Қазақ халқы қолөнерінде шәкірт тәрбиелеу жүйесі – дуальді оқыту бастауларының негізі


2. 1 Қазақ халқы қолөнерінде шәкірт тәрбиелеу жүйесі - дуальді оқыту бастауларының негізі
Ертеде қолөнер кәсібін таңдаған әке мен шешенің кәсіпшілігін ұлы мен қызы, немерелері мен шөберелері жалғастырған. Қазақ халқында «аталық кәсіп», «ата-баба кәсібі», «ата-баба өнері», «жеті атасынан айтулы шебер» ұғымдары осы дәстүрге байланысты аталған. «Балам өнерлі болсын десең, аталық айтар ісің болсын» деген халық мақалы да тектен текке айтылмаса керек. Ұрпақтың осылайша әке жолын, ана жолын қууы - осы кәсіптің ұзақ та табысты дамуына, сондай-ақ ұжымда ұлттық мәдениет негіздеріне жауапкершілікпен қарап, аялы қарым-қатынастар жасайтын көркемдік талғамның қалыптасуына себепші болды [33] .
Ал біздің зерттеуіміз үшін осы кәсіпшіліктің дамуымен қалыптасқан шәкірт тәрбиелеу жүйесі. Қазақ халқының қолөнер кәсіпшілігінде шәкірт тәрбиелеу дәстүрлерін педагог ғалым Ұ. М. Әбдіғапбарова өзінің«Қазақ халқының қолөнерінде шәкірт тәрбиелеу» атты 2005 жылы жарық көрген еңбегінде жан-жақты сипаттап, ғылыми тұрғыдан негіздеген. Ал біз, өз зерттеуімізде Ұ. М. Әбдіғапбарованың ойын әрі қарай дамытып, қазақтың қолөнерінің дамуында дуальді оқыту көрініс табатынын және ол кәсіби білім берудің бастауына негіз болатынына мән бердік.
Ертедегі белгілі шеберлер өзінің шығармашылық жолын әңгімелегенде өзінің кәсібінің алғашқы дағдыларына отбасында бала кезінен-ақ үйренгенін айтады. Олардың басым көпшілігі зергерлік, ұсталық, тоқыма кәсіпшілігі істерін 7-8 жасынан бастап үйреніп, 11 - 15 жас аралығында айтулы шебер, аймаққа белгілі ұста атанғандары белгілі. Мысалы, Бимағамбетов Тапай шебер арғы аталары Құлмұрат, Есжан зергерлерден мұра болып келген шеберлікті, өз әкесі Бимағамбет ұстадан қабылдап, 13-14 жасынан бастап-ақ өз талпынысының зейінділігінің арқасында белгілі зергер атанған [34, б. 84] .
Отбасында үйретуде үлкендердің барлығы бірдей балаларын, өзінен кейінгі туыстарын нағыз шебер етіп шығара алмады. Олар өздеріне сенімді көмекшілер даярлауды мақсат тұтты. Бірақ барлық ата-аналар мен үлкендер қолөнер кәсібіндегі көркемдік мотивтер әсемдігін және онда айтылар ойдың мәнін балаларының түсінуі үшін олардың өз ісіне сын көзбен қарауын қатаң қадағалады. Балалар үлгілермен жұмыс істеу барысында бейнелеу өнерінің негіздерін меңгеруге қол жеткізді. Қарапайым суреттерді көшіру арқылы қолөнеріндегі дәстүрлі әдістерді, ою-өрнектерге тән мотивтерді, бояуларды үйлестіру тәсілдерін және осы өнердің басқа да қыр-сырларын меңгерді.
Қолөнер кәсібіне отбасында үйретуді шәкірт тәрбиелеудің ежелгі формасы деп толық айтуға болады. Осы форма қолөнер кәсібінде бірнеше ғасырлар бойы шеберлер даярлаудың негізгі жүйесі болып саналды. Дейтұрғанмен, оның мамандар даярлаудың ең үлгілі формасы еместігін ертедегі шеберлердің өзі-ақ түсіне бастады. Отбасында балалардың барлығын ата кәсібін үйренуге баулу, оны құрметтеуге тәрбиелеу әбден мүмкін, бірақ бәрін бірдей асқан шебер етіп даярлап шығару мүмкін бола бермейді. Сондықтан да ата-аналар, үлкендер баланың дарындылығын байқаған жағдайда оларды ең жақсы шеберге шәкірттікке беруге тырысты. «Балаңды өнерлі болсын десең, ұстаға қос» осы дәстүрдің дәлелі болса керек. Ата-анасы баласын ұстазға алып келгеннен кейін, оның ұстаз тәрбиесінде бірнеше жыл болуы тиіс болған. Шәкірт ұстазға ақы төлеп оқымаған. Ұстаз да шәкіртіне ақы төлемеген. Әр шәкірт өз қабілетіне қарай өнер үйреніп, ұстаз өнерін толық меңгергенде ғана өз алдына жұмыс істеуге бөлініп шыққан, ұстазынан бата сұраған. Ұстазынан бата алған шәкірт дүкен құрып, шеберхана ашып өз жұмысын жүргізген, шеберлігі асқанда ол да шәкірт даярлаған. Осындай тәртіп Орта Азия мен Қазақстан шеберлерінің арасында кезінде кең тараған. Бұған мына деректер мысал бола алады: «Бес ұста» - отырықшы жағдайда тұрған шеберлер. Олардың әрқайсысы жылына 5-6 жас шәкірт ұстап, оларға өз өнерлерін үйретіп отырған. Шәкірттеріне ақы төлемеген, шәкірттер де ұстаздарына жалынбаған. Ұстазына көмектесе жүріп, іс үйренгені мен ішкен-жеген дәм-тұзына риза болатын да бір жылдан соң өз алдына бөлініп, үйренген шеберлігі бойынша кәсіп етеді. Қолы жеткенде ғана ұстазын қонаққа шақырып, сый-сияпатын көрсетіп, батасын алады екен» [35, б. 34] .
Шеберлердің шәкірт тәрбиелеуі ата-аналардың сұранысынан ғана емес, шеберлердің шәкірттерге қажеттілігінен де туындаған. Олай дейтініміз қолөнер кәсібіндегі жетекші шеберлер өздерінің жолын қуушы ізбасарлар тәрбиелеуді мақсат тұтып көршілерінің балалары арасынан осы кәсіпке қабілетті дегендерді шәкірттікке алды. Мысалы, «шебер әрі зергер Көшебенов Оспан жеті жастан Жұмақымет етікшіге етік піштіріп алып, етік тігіп, өсе келе, 11-12 жасында айтулы етікші атанады. Осы кезде атақты зергер Жұмкей Кенжебаев зерделі баланың зейінін танып, зергерлік өнерге баулиды. 13-14 жасында Оспан Орталық Қазақстан мен Орта Азияға, Омбыға атағы жайылған зергер, қолынан келмейтіні жоқ шебер аталады». Сондай-ақ зергерлік өнерінде өзінің қолтаңбасын қалдырған «Берсүгіров Палжігіт шебер жас шағынан өнерге бір табан жақын жүріп, әйгілі зергер Жолтайдан 12 жасында зергерлік өнерін үйреніп шығады. Палжігіт келе-келе ою-өрнектерді өз ойынан шығаратын болды. Кеңестер Одағының тұсында «Орақ балға», «Бесжұлдыз сырға», «Мөрше» өрнектерін дүниеге әкелді» [36] .
Осы айтылғандардан басқа күн көрісі үшін зергерлерге көмекші бола жүріп, шеберліктің қыр-сырын үйреніп шыққандар да жоқ емес. Осы айтқанымыздың дәлелі ретінде мына мәліметті келтіруге болады: «Әкеден жастай жетім қалған Қобан атақты зергер Қарамырзаның көрігін басып, көмірін жаға жүре, зейінділік пен зерделіліктің нәтижесінде бұл өнерді үйреніп алып, он тоғыз жасынан өз алдына дүкен (ұстахана Ұ. Ә. ) құрып, көрік басып халық арасына атағы шығады. Алғаш сақина, жүзіктен бастаған Қобан Ақмешіт төңірегіне белгілі зергер атанады» [37] .
Айта кететін бір жәйт үйретуші-ұстаздар шәкірттеріне шеберліктің құпияларын ғана үйретіп қоймаған, сонымен қатар өздерінің құрал-саймандарын да оларға мирас еткен . Қазіргі дәуірдің бесаспап шебері атанған Дәркембай Шоқпарұлының «Көрік -түрлі металдарды балқытып, қыздырып өңдеу барысында отыққа жел беріп тұру үшін қолданылатын құрал . . . Алдамберді ұстаның (Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданы, Қазатком селосы) төрт өгіздің терісінен жасаған көрігін Алдекең дүние салғаннан соң Нұрқожаұлы Ержұма ұстап, ол кісі құрметті демалысқа шыққанда шәкірті Алдамбердиев Темірбай 1960 жылдарға дейін ұстады. » деп айтқаны осы ойымыздың дәлелі. Мұндай қарым-қатынас ұстаздың шәкіртіне деген сенімін, сыйластығын, оның талабын қолдауын, өнерге құрметін білдіреді. Ал одан шәкірттің ұстазға, өнерге сүйіспеншілігі, еңбексүйгіштігі, ынта-ықыласы артады. Осындай сыйластықты көріп өскен шәкірт өзі ұстаз болғанда шәкіртіне де сондай қарым-қатынас жасайды. Халықтың сәндік-қолданбалы өнерінде шәкірт тәрбиелеудің игі дәстүрлері осылайша пайда болып отырған.
Шәкірттер тәрбиелеу үшін арнайы оқу (үйрету) орындарының болу қажеттігі белгілі. Бірақ, қазақ қолөнершілерінің, ертеде арнаулы өзінің отыратын жұмыс орны, шеберханасы да болмаған. Мұндай жағдай жартылай көшпелі өмір сүріп, тіршілік еткен елдің жағдайымен байланысты болғандығы айқын. Күнделікті тіршілік етіп, еңбекақы табу үшін қолөнершілер көшпелі елмен бірге ілесіп, олар қайда барса, бұлар да солармен бірге көшіп отырған. Осындай жағдайларға байланысты қолөнершілер құрал-саймандарды мейлінше қысқартып, өте аз ұстаған және алып жүруге ықшамды етіп істейтін болған.
Тек, теміршілердің өзі отыратын үйінің ішінде ғана темір соғатын шағын орны болған. Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінде шебердің шәкірт тәрбиелеу дәстүрі негізінен метал өңдеу өнері негізінде дамығандығы сондықтан.
Ертеректе дүкенді кәдімгі киіз үйге, шыбықтан тоқылып, іші-сырты сыланған шошалаға, қам кірпіштен соғылған там үйлерге құра беретін. Дүкеннің ішіне шеберлердің құрал-саймандары орналасады. Ұсталар дүкенде жұмыс істеген кезде түрлі бұйымдар соқтырып алу үшін адамдар кіріп-шығып жатады. Немесе, дүкенге ақсақалдар жиналып, мәжіліс құрады. Түрлі аңыз-әңгімелер айтылады.
Темір ұсташылығы мен зергерлік өнері атадан балаға мұра болып, ұрпақтан-ұрпаққа қалып отырған. Ұсташылықпен ер кісілер айналысу шарт болса, зергерлік өнерімен әйелдер де, көбінесе зергердің әйелдері айналысатын болған. Егер зергер кісі дүниеден қайтып, оның жолын қуар балалары болмаған жағдайларда оның зергерлік қызметін әйелі атқаратын болған. Зергерлер бұйымды тапсырыс берушінің материалынан жасайтын болған [38] .
Ертеде олардың жұмыс істеуге арналған қолайлы жағдайлары болмағандықтан жұмысын өзінің отбасының алдында киіз үйдің бір шетінде отырып істеген. Күннің ыстық кезінде өз шәкіртін ертіп алып, «Ел қайда болса біз сондамыз» - деп жайлауда жүріп, үй иесінің тапсырмасын соның үйінде отырып жасайтын болған.
Көбінесе шеберлер осылайша тиісті құрал жабдықтарын өзімен бірге алып, жұмыс жасатушылардың үйіне барып, қашан істеп біткенше сол жерде отырып атқарған. Кейіннен олардың кейбіреулері өздеріне жұмыс істейтін орын - шеберхана салып алды.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда құрылған жеке меншік қолөнер шеберханалары шеберлерді дәстүрлі бағдарлама негізінде даярлады. Мұнда да үйретудің 17 ғасырдағы ұстаз бен шәкірт қарым-қатынасына негізделген үйретуден айтарлықтай айырмашылығы болған жоқ. Оқуды үйретуді қолына алған шебер үйренушіге қолөнері білімдерінің бәрін меңгертуі тиіс болды. Оқушыдан шебердің барлық көрсеткендерін орындауы талап етілді. Шәкірт оқуды тәмамдағаннан соң өзінің бір бұйымын жасап көрсетіп, белгілі бір өнеркәсіпке жұмысқа тұрғаннан кейін ғана өзіне ұнайтын мәнермен, өз ойымен жұмыс жасауға мүмкіндік алды. Бірақ шебердің қағидаларына сәйкес шәкірттік кезеңде игерген өнер негіздеріне өмір бойы сүйенуге тырысатын болған. «Шеберлігі ұстазынан да асып түсті» деген сөз олар үшін ең жоғарғы дәрежедегі мадақтау болды. «Ұстаздан шәкірт озған» деген нақыл сөз осыдан қалса керек.
Сәндік-қолданбалы өнердің басқа түрлерінің, соның ішінде тоқыма өнерінің киіз басу, текемет басу, сырмақ сыру, қақпа алаша тоқу, кілем тоқу, ши тоқу, басқұр тоқу өнеріне қазақ қыздары жаппай үйретілді . Оларға ауылдың салиқалы қариялары, үлкендері басшылық жасаған. Олар бұйымның орындалу барысындағы жұмыс түрлерін көрсетіп, қадағалап, қажет жерінде ескерту жасап, қайта жасатып үйретіп отырған. Ертеректе тіпті әрбір үйдің қызы бұл өнердің қыр-сырымен таныс болуы міндетті саналған. Бұл олардың тұрмыстық, практикалық қажеттілігінің аса маңыздылығына және жасалу тәсілдерінің қысқа мерзімде орындалуына және жеңілірек болуына байланысты болуы мүмкін. Олай дейтініміз киіз, текемет басудың жүн түту, жүн сабау, қарпу, білектеу, тебу сияқты тәсілдерін балалар мен жеткіншектердің бәрі де жасай алатын болған. Кілем, алаша, басқұр тоқудың да тоқу әдістерін үлкендер бір-екі көрсеткеннен-ақ қазақ қыздары құлақтарына құйып, зерделеріне тоқып алған. Өйткені олардың үлгілерін шебер, ісмерлер даярлап береді де, жасөспірім қыздар сол үлгілерге қарап отырып шалу, теру, қағу, қию әдістерін орындап отырған. Ал өрнектің үлгісін жасау, ойдан өрнек құрастыру, киіз, текеметтердің оюларын бастырып беру шеберліктерін зейінді, ынталы қыздар бесапап ісмерлерден үйренетін болған. Киіз басу, текемет басуға арнайы құрал-саймандардың аса қажет болмауынан арнайы шеберхананы қажет етпеген. Бұл қазақтардың көші-қон өмірінде де, отырықшылық тұрмысында да мүмкін болған [39] .
Сонымен қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінде шәкірт тәрбиелеу тәжірибесі мен дәстүрлеріне жасаған талдау оның мынадай дәстүрлі формаларының қалыптасқандығы туралы тұжырым жасауға мүмкіндік берді:
1 Отбасында үйрету
- отбасылық (әке-шешесі, ата-әжесі, аға-әпкесі) ;
- туыстық (туыс аға-әпкесі, нағашы апа-әпкесі, нағашы апа-атасы т. б. ) ;
- рулық (ру үлкендері, тәжірибелі қарттары және т. б. ) .
2 Жаппай үйрету (ауыл ақсақалдары, үлкендері және т. б. )
3 Шәкірттік (ісмер, ұста, зергер, етікші, ерші, үйші және т. б. ) .
Айтылып өткендей, халықтың сәндік-қолданбалы өнерінде негізінен шәкірт тәрбиелеу ата-аналар, үлкендер, шеберлер тәжірибесінің ата-аналардан, үлкендерден - балаларға, шеберлерден - шәкірттерге жеткізу арқылы жүзеге асырылған. Қазіргі педагогика тіліндегі «мұғалім - оқушы» қарым-қатынасы процесі халықтық педагогикада үйретуші - үйренуші, үйретуші-ұстаз - шәкірт қарым-қатынасында берілген. Осы процесте үйренушілер шеберлік сырларын үйреніп қана қойған жоқ, сондай-ақ айырбастау, сату үшін дайындалатын бұйымдардың жасалу процесіне қатысты.
Отбасында және жаппай үйрету балалық кезеңнен үйретілді. Олардың алғашқы үйретушілері болып ата-аналары, ата-әжелері, ағалары, әпкелері және ауылдың үлкендері саналды. Осы кәсіпшілікте бұйымдардың үй-ішілік, тұрмыстық және сату қажеттілігіне байланысты дайындалатындықтан олардың сапасы жағынан үлкендер бұйымдарынан кем түспеуі және өтімді болуы (қазіргі тілде бәсекелестік) тиіс болды. Ал бұл болса, балалар мен жастардан сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасау барысында күш-қуаты мен төзімділігін танытуын талап етті.
Осы тәрбиелеу жүйесінде үйренушілер балалар мен жасөспірімдер үшін де, үйретушілер үшін де өмірлерінің ажыралмас бір бөлігі саналды. Сондықтан да сәндік-қолданбалы өнерге үйрету балаларды еңбекке баулуға және олардың кешенді тәрбиесіне табиғи тұрғыда еніп, ажыралмас құрамды бөлігіне айналды.
Отбасы жағдайында балалар мен жасөспірімдердің қолөнері, дағдылары мен дәстүрлерін меңгеруі олардың қалыптасқан жүйеге табиғи түрде енуімен анықталды және мұнда кәсіби білім мен мамандық алу мақсат тұтылған жоқ. Адамның кәсібі туған отбасының, ауылы-аймағының еңбек ету түрлеріне, яғни әрбір мүшесінің атқаратын іс-әрекеттеріне қарай белгіленді.
Мәселен, метал өңдеу өнерін алып қарасақ, металмен жұмыс істейтін шеберлерді ұста, зергер, темірші, темір ұстасы деп атайды. Ал қаңылтырдан әр түрлі пеш, керней, қалақ, қолжуғыш т. б. бұйымдар жасайтын, қаңылтырмен үйдің төбесін жабатын шеберлерді қаңылтыршы дейді. Қаңылтыр, мыс, жез т. с. с. жұқа металдардан жасалған бұйымдарды дәнекерлеп жамайтын, әр түрлі металл ыдысқа қалайы жалататын, дәнекерлеу әдісімен әр түрлі тұрмыста тұтынатын мүлік әзірлейтін шеберді - дәнекерші т. б. деп атайды.
Аталық кәсіпті таңдау олардың шеберлік дәстүрлеріне негізделген көркемдік талғамды қалыптастыруға ықпал етті. Олардың жасаған бұйымдары танымал, басқалардан өзгеше болу үшін ата кәсіптік дәстүрлер мен қағидаларын ұстану үлкен мәнге ие. Әйткенмен оның оң және кері әсері болды:
- бір жағынан, үйренуші бұйымды өз қолымен жасайтындығына жауапкершілік сезініп, бар күшін жұмсауға талпынды және оның жұмысы нақты қолданысқа ие болғандығын мақтаныш тұтты;
- екінші жағынан, үйретушінің жұмыс ережелерін, оның кезеңдерін қатаң сақтамаудың, оның тапсырмаларын дәл орындамаудың бұйымның сатылмай қалуына себеп болуы үйренушінің шығармашылық қабілеттері мен жеке шығармашылығының дамуына, әсіресе өзінің нұсқасын жасағысы келген тілектерінің артуына кедергі келтірді.
Сонымен отбасы жағдайында және жаппай үйретуде ата-аналар мен үлкендердің алдына қойған ең басты міндеті болып сенімді көмекшілер тәрбиелеу табылды. Оның үстіне үйрету үлкендердің шеберлігін қайталау мен жасауға дағдылануға бағытталды. Бұған қоса өздері жұмыс істейтін материалдарды сезінуі мен жақсы білуі тиіс болды.
Осы процесте балалар бірқатар тұлғалық сапаларды:
1) еңбексүйгіштікті;
2) өзінің еңбегіне сын көзбен қарауды.
3) дәстүрді құрметтеуді игерді.
4) Қажетті кәсіби білім, іскерліктер мен дағдыларды:
- материалдар, бояулар және т. б. олардың қасиеттері туралы білімдерді;
- өз бояулары мен сылақтарын, жіптері мен терілерін және т. б. жасай алу іскерліктерді;
- құрал-саймандарды игеру іскерліктерін;
- құрал-саймандарды қолдан жасау іскерліктерін үйренді.
5) Қолөнер кәсіпшілігінде қабылданған қағидаларды механикалық тұрғыда меңгеру ғана емес, олардың сұлулығын, мәнін ұғыну мен жете түсінуге;
6) Үлгілерге салып жұмыс істеуге;
7) Шеберліктің дәстүрлі әдіс-амалдарын игеруге:
- суреттерін орындауға;
- ою-өрнектердің дәстүрлі мотивтерін салуға;
- бояу түстерін құрастыру әдістерін жете білуге;
8) Күрделі бұйымдарды жасауға;
9) Шығармашылық жұмыстарды жеке орындауға;
10) Жас ұрпаққа өз білімдерін үйретуге қол жеткізді.
Егер бала қабілеттілігін көрсете алса, ата-аналары, үлкендер олардың жеке шығармашылықпен айналысуына мүмкіндіктер берген, сондай-ақ олар баласының немесе қызының шеберлігі өздерінен асып түскендігін мақтан тұтқан. Осы тұста айта кететін жәйт ата-аналар бұйымды жеке тапсырысқа өндіргендіктен, оның әрі қысқа мерзімде, әрі тапсырыс берушінің талғамынан шығатындай етіп орындауы қажет болған, сол себепті шығармашылықпен барлық уақытта айналыса алмады. Сондықтан да олар балаларының жұмысқа жанын салып айрықша бұйымдар дайындаған кезде ерекше қуанған [37, с. 115] .
Шәкірттік үйрету дәстүрі жоғарыда айтылып өткендей үш түрлі жолмен қалыптасқан:
1) объективті және субъективті жағдайларға байланысты барлық отбасында немесе онда балалардың барлығын бірдей шебер етіп тәрбиелеудің мүмкін болмауынан;
2) белгілі шеберлердің өзіне ізбасарлар даярлау қажеттілігінен;
3) атақты шебердің дайындық жұмыстарына көмекшілердің қажеттілігінен.
Жалпы бұл процесте шәкірттер белгілі бір шеберден тәлім алады, үйренеді. Шәкірттің шеберден үйрену мерзімі 2-5 жыл, деп батыл айта аламыз. Өйткені мына деректер біздің ойымыздың жарқын айғағы бола алады: «Көшебенов Оспан 11-12 жасынан Жұмкей Кенжебаев зергерге шәкірт болып, 13-14 жасында атағы жайылған зергер атанады . . . Әметов Мұқаш шешесі дүние салғанда нағашысының малын бағып жүрген жерінен . . . Созаққа келіп ағасы Атахан ұстаға шәкірт болып, көрігін баса жүріп, зергерлік өнерін үйренуге құмартады. Ағасы да қоймай әкеңнің өнерін үйреніп ал деп, үш жылда үйретіп шығарады . . . Нұржаубаев Омар 13-14 жасқа келгенде бұрынғы Ақмола қаласындағы атақты зергер Мұқаметжанға шәкірт болған. 18 жасында қолынан келмейтіні жоқ шебер болып өз алдына ұста дүкенін ашқан. » [40] .
Үйрету процесінің мамандандырылуға көшуі шәкірттің қабілеттілігіне қарай жүргізілді. Мысалы, зергерлік өнерінде шәкірттер алғашында жұмысқа материалдарды (темір, мыс, жез, түрлі-түсті тастар т. б. ) іріктеуді, темір жалпайтуды, ысуды, тегістеуді және с. с. жеңіл жұмыстарды үйренді. Содан кейін олардың ою-өрнектерін қиыстыру, атап айтқанда бедерлеу, безеу, шекімелеу, қаралау, сіркелеу, эмальдау және т. б. жұмыстарын меңгерді.
Шебердің көмекшісі бояуларды өз бетінше дайындауға тиіс болды, егер қажетті реңкті шығара алмаған жағдайда оларға шебер көмектесті. Мысалы, олар темір ерітетін көрікке көмір жағумен айналысты.
Шебер мен шәкірт арасындағы қарым-қатынаста шебердің беделі жоғары болды. Шәкірт жеңіл жұмыстардан күрделі жұмыстарға қарай, шеберге көмекші болудан жеке шығармашылық жұмысына қарай кезеңдермен меңгерді.
Шәкірт үйренудің бастапқы кезеңдерінде көп жұмыстарды қайтара істеп көріп, қаншама рет өзінің ең үлгілі жұмыстарын көшірмелеп отырды.
Ал олардың шығармашылық жұмыстарында шебердің барлық нұсқауларын сөзсіз орындауы талап етілді. Шебер шәкіртінің шебер деңгейіне жеткенін байқағанда оған батасын берген. Олар оқу аяғында өздерінің бір шығармашылық жұмыстарын жасап көрсеткен, оны қазіргі «диплом» жұмысына теңестіруге болады. Ол өз алдына шебер атанғанда ғана шығармашылық тұрғыдан еркіндікке ие болады және өзінің ой-қиялын, мәнерін қолдана отырып жеке жұмыстарын жасады.
Осы кезеңде ол өз дүкенін құрып, жұмысын бастайды. Бірақ олар көп жағдайларда өзінің шәкірттік кезеңде үйренген қағидалар негіздерін ұстанды. Ертедегі шеберлер жұмысында кездесетін жиі көшірмелер үйрету жұмыстарының бір кемшілігі саналады. Өйткені шәкірттің шығармашылық ойының белсенді тұрғыдан дамуына кедергі келтіруі мүмкін.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz