Тілдік норма - тілдік әдебиеттілігінің бір белгісі
2.2. Тіл ішіндегі тіл немесе жастар тілі
Тіл мәдениеті - тіл қолданысындағы қате мен ағаттықты, жазуда кететін кемшілікті тауып, көрсетіп отыратын тіл білімінің ғылыми-практикалық бағыты. Ол тіл қолданысындағы қателерді көрсетіп отыруды ғана көздейді. Ал тіл қолданысындағы қателерді табу үшін олардың тиіс болу базасын тану қажет, демек, тілдік жүйені, ол жүйеге сай қалыптасқан нормаларды айқындап алуы шарт. Сондай-ақ тіл тіршілігінде тек сөздер ғана емес, дыбыстар, ол дыбыстардың айтулы сазы дегендердің мән зор, бүгінгі тілдердің қызметі жузмен қоян-қолтық астарласып жатыр, бұл күнде тіл жазусыз қызмет ете алмайды. Сондықтан емле мәселесі де тіл мәдениетін, яғни, жазуда да дұрыстықты, жүйелілікті, қолайлықты талап етуі заңды [1.5].
Тілші ғалым Р.Сыздықова Тіл мәдениеті дегеніміз - сөздерді дұрыс орнымен қолдану (лексикалық), дұрыс құрастыру (синтетикалық), дұрыс қиюластыру (морфологиялық), дұрыс дыбыстау (орфиоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау (лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру дейді. Бұдан байқайтынымыз, тіл мәдениеті - тіл қабаттарының бар бөлігін қамтитын, адамның тілді меңгеру дәрежесін көрсететін индикатор. Адам тіл мәдениетін меңгеру арқылы рухани деңгейі де өседі. Адамның тіліне қарап оның білімі мен ой-өрісін, рухани дүниесі қандай екенін білуге болады.
Тіл мәдениетінің өзегі - норма туралы ұғым. Норма тілдің жүйесі мен құрылымына иек артады. Тілдік жүйе дегеніміз - тілде бар үлгілердің, қолданыс түрлерінің белгілі бір тәртіппен келуі, ал тілдік құрылым дегеніміз осы жүйенің іске асқан (көрінген) материалдық мүмкіндіктері [1.6].
Әдетте норма сөзін терминдік мағынада емес, қалыпты бейтарап сөз мәнінде жұмсасақ, белгілі бір тәртіп, жүйелілік, дұрыстық деп ұғынамыз. Ал тілге келгендегі бұл сөздің ұғымы жалпы тәртіп дегенмен қоса, терминдік мәнге ие болатындығы мәлім.
Норма - тілдің туа біткен қасиеттірінің бірі. Ол белгілі бір реттілік, жүйелілік құбылыс ретінде ауызекі сөйлеу тіліне де, әдеби тілдің ауызша қолданысына да, жазба тілге де тән [1,45].
Норма - тілдік бірліктердің жұмсалу формуласы. Логикалық, стилистикалық және лексикалық жағынан қабаттасып келген, еш қателігі жоқ сөз қолданысы. Мәселен, тілде тек болымды және болымсыз мағынада, не жағымды, не жағымсыз мағынада қолданылатын сөздер бар. Олардың бір-бірімен шатастырып қолдануға болмайды. Бұл, әсіресе, аударма тілде кететін көп қателіктердің бірі. Мысалы, алып кетті деген тіркесті малды алып кетті, адамды алып кетті дей алмаймыз, малды айдап кетті, адамды ертіп кетті дейміз.
Одан бөлек, қазіргі қазақ тілінде кездесетін көп қателердің бірі - көптік жалғауын дұрыс жалғамау. Мәселен, адамдардың қарындары ашты, адамдардың қадірлері қашты, адамдардың көздері бақырайды дей алмаймыз, оның орнына адамдардың қарны ашты, адамдардың қадірі қашты, адамдардың көзі бақырайды дейміз.
Тілдік норма - тілдік әдебиеттілігінің бір белгісі. Біз халықты әдеби тілге баулитындыөтан, халықтың, баспасөздің тіл мәдениетіне көз жібергенде, олардың әдеби тіл нормаларын қаншалыты сақтау-сақтамауы еленеді. Ол тіл мәдениетінің бір жағы. Оған одан басқа сыпайы сөйлеу, ойды дәл, айқын айту, сөзді орынды қолдану, ой мақсатына лайық сөйлемді дұрыс құру сияқтылар да енеді [2.46].
Заман талабына сай қоғамда өзгерістер көп, жаңарулар мен түрлі техникалар мен ақпарат әлемі жастарға әсерін тигізбей қоймасы сөзсіз. Соған сай жастардың да тілі өзгерді. Әлеуметтік желі жаулаған қоғамда жастар да заманауи ғаламтор тіліне бейімделе бастады. Ғаламтар алдымен жастардың жиналатын ортасы болғандықтан, интернетте жазып қолданылатын тіл - жастардың тілі деуге болады. Сәлемдесуден бастап, жазба жариялауға дейінгі тілдің өзі жаңа қазақ тілінің бейнесіне айналды.
Сәлеметсіз бе? Армысыз! Ассаламағалейкум! сияқты амандасу түрлері, аман-саулық сұрау жағы жұтаңдана бастаған. Қысқаша сәлем деп кейін қал қалай? деп әңгімелерін жалғастырады. Сәлем - сөздің анасы демекші қазақ халқының амандасу этикасына байланысты адам мен адам Сәлеметсіз бе?, Ассалаумағалейкум!, Сәлем бердік!, Армысыз, Кеш жарық! деп амандасып, хал-жағдай сұрайды.
Қазақ халқы сәлемдесу мәдениетіне аса мән берген. Сәлем - сөздің анасы, Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше, Сәлемге сөз таба білмеген халыққа жол таба білмейді деген мақал-мәтелдер кез келген сөйлесім әрекетінің бастауында сәлемдесу жататындығын білдіреді. Сәлемдесудің де өз салты мен прагматикалық бағыты болады.
Сәлемдесу үрдісі ауызша әрі бейвербалды амалдар арқылы жүзеге асады. Сәлемдесу актісі кезінде бейвербалды амал қатар қолданылады. Мәселен қазақ дәстүрінде қолмен амандасу, қос қолдап амандасу, төсіне қолын қойып амандасу, тізесін бүгіп амандасу, иек қағып (көтеріп) амандасу, төс қағыстырып амандасу, бас изеп амандасу, маңдайдан, қолдан, беттен сүйіп амандасу, қол көтеріп амандасу тәрізді бейвербалды коммуникативтік амалдар бар.
Диалог барысында аталмыш тілдік емес амалдардың барлығы жүзеге асады әрі тілдік бірліктермен қатар қолданылады. Мәселен:
- Игілік!.. Сәлем!.. - деп қалып еді, енді шанадан аюдай бұлқына түсіп келіп, қолдасып амандасты.
- Амандық па? Бәйбіше дені сау ма? (Ғ. Мүсірепов. Оянған өлке).
Аталмыш диалогта сөйлесу әрекетін бастаушы коммуниканттың тілдік бірлікті жұмсай отырып, бейвербалды амалды да қатар қолданғанын байқаймыз. Сонымен қатар келесі мысалда паралингвистикалық амалдың коммуниканттың сөйлесім әрекетіне ерекше ықылас танытуына да байланысты екенін аңғарамыз:
Сол уақытта Абай үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап:
- Ассаламалейкүм!.. - деп сәлем берді.
...Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты, бір алуан сыпайылыққа Бөжей оң назарын салды білем... Атының басын тежей беріп:
- Уағайкүммәссәләм, балам!.. - деп тоқырай қалды. (М.Әуезов. Абай жолы)
Мысалы:
Даусы үнді келген үлкен көз, кең маңдайлы жігіт әуелі оязға:
- Здрасти, Ваше благородие! - деп орысша үн қатты. Сол сәтте көзін жалт еткізіп
Абайға бұрылып:
- Әссәлаумұғалейкум, Абай аға! - деп оң қолын төсіне қойып, мұсылманша тағзым білдірді (М. Әуезов. Абай жолы).
Бұл жерде жазушы алғашқы коммуниканттың сөйлесуге аса ықылас танытқанын, соның әсерінен ықыласты сәлем беру амалын жүзеге асырғанын әрі қарсылас коммуниканттың бұл ықыласты сәлемге ерекше назарын салғанын суреттеп көрсеткен. Бұдан біз сөйлесім әрекетінің сәтті шығуы үшін сәлемдесу амалының мақсатты шығуына қамтамасыз ету керектігін тұжырымдаймыз.
Әдетте, қазақ амандасу диалогы бір-екі ауыздық сәлем салумен аяқталмай, біршама көлемді әрі біртұтас диалогтық құрылымға ие болып келеді. Яғни, қарым-қатынас орнатудың бастапқы тілдік әрекеті диалогтық тұтастық күйінде беріледі.
Ғ.Мүсіреповтың Оянған өлке романында қазақ салтына тән ұзын-сонар амандық-саулық сұраудың жөн-жоралғысын кең суреттеп жазған. Этнографиялық жазушы 1,5 бет бойы қазақтың амандасу жоралғысын сипаттап берген. Жазушы халқымыздың амандасу барысында саулық (денсаулық), есендік сұрау барысында ауыл-аймақтың, туыс-туғандардың, ру-елдің амандығын сұрай отырып, ел-мекеннің табиғаты мен мал-жанының әл-ауқатын, жөн-жағдайын, қалың елдің қал-тұрмысын сұрайтындығын айтады. Жазушы мұны былай жеткізеді: Дүние жүзінде қазақтан ұзақ амандасатын ел кемде-кем болар... Мал-жан, ауру-сырқау, ит-құсқа дейін қалдырмай сұрасады. Келген жерінің қандай қабақпен отырғанын да осы амандасу үстінде болжасып алады. Келген жұмысының жайын аңғарту үшін де жапсарлас бір амандық сұрау керек... Қожекең осыны ескеріп: Тыныштық па, әйтеуір?... - деді...
Мұндай ұзын-сонар жөн сұрасудың ретін келесідей мысалмен көрсетуге болады:
- Ассалаумағалейкүм!
- Уағалейкүмассалам!
- Салаумалайкүм... салаумалайкүм!
- Әлік салам... Салаумалайкүм, әлік салам...
- Е, Жұмеке, мал-жан, бала-шағаңыз түгел аман ба?
- Шүкір аллаға, аман... өз үй-ішіңіз де есен бе түгел?
- Ауыл-аймақ, ел жұрт тегіс есендікте ме?
- Тегіс есен, Қожеке... Өзіңіздің жүрген жерлеріңіз де аманшылықта ма екен?...
- Шүкір, Жұмеке, шүкір... Көлей бәйбішенің дені-қарны сау ма?
- Сау... Өзіңіздің де бәйбішеңіз күйлі ме?...
- Күйлі-күйлі, Жұмеке... Келін-кепшік, бала-шағалар есен ғой?
- Есен, Қожеке...
- Ауру-сырқау, өлім-жітімнен түгел есенсіздер ме?...
Қожаның көңілі үшін аллалап отырған Жұмекең бұл жолы:
- Құдай деп отырмыз, - дей салды.
- Шыққан шығын жоқ па?
- Жоқ... Енді Қожекені де қоспай кетті... (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке)
Қазақтың сәлемдесу сөйлесімінде амандық-есендік білумен қатар, әңгіме бастаудың жай-жапсарын да біліп алу ниетінің орын алатындығын байқауға болады. Сәлемдесу мен жөн сұрау, әңгіме бастаудың реті - барлығы да ситуацияда орын алып отырған диалогтық тұтастықтың құрамына енеді. Келесі мысалда да қазақтың сәлемдесу үрдісінің ерекше түрі берілген.
Төмендегі диалогқа қатысушылар амандық сұраудың алғышарты ретінде ел-ауылды сұрап алу реті ұйымдастырылады:
- Шырағым, жол болсын, - деді, ортада отырған шал.
- Әлей болсын... Сіздің ауылда жұмысымыз болып келіп едік, - дедім мен.
- Әлей болсын дедің, болды сол. Ар жағын кезегі келгенде айтар болар, - деп, шал мені ауыздықтап қалды.
Түсінде көргендей кәрі тағылықтың мән-жайына мен енді түсіне бастадым да қатемді тез түзеп:
- Иә... Әлей болсын... - дедім.
- Қай елдің баласы боласың?
- Керей боламын.
- Қай керей?
- Қызылжарға қарайтын керей.
- Елдерің аман ба?
- Біз аттанғанда аман еді.
- Бүгін қай жерден шықтың?
- Бурабайдан шықтым.
- Жол шетің қай жер?
- Осы сіздің ауыл...
- Ендеше, Есенгелді, бұл балаларды үлкен үйге апарып түсір... - деп, шал мақұлдау күткендей, екі жағына кезек қарады.
(Ғ.Мүсірепов. Этнографиялық әңгіме)
Мұнда диалогқа қатысушылардың (жас пен кәрі) арасындағы аздаған тартыс та орын алған. Алайда қазақтың дәстүріне тән амандасудың реті орындалмай диалогқа қатысушының мақсаты жүзеге аспайтындығы байқалады. Мұның ретсіз екендігін түсінген коммуникант сөйлесу жағдайын лезде өзгертіп үлгереді де, қайта әңгіме бастайды.
Әдетте, қазақ халқы адамның жағдайын ғана бүкіл ауыл-аймақтың халін біле отырып, сөйлесуші коммуниканттың жеке басына тән белгілерін де (руға тиесілі, атасының кім екендігі, т.б.) тануға тырысады.
Ал жастардың тілінде амандасу мен сәлем сұрауға көп мән берілмейді. Қайырлы кеш!, Қайырлы таң!, ал бейреми жағдайда аманасу сөздерінің қысқа, ықшам түрлері Сәлем!, Саламалейкум!, Әлессалам! т.б. жиі қолданылады.
Коммуникативтік актінің негізгі компоненттері - сәлемдесу, қоштасу формалары байланыс орнату, қарым-қатынасты жалғастыру, әңгімелесушілердің арасында сыпайы әрі әдепті қатынасты ретті және коммуникацияны доғару функцияларын атқару. Сөйлеу этикетінің құрамды элементтерінің бірі болуы себепті олар адресат пен адресанттың әлеуметтік және биологиялық белгілерін саралап, сөйлеу ситуациясының ерекшеліктерін айқындап отырады.
Ғаламторда түрлі жас шамасындағы жастар отырады, арасында мектеп оқушылары, тіпті, мектеп оқытушылары, студент жастар және түрлі қызмет саласындағы адамдар отырады. Жастардың виртуалды байланыстағы қарым-қатынастарынан грамматикалық, лексикалық, орфографиялық қателіктерін көптеп табуға болады. Сәлемдесіп, аман-саулық сұрасып болғаннан кейін, өздерінің сұрақтарын қоя бастайды. Әдетте, ол досының қолы бос екендігіне қол жеткізу үшін не істеп отырсың? деп сұрайды. Енді осы бір ғана сөзді жастар өз қалауынша жазады. Не істеп жатсың?, Не істеп?, Не жасап жатырсын?, Не истеватсын?, Не иств? деп жазып жатады. Енді біреулері не істеп отырсын? деген сұраққа отырған сол деп жауап қатады. Сұрақ не істеп отырсын деп ІІ жақта қойылғандықтан, тыңдаушы сұраққа І жақта жауап беруі тиіс. Яғни, отырмын деп жазуы тиіс еді. Осыған ұқсас жүрген соң, жатқан сол сияқты сөздерді де қолданады.
Қызғаншақтылық, пайдаланғыш, күлкінішті сияқты сөздерді көптеп қолданады. Түсіндіме сөздікке сүйенсек, қазақ тілінде мұндай сөздер жоқ. Қазғаншақтылық сөзіне қатысты мынандай анықтамалар берілген: Қызған - жақын адамды басқадан қорғаштау, қызғаныш сезімі басым болу. Қызғанғандық - қызғаныш білдірушілік; Қызғаншақ - қызғаныш сезімі күшті, іші тар; Қызғаншақтау - қызғаныш қалатын, іші тарлау; Қызғаныш - бір нәрсені қызғану сезімі, қызғаншақтық қасиет; Қызғанышты - қызғанышы бар, қызғаныш сезімі билеген; Қызғаныштық - қызғаныш білдіргендік; Қызғаншақтық - қызғаншақ болғандық, іші тарлық.
Байқағанымыздай, қызғаншақ сөзін есімдерден зат есім жасайтын -дық, -дік, -тық, -тік жұрнақтары түрлендіріп, сөз тудырып тұр. Қазақ тілінің емлесіне сәйкес осылай қолданылуы тиіс. Жастар ол жұрнақтарды өзгеше қолданып ж.р.
Пайдаланғыш сөзіне келсек, пайда сөзі: 1. Өндіріс, ауылшаруашылық өнімдерінен, саудадан түсетін мол табыс, таза кіріс, түсім. 2. Адамға тиімді, жағымды іс-әрекет, олжа. 3. Жәрдем, көмек, сеп. Пайда болды - кезекті, тап болды, көрініс берді. Пайдаға асты - қажетке жарады, іске татыды. Пайда келтірді - артық үнем түсірді. Пайда көрді (тапты) - табысқа қарық болды, олжа тапты. Пайда қылды - а) олжас етті, үнем тапты; ә) кәдеге жаратты. Пайдасы тиді - себі болды, жақсылығы тиді. Пайдакүнем - оңай олжа табуды құптайтын адам, пайдақұмар.
Пайдақұмар: 1. Жоқ жерден пайда табуды мақсат ететін пайдақұмар. 2. Сауда-саттық жасап пайда түсіруші саудагер. Пайдақорлық - пайдакүнемдік, пайдақұмарлық. Пайдақұмар - пайдакүнем, пайдакеш. Пайдалан - қажетіне жарату, пайдаға асыру. Пайдаланушылық - белгілі бір затты пайдаға асырушылық, қажетке жаратушылық. Пайдаланым (жаңа) - белгілі бір нәрсені пайдалану, эксплуатация. Пайдалылық: 1. Белгілі бір іске тікелей пайдасы барлық. 2. Тиімділік, қажеттілік, қолайлық. Пайдапақыршылық - пендешілік жасап пайда тапқысы келушілік. Пайдашыл - пайдакүнем, пайдақор. Пайдашылдық - болмашыны пайда көрушілік.
Жастардың тіл байлығында пайдаланғыш сөзі қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде жоқ, ешқандай анықтама берілмеген.
Түсіндірме сөздікті күл: қуанып шаттану кезінде зу тартып түрлі үн шығару. Күле кіріп, күңіреніп шықты - екі жүзділік етті. Күлкі болды - күлкіге айналды, мазақ болды. Күлкінің ерні кезерді - мұң-шерге батты. Күлкің көмір болғыр (қарғыс) - бір бәлеге душар болғыр. Күлгіш: 1. Күлегеш. 2. Әжуалағыщ, мысқылдағыш. Күлдіргі: 1. Күлкі келтіретін, күлкілі, күлдіргіш. 2. Күлкілі рөлдерде ойнайтын актер. Күлдіргіш - күлкілі әңгіме айтқыш, әзілқой, қуақы. Күлдіргілеу - күлкілілеу, қу тілділеу. Күлдіргіш - күлкілі әңгіме айтқыш, әзілқой, қуақы. Міне байқасаңыз, жастар көп сөзге мән бермеуде, еркеліктен қалған сөз қоры немесе сөздің мағынасына мән бермеуі.
Жастар арасында қолданылып жүрген алсаңдарсай, барсаңдарсай, көрсеңдерсей, келсеңдерсей, т.с.с. Бұл жерде ал, бар, көр, кел сөзін көпше түрде қате қолданып тұр. Алыңдар, барыңдар, көріңдер, келіңдер деп көптелуі тиіс. Тіпті кейбірі шығар, секілді, тәрізді, сияқты деген шылауларды қолданбай, көргент та, алғант та, келгент та деп сөйлейді. Көрген шығар, келген сияқты деген сөздерді үндестік заңын сақтамай, шұбар ала қолданылғаны көрініп тұр.
Ұлтымыздың мәдени құндылықтарын бойына жинақтаған тілдік бірліктер қатарына қанатты сөздерді, тұрақты тіркестерді, мақал-мәтелдерді жатқызамыз. Жастар көп қолданатан тұрақты сөз тіркестерінің ішінен сан жағынан басымдық танытқандары рухани жағынан емес, физиологиялық жағынан сипаттайды. Мысалы, физиалық жағынан белсенді (тепсе темір үзу, қол-аяғы балғадай), жалқаулыққа бейім (мойны жар бермеу, серуен салу, сайран құру, рақатқа бату), сезімтал, жүрегі тез жараланатын (көзінен сорасы ақты, көзін жасқа толтырды, көзінің жасы кеппеді, көз жасы көл болды), жазалау, күш көрсетуге бейімділік (жонынан таспа тілу, жон терісін сыпыру, жанын көзіне кқрсету, қол жұмсады, мұрнын бұзу). Байқағанымыздай, жастар қолданатын тұрақты сөз тіркестерінің ішінде бағалаушы мағынадағы тұрақты сөз тіркестері көп, ал тәлім-тәрбиеге қатыстылары өте сирек кездеседі.
Жастардың құндылық бағыттары, қызығушылықтары темекі тарту, бас қатырмау, наша шегу, шөп шегу, мас болу, тойып алу, картоп жару, бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығу т.б. тіркестерінен көрінеді. Бұдан жастар тілінің дөрекілігін, нормаға қайшы келетінін, сөздің қорының таяздығын көруге болады.
Қоғамда белгілі бір әлеуметтік топтың құрамына кіріп, өз пікірін, көзқарасын, өмірдегі позициясын сол топтың ықпалымен қалыптастыратын жеке адамның сөйлеу әрекетінде жалпылық пен жекелік ұштасып көрінеді. Яғни жеке адам әрекетінде әлеуметтік пен даралық, табиғилық пен қабылданған норма, объективтілік пен субъективтілік өзара байланысқа түседі. Тілдік қарым-қатынасқа өзіндік психикалық ерекшелігі бар, белгілі бір жастағы, этностық топқа, әлеуметтік топқа кіретін адамдар түседі. Сондықтан сөйлеу тілін зерттегенде, бұндай белгілерді ескермеу мүмкін емес. Өйткені олар сөйлесім мазмұны мен құрылымына тікелей әсер етеді. Онсыз тілдің әлеуметтік жүйесін, перформативті сөйлесімдердің табиғатын және т.б. құбылыстарды түсіндіру мүмкін емес. Бұл жөнінде С.С.Кибрик: Тілдің қарым-қатынас құралы қызметін жүзеге асыруға қатысы бар барлық белгілер тіл білімінің қүзіретіне кіреді дейді [3.3].
Қарым-қатынасқа түскен адамды келесі факторлар бойынша сипаттауға болады: 1) тілдік құзірет, 2) ұлттық белгі, 3) әлеуметтік-мәдени мәртебесі, 4) психологиялық ерекшелігі, 5) тұрақты әдет дағдылары, 6) сыртқы пішіні [4]. Сөйлеушінің осындай белгілерін ескере отырып, тілдік қарым-қатынасқа түсуге болады. Бұл белгілердің жеке адамның бойынан тұлғаның өзге қасиеттерімен ұштасып, сөйлеу үстінде нақта көрініс табады. Оның жекелеген сөздерді айтуында, сөйлем құрылысын құруды аталмыш белгілер өз таңбасын қалдырады.
Сөйлесу барысында адамдар не тыңдаушы, не сөйлеушінің рөлін қабылдайды. Олар бір-біріне хабар жеткізеді, сипаттайды, дәлелдейді, сендіреді, тұжырымдайды, бұйрық береді, сұрақ қояды, жауап береді, ұсыныс жасайды, қабылдайды, уәде береді, бас тартады, кекетеді, ренжітеді, мақұлдайды, құбылыс пен әрекетке қатысты өз бағаларын береді. Сыпайы не анайы сипаттағы сөйлесім әдістерін таңдап қолданады. Коммуниканттар пікір алмасудың белгілі бір тақырыбын таңдап алып, терең коммуникациялық процестерге араласады. Немесе пікірлесудек, тілдік қатынас жасаудан қашып, тақырыпты өзгертеді. Мұның барлығы да коммуникацияға, сөйлесімге тән әрекеттер. А.А.Леонтьев: Қарым-қатынас - адамдардың қоғамдағы өзара әрекеттесуі ғана емес, қоғам мүшелері ретінде өзара әрекеттесуі дейді [5].
Сонымен тіл бірлігінің коммуникативті-прагматикалық аспектісін зерттеуде жеке адам бағдарын ұстану мына екі мәселені есепке алуды қажет етеді: 1) жеке адамның сыртқы дүниені қабылдауының тілдік көрінісі ретінде қарау, 2) жеке адамның уәждемесі мен мақсаты жүзеге асыру құралы ретінде қарастыру [6.77].
Сөйлеу әрекеті, адамдар арасындағы қарым-қатынас белгілі бір жағдайларда - кеңістік пен уақыт тоғысында орын алады. Сөйлеу әрекеті жүзеге асатын экстралингвистикалық факторлардың жиынтығы сөйлеу жағдаятын қалыптастырады. Т.Г.Винокур сөйлеу жағдаятын референтті жағдай, ал оны қалыптасуына ықпал ететін факторлардың жиынтығын коммуникативті жағдай деп екіге бөледі [7.53].
Сөйлеу жағдаятын сөйлеушінің сезім мүшелері арқылы қабылданатын прагматикалық, референтті корсеткіштер ғана емес, сөйлеушінің оған дейінгі белгілі білім қоры, тәжірибе түрінде қарым-қатынас жасауға түрткі, уәж болатын шарттар да анықтайды. Сезім мүшелерімен қабылданып, есте ұстаумен нақтыланатын белгілі бір уақыт кесіндісіндегі сөйлеу жағдаяты өтпелі, уақытша сипатқа ие. Сонымен қатар тұрақты, жалпы қоғамдық өмірмен қалыптасатын жағдай да бар. Тіл білімінде контекст терминімен әр түрлі ұғымдар аталады. Ол жалпылықты да, жекелікті де қамтиды. Мәселен, Г.В.Колшанский: Тілдік бірліктің мазмұнын анықтап ашатын формальды түрде нақтыланған шарттардың жиынтығын - контекст дейді [8].
Ж.Жақыпов Контекст тіл білімінде, негізі мен, екі мағынада жұмсалады, оның бірі тілдік мағынаны айқындап мәнге айналдыратын орта, ая мағынасында екіншісі сол мағынаны, мәнді айқындау тетігі мағынасында деп тілдік фактілердің ыңғайында контекстің ықпалын анықтау бағытын және сыртқы ортаның тілдік бірлікті қалыптастыру бағытын бөледі [9.58].
Зерттеуші контексті мынадай үш топқа жіктейді: 1) сөз немесе сөйлеу контексі; 2) сөйлеу ситуациясы; 3) мәдени контекст. Біздің байқауымызша, контекске де жүйелілік сипат тән, олардың арасында да иерархиялық қүрылымдық байланыс бар.
Коммуникативті жағдай, контекст, тұрақты қалыптағы жағдай терминдері нақты сөйлеу жағдаятына дейін белгілі білімнің жиынтығы деген ұғымды белгілейді. Ал сөйлеу жағдаяты жалпы контекстен қажетті пресуппозицияларды анықтап, сөйлем мазмұны мен құрылымын қалыптастыруға ықпал етеді.
Күнделікті қатынас тілінің қолдану сипаттамасы тұлғаның жас ерекшелігіне де тікелей байланысты. Жастар - қоғамда белгілі бір әлеуметтік мәртебесі бар, әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерге ие, әлеуметтік-тарихи табиғаты қалыптасқан, аталмыш қоғамның мәдени мен қоғамдық қағидаларын ұстанатын, әлеуметтену процестерінен қызу өтіп жатқан топ өкілдері.
Жас ерекшелігі туралы айтарда, әдетте, оны жастар және ересектер деп екі топқа бөліп алады. Мұндағы жастар дегеніміз 16 жас пен 30 жас аралығындағы адамдар тобы жатады.
Жастар диалогы ерекше тілдік белгілерге ие болмаса да, жастар тілі экспрессивті әрі эмоционалды болып келеді. Жастарға көшбасшылық қасиет тән болғандықтан да, олардың сөйленісінде де жеке тұлғалық ой-пікір мен индивиуалды көзқарас басым болады. Заманауи жастар өзінің эмоциясын еш жасырмайды, ойын анық айтады, құндылықтары мен көзқарастарын нақты таныта алады.
Жастық максимализм, көшбасшылыққа ұмтылуы, өзін сенімді ұстауы тәрізді қасиеттер жастардың негізгі белгісі екендігі қоғам ортасында көп айтылады. Жастардың көшбасшылыққа ұмтылуы олардың сөйлесінде де, тілдік қатынасында да көрініс табатын феномен болып саналады. Қазіргі заманда көшбасшы болу түсінігі мақсат қоя алатын әрі оған жете алатын, жетістігі мол адамды сипаттауға қолданылады. Заманауи жастар өзінің мансап жолын, мақсат жолын барынша жетістіктер мен табысты сәттерге толтыру үшін де жігерлі, амбициялы келеді. Сол тәрізді күнделікті өмірде де жастар сөйленіс кезінде өзінің көшбасшылық қасиетін барынша көрсетіп қалуға тырысады. Сондықтан айналасындағы ортадан өзін бөліп көрсету үшін де агрессивті тілдік қатынас үлгілерін қолданады.
Егер осыдан жиырма жыл бұрынғы жастардың сөйленісі мен қазіргі жастардың сөйленісін салыстырып көрсек, қазіргі жастардың индивидуалдылыққа, өзіндік пікір мен көзқарасқа ұмытатындығын әрі өзінің жеке көзқарасын өзгелерге де танытуға, иландыруға тырысатындығын байқаймыз. Кеңес кезінде де қоғамның өзі индивидуалдылыққа емес, ұжымдық қатынасқа құрылғандықтан ол кездің жастары қоғамның пікірімен санасуға, үлкеннің тілін алу мен басшының бұйрығына бағынуға тура келетін. Қазіргі жастардың бойынша креативтілік пен жеке ойлау қасиеті басым болғандықтан, өзгенің пікіріне, ұстанымы мен көзқарасына, қоғамдық ортақ қағида мен ережеге мойынұсына бермейді. Ал бұл жастардың өзара сөйленісі кезінде де Ынтымақтастық қағиданы ұстануға, өзара мәміле мен келісім жүзінде сөйлесу, шешім қабылдауға мән бермейді. Жеке-дара мінез бен қабілет танытуға, тілдік қатынаста өз өктемдігін өткізуге мән береді.
Оның үстіне, жастардың сөйленісі сол заманның, дәуірдің сипатын анық байқатады.
Коммуникативтілік дегеніміз - диалогты туғызушы тұлға (генераторы) - сөйлеуші мен оның қабылдаушысы - сөйлесушінің (реципиенттің) арасындағы интеллектуалдық және эмоционалдық ықпалдастықтың орнауы. Ал интеллектуалдық коммуникативтілік дегеніміз - өзара қатынас орнату (сөйлесу) кезінде қатысушылардың тұлғааралық түсінісуі, қабылдауы, бірін-бірі ұғуы. Эмоционалдық коммуникация дегеніміз - тұлғааралық эмоционалды, көңіл-күй жағдайының орнауы, дамуы мен динамикалық өріс алуы [10.19].
Жастар өз арасында диалог құру барысында емін-еркін қарым-қатынас орнатады. Әлі әлеуметтік мәртебесі, қызметтік бабы мен ресмилік-дәрежелік ахуалы өсе қоймаған жастардың диалогтың қатынасы көп жағдайда бейресми, тұрмыстық деңгейде болады. Ересек адамдар әлеуметтену жағынан жоғары жетілген, мәртебесі де қалыптасқан, қызметтік бабы мен әлеуметтік рөлі де айқындалған, ресмилік дәрежесі өскен социалды топ болғандықтан, мұндай тұлғалардың арасындағы қарым-қатынас жастардың сөйлесім әрекетіндегідей еркіндік бола бермейді. Есесіне, байсалдылық пен сабырлылық, байыпты, кесімді сөйлеу әрекеті басым болады. Бейвербальды қарым-қатынасы да өте ұстамды келеді.
Ересек адамның қоғамдағы рөлі жастардан биік тұрады, жас қоғам мүшелерінің арасындағы ересектің басты міндеті - оларды жөнге салу, ақыл айту, кеңес беру. Бұл әлеуметтік топ жастарды әлеуметтендіру істерін мойнына алған топ болып саналады. Сондықтан қоғамның ақылшысы, данагөйі, көсемі есептеледі.
Бұл жайында Б.Соқпақбаевтың Менің атым - Қожа повесінде мынандай сипаттама беріледі: Осы үлкендер деген қызық халық. Бір менің әжем емес, қай-қайсы да балаларға шетінен өсиет айтқыш, жөн сілтегіш, ақылгөй келеді. Олай етпе, бұлай ет, ананы істеме, мынаны істе деп, тәптіштеп тұрғанда, таңдайларынан шаң көтеріледі... (Б.Соқпақбаев. Менің атым Қожа).
Келесі диалогта құрдас жас кейіпкерлердің және жас кейіпкер мен ересектің (профессордың) арасындағы диалогтан жастар арасындағы диалогтың әлдеқайда еркін келетіндігін байқаймыз:
Қабен. Кілт тұра қал!
Тайман (аңырып). Ал, жақсы.
Қабен. Маған келдің бе?
Тайман. Саған келдім.
Қабен. Әдейі іздеп келдің бе?
Тайман. Әдейі іздеп келдім.
Қабен. Өтірік айтасың. Өз шаруаңмен жүрсің.
Тайман. Олла да рас. Жер беті қияннан тек сен үшін келдім. Жеткен бойым...
Қабен (жүзін жылытып). Қалғанын қоя тұр. (Тайманды құшақтай алып, бір орындыққа отырғызды). Тырп етпе, отыр осы арада. Қазір... (Профессорға беттейді).
Тайман (өзіне-өзі). Қызық-әй өзі... Менімен бірге ұйықтап шыққандай. Амандық жоқ, саулық жоқ, салған жерден... Ай, сенің мінезің бе, сенің мінезің...
Профессор (Қабенге). Қалай, жүрегің орнында ма?
Қабен. Әрине.
Профессор. Қорғап шығамыз ба?
Қабен. Дау жоқ.
Профессор. Бәсе, қобалжыма! Қорғау сәтті өтуге тиіс.
Қабен. Әлбетте.
Профессор. Ғылыми кеңесте маған қарсы бір-екі кісі бар. Солар болмаса, өзгелері құптар.
Қабен (қызығып). Кімдер олар? Неге қарсы?
Профессор. Ей, қалқам-ай, неге қарсы дерің бар ма? Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде деп қазақ тегін айтты деймісің...
Қабен. Түсінбедім.
Профессор (түсін суытып). Жә, түсініп керегі жоқ саған. (Аз ойланып). Біреулер болады... ғылымнан гөрі ғылым адамдарының ара қатысын, тату-араздығын білуге көбірек күш салады. Ондайлардан түбінде ғалым емес, залым шығады.
Қабен. Кешіріңіз, мен әлі түсінбедім. Сізге қарсылар маған да қарсы болуға тиіс пе?
Профессор. Мүмкін. (Жайбарақат). Оңбағандық ғой.
Қабен. Неге? Неге оңбағандық? Сізге қарсы болу оңбағандық па?..
Профессор (зекіп). Жә, қоялық... Сенің осы мінезің... Қашан да, қалай да қарсыласуың керек саған!.. (З.Қабдолла. Сөнбейтін от)
Екі жас сөйлесуші - Қабен мен Тайманның арасындағы диалогтық қатынас экспрессивті, эмоционалды, спонтанды күйде орнағанын байқаймыз. Одан бөлек, жастар диалогында көп кездесетін әзілдесу сарыны да айқын аңғарылады. Емір-еркін сөйлесу мотиві басым. Ал жас сөйлеушінің - Қабеннің ересек коммуникантпен - профессормен тілдесуі ұстамды, сенімді түрде шыққан. Ересек тұлға мен жас тұлғаның диалогында жастық қызбақандылыққа тән сенімділік, өз ісіне ширақтылық анық байқалады. Қабен өзінің диссертациясын қорғап шығатындығына кәміл сенімді. Сондықтан да сенімді жастық диалогына сәйкес диалогтық репликаларын сенімді, қысқа, кесімді аяқтайды.
Бұл жерде ересек тұлға мен жастардың арасындағы диалогтың тағы бір айырмашылығы байқалады: ересек адам жасырын, айқындалмаған, имплицидті, тұсталдап сөйлеуге жақын келеді. Ал жастардың диалогтық ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz