдікті білдіретін мағынасы жаңа өсіп келе жатқан балаға, одан кісінің өмір сүрген жыл санына ауысқан. Көк өсімдіктің дымқыл, ылғалды болуымен, əсіресе таңертеңгі шық түскен кездегі күйімен байланысты, бұл сөз «көз жасы» деген ауыспалы мəнге ие болған тəрізді», - деп көрсетеді[10] . Яғни, жасыл, көздің жасы, адамның жасы, жаңа өсіп келе жатқан балаға байланысты айтатын жас сөзі шығу тегі бір, яғни гомогенді омоним (гомогенді омоним деп - «о бастағы бір сөздің мағыналық дамуы нəтижесінде туындап, арақатынасы алыстап, бара-бара екі сөзге айналып кеткен лексемалар» [11] деп түсіндірген. Қазақы танымға сай жасыл түс еркіндікті, жайлылықты білдіреді екен. Ол көк сөзімен алмасып қолданыла береді. Жасыл өскін-көк шықты дегендей. Адам баласына әлемде қолданылатын дұрыс белгілердің барлығы жасыл түспен берілуінің өзі (бағдаршамның жасыл түсі - еркін қозғалыс) бұл сын есімнің о баста осы бостандық, еркіндік мағынасын берген болуы керек.

Түркі тілдерінің бәрінде сары түс сындық мағынада қолданылады. Сары сөзінің этимологиясына ғалымдар әр тараптан әр түрлі пікір айтады. Мәселен, топономист Е. Қойшыбаев «сар» сөзі топонимдік атаулармен тіркескенде көбінесе «айқын, кең, негізгі, басты» деген мағынада жұмсалатынын айтады[12] . Ал, Р. Сыздықова «сары алтын» тіркесіндегі сары сөзінің мағынасы қоспасыз, таза, ал «сары уайым» дегендегі «сары» сөзі парсы тілінде уайым, қайғы екенін айта келіп, «сары уайым» тіркесі бір мағыналы екі сөздің қабаттаса айтылуынан пайда болып, бала-шаға, бекер-босқа сияқты бір сыңары парсыша - уайым (сар), екіншісі - қазақша уайым сөзінен жасалған плеонастық тіркес болып табылады», - дейді [13] . Алайда зерттеуші Р. Лауланбекова: «Сары уайым» тіркесіндегі «сары» сөзі түсті білдірмейді, плеонастық тіркес те емес. Себебі, «сар (ы) » сөзінің түркі тілдеріндегі бір мағынасы - «шын», «нағыз». Е. Қойшыбаевтың «сары» туралы «айқын», «анық көрінген», «басты» деуі қисынды. Осыған орай «сары уайым» - «негізгі, анық уайым», ал «сарыла күту» - «шыдаммен, нағыз күту» дегенге саяды», - деген ойын білдіреді [14] . Ескерткіш тілінде сарығ күйінде, яғни сарғаю, сарығу мәнінде, М. Қашқарида сарғар сөзімен кездеседі[15] . Қазақ танымында бұл түс күнмен байланыстырылады және жақсы қабылданады. Себебі, күн жарық, жылу сыйлайды. Сондай-ақ, күннің батуына қарай жаңа күнді күткен. Осылай сарығып күтудің өзінен сары түсті сағыныш белгісі туындаған.

Түр-түстердің мағынасы, символикасы, этимологиясы, концепт құру ерекшелігі қазіргі кездегі тіл мамандарының назарына ілініп, адамтану парадигмасы тұрғысынан зерделеніп жатыр.

Енді сын мен сапаны, көлем мен аумақты білдіретін сөздердің танымдық аспектісіне көшейік.

Қазіргі таңда қазақ тілінде физикалық күйді білдіретін сын есімдер зерттеушілердің нысанына ілікті. Мұндай сын есімдердің байырғы түрлерінің қатарына жұмсақ, қатты, жылы, салқын, тәтті, ащы сынды сөздерді жатқыза аламыз.

Жұмсақ сөзі көне түркі ескерткіштерінде йумшақ түрінде кездеседі. Мұнда бұл сын есімді көбіне адамның мінезіне қатысты қолданса керек. Орта ғасыр ескерткіші «Һибат-ул хақайықта» Йырақ турғу йумшақ деп инанмағу (Қашық жүр. Жұмсақ деп иланбағын) деген жолдарда[8] мінездің жұмсақтығы сипатталған. Қазақ халқының танымында жұмсақ сөзінен бағалы, құрметті, жайлы қасиеттерді көрген. Жылы-жұмсақ деген ертеден келе жатқан ұғымның өзі, ең тәттісі, бағалысы, сақтаулысы деген сөздермен ассоциацияланады.

Қатты сын есімі көне түркі ескерткіштерінде қатығ түрінде кездеседі. Сөздің түпкі түбірін ғалымдар қат етістігінен болған деп көрсетеді. Себебі, М. Қашқари сөздігінде қат- (становиться твердым, твердеть) -ығ көне жұрнағынан қатығ түрінде берілген делінген[15] . Қатты сын есімі етістікпен тіркесіп келгенде көптеген жаңа семалар тудырып отырған. Мықты, аса, көтеріңкі, күшті, ауыспалы мағынада қатыгез деген мәндерде жұмсалады. Ал, көне ескерткіштерде мықтылықты, беріктікті, мығымдылық мағынасында көбірек қолданылған. Мұны Һибат-ул Хақайиқтағы «Қатығ кизла разың киши билмасун» (Сырыңды кісі білмесін берік сақта) деген жолдардан айқын байқаймыз[8] . Қазақ халқының танымында қатты сөзі жұмсақ сөзімен емес, көбіне тәтті сөзімен бірге айтылады. Бұлыңғыр күннің артынан, бұлтты түре күн шығар демекші, қатты нәрсенің артынан тәтті нәрсенің келуін күткен халық арасында осыған орай «Қабығы қатты жаңғақтың, дәні тәтті», «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» деген мақал-мәтелдер бар. Сонда қазақ танымында қатты сын есімі ауырлықпен, шыдамдылықпен астарласып жатса керек.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Зерттеудің практикалық мәні
Жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде көне ескерткішіліндегі сын есімдерді қалай оқытуға болады
Сын есімді оқытуда ата дәстүр мен әдептілікті дарыту жолдары
Сын есімді оқыту барысында ұлт жандылыққа тәрбиелеудің әдіс-тәсілдері
Қазақ тіліндегі есім негізді туынды сөздердің сөзжасамы
Сын есімнің семантикалық және граматиқалық сипаты
Сын есімді оқыту барысында оқушыларға ұлттық тәрбие беру
Сын есімнің шырайлары
Мектепте киелі сан есімді оқытудың тиімді әдістері
Ескерткіштер тіліндегі сапалық сын есімдер
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz