Əбу Насыр əл-Фараби: өмірі, шығармалары, жаһандық ғылым мен мəдениетке қосқан үлесі



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 22 бет
Таңдаулыға:   
Əбу Насыр əл-Фараби: өмірі, шығармалары, жаһандық ғылым мен мəдениетке қосқан үлесі

Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл араб-парсы мəдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты əлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі - бəрімізге танымал ұлы жерлесіміз, Батыс пен Шығысты терең білімімен бас идірген Əбу Насыр əл-Фараби.
Ол Отырар қаласында 870 ж. дүниеге келген. Ежелгі Ұлы Жібек жолында, Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жерінде бой көтерген Отырар қаласын арабтар Фараб, Барба-Фараб деп атаған. Осында əл-Фараби жастық шағын өткізген. Нақты айтқанда, əл-Фараби Фарабтың өзінде емес, соның маңындағы Весиж қалашығында туған. Весиж -- Сырдарияның сол жағалауында орналасқан қала. Археологтар Весиж қалашығы Отырардан солтүстік-батысқа қарай шамамен 20 шақырымдағы Ақжар сайында орналасқан Оксус қалашығына сəйкес келетінін анықтады. Қалашық ішкі қамалдан, қабырғамен қоршалған шахристаннан жəне рабаттан тұрады. Қалашықтың VІІІ - ХV ғасырларда өмір сүргені анықталды. Уақыт өте келе Весиж ұмытылып, асқан ақыл ой иесінің Отаны Фараб қаласы саналып кетті .
Фарабидің толық аты-жөні -- Əбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ əл-Фараби ат Түрки. Ат Түрки -- шыққан тегі түркі дегенді, əл-Фараби -- Фараб қаласынан шыққан дегенді білдіреді. Өзінің азан шақырып қойған аты -- Мұхаммед, əкесінің де аты -- Мұхаммед, атасының аты -- Тархан, бабасы -- Ұзлағ. Кейде оны жай ғана Тархани деп те атаған. Əл-Фараби түркі тайпасының дəулетті отбасында дүниеге келген, əкесі əскербасы болған. Бір нұсқада руы қаңлы-қыпшақ делінген. Əкесінің əскербасы болғанын тархан деген атаудан да байқауға болады. Біздің жерімізде мекендеген ежелгі түркі тайпалары тархан деп əскери лауазымды кісілерді айтатын болған. Яғни Фараби əскери ортадан шықты деп жорамалдауға əбден болады. Оған қоса тарихи еңбектерде əл-Фараби мықты, күшті жəне ержүрек болған. Ол жебені жақсы тартқан, атқан оғы нысанаға дəл тиетін, -- деп жазылған. Осыған қарағанда əкесі əскербасы болғандықтан, жас Мұхаммедтің те жауынгерлік, соғыс өнерінен хабары болған сияқты. Екіншіден, ежелден Сыр, Отырар бойын жайлаған, тарихқа ертеден мəлім қаңлы тайпасында тархан (кейде дархан деп те атайды) атты ру болған, қазір де бар. Сондықтан Фараби қаңлы-қыпшақ руынан шықты деп айтуға толық негіз бар. Тағы бір деректерде Фарабидің əкесі Весиж қаласының əміршісі болған деп те айтылады .
Сол тұста өмір сүрген зерттеушілердің қалдырған еңбектеріне қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мəдениет орталығы болған. Отырардағы кітапхана, ел аузындағы аңызға қарағанда, кітабының саны жағынан атақты Александрия кітапханасынан соң екінші орында болған. Əл-Фарабидің ғылымға деген ынтасы осы
Отырар кітапханасында пайда болған сияқты. Осы аймақты мекендеген тайпалардың сонау арғы заманнан қалыптасқан өнері, ғылымы, түркі тілдес жазуы болған.
Бала Мұхаммед қала медреселерінің бірінде сауатын ашып, хат танып, Отырар кітапханасының мол қорынан сусындап өскен. Тіл үйренуге жастай көңіл қойған тəрізді. Өйткені араб тарихшысы ибн Халликан əл-Фараби 70-ке жуық тіл білген деп жазып қалдырған. Ғалымдардың бір тобы: Бұл шындыққа жанаспайды десе, біраз ғалымдар ибн Халликанның жазғандарын мақұлдап, қайталап та жүр. Яғни бала Мұхаммед өз кезіндегі ұлы ғұламалардың еңбектерін оқу үшін жастайынан тіл үйренуге ден қойғандай.
Ұлы ойшылдың өмірбаянына қатысты кейбір деректер
Зерттеуші-ғалымдар əл-Фарабидің балалық, жастық шақтары туралы мардымды əңгіме айтпайды. Себебі ұлы ғалымның өмірінің бұл кезеңі туралы мағлұматтар жоқтың қасы. Сондықтан да зерттеушілер ұлы ойшылдың өмірбаянын оның елуден асқан шағында Бағдад шаһарына қоныс аударуынан ғана бастайды. Оның ғылым жолындағы ізденістері мен ұзақ сапарлары нақ осы кезден басталса керек.
Əл-Фараби жастайынан түрлі ғылымды оқып үйренді. Оның ақыл-ойының ұшқырлығы мен білімінің молдығына тəнті болған талай жан еріксіз таңдай қаққан. Ол араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерді.
Ол кезде мұсылман дүниесінің рухани орталығы Месопотамия болғандықтан, жас Əбу Насырды (Нəсірді) ата-анасы Таяу жəне Орта шығыс елдеріне сапарға дайындайды. Бірақ ол Бағдадқа бармас бұрын жолай Шаш пен Самарқан, Бұхара шаһарларына соғып, білімін молықтырған секілді. Əйтсе де Əбудің мұнда қанша болғаны жайлы араб шежілері ештеңе айтпайды. Кейін ол жолай Иран еліндегі Мешһед, Нишапур, Рей, Исфаһан қалаларына келеді. Иран халқының мəдениетімен танысады. Содан соң əрі қарай Бағдадқа аттанады .
Əбу Насырдың Бағдадқа баруының өзіндік себептері бартын. Сол уақытта Бағдад шаһары ғылым мен өнерге ден қойған адамдарға қақпасын кең ашып, оларға ғылыммен айналысу үшін бар жағдайды жасаған. Бағдадта Байт əл-Хакма атты ғалымдар үйі жəне əлемдегі ең бай кітапхана болған. Екіншіден, сол кездері Бағдад халифатын басқарған Аббас əулетінің сенімді уəзірлері негізінен түркістандық Фараб қаласынан болыпты.
Бағдад шаһарында əл-Фараби логиканы Əбу Бишр Матта ибн Юнустан үйреніп, кейін өзі ұстазынан да асып түседі. Лингвистикалық ғылымдарды жетік меңгеруді қалап, грамматика саласының маманы Əбу Бəкір ибн əс Сирадждан грамматикадан дəріс алады. Əли Юхан ибн Хайланнан тəуіптік өнер (медицина) мен логика саласынан дəріс алған.
Сонымен, ұлы ойшыл біраз жылдар Бағдад шаһарында ғылыми ізденістермен айналысады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударады да, сексен жасқа жетіп, өмірден өткенше сол өлкеде қалады.
Шам аймағына келгеннен кейін əл-Фараби алғашында Дамаск қаласындағы бір бақта бағбан болып жұмыс істейді. Мұнда ол жеміс ағаштарын баптай жүріп ғылыммен айналысуын əрі қарай жалғастырады. Ол, əсіресе, логика ғылымын терең зерттейді. Осы салада бұрын-соңды жазылған еңбектердің бəрін парақтап оқып шығады. Тұрмысының жұпынылығына қарамастан, қолындағы бар қаражатын кітап сатып алуға жұмсап, күні-түні ғылыммен айналысады. Ол бақ қарауылшысы ретінде берілетін май шамның жарығымен талай томдарды оқып тауысады. Өзінің еңбектерін де жазып шығады.
Еңбектері шартарапқа тараған соң есімі дүниеге əйгілі болады. Уақыт өте келе оны білім иелері мойындап, өз заманының бірегей ғұламасына, біртуар дара тұлғасына айналады. Əл-Фарабидің аса парасаттылығы туралы естіген Халеб қаласының əкімі Сəйф əд-Дəулə (Сайф ад-Дəула) əл-Хамдани оны басқа да мұсылман ғалымдарымен бірге сарайына шақырып, құрметтеп, қонақ қылады. Ұлы данышпанның даналық сөздерін ден қойып тыңдаған əмірші оны өзіне жақындатуды ойлайды. Оны қазылыққа тағайындайды.
Əл-Фараби киетін киімі мен тұрмысына аса көп назар аудармайтын. Оның қарапайым тіршілік кешкені сондай, кейде тіпті, тек қана қара сумен күнелткен кездері де болған.
Ұлы ойшыл қазылық қызмет атқарып жүрген тұсында да ғылымнан қол үзген емес. Бірде таным өрісін одан əрі кеңейтіп, білімін молайта түсуді көздеген данышпан қазылық мансаптан бас тартады. Одан кейінгі өмірінде ғылымның алуан түрлерімен, өнермен шұғылданады.
Ол өз дəуірінің материалдық жəне рухани мəдениет жетістіктерін жинақтаумен қатар, озық философиялық жүйені жасады. Сол арқылы əлеуметтік-философиялық, этика-эстетикалық, жаратылыстану-ғылыми ой қазыналарына бағалы үлес қосты.
Ұлы данышпанның ғылыми еңбектері туралы қысқаша мəліметтер
Əбу Насыр əл-Фарабидің өзінен: Сіз қандай ғылымдар саласында еңбек еттіңіз? -- деп сұрай қалсақ, ол не дер еді? Біздің ойымызша, ол былай дер еді: Менің айналысқаным бір-ақ түрлі ғылым, оның аты -- Табиғат пен адамзат деп аталады. Оп-оңай, екі-ақ ауыз сөз. Бірақ осы екі сөздің шеңберінен тыс ғылым қайда, ондайды естіген жан бар ма? Олай болса, Фараби қамтыған ғылым мен өнер жоқ деуге болады.
Ол жаратылыстану, философия, астрономия, математика, медицина, логика, этика, метафизика, жағрафия, əдебиеттану, тіл білімі, музыка сияқты ғылым салаларынан 164 трактат жазғаны мəлім .
Бір қызығы, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейшнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш -- 160, ал тəжік ғалымы Б. Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді .
Келтірілген еңбектер санының өзі Фарабиден бізге көп мұра қалғанын байқатады. Мың жылдан асса да осынша рухани мол дүниесінің қолдан қолға өтіп бізге аман жетуі Фарабидің ұлылығының, данышпан білімпаздығының тағы бір айғағы болса керек. Ендігі парыз осы еңбектердің барлығын жинап, екшеп-талдап ұрпақтар кəдесіне жарату болып отыр.
Əл-Фарабидің мұрасын зерттеуге жол ашқан немістің атақты ғалымы Дитерици болды. Осынау зерделі зерттеушінің бағалауынша, əл-Фараби ғылымдағы ержүрек қаһармандар санатына қосылады. Ол соқыр сенім кесапатына қарсы, өзінің тарихын қанмен жазған, рухани бостандық пен гуманизмнің қасиетті заңдарын таптау үшін бар зұлымдығын жасап баққан баққұмар мансапқорлыққа қарсы аянбай күресті .
Əбу Насыр əл-Фараби өзінің барлық жұмыстарын адамға арнады. Арабтілді философтар шешкен басты мəселелер - білім, таным, дүниедегі Ақиқатты іздеу мəселелері болды.
Ол үшін əл-Фараби ежелгі грек ғалымдарының еңбектерін өз бетінше оқып, талдап, түсіндірмелер жазып, ары қарай дамытқан, трактаттар жазған. Ол шамамен Аристотельдің барлық кітаптарына түсініктеме берген. Птоломейдің Алмагесіне жəне Порфирийдің Эйсогесіне түсініктеме жазған. Эфклидтің геометрия жайындағы кітаптарын терең зерттеген. Платонның күллі кітаптарын оқыған .
Өкінішке орай, ұлы ғалымның ұшан-теңіз еңбектерінен біздің заманымызға дейін сақталып, бүгінгі ұрпақтың қолына тигені қырыққа жуық ғылыми еңбек деуге болады. Осы шығармалардың ежелден бері-ақ жұртшылыққа танымал болып, философиялық жəне ғылыми ойдың одан кейінгі дамуына тигізген əсері толассыз.
Фарабидің энциклопедиясы
Ғылымның даму тарихында жинақталған білім қорларын сұрыптап, реттеп белгілі бір жүйеге салу тəртібі ежелден бар.
Бабамыз Фараби бұл тұрғыда да қарап қалмай, өзінің ең атақты шығармаларының бірі Ғылымдар энциклопедиясы деп аталатын трактатын жазған. Бұл еңбектің ғылым тарихында алатын орны ерекше үлкен. Осы трактат Ғылымдар энциклопедиясы, Ғылымдар реті, Ғылымдар классификациясы, т.б. аттармен Шығыс пен Батыс елдерінде өте ертеде-ақ мəлім болып, одан көп ғұламалар тəлім алды.
Бұл кітап мындай бес тараудан тұрады: 1. Тіл білімі жəне оның тараулары; 2. Логика жəне оның тараулары; 3. Математика, яғни арифметика, геометрия, оптика, математикалық астрономия, музыка, статистика, айла-əрекет жөніндегі ғылым (механика); 4. Физика мен метафизика жəне олардың тараулары; 5. Азаматтық ғылым жəне оның тараулары, заң ғылымы жəне кəлəм (дін ғылымы) .
Тіл білімі. Фараби тіл білімін 7 тарауға бөледі: дербес жəне қарапайым сөздер мен сөйлемдер туралы; мəнерлеп оқу ережелері; тілдің заңы мен ережелері жайлы ғылым; дұрыс оқу ережелері; өлең жазу; шайырлық туралы ғылым немесе поэтика. Кейінгінің өзі ырғақ, ұйқас жəне поэзия болып үшке бөлінеді.
Логика. Фарабидің анықтауы бойынша, логика -- ойлаудың заңдары мен ережелері туралы ғылым. Бұл ғылымның арқасында адам өзінің ойлау əрекетін тəрбиелей алады; өзінің ойын анықтап айқын, жүйелі түрге келтіреді; ой қорыту, талқылау барысында логикалық қателер жіберуден аулақ болады.
Математика. Фарабидің энциклопедиясында математика ғылымдарына көп орын берілген. Ол математиканы үлкен-үлкен жеті тарауға бөлген. Арифметика, яғни, сан туралы ғылым. Оған практикалық жəне теориялық арифметика деп айрықша мəн берді. Фарабидің түсіндіруі бойынша, сан объективті ақиқат нəрселердің сезіп-түйсінуге болатын, яғни көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын жақтарын елеусіз қалдырып, тек саналуға, есептеуге тиісті қырларын бейнелейді. Бұл өте дұрыс материалистік түсінік.
Геометрия. Бұл ғылымның мазмұны мен мəнін ғалым төмендегіше тұжырымдайды. Геометрия екі ғылымды біріктіреді: біріншісі -- практикалық геометрия; екіншісі -- теориялық геометрия. Практикалық геометрия сызықтар мен беттерді, ағаш ұстасы, темірші, тас қалаушы, жер өлшеушілердің ыңғайына лайық ағаш, темір, тас денелердің бетінде қарастырылады. Теориялық геометрия сызықтардың, жазық фигуралардың, геометриялық денелердің формасы мен мөлшерін, теңдігі мен теңсіздігін, олардың түрлері, реті жəне басқа осыларға байланысты барлық нəрселерді зерттейді.
Оптика. Фарабидің жіктеуі бойынша, математикаға оптиканы да жатқызған. Бұл туралы ол былай дейді: Оптикада геометрия тəріздес форма, шама, рет, тəртіп, орын, теңдік, теңсіздік, т.б. нəрселерді қарастырады. Оптиканың мəні мен ақиқаты, анық пен оның алдамшы көрінісінің парқы ажыратылады, қатаң дəлелдеу жолымен мұның себебі айқындалады, көзбен көруде кездесуі мүмкін болатын қателердің барлығы ескеріледі, одан құтылуға көмектесетін, яғни қарастырылып отырған нəрсенің мөлшері, формасы, орны, құрылысы, т.б. туралы ақиқатқа жеткізілетін əдіс, айлалардың түрлері көрсетіледі.
Астрономия. Астрономия деген бір атпен екі ғылымды түсінеміз, -- дейді ғалым. Олардың біреуі -- жұлдызнама. Бұл ғылым жұлдыздарға қарап болашақта не болатынын, кейде қазіргі кезде болып жатқан жəне өткенде болған оқиғаларды болжауға арналған. Екіншісі -- математикалық астрономия. Астрономияның осы бөлігі ғана математикалық ғылымдардың қатарына жатады, ал қабілет -- өнердің бір түрі; ол арқылы не болатынын адам болжамдай алады; мəселен, түс жору, құстың ұшуы бойынша жорамалдау, бал ашу, т.б. қабілеттер.
Жаратылыстану мен метафизика. Фарабидің анықтауы бойынша, физика, яғни жаратылыстану, -- табиғат туралы, оның негізгі принциптері мен бөліктері жайлы, табиғи денелерге тəн акциденциялар туралы, табиғи деректер мен элементтердің өзара əсері жайлы ғылым. Ал метафизика болмыстың жалпы принциптері мен категорияларын зерттейді.
Қала, заң жөніндегі ғылымдар жəне дін ғылымы (кəлəм). Ғылымдардың бұл салалары этика, тəрбие, мемлекет басқару мəселелерімен айналысады.
Фарабидің энциклопедиясы ХІІ ғасырда арабшадан латын тіліне екі рет аударылған. Одан кейінгі ғасырларда бұл еңбек толық немесе үзінді түрінде ескі еврей, неміс, ағылшын, француз, түркі, т.б. тілдерге тəржімаланған. Роджер Бэкон, атақты Əбу Əли ибн Сина (980 - 1037) жəне басқалар тікелей соның əсерімен өздерінің көпке мəлім энциклопедиялық еңбектерін жазған .
Ұлы ғұламаның бұл еңбегінің құндылығы, оны басқа халықтардың өз қажетіне жаратып, оның еңбек заңдарына, еңбек адамдарының өз жұмысына саналылықпен, ұқыптылықпен қарап, өндірісті дамыту, еңбек өнімін, жеке адамның еңбекке құштарлығын, ьнта-жігерін арттыру мақсаты көзделгендігінде.
Ғылымдар энциклопедиясында ойшыл ғалым Аристотельден өзіне дейінгі 1300 жылдай уақыт ішінде өркендеген ғылымдарға талдау жасаған, пəнін тағайындаған, мазмұнын анықтаған, үйрену жəне үйрету жолдарын белгілеген. Бұл еңбек Фарабиден кейін де 500 жыл бойы Шығыс, Батыс оқымыстыларының қолынан түспес кітабына айналды. Жоғары мектептерге ғылым негіздері жөніндегі басты оқулық болды.
Ұлы ойшылдың еңбектерінің бəрін де философиялық тұрғыдан қарауы
Араб мəдениетінің философиялық екі тарауы болған деп саналады. Оның бірі ертеден келе жатқан теологиялық-мистикалық, дүниеден безуші -- аскеттік-дəруіштік ағым; екіншісі дүние кілтін табиғатты зерттеуші адам ақылынан іздейтін ақли (рационалдық) ағым.
Ғылым мен білімнің өркендеуіне ақли ағымның зор əсер еткені мəлім. Осы айтылған ақли -- рационалдық ағымның негізін салушы ретінде көбіне үш адамның -- əл-Кинди, əл-Фараби, Əбу Əли Ибн Синалардың есімдері аталады. Араб мəдениетінің негізін салушы осы үш философ. Фараби алғашқы жаңа талап кезінде əл-Кинди еңбегімен танысып, содан əрмен қарай өрлей бастаған болса, кейінгі Əбу Əли ибн Сина да өзінің философиялық бағытын Фараби еңбегінен бастаған. Фарабидің атағы философ ретінде Аристотель, Платон сияқты ірі философтардың еңбектерін талдаумен əйгілі болады.
Əл-Фараби өзінің Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат атты еңбегінде Аристотельдің философиясын меңгеру үшін қажет болатын тоғыз шарты жайлы өз пікірлерін ортаға салған. Оның пікірінше, тұңғыш рет грек философы Пифагор философиялық бағыттың алғаш негізін құрастырған.
Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің Категориялар,Метафизика, Герменевтика, Риторика, Поэтика, бірінші жəне екінші Аналитика,Топикасы мен Софистикасына түсініктемелер жазды. Ол еңбектері күні бүгінге дейін де маңызын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп, Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мəдениетін таныстыруда үлкен рөл атқарды .
Фараби Аристотельдің философиясына түсініктемелер жаза отырып, өз тарапынан да Ғылымдардың шығуы, Ғылымдар энциклопедиясы немесе тізбегі, Кемеңгерлік меруерті, Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы, Музыканың үлкен кітабы, Философияны аңсап үйрену үшін алдын ала не білу қажеттігі жайлы, Ақылдың мəні туралы, Əлеуметтік-этикалық трактаттар, Философиялық трактаттар, т.б. сол сияқты көптеген философиялық еңбектер жазған.
Əл-Фараби Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат деген еңбегінде адамның өзін танымақтығы жөнінде айтылатын ойларында өсімдік жаны, хайуан жаны, адам жаны деп жүйелейді.
Осы трактатында Қайрат, Ақыл жəне Жүрек сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп:
Жүрек -- басты мүше, мұны тəннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес , -- деп жүрекке шешуші мəн береді.
Əл-Фарабидің қайрат, ақыл жəне жүрек жайындағы философиялық ой-пікірлерін Абай өзінің Əсемпаз болма əрнеге... атты өлеңінде де əрі ойшыл-кемеңгер, əрі аса дарынды сөз зергері ретінде оқырманға зор шеберлікпен жеткізген :
Əсемпаз болма əр неге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де -- бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан!
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға.
Əділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа,
Алдың -- жалын, артың -- мұз,
Барар едің қай жаққа?
Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бəйгі алма.
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас
Үйретуден балаға.
Абай ақыл мен қайраттың иесі болған адамды жарты адам дейді. Өйткені ондай адам тек суық ақыл мен жүгенсіз қайраттың ғана өкілі болып табылады. Ал бойына осы екі қасиетпен қоса қабат əділет-шапқат (жүрек) біткен адам ғана толық адам, яғни ол енді нұрлы ақылдың өкілі деп танылады.
Əл-Фараби өзінің Интеллект (сөзінің) мағынасы жайында деп аталатын зерттеуінде адамның ақыл-парасат мүмкіндігіне жан-жақты талдау жасай келіп, оны потенциалды интеллект, актуалды интеллект, жүре келе дарыған интеллект, əрекетшіл интеллект сияқты философиялық категорияларға бөліп-бөліп талдайды. Əл-Фараби жүре келе дарыған интеллект туралы айта келіп, адам туғаннан ақылды, білімді болып тумайтынын, интеллекттің өзі жүре келе, есітіп, көріп барып қана дамитынын ескертеді.
Ғұламаның интеллект жөніндегі философиялық ой-тұжырымын араға тоғыз ғасырдай уақыт салып барып, қазақ қауымының жаңа тарихи жағдайында Абай Құнанбайұлы зор білгірлікпен жалғастыра түскен .
Фарабидің философиялық еңбегін талдау деген сөз -- оның барлық ғылыми табыстарының қорытындысын шығару деген сөз. Ол өзінің еңбектерінің бəрін де философиялық тұрғыдан қарайды. Кейбір табиғи құбылыстарды талдаған қағидаларында оның табиғат зерттеуші ғалымдығы мен ойшыл философтығы арасын айыру өте қиын.
Философия жөнінен алғанда Фарабиді Аристотельдің шəкірті дейді. Оның шындығына біз де таласпаймыз. Фараби Аристотельді (Арстулаизды) аса жоғары бағалаған. Əсіресе, оның логикасын жақсы көріп: Бұл кітапты жүз мəртебе оқыдым, тағы оқысам деген ойым бар деп жазады ол.
Сонымен қатар Фараби Аристотель қосымша математика мен табиғат ғылымдарына сүйенуі қажет еді дейді. Ол Аристотель ілімін толықтырды, сынады, талдады, дамытты. Осылардың арқасында өзінің философиялық жүйесін салып кетті. Оның философиясы ертедегі гректердің антикалық философиясы емес, онан басқаша қасиеттері бар. Сол себептен оны философия демей, фалсафа деп өзгеше мəн береді. Бұл кезде Аристотельдің еңбегін талдау, сынау, дамыту түгіл, тіпті оның еңбегін дүние жүзінің көптеген ғалымдары түсініп оқудың өзін арман ететін. Осы жайды ескергенде, Фарабидің Аристотельді сынап, оны толықтырып еңбек жазуы аса зор оқиға еді. Фарабидің философиялық дəрежесіне Батыс елдерінің философтары тек көптеген ғасыр өткеннен кейін ғана жете алды. Ал оның Аристотельдің философиялық іліміне геометриялық-физикалық анализді ғылыми арқау ету керек деген тамаша батыл пікірі -- оның асқан даналығының көзі болғанын көрсетеді.
Фараби өзінің Философияны үйрену үшін қажетті шарттар туралы рисала деген еңбегінде:
Айналаңдағы табиғат дүниесін адамдық адал ниетпен зертте, онан тапқаныңды ақыл таразысына салып өлшеп ал, логиканың қисыны мен геометрияның айнымас дəлелдік үлгісіне сал. Осылардың сынынан өткен нəрсе шындық жолға апаратын нысана болмақ. Философия атты ақиқат табуға арналған ұлы ғылымға сол нысаналар алып барады, -- дейді.
Өзінің Евклид еңбегіне берген бір сынында ноқат, сызық, жазық деген түсініктердің барлығы денеде болатын, содан алынған түсініктер деп ашық айтады да, соны дəлелдейді. Демек, бұл арада Фараби Платонның дерексіз жайға соғатын көмескі ойларын түзетеді. Сонымен қатар ол Аристотельдің логикалық қағидаларына геометриялық дəлді əдісті жанастыруға тырысады. Аристотель мен Платон арасын жақындастыруға тырысқан ойдың түпкі өзегі осында болу керек деп білеміз. Басқаша айтқанда, материалдық дүниені математикалық логика арқылы тану керек деген қорытынды шығады. Бұл арада Фараби Аристотельге де, Платонға да жүгініп отырған жоқ. Ол Аристотель мен Платонның жəне басқаларының еңбектерін табиғатты акли көзбен тану тұрғысынан қарап, еркін түрде, өзінше саралап отыр. Сонымен бірге Фараби дүние танудың акли тұрғыда түсінуде жаттама (догмалық) жолдың жарамсыз екенін көрсетеді.
...Замана, өмір, тұрмыс, ғылым, мəдениет барлық жерде бірдей емес, өзгермелі. Адамның жеке басында субъектив мінезі тағы бар. Осылардың баршасына бір ғана жаттанды абстракты догма өлшеуімен келуге болмайды. Олардың əрқайсысына өзінің нақтылы қалпына қарай анализ (талдау) жасайтын əдістер ұғымы керек.
Ғылымдардың шығуы, Ғылым меруерті деген еңбектерінде де Фарабидің осындай ойлары айқын көрініп отырады. Ел билеу, саясат жөнінде де ол Аристотель мен Платонның ешқайсысына қосылмайды. Мысалы, Фараби өзінің Қайырлы шаһардың адамдары (Арə аһл əл-мадинате əл-фасилате) деген еңбегінде осы тақырыпта жазған Платонға қосылмай, мəселені өзінше шешеді.
Ұлы философ өз заманының дəстүрі бойынша барлық материалдық дүниенің басын жалғыз Жаратушыға апарып тірейді. Осы жағынан алып қарағанда оның философиясында идеализм бар екені рас. Ақиқатында, бұл оның зор жетістігі еді. Өкінішке орай, Кеңес кезінде мұны діншілдік деп түсіндіріп келді. Фараби көптеген мəселелерде дұрыс ғылыми көзқарасқа жетіп отырады. Дүниенің даму жолдарын бірталай еңбектерінде дұрыс түсіндіреді. Осы еңбектерінің арқасында ол адам баласының мəдени өсуіне, рухани дамуына зор атсалысып, Екінші ұстаз атанды.
Фарабидің ұлы ұстаздығын тек Шығыс елдері, араб халықтары ғана танып қойған жоқ. Оны Батыс елдерінің Қайта Өркендеу дəуірінің алғашқы кезеңіндегі ұлы адамдарының бəрі де таныды. Мысалы, Бэкон, Леонардо да Винчи, Коперник, Кеплер, Лейбниц сияқты ғалымдар одан көп үлгі алған.
Еуропалық шығыстанушылар мен тарихшылардың пайымдауынша, əл-Фараби сондай-ақ Шығыс философиясының да негізін қалаушы. Олар ұлы кемеңгердің келелі пікірлерінің астарларына үңіліп, көп зерттеген. Əл-Фарабидің ойшылдығына тəнті болған.
Əсіресе ғұламаның Жоғары табиғатты тану негізі еңбегі бүкіл Шығыс философиясының тереңдігін, көне тылсымын қорытқан еңбек болды. Фарабидің осы еңбегін түсіну арқылы Шығыс əдебиетіндегі көптеген аңыз, мифологияны танып-таразылауга болады.
Бұл шығармада келтірілген ғалымның пікірлерінің құндылығы сонда -- ол философиялық ой-толғаныстарын ежелгі грек философтары Аристотель, Платондардың пікірлері негізінде өрбіте отырып, сол пікірлерді ислами негіздерге орайластырған.
Əл-Фарабидің діни философиялық туындылары
Философия мен дін, олардың қарым-қатынасы -- Əбу Насыр əл-Фарабиді толғандырған күрделі мəселелер. Мəңгілік пен осы дүниелік, өмір мен өлім, адам мəселелері, философия мен діннің ара- қатынасы ойшылды көп толғандырған.
Тəуелсіздік аясындағы Қазақстан ғылымының діни дүниетанымға басымдылық берген тұсында, Фарабидің ғылыми мұраларын, діни ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Фарабидің астрономия мен астрология жөніндегі еңбектері
Әл-Фарабидің рухани мұрасы
Данышпан, философ, энциколопедист, әдебиетші, ақын Әл-Фараби
Әл Фараби тарихи мұралары
Әл Фарабидің өмірі
Мәдениет қоғам дамуының негізгі қажетті саласы
Ғалымдар энциколопедиясы
Ирандағы Фараби туындылары
Әл-Фарабидің өмірі мен еңбектері
Қазақ даласының жұлдыздары
Пәндер