АБАЙДЫҢ МАСҒҰТ ПОЭМАСЫНДАҒЫ ТАҚЫРЫП ЕРЕКШЕЛІГІ


ӘОЖ 82/821(100-87)
Абайдың «Масғұт» поэмасындағы тақырып ерекшелігі
Қобланов Жоламан Таубайұлы
Ш. Есенов атындағы КМТИУ, «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты
Аңдатпа: Қазақ әдебиетінде өзінің жанрлық белгі-сипаттары арқылы ертеден-ақ жеке сала болып дамыған дастан жанрының орны ерекше. Фольклорлық туындылармен өзектесе, жарыса дамып келген бұл сала халқымыз бастан кешкен тарихи оқиғалардың көркем шежіресі іспеттес ел тұрмысының сан алуан қырларын қамтып бейнелеуге әр кез елеулі үлес қосып отырған. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы осы жанрды тақырып жағынан да, мазмұн мен көркемдік әдіс тәсілдер жағынан да жаңа белеске көтерді.
Мақалада Абай және оның шәкірттері поэмаларының өзіндік ерекшеліктері, ондағы дәстүр жалғастығы талданып, ғылыми тұрғыдан баға беріледі.
Түйінді сөздер: лирика, дәстүр жалғастығы, сюжет, композиция, романтикалық поэма.
Әйел теңдігі, махаббат тақырыбы Абай өлеңдерінде кең қамтылып, жалпы адамгершілік идеялармен қабысып кетеді. Абай мұндай мәселелерді көтеруде де өзінің жаңашыл, халықшыл ақын екендігін көрсетті. Ұлы ақын қазақ қыздарының теңсіздікте езіліп, сүйгеніне қосыла алмай келген ауыр халін көрді. Абай бұған наразылық білдіріп, шерлі сезімге толы өлеңдерін шығарды. Қазақтың феодалдық қоғамы әйелдерді сүймеген адамына зорлап қосты. Абай мұндай өрескелдікке наразылығын білдіріп, бас бостандығы үшін күрескен жастарды қолдады.
Абай үйлену, ерлі-зайыпты болу ісіне немқұрайды қарауға, «мал беріп алғанның бәрі жар болып, тату өмір сүре алады-мыс» деген ескі түсініктерге қарсы шығады. Абай достық пен махаббатқа бөленген тең құқылы ерлі-зайыпты өмірді мақұлдайды. Жүрек епке де, малға да, күшке де көнбейді. Кәрі қойдың жасындай өмірі қалған қария мен уылжып тұрған жас бақытты өмір сүре алмайды деп, қалыңмал салтына батыл қарсылық білдіреді.
Абай өзінің шығармаларында әйелді біреуге ана, біреуге қарындас, қыз; біреудің қорғаны, ақылшысы, жанашыр қымбаты, сүйген жары деп дұрыс түсіндіреді. «Масғұт» поэмасында Абай:
Еркектің еркек адам болса қасы,
Қатын, шеше, қызы жоқ кімнің басы,
Хан қаһар, қара кісі қастық қылса,
Сонда ұрғашы болмай ма арашашы.
Тегінде адам басы сау бола ма?
Үйінде тексерілмес дау болар ма?
Ері ашу айтса, әйелі басу айтып,
Отырса, бұрынғыдай жау бола ма? -
дейді.
Осы поэманың бас кейіпкері Масғұттың алдына таңдау ұсынғанда дүниедегі мол байлық пен ақыл даналығын алғызбай, Абай оған әйел жұртшылығымен достықты қалауды ұсынады:
Ол жігіт шал сөзіне құлақ салды,
Көзін төмен жіберіп, аз ойланды.
Ақ пен сары екеуін алмаймын деп,
Қызыл жеміс жеймін деп қолқа салды.
- Мен беремін, танбаймын айта тұра,
Өкінбесең түбінде жүре-бара.
Ақ пен сары екеуін алмағаның
Мәнісін айтсаң екен, жаным, сірә.
- Мен болсам егер ағын жемек дедім,
Ақылды болдым елден бөлек дедім.
Мен ақылды билемен не қылсам да,
Ақыл мені билесе керек дедім.
Ақылды жан табылмас маған сырлас,
Көріне тентек көп надан мойын бұрмас.
Әділетсіз, ақылсыз, арсыздарды
Көре тұра, көңілде тыныштық тұрмас.
Адам дертті болмай ма құса тартып,
Тұщы ұйқы ұйықтай алмай түнде жатып.
Ептеп бағып, есерге ем таба алмай,
Тәтті тамақ жей алман дәмін татып.
Сарыны жеп, мен болсам байдың өзі,
Аузына тамам жанның болдым сөзі.
Пәленшеден бір нәрсе алсақ-ау деп,
Тігілер жан біткеннің маған көзі.
Жұрт күндер жұрттан артық байлық үшін,
Бұлдайды біреу күшін, біреу түсін.
Не қылса да, надандар алмақты ойлар,
Мал антұрған күйдіріп елдің ішін.
Еңбексіз мал дәметпек - қайыршылық,
Ақылды ерге ар болар ондай қылық.
Оны ойларлық бұл күнде адам бар ма?
Пайда ойламай қылады кім татулық?
Берсең, қалар оларда несі ардың?
Бермесең, сен дағы ит бірге болдың.
Не өзің ит, немесе бар елің ит,
Дауасыз бір пәлеге міне қалдың.
Қызылды жесем, мені әйел сүйер,
Арамдыққа жүрмесем, не жан күйер?
Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,
Деп едім бір пайдасы маған тиер [1, 36] .
Масғұт: «еңбексіз малды болам деп, біреуді жеп, не қайыршы болып тіленіп нем бар, Ақылым артық дана болсам, мені кім ұғар, кім сыйлар, Көп ақылсыз ішінде бір ақылдының өзі-ақ ақымақ танылар» деген оймен, асқан дәулет пен байлықты да, даналықты да қаламай, әйел жұртын сүюді ұйғарады. Бұл таңдау, сөз жоқ, автордың да таңдауы. Оның дүниедегі ең қымбат санайтыны - адам, оның ішінде аяулы ана, сүйген жар. Сондықтан да әйелді адам ретінде жоғары бағалауы - ақынның озат ойының жемісі. Пушкиннің орыс әдебиетінде романтикалық мектептің негізін қалағаны сияқты Абай да өз айналасына тілектес ақындар топтады. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы, Әсет Найманбайұлы сияқты ақындарды баулып, тәрбиелеп шығарды. Бұл жас ақындар Абай бастаған романтикалық поэма жанрын ілгері дамытты. Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған жаңа мазмұндағы поэмалар туғызды.
Абай шәкірттері Шәкәрім - «Ләйлі-Мәжнүн», Ақылбай - «Дағыстан» мен «Зұлысты», Мағауия - «Медғат-Қасым» мен «Еңлік-Кебекті», Әсет «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат» поэмаларын жазды. Бұл поэмалар Абай поэмасы дәстүріндегі жаңа үлгі, негізінен, романтикалық дастандар болды. Оcы поэмалардың көпшілігі тосын оқиғалы өлеңмен жазылған новелла сияқты. Жаңа романтикалық поэмалар алып күшке сүйенген, «әулиесі» қолдайтын ерекше адамдарды емес, көбіне қарапайым, қатардағы жандарды бейнелейді. Олардың істерінде адамға сыйымсыз әрекет аз кездеседі. Асқақ сөз, асыра дәріптеу, қалың бояу да көп орын алмайды. Бірақ поэма қаһармандары өзгеше тағдырлы жандар, басқа адамдардан бөлек мінездерімен ерекшеленеді. Әйтсе де қаһарман қоғамдық тап өкілі болу қасиетінен айрылмайды. Кейіпкерлер тағдырының ерекшелігі романтикалық поэмалардың сюжетіне арқау болады, оның сюжет ерекшелігін айқындайды. Жеке адам өмірі күнделікті тұрмыстың үйреншікті көрінісінен біраз көтеріңкі асқақ пафоста жырланып, романтикалық қаһарманға жан бітіріп отырады.
Хан сезіп, халық білсе мұндай сырды,
Ажалдан қыз бен жігіт қалмайды аман.
Екеуін еркіменен қоспайтұғын,
Қатыгез хан қаһары өзіне аян [2, 56], -
дейді Әсет ақын. Салиха мен Сәмен ешкімнен жәрдем күтпейді. Олар бір қиын құзды тауып алып, сол жерге бекініп, жан сауғалауға бел байлайды.
Романтикалық жаңа поэмалардың новеллалы жаңа ерекшелігіне қоса тағы бір өзгешелігі - олардың лирикалық сарынына байланысты. Сол себепті кейбір романтикалық поэмаларды лирикалық поэма деп те атауға негіз бар. Бірақ басқа поэмалардағы, эпикалық жырлардағы лиризм бірдей емес. Эпоста кейіпкердің күйініші, не өмір белесі шегініс оқиғаларда бейнеленсе, романтикалық поэмалардың лирикалық сарыны бар оқиғамен біте қайнап, оның бойына түгел еніп кетеді. Кейде кейіпкер мен автор бірінен-бірі бөлінбей екеуі бірігіп жатады. Осылайша, көптеген романтикалық поэма автордың лирикалық толғауы болып та көрінеді. Романтикалық поэмалардың лирикалық сыры өз бойына сыйымды келеді. Оның эпостық тегіне ешбір қиянат етпейді. Сондықтан романтикалық поэманы таза лирикалық поэмалармен шатастыруға болмас еді.
Романтикалық поэмалардың композициясы да едәуір ерекше құрылады. Суреттеліп отырған оқиға өзінің субьективтік қалпында логикалық байланысымен дамымай, лирикалық сезімге негізделе баяндалады. Кейіпкердің ішкі жан дүниесі, сыры ашылып, ол әр түрлі жаңа жағдайға душар болып отырады. Негізгі сюжет желісі бұзылып, жеке драмалық оқиға үзінділеріне бөлініп, композициялық инверсия экспозицияны бөгейді. Қаһарманның өткені мен болашағы көп жерде бүркеме қалып отырады. Романтикалық шығармалардың мазмұны ұлттық не тарихтық болмай, басқа ел, өзге жұрт өмірінен алынады. Мысалы, А. С. Пушкиннің «Сығандарында» Бессарабияны ен жайлап көшіп жүрген сығандар өмірі бейнеленсе, Абайдың «Ескендірінде» Македония шаһарын мекендеген Ескендір мен грек философы Аристотель, «Масғұтта» Бағдат жігіті Масғұт өмірі беріледі. «Әзім әңгімесінде» де Бағдаттық адамдар арасындағы тосын оқиғалар баяндалады. Сонымен бірге, Ақылбайдың «Дағыстанында» тау халқы өмірі, Әсеттің «Ағаш атында» Бағдат жігіті Хасен тағдыры баяндалады. Бірақ Пушкиннің «Сығандары» орыс өмірінен алшақ па?- десек, оның орыс өміріне жанасымды шығарма болғанына ешкім қарсы дау айтпайды. Олай болса, Абай мен оның жолын ұстаған жас ақындар поэмаларындағы оқиғалардың да қазақ өміріне жаттығы болмаса керек. Ескендір патшаның озбырлығын мысқылдау, әшкерелеу, Масғұттың гуманистік істерін қолдау, Әзімнің адал еңбегін мақұлдау, озбырлық пен аярлық, алаяқтық сияқты адамшылыққа жат қылықтарға тегеурінді соққы беру қазақтың Абай өмір сүрген заманының шынайы шындығына сай келеді. Сол сұм өмірдің озбыр, оғаш көрінісін көз алдыңа елестетеді. Ақын өзінің тосын пікірлерін бұл ретте жаңа түрмен суреттеп, романтикалық поэма жасайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz