Қазақ кеңес прозасындағы замана шындығы (М. Әуезов, С, Ерубаев, С. Сәдуақасов т. б. )


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 9 бет
Таңдаулыға:   

Қазақ кеңес прозасындағы замана шындығы (М. Әуезов, С, Ерубаев, С. Сәдуақасов т. б. )

(М. Әуезов шығармалары бойынша)

М. Әуезов суреткер ретінде әлі де біз үшін жұмбақ, өйткені барлық нағыз дарынды бірден танып, түсініп кете алмайсыз: қаламгер шығармашылық тұлға ретінде қаншалықты дара болса, оған баға беру де соншалықты қиын. Жазушының «құпиялы» шығармаларының ішінде әлі де шешімін таппаған, әділ бағасын алмағаны «Қаралы сұлу», «Қасеннің құбылыстары», «Оқыған азамат» және «Қорғансыздың күні» әңгімелері болып табылады.

М. Әуезов «Қорғансыздың күні» шығармасын 24 жасында жариялап, қазақ әдебиетін XX ғасырдың бас кезінде классикалық биікке көтерді.

Әңгімеде қайғы-қасіреттен көкірегі қарс айырылған сексендегі кәрі әженің мұң-зары, Жақыбынан, одан соң Мұқашынан айрылып, үсті-үстіне ауыртпалық әкелген қатал тағдырдың езгісі, қайырымсыз болыс-билердің ызасы іші-сыртына симай отырған жесір келінге деген аяушылық сезімі, қабырғасы қатпаған немересі Ғазизаға деген алып ұшқан аналық ақ пейілі сюжет арқауы болады. Үйелмелі-сүйелмелі қорғансыз жетімдер үйіне кешкілік өтірік құдай жолын қылуға сау етіп келе қалған көрші ауылдың Ақан мен Қалтай мырзасымақтарына ағынан жарылған үш жетімнің, әсіресе аузын ашса, көмекейі көрінген байғұс әженің болыс-бидің ұлдарына шер тарқатып, алай-пұлай бола қалса, олардың көлеңкесі түсер деген ойы, соңында ана сөзінің аяққа тапталып қала беруі суреттеледі.

«Қорғансыздың күні» әңгімесінің атауынан-ақ қаламгердің қорғансыз адам тағдырын суреттейтінін, оның трагедиямен аяқталатынын іштей сезіп отырамыз. Жазушы шығарманың қалай аяқталатынын, яғни оқиға барысын, тұспалмен-ақ оқырманға алдын-ала білдіреді. Әдебиет зерттеушісі Ы. Дүйсенбаев қорғансыздар өміріне төнгелі тұрған қауіп туралы: « . . . Шағын кіріспенің өзінен-ақ қорқынышты оқиғаның төнгенін сезініп, дегбірсізденгендей боласыз. Күннің райы да, табиғат ерекшелігі де көңілдегі күдікті күшейте түседі» /Уақыт және әдебиет [3, 4-5бб], - деп жазса, А. Нұрқатов: « . . . Арқалық тауының аса соққан азынаған сарнауық жел де, ұйытқи соққан ақ түтек боран да, ішке бүккен арам ойларын өзара ишарамен ұғынысып келе жатқан жат пішінді екі жолаушы да, «иесіз аңырап ұмытылып қалған бірдеңе секілді» ескі қора да, одан жарты шақырымдай жерде басы қара қожалақ болған кішкене төбешіктің үстінде томпайып жатқан «бір үлкен кісінің, бір баланың бейіті» - барлығы да болғалы тұрған бір сұмдықтың, қайғылы оқиғаның жаршысындай сезіледі», - деп [1, 13б. ] осы ойды жалғастырады.

Сондай ызғарлы, қорқынышты, аянышты ортаны, табиғат құбылысының да сұрапыл сәтін барынша көрнекті суреттеуі сұмдық оқиғаның алдындағы увертюрадай әсер береді. Алғашқы сөйлемдерден-ақ оқырмандарын баурап алып, сезімге бөлеп, дәлірек айтқанда, таң қалдырып, тіпті үрейлендіріп, еріксіз жетелеп отырады. Көз алдыңызға қара түнек елестеп, қайсібір шығармаларда, әсіресе поэзиялық туындыларда эмоционалдық-лирикалық әсер беретін боран бейнесі де жағымсыз жағынан байқалады. Тау да оқырманның еңсесін көтеретін, биік қиялға бөлейтін қасиетінен өзгеше, құрдымға апаратын мекендей, тіршілікті жұтып жатқан орындай ой туғызады. Яғни жазушы табиғат суреттері арқылы астарлап болар оқиғаны меңзеп, оқырманды алдағы жамандыққа дайындап алады.

М. Әуезов шығармаларындағы табиғат суретінің кiлемдей құлпырып берiлетiн ерекшелiгiне байланысты З. Ахметовтің: “ . . . Әуезовте адамсыз пейзаж жоқ, табиғат болмысы - бұл әрдайым адам болмысы немесе үлкен адамдық мазмұнды бiлдiретiн символ” деген ойымен толық келісуге болады.

Жазушы М. Әуезовке дейін қазақ прозасында адам психологиясының автор идеалымен сабақтас келетін пейзаж жоқ еді. Зерттеуші Р. Нұрғали де: «Пейзажды, диалогты, монологты адам психологиясын ашудың ұтымды тәсілі ретінде пайдалану - Әуезовтің жазушылық ерекшеліктерінің бірі» [4, 7б] - деп нақтылайды.

«Қызғылт сәулесін дүниеге жайып тұрған күн шарасымен тұтас көрініп тұр . . . Күннің сәулесі даланы да, тауды да өз өңіне кіргізген. Күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар да күн астынан қызғылттанып көрінеді» [4, 8-б] .

Жазушының сипаттауынан ақ қармен астасқан қызыл жалқын сурет көз алдымызға келеді. Қызыл түс - қанның түсі. Осыдан-ақ жүрегің бірдеңені сезіп, секем алады. Табиғат алдын-ала әлде бір жетім-жесір жандардың қиналыс зарын сезгендей қатулы, қанды қабағын түйеді. Жылай-жылай бар ыстық жасын тауысқандай, қызғылтым тартқан күннің жалғыз көзі ақшияды. Бұл көріністі жоқ пен бардың арасынан тұтанған, кешкі қоңыр көлеңке алдындағы қалың өрттің шоғы ма дерсің. Одан әрі не болмақ? Әлде бір күнәсіз жанның бейкүнә денесі сол бейуақ шақтағы қалың өрт алауына шарпылып, қағаздай жанып кетпек пе? Жүрек секемдене түседі.

Күтпеген жерде құлағына жайлы жұбанышты хабар тиген соң, Ақан қуанып, үйге кіруге асыға бастады. Атты доғарып болған соң қонақтар қараңғы қораның ішіне кіріп, сипалап жүріп есікті тауып алып үйге кірді» [4, 11б] .

Әңгімеде зорлықшы, жәбірлеуші - болыс Ақан мен атқосшы Қалтайдың қала жақтан келуі де бекер емес екен.

Ақан болыстың шапаны . . . «өте жинақы, сырбаз . . . Жолаушының бірінің торғын түсті жаңа тымағы бар. Қалың киімнің сыртынан киген сұр түсті шекпен, жағасы қара барқыт. Байпағының қонышын барқытпен көмкерген жаңа қара етігі бар. Алғашқы көрген жерден-ақ мынау мырза екен дегізгендей» [4, 9б] . Бұл екі болыс кім? Елеусіз жүріп елін сатқан надан болыс бұл күнде күлкілі күйден арылған. Сыртқа сыр бермейді, қулық-сұмдық ішке түскен. Мінез-құлық қатайып, тоңмойынданған. «Әрекетке» дайындығы мол. Қасына Қалтай сынды серік ертеді. Серігі де, салтанаты да көз тартады, «жетілгендік» бар. Көркем бейне ретіндегі бұл белгілер өзара-дара болғанымен, мән-мазмұны, концепциясы жағынан - тұтас. Әрекет иесі Ақан болғанымен, ситуация тудыратын Қалтай. Екі жеп, биге шығып жүргендер осы Қалтайлар. Көзге көрінбей сақ жүріп ол алдымен Ақанды аңдиды. Осал жерін күзетеді. Білінбей жылжи түсіп, жанды жерді табады. Дәл осы жерге аямай тұзды себеді. Ақандарды есірік күйге енгізіп алып барып, тізгінді қолға түсіреді. «Ит қуған теке көзденген» сәтте Қалтайдың қыбы қанатын шаруаның бәрін «мырзаның» өзі-ақ тындыра бермек. Ендеше, бұл екеуі тізе қосқан жерде үлкен трагедия күтіп тұрғанын оқырман әңгіме басталғаннан-ақ сезінеді. Маңайын малдан да, жаннан да тазалап, тып-типыл еткен ағайын пиғылына Ақан мен Қалтайдың келе қалуы - аса табиғи үндестік. Жұт - жеті ағайынды. Трагедияға жеткізер тізбекте еш жасанды жалғандық жоқ. Фабуладағы осы ішкі динамиканың оларға да қатысы мол. Қалтайдың жеті қыртысын жазушы қырлап жатпайды. Табиғатын ашады. Сөйтіп, бүйректеу тұрған Қалтай тіпті де кездейсоқ бейне емес. Ұлттық топырақтан өсіп-өнген классикалық бейне. Әңгіме оның сыры мен салмағында. Символдық сипатында.

Әңгіме басталғаннан-ақ көңілсіз, ауыр көріністі көреміз. Үш әйел тізбегі тегін алынып отырған жоқ. Біреуі сексеннен асқан, кәрілігі әбден жеткен кемпір, екіншісі қырықтың шамасындағы әйел, үшіншісі он үш жастағы қыз. Үш ұрпақ өкілі. Араларында жібек жіптей нәзік жалғастық бар. Әңгімедегі үш әйел қазақ баласының күллі мінез-болмысын біріктіретіндей.

Олар тек жетім-жесір кебінін киіп қана отыр десек, қателесеміз. Бұлар құдай тақырлаған қу кедейліктен жүдеп-жадап отырған жоқ. Мейірімнің жоқтығынан, қаныпезер қарақшылықтан жапа шегіп барынан айрылып отыр.

Күндегі өмірінде бұл секілді талай жауыздықты көріп, өзі де сондайлардың ішінде болып жүргендіктен, мына естіп отырған сөзінің бәрі көңіліне таныс, таңғаларлық тамашасы жоқ. Оқып кеткен сабағы секілді болды. Асылы «жақсы сезімге жат болып кеткен бір күңгірт дүние сияқты. Өз басына келгені болмаса, бөтен кісінің басына келген ауыртпалық пәле болып көрінбейді. Оның тартқан қасіреті көңіліне қонбайды, сезіміне сіңбейді, тіпті ұғылмайды» [4, 21б] . Жан ауыртар ащы тұс - осы. Өз ішіңдегі қас жаман қасындағысын қарақтап жатқанда өзге жұрттан жарылқаушы кеп, қазақтың қасіреті мен тауқыметіне басы ауырып, балтыры сыздайды дегенге сенгің келмейді.

Жазушының “Қорғансыздың күні” шығармасында суреттелетін үш әйел - тағдыр тәлкегінің, ескілікті заманның құрбандары.

Қазақ халқының басына төнген 1932-1937 жылдарғы ұлы науқаннан бұрын жазылған бұл әңгіме кейіпкерлері көрер көзге көрінің ауызы ашылып, ақ сүйек кеміріп отырған сол жылдардың кейпін танытып, кебінін киіп алғандай.

Ғазизамен бірге қазақ қыздарының ғазиздігі, кіршіксіз пәктігі, ар-ұяты өлді. Бұлай деуге негізгі дәлел Ақбілекті, Күнікейді (Ж. Аймауытов «Ақбілек», «Күнікейдің жазығы»), Ғайшаны (М. Әуезов «Кінәмшіл бойжеткен») еске алыңыз. Ақтардың қолына түскен Ақбілек «тағдырға не шара» деп қарсыласпайды. Қара мұрттың қарсы оқталған мылтығына жармасып, шыбын жанын қорғап қалады. Немесе «…басты тұлға - Күнікей мен оның төңірегіндегілер қазақ әйеліне тән мейірім шуағымен, өмір-тұрмыс-тағдырға лайық іс-әрекеттерімен ден қойғызады» деп, «келісті кейіпкер» [247б] деп дәріптейтін Күнікей де күрескер емес. Өмір сүру заңдылығы десек те, сезім әлемін ысырып қойған, ситуацияға байланысты өзгеріп, әрқашан өздеріне қолайлы жақты таңдап, қара басының қамын ойлап, тағдырға мойынұсынып жүрген бас кейіпкерлерді әдеттегідей күрескер, ұнамды бейне ретінде трактовка жасауымыздың өзі артықтау секілді. Немесе «гүбірнелік қаладағы қазақтың тәуір қызы» «сауыттың түбі ағарғанша төңкеріп тұрып, бар у біткен жерде сауытты жерге бір салып сындырып тастап, өзін-өзі өлім жазасынан қайтадан азат қылып күрсініп, тиыштық алып отыра кететін» Ғайша ше? «Менің күнәма осы жаза да жетер… Тәуір-ақ өзімді аямадым ғой. Тіпті шын өлу керек болса, өле алады екем… Жарайды, әзірше бара тұр, Ғайша!. . Бұл жолы ақталып шықтың!. . - деп бұрынғы қалпында тіршілік күндерін тағы да күтіп қала берді…» [4, 150б] .

М. Әуезовтің тақырып аясында келесі талданатын әңгімесі - «Қаралы сұлу». Бұл шығарма қаламгердің өнер туындыларының ішіндегі үздігі, жауһарының бірі болып табылады.

Қазақ елінің күйеуі өлген жесірге, соның жоқтауына, оның күйеуінің артын күтуіне, барлық іс-әрекеттеріне назар қоя, биік сынаумен қарайтыны белгілі. Жесірлікке бұлай көңіл аудару - ұлттық менталитеттің бір белгісі. Бірақ жесір әйел жайын тап М. Әуезовтің суреттеуіндегідей қазақ әдебиетінде кездеспейді. Осы тақырыпқа қалам тартқан басқа жазушылар жесірдің өлген күйеуінің бауырына немесе басқа жасы едәуір үлкендеу біреуге ақсақалдар кеңесінің шешімімен некеленетініне, одан кейінгі өміріне назар аударатын.

Әуезовтің Қарагөзі типтік бейне емес. «Қаралы сұлу» әңгімесінің тақырыбы дәстүрлі әйел теңсіздігін суреттеуден басқа. Рух пен тәннің күресі суреттелген шығарма жер, мал, меншік, билік туралы күрес жүріп жатқан дәуірде жарық көрді. Қазақ топырағында, көшпенді салт-санасында «Қаралы сұлудан» басқа әйелдің сезім иірімдеріне, құпия жан сырына тереңдеп барған шығарма жоқ шығар. Осы шығармадағыдай адамның жан азабын, ішкі күйзелісін, жұмбақ психологиясын нәзіктікпен, барынша әулиелікпен сезіне алу - кез келген жазушының еншісіне тие бермейтіні рас. Қарагөздің бар болмысын сезініп-қабылдау таланттың кемелдігінің берген жемісі. Қарагөз трагедиясын М. Әуезов барынша табиғилықпен қабылдаған.

Бүгінгі күн талабынан қарасақ, М. Әуезовтің «Қаралы сұлуының» басты идеясы - тұрақтылықты дәріптеу болмаса опасыздықты әшкерелеу емес, керісінше - халықтық дәстүрді, әмеңгерлікті, мұсылманшылықты, некені, некелік институттарды жақтау, ерлі-зайыптылықты, жұптық өмірді, жұптық бірлікті қуаттау.

1920-30 жылдардағы қоғам болмысын М. Әуезов “оқығандар образы” (“Оқыған азамат”, “Сөніп-жану”, “Кінәмшіл бойжеткен”, “Қилы заман”) арқылы да ашты. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік шиеленістердің тіні Ақтай, Жұмағұл, Ғайша, Ғаббастар образымен астасып жатты. Шешілмей жатқан проблемалар, елдің мұң-мүддесі, ел басына күн туған кездегі дағдарыс осы әңгімелерде айқын ашылған.

М. Әуезовтің «Оқыған азамат» әңгімесі ХХ ғасырдың бас кезінде жазылғаны белгілі. Шығармадағы «оқыған» ұғымының мазмұнына үңілмес бұрын сол кезеңдегі аталмыш сөздің мән-мағынасына көз жүгіртейік. Ол кезеңде оқырманға «оқығандар» - бір жақты, жағымды кейіпкерлер деп айтсақ болады. Кез-келген автор оқыған адамнан жағымды кейіпкер сомдайтын. М. Әуезов бұл әңгімесінің тақырыбын оқырманға түсінікті қарапайым ғана «Оқыған азамат» деп алған. Тақырыппен танысқанда кез-келген оқушы әңгіменің бір оқыған азаматтың істеген жақсылықтары жайында немесе өмірі жайында деп түсінуі ғажап емес. Әйткені, ХХ ғасырдың басындағы оқығандар жайында түсінік бәрімізге белгілі.

Енді шығармада осы «оқығандар» сөзіне екпін қойыл айтылатын сөйлемдерге тоқталайық:

  • «Бұл келе жатқан - осы қалада қызметте тұрған оқыған жігіттердің бірі - Мейірхан еді»;
  • «Оқыған жігіттер мен қаланың басқа халқы да азаматты шын аяды. Жолдастарының көбі қайғыланып мұңайды»;
  • «Азаматқа ақырғы қарызын өтемек болған оқыған жолдастары түгел жиналып келді. Бәрінің түсі уайымды. Қабақтары салбыраңқы жүдеу»;
  • «Осы халдің бәрін көздерімен көріп тұрған оқығандар бір-бір күрсініп алып, салбыраған пішінмен үйлеріне тарасты . . . »;
  • «Жастарды шығарып салған оқыған жігіттер қалжыңдасып, күлісіп, бұл терезенің алдынан бөлек-бөлек болып өтіп жатыр»;
  • «Е, алса алсын байдың қызын! Ол немені біз оқытқанда, «ылғи бізден шығын шығара бер, кемпір-шалдың қолындағы азын-аулағын тауыса бер» деп оқытып па едік?! Мал тап, бізді асыра деп оқытқанбыз»;
  • «Ауылға келерде жазға лайықты барлық таза киімдерін киіп алып шытырайған жастар қаланың халқына ұқсап, қырға бөтен кісі сияқтанды. Керек десе Жұмағұлдың сөйлеген сөзінде де сіз-біз көбейіп қалған, жат адамның қалпы байқалады. Бұл үйлеспегендік әсіресе, келін жағына келгенде айқынырақ сезіліп тұр. Келін затында өзі оқып үлгі алып, Оқымыстыларына қатарына кіргені болмаса да, қаладағы мұғалімнің қатыны болып ашылып қалғандықтан, сол оқымысты жұрттың үлгісін машық еткен еді»;
  • «Бұларды бір-біріне сонша жақындастырып жіберген нәрсе не? Ол қазіргі бұлардың алдында тұрған үлкен мәселе: мал-мүлік, дүние мәселесі ғой. Соған келгенде бәрінің де мінезі, ісі түгелімен бір жерден шыққандығында. Малды сүйген қомағайлыққа, сараңдыққа, қанағатсыздыққа келгенде, жас келін кәрі енесінен асып түсті, жас жігіт оқыған десең де кәрі әкесінен асып түсті, заты, мінез бірлігі «жас-кәрі», «оқыған-оқымаған» деген айырмыстарға қарамай-ақ, бұл адамдардың басын қосып, бірін-бірі үйлестірді»;
  • «Шіркін, адамшылық қарызы деген бар емес пе? «Оқыған» деген атың қайда?! Пысық жігіт болдың, тегін қатын алдың, үйінен әкелген мүлкін алдың. Өзің де кедей емессің, қатыныңның төркіні қаланың үлкен байы. Кішкентай қыздың шығынын көтере алмаймын дегенің бе? Неменесіне өлгелі отырған кемпірді жылатып, кешегі жолдасың - Мақсұттың аруағын күңіренттің? - деді»;
  • «Байдың баласысың, бай жесірдің байысың, бай қайынға күйеусің. Оқығаныңа емес, тоқығаныңа бақтың ба? Жыланға түк біткен сайын қалтырайды деп, байыған сайын араның ашылып, жұтпақсың ба зарлыны? Қақаларсың әлі-ақ деп салды».

Бұл мысалдардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталатын болсақ, онда

«оқыған» сөзінің негізгі мәнінен қарама-қайшылық, тіпті кекесін байқаймыз. Бірақ мұны автордың оқығандардың кім екендігін білмегеннен немесе оларды кекетейін деп жазғаны деп түсінуге болмайды. Автор сол кезеңде қалыптасқан дәстүрге қарсы түсінік қолданып отыр. Ол осы тәсіл арқылы оқушыны ойландыруға, сол мәселе жайында көзін ашуға тырысады. Сонымен бірге қалыптасып қалған «оқыған» деген ұғымның әрқашан позитивті болмайтынына көңіл аудартады. Осыны автордың қасаңдаған дәстүрге қарсылығы деп түсінуге болады. М. Әуезов оқығандар образы арқылы сол уақыттағы «оқығандардың бәрі бірдей» деген ұғымға қарсы шыға отырып, сол кезеңдегі әдеби ағымда парадокс тудырып отыр. Мұны тақырып пен идея арасындағы әдеби парадокс деп атау да дұрыс. Автор оқыған азаматтардың ел үмітін ақтай алмағанын халықтың түсінгенін ашық суреттейді. Оқиға барысында Әуезов бас кейіпкерін «оқыған жігіт» деп беруі де оқырманның көңілін оның оқыған екендігіне және істеген істеріне назар аударту үшін болса керек.

Әуезов халықтың «оқыған» жігіттердің де қателіктерін көре бастағанын осы жолдармен жеткізген. Автордың «оқыған» азаматтардың әрбір қасиеттеріне тоқталған сайын ХХ ғасырдың бас кезінде ел ұғымында қалыптасқан оқыған бейнесіне қайшы келетін белгілер айқындала түседі.

Жалпы, қазақ оқығандарының іс-әрекеттері, еліне тигізетін пайдасы мен зияны қаламгердің көп әңгімелеріне арқау болған. «Кінәмшіл бойжеткен» әңгімесіндегі Ғайшаның да, Ғаббастың да сол кезеңнің оқығандары болуы көңіл аударалық жәйт. Оқыған Ғайшаның оқымаған Ғазиза, Қарагөзден ерекшелігі қандай? Ғайша сол кезеңде жазылған шығармалардағы басқа қыздарға ұқсамайды, өзінің жүріс-тұрысынан қысылмайды, қазақ қауымының оны сөз еткендігіне ыза болып, өзін қорлық көргендердің қатарына қосады. Ғайшаның жағымсыз әрекеттерін суреттегенде автор қоғамның бірте-бірте қайда келе жатқанына болжау жасайды. «Болашақта Ғайша сияқты қазақтың сұлу «оқыған» қыздары «кінәмшіл бойжеткенге» айналып кетпей ме?» - деген ұлттық проблеманы осындай батыстың интимдік көріністері басым шығарма арқылы жеткізіп отырғанын байқай аламыз.

«Кінәмшіл бойжеткендегі» Ғайшаның мінез-құлқы мен рухани әлеміне, олардың түсінігі мен түйсігіне, ой-санасына буржуазиялық жат моральдің шарпуы тигені байқалмай қалмайды.

С. Садуақасовтың «Күлпәш», «Күміс қоңырау», «Салмақбай-» сияқты әңгімелерінде қала мен ауыл өмірінің өзгеше сипаттары суреттеледі. Бұл жөнінде Смағұл Садуақасұлының ғұмырбаянын, әдеби-көсемсөздік мұрасын алғаш зерттеген ғалым Д. Қамзабекұлы былай дейді: “ . . . қоғам түзелген шақта Смағұлдың прозалық шығармалары қайта баспа бетін көріп, талдана бастады. 1990 жылы “Жалын” журналының 3 санына филология ғылымының кандидаты Б. Дәрімбетов “Ағып өткен бір жұлдыз” деген мақала жазып, қайраткердің ғұмырбаян деректеріне, артында қалған көсемсөздеріне, көркем шығармаларына шолу жасады. Зерттеуші Смағұлдың “Күміс қоңырау” повесімен халықты қайта қауыштырды. Сондай-ақ, 1993 жылы Б. Дәрімбетов Смағұлдың таңдамалы шығармаларын құрастырып, жазушының “Салмақбай-Сағындық”, “Күлпәш” атты тағы екі прозалық туындысын қалың оқырманға жеткізді” [49, 86-87б] . Сейілбек пен Қошқарбай хаттары, Сәлиманың аянышты тағдыры «Күміс қоңырау» повесінің сюжеттік желісін құраған. Сәлима еркіндікті аңсаған қыз. Орысша оқып, күміс қоңыраулатып келген Сейілбектің етегінен ұстағанда Сәлима қолы бостандыққа жеткендей өзін еркін ұстайды. Бірақ ол үміті ұзаққа бармаған. Сейілбектің жылтыраған сыртқы көрінісіне алданған Сәлима жәбір көріп, ойлаған мақсатына жете алмай, орта жолда қалады.

О баста автордың көздеген нысанасы оқыған кейіпкерлерін пайым-парасатқа ұмтылдыру, ұсақ тірлік, майда мінез, ауыл үйдің өсегінен ірге алыстату, күрескер тұлғаға айналдыру болса, сол ойдың жүзеге аспағандығы олардың ішкі дауыс, ой-пікірінен аңғарылады. Қаламгер-қайраткерлер сомдаған оқыған адамдар образы мен кейіпкер өзі сомдаған адам образының арасында сәйкестіктің, адекваттың жоқтығы байқалады. Осы тұста зерттеуші пікіріне назар аудара кетейік: «Күміс қоңырау арбаға жегілген аттың қамытына тағатын әшекей. Ол жай сәндікті, салтанатты байқататын жылтырауық нәрсе. Көлік ол болмаса да жүреді. Повесте жазушы оқыған азамат қоғамның жылтырауық әшекейі болмай, қозғаушы күші болу керек дегенді айтады. Қаламгердің бұл пікірін Қошқарбайдың Сейілбекке жазған хатынан көреміз. “Озам десең, сөзді қойып, іске кіріс. Озсаң жігіт болғаның, тозып кетсең, сенің атың “күміс қоңырау”, дейді шығарма қаһарманы [49, 137б]

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әдебиет сабағындағы романтизм және реализм әдістері
Тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиеттану ғылымының даму бағдары
Романда Тана қыз даралық қырымен танылатын образ
Ғабиден Мұстафиннің өмірі
Қазақстандағы кеңестік мәдениет ошақтарының қалыптасуы
Ш.Мұртазаның «Тұтқын бала» әңгімесін оқыту
Қазақ проза жазушысының өмірдегі жолы
М. Әуезов әңгімелеріндегі тақырып пен идея
Т.Ахтановтың өмір жолы және шығармаларының көркемдік қасиеті
КЕҢ КӨЛЕМДІ ЭПИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДЫ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz