Бауыржан Момышұлы (24 желтоқсан 1910 - 10 маусым 1982)



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 52 бет
Таңдаулыға:   
Бауыржан Момышұлы
Бауыржан Момышұлы (24 желтоқсан 1910 - 10 маусым 1982) -- Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик.

Батыс майданындағы 16 армияның 316 (1941 жылдың қарашасынан бастап 8-гвардиялық Қызылту атқыштар дивизиясы 1073 атқыштар полкінің (1941 жылдың қарашасынан 19 Гвардия полкі) және батальон командирі. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты. Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысты. 1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколамск тасжолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығы арқасында 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршаудан шығады.

Өмірбаяны
Балалық шағы
Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында туған. Дулат тайпасының Шымыр руынан[[3]].
Имаш бабасы 1911 жылы 92 жасында дүниеден өткен. Әкесі Момыш өз бетімен ескіше сауат ашқан, кирил алфавитімен оқуды меңгерген сол кезеңдегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен танымал болатын. Имаш атасы қартайған кезінде барлық шаруашылықты Момыш ұлына табыстаған. Әжесінің есімі - Қызтумас, қартайған шағында ағайын-туыс "сары кемпір" деп атаған. Анасы Рәзия дүниеден ерте өтіп, Бауыржан 3 жасынан бастап Қызтумас әжесінің қолында өседі.
1921 жылы бастауыш мектепті Аса интернатына түседі. 1924 жылдан бастап жеті жылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды. Бұл сол өңірдегі 1924 жылы ашылған алғашқы жетіжылдық мектеп болатын. Бауыржанмен бір сыныпта Әбділда Тәжібаев және Құрманбек Сағындықов оқиды. 1928 жылы мектепті үздік бітіріп, Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі. Институт директоры Тоқтыбаев деген кісі болатын. Жас баланың қатты суықта жұқа киіммен жүргенін көріп, өзінің кабинетіне шақыртып алады. Баланың қолына бухгалтерияға қағаз жазып беріп, осы қағаз бойынша ақша алатындығын және сол ақшаға ауылға қайтатындығын айтады. Осындай тұрмыс жағдайына байланысты оқудан кетеді.
Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі болады. 1941 ж. Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. 1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада ошақты және икемді қорғаныс ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери мамаң ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды. Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды. Бауыржан Момышұлы - әкери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің Волоколамск тас жолы атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды. Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады. Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі батырым деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған Халық қаһарманы деген атақ берілді.
Соғыс алдында
1928-1930 жылдары бастауыш мектепте ұстаздық етеді. Біраз уақыт аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы ретінде қызмет атқарады. Аудандық милицияда 6 айдай жұмыс істейді.
1932 - 1934 жылдар аралығында Қызыл Армия қатарына қызмет етеді. 1933 жылы полк мектебін бітіреді.
Атқару комитетіндегі қызметімен көзге түскен Бауыржан Тимофей Дубовиктің қолдауымен Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болады. Осы қызметте жүрген уақытта 1936 жылы Республикалық банктің меңгерушісі Б.М.Барханның жолдамасымен Ленинградтағы Финанс академиясының жанындағы бір жылдық курсты бітіреді. Біліктілігін бағалаған басшылық оны КСРО өнеркәсіп банкінің республикалық басқармасына аға консультант ретінде тағайындайды.
1936 жылы жаңадан құрылып жатқан бөлімге взвод командирлігіне шақырылады. Бұл кезде рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі болады.
1939 жылы әкесі Момыш қайтыс болады.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары
1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы қызметін атқарады. Ұлы Отан соғысына 1941 жылдың қыркүйегінен бастап қатысты. 316 атқыштар дивизиясының жасақталуына белсене атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады.
1941 жылдың 26 қарашасында маршал Рокоссовский полк командирі етіп тағайындайды.
1941-1945 жылдары Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі, соғыстың соңғы жылдары аталған дивизияның командирі болады.
1942 жылдың 6 маусымында "Қызыл Жұлдыз" орденімен марапатталады.
1944 жылы денсаулығына байланысты Алматы госпиталіне жіберіледі.
1945 жылдың 16 қаңтарында Алматыға келген Бауыржанды ғалымдар соғыс туралы әңгіме-лекция өткізуге шақыртып, кездесу ұйымдастырады. Осы лекцияның стенограммасы кейінрек "Соғыс психология" деген атпен кітап болып басылды. Алғашында тек орыс тілінде жарық көрген бұл еңбек, 2010 жылы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай қазақ тілінде де жарық көрді.[[4]]
Соғыс кезінде жеке басының қаһармандық ерлігімен және ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман-есен алып шығады. Мәскеу түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Осының негізінде орыстың белгілі жазушысы А.Бек Волоколамское шоссе (қазақшасы Арпалыс) повесін жазды. Бұл шығарма кейін бірнеше тілге аударылады.
Мәскеу үшін шайқас

Момышұлыға арналған пошта бөлімі, 2010
Мәскеу түбіндегі шайқас Бауыржан Момышұлының өміріндегі ерекше кезең болды. Жас сардар, 1073 атқыштар полкінің батальон командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы сарбаздармен қақаған қыста Мәскеу түбінің омбы қарына малтыға жүріп, бес рет қоршауды жарып шығып, жалпы саны 27 рет қол бастап ұрысқа кіріп, соғыс тарихында болмаған тактикалық маневрлер жасап, әскери өнерге жаңалық енгізген. Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик, психолог еді.
1941 жылдың 16-18 қараша күндері аралығында Вермахтың Мәскеуге екінші дүркін шабуылы кезінде Б.Момышұлы басқарған батальон өз дивизиясынан қашықта Матронино селосының маңында Волоколам тас жолыда аса ерлікпен соғысты. Комбаттың дарынды басшылығының арқасында неміс әскері бұл маңда 3 күнге іркіліп қалды. Бұл ерлігінен соң жас комбат өз сарбаздарын қоршаудан соғысқа қабілетті жағдайда алып шықты.
Алайда аласапыран шақта қысылтаяң жағдайға ұшыраған кейбір полктердің батальон, роталарымен байланысы үзіліп, жауынгерлердің қай жерде, қандай халде екенін білу қиынға соғады. Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі - Бауыржан басқарған бірінші батальон еді. Баукең енді шегінудің нақты жоспарын жасайды. Батальонның алдында жүретін он бес адамнан құрылған (алдыңғы жақты барлайтын) барлаушы қойып, взвод-взводпен бөлек-бөлек болып, бірінің ізімен бірін жүргізе жылжуды ұйғарады. Батальон алдындағы барлаушыларды аға лейтенант Рахимов пен саяси жетекші Мұхаметқұл Сләмқұлов басқарады.
Күндіз жау көзіне түспеу үшін жауынгерлеріне түнделетіп жүруді бұйырады. Күндіз қалың тоғайда тыныстап, түнде барлаушылар арқылы белгіленген бағытпен сақтана жүріп отырған жауынгерлер табандылық пен төзімділік көрсетіп, қалың қарағайлы тоғай ішінің қалың қарын омбылай жүре отырып, екі күннен кейін Новлянск пен Ивановск деревняларының аралығынан шығады. Барлаушылардың айтуынша, осы Ивановск деревнясында панфиловшылардың 1075-полкінің бірінші батальоны тұрады екен. Бұлар әлі шайқасқа қатыспағандықтан тың тұрады.
Әдісқой, тәжірибелі комдив И.В. Панфилов бұл полкті уақытша әдейі резервте ұстап тұр екен. Б.Момышұлы басқарған батальон түгелдей жау қолынан қаза тауып, жойылып кетті деген лақапты естіген олар түгелдей аман оралған жауынгерлерді зор қуанышпен қарсы алды. Бауыржан бастаған батальон жауынгерлерін көргенде И.В.Панфилов қуанғаннан көзіне жас алады. Иван Васильевич көптен көрмеген бауырын кездестіргендей Бауыржанды қаусыра құшақтай алып, бетінен сүйіп: Жарайсың, сұңқарым! деп арқасынан қағады.
19 гвардиялық атқыштар полкінің командирі ретінде 1941 жылдың 26-30 қараша күндері гвардия капитан Момышұлы Мәскеу облысының Соколово деревнясының маңында неміс әскерінің шабуылын 4 тәулік бойы қайтарып, сәтті ұрыс жүргізді. 1941 жылдың 5 желтоқсанында омыртқаға оқ тиіп, жарақат алды. Әзілхан Нұршайықовтың "Ақиқат пен Аңыз" кітабында Бауыржан өзін санбатқа жеткізгенде дәрігерлер дереу госпитальға апару керек деп шешкендігін, бірақ ол тапаншамен дәрігерді қорқытып, оқты сол жерде шығаруды бұйырғанын айтады. Оқты алып, жараны таңғаннан кейін капитан Бауыржан Момышұлы ұрыс алаңына қайта оралады.
Кеңес әскерлерінің 1942 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы ұрыстарында 8-гвардиялық дивизияның Бауыржан Момышұлы басқарған полк жауынгерлері ерекше көзге түсті. Дивизия екі ай ішінде батысқа қарай 500-600 шақырым алға басып, фашистердің мыңдаған солдаты мен офицерлерін саптан шығарады, жаудың көптеген техникасын жойып жіберді.
1944 жылы Комдив болып жүрген кезінде Дубровка деревнясының маңында болған ұрыс кезінде тағы қатты жараланады. Өз айтуынша құйымшақпен жерден шығып тұрған темірге құлаған екен. Біраз уақыт атқа отыра алмай және шалқасынан жата алмай жүрді, бірақ госпитальге бармады.
Сол уақыттан 1944 жылдың наурызына дейін госпитальде жатады. Сол жылы Бас Штабытың Әскери Академиясының жанындағы офицерлердің біліктілігін арттыру курстарын бітіріп шығады.
1945 жылдың 21 қаңтарынан бастап гвардия полковник Бауыржан Момышұлы Екінші Прибалтика майданының, 6 гвардиялық армиясының, 2 гвардия атқыштар полкінің 9 гвардия атқыштар дивизиясын басқарды. 1945 жылдың ақпан-наурыз айларында Бауыржан Момышұлы басқарған дивизия Приекуле станциясының солтүстік-батыс жағында орналасқан неміс әскерінің үш бекінісін бұзып өтеді. Дивизия шабуылының нәтижесінде 15 елді мекен босатылды, ал жау әскеріне үлкен зиян тиген болатын.
Бауыржан Момышұлының қатардағы жауынгерлер жайлы айтқан нақылға бергісіз сөздері халқымыздың есінде. Даңқты қолбасшы солдаттың мінез-құлқын, парасатын, елі үшін шыбын жанын қиятын ерлігін ерекше бағалай білген. Соның арқасында оларды ерлік жеңістерге бастап, жігерлендіріп отырған.
Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты да мейірман тәрбиешісі де бола білді.
Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 1990 жылдың 12 желтоқсанында туғанына 80 жыл толуына орай Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді. Б.Момышұлының Әділет қашанда жеңеді, ол кешіксе де келмей қоймайды деген сөзі шындыққа айналып, ел тілегі орындалды.
Соғыстан кейінгі жылдары
1946-1948 жылдары Ворошилов атындағы әскери академияның тыңдаушысы болады.
1948-1950 жылдары 49-атқыштар бригадысы командирінің орынбасары қызметін атқарады.
1952 жылы Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны тәмамдайды.
1953 жылы академик Ван-Чон-Худың басқаруымен келген Қытай делегациясымен кездеседі.
Соғыстан кейін 1950-1955 жылдары Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан cоң, елге оралады. Елде біраз уақыт жұмыс табылмайды. Өмірбек Жолдасбеков Қазақ Ұлттық Университетінің әскери кафедрасына жұмысқа алмақ болады. Алайда оған да қарсылық болған көрінеді. Батыр енді толықтай шығармашылықпен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өміріндегі көрген білгендерін шығармаларына арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығының негізіндегі тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығарылды.
Бауыржан соғыс уақытында "Серігім", "Жазушыға", "Қалыбек аға", "Біреулерге", "Омарбекке", "Жардың мұңы", "Ғ-ға", "Ана тілін ардақта", "Досыма", "Толғау" атты өлеңдер жазған.
1952-1956 жылы "Офицердің күнделігі", "Бір түннің тарихы", "Біздің семья" деген алғашқы кітаптары жарық көрді.
Кубаға сапары
Бауыржан Момышұлы 1962 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барады. Сапар барысында Куба басшысы Фидель Кастромен кездесудің реті келмейді, бірақ інісі Рауль Кастромен кездесіп, ол кісіге үлкен әсер қалдырады, Куба әскерилерінің алдында дәріс оқиды. Кубаға барған саяхаты жайында "Куба әсерлері" атты кітап жазады. Бауыржан Момышұлы Фидель Кастро мен Эрнесто Че Гевараның үлгі тұтқан тұлғасы болған.
1963 жылы Куба үкіметінен бірнеше қайтара шақыру келгендіктен, 10 күндік сапармен барып келеді.
1982 жылы 10 маусымда 71 жасына қараған шағында Алматыда дүние салады. "Кеңсай" зиратына қойылды.
1990 жылы Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілді. Шешім 1990 жылдың 11 желтоқсан күні шықты. Медаль номері 11637
Батырдың 100 жылдығы

Алматы қаласындағы Бауыржанға арналған ескерткіш
2010 жылы қыркүйектің 14-і күні Алматыда Қазақтың Бауыржаны атты деректі фильм көпшілікке таныстырылды. Фильмді үкімет тапсырысымен Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арнап режиссер Қалила Омаров түсірді [[5]].
2010 жылы желтоқсанның 10-ы күні Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында совет-герман соғысының қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлына тұрғызылған ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды Жалпы биіктігі 6 метрлік ескерткіштің тұғыры граниттен, ал батырдың мүсіні қоладан құйылған.[[6]].
2010 жылы Республика бойынша Бауыржан Момышұлының 100-жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтті.[[7]]
2010 жылы қыркүйек айында Бауыржан Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.[[8]]
2010 жылы 10 желтоқсан күні Алматы қаласында Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш ашылды.[[9]]

Бауыржан Момышұлы туралы жазылған көркем туындылар

Толығырақ: https:massaget.kzarnayyi_jobalar 9_mamyir_201528008
Материалды көшіріп басқанда Massaget.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз

Бауыржан Момышұлына арналған қаһармандық рухтағы танымал шығарманың бірі - Ақиқат пен аңыз. Авторы - Әзілхан Нұршайықов. Романның жазылу стилі де ерекше. Бүкіл оқиға автор мен кейіпкердің диалогы арқылы өрбиді. Шығармада Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік тұлғасы қанық байқалады. Батырдың жастық шағынан бері, Кеңес Армиясының үздік мектебінде шыңдалу кезін, Ұлы Отан соғысының отты жылдарындағы бастан кешкендерін, одан кейінгі уақыттағы ұлағатты өмір жолын шынайы фактілер аясында толық әрі қызықты баяндайды. Роман-диалог 1978, 1980, 2009 жылдары жеке кітап болып жарыққа шықты. Ақиқат пен аңыз роман-диалогы украин ("Дніпро", 1984) және чех (1985) тілдеріне де аударылып жарияланған. 1980 жылы Ақиқат пен аңыз роман-диалогы үшін Әзілхан Нұршайықовқа Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.

Толығырақ: https:massaget.kzarnayyi_jobalar 9_mamyir_201528008
Материалды көшіріп басқанда Massaget.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз

Орыс жазушысы Александр Бектің таңдаулы шығармаларының бірі - Арпалыс деп аталады (Волоколамск тас жолы). Ұлы Отан соғысының ең ауыр кезеңін, 1941 жылғы Мәскеуді қорғаушылардың қаһармандық ерлігін шынайы баяндайды. Шығарманың басты кейіпкері - қазақ халқының даңқты ұлы, сол кездегі батальон командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы. Оның ұлттық мінезі мен қаһармандық іс-әрекеті шығармада терең ашылып, көркем шешімін тапқан. Шығарма қазақ тіліне Арпалыс деген атпен басылып шықты (1948, 1959, 1977; Қ.Сағындықов). Ағылшын, француз, неміс, араб, италян, испан, еврей, грек, португал, финн (суоми) тілдеріне аударылып, әлемнің түпкір-түпкіріне кең танылған. Шығармада қорқақтық та, достық та, зұлымдық та, ерлік те, шарасыздық та, үміт те, күдік те кездеседі. Ұлтын сүйген батыр ұлдың өр мінезі де айқын суреттелген. Александр Бек Бауыржан Момышұлымен қалай танысқаны туралы Тегі жоқ адам (Человек, у которого нет фамилий) атты кітаптың бірінші бөлімінде жазған. I бөлімде: Танысқан кезінде ол аты-жөнін айтты. Жөнді есіте алмай, қайта сұрадым. - Бауыржан Момышұлы - деді ол тәптіштеп. Кәдімгі тілшінің әдеті бойынша дәптерді қолыма алып: - Ғафу етіңіз, фамилияңыз қалай жазылады? - деп сұрадым. - Менің фамилиям жоқ, - деді ол. Мен бетіне таңдана қарап едім, ол: - Атым Бауыржан. Әкем Момыш, мен соның ұлымын, баласымын, түсіндің бе?-деді. Оның үнінде астарлы бір зіл бардай, кейістіктің лебі жатқандай сезілді. Кейін, әбден танысып, сыр алысқан кезде ғана, оның не себепті өзін фамилиясыз адам деп есептейтінін ұқтым. Орыс жазушысы да батыр Бауыржан айтқан ойды түсінсе керек-ті. Соңғы сөйлемінен байқағанымыздай, батыр айтар ойды жазушының өзі де ашық жеткізбей, құпия түрде астарлап жазып қалдырған... Бақытжан Момышұлы. Восхождение к отцу, Во имя отца, Сыновья великого волка Көсемсөзші, прозашы әрі аудармашы Бақытжан Момышұлының кітаптарындағы бүгінгі күн тақырыбының көрінуі халық тарихымен өзектес. Аңызға айналған әкесі Бауыржан Момышұлы жайында Восхождение к отцу, Во имя отца, Сыновья великого волка тәрізді циклді шығармалары әртүрлі жанрда жазылған. Бақытжан Момышұлының Восхождение к отцу кітабы Бауыржан Момышұлы дүниеден озғаннан кейін 4 жылдан кейін жарыққа шықты. 100 000 данамен бүкіл одақ көлеміне таралды. Ал шықпай тұрып, түрлі талдаудан өткен. Бұл туралы батырдың келіні Зейнеп Ахметова Бабалар аманаты кітабында айта кеткен. - Бәкең (Бақытжан Момышұлы) кітабын жазып болып Жалын баспасына тапсырды. Алдымен жоспарға ілігуін күттік. Одан цензурадан өтті. Одан кейін КСРО Жазушылар одағының мүшелері Дмитрий Феодорович Снегин, Вениамин Ларин, Виталий Старков деген орыс жазушыларының жабық рецензияларынан өткенін естідік. Баспа олардың жазған пікірлерін бізге беріп үлгермей жатып, үйге Митя ағай Снегин звондап, Бәкеңмен сөйлесіп: - Бахыт, мен саған ренжідім. Бауыржан туралы қолжазбаны баспадан емес, алдымен сенен алуым керек еді. Осыған ренжідім. Екіншіден, қуандым. Әке туралы осылай жазу керек, балам, - дегенде Бәкең жылап жіберді. Егер ол кісінің айтқанын аудармасыз сөзбе-сөз айтсам: Молодец, сынок! Про отцов так и надо писать. Бұл әкесінің қандыкөйлек қаруласы, сенімді досы тарапынан Бәкеңе берілген үлкен баға еді. Баспа үш рецезенттің ішінен М.Снегиннің жазғанын кітапқа алғысөз ретінде беріпті. Соның кейбір үзінділерін келтірейін: Сыну труднее, чем отцу. И замолчал. Промолчал и я. Было ясно без дальных слов, он имел в виду себя и своего сына Бахыта. Что-то произошло между ними ни вчера, беспокоила долго, прежде чем исторглось горьким признанием - сыну трудне..., ...У меня на столе лежит книга (рукопись) Бахыта Момыш-улы, сына Баурджана, пронзительно и точно названная им Восхождение к отцу. В ней я нашел ответы на многие тревожившие меня вопросы. Надеюсь, найдет и читатель. Особенно молодой читатель. Ал бұл кітап жарыққа шыққаннан кейін оқырмандар тарапынан жылы қабылданып, жоғары бағаланды. Бірақ жақсы лебіздерді естісе де, Бақытжанның әкесі туралы жазған алғашқы кітабына көңілі толмады. - Бұл әлі әке биігіне көтерілу емес, оны түсінуге деген бірінші баспалдақ қана. Әсілі, жақын адам туралы жазу қиын, оның ішінде папам секілді биік тұлғаны көрсетуге, басқа қырынан келуге маған ерте екен. Бұған үлкен рухани дайындық керек. Әкем - күрделі образ. Оның өмір сатылары мен қалдырған мұрасы - сарқылмас қазына. Талайлар папамды өте қатал, сұсты, бірбеткей, алдына келген кісіге дөрекі мінезді етіп көрсетеді. Бұл менің жолым емес, өз соқпағымды салу керек, - деді. Уақыт өте келе Бақытжан әкесінің мұрағатын ақтарып, оның рухани әлемін - жан, тән, мәңгілік рух, кие жайлы терең философиялық ойларын тіршілік, табиғат, бақи мен пәни туралы көзқарас-пікірлерін зерделеп-зерттеді. Көзімен көріп, құлағымен естігендерінің қат-қабат астарына үңілді, жүрек сүзгісінен өткізді. Ұзақ еңбектенудің нәтижесінде бірінің артынан бірі - Во имя отца, Сыновья великого волка деп аталатын екі шығарма дүниеге келді. Бұл екі кітаптың алғашқы екі кітаптан айырмашылығы - достары, сыйлас, қарым-қатынаста болған қатарластары, өкшебасарлары арқылы батыр Бауыржанның образы толығып, ашыла түседі. Бұл кітаптарды оқыған адам басқа жерде кездесе бермейтін, өзге айта алмайтын талай құнды деректерді табады. Зейнеп Ахметова. Шуақты күндер, Бабалар аманаты Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова жазған Шуақты күндер кітабы Кеңес дәуірінде жазылып, екі рет қазақша, бір рет орысша жарыққа шықты. Соңғы рет 2008 жылы Алматыкітап баспасынан қайта басылды. Бұл туралы автордың өзі: бүгінгі күннің қалыбына сыйғызбаққа ұмтылмадым, бұрмалап өзгертпедім - деген болатын. Ал Жас Алаш газетіне берген сұхбатында Шуақты күндер кітабы туралы: - Шуақты күндер - менің күнделігімнен туындаған дүние. Ол Келін күнделігі деген айдармен газеттің төрт санында жарияланды. Әрине, Момышұлының шаңырағына жетерлік қиыншылықтары мен қайшылықтары толып жатыр. Атаның баласымын деп өзгелер иемденіп жүргенде, бел баласы Бақытжан көлеңкеде қалды. Ол көбіне нағашыларының қолында өсті. Баукеңнің баласы, келіні бар екенін елдің бірі білсе, бірі білмейтін. Күнделік жарияланғаннан кейін редакция хаттың астында қалды. Ол хаттардан газетке үзінділер де берілді. Жұртшылық атаны батыр, жазушы ретінде білгенімен, әке, қайыната, қарапайым қария ретінде көп біле бермейтін. Ел жадында ата алдына келгенді айқайлап қуып шығатын (газет-журналдардан оқығандары) адам ретінде қабылдап, қалыптасып қалған. Атамен тұрған алты жыл - мен үшін үлкен мектеп. Шуақты күндерді қайынатаның мектебінен өткен келіннің тәжірибесі деуге болады, - деп сипаттаған еді. Бабалар аманаты - күнделік негізінде жазылған Шуақты күндер кітабының жалғасы. Кітапта әке, ата, қайын ата - батыр Бауыржан Момышұлының үлкен өмірінің отбасы, ыстық ұядағы тыныс-тіршілігі, қадір-қасиеті сөз болып, оның күрделі бейнесінің тағы бір жаңа қырлары көрініп, қайталанбас тұлғасы толыса түскен. Бабалар аманаты кітабының сөз басында Зейнеп Ахметова кітап туралы ойын білдірген. Сонымен қатар, Шуақты күндер мен Бабалар аманаты кітаптарының өзгешіліктерін де тілге тиек еткен. - Бабалар аманатының Шуақты күндерден үлкен бір өзгешелігі - алғашқы кітап шыққанда мен жап-жас келіншек болатынмын. Көргенімді, естігенімді жасыма, заманыма қарай пайымдап жазғанмын. Ал кейінгі кітапты ақ самайлы әже болғанда, тіршіліктің біраз белестерінен өтіп, өмірдің ащы-тұщы дәмін татып тәжірибе жинағанда, әр нәрсеге тереңірек үңіліп ой саралайтын шамаға жеткенде жазып отырмын. Тағы бір баса айтатын айырмашылық - Шуақты күндерде әңгіме тек қана атамен байланысты өрбісе, енді атамен қарым-қатынаста болған адамдар жайлы да сөз болады. Сонымен бірге менің туып-өскен отбасымнан да деректер айтылады. Кітапта халқымыздың үлгі-өнеге, дәстүр-салты да молынан қамтылған. Әсіресе, өсер ұрпаққа берері көп шығарма. Мекемтас Мырзахметов. Бауыржан батыр Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 80 жылдық мерекесіне орай басылып шыққан Бауыржан батыр кітабын Мекемтас Мырзахметов құрастырған. Жинаққа халық батырының мұрағатында сақталып қалған, бұрын-соңды жарық көрмеген әртүрлі жанрдағы туындылары топтастырылған. Бауыржан Момышұлы туралы жазылған естеліктер енген. Жинақтың алғашқы бөлімі Әңгіме, хат, өлең, мақал-мәтелдер деп аталып, мұнда Бауыржан Момышұлының кітап шыққанға дейін жарияланбаған жастық шақтағы және қанды қырғын ішінде жүріп жазған өлең-толғаулары молынан қамтылған. Кітаптің екінші бөлімі - Естеліктер деп аталған. Мұнда батырдың қан майдан мен соғыстан кейінгі шығармашылық өмір жолы әр қырынан алынып, тұңғыш рет өз алдына жеке топтастырылып отырған естеліктер арқылы жан-жақты суреттеліп деректі мағлұматтар негізінде берілген. Ерлігі аңызға айналып тараған қазақ елінің біртуар тұлғасы Бауыржан Момышұлының қайталанбас ғажайып сырға толы өмір жолы мен көркем туындылары жөнінде сан тарапты пікірлер айтылып, толассыз жазылып келе жатқан мақала, зерттеу кітаптар қаншама! Бірақ, қаншама рет жазылса да өз оқырманын жоғалтқан емес. Осы тұста жазушы Шерхан Мұртазаның мына бір сөздерін айта кеткен жөн шығар. - Бауыржан Момышұлы туралы айтушылар көп. Жазып жүргендері де жетеді. Бірақ көбінесе көңілге қона қоймайды. Көбік. Қоспа. Осылар әйтеуір өз атын шығарып қалуға әуес пе, білмеймін. Тіпті, жанына ілесіп жүріп едік, қолына су құйып едік деп кісімсіп жүргендері қаншама?! Батыр туралы жазу үшін батыр мінез керек. Бітімнің туыстығы керек. Олай емес екен, біртуар қаһарманды аласартып аласың. Жөнсіз лепірме, беталды лағыма. Түйсікпен қара. Түсініп сөйле. Тектінің тереңіне батып, шық... (Ақ жол газеті. 29.09.2010 жыл). 2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында Аңызға айналған батыр кітабының тұсаукесері өткізілді. Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы, туған жерінде аталып өтті. Тараз қаласында Бауыржан Момышұлының сан қырын сипаттайтын конференция ашылып, Тараз қаласындағы саябақта батыр атына мемориалдық тақта орнатылды. Жамбыл облысы Жуалы ауданында Бауыржан Момышұлының үлкен мұражайы ашылды. Даңқты батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Бауыржан Момышұлының 30 томдық академиялық шығармалары 2010 жылдың 22 қыркүйегінде Өнер баспасынан толығымен жарық көрді. 2010 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапхананың Көгілдір залында тұңғыш рет Астанада қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлына арналған Қазақтың Бауыржаны деректі фильмінің көрсетілімі болып өтті. Фильмді Қазақфильм студиясы түсірген, режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы киномотографистер Одағының мүшесі, кинодокументалист Қалила Омаров, сценарийін жазған - Елшат Ескендір. Фильм Бауыржан Момышұлының 1941 жылы 22 желтоқсанда Мәскеу түбінде фашист басқыншыларына мықты тойтарыс берген Панфилов дивизиясының ерліктер туралы баяндайтын кітаптары мен материалдары негізінде түсірілген. Иә, халқының біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы туралы жазылған көркем туындылар жетерлік. Жас ұрпақ ертеректе жазылған, жаңадан жарыққа шыққан тың туындылар арқылы батыр бейнесін танып келеді. Жазушы Тахауи Ахтанов айтпақшы, Қалай дегенде де Бауыржан Момышұлының ел ұғымында толымды, жинақы, тұтас бейнесі қалыптасқан. Бұл - соғыс қаһарманы ғана емес, сонымен бірге жарқын да жалқы, қайта тумас азаматтың бейнесі. Мақалаға Зейнеп Ахметованың Бабалар аманаты, Мекемтас Мырзахметовтың Бауыржан батыр кітаптарынан және ғаламтордан ақпараттар алынды

Толығырақ: https:massaget.kzarnayyi_jobalar 9_mamyir_201528008
Материалды көшіріп басқанда Massaget.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы жайлы көптеген қызықты деректер бар.

1. Желтоқсан айының 24 күні туған. Қыстың әбден қаһарына мініп тұратын шағында туған оның өміріне да аса ықпалы болған. Жайшылықта сабырлы, ал майданда аса қатал болған деседі. Бала кездегі лақап аты Шаңтимес болғанын біреу білсе, біреу білмес, деп жазады (C) e-history.kz.
2. Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. 1928-1930 жылдары бастауыш мектепте сабақ берген.
3. Әр саланың игеріп әкететін ерекше қабілетінің арқасында Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болып та қызмет еткен. Қаржылық сауатты Момышұлы әскери саланы да тастамай қатар алып жүрген.
4. Соғысқа дейінгі жылдары әскерде өнерімен талайды тәнті еткен. Ат үстінде қылышпен ойын көрсетуде асқан ептілік танытып, Буденныйдың көзіне түскен.
5. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты.
6. Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқаста 207 рет ұрысқа кірді.
7. 1945 жылдың 16 қаңтарында Алматыға келген Бауыржанды М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, т.б. ғалымдар соғыс туралы әңгіме-лекция өткізуге шақыртып, кездесу ұйымдастырады. Осы дәрістің стенограммасы кейін Соғыс психология деген атпен кітап болып басылды.
8. Қанқұйлы соғыс уақытында дивизия басқарған екі-ақ қазақ болған. Біріншісі - Бауыржан Момышұлы, екіншісі - Әбілқайыр Баймолдин.
9. Соғыстан кейін 1950-1955 жылдары полковник шенімен Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. Совет одағының генералдары алдында дәріс оқыған асқан стратег, психолог, шешен, тапқыр полковниктің кәсібилігін бірден мойындайды. Батыр ақын, алаштың арысы Мағжанды өз көзіммен көрдім деп осы кезді айтады.
10. Бауыржан Момышұлы 1962 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барды. Кейін 1963 жылы тағы бірнеше мәрте шақыртумен арнайы сапармен барып қайтты. Бір айта кетерлігі, Куба елінің саяси күрескері Ф. Кастро түрмеде жатқан кезінде Момышұлының кітаптарын оқып, көзқарастарының нығаюына ықпал еткенін айтады.
11. Елге оралған соң, Қорғаныс комиссариатына (қазіргіше министрлік) басшылықтан ойы болған. Алайда елдегі науқаншылдық оған жол бермеді. Тіпті ректор Өмірбек Жолдасбеков Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедрасына жұмысқа алмақ болады. Алайда оған да қарсылық болған деседі.
12. Кейін бірыңғай шығармашылыққа келді. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өміріндегі көрген білгендерін шығармаларына арқау етті.
13. Момышұлы өмірінде бірнеше рет үйленіп, шаңырақ көтерген. Алғашқы зайыбы Бибіжамал Мұқанқызынан Бақытжан есімді ұлы дүниеге келген. Ұлы да жазушылықпен айналысқан. Екінші әйелі Вера Строева Бауыржанның әдебиетке келуіне әсер еткен. Клавдия Коркина атты сыған қызымен бас құрап, одан Елена Бауыржанқызы деген перзент сүйген. Тағы бір әйелі Бақытжамал Қалибекқызымен 13 жыл бірге болған.

Бабалардың соғысу тактикасын Бауыржан Момышұлы білген бе? Ежелгі көшпелілердің, сақтардың, ғұндардың, көне түріктердің, моңғолдардың, тіпті кейінгі қазақтардың соғыс тактикасы жаһан тарихында жоғары бағаланады. Бұған көшпелі байырғы түріктердің жылқы малын ең алғаш ауыздықтап, ауыздық, жүген, ертоқым, үзеңгі, шалбар, садақ тәрізді дүниелерді ойлап тауып, әскери техниканың деңгейін жоғары көтергендігі әсер етпей қоймаса керек. Өз заманындағы ең озық әскери техниканы пайдаланумен қатар, ажалдан қаймықпайтын рух-жігер де бабаларымыздың асығын алшысынан түсірді. Оған дәлел ретінде дүниені дүр сілкіндірген сақ, сармат, ғұн, көк түрік, моңғол, осман империяларын ауыз толтырып айтуға болады. Бауыржан Момышұлының қазақ салт-дәстүрінен өте терең білімі болғанын келіні Зейнеп Ахметованың естеліктері арқылы білеміз. Ол кісінің даңқты бабаларының тарихынан да жақсы хабардар екені соғыстағы әскери тактикаларынан жақсы аңғарылады. Б.з.д. IIIV-II ғғ. Тұран-Иран деген қос мәдениеттің қақтығысын, осынау екі алып империяның теке-тіресін көреміз. Тұрандықтарды гректер сақтар дейді. Геродот жазбаларында сақтардың соғысқа өте епті, көшіп-қонған көшпелі салт тұтынатындығын, жылқыға мініп, қымыз ішетіндігін баса айтады. Ал сақтардың шегініп жүріп соғысу әдісін өте шебер пайдаланатындығы тарихи деректерде жиі ұшырасады. Кирдің құнын жоқтап сақ даласына келген Дарий патша көшпелілердің елесін қуалап жүріп-ақ титықтап, кейін шегінгендігі мәлім. Ойда-жоқта тұтқиылдан пайда болып, жаудың үрейін ұшырып соққы беріп, есеңгіреп тұрған сәтте ес жиғызбай қайта шегініп кететін әскери әдіс парсылардың құтын қашырады. Әбден мезі болған парсыларға сақтардың көсемі мынадай мәндегі хат жолдапты: Егер сендер бізбен шын мәнінде соғысқыларың келсе, онда біздің ата-бабаларымыздың зиратын іздеп табыңыздар. Оларға саусақтарыңыздың ұшын тигізіп байқаңдар, сонда біз соғысар ма екенбіз, соғыспас па екенбіз, көзбен көресіңдер. Киелі зираттарға нұқсан келсе, біздің бәріміздің қалайша бірігіп, қалай шабуылға шығатындығымызға куә болар едіңдер (Геродот. Мельпомена. Страна скифов. Кочевники. - Алматы, 2003. - 92 с.). Өздері жақсы білетін кең далада жау әскерін қасақана сүрлеу-соқпаққа бағыттап, жүйрік аттардың арқасында емін-еркін адастырып кету, алдын ала құрылған тұзаққа түсіру жайттары жиі кездеседі. Рим папасының тапсырмасымен Күйік ханның қаған сайлауы салтанатына қатысқан Плано Карпини мынандай дерек қалдырған: Ойламаған жерден қарсыластары өктем болып шықса, олар жедел жалтарады, тіпті, бір немесе екі күншілік жерге шегініп кетеді. Оған да болмаса сол өлкенің тағы бір аймағына басып кіреді де, қалағанынша талайды. Бұл айласы да, олар он, тіпті жиырма күншілік жерге шегініп алады да, қатерсіз өңірде қосынын тынықтырады. Сөйтіп, ол жерге жау қосындарының бытырап жетуін күтіп жатады да, орайлы сәтте тұтқиылдан тап беріп, қарсыласын құртып жібереді (Плано Карпини. Моңғол тарихы. - Алматы. Шапағат-Нұр, 2013, - 69 б.). Плано Карпини еуропалық жасақтарды көшпелілердің әдістерінен сақтануға алдын ала үгіт жүргізеді. Мысалы, Татарлар өтірік шегініс жасаса, ондайда тым алысқа қумау керек. Әуелі жаудың бастырма тобының қоршауына түспейтініне көз жеткізген жөн. Өйткені бастырма топтың қоршауына түсіру татарлардың кәнігі айласы (88-б.) дейді ол. Татарлар қашанда жауын ортаға қарай тықсырады, сол арқылы қоршауға алады. Сондықтан ондайдан қатты сақтану керек. Өйткені татарлардың мұндай қоршауында қалған қосын оңай жойылып кетеді. Ешқашан жеңілген жауды ұзақ қууға болмайды, өйткені татарлар бастырма әдісіне өте шебер келеді. Шынтуайтында татарларды батырлықпен жеңіске жетеді дегеннен көрі, айламен жеңіске жетеді деп бағалаған дұрыс деп П.Карпини жалған шегіну әдісі туралы қайта-қайта айтып, сақтандыруға тырысып бағады. Тұрсын Жұртбай бұл әдісті шолақ соғыс десе, кейбір тарихшы-жазушылар басқаша ат қойып, айдар тағуда. Енді негізгі кейіпкеріміз Бауыржан Момышұлына қайта оралайық. Ол кісінің соғыс өнерін көп жылдар бойы зерттеп жүрген Ким Серікбаев өз мақаласында Шайқас эпизодтары Александр Бектің Волокаламск күрежолы (Волокаламское шоссе) мен Б. Момышұлының Артымызда Мәскеу (За нами Москва) жақсы сипатталған. Атаулы дереккөздердегі мағлұматтарды мұқият зерттей келе, сондай-ақ, әскери құжаттарға (балальонның жұмыс карталары мен әскери қимылдардың сызбалық жоспарлары) терең талдау жасау арқылы Бауыржан шиыршығы (Бауыржановская спираль. 1995 г.) атты термин енгізуіме себепкер болды. Бұл ұғымның негізі Б.Момышұлының батальоны қоршауды бұзып шығып, әскери қуаты басым күштерден шегініп отырып соғыс жүргізуімен тікелей байланысты. Батальон бас-көзсіз қашпаған, шегіне отырып ормандар мен төбелерді пайдаланып, жау колонналарына шиыршық сипатты тұтқиыл шабуылдар жасайды, - деп өте қызықты дерек келтіреді. Бауыржан Момышұлы екі жүзден астам соғысқа қатысып, бірнеше рет қоршауда қалған қолбасшы. Соның бәрінде әскери әдіс-тәсілдерді игергендігінің арқасында аз шығынмен тапсырманы артығынан орындап отырады. Профессор Ким Серікбаев Момышұлының шегініп отырып соғысу тәсілін Кеңес үкіметінде бұрын-соңды болмаған жаңалық ретінде қарастырады. Рас, Кеңес үкіметі үшін мұның жаңалық екендігіне келісеміз, бірақ оның кешегі ең соңғы хан Кенесарыға дейін сақталған, ғасырлар бойы тұтынған көшпелілердің далалық ұрыс жүргізу тактикасы екендігіне еш шүбә келтірмейміз. Бұл жерде туындайтын бір-ақ сұрақ бар. Бауыржан Момышұлы ата-бабаларымыздың ғажайып соғыс өнерін о бастан білген бе, әлде, ежелден келе жатқан тактика туралы ақпарат оның қанында жан алып, жан беріскен соғыс барысында өздігінен оянды ма екен? Арман Әубәкір, ҚР БҒМ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының PhD докторантыБарлық құқықтар сақталған. Материалды көшіріп бассаңыз https:turkystan.kzarticle2892-b abalardyn-soqysu-tacticasyn-bauyrzh an-momyshuly-bilgen-be гиперсілтемесін міндетті түрде қойыңыз.

№45 Ақ Орда мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Ордабаева Ақмаралдың зерттеу материалдары

Бауыржан Момышұлы туралы естеліктер

КІРІСПЕ

Отанға деген сүйіспеншілік - еліміздің келешегіне, оның кемел ұрпағына біздің аманат етер ең қасиетті өсиетіміз деп білейік.
Отанын Бауыржан Момышұлындай сүюді өнеге етіп қалдырған басқа қаламгер жоқ.
Ол: "Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу -- сатқындықтың белгісі. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін! Отан үшін отқа түс - күймейсің. Опасызда Отан жоқ. Елсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды", -- дейді.
Біздің халқымыз, әсіресе, жастар осы қағидаларды естерінде ұстаса деймін.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті
(Тәуелсіздіктің 17-ші жылдығына байланысты салтанатты
жиналыста сөйлеген сөзінен). Астана, 2008 жылы 15 желтоқсан.

Ер азаматқа бақыттың, ең үлкені -- халқына қадірлі болу. Ерте заманнан халыққа қандай адам қадірлі болған деп қарасақ -- кімде кім ел-жұртын жаудан қорғауда айрықша ерлік көрсетсе, халық қамын ойлап, елі үшін ерекше еңбек сіңірсе, сол адам үздік көзге түскен, даңққа ие болған, халқының сүйіспеншілігіне бөленген. Сондықтан да әрбір халықтың көркі, мақтаны не дегенде алдымен атышулы батыры, даңқты ғалымы, өнерпазы, данышпан жазушысы аталады. Мысалы осы дәстүр бойынша қазақ халқының бұрынғы өткен дарқандарын айтсақ, ауызға Қобланды мен Қамбардың, Исатай мен Махамбеттің, Құрманғазы мен Шоқанның, Абай мен Ыбырайдың есімдері ілінер еді.
Бүгін жас ортасы елудің биік белесіне шығып отырған Бауыржан Момышұлының атын айтқанда, екі бірдей бейне көз алдымызға келеді: бірі -- батырдың бейнесі, екіншісі жазушының бейнесі. Бойынан осы екі қасиеттің бірі табылып, бірі табылмағанның өзінде Ба - уыржан халқының асқан ардақтыларының бірі болар еді. Ал, екеуі бірдей табылса ше? Бауыржан тұлғасына тамаша жауынгерлік сипат пен әдеби творчестволық сипатының ғажап сыйысқандығына таңданбасқа да, тәнті болмасқа да мүмкін емес[1].
Бауыржан Момышұлы бұрыннан әдеби кейіпкер болуға дайын тұлға еді. Өзі көсем, өзі шешен және жазушы. Соғыс кезіңце оның 40 макаласы жарияланды. Ол туралы А. Бек кітап жазды. Нұршайықов Ақиқат пен анызда дайын образды сол қалпында кайталап шықты. А. Бек те дайын образды кітап етіп шығарды.
Ерлігі де, өрлігі де, білімділігі де парапар. Оны сен қазір кез келген маршалдың қасына апарып қойсаң, ешқайсысынан кем түспейді. Мәселен, Кубаның соғыс министрі Рауль Кастромен қатар отырған кезін қара. Бөтен елдің министрімен терезесі тең, тіпті биік те. Әсіресе, соғыс тактикасы жайында сөз сейлегенде, Кастро-министр полковник Момышұлынан төмен қалады. Оны Кастроның озі де мойындап отырады. Немесе Баукеңнің өзіміздің маршалдар Баграмянмен, Жуковпен, Василевскиймен сөйлескен кездерін алайық. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бауыржан Момышұлы - әкери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға
Бауыржан Момышұлының шығармашылық қызметі
Бауыржан Момышұлының әдеби мұралары
Бауыржан Момышұлының соғыс өнері
Бауыржан Момышұлының өмірімен, негізгі қызметтері
Тәуелсіздікті жақындатқан тұлғалар
Бауыржан Момышұлы шығармаларындағы ерлік пен елдік
Соғыс жылдарындағы әдебиет пен өнердегі патриотизм
Алаш зиялылары
Бауыржан Момышұлы шығармашылығы және қазақ әдебиетімен байланысы
Пәндер