ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚ СИПАТ


- ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚ СИПАТҚазіргі айшықты (орнаментальді) проза
Әрбір қаламы қарымды, ойы орамды жазушы қайталанбас, шоқтығы биік, өзіндік жеке тұлға. Өйткені ол дүние есігін ашқан мезеттегі заманның, өзін қоршаған әлем мен қоғамның, мейлі ол қуанышты жағдай, мейлі ол келеңсіздік болсын, басынан өткен, сезінген, көрген жайттарды сөзбен әспеттеп, бейнелеу барысында өзгелерден әсте биік, қолтаңбасы ешкімге ұқсамайтын ерекшелікті қалыптастырады. Әр адамның өз шындығы, түсінігі, өзіндік көзқарасы бар. Әлемді қайта жасап қалыптастыру қолдан келмегенімен, сол өмірді өз ақиқатымен, ішкі әлемінің шындығымен суреттеп, оқырманға әсер сыйлап, өмірдің қаншалықты қымбат екендігін ұғындыруда қаламгер батыл болуға тиісті. Өнер ешқашан қатып қалған қағида мен заңдылықтарға бағынған емес. Дәуірлер алмасып, заманалар уақыт белесін бағындырады, мәдениеттер де сол заманның ағымына қарай тоғысады. Бір стиль бірнеше салаға әсер етіп, оның өзіндік ерекшеліктерін тудырады. ХХ ғасыр соңы адам, қоғам санасына өзгерістер әкелді. Қоғамдық құрылыстың өзгеруіне байланысты, бұрынғы сана мен бұрынғы идеалдар жойылып, жеке сана пайда болды. Осының нәтижесінде бір-біріне жазу мәнері ұқсамайтын, әдебиетке соны көзқарас, тың серпін берген жазушылар шығармашылығы дүниеге келді. Бұрыннан жазып жүрген қаламгерлер мен әдебиет айдынына жаңа келген жазушылар арасында кереғарлық пайда болды. Өйткені әр жазушы туындысында өз дүниетанымын бейнелейді, өзінің қабылдауын береді. Әдебиет - идеологияның құралы емес, жеке тұлғаның өз-өзін көрсету құралына айналды. Айшықты проза ХХ ғасырдың алғашқы жартысында пайда болған жарқын құбылыс болып табылады. Айшықты проза - прозалық мәтіннің поэтикалық заңдары бойынша ұйымдастыру формасы: сюжет екінші жоспарға кетіп, бірінші жоспарға метафоралар, бейнелер, ассоциациялар, лейтмотивтер, ырғақтар шығады. Сөздің көп қырлы мағынасы жан-жақты ашылады. Айшықты проза өз бойына поэзия мен прозаның сипаттарын біріктіреді. Өзінің поэтикалығы арқасында айшықты проза мифтің құрылымдық бейнесі ретінде көрінеді. Шынайы әлемде таза шартты символ ретінде қарастырылатын сөз мифтік ойлау әлемінде иконикалық белгі, оның мәні материалдық түрде болады. [1, 263] Орнаментальды проза үшін төмендегі баяндау және стильдік ерекшеліктер тән: қайталау (лексикалық, синтаксистік және т. б. ), ырғақтық, образдық қанықтық, композицияның монтаждық принциптері, фрагменттілік, сюжеттің болмауы, баяндаудың ретсіздігі, кейіпкер арқылы мінезді, ойды, көзқарасты беру, сөздің эстетикалық белсенділігін қалыптастыру. Айшықты прозаның көріністері фольклордан басталып, ежелгі жыр-дастандардан, «Тоныкөк», «Күлтегін» жазбаларынан, Абайдың поэзиясынан, Алаш әдебиетінен де байқалады. Айшықты прозаға кез-келген жазушы бара бермейді. Бұл прозаға қалам сілтей алған халықтың талантты, батыл қаламгерлері осындай жаңаша жолмен өзінің шығармашылық мәнін айқындап, сырттан төнген қандай да бір бөгеттерге тосқауыл қоя білді. Қазіргі қазақ прозасындағы айшықты прозаның тамаша үлгілерін М. Мағауин, Т. Нұрмағанбетов, Д. Әшімханов, Т. Шапай, Д. Амантай, А. Алтай, Г. Шойбекова, тәрізді қаламгерлеріміздің шығармашылығынан көре аламыз. Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің тәуелсіздік жылдарында жазған жаңа тұрпаттағы шығармалары көркемдік әлемді игерудің тың арнасын қалыптастырып, ұлттық рухты дүр сілкіндірген өзгеше құбылысқа айналды. Оның соңғы жылдары жазған кез-келген шығармасы формалық тұрғыдан мүлде күрделі, әдіс-тәсілі тосын. Бұл туындылардың арғы қатпарында, тереңінде халық мұрасының айшықты белгілері мол болғандықтан, шығармалары оқырманды тылсым күшімен еріксіз баурап алады. Мұхтар Мағауин өз кейіпкерлерінің басындағы хал-жайын суреттеу барысында айшықты прозаның өрнектері - көркем детальдарды қолданады. «Шипалы арасан» хикаятында жазушы былай дейді: «Ең мәндісі - сол шығарманың өзі. Қандай жағдайда, қалай жазылды, бұл төртінші, бесінші кезектегі нәрсе. Анау себеп, мынау себеп деген де бос сөз, себеп біреу-ақ: қаламгердің ішкі рухани қажеті. Қас қаламгер өзі үшін ғана жазады. Ең алдымен өзі үшін. Алма ағашы неге гүлдейді - жеміс шықсын, оны біреу жесін деп емес, тіршілігін жалғау үшін. Гете «Мариенбад эллегиясын» кім үшін жазды? Өзі үшін. Жазбаса… құсадан өлетін еді. Жазу - физиологиялық құбылыс. Тәннің емес, жанның, рухтың. Айырмасы - қалдық емес, өнім. Ой мен сезімнің ми қатпарларында қорытылып, тазарып шыққан көрінісі. Ал анау, мынау дегеннің бәрі себеп емес, түрткі, әсер, асса құнарлы тыңайтқыш қана. Гетенің басынан өткен Мариенбад хикаясы да сол сияқты…» Осы хикаятта жазушы кеңістікті «Гетенің қамалы» және «тас қақпа» арқылы бейнелейді. Кеңістіктің өлшемі де кейіпкерлермен сабақтас. Жазушы бұл шығармасында қаншама замандар өткенін, сол аралықта еменнің күлге айналғанын, шүберек түгіл адамның топыраққа айналғанын, тас қамалдың өзінің мүжіп тозғанын, тек Шипалы Арасаннан нәр алған, ғасыр өткен сайын жаңарып, түрлене беретін сөз ғана тозбайтынын, тілге тиек етеді. Тас қамал ол үй, адамның жеке әлемі. Үй образы кәдімгі «тірі жан» сипатында. Ол күле алады, жылай алады, қайғырады, қуанады. Ол үй өзінде тұрған Гетенің бейнесін есінде сақтайды, соның жанымен тығыз байланыста болады. Жазушы шығармада лейтмотивтік жүйе ретінде үй образын алады. Шығармадағы үй лейтмотивіне ашық терезе, ошақта жанып жатқан от, бөлме, үйдің қожайыны, үйді қоршаған заттар т. б жатады. Гетенің үйге оралуы кеңістік пен уақытты жадыда ойша жаңғырту арқылы беріледі. Оның өмірінің соңындағы шаршап-шалдыққан жүрегі алыста сағым болып қалған балалық шағы мен туып өскен үйіне, еліне деген сағыныштың отымен жылытқан үйін суреттейді. М. Мағауин үйдегі әрбір ағаштың түріне, түсіне мән бере отырып оны қамалдың түрі, түсімен байланыстырады. Жазушы шығармада үй тек қана адам баласы қоныстанатын, жылу алатын мекен ғана емес, адамның жан-дүниесіне өмірдің үйлесімін сіңдіретін қасиетке ие деген мотив қолданады. Айшықты прозаның ерекше белгісіне сай келетін жол жүру, сапар шегу ұғымдары Дидахмет Әшімханов шығармашылығынан, Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Туған ауыл түтіні» мен «Айқай» повестерінен көп байқалады. Жол жүру ұғымы уақытты ауыстыра отырып, өмірдің мәнін ұғыну дегенді тұжырымдайды. Д. Әшімхановтың «Жер аңсаған сары атан» повесінде өрнекті прозаның стилі ретінде «сары» сөзін алады. «Сары белдің бауыры - сағым ба, әлде шалқар көл. Шартабақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел күнсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сарыатан. Таусылмайды сары дала, таусылмайды сары бел. Сары белдің ар жағы - бота күнгі мекені». Дидахмет Әшімханов оқиға желісін өткенге шегініс жасау арқылы әңгіменің ішіндегі әңгімені бастайды. Қаламгер бұл жерде де детальға жүгінеді. Жазушы өрнекті прозаның стилімен мамаағашқа екпін түсіре, алдағы келе жатқан трагедиялық жағдайды тұспалдайды. Әдеби дамуда өзіндік стилімен, сөз өнеріндегі дара болмысымен танылған дара жазушы Тынымбай Нұрмағанбетұлы шығармалары өмірдің өзінен алынып, айналадағы күнде көріп жүрген құбылысты өзіндік шұрайлы да құнар тілімен, оңтайлы тәсілдермен тамаша бейнелей білген шыншыл туындылар. Жазушы талай қаламгер ат ізін салған белгілі тақырыптың өзінен бұрын байқалмаған бедер тауып, безендіре білді. Тынымбай Нұрмағамбетовтің шығармаларында «иіс» ұғымы аса маңызды атрибут ретінде алынған. «Туған үйдің түтінінің иісі», «Ата қоныстың, кіндік қаны тамған жердің», «жалғыз ұлдың иісі». Баланың иісі, әке үйінің иісі (нан, ананың киімі, оның қабірінің бір уыс топырағы) − бұлардың барлығы кейіпкердің жан дүниесінің тереңіне бойлап, анаға, туған жерге деген махаббатын қайта оятады. Иіс мотиві арқылы бүгінгі замандастарға адамның қасиеті туралы ой түсіріп, жан әлеміндегі тылсым, тұнық сезімдердің оянуына түрткі болады. Ал Тұрсынжан Шапай шығармашылығындағы айшықты прозаның көрінісін беретін атрибут ретінде айна алынған. «Айна сарай» мен «Әулие» әңгімесіндегі айна лейтмотиві - адамның әлемді оның алғашқы танымдық қасиеттерін тануын меңзейді. « . . . Қол басындай ғана сынық айна екен деймін. Жерден іліп алып, бетінің шаңын жеңіммен сүртіп-сүртіп жіберіп, үңіліп келіп қараймын. Қараған сайын, белгісіз бір суық үрейден қалтырай түсемін . . . Айнаның беті қарауыта үңірейген құрдым құдыққа айналып барады» [ 3, 199 б] . Бұл символ − «жарық дүние бастауынан, күннің шығысынан көрге дейінгі түсініксіз, беймәлім жайттардың» рәмізі. Шығармадағы кейіпкердің айнаға қараған сәтінен бастап ол өткенді, өзін еске алады. Бұл сәт деп атады кейіпкер: «Мұнда мен өзіме қатты ұқсаймын . . . жоқ, мен осындай болуға тиісті едім . . . болғым келер еді . . . жоқ, мен осының өзі өзімін! Бұл бейне емес, бұл - мен! Өйткені, бұл айнада бір сүйіспеншілік бар . . . Кім өзін . . . » Жазушының балалық сағынышы баланың өзін дүниеден ажырағысын сезініп, дүние құпиясын білудің қажетсіздігі, өйткені баланың өзінің символ екендігін айтуы әңгімелерінің арқауы. Дидар Амантай прозасындағы «ақ түс» таңғажайып құбылыстарды тануға бағытталған (түс көру, әйелдің бейнесі, Ыстықкөлдегі қар, ақ түс және өлім) . Ең бірінші «ақ түс» түс көру (ұйқы) образында табиғаттың ғажабынан қызға деген сезімінің оянуы арқылы кейіпкер күнделікті өмірдегі күйбең тірліктен биіктеп, жан дүниесінің тереңінде өзіне өзі есеп беріп, өзгеру себебінің таңғажайып сәтін, ләззатын жібергісі келмейді. Сондықтан оның үнсіз ғана ернін жымқырып отыруына мән берілген. Дидардың кейіпкерлері әрдайым жалғыздықта болады, тек бір сәт қана өзге адамның жан дүниесімен кездесіп, шарпысып қалады. Сондай-ақ жазушы өз шығармаларында қарағайлы орман мен қара суды, түн, күн сәулесін, жаңбырды басты атрибут ретінде алады. Қар мен жаңбыр жазушының өмірінің тұрақты атрибуты. Қардың өзінің мағынасын әртүрлі етіп кұлпырта пайдаланады. «Бір уыс топырақ» әңгімесіндегі қар ұшқыны, қалың қар т. б. Жазушының көптеген шығармаларына ене отырып, қар образы кейіпкердің жан түкпіріндегі сырын ашудың лейтмотивіне айналды. Мынадай тұжырымға келуге болады, адам өзінің ең бақытты сәтінде табиғатпен тұтасып, әсіресе қар жауған сәттегі оның кіршіксіз ақ түсі өң мен түстің арасындағы беймәлім сезімді туғызады. Ал кейіпкер қалалық өмірге ауысқанда «жанның торығуы» басталады. Д. Амантай шығармаларындағы қар әрқилы мазмұнда, мысалы қар аралас жаңбыр, қайғылы ой мен оқиғаға байланысты. Жекелеген сөздер, репликалар, тұтас синтаксистік бірліктер, сюжеттің қайталануы қиылысатын әрі қарама-қайшы айшықты әсердің бұл «түр мен түс», «орын», «сыртқы сипат», «жұмбақтың құпиясы». Олар мағыналық тұрғыдан лейтмотив жүйесінде танылып, формальді түрде дыбыстың жазудан мәні түспейтін поэтикалық әдістердің (метафора, метонимия, анафора, эпифора, сөздің кері формасы) реттелген бірлігі - осылардың барлығы шығарманың өзіндік өрнегін қалыптастырады. Тұтастай алғанда орнаментальді жүйе; көркем әдебиеттегі шығармалардан өзіндік мағыналық жүйесі арқылы өзгешеленіп, белгілі көркемдік тұтастыққа тілдік, тілдік емес бірліктердің бейнелеушілік мүмкіндіктерін жоғары дәрежеде қойылтып, жұмылдырумен ерекшеленеді. Қорыта келгенде, халық арасында таралған қанатты сөздер кейіпкер-автор санасындағы ой ағымына ұлттық деталь ретінде қосылады. Тұтастай алғанда орнаментальді жүйе; көркем әдебиеттегі шығармалардан өзіндік мағыналық жүйесі арқылы өзгешеленіп, белгілі көркемдік тұтастыққа тілдік, тілдік емес бірліктердің бейнелеушілік мүмкіндіктерін жоғары дәрежеде қойылтып, жұмылдырумен ерекшеленеді. Шығармалардағы бір сөздің бірнеше рет қайталануы кейіпкердің ішкі сезімдерінің, көңіл-күйінің тасқындарын танытады әрі еркін ауызекі тіл мен өлең жүйесіндегі аяқталмаған ой-сезімді білдіреді. Айшықты прозада адам денесінің бір бөліктері кейіпкердің орнын басуы бейнесінде танылады.
- Шмид В. Нарратология. - М. : Языки славянской культуры, 2003.
- Балтабаева Г. С. Тәуелсіздік кезіндегі қазақ прозасының көркемдік әлемі: Повестер мен әңгімелерге шолу, талдау. - Алматы: «Қаратау КБ» ЖШС: «Дәстүр», 2016, - 288 б.
- Шапай Т. Екі томдық шығармалар жинағы. 2 том. - Алматы: «Арда+7», 2017. - 384 б
1. 2 Мистика
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz