Қазақ тілім, өркенде!



МАЗМҰНЫ

1. Құрастырушыдан ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .

2. Қазақ тілі . Қазақстан Республикасының
мемлекеттік тілі . қызмет етуінің алғы шарттары ... ... ... ... ... .

3. Анамның тілі . ардақтым менің :
/Әңгіме/ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..

4. Қазақ тілі жайлы ғұламалар ойлары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

5. Қасиет пен құт дарытқан ана тілі туралы даналардан
жеткен сөз ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

6. Жасай бер, ана тілім . қазақ тілім!:
/Тақырыптық кеш/ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

7. Тіл . біздің тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз :
/Әдеби.ертеңгілік/ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..

8. Тіл . жаның, тіл . қаның, тіл . арың, тіл . әнің:
/Әдеби ойын.сайыс/ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..

9. Қазақ халқының асыл мұрасы:
/Сұрақ. жауап ойыны/ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .

10. Көңілден шыққан көрікті ой ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
а) Тектілік те тілден ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
б) Өнер алды . қызыл тіл ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

11. Сөз тапқанға қолқа жоқ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

12. Қазақ тілінің бай қазынасы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

13. Тіл өнері мен сөз құдіреті туралы:
/Мақал. мәтелдер


14. Тыйым сөздер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

15. Ән.жыр шашу ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

16. Тіл сырына саяхат ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..

17. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы ... ... ... ... .

18. Қосымша 1. Қазақ халқының саңлақтары ... ... ... ... ... ... ...

19. Әдебиеттер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .

Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 71 бет
Таңдаулыға:   
ҚҰРАСТЫРУШЫДАН

Қазақ тілі осы мемлекеттің түпкілікті тұрғындары қазақтардан басқа
Қытай, Монғолия, Иран, Ауғанстан, Түркия мемлекеттері мен ТМД-ның Ресей,
Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сияқты республикаларында тұратын
қазақтардың да ана тілі.
Қазақ тілі – батыс түркі тілінің қыпшақ тармағына жатады. Бұл тармаққа
кіретін тілдер – қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, қырым татары,
қарайшай, балқар, құмық және тағы басқа тілдер. Қазақ тілі - өзіндік әдеби,
ғылыми және саяси жазу нормасы қалыптасқан бай тіл. Қазақ тілінің тарихы
әртүрлі тарихи кезеңдерді бастан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз
байланысты.
Оның қалыптасуға бет алуы ХІ-ХІІ ғасырлардағы Түрік қағанатының пайда
болу кезеңінен басталып, ХҮ ғасырдағы қазақ хандығы тұсында әбден
қалыптасып болған еді. Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры
жөнінен, қазақ тілі – ежелгі таза қалпын тұтас сақтап келе жатқан тілдердің
бірі. Ғалымдардың пайымдауынша, қазақ тілінің ауыз әдебиеті және жазба
әдебиеті сияқты екі қайнар көзі бар.
Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз – мейлінше
жетілген ұлттық тіл.
Ана тілімізде әдеби шығармалар, ғылыми-бұқаралық, техникалық,
құқықтық, педагогикалық, саяси, өнертанушылық әдебиеттер жарияланады.
Тіліміз еліміздегі азаматтардың өзара қарым-қатынас тілі болумен ғана
шектеліп қалмайды, оның мұрағаттық, ақпараттық қасиеттері де мол. Қазақ
тілі – бай да құнарлы тілдердің қатарына жатады. Ежелгі бабаларымыздың
тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралар бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана
тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас. Қоғамның
жылжып, өзгеруіне байланысты тіл де дамып, өзгеріп отырады.
Қазақ тілі тарихында орын алған түрлі қиындықтар мен дағдарыстардың
объективті себептері бар. Біріншіден, қазақ халқы үш ғасырға жуық орыс
отаршылдығының қыспағында болып, ұлт ретінде жойылып кетудің бірнеше
сатыларын бастан кешірді. Екіншіден, Жоңғар шапқыншылығының халқымызға
тигізген зардаптары да орасан зор болды. Үшіншіден, Кеңес өкіметі жетпіс
жылдан астам уақыт бойы ұлттардың жақындасуы деген желеумен ұсақ ұлттардың
тілдеріне қысым жасап келгені белгілі.
1989 жылы 11 қыркүйекте қабылданған “Тіл туралы” Заңда “Тіл -
халықтың ұлы жетістігі, әрі оның ажырамайтын және бөлінбейтін
белгісі”делінген. Ал бірінші баптың бірінші тармақшасында “Қазақ тілі –
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады” деп жазылған.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген
тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге
көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік
танытуда. Бірақ әлі шешілмей жатқан түйінді мәселелер де баршылық.
Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі - оның ана тілі, ұлттық
мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет
болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-
қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, кез-
келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды.
Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және
оны жақсы біліп, туған анадай сүю.
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін, - деп С.Торайғыров ағамыз
жырлап өткен.
Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап,
сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. Мысалы: “Өнер алды – қызыл тіл”,
“Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”, “Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай
түйіні бар” сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді.
Абайдың даналығына, Махамбеттің батылдығына, Бұқардың ақылгөйлігі мен
халқына деген жанашырлығына, Абылайдың данышпандығына, Бөгенбай мен
Қабанбайдың ерліктеріне сүйсініп, рухани өмірімізге азық етеміз.
С.Бегалин атындағы Мемлекеттік республикалық балалар кітапханасы
назарларыңызға
“Қазақ тілім, өркенде,
Бола бер күшті, көркем де!” атты әдістемелік құралды ұсынып
отыр.
Құрал мұғалімдер мен оқушыларға ғана емес, ұрпақ өсірер, оның
келешегін ойлар исі қазаққа арналады.

ҚАЗАҚ ТІЛІ –
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ –
қызмет етуінің алғы шарттары

Қазақстан – егеменді, тәуелсіз ел. Қазақстанды дамыған өркениетті елу
елдің қатарына енгізетін біздің болашағымыз – бүгінгі жастар. Олардың
міндеті – елінің намысын қорғап, оны әлемге таныта білу. Әлемге таныту үшін
әр жас өз елінің тарихын, тілін жетік білуі керек.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының тұрғылықты халқы қазақ халқының
және оның шекарасынан тыс өмір сүріп жатқан қазақтардың (Ресей Федерациясы,
Өзбекстан, Қытай, Монғолия т.б.) ұлттық тілі.
Қазіргі қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып
табылады.
Қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай, оған 67 мың тізімдік сөз, 24,5
мың фразеологиялық тіркес – барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген бір
ғана он томдық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі” куә бола алады.
Қазақ тілі түркі тілдерінің (солтүстік-шығыс ареал) қыпшақ тобына
кіреді (татар,башқұрт, қарашай-балқар, құмық, қырым-татар, қарақалпақ,
ноғай) және ол, әсіресе, ноғай, қарақалпақ тілдеріне жақын болып табылады.

Қазақ тілі ең көне бастауын әр кездегі ежелгі түрік жазулары
ескерткіштерінен: Талас-Орхон-Енисей жазулары (5-8 ғ.ғ.), Жүсіп
Баласағұнның “Қүтадғу білік” еңбегі, Махмұт Қашқаридің “Диуани лұғатат
түрік” еңбегі , Ахмет Йүгінекидің “Һибат Ұл һақайық” еңбегі, Қожа Ахмет
Яссауидің “Хикметі” (10-12 ғ.ғ.), Алтын Орда, Шағатай және қыпшақ (13-
14ғ.ғ.) тұсындағы жазулардан алады.
Сонымен қатар, халық ауыз әдебиетінің дәстүрлері мен тілдік
нормаларында қалыптасқан, кейінгі кезде ақындар, жыраулар мұрасы арнасына
құйылған, ұлы Абай мен Ыбырай шығармашылығы арқылы бізге жеткен қазіргі
қазақ әдеби тілі.
Қазақ жазуы 1929 жылға дейін араб графикасын, ал 1929-1940 жылдары
латын графикасын қолданған. 1940 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін орыс
графикасын қолдануда.
Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі - әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің
ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі,
оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние
жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің
және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.
Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның
ішінде қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін,
тілін білуі міндетті.
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір
сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын
биіктетуіміз керек.
Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге
еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын,
атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең
қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты
себепкер – ана тілі.
Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995ж.), “Тіл саясаты туралы”
Тұжырымдамасы (1996ж.) және осыларға негізделген “Тіл туралы” Заң (1997ж.)
республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың
құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. Республикада
мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мәртебе
беріліп отыр.
Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет
етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың
санының жеткілікті болуы, табиғи және табиғи емес тілдік ортаның болуы,
республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің әр алуан
саласында қызмет етуі және ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты
сыртқы факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тілінің құрылым-жүйесі жетілген,
лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша
дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы
– қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі қоғамдық өмірдің аса маңызды
мынадай салаларында жүзеге асады: басқару, ақпарат, білім беру мен тәрбие
ісі (мектепке дейінгі мекемелер, бастауыш, орта мектеп, жоғары мектеп),
ғылым мен техника (ғылыми-зерттеу мекемелерде); қоғамдық ғылымдар,
жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және қолданбалы ғылым,
экономика салаларында, ғылымның жалпыға ортақ салаларында, бұқаралық
ақпарат құралдары саласында, іс жүргізу саласында; мемлекеттік, қоғамдық-
саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда; дене тәрбиесі, спорт, туризм,
денсаулық сақтау мен емдеу мекемелерінде; қоғамдық тамақтандыру
орындарында; өнер мекемелерінде (театр, кино); дипломатиялық қарым-
қатынаста; әскери-патриоттық тәрбие және білім беру ісінде; шаруашылық
жүргізу және ұйымдастыруда; өндіріс және өнеркәсіп орындарында; Қазақстан
Республикасында өтетін республикалық, халықаралық құрылтай, конференция,
мәжіліс, жиындар т.б.
Сонымен, қазақ тілі – дәстүрлі, тұрақты, қатаң тілдік нормасы бар,
стильдік тармақтары сараланған, жалпы халықтық тілден ұлттық деңгейге
көтерілген тіл.
Біздің ана тіліміз - қазақ тілі:
- түпкі түрін сақтаған түркі туыстас байырғы тіл;
- ежелден жазба мәдениеті бар тіл;
- әдеби тіл, жергілікті тіл (диалекті), сөйлеу тілі, қарапайым
сөйлеу тілі тәрізді формалары бар;
- демографиялық тірегі мықты ұлттық тіл;
- құрылым-құрылысы кемелденген тіл;
- егеменді Қазақстан Республикасы өз қамқорлығына алған
мемлекеттік тіл.

АНАМНЫҢ ТІЛІ –
АРДАҚТЫМ МЕНІҢ
(Әңгіме)

Анамыздың ақ сүтімен бойымызға
дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл
ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.
Б.Момышұлы

... Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен
тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса
адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің
орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз
үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта
түсуде.
Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады.
Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді
жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы
мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Ана сүті сіңбеген, бесік
жырынан нәр алмаған ұлттық қасиет тана сүтімен кірмейді. Тілі мен дінінен
айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең
көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте
халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін
ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші
жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық
қозғалыс соның айғағы.
ХХ ғасырдың ұлы жемісі – қазақ халқы үшін Егемендіктің көк туы
желбіреуі. Ата-бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол
жеткіздік. Ендігі мақсатымыз - ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Ұлттық
мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде – ұлт та жоқ.
О, туған ана тілім! Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы
да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, қыран құстың жанары да сенде,
назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың жазықтығы да сенде...
Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – қазақ
тілі.
Қазақ тілі - өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл.
Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ
тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі
– шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, бірінші ырысымыз,
біз сондықтан “Ана тіліміз” дейміз. Қазақтар “Ананың тілі” деп ерекше
құрметтейді. Басқа тілді білу - әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ
асты етуге болмайды.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, – дейді талантты ақын Қадыр Мырза Әли
ағамыз.
Анамның тілі – ардақтым менің. Адамның атасы, әкесі мен шешесі сенсің.
Сен менің кішкентай кезімде әкем болып мойныңа отырғызып қуандың, ат
үстінде алдыңа алып, мені көкке секірттің. Жел болып кекілімнен сипадың.
Тілім, ана тілім менің, адамзатымның тілі, сен менің анам болған
кезіңде көкірегіңе жабысып, төсіңнен ақ сүтіңді емдім. Сен менің ағам,
інім, әпкем, қарындасым, бауырларым болған кезіңде мен сені одан әрмен
түсініп, ұғынғым келді. Адамзаттың Абай мен Мағжан сынды асқар алыптарын
туғызған, әкелері мен аналары болған ұлтымыздың тірегі сенсің, туған тілім.
Бірақ, менің терім “туған тілім” сен үшін ғана төгілсін, менің өмірім сен
үшін ғана өрілсін! Олай болса, ана тілімізді алдымен өзіміз құрметтейік,
ардақтайық! Сонда ғана туған тіліміздің туы биіктерде желбіреп тұратын
болады...

ІНЖУ-МАРЖАН

ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖАЙЛЫ
АЙТУЛЫ ОЙЛАР

Қазақ тілінің таңғажайып кереметі жайында пікір айтушылар көптеп
саналады. Олардың арасында өз ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымызбен қатар
өзге жұрт өкілдері де баршылық. Әсіресе, ірі түркітанушылар мен
саяхатшылардың ана тілімізге үлкен құрметпен қарап, ауыздарының суы құрып,
тамсана жазғандары мәлім...

Радлов В.В. ресейлік шығыс зерттеушісі. Қазақтардың тілі жатық та
шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң
қалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез келгені, тіптен сауатсыздарының өзі,
ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен
орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі.
Мелиоранский П.М. 1868 – 1906, шығыс зерттеушісі, профессор. Қазақ
тілін зерттеушілердің барлығы да бір ауыздан ең бай, ең таза түркі
тілдердің бірі деп таниды.
Ильинский Н.И. 1822-1892, Қазан университеті, профессор. Ертедегі
түркілер тұрмысының көптеген іздерін өзінде сақтап қалған қазақ тілін мен
ерекше ұнаттым. Қазақ даласы менің халық тіліне деген сүйіспеншілігімді
мүлде қалыптастырды, оған мен тілдік зерттеу үшін нағыз таптырмайтын құжат
ретінде қарай бастадым.
Бенцинг И. түркітанушы. Ғылыми, әдеби, тілдік және тарихи тұрғыдан
қарағанда қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең әсем, өте бай тілдің
бірі.
Малов С.В. орыс ғалымы. Қазақ тілі өзінің бейнелілігі, суреттілігі
жағынан басқа түрік, немесе түркі тілдерінен әрдайым бөлекшеленіп тұрады.
Қазақ өзінің ауызекі көркем тілімен, айшықты әсем фольклорымен бұрын да,
қазір де даңқы шығып жүрген халық.
Саади А. татар ғалымы. Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және
бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі
және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек.
Янушкевич А. поляк журналисі. Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің
зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Қандай әсем сөйлейді. Кез
келгені айтайын дегенін тез түсіндіре, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс
бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі.
Байтұрсынов А. Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз
тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана
тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің
қайда кеткенін білмей, айрылып қалуы мүмкін. Сондықтан мәдени жұрттардың
тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән
сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз
керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған
талғау салтының шарты орындалған болады.
Әуезов М. Көген көз қазағыма қаратып мінбе құрып, сол мінбеге
шығарып: “Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында
жүрген сөз төмендегіше болмақ: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады,
ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасап келе жатқан
асыл мұра сөзімізді арзандатып алмайық.
Жұмабаев М. ... Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе
желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере
көшкен тұрмысы - асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр.
Оңдасынов Н. Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай
иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң,
бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл
тілден май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, не
бір алуа шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын
қазақ тіліне... Осындай майда, сұлу тілді қалай өгейсуге болады...
Дулатов М. “Қазақ тілінің мұңынан” үзінді. “Мен заманында қандай
едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім.
Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен
наркескендей өткір едім.
Мүсірепов Ғ. Қыпшақ мемлекеті жаңа жыл қайырудың ҮІ ғасырында
құрылған. Сол кезде оның көркем әдебиетке жататын тілі де бар еді. Мемлекет
құрамында оғыз, қарлұқ сияқты әлденеше тайпалар болғанымен, тілі бір ...
Осы жайларды сипаттайтын Орхон-Енисей жазулары былай сөйлейді:
Қытайдың тәтті сөзіне, асыл дүниеліктеріне алданып түркі халқы қырылдық,
түркі халқы жойылдық!
Қытай қолында қандай ерлеріміз құл болып қалды. Біз қағаны бар халық
едік. Қайда сол қағанымыз? Енді бұл қорлыққа шыдап отыра бергенше, өзімізді
өзіміз құртайық, қырылайық!
Бұл, әрине, жігерлі жүректің тебіренісі, күреске шақырған ердің айтар
сөзі. Сонымен бірге бұл - өскен тілге тән көркем әдебиет тілі. Әрі шешен,
әрі көркем сөйлей алатын халықтың тілі. Будандаспаған, сыртқы әсерден таза
тіл. ҮІ ғасырда осындай дәрежеге жеткен тілдің түп-тамыры жаңа тіл
қайырудың ар жағында, ой жетпес әріде жатпақ.

Мұстафин Ғ. Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл
байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық.
Қазақтың қара сөзінде көп мән жатыр. Күн шалмайтын қараңғы көңілді сөз
шалады. Ендеше, соншалық қуатты да, киелі қаруды қалай болса солай
қолдануға болмайды.
Досмұхамедов Х. Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел
болмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның иілі
дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен
баспада қолданудан қалған тіл – шатасқан тіл. Ол ел – сорлы ел, мұндай
елдің тілі бұзылмай қалмайды... Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы
сөйлесең, ол - күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу,
бұл - сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате.
Айтматов Ш. Қазіргі қазақ тілінен үйренеріміз көп. Мен өз басым жаңа
шығарма жазар алдында қазақ әдебиетінің озық туындыларын үңіле оқимын,
орайлы атауларды өз шығармаларымда пайдаланып отырамын... туыс тілдегі
терминдер баламасын тартынбай кәдемізге асырсақ, қырғыз тіліне олжа
саламыз!..
Бельгер Г. ... Әлдеқалай орыс, неміс таныстарымның арасына түсе
қалғанда, олардың әңгімесі қыза-қыза келгенде, маған тұтқиылдан сұрақ
қоятыны бар: “Осы қазақ тілі қалай өзі ... бай тіл ме?”. Бір ауыз сөзбен
қысқа қайырып: “Бай! десем, бәрібір сене қоймайтынын білем. Сондықтан,
сөзім дәлелді болу үшін, мен де жауап берер алдында ойланып, атам қазақтың
“біреу ойнап сұраса, сен шындап жауап бер” деген қағидасын ескеріп,
көптеген мысалдар келтіремін. Айталық, орыс, неміс тілдерінде тапшы келетін
қазақтың мал атауларын ұзақ-сонар әңгімелеп, тізіп ала жөнелемін.
Атап айтқанда, жылқы, түйе, сиыр, қойға қатысты неше түрлі сөздерді
тізіп шыққаннан кейін тыңдаушыларға жымия бір қарап қойып, “ал, енді
бүркітке келейік” деймін. Онсыз да бағанадан бері жағасын ұстауға әзер
отырған кісілер: “Бүркіт?!. Ол не тағы?!” деп таңданысады.
Әрине, менің де аңшылық-саятшылықтан білетінім жоқтың қасы. Көбі
кітаптан оқып-тоқығаныма негізделген. Бәрінен бұрын баяғы бала кезімде
ауылдасым марқұм Әбілмәжін шалдың бүркітті қалай ұстап, баулығанын көрген
едім. Сол кезден бүркіт пен бүркітшіге байланысты біраз қазақ сөздері
жадымда қалған: мәселен, балапан құс, тірнек, тас түлек, мұзбалақ, көк
түбіт, томаға, тұғыр, қан соқта т.с.с. Ал осы сөздердің көбінің баламасын
орыс және неміс тілдерінде қолыңызға шырақ алып іздесеңіз де таба алмайсыз.
Соған көзі жеткенде, әлгі таныстарым: “Ах, зоо! Вундербар!” немесе “Смотри-
ка! Поразительно!” – дейді. Мағынасы қазекемнің “апырай, а!” дегеніне пара-
пар.
“...Өмірімнің 43 жылын қазақтардың арасында, қазақ тіліне құлағымның
құрышын қандырумен келген екем. Менің ұғым-түйсігімде қазақ тілі құдды
қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан дархан даласы сияқты ғажайып ұшан-теңіз
бай, шешен де көркем тіл. Тек сол оралымды бай тілді “қиыннан қиыстырар ел
данасы” керек. Өз басым осылай түсінемін.
Момышұлы Б. Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың
тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын
ешкімге бермегендігі мыңдаған жыл тарихынан айқындалған.
Момышұлы Б. Қазақ тілі түрлі тілдердің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге
жатады. Қазақтар шешен, әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері.
Назарбаев Н.Ә. Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай
қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі
қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы - Ана
тіліміз.
Бақытжан Момышұлы. Бала кезімде, кейін есейе бастағанымда, менің
жанымда шешем мен әкем болды, бірақ тіпті екеуінің көзі тірісінде-ақ өзімді
жетім сезіне бастадым. Мен жай жетім болып қалғаным жоқ, ана тілін
білмейтін, тілсіз кеңістікте қолдан жасалған мылқау күйге түстім. Сөйтіп,
әке-шешем шыққан халыққа бөтен саналдым, одан тым алыстап кеттім. Ал өзім
баруға талпынған халық мені өзінің туғаны ретінде қабылдай алмады, одан да
шеттеп қалдым.
Иә, иә, мен бір кезде бөтен топыраққа отырғызылған, жапырағынан
қалыбы бөлек, діңгегі қисық ағаш болдым. Ал туған топырағым менің қырқылған
тамырым - өз халқымның асыл қасиеті мен бал шырынын бойына сіңіре
алмайтынына көзі жетіп, күдерін әлдеқашан үзген еді. Ертеректе бір данышпан
екі мәдениеттің тоғысқан жерінде құбыжық пайда болады деген екен...
Мен қаладағы асфальт жолдың баласымын. Егер өзімді тағы да ағашпен
салыстырар болсам, арықтың жағасында бетондалып тасталған ағаш тәріздімін.
Тап жанымнан сылдырлап су ағып жатыр, әттең, одан қанып іше алмаймын. Ана
тілім мен мәдениеттің, ұлттық салт-дәстүрдің, терме-айтыстың дәл қасында
тұрсам да шөлімді баса алмаймын. Өйткені біздер – тілсіз жетімдер едік.
Бірде көшеде мені кеудесі орден-медальға толы ақ шашты ардагер
тоқтатып, әскери қалашыққа қалай баруға болатынын сұрады. Мен орысша жауап
бере бастап едім, сөзімді кілт бөліп, мені тыңдағысы келмейтінін айтты. Мен
ренжіп қалып едім, ол зірк ете түсті:
- Әке-шешесін қорлаған, тілсіз жетімек!..
Осы бір көшедегі әңгімеден кейін мен өзімді екі дүниенің ортасында
ұшып-қонып жүрген тұрақсыз пенде ретінде сезіне бастадым. Сол күннен бастап
өз ұлтымның мен үшін сөніп-өшуге айналған халықтың асыл көздеріне оралудың
ауыр жолы басталды... Тілді меңгерумен бірге маған қазақ даласының бояуы,
туған жердің әуені, өлең-жыры, қазақ әйелінің әдемілігі бірте-бірте буалдыр
сағымдай орала берді.
Ең бастысы, өзімді жетім санамайтындай халге жеттім. Қазақстанның кез
келген түкпірінде мені бөтен санамайтын болды. Өз халқыммен әрбір жаңадан
қауышқан, жүздескен, сырласқан сәттерімде, бұдан жарты ғасырға жуық уақыт
бұрын көшеде бақытыма кездескен майдангер ағаға рахмет айтам. Кім біледі,
бәлкім, ол кісі болмағанда, әлі неше жыл адасарымды.
Міне, қазір де арамызда мен сияқты адасып жүрген балалар болса,
жоғарыда баяндалған жай сабақ болар деген ойдамын.

ҚАСИЕТ ПЕН ҚҰТ ДАРЫТҚАН
АНА ТІЛІ
ТУРАЛЫ ДАНАЛАРДАН
ЖЕТКЕН СӨЗ

Тәрбие басы – тіл.
М.Қашқари

Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен
құралақан қалады.
Ғ.Мүсірепов

Ана тілін білмейтін адам – бір қолы жоқ шолақ адам сияқты.
Ғ.Мұстафин

Өз ана тіліңді қадір тұтпай тұрып, ел-жұртыңды сүйе алмайсың.
К.Паустовский

Тіл жоқ жерде - ұлт жоқ.
Ш.Айтматов

Білімділіктің ең басты факторы туған тілінде сөйлеу мен оны сыйлаудан
басталады.
Г.Гегель

Халықтың тіліне қиянат жасау – оның жүрегін жаралау.
Г.Лаубе

Ана тілін шекараны қорғағандай қорғау керек.
П.Вяземский

Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Ақылдың тілін алса,
жүрек ұмыт қалады.
Абай

Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-
өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі.
Ж.Аймауытов

Бұл дәуірде, өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық
мәнді интеллигент емес.
М.Әуезов

Тілдің тірікшіліктегі мәніне қазақ ежелден көңіл бөлген. Сондықтан да
“өнер алды- қызыл тіл” дейді.
С.Мұқанов

Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік.
К.Паустовский

Егер ертең туған тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге даярмын.
Р.Ғамзатов

Тіл – ұлттың жан дүниесі.
Л.Толстой

Қандай да болсын халықтың әдет-ғұрпын үйренгің келсе, алдымен оның
тілін үйрен.
Пифагор

ЖАСАЙ БЕР, АНА ТІЛІМ –
ҚАЗАҚ ТІЛІ!
(Тақырыптық кеш)

Ана тілі бәрінен де биік- ханнан да,
қарадан да. Саясатшылар келеді,
кетеді, ал ана тілі – мәңгілік.
Осыны есте ұстайық.
Марат Қабанбай.

Мақсаты: Оқырмандардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ана
тілін қастерлеуге баулу.
Дайындық кезеңі: Оқырмандарға ана тіліне арналған өлең шумақтары мен
әндер жаттап келуге тапсырма беріледі.
Безендірілуі: “Қазақ тілі – болашағым, ертеңім...” атты кітап көрмесі
ұйымдастырылып, гүл шоқтары қойылады, нақыл сөздер, шарлар, қазақ тілін
зерттеуші ғалымдардың портреттері ілінеді.

Сахнаға екі бастаушы шығып, М.Қанафияұлының “Жасай бер, ана тілім!”
өлеңін оқиды.

1-бастаушы: Жылаған алғашқы іңгә үннен тілім,
Жөргекте былдыр қағып күлген тілім.
Жағымды ана әлдиі, ақ сүтімен,
Жүрегіме, қаныма сіңген тілім.

2-бастаушы: Жанымды жадыратқан бала тілім,
Жыр, ертек жаттаттырған сана тілім,
Жаралып жермен бірге, күн көзімен,
Жасасқан қазақ тілі – ана тілім.

1-бастаушы: Жарысқан жыл құсымен үнді тілім,
Жарасқан дала, малмен сырлы тілім.
Жиһанкез желмаялы Асан қайғы,
Жер-жерге баға берген сынды тілім.

2-бастаушы: Жырлатқан қазақтардың қазақтығын,
Жырлатқан елдік, ерлік азаттығын.
Жұлдызды құдіреттің туы болған,
Жауынгер ана тілім – қазақ тілім.

Бірнеше оқырман тіл туралы жазылған қанатты сөздерді оқи отырып, бір-
біріне сұрақтар қою арқылы пікір алысады.

1-бала: - Мен саған “осы тіл не үшін керек?” деген сұрақты қойғым
келіп отыр.
2-бала: - Досым –ау, тіл бір-бірімізбен сөйлесу, түсінісу үшін қажет
қой. Апай “Тіл – қарым-қатынас құралы” деп түсіндірді емес пе?
1-бала. - Жарайды, тіл – қарым-қатынас құралы-ақ болсын, онда
адамдардың бәрі бір ғана тілде сөйлеп, түсінісе бермей ме? Ана тілі деп
бөлгені несі?
3-бала: - Ой, айтқышбегім-ай. Кез келген адамның өз анасы болатыны
сияқты дүние жүзіндегі халықтардың да өз анасы, өз тілі, өз Отаны бар емес
пе?
4-бала: - Балалар, ана тілі дегеніміз – ананың ақ сүтімен бойға
дарыған өз анамыздың тілі ғой. Ал ана деген – бәрінен қастерлі, аяулы да
асыл жан.
5-бала: - Мен сендерге Әли Әпекұлы деген ақынның ана тілі туралы мына
өлеңін оқып берейін:
Ана тілім – бала шағым өркенім,
Ана тілім – болашағым, ертеңім,
Ана тілім – сайын далам, жер, көгім,
Ана тілім – арман, ойым, өрнегім.

Ана тілді білмесем,
Шат-шадыман күлмес ем,
Жер бетінде сайраңдап,
Қазақ болып жүрмес ем.
6-бала: - Керемет екен. Ал Әбділда Тәжібаев атамыздың мына өлеңі
естеріңде ме?
Туған тілім - тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы
Өссе тілім – мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім – мен де бірге өшемін.
7-бала: - Ақын апаларымыз да тіл туралы тамаша өлеңдер шығарған.
Тұрсынхан Әбдірахманова деген әрі ғалым, әрі әнші, әрі ақын апамыз
былай депті:
Ана тілім – бәрін сөйлер шежірем,
Тілсіз нені білдіре алам, не білем?!
Тілім барда ғана мынау ғаламның
Кілтін табар саналысы сезінем.
О, адамдар, қадіріне жетіңдер,
Ана тілің – анаң, сыйлап өтіңдер!

8-бала: - Дұрыс-ақ, бірақ кейде өзінің ана тілін сыйламайтын, білгісі
келмейтіндер де кездесіп қалады. Олар туралы не айтар едіңдер?
9-бала: - Әрине, адамның бәрі бірдей емес, түсінігі төмен, білімі
таяз кейбір мәңгүрт жандар болатыны рас, ондайлар жайлы қырғыз ақыны
Сарноғаев былай деген:
Ана тілін білмеген –
Ақылы жоқ желік бас.
Ана тілін сүймеген –
Халқын сүйіп жарытпас.
10-бала: - Ал халқымыздың кемеңгер жазушысы Ғ.Мүсірепов атамыз:
Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол
үзеді. Ана тілін өгей ұлдар ғана менсінбейді деген, сондықтан өз
тілімізге, өз ұлтымызға өгей болмайық, достар!
11-бала: - Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Ол тек отбасы, ошақ
қасының ғана тілі емес, мемлекеттік тіл ғой.
12-бала: - Иә, иә, оның рас. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған жаңа
Конституцияда қазақ тілі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі болып
бекітілді. Ал 1997 жылы 11 шілдеде Тіл туралы Заң қабылданып, оның 4-
бабында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” екені
жазылды.
13-бала: - Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Көп ұлтты мемлекет үшін
мемлекеттік тіл өте қажет. Мемлекеттік тіл – көп ұлтты елдің барлық халқын
саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы.
14-бала: - Олай болса, қазақ тілін жете білу арқылы біздер өнер мен
білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне жетіп, өз халқымыздың өткен-
кеткенін зерделеп, оны әлемге таныта аламыз. Өз тілімізді құрметтеу арқылы
басқа тілді де үйреніп, мәдениетін қадірлей аламыз.
Бәрі: Ана тілін қастерлеп, құрметтейік!

Ә.Тінәлиевтің “Ананың тілі” әні

1-бастаушы: - Ал, балалар, енді “Жалғасын тап” ойынын ойнайық.
Ойынның шарты бойынша мақал-мәтелдің, қанатты сөздердің жалғасын табу
керек.
1. Тіл - адам ойының ... (айнасы)
2. Аңдамай сөйлеген ... (ауырмай өледі)
3. Ойнап сөйлесең де... (ойлап сөйле)
4. Тисе терекке, тимесе ... (бұтаққа)
5. Айтылған сөз, ... оқпен тең (атылған)
6. Бал тамған тілден ... тамар (у)
7. Көп сөз - ... (бос сөз)
8. Көп сөз - күміс, аз сөз - ... (алтын)
9. Жасыңда қылжаң болсаң, өскенде ... боласың. (мылжың)
10. Таза сөйлеу – биік ... (мәдениеттілік)

2-бастаушы: Жанын сап, халқын сүйіп, баққан тілім,
Жалықпай құпиялар ашқан тілім.
Жаһанның төрт бұрышы түгел танып,
Жат жұрттан да достарын тапқан тілім.

1-бастаушы: Бұл жанды тіл – менің азат тілім,
Жадымда талмай самғар қанат тілім.
Жыр-қуат, сөзі – ана уызындай,
Жасай бер, Ана тілім – Қазақ тілім!

2-бастаушы: Қазақ тілі – бай тіл, оралымды, ырғақты теңеу-
бейнелеулері ерте туған тіл. Поэзияда Абай, Ілияс, прозада Мұхтар
сияқты алыптар туғызған тіл. Осындай тілімізді таза ұстайық!
Ана тіліңді қадірлеу – мемлекетіңді, ұлтыңды, өзіңді қадірлеу.
Қазақстан егемендігін баянды етіп, оны әлемдегі озық елдердің қатарына қосу
үшін мемлекеттік тілдің жетекші рөл атқаратындығын әсте естен шығармайық.
Әнұран елді басқа жерде таныстырушы, сондықтан тіліміз әлемнің
түкпір–түкпірінде естілуде. Ендеше, кешімізді Әнұранмен аяқтайық!

ТІЛ - БІЗДІҢ ТІРЕГІМІЗ,
СОҒЫП ТҰРҒАН ЖҮРЕГІМІЗ
(Әдеби ертеңгілік)

Дайындық кезеңі: Кітапхананың оқу залы. Тақырыпқа сай кітап көрмесі,
гүл шоқтары, нақыл сөздер, шарлар, қазақ тілін зерттеуші ғалымдардың
портреттері ілінеді.
Кітапханашы: Ана тілі – атаңның, анаңның тілі, туған халқыңның тілі.
Ана сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңіреміз. Өнерлі, білімді, мәдениетті
қоғамның белсенді азаматы болуды біз тіл арқылы үйренеміз.
Жеке бір адам ұлт тілін жасай алмайды. Тіл бүкіл халықтың игілігі,
халықпен бірге жасап, бірге дамиды. Ол әр халықтың жазуы жоқта кітабы,
мектебі жоқта ұстазы болған. Әр азамат өз ойын ана тілінде білдіріп,
білімінің жемісін сол тілде таратады, шығармасын ана тілінде жазып
қалдырады.Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны,
сәні, дәлірек айтқанда, тұтастай кескін-келбеті. Адамды мұратқа жеткізетін
тіл мен ата-дәстүрі. Ана тіліміз туралы М.Мақатаев, Ә.Тәжібаев, Д.Әбілев,
М.Шаханов, Ж.Аймауытов сияқты көптеген ақиық ақындарымыз жырлар жазды.
Ән: “Ананың тілі – аяулы үні”

1-жүргізуші: Қазақ тілі – туын биік ұстаған,
Қазақ тілі – кең далама ұқсаған.
Қазақ тілі – мәртебелі, еңселі,
Құрметтеп отыр бүгін ел сені!

2-жүргізуші:Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.
Қазақ тілі – қазақ халқының тілі. Оның негізгі мекені – Қазақстан.
1-жүргізуші: 22 қыркүйек - Қазақстан Республикасы халықтарының
тілдері күні, халықтық мереке. Тілді қастерлеу - ізгілік пен мәдениеттілік
белгісі.
2-жүргізуші: 1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасында Тіл
туралы жаңа Заң дүниеге келді. Қазақ тілі ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға
жеткен ұлы мәдени мұра. Сондықтан да ана тіліміз талай жырға арқау болған.
1-қыз бала: Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім, егер сені білмесем.
2-ұл бала: Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,
Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?
Сенсің менің қасіретім, шаттығым,
Сенсің менің тазалығым, пәктігім.

“Ана тілін сүйеміз”әні
3-қыз бала: Ең бірінші бақытым – халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын.
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – тілім менің,
Жас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Кім мықты? – десе біреу, - Отан дер ем.
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?.
Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен.
“Үш бақытым” (М.Мақатаев)

4-ұл бала: Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала!
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана.

Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – сатылмайтын байлығы.
Туған дәстүр, салт-санасы, тірегі
Қадамыңа шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы,
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер.
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.

Төрт анадан сенім таба алмаған,
Тамырсыздық басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың,
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана – тағдырымның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы.
“Төрт ана” (М.Шаханов)

5-қыз бала: Ұйықтасам, ана тілде күбірледім,
Оянсам, сөйлеп кеттім, кідірмедім.
Анамның ақ сүтімен сіңген тілім,
Бітпейді менің одан бұрын демім.

Сырласпай адамдармен тұра алмаған,
Бұл тілге – жарық күнге жыр арнағам.
Жоңғармен шайқасқанда осы тілде,
Ақ жолдап бабаларым ұрандаған.

Мәңгілік дана сөзбен жасар адам,
Сүйектен өтетін тіл аса қатаң.
Бұл тілде желмаям жортып келіп,
Кемеңгер кеңес берген Асан атам.

Мәңгі өлмес, мейлі, заулап көшер заман,
Жиреншедей дария шешен бабам.
Қазыбек, Төле, Әйтеке ердің құнын,
Екі ауыз сөзбен шешкен көсем бабам.
“Тілім менің” (Қ.Мырзалиев)

6-ұл бала: Тіл сенің –
Ең қайратты арыстаның!
Қорғаның дұшпаныңмен алысқан күн.
Тіл сенің –
Жүректегі жүйрік елшің,
Көк орман, көк арайлы бағыстаның!
Тіл сенің –
Өмірдегі өрнек сырың,
Тіл сенің –
Көмейдегі күміс жырың!
Аспаның,
Айың,
Күнің,
Ауаң,
Демің,
Шат күлкің, тәтті әзілің, тапқыр сының.
Тіл сенің –
Жігіттік, балалығың,
Өмірдегі адамдық даралығың.
Тіл сенің –
Шағын жорғаң шын тайпалар,
Сайысса саңлақ сөзде ер байқалар!
Жүйрік тіл жүректерді тебірентпесе,
Шешен деп, шежіре деп кім айта алар?
Ердің құнын бағалар екі ауыз сөз,
Ел тағдырын шешіпті өткен бір кез.
Досқа – бал,
Дұшпанға – у,
Қайран тілдің,
Достарым, құдіретін осыдан сез!
Тіл сенің –
Тірліктегі жан ләззатың!
Тіл сенің –
Ар,
Арманың,
Махаббатың.
Адамдық бар қасиет тіл мен мида,
Ұғынсақ, сонда мейір, шапағатың!
“Тіл сенің” (Ә.Әбілов)
7-қыз бала: Дәулет деген –
Ұғыңдар!
Кеше болса, бүгін жоқ.
Тілің болса – күнің бар,
Тіл болмаса – түгің жоқ!
Тілім – шипам, дәрім де,
Мәңгүрт болып күн көрем.
Абыройдың бәрін де
Маған осы тіл берген.

Тілсіз келген білімнің,
Түбі нағыз қиғылық.
Көсегесін тілімнің
Көтеремін ту қылып.

Ақын көзі жұмылмас,
Жырдың көзі жұмылмай
Елдің туы жығылмас,
Тілдің туы жығылмай.
“Тілдің туы” (Қ.Мырзалиев)

“Атамекен” әні

1-жүргізуші: Тамаша өлең таңдайға татып балдай,
Өз тілінде жыр оқу бақыт қандай!
Жан-дүниең жарқырап сала берер,
Ағарып келе жатқан атып таңдай.
2-жүргізуші: “Туған тіл – тұғырың, туған тіл –қыдырың” дегендей,
туған жер, туған тіл адамға қандай ыстық, қандай қымбат! Оның қасиетін,
қадірін бір сөзбен, бір өлең шумағымен айтып жеткізу мүмкін емес.Тіліне зер
салыңдар бұрынғының,- дей келіп, бүгінгі тіл мерекесіне Төле би, Қазыбек
би, Әйтеке билер келгенін қуанышпен хабарлаймыз. Сол кісілердің ауылдарын
аралап, аталы, шешендік сөздерін тыңдайық.

“Төле бидің төрелігі”.
Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылымына бұдан көп жыл бұрын үйсін мен
арғын тайпаларының белді бектері таласыпты. Екі жақтың да билері бас
қосып, кеңесіп, бәтуаласа алмай отырғанда, топқа еріп келген он бес жасар
Төле билік айтушылардың бірде-біріне көңілі толмай:
Ақты ақ деп бағалар,
О, игі жақсы ағалар.
Өзегі талса ел біткен,
Өзен бойын жағалар.
Би: “Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без”
деуші еді. Мына бала кім өзі?
Төле: О, би аға, он үште отау иесі демес пе.
Кінәлімін бе, келіп қалсам он беске?
Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа,
Алакөз болу ағайын адамға лайық па?
О, игі асқар тауымыз,
Әділ ме осы дауымыз?
Жар астында тұрғанда,
Жасырынып жауымыз.
Би: Жасы кіші демеңдер,
Ақылы асса аға ғой.
Балам, ағалық билікті саған бердім.
Төле: “Сары табақтан сарқыт қайтады” деген, билікті маған
берсеңіз, Шу өзенінің оң жағын үйсін, сол жағын арғын жайласын.
Би: Үй баласы ма деп едім,
Ел баласы екенсің.
Ақ маңдайлы арысым,
Талабың алдан өтелсін.
Ауылыңның таңы бол,
Маңдайдағы бағы бол деген екен.
1-жүргізуші: Қазыбек биге бір адам: “Кім жақын, не қымбат, не қиын?”
деген үш сұраққа жауап беріңізші, - деп қиылып отырып алыпты.

Сонда Қазыбек:
Тату болса, ағайын жақын,
Ақылшы болса, апайың жақын.
Бауырмал болса, інің жақын.
Инабатты болса, келінің жақын.
Алдыңа тартқан адал асын,
Қимас жақын қарындасың.
Сыбайлас болса, нағашың жақын,
Адал болса, досың жақын.
Еркелейтін немерең жақын,
Өз ұрпағың – шөберең жақын,
Жан серігің жас кезіңнен
Бәрінен де әйелің жақын.

Алтын ұяң – Отан қымбат
Құт берекең – атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат,
Мейірімді апаң қымбат.
Туып, өскен елің қымбат,
Кіндік кескен жерің қымбат.
Ұят пен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат.

Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын,
Дәл осындай жағдайда,
Пана болмас өз үйің.
Жазылмас дерт қиын,
Не істеріңді біле алмай
Ашиды сонда бас миың, - деп жауап беріпті.

Кітапханашы: Ал, балалар, тіл туралы көптеген өлеңдер оқып,
ойларыңды ортаға салдыңдар, көп рахмет. Халқымыздың бай тілін меңгеру,
көркейту, қыр-сырын танып білу әр азаматтың қолынан келетін дүние. Тілді
қорғап, қастерлеу, әрқайсымыздың міндетіміз, парызымыз екенін ұмытпайық!
Әдеби ертеңгілікті Қожаберген жыраудың “Баба тілі” атты өлеңімен
қорытындылауды жөн көрдім.
Баба тілін қадірле,
Болашақтан түңілме!
Айналайын, боздақтар,
Аралас тілге үңілме!
Миды оят, жамиғат,
Қазақша алтын, жезіңді.
Қазақша жазбай жүргенді,
Түзет құрып тізгінді
Хат жазылсын өзара,
Жетілдір, қазақ, сөзіңді.
Жат алдында ез болмай,
Берік ұста өзіңді.
Асан қайғы, Жиренше,
Сөйлеп өткен қазақ тіл.
... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тіл - ел қазынасы
Тіл жайлы дана,түйінді сөздер жиынтығы
Ағаш-бұта өсімдіктерінде кездесетін саңырауқұлақтардың жіктелуі - Холобазидиомицеттер – Holobasidiomycetidae класс тармағы
Оқушылардың ұлттық келбетін қалыптастырудағы Қазақстандық ғалымдардың патриоттық мәселелерге байланысты ой-пікірлері
Бала тілін дамыту
Қырықбуын тәрізділер жалпы сипаттамасы
Дәрілік өсімдіктердің кездесетін жерлері
Оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру әдістемесі
Оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастырудың әдістемесі
Кеңестік дәуірде социалистік реализм әдісі талаптарына сәйкес жазылған қазақ романдарын оқытуда алда тұрған міндеттерді айқындау, шешім іздестіру
Пәндер