Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірінің зерттелу тарихы мен кезеңдеу мәселесі


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 39 бет
Таңдаулыға:   

I. Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірінің зерттелу тарихы мен кезеңдеу мәселесі.

1. Зерттелу тарихы. Ерте темір дәуірінде этномәдени араласулардың қайнаған ортасы мен қоныс аударулардың алтын бесігі саналған, әрқилы (таулы орманды, жайылымды далалық және тегіс жазықты) ландшафтылы Қазақ Алтайында тіршілік жасаған күртізевакинолықтар, шілікті-майемерліктер, берелдіктер мен құлажорғалықтардың (жазба деректер бойынша, алтын қорыған грифтер, аримаспылар мен у-гэ жұрты) жерлеу ғұрыптары жайлы мәліметтерді жерлеу-ғұрыптық ескерткіштерін зерттеп білу арқылы алатын болсақ, аталған өлке ескерткіштеріне деген қызығушылықтың оянған кезі мен алғашқы алынған деректер легінен бастаған жөн сияқты. Қазақ Алтайының археологиялық құндылықтары жөнінде алғашқы мәліметтер Ресейлік Сібірдегі ділі, салты басқа келімсектердің ғасырлар бойы ұлы далада жәдігерлерін алтын іздеп, жаппай тонаушылық жасауы мен ел қолындағы құндылықтарды Н. Витзен, М. П. Гагарин мен А. Н. Демидовтың Петр 1 патшаның ордасына жіберуі және соған сүйене Эрмитажда Сібір жиынтығының жинала бастауымен тығыз байланысты. 18-ші ғасырдың алғашқы ширегінде Петр 1 патшаның ерекше бұйрығымен Сібірдегі тонаушылық бәсеңдесе де, тонаушылар өз істерін көршілес Қазақстанның солтүстік-шығысы, Тарбағатай және Солтүстік Тянь-Шань жаққа ауыстырған. Содан кейінгі жылдары аталмыш өлкенің ескерткіштері жайлы деректер Орал, Еділ бойы, Қазақстан және Сібір тұрғындарының этнографиясын, географиясын және тарихын зерттеу үшін 1768-1774 жылдары ұйымдастырылған екінші Академиялық экспедиция мүшелері - П. С. Паллас, И. П. Фальк, И. Г. Георги, П. И. Рычков, Х. Барденастың жазбаларында, капитан И. Г. Андреев пен Т. Н. Потаниннің сипаттауларында кездеседі. Алайда даладағы тұнып тұрған ескерткіштерді толық сипаттап жазу мен есепке алудың үзінді түрінде және аз жүргізілуі олардың топографиясының толық көрінісін ашуға кедергі келтірді. Ресейде 1859 жылы Императорлық археологиялық комиссияның құрылуы мен олардың Қазақстан жерін археологиялық тұрғыдан жаңа ғылыми деңгейде зерттеу мақсатын қоюы өлке ескерткіштерін тануда үлкен алға басушылық болды. Осы мақсатпен келген В. В. Радлов 1865 жылы Бұқтырманың жоғарғы ағысындағы Берел қорымынан ең ірі обаны қоса алғанда жеті обаны зерттеді. Ол Алтайдағы тоң басқан обаны алғаш ашты. Көне темір кезеңінің обаларын Құлынды, Бараба даласынан және Барнаул маңынан қазған ол қималы ағаш «үйдің» ішіне қойылған саркофагтағы адам мүрдесін жерлеуді мынадай екі сатысы болды деп қорытындылайды: «адамды өлгенінен кейін тура жерлеп, қабірін жартылай жапқан. Бірнеше ай өткен соң, күз, не көктем айларында нағыз үлкен құрбандығы шалынып, жан серігі (жылқы) қойылған» (Радлов В. В., 1989, 449-451-бб. ) . Кейінгі жылы ол Семей қаласы маңынан бастарын солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа, шығыстан батысқа қаратып, қастарына моншақтар, қытайша жазуы бар мыс айна мен құлақты темір қазан қойған жерлеулері бар төрт обаны зерттеп, Көкпекті мен Бұқтырма ауылдары маңын барлап өтті. Аталмыш өлкені В. В. Радловтың аралап өтуі, алғаш рет ескерткіштердің жасын анықтай алуы, тарихи талдауға тырысуымен Қазақстанның шығыс бөлігі археологиялық жағынан зерттеліне басталса да, бұдан кейінгі жарты ғасыр бірен-саран қызығушының «қаздым, таптымымен» шектеліп қалды. Оларға 1884 жылғы Ертіс өзенінің сол жағалауындағы отыз обалы Баты қорымындағы алтын сырға, қыш ыдыс және мыс пластина табылған қазбаны, 1894 жылы В. П. Никитиннің қазған қабанның алтын мүсіні мен үстіне он шақты барыстың мүсіні қойылған қола шырағдан табылған жалғыз оба мен топырақты тас үйініділі, диаметрі 50 м, биіктігі 1, 5 м екі қатар жерлеулі, сүйектен жасалған, өрнекті екі таяқша және сүйек жебенің ұштары табылған обаны, 1903 жылы Семей қаласының маңындағы Ф. Педащенко мен А. Н. Белослюдов, П. А. Бродский қазбаларын және 1909-1910 жылдардағы Г. И. Бокийдің оба үйіндісінің шығыс жағынан тас діңгек тұрғызылған, қима-тағанды жерлеуі бар Шаған оба қорымында жүргізілген жұмыстарын жатқызуға болады (Никитин В. П., 1902, 103-111-бб. ; Педащенко Ф. Н., 1912, 39-95-бб. ) . Оған қоса кейбір Н. А. Абрамов (1870 ж. ), В. Никитин (1902 ж. ) сынды өлкетанушылар, ал 1900 жылы Н. Коншиннің бастамасымен Семей облыстық статистикалық комитеті жергілікті жерлерге тапсырма беріп, өңірдің археологиялық мәліметтерін жинақтады (Коншин Н., 1903) . Европалық Ресейден қоныс аударған тұрғындардың атамұраны жоюы мен сыртқа әкете бастаған кезден 20-шы ғасырдың 30-шы жылдарына дейінгі жүргізілген археологиялық жұмыстардың барлығы үстіртін сипаттау мен еш әдістемесіз, кездейсоқ қазбалар болды. Сондықтан да бұл кезеңде ежелгі тұрғындардың тұрмысын, салтын, наным-сенімін зерттеуден гөрі мына зор кеңістікте қалдырған ескерткіштерді сақтап қалудың өзі үлкен мәселе еді. В. В. Радловтан кейінгі жазбасында көргені мен қазғанын толық жазуымен ерекшеленетін, өлкедегі темір дәуірінің ерте кезеңі ескерткіші - майемер обаларын алғашқылардың бірі болып зерттеген келесі бір зерттеушіге А. В. Адриановты жатқызуға болады. Оның зерттеуі 1911 жылдың жазы мен күз айларында Семейден Марқакөлге дейін аралап, өлкенің таулы аймағының бес жерінен (Майемер (Майэмир) даласы, Солонечное өзенінің сол жағалауынан, Қарақаба өзені жанынан, Чернова ауылы маңынан) ж. с. д. 7-4 ғасырларға жататын жерлеу орындарын ашумен құнды (Адріановъ А. В., 1916, 1-91-бб. ) . Оның Майемер даласындағы солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған бес обалы тізбектің шығысынан 300-400 м жердегі жеті тас қоршаудан тапқан «көмбесін» М. П. Грязнов тізбектегі обалардан тоналып алынған заттар деп таныды (Грязнов М. П., 1947, 11-б. ) . Адамды жерлеу салт түрлерінің ашылуы жерлеу құрылымдарының зерттеліну деңгейіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, оңтүстік-батыс Алтай, Зайсан, Сауыр-Тарбағатай және Семей өңіріндегі 19-шы ғасырдың 30-шы жылдарына дейінгі археологиялық жұмыстар ескерткіштердің тек сыртқы көрінісін сипаттау, шектелген қазба мәліметтерінің жинақталуы, оларды болжау мен жорамалдау аясынан аса алмағандығын ұғыну керек. Өлкеде жүйелі түрде, ұзақ мерзімді ғылыми зерттеу жұмысын жасаған С. С. Черников болды. Ол 1935 жылдан 1971 жылға дейін Шығыс Қазақстанның әр тарихи кезең ескерткіштерін, көне кеніш орындарын және т. б. мұраларды зерттеп, алынған материалдарға алғаш рет орынды түрде тарихимәдени баға берген тұлға. КСРО ҒА Тарих және заттай мәдениет институтының Ленинградтық бөлімінің С. С. Черников бастаған бұл археологиялық экспедициясы 1950-1956, 1960, 1961, 1964, 1971 жылдары ерте темір дәуірінің Усть-Бұқтырма, Усть-Бөкен, Қызылту I, Малокрасноярка, Пчела, Түсқайың, Славянка, Юпитер, Усть-Нарым, Шілікті және Солдатово

қорымдарынан барлығы жетпістен астам обаларда ғылыми ізденіс жүргізді. Қола дәуірінде ірі металлургиялық орталық болған өлкенің ерте темір дәуіріндегі көшпелі және жартылай көшпелі тайпалар мен тайпалық одақтардың құрылуы мен дамуындағы рөлін анықтау мақсатында Қалба жотасындағы Жаңажұрт қорымынан қазылған 3 обаны, Құлажорға қорымынан зерттелген 50 оба (1956 жылғы қазбадағы 18 обаны қоса есептегенде) мен Баты қорымынан қазылған 15 обадан шыққан материалдарды салыстыра отырып, барлығын бір мәдениетке (у-гэ тайпалары) жатқызды. Оба үйінділерінің пішіні мен құрамының, қыш ыдыстарының түрі мен жасалу әдісі, адам мүрделерін арқасымен қоюы бұл Құлажорға мен Баты қорымына тән ұқсастық дей келе, оларға тән ерекшеліктерді де атайды. Мысалы, батылықтарға адамның басын батысқа қаратуы мен жанына қойдың құйымшағын қою тән болса, құлажорғалықтарға қабір жабындысы үстіне жылқыны қою әдеті болған (Черников С. С., 1951а, 64-78-бб. ) . Ескерткіштердің жергілікті және мерзімдік ерекшеліктеріне аса мән берген С. С. Черников 1949 жылы Тарбағатай, Шыңғыстау тауларында барлау жасап, осы жылдан бастап бес обалар тобынан тұратын атақты Шілікті аңғарында қазба жұмыстарын жасайды. Обалардың малдың қысқы жайылымына қолайлы жерде орналасатын заңдылығын байқайды. Дөңгелете қазылған терең емес шұңқырдан шығып жатқан коридордың бөренемен жабылуын, осы рәсімнен кейін жұмыртас пен саз топырақ аралас үйінді тұрғызған шіліктіліктердің жерлеу әдісі Алтай тайпаларымен емес, тек оңтүстік-батыстағы ескерткіштерге ұқсас келеді деп ой түйді. Ол құлажорғалықтар, сарыкөлдіктер мен шіліктіліктердің заттай мәдениетінің, әсіресе жерлеу ғұрпында этнографиялық әр түрлілік бар деді (Черников С. С., 1951б, 144-151-бб. ) . Қазақ даласындағы ерте темір дәуірі обаларының көп шоғырланған өлкелерінің бірі - Шіліктіде әр жылдарда он үштен астам обаны қазып, ж. с. д. 7-5 ғасырларға жатқызған № 5, № 7 оба материалдары негізінде өз еңбегін жариялады (Черников С. С., 1965) . Ал өзінің көп жылдық зерттеу қорытындыларын 1972 жылы аяқтаған Ресей ғылым академиясының Тарих және заттай мәдениетті зерттеулер жөніндегі институтының мұрағатында сақтаулы «Ранние кочевники Восточного Казахстана» атты қолжазбасына жинақтады. Өлкедегі обалы жерлеулерді ж. с. д. 7-4 және ж. с. д. 3-2 ғасырлар деп екі мерзімдік кезеңге бөле отырып, солтүстік және оңтүстік топтарына біріктірді. Солтүстіктегі топқа Чернова, Славянка, Юпитер, Берел, Бөкен, Қызылту, Малокрасноярск қорымы обаларын енгізсе, оңтүстік топқа Зайсан көлі, Тарбағатай таулары маңындағы ескерткіштер кіреді деді. Ертіс аңғарында кейінгі кезеңде пазырық мәдениетінің белгілері жойылып, өзіндік түрі бар мәдениет (құлажорға) қалыптасады делінді (Черников С. С., 1975, 132-137-бб. ) . Оның пайымдауынша, ж. с. д. 3 ғасырдан бастап қоғамдағы жағдайлар біршама тұрақтанып, алғашқы мемлекеттік бірлестіктер құрылып, «бай» обалар жоғалады. Ол аталған өлкеде ж. с. д. 7-4 ғасырларда тас-топырақ үйінділі, солтүстігінде әбзелді жылқы қойылған қима-тағанды жерлеулі пазырық мәдениетінің оңтүстігіндегі тобы мен Ертіс өзенінің сол жағалауы, Зайсан көлі, Тарбағатай таулы жотасы маңын мекен еткен шымды, топырақ үйінділі, тор көз бөрене құрылысты, не бөрене жабындылы, шығысында дромосты, үйінді шетінде тас қоршаулы, қыш ыдыс пен жылқы жерлеуі кезікпейтін салтты сақтардың мекендеуі мүмкін деп түйіндеді. Ж. с. д. 6 ғасырға дейін Шіліктідегі сақтардың бір тобы Енисейдің орта ағысы мен Туваға қоныс аударып барса, ж. с. д. 3 ғасырдан бастап өзен бойларын мекен етіп жартылай көшпелілікпен айналысқан, қоныстарының маңындағы бірнеше ондаған кіші обалы қорымда өлген адамды тас жәшікке жерлеген, адамның бас жағына қойдың құйрығын қою салты болған, өңірдегі саяси салмағы шектеулі болған жаңа мәдениеттің өкілдері пайда болды дей келе, сол құлажорғалықтарды әшекейлер көптеп тағылған адамның басын шығысқа қаратып, жылқымен қоса жерлеген ерте (ж. с. д. 3-2 ғғ. ) және топырақ шұңқырда адам басын батысқа қаратқан, жанына қойылатын заттардың аздығы тән кейінгі топқа (ж. с. д. 1 ғғ. ) бөледі (Черников С. С., 1975, 282-285-бб. ) . Шілікті, Майемер обалары енетін екінші топтың тұрғындары Тағар мәдениеті өкілдері, Аржандықтармен тығыз байланыста болған. Қазақ Алтайының ерте темір дәуірінің ерте кезеңіне жататын ескерткіштердің көрші елдермен тарихи-мәдени байланысы жөнді қарастырылмай отырған ашық тақырып. Қазақ Алтайы ежелгі көшпелілерінің бір ерекшелігі Орталық Қазақстандағы тасмолалықтар сынды соғыс құралдары мен тұрмыстық бұйымдардың шикізаты саналған металдың ірі кендеріне бай өлкеде өмір сүрді және қола дәуірінен бері сол металдарды өңдеп, байлық көзін меңгере білді. Бұл жайттар өз кезегінде жұрттың баюы мен мықты ел болуына, берік қорғануына итермеледі. Көшпелілерді жер өнімімен Ертіс сынды ірі өзендер бойындағы Трушниково мен Мало-красноярка сынды қоныстарын мекен еткен отырықшы жер

игерушілер, егіншілер қамтамасыз етіп отырды. Қай өңірде болмасын ерте темір дәуірінде көшпелі мал шаруашылығмен айналысқан жұрт елдің көп бөлігін құрады. Кейіннен ұлы ғалым атанған В. В. Радлов есімді Барнаул округтік училищесінің мұғалімі қазған Үлкен Берел обасына деген қызығушылық 1930 жылдары Пазырық I обасының мәліметтерін талдау барысында М. П. Грязнов тарапынан туындады. Кейіннен Сібір, Алтайдағы үлкен ашылымдар Берел обасын қайта зерттеуді қажет етті. Осы мақсатпен 1959 жылы келген С. С. Сорокин бастаған Мемлекеттік эрмитаждың Оңтүстік алтай экспедициясы обадағы жерлеу құрылысының құрылымын толық зерттеп, мәдени тегін, тіпті дүниетанымын ашуға тырысты. Алты жылдық зерттеуінде Бұқтырманың жоғарғы ағысы бойындағы ескерткіштерді барлап, Катон, Күрті (Курту), Берел қорымдарында қазба жүргізді. Катондағы зерттелген 16 оба ж. с. д. I мыңжылдықтың соңғы ғасырларындағы бір тарихи кезеңге және бір мәдениетке жатады дей келе, онда көбінесе адамды арқасымен, басын шығысқа қаратып, қима-тағанға жерлеу кездесетіндігін айтты. Бұқтырма өзенінің бойындағы алты топтан тұратын Күрті обаларын зерттеген ол Қазақ Алтайының солтүстік-шығысындағы ерте темір дәуірінің ең көне ескерткіштерін ашты. Екінші және үшінші топтың кіші көлемді жұмыртасты қоршауларының ортасында 0, 6 м тереңдікте, сол қырымен, басы солтүстік-батысқа қаратылып жерленген адам жерлеулері ж. с. д. 9-8 ғасырлармен мерзімделді. № 3-ші қоршауда адамнан соң жанына аузында үш тесікті сүйек суылғы бар жылқыны қоса жерлеген. Мұнда сонымен қатар ж. с. д. 5 ғасырларға жататын Майемер, Чернова обаларымен тұстас басқа да Күрті обалары зерттелді. Жылқының ауыздығы мен суылғы арқылы нақты мерзімделген бұл жерлеу орындары тас қоршаулы, терең емес қабір шұңқырына мүрдені сол қырымен қоюымен ерекше. Алайда С. С. Сорокиннің ойынша, күртіліктер майемерліктерден не ерте өмір сүрген, не Бұқтырманың орта ағысындағы тұрғындардың мәдениеті өзгеше болған (Сорокин С. С., 1969, 208- 236-бб. ; Сорокин С. С., 1966, 39-60-бб. ) . «Атамұраның қай түрі болсын көне тарих тұңғиығы жөніндегі мәліметтер легін толықтыра береді», - деген белгілі ғалым, Өскемен педагогикалық институтының оқытушысы Ф. Х. Арсланова Кенді Алтай ескерткіштерін, әсіресе бір Зевакино кешенін толықтай зерттеп, ж. с. д. 8-7 ғасыр ескерткіштерінің жер беті құрылысының бірнеше түрін, қабірді қазу мен адамды жерлеудің әдісі мен тәсілдерін ашуға талпынды. Көптеген жылдар жасалған (1965-1974 жж. ) қазба жұмыстарының нәтижесі мен Чистый Яр, Камышинка сияқты кездейсоқ табылған олжаларды талдай отырып, «зевакинолықтардың индивидуумды о дүниеге жөнелту салты мен жергілікті өткен тайпалармен (федоров) жерлеу ғұрпындағы ұқсастығы, металл бұйымдардың жаңа карасук-тағарлық түрінің шығуы мен қыш ыдыстардағы өзгерісті жергілікті тұрғындардың жат элементтермен араласуымен болғандығын және көршілермен өте тығыз этномәдени байланыста екендігін көрсетеді» деген қорытынды жасайды (Арсланова Ф. Х., 1972, 254- 258-бб. ) . Зевакино қорымындағы зерттелген, бірі-біріне жалғасып тұйықтала жатқан жетпістен астам қоршау материалдары бойынша адамды негізінен сопақша шұңқырға, оң жақ қырымен басын оңтүстік-батыс, не оңтүстікке қаратып, жанына қыш ыдыссыз, кейде қола пышақ қоя жерлеген делінеді. Бұл отырықшы шаруашылықты металды өңдеу ісімен айналысқан, көшпелі шаруашылыққа өтер өтпелі кезеңнің қарапайым жерлеу ғұрыптары болса керек (Арсланова Ф. Х., 1974, 50-53-бб. ) . Сонымен қатар оның экспедициясы тасмолалық «мұртты обалардың» Ертіс бойындағыларын (Зевакино, Қызылтас, Точка) ашып зерттеп, ескерткіштің үш түрін бөлектейді және қабір іші құрылымы мен табылған заттарына (садақ, қылыш, құрастырмалы белдік, сырға, қазан және т. б. ) қарай отырып, ж. с. 3-4 ғасырларымен мерзімдеп, тас тізбек ескерткіштері түрлерінің мерзімінде өзгеруін анықтау қажет дейді (Арсланова Ф. Х., 1975, 116-129-бб. ) . Өлкенің қантамыры іспетті Ертіс өзені бойындағы алғашқы зерттеулер, әсіресе С. С. Черников ізденістері, Өскемен мен Бұқтырма су қоймаларын салуды жоспарлауға байланысты басталды. Осындай мақсаттағы жұмыстар Шүлб СЭС-ін салуға байланысты Жоғарғы Ертіс бойында 1977, 1980- 1983 жылдары Қаз. ССР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының Шүлбі археологиялық экспедициясы тарапынан жасалды. Қазба қорытындылары өлкенің өзі жұтаңқы жарияланым қорын байыту мақсатында «Археологические памятники в зоне затопления Шульбинской ГЭС» атты еңбек болып жарияланды. Шығыс Қазақстанның, жалпы Қазақстанның қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің мәдени сабақтастығы маңызды да өзекті мәселе. Осы тұрғыдан алғанда Зевакино кешенінен кейін (ж. с. д. 8-7 ғғ. ) Измайловка қорымы ескерткіштері (ж. с. д. 9-7 ғғ. ) мен Желдіөзек обалары зерттелді. Алынған мәліметтерді оба құрылысы (қоршаулы, не қоршаусыз төртбұрыш тас жәшік, ағаш табыт), жерлеу әдісі (мәйтті оң қырымен, басын батысқа қарату мен шығыс бағытқа қаратып адамды жерлеу)

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қола дәуірінің тарихнамасы
Қазақстандағы қола дәуірінің ауқымында жазылған ғылыми еңбектер мен мақалалардағы авторлардың ойларын, тұжырымдарын, қорытындыларын тарихнамалық тұрғыдан талдай отырып қола дәуірінің зерттелу деңгейін анықтау
Қола дәуiрі ескерткіштері
Қазақстан жеріндегі мыс-тас дәуірінің зерттелу тарихы
Мезолит және неолит ескерткіштерінің зерттелу тарихы
Алтай-Тарбағатай аралығындағы ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштері (кезеңделуі, мерзімделуі және мәдени атрибуциясы)
Қазақстан жеріндегі сақ дәуірі ескерткіштері
Қазақстандағы қола дәуірінің археологиялық ерекшеліктері
Шығыс Қазақстандағы қола дәуірінің тарихнамасы
Қазақ Алтай жеріндегі көне түріктердің жерлеу ғұрыптық ескерткіштері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz