ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ : ДӘСТҮР ЖӘНЕ ЖАЛҒАСТЫҚ


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 26 бет
Таңдаулыға:   
  1. ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ : ДӘСТҮР ЖӘНЕ ЖАЛҒАСТЫҚҚазіргі қазақ прозасының өкілдері.

Қазақ халқы әрқашан да өзінің бай әдеби мұрасымен мақтана алады. Осы орайда көркем әдебиет-заманды заманға, ұрпақты ұрпаққа жалғастырып жатқан рухани алтын қазынамыз. Көркем әдебиетіміз болмаса ұлт өміріндегі барлық кезеңдерді, халқымыздың тарихын көз алдымызға елестете де алмас едік. Себебі, әдеби шығарма-белгілі бір дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі. Әр дәуірдің өз шындығы бар және де ол шындық бірін-бірі қайталамайтындығы анық. Ал, осылардың барлығы көркем әдебиеттің тілі болып табылатын поэзия мен прозада көрініс тапқан. Жалпы, қазақ прозасы айтар ойының ауқымдылығымен, психологиялық тереңділігімен, көркем образдардың кеңдігімен, сан алуандылығымен ерекшеленеді.

Проза -көркем әдебиеттің үлкен бір саласы. Оның поэзиядан айырмашылығы- онда сөз ырғағы еркін, әдебиеттегі сөз саптау қалпына сәйкес келеді, өлеңдегідей қандай да белгілі бір өлшемдер сақталмайды. {1, 208}. Ал, белгілі ғалым, профессор З. Қабдолов көркем әдебиеттің тілі екі түрлі болатындығын айта келе, прозаға мынадай анықтама берген : «Еркін құрылыстағы тіл, яки проза (латынша prosa- тікелей, тура айтылған сөз) ». {2, 251}

Проза- қазақ әдебиетінде кеш туған, бірақ орасан шапшаң дамыған сала. Абай Құнанбаевтың ғақлиясы мен Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», Спандияр Көбеевтің «Қалың малы», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы» жаңа туған жас жанрдың алғашқы тәжірибелері ғана болса, тарихи жағынан қысқа мерзім ішінде Бейімбет Майлиннің, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармалары алдыңғы қатарлардан ойып тұрып орын алды деп айтсақ қателеспейміз.

Тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиетіне көз жібере отырып, сөз өнерінің болашағына да бір уақыт көз тастамасақ болмайды. Қазіргі қаламгерлер не жазып жатыр, қазіргі қазақ прозасының бет алысы қандай? Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасына ат салысып жүрген Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Төлек Тілеуханов, Тынымбай Нұрмағанбетов, Жұмабай Шаштайұлы, Нұрдаулет Ақыш, Әлібек Асқар, Серік Асылбекұлы, Рақымжан Отарбаев, Қуандық Түменбай, Мархабат Байғұт, Айгүл Кемелбаева, Жүсіпбек Қорғасбек, Асқар Алтай, Дидар Амантай, Думан Рамазан сияқты қаламгерлердің қатары Мәдина Омарова, Лира Қоныс, Дархан Бейсенбек, Алмаз Мырзахмет, Мақсат Мәлік, Арман Әлменбет, Алмас Нүсіп, Әлібек Байбол, Әсем Қоспағарова, Үміт Зұлхарова, Мирас Мұқаш, Айнұр Шамшейітова, Аягүл Мантай, Бейбіт Сарыбай, Қанағат Әбілқайыр, Қанат Әбілқайыр, Ерболат Әбікенұлы, Қойшыбек Мүбәрак, Мәлік Отарбай, Мәди Алжанбай, Дәурен Қуат, Нұрлан Қабдай, Мерей Қосын сынды жас жазушылармен толықты. Осылайша қазақ әдебиетімізге, соның ішінде, қазақ прозасына жаңа есімдер келіп қосылды.

Осылардың ішінен, әдебиет әлеміне жаңа ғасыр, яғни, ХХІ ғасырда аяқ басып, күні бүгінге дейін жазып жүрген жазушылардың шығармашылығына тоқталамыз.

Жазушының өмір шындығын жан-жақты қамтуы мен адам мінезін ашу мүмкіндігіне қарай эпикалық жанр үшке бөлінеді деп қарасақ, қазіргі жас буын қаламгерлердің туындылары шағын және орта көлемді түрлерінде кеңінен көрініс тапқан. Әсіресе, әңгіме жанрын кез-келген жас қаламгерлердің шығармаларынан кездестіреміз

Әңгіме- оқиғаны баяндап айтуға негізделетін, қара сөзбен жазылған шағын көркем шығарма. Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері алдымен оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық сюжеттік құрылысы, кейіпкерлер арқылы анықталады. Жазушы әңгіменің жанрлық сипатын анықтай отырып, оны жазудың екі ерекшелігіне баса назар аударуы қажет. Олар: қысқа жазылуы және шебер жазылуы. Бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Әңгіме-қиын жанр. Себебі, ол жазушыдан нақтылықты, жинақылықты талап етеді. Әңгімеде бас-аяғы жинақталған, тиянақты бір оқиға айтылады. Әңгімеде де басқа жанрлар секілді, алдымен адам, оның өмірі жан-жақты үйлесім табуы қажет. Әңгіме көлемі шағын болғанымен, жазушы үшін нағыз шеберлігін шыңдайтын мектеп болып табылады.

Осы жанрда шеберлігін шыңдап жүрген бүгінгі қазақ прозасының өкілдері ретінде Дархан Бейсенбек, Алмаз Мырзахмет, Қанағат Әбілқайыр, Әлібек Байбол, Мәдина Омарова, Лира Қоныс тәрізді көптеген жазушыларды жатқызамыз. Олардың әңгімелері тақырыптарының сан алуандылығымен, көтерген мәселелерінің әрқилылығымен бір-бірінен ерекшеленеді.

Повесть- оқиғаны баяндап айтуға негізделетін қара сөзбен жазылған, көлемді шығарма, эпикалық жанрдың орташа түрі. Көлемі жағынан повесті кейде ұзақтау келіп, кішігірім романға жақындаса да, ол композияциялық құрылысының жинақылығы, оқиға желісінің біркелкі өрістеп, байсалды түрде баяндалатынымен ерекшеленеді. СОЗДИК . Қазіргі прозадағы қазақ повесі тақырыптық тұрғыдан, көркемдік жағынан, өмір құбылыстарын бейнелеу сәттерінен биікке көтерілді.

Кей жазушылардың шығармаларында новелла жанрын да байқауға болады. Новелла (итал. novella) - көлем жағынан әңгіме тектес прозалық шығарма. Новелланың әңгімеден айырмасы- онда әдеттегіден тыс, өзгеше жағдай, ғажайып оқиға баяндалады. Оқиға желісі таң қаларлықтай қызықты етіп өріледі де тосын, күтпеген жерден аяқталады. Дархан Бейсенбектің, Лира Қоныстың, Несібелі Рахметтің, Есбол Нұрахметтің шығармаларынан новелла жанрын да кездестіруге болады.

Көлемді эпикалық түр, яғни, роман жанры да бүгінгі жазушыларымыздың шығармашылығында да қалыс қалмаған. Роман жанры бүгінде қазақ әдебиетінің жетекші саласына айналып отыр.

Роман- сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, көп тынысты, кейіпкер бейнесін ол өмір сүрген уақыт ауқымында жан-жақты көрініс табатын, басқа прозалық жанрларға қарағанда ұзақ уақытты қамтитын көлемді эпикалық шығарма екені белгілі. Қазіргі қазақ прозасында осы жанрды толықтыратын туындылар ретінде Арман Әлменбеттін «Мимырт», Дархан Бейсенбектің «Қылтұсау», Жүсіпбек Қорғасбектің «Үлпілдек», Асқар Алтайдың «Туажат» романдарын жатқызуға болады.

XXI ғасырдың алғашқы жылдарында қазақ халқы көптеген жаңалықтарды басынан өткерді. Елімізде болып жатқан әлеуметтік, қоғамдық өзгерістер әдебиетімізге де әсер етпей қоймасы анық. Әлеуметтік, тарихи, мәдени өзгерістер қазақ прозасына жаңа идея, тың бағыттарды алып келді. Қазақ прозасы мазмұн, пішін, түр жағынан үлкен дәрежеге көтерілді деп айтуға негіз бар. Жалпы, бүгінгі қазақ прозасы көтеретін мәселелерді батыл да өткір, ашық та нақты койылуымен ерекшеленеді.

Қазіргі қазақ прозасы өзінің сюжет пен идея, шығарма кеңістігі мен уақыт бірлігін, кейіпкерлер әлемін бейнелеуімен ерекшелене бастады. Қазіргі қазақ прозасына жас буын өкілдері әкелген жаңалық біршама. Оның бастылары:

  1. Қоғам өзгерісі.
  2. Отбасы мәселесі.
  3. Ұрпақ бейнесі.
  4. Адамдардың бойындағы адемгершілік қасиеттерінің баяндалуы.
  5. Ұлттық құндылықтар.
  6. Адам психологиясын жан-жақты суреттеу.
  7. Мистикалық шығармалар.
  8. Готикалық проза үлгісі.

Әрине, бұл тақырыптар қазақ прозасында бұрын да қозғалған болатын. Ал, қазіргі жазушыларда бұл мәселелер өздерінің танымымен, қабылдауларымен басқаша түрде жеткізген.

  1. Қазіргі қазақ прозасының тақырыптық аясы

Қазіргі қоғамдағы өзгерістер адам болмысына, ел тұрмысына, дәстүр-салтына қаншалықты, қалай әсер етті деген мәселелер- бүгінгі қазақ прозасының өзекті тақырыбы. Сонымен қатар, бүгінгі қазақ прозасының өкілдері өздерінің шығармаларына көптеген күрделі жағдайларды тақырып етіп алған. Мысалы, ауыл мен қала өмірі, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, қоғамның кейбір «көлеңке» тұстары, жастардың қоғамдағы орны және тағы басқа көптеген мәселелер. Міне, осылардың барлығы қазіргі жас буын өкілдерінің шығармаларына арқау болған.

Қазіргі қазақ прозасында шығармалары оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүрген жазушы- Дархан Бейсенбекұлы. Бүгінде жазушы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің және «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты болып табылады. Оның «Тағдыр тақтасы» атты әңгімелер жинағы, «Әулиеағаш жапырағындағы жас » (2012) атты кітабы, «Қылтұсау» (2015) атты шағын романы бар.

Қазақтың белгілі жазушысы Дулат Исабеков жазушының шығармаларын оқып, өз әсерін былай жеткізген екен : «Жақын арада мен оның «Жерсағыз», «Гиппократ анты» деп аталатын екі әңгімссін оқып шықтым. Ол әңгімешіл, айта біледі екен. Жай, үйреншікті көріністердің өзін сен көргеннен басқаша көрсете біледі, басқа қырынан танытады». {3. }

Дулат Исабеков өте жоғары бағалаған «Гиппократ анты» атты шығармасына тоқталайық. Бұл жас жазушының ең сәтті шығармасы болып табылады. Әуелі, шығарманың атауына тоқталып өтсем. «Ант» - қазақ халқының санасында бұл ұғым қасиетті де қадірлі, Қазақ халқы әрқашан да антқа берік болып, аса қатты жоғары бағалаған. Ант-адалдықтың белгісі. Ал, ақ халатты абзал жандардың ұғымында- «Гиппократ анты» да дәл осындай қасиетті ұғым.

Шығарманың негізгі кейіпкері Азаттың өзінің дәрігерлік қызметіндегі антты бұзып, үлкен қылмысқа баруы жан-жақты суреттеледі. Адамгершілік пен пендешілік ұғымдарының қарама-қайшылығы қысқа әңгімеде жан-жақты көрініс тапқан.

Әңгіме шығарманың атауына арқау болған Гиппократ антымен басталады. Автор бұл жерде түс көруді антпен байланыстыра отырып, ұтымды пайдаланған. «. . Жоқ, бәрі орнында. Ендеше жаңагының бәрі түс болды ғой. Иә, түс. Бірақ, анау . . . әлгі «Гиппократ анты» ше? Тұп-тура. Сонда қалай? Азат осы антты институт қабырғасында оқып жүрген кезінде, туу, осыдан жиырма бес жыл бұрын қабылдаған. Түсінде соның бәрін сөзбе-сөз қайталап шықты. Неге бұрын түсіне кірмей, бұгін кіреді?» дей келе Азаттың есіне кешегі емханада жасаған қылмысы есіне түседі. {3, 95} Қомақты қаржы үшін өзгенің өмірін қия салған ақ халатты арсыз дәрігер Гиппократ анты түгіл, адамшылықтан аттады. Алайда, бұл қылмысы көп ұзамай өз алдынан шығады. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, көлік апатына ұшырап, ауыр жағдайда ауруханаға әкелінген жеткіншек өз әкесінің тойымсыздығынан дүние салды. Өз қызметін адал орындауға ант еткен дәрігер-әкенің шынайы бейнесі жазықсыз құрбан-перзенті арқылы жан-жақты, тереңірек ашылады.

Жазушының «Пешене» атты әңгімесінен де көп нәрсені аңғаруға болады. Шығарманың қасиетін арттырып тұрған-оның идеясы. Әңгімедегі кейіпкерлер арқылы бүгінгі қоғамдағы адамдардың діни сауаттылығының төмендігін сынға алады. Ақырзаман болмайды деген дақпыртты естіген жұрт қатты сеніп, қуанады. Ауылдың ішіндегі басқалардын ақылы артық, өресі кең болып саналатын мұғалімнің өзі де бұл әңгімеде таяз түсінік иесі ретінде суреттеледі.

«Қарақат тере барғанда» атты әңгімесі жазушының шеберлігін нақтылайтын шығарма. Бұл әңгімеде бала махаббат, қимастық сезімі жан-жақты суреттеліп, ерекше сыршылдықпен жеткізген. Бұл сезімдер Думан мен Жадыра атты кейіпкерлер арқылы көрінеді. Шығарма

Қарақат тере барғанда,

Қиылып маған қарадың.

Балалық таза арман ба,

Сәулетай қимай барамын. -деген өлең жолдарынан басталады. Қара домбырамен ән салып тұрған келіншекті жан-жақты суреттей келе, оң қолының саусағыңа көзі түскен кезде көңілі су сепкендей басылып қалады. Бала махаббатына деген қимастық сезімін автор осы жолдардан көрсетеді : « . . . Әрине, үйленетін жастан баяғыда-ақ асты емес пе. Оның несіне ренжимін, қайту қуануым керек шығар. Жанарымның мәңгілік жадында сақталып қалған Жадыраның балаң бейнесін дәл алдымдағы сахнада тұрған әнші келіншекпен салыстырдым. Өзгере қоймапты. Күлген кезде екі езуінде пайда болатын әдемі қос шұңқыр, тамсана сөйлегенде жарасымды ырғақпен қастарын көтеріп қоятындығы, ренжіп қалса ұртын томпайтып, астыңғы ерінін салпайтып шығаратыны . . . ары қарай есіме түсіргім келеді » . Осыдан кейін жанындағы ұлының қолынан сүйреп, концерт болып жатқан залдан шығып кетеді. Осыдан кейін лирикалық шегініс тәсілі арқылы балалық шағын есіне түсіреді. Әңгіменің екінші бөлімінде балалық шағына ойша саяхат жасап, Жадыраға деген сезімі туралы сыр шертеді. «-Сені директор шақырып жатыр», -дегеннен кейін автор кейіпкердің психологиялық қиналысын жан-жақты нанымды етіп жеткізген. Мысалы, « . . . көзім алақтап, әркімге бейне бір құтқарып қалатындай жалынышпен жалтақтап қараймын. Үйге қашып кетсем бе екен деген де ой келді басыма. Деректір үйге дейін іздеп барса ше? Онда анық масқара болам ғой!Одан бір, шапалағы қатты әкемнен бір таяқ жесем . . . ». Кейіпкер Думанның қатты қиналысының себебі-Жадыраға жазған хаты. Бұл хатта Жадыраға деген сезімін білдіреді.

Хатты Жадыраның сіңлісі арқылы беріп жібереді. Одан кейін, Жадырамен қарақат теруі, Жадыраға арнап өлең шығаруы, қарақаттан моншақ тоқуы-осының бәрі оқырман қауымды ерекше сезімге бөлейді. Алайды, оқиға Жадыраның басқа жігітке тұрмысқа шығуымен, бақыт таппай өз үйіне қайтып келуімен аяқталады.

«Жерсағыз» атты әңгімесі де балалық шақтан сыр шертеді. Жалпы, Дархан Бейсенбекұлы-шебер әңгімеші. Жай, үйреншікті көріністердің өзін сен көргеннен басқаша көрсете біледі, басқа қырынан танытады. Бұған дәлел-осы әңгімесі. Бала кезден кездеспей кеткен қызды лифтінің ішінде көруі, жай емес, айнадан көруінің өзі ситиуацияны таңдай білу. Жерсағыз мен нымсағыз, өрістен қайтқан паданы қарсы алу, бала қиял мен шындықтың бірігуі-жазушының шеберлігінің айғағы.

Белгілі жазушы шағын жанрларда ғана емес, сонымен қатар кең құлашты эпикалық жанрда да еңбек еткен. Бұған дәлел-жазушының «Қылтұсау» атты шағын романы.

«Қылтұсау»- жастар өмірінің шиеленісуі, жастық шақтың тұсалуы, жас өмірдің қыл үстінде тұруы деп түсінеміз. Романның негізгі тақырыбы-жастар өмірі, олардың іс-әрекеті. Америкадағы Бадди мен Фрэнк, қазақ даласындағы Әмір мен Ғабит секілді жастардың өмірін қатар алып, жан-жақты суреттейді. Жазушы Ғабит атты кейіпкер арқылы қоғамдағы бай балаларының еркін өмір сүріп, ойына келген істі жүзеге асыру мен оңай ақша табудың жолына түскен түскен іс-әрекеттерін әшкерелейді. Ал, Әмір Ғабитке қарағанда әділетті, еңбекқор. Ата-анасынан ерте айырылған ол балалар үйінде тәрбиеленеді. Оның інісін, Батырды, америкалық отбасы асырап алған. Бар жанашырынан айырылған Әмірдің бар сенері-еңбегі. Себебі, Ғабит те оған оған адал дос емес. Шығармада Америкадағы Бадди, сол жерде оқитын Ғабиттің қарындасы Айару, Әмір, Ғабит сияқты кейіпкерлердің байланысын жан-жақты баяндайды. Оқиғалары да бір-бірімен байланысты. Есірткімен айналысатын Джош, Фрэнк өмірі де сенімді түрде жеткізілген. Америкада есірткіні пиццаға салып сататын наркобандерлар, енді Қазақстандағы Шу алқабынан тауап тасымалдамақшы болады. Бұл іске түрі азиатқа ұқсайтын Баддиды жұмылдырмақшы болады. Ол қазақ тілін үйреніп, Алматыға келуі керек. Тіл үйрену үшін, сол жерде оқитын қазақ жастарын іздей бастайды. Сол кезде Ғабиттің қарындасы Айарумен танысады. Бадди бокспен айналысып жүргенде туыстарының үйіне кеткен ата-анасы аяқ астынан табиғат апатынан қайтыс болады. Ата-анасының өлімінен кейін екі айдан кейін ес жиған Бадди күн көру қамына кіріседі. Ол үшін досы Фрэнктан көмек сұрайды. Ал, ол болса Баддиды есірткі ісіне алып келеді. Ол кезде Ғабит те есірткі пайдаланып, осы іспен шұғылданатын Мараттардың ортасына түседі. Оқиға осылай ширай келіп, Ғабит пен Бадди әуежайда кездеседі. Роман соңында Бадди Әмірдің шетелдік отбасы асырап алған бауыры-Батыр болып шығады.

Жалпы, бұл шағын романда көтерілген мәсәлелерді жинақтап көрсететін болсақ, төмендегідей болады:

  1. Ғасыр дертіне айналған есірткі және жастардың оған құмар болуы;
  2. Достық мәселесі;
  3. Тастанды балалардың тағдыры;
  4. Қазақ балаларын шетел отбасылары асырап алуы. Соның салдарынан, олардың өздерінің тегін де білмей, қазақылықтан жұрдай болуы;
  5. Тіл мәселесі;

Тырнақалды туындылары жаңа ғасырдың алғашқы жылдарымен қабат баспасөз бетінде үздіксіз жарияланып жүрген, бүгінгі қазақ прозасында өзіндік орны бар жазушы- Қанағат Әбілқайырұлы. Оның «Ұмыт мені»(2012), «Тырнақшаның ішіндегі әңгіме» (2016) атты кітаптарын қалың оқырман жақсы қабылдауда.

Жазушының «Ұмыт мені» атты кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі «Қағаз қала» деп аталады. Бұл бөлім қоғамның келеңсіз тұстарын, адам бойындағы кемшіліктерді өткір сынайтын сатиралық әңгімелерден тұрады. «Сурет» деп аталатын екінші бөлімде адамгершілік, махаббат, адам бойындағы өзге де сезімдер баяндалатын әңгімелер топтастырылған.

Қанағат Әбілқайыр- қазіргі қазақ әдебиетінде сатира бағытында жазып жүрген қаламгер. Ол қозғамаған тақырып жоқ десе де болады.

Қазіргі қоғамдағы маңызды мәселелерді көтерген «Қағаз қала» атты туындысы ерекше назар аударарлықтай. Бүгінгі күнгі жастардың ең басты мәселесі- баспанасыздық дерті болса, оның қазіргі қазақ қоғамында жиі кездесетінін алға тартып, шығарманың басты тақырыбы етіп алған. Қыста салынған отыз қабатты үй күн тез жылынғанда, терлеп-тепшіп төмен түсе береді. Сөйтіп, жиырма бес қабатқа түседі. Суықта қабырғалары қақырай жарылады. Бұл төтенше жағдай ешкімді селт еткізбейді. Сапасыз салынған үйге жауап беретін тиісті мекемелер мен жауапты тұлғалар жоқ. Келсе де кешігіп келеді. Айтатын сылтаулары ақылға қонбайды. Қысқаша айтқанда, тіл мәселесі, қауіпсіздік (жедел жәрдем, полиция, өрт сөндірушілер т. б), сосын құрылыс жұмысындағы олқылықтар ащы юмормен суреттеледі. Жазушы осы шығармасы арқалы даладан келіп, қаладан ұядай орын таппаған сансыз қазақ жұртының мұңын көрсеткісі келген сияқты. Баспанасыздық зарының қазақ халқының ұлттық болмысына тигізетін зардаптары жан-жақты баяндалған.

Келесі сатиралық әңгімесі- «Сіз қанша тұрасыз?» деп аталады. Шығарма екі диалог арқылы берілген. Бұл туындысында да қазақ қоғамындағы ең күрделі мәселелердің бірі-жемқорлықты қатты сынаған.

«Тіл», «Оқысаңдарсайшы» әңгімелері тіл мәселесін көтерген туындылар болып табылады. Онда қазақ жеріндегі мемлекеттік тіліміз-қазақ тілін қолданылуындағы өрескел қателіктер жайлы айтқан.

«Жүз отызыншы атаман» әңгімесінде көпұлтты Қазақстан туралы сөз қозғайды. Әңгіменің негізгі ерекшелігі- сұқбат түрінде келуі. Жазушының ойынша «қазақ қана-ұлт, қалғаны-ұлыс».

Міне, осы аталған шығармаларда қоғамның келеңсіз тұстарын, адамдардың кемшіліктерін әшкерелейтін сатиралық, памфлеттік жанрдағы әдебиеттің ирония, пародия, сарказм сияқты көркемдік троптарды ұтымды қолданған.

«Бәрін Басекем біледі . . . » әңгімесі де қоғамдық мәселені арқау еткен. Мұнда өтірік белең алып, шындықтың өлгені, жағымпаздықтың көбейгені туралы сөз болады. Жеке адамдардың шектен тыс озбырлығы, үстемдігі суреттеледі.

Жазушының көптеген туындыларынан мұңның, балалық шаққа деген сағыныш сезімінің басым екендігін байқаймыз.

«Естелік» (2002) атты әңгімеде кеше ғана қасында жүріп, сәбилік шақтан бозбалалыққа дейін бірге өскен, бір кездердегі тұлымшағы желбірген жылаңқы қыздан құлын мүсінді бұла бойжеткенге айналған сыныптас арудың беймәлім аурудан көз жұмуы, бойжеткен шағында сыныптағы ер балалардың бәрінің көз құрытна айналып, іштей ғашық еткен сұлу қыздың орны толмас қайғысының барлығын бірдей күңіретіп кетуі, алтын ұя мектеппен қоштасу кешінде қыз әкесінің оның жанына жақын тартқан заттарын достарына таратып беруі секілді жайттар баяндалады.

Қысқа ғана әңгіменің қысқаша мазмұның жоғарыдағыдай түйіндеуге болады. Туынды әңгіме жанрының өзіндік ерекшеліктеріне сай баяндау үлгісінде жазылған.

Бұл әңгіме- оқушы кездегі сезімдік шарпысуларды еске салатын, мектеп қабырғасында бастан өткерген алғашқы махаббаттың жүректердің түкпірінде мәңгі орын алатынын шынайы көрсеткен жақсы шығарма.

«Сурет» әңгімесі- балалық шақты еске алу түрінде жазылған келесі шығармасы. Бұл әңгімедегі басты кейіпкер- автордың өзі, туынды бірінші жақтан баянадалады. Ойда жоқта еске түскен балалық шақтың бір көрінісі әңгімеге арқау болады.

-Тәтені неге көтеріп алған?-деп әкесінен сұрайтын кішкене бала ағасының (әкесінің інісі) бір қызды көтеріп түскен суретін көрсету арқылы сонау алыста қалған бала кездің қайғыға қатысы бар оқиғасын еске салады. Жазушы шегініс жасау тәсілі арқылы өткенге көз жібереді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан мәдениеті
КҮЙ САЗЫ, КҮЙШІ ӨНЕРІ ЖӘНЕ АВТОРЛЫҚ КӨЗҚАРАС
Бауыржан Момышұлы шығармашылығының өзіндік көркемдік сипатын байыптау
Әдеби ағым мен көркемдік әдіс арақататынысындағы таным түсініктері
Қазақ прозасының зерттелуі
Кеңес дәуіріне дейінгі қазақ әдебиеті, 1920 - 1940 жылдар Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің алғашқы кезеңі
А.Байтұрсыновтың ғылыми-саяси шығармашылығы
Көркем өнер шығармашылығының 70-80 жылдардағы ерекшеліктері
Қазақ прозасындағы кейіпкер болмысы және авторлық ұстаным. Суреткерлік шеберлік және көркемдік әдіс-тәсілдер
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ. ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz