Стандарттау, метрология және сертификаттау пәнінен лекция жинағы



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 65 бет
Таңдаулыға:   
Стандарттау, метрология және сертификаттау пәнінен
лекция жинағы

Тақырыбы: Кіріспе
Дәрістің жоспары:
1 Пәннің мақсаты мен қарастыратын мәселелері.
2 Стандарттаудың даму сатылары.
3 Ұлттық стандарттаудың пайда болуы.
4 Халықаралық стандарттаудың даму кезеңдері.
5 Қазақстан Республикасында стандарттаудың даму тарихы.
1 Стандарттау және метрология пәні үш бөлімнен тұрады, олар бір-бірімен тығыз байланысты болып келеді, сондықтан бұл пәндерді бір оқулық курста оқыту әрбір қызмет бағытының маңыздылығы жөнінде толық түсінік береді.
Стандарттау атты бірінші бөлімінде Қазақстан Республикасындағы стандарттаудың құқықтық, ұймдастырушылық және әдістемелік негіздері беріледі. Стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттар, оларды жасау, бекіту және қолдану тәртібі.
Сертификаттау атты екінші бөлімі Қазақстандағы сертификаттаудың ұйымдастырушылық-әдістемелік және құқықтық принциптерге арналады.
Метрология атты үшінші бөлімінде метрология нысаны ретінде өлшеулер, халықаралық сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық қатынастарда өлшемдердің бірлігіне жетудің рөлі мен мәні қарастырылады.
Осы пәннің басты мақсаты студенттерге кәсіпорындардың сыртқыэкономикалық қызметтерінің дамуына қажетті және Қазақстаннның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруі үшін халықаралық сертификаттау жүйелерінің деңгейіне жету үшін стандарттау, сертификаттау, метрология салалары жөнінде білім беру.
Пәнді оқытудың басты мәселесі - студенттерге өнімнің, қызметтердің, технологиялық процестердің параметрлерінің әдістері мен ережелері жөнінде түсінік беру; сонымен қатар студенттерді стандарттаудың, сертификаттау мен метрологияның даму тарихымен, олардың өнімнің сапасын жоғарлатудағы рөлімен, құқықтық, ұйымдастырушылық және әдістемелік негіздерімен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік стандарттау және сертификаттау жүйелерімен, ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейлерде стандарттау және сертификаттау жөніндегі нормативтік құжаттарымен таныстыру; өлшемдер, олардың бірлігін қамтамасыз ету әдістері мен құралдары және қажетті дәлдікке жету тәсілдері жөнінде теориялық және тәжірибелік дағдылар беру.
Пәнді оқу нәтижесінде студенттер келесілер жөнінде түсінік алады:
- метрологияның, стандарттау мен сертификаттаудың тарихы мен олардың Қазақстан мен шетелдегі қазіргі жағдайы туралы;
- өлшеулер, олардың бірлігін қамтамасыз ету әдістері мен құралдары жөнінде;
- қажетті дәлдікке жету тәсілдері жөнінде;

- дамыған елдерде стандарттау қызметінің ұйымдастыруы туралы;
- стандарттау және сертификаттау жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдары жөнінде;
- метрология, стандарттау мен сертификаттау арасындағы байланыстары жөнінде.
Сонымен қатар студенттер пәнді оқу барысында келесілерді білуі керек:
- стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерін, әдістемелік материалдарын;
- стандарттар мен өлшем бірліктеріне ведомствоаралық және ведомстволық бақылау жүйелерін;
- физикалық шамалардың бірліктерін қайта-өңдеу теориясы мен олардың өлшемдерін тасымалдау;
- өлшемдер мен өлшеу құралдарының нәтижелерін өңдеу әдістерін, олардың метрологиялық сипаттамаларын;
- өнімнің сертификаттау технологиясы мен ұйымдастыруын, өнімге сынақ жүргізу мен оны қабылдау ережелерін.
Пәнді оқу нәтижесінде студенттер келесілерді қолдануды білуі керек:
- стандарттау, сертификаттау мен метрология жөніндегі жұмыстарды жоспарлау мен жүргізудің компьютерлік технологиясын;
- өлшемдердің нәтижелерін өңдеу мен олардың дұрыстығын талдау әдістерін;
- өнімді сертификаттау жұмыстарын жүргізу кезінде өнімнің және процестердің сапасын бақылау әдістерін;
- өнімнің сапасы жөніндегі мәліметтерді талдау әдістері мен ақаулардың пайда болуын табу тәсілдерін;
- стандарттау, сертификаттау жөніндегі жұмыстардың экономикалық тиімділігін есептеу әдістерін.
2 Стандарт деген сөз ағылшын тілінен аударғанда норма, үлгі, эталон, модель дегенді білдіреді, яғни басқа ұқсас объектілердің эталондарымен салыстыруға арналған.
Стандарттау адам қоғамының дамуы мен тығыз байланысты. Ежелгі кезде бірыңғай өлшемдер жүйесін, стандартты өлшемді құрылыс материалдарын, стандартты диаметрі бар су құбырларын қолдану - бұның бәрі сол заманда стандарттау қызметінің жұмыс істегеніне дәлел.
Сол сияқты Ежелгі Мысырда құрылыста тұрақты, стандартты өлшемі бар кірпіштерді қолданды, олардың өлшемдерін арнайы шенеуніктер қатаң бақылады.
Грек архитектурасының тамаша ескерткіштері - дүниежүзіне танымал болған шіркеулер, олардың бағандары шағын ғана элементтерден жасалған.
Ежелгі римляндар су құбырларын салғанда стандарттау принциптері мен әдістерін сол кезден бастап қолданған.
Орта ғасырда салалардың дамуына байланысты стандарттау әдістері жиі қолдана бастады. Сол кезде маталардың енінің өлшемдері, оның құрамындағы жіптердің бірыңғай саны орнатылды, маталар өндірісінде қолданылатын шикізатқа бірыңғай талаптар анықталды.
1785 жылы француз инженері Леблан қарулық құлыптардың партиясын - 50 данада дайындап шығарды, олардың әрбіреуі тек өздеріне тән маңызды қасиеттерге ие болды. Бұл өзара-алмастырушылық және бірегейлік қасиеттері. Осы құлыптардың әрқайсысын алдын-ала дайындамай қарудың кез-келгеніне сала берді.
Жаппай өндіріске көшу мақсатымен Германияда қарулық зауытта қаруларға стандарт орнатылды, бұл стандарт бойынша қарудың калибрі 13,9 мм тең болды.
19 ғасырдың екінші жартысында стандарттау жөніндегі жұмыстар барлық өнеркәсіптік кәсіпорындарда жүргізілді.
Стандарттау бұл жылдары тек бөлек фирмалардың және кәсіпорындардың ішінде ғана жүргізілді. Бірақ қоғамдық еңбектің бөлінуі салдарынан стандарттау ұлттық және халықаралық маңызына ие болды.
3 1846 жылы Германияда теміржол колеясының ені мен вагондардың тізбекті құралдары бірыңғайланды.
1869 жылы мұнда алғашқы анықтамалар кітабы жарық көрді, бұл анықтамаларда темірдің стандартты профилдерінің өлшемдері берілді.
1870 жылы Еуропаның бірқатар елдерінде кірпіштердің стандартты өлшемдері орнатылды.
1891 жылы Англияда, біраз соңыра басқа мемлекеттерде Витворт атты бұрандыларды стандарттау енгізілді (ол дюйммен өлшенді), біраздан кейін елдердің көбінде ол метриялық бұрандыға ауысты.
Халықаралық стандарттаудың басталуы 1875 жылы Парижда 17 ел қатысқан Халықаралық метриялық конвенцияны кабылдауын және Халықаралық өлшемдер және таразылар бюросының орнатылуын айтуға болады. Ұлттық және халықаралық стандарттаудың бұл алғашқы жетістіктері өндірістік күштің дамуына үлкен тәжірибелік әсерін тигізді.
19 ғасырдың соңында және 20 ғасырдың басында техника, өнеркәсіп және өндірістің дамуы күшейді. Осыған байланысты экономикалық қатынастар жағынан жақсы дамыған елдерде ұлттық стандарттаудың ұйымдастырылуымен айнала бастады, солардың салдарынан бұл мемлекеттерде стандарттау жөніндегі ұлттық ұйымдар құрылды.
Англияда 1901 жылы стандарттар Комитеті құрылды, оның басты мақсаты - Британ империясының экономикалық күшін шикізатқа, өнеркәсіптік бұйымдарға және әскери техникаға стандарттарды дайындап, енгізу арқылы күшейту болды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін көптеген мемлекеттерде стандарттау жөніндегі ұлттық ұйымдар құрылды, мысалы, Бельгияда (1912 ж.), Голландияда (1916 ж.), Германияда (1917 ж.), Францияда, Швайцарияда, Америка Құрама Штатында (1918 ж.), Австрилияда, Швецияда, Чехословакияда (1922 ж.), Норвегияда (1923 ж.), Финляндияда, Польшада (1924 ж.), Данияда (1926 ж.) және Румынияда (1928 ж.).
4 Халықаралық тауаралмасу және ғылым мен техника салаларында тығыз байланыстардың кеңейту салдарынан стандарттау жөніндегі Халықаралық ассоциация (ИСА) құрылды, бірақ оның жұмысы екінші дүниежүзілік соғыстың басталысымен тоқтатылды.
1943 жылы Біріккен ұлттар ұйымының шегінде стандарттау жөніндегі мәселелермен шұғылданатын Координационды комитет құрылды, оның бюросы Лондонда және Нью-Йоркте орналасты.
1946 жылы Лондонда стандарттау жөніндегі Халықаралық ұйым (ИСО) құрылды, оның құрамына 33 ел қатысты. Қазіргі кезде ИСО ірі халықаралық техникалық ұйымдардың құрамына кіреді (оның мүшелері болып 146 ел саналады).
ИСО басқа стандарттау жөніндегі жұмыстар көптеген халықаралық және өңірлік ұйымдарда жүргізіледі.
Мысалы, Еуропалық көмір және болат бірлестігінің шегінде 1953 жылы болат бойынша Координационды комиссия құрылды, ол бірлестіктің құрамына кіретін мүшелер үшін, яғни Германия, Франция, Бельгия, Италия, Голландия және Люксембург сияқты мемлекеттерге еуропалық стандарттарды дайындап шығаруға уәкілетті болды.
5 Қазақстандағы стандарттаудың даму тарихы Кеңес одағы кезінде басталды. 1923 жылы Семейде Омбылық өлшемдер және таразылардың салыстырып-тексеру палатасының бөлімшесі ашылды. 1925 жылы Алматыда Семейлік өлшемдер және таразылар салыстырып-тексеру палатасының Алматылық бөлімшесі ашылды.
1931 жылы Алматыда стандарттау жөніндегі Қазақ өңірлік бюросы құрылып, 1938 жылы ол өлшемдер мен өлшеу аспаптары жөніндегі жұмыстармен шұғылданатын уәкілетті комитет Басқармасына өзгертілді.
Өздікбақылауға арналған сұрақтар:
1 Пәннің мақсаттары мен қарастыратын мәселелерін атаңыз.
2 Ежелгі Мысырда стандарттау қалай дамыды?
3 Әртүрлі елдерде ұлттық стандарттаудың дамығанын қайдан көруге болады?
4 Халықаралық ИСО ұйымы қашан және қайда құрылды?
5 Қазақстанда стандарттаудың дамуы қашан басталды?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Основы стандартизации, метрологии, сертификации и менеджмента качества. Учебное пособие под редак. Тазабекова Алматы.: 2003 г. - 450 с.
2 Е.М. Лифиц Основы стандартизации, метрологии и сертификации. М.: Юрайт, 2000 г. - 465 с.
3 Жанзақов М.М., Мырзабек К.А. Стандарттау - Қызылорда, Тұмар, 2007 ж. - 224 б.

Тақырыбы: Курстың заңнамалық негізі
Дәрістің жоспары:
1. Қазақстан Республикасының Техникалық реттеу туралы заңы.
2. Техникалық реттеудің мақсаттары мен принциптері.
Қазақстан Республикасының Техникалық реттеу туралы заңы өнімнің, көрсетілетін қызметтің, процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің құқықтық негіздерін белгілейді.
Өнім, көрсетілетін қызмет, процестер техникалық реттеу объектілері болып табылады.
Мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес техникалық реттеу объектілеріне қатысты пайдалану құқығын иеленетін жеке және заңды тұлғалар техникалық реттеу субъектілері болып табылады.
Техникалық реттеудің негізгі мақсаттары:
1) өнімнің, көрсетілетін қызметтің, процестердің адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта, соның ішінде жануарлар мен өсімдіктер дүниесі үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
3) өнімнің, көрсетілетін қызметтің қауіпсіздігіне қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын іс-әрекеттерді алдын алу;
4) саудадағы техникалық кедергілерді жою;
5) өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.
Техникалық реттеу:
1) мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің бірлігі мен тұтастығы;
2) бірыңғай терминологияны, өнімге, көрсетілетін қызметке, процестерге қойылатын талаптарды белгілеу ережелерін қолдану;
3) техникалық реттеу мақсаттарының орындылығы мен қолжетімді болуы, техникалық реттеу процестеріне қатысу үшін тең мүмкіндіктерді, мемлекет пен мүдделі тараптар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету;
4) отандық және импортталатын өнімге, көрсетілетін қызметке және олардың белгіленген талаптарға сәйкестігін растау рәсімдеріне қойылатын талаптардың бірдей болуы;
5) техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен стандарттарды әзірлеу кезінде ғылым мен техника жетістіктерін, халықаралық және өңірлік ұйымдардың стандарттарын басым пайдалану;
6) техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының мемлекет экономикасының дамуы, оның материалдық-техникалық базасы деңгейіне және ғылыми-техникалық даму деңгейіне сәйкестігі;
7) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, стандарттардың және олар туралы, оларды әзірлеу, бекіту, жариялау тәртібі туралы ақпараттың қолжетімділігі;
8) стандарттарды қолдану мақсатында оларды ерікті түрде таңдау;
9) сәйкестікті растаудың, бірыңғай жүйесі мен ережелері;
10) бір органның аккредиттеу және сәйкестікті растау жөніндегі өкілеттіктерді қоса атқаруын болдырмау;
11) бір мемлекеттік органда мемлекеттік бақылау мен қадағалау және сәйкестікті растау функцияларының үйлеспеушілігі;
12) сәйкестікті растау жөніндегі органдардың дайындаушылардан (орындаушылардан), сатушылардан және сатып алушылардан тәуелсіздігі;
13) сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарда бәсекелестіктің шектелуін болдырмау принциптеріне негізделеді.
Өздікбақылауға арналған сұрақтар:
1 Техникалық реттеу туралы ҚР заңы қашан қабылданды?
2 Техникалық реттеудің мақсаттары мен принциптерін атаңыз.
3 Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің құрылымы қандай?
4 Стандарттау саласына байланысты уәкілетті органның функциялары неде?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Техникалық реттеу туралы ҚР заңы (2004 жылдың 9 қарашасы № 603 -11 (05.07.2008 ж. өзгерістер мен толықтырулармен)

Тақырыбы: Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің құрылымы
Дәрістің жоспары:
1 Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің құрылымы.
2 Стандарттау саласына байланысты уәкілетті органның функциялары.
Мемлекеттік техникалық реттеу жұйесінің құрылымын:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) уәкiлетті орган;
3) өз құзыретi шегiнде мемлекеттік органдар;
3-1) аккредиттеу жөніндегі орган;
4) мемлекеттік органдар жанындағы техникалық реттеу саласындағы сарапшылық кеңестер;
5) Саудадағы техникалық кедергiлер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі ақпарат орталығы;
6) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер;
7) сәйкестiктi растау жөніндегі органдар, зертханалар;
8) сәйкестiктi растау, аккредиттеу, тауардың шығарылған елін, Кеден одағы тауарының немесе шетел тауарының мәртебесін айқындау жөнiндегi сарапшы-аудиторлар;
9) Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттiк қоры құрайды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің техникалық реттеу саласындағы құзыретіне мыналар жатады:
1) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
2) мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiн құру;
3) техникалық реттеу саласында құқықтық реформаны қамтамасыз ету;
4) техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiнiң депозитарийiн құру және жүргiзу ережелерiн бекіту;
5) өнiмнiң, процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесi үшiн консультациялық-кеңесшi органдар құру;
6) техникалық регламенттерді бекіту;
6-1) техникалық регламенттерді әзірлеу, сараптау, қабылдау, өзгерту және күшін жою тәртібін белгілеу;
7) Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қалыптастыру және жүргізу тәртібін айқындау;
7-1) техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспарды бекіту.
8) тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі ережені және тауардың шығарылуы туралы сертификатты беру ережесін бекіту;
9) ішкі айналымға арналған тауардың шығу тегі туралы сертификатты беруге уәкілетті органды (ұйымды) айқындау;
10) кеден одағы тауарының және (немесе) шетелдік тауардың мәртебесін айқындауға уәкілетті органды (ұйымды) белгілеу;
11) өнiмдi таңбалау тәртібін белгiлейдi;
12-1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының мұқтаждары үшін пайдаланылатын әскери және қосарланған мақсаттағы тауарларға (өнімге), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге әскери стандарттарды әзірлеу, келісу, қабылдау, есепке алу, өзгерту және күшін жою қағидаларын бекіту;
13) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
Уәкілетті орган мынадай функцияларды орындайды:
Уәкiлеттi орган мынадай функцияларды орындайды:
Техникалық реттеу саласында:
1) мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiн құруға қатысады;
2) техникалық реттеу саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асырады;
3) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметiн салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
4-1) техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспарды әзірлейді;
5) техникалық реттеу саласындағы жобалардың және нормативтiк құқықтық актiлердiң техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік саясатқа және осы Заңның 4-бабы 1-тармағында көзделген мақсаттарға сәйкестiгiне талдауды және сараптама жүргiзудi ұйымдастырады;
6) техникалық регламенттерді әзірлеу бойынша сараптамалық кеңестермен, техникалық реттеу мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасайды;
7) стандарттау, сәйкестiктi растау және аккредиттеу жөніндегі халықаралық және өңiрлiк ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк етедi, халықаралық және өңiрлiк стандарттау, сәйкестiктi растау нәтижелерiн өзара тану жөніндегі жұмыстарға қатысады;
8) мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiнiң тiзiлiмiн жүргiзудi ұйымдастырады;
8-1) нормативтік техникалық құжаттардың ресми басылымдарын тарату және пайдаланушыларды олармен қамтамасыз ету тәртібін айқындайды;
9) Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттiк қорының жұмысын ұйымдастырады және үйлестiредi;
10) Ақпарат орталығының жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi;
11) сәйкестiктi растау, аккредиттеу, тауардың шығарылған елін, Кеден одағы тауарының немесе шетел тауарының мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторларды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру және аттестаттау тәртібін айқындайды және оларды ұйымдастырады, сондай-ақ осы сарапшы-аудиторларға қойылатын біліктілік талаптарын белгілейді;
12) техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады және үйлестiредi;
13) аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталарының қызметін тауардың шығу тегі туралы сертификатты беру тәртібінің сақталуына және iшкi айналымға арналған тауардың шығу тегi туралы сертификатты беру тәртiбiнiң сақталуына уәкiлеттi органның (ұйымның) қызметiн жыл сайынғы тексеруді жүргізу, кеден одағы тауарының және (немесе) шетелдік тауардың мәртебесін айқындау арқылы бақылауды жүзеге асырады.
Стандарттау саласында:
1) әскери және қосарланған мақсаттағы тауарларға (өнімге), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге әскери стандарттарды қоспағанда, ұлттық стандарттарды, алдын ала ұлттық стандарттарды және техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiн әзiрлеу, келiсу, есепке алу, бекiту, сараптау, өзгерту, күшін жою және қолданысқа енгiзу тәртiбiн айқындайды;
2) техникалық регламенттермен үйлестiрiлген стандарттарды талдауды және әзiрлеудi ұйымдастырады;
3) халықаралық, өңiрлiк стандарттарды және шет мемлекеттердiң стандарттарын, шет мемлекеттердің ұйымдарының стандарттарын, техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерін, стандарттау, сәйкестiктi растау және аккредиттеу жөніндегі қағидаларын, нормалары мен ұсынымдарын ұйымдардың стандарттарында қолдануды қоспағанда, оларды Қазақстан Республикасының аумағында есепке алу және қолдану тәртiбiн айқындайды;
4) мемлекеттік стандарттаудың жоспарларын әзiрлеу тәртібін белгiлейдi;
5) стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мемлекеттік тiлдегi және орыс тiліндегі аудармаларын растауды ұйымдастырады.
6) өнімді таңбалау тәртібін әзірлейді;
7) Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді.
8) үкіметтік емес стандарттарды әзірлеу, консенсусын қамтамасыз ету, бекіту, есепке алу, тіркеу, белгілеу, өзгерту, күшін жою, өзекті ету, сақтау, басып шығару, тарату, әзірлеушінің авторлық құқықтарын сақтау және қолданысқа енгізу тәртібін айқындайды;
9) өнімнің каталог парағының нысанын белгілейді.
Уәкiлеттi орган осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Өздікбақылауға арналған сұрақтар:
1 Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің құрылымы қандай?
2 Стандарттау саласына байланысты уәкілетті органның функциялары неде?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Техникалық реттеу туралы ҚР заңы (2004 жылдың 9 қарашасы № 603 -11 (03.07.2013 ж. өзгерістер мен толықтырулармен)

Тақырыбы: Стандарттаудың принциптері мен әдістері
Дәрістің жоспары:
1 Стандарттау нысандарын ретке келтіру.
2 Стандарттаудың басқа әдістері.
Стандарттау қызмет түрі ретінде жалпы ғылыми және арнаулы әдістердің жиынтығына сүйенеді. Бұл әдістер жиынтығы қайталанып кездесетін міндеттерді оптималды шешу үшін қажет болып табылады.
Стандарттау жұмыстарында жиі қолданылатын әдістер:
1) стандарттау нысандарын ретке келтіру;
2) параметрлік стандарттау;
3) унификациялау;
4) агрегаттау;
5) кешенді стандарттау;
6) озық стандарттау.
Стандарттау нысандарын ретке келтіру стандарттау нысандарының алуан түрлігін басқару болып табылады. Мысалы, жіктеуіштер, типтік конструкциялар, комплекттеуші бұйымдар, процестер, ережелер, құжаттардың формалары (нұсқалары) ретке келтіру жұмыстарының нәтижесі болып табылады.
Ретке келтіру стандарттау нысандарын жүйелеу (жүйеге келтіру), типтендіру, селекциялау, симплификациялау және оңтайлау арқылы (жолымен) жүзеге асырылады.
Жүйелеу - біртекті, өзара байланыстағы стандарттау нысандарының белгілі тізбегін тағайындау болып табылады.
Нысандардың алуан түрлігін ескерсек, жүйелеудің маңызы өте зор болып табылады, өйткені оларды өзара байланыстырылған және өзара бағыныстағы топтарға біріктіруге, оларды жіктеуге жіне ранжирлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, Қазақстан Республикасында қолданылатын техника-экономикалық және әлеуметтік ақпарат жіктеуіштері жүйелеу жұмыстарының нәтижелері болып табылады.
Типтендіру - бірқатар стандарттау нысандарына ортақ сипаттар негізінде типтік конструкциялық немесе технологиялық шешімдерді әзірлеу жөніндегі әрекеттер болып табылады. Типтендіру нәтижелері типтік конструкциялар, бұйымдар, ережелер, процестер, құжаттар формалары, есептер, жұмыс жүргізу тәртібі және т.б. болып табылады.
Селекциялау - әртүрлі қызметтер облыстарындағы ары қарай да өндіруге немесе қолдануға қолайлы деп танылған нақты стандарттау нысандарын іріктеп алу.
Симплификациялау - селекцияға кері - әртүрлі қызметтер облыстарындағы ары қарай да өндіруге немесе қолдануға қолайлы емес деп танылған нақты стандарттау нысандарын іріктеп алу.
Басқа сөзбен айтқанда симплификациялау деп әр қолданылатын элементтердің санын қолайлы минимумге дейін қысқартуды (мысалы, ыдыстың, ыдыс-аяқтың, бекіту элементерінің өлшемдік типтерін азайтуды) айтады.
Оңтайлау - мүмкін болғандардың ішінен ең жақсы (оңтайлы) стандарттау нысанын таңдап алу. Стандартталатын нысандардың параметрлерінің (арналу, қауіпсіздік, сапалық параметрлері, тұтыну қасиеттері және т.б.) оңтайлы мәндерін табуға негізделеді.
Стандарттау нысандарын оңтайлау экономика-математикалық әдістері және оңтайлы модельдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Параметрлік стандарттау - параметрлердің қолайлы номенклатурасын және сандық мәндерін таңдау және негіздеумен байланысты стандарттау әдісі.
Параметр - (parametron - грек - өлшеуші) - процестің, құбылыстың немесе жүйе, машина, аспаптың кез келген қасиетін сипаттаушы шама болып табылады.
Өнімнің ең маңызды параметрлері болып оның арналуын және қолдану шарттарын айқындаушы сипаттары табылады:
oo өлшемдік параметрлер (киімнің, аяқ киімнің размері, ыдыс аяқтың сиымдылығы.;
oo салмақтық параметрлер (спорт инвентарінің жеке түрлерінің салмағы);
oo машиналар мен аспаптардың өнімділігін сипаттаушы параметрлер (желдеткіштің өнімділігі, көліктің жүру жылдамдығы);
oo энергетикалық параметрлер (тоңазытқыш пайдаланатын қуаттын мөлшері) және т.б.
Белгілі типке жататын, яғни белгілі қызметке арналған, жұмыс істеу принципі мен конструкциясы айқындалған өнім бірнеше параметрлермен сипатталады. Параметрлердің тағайындалған мәндерінің жиынтығы параметрлік қатар деп аталады. Мысалы тоқ шамдарының параметрлік қатары (пайдаланатын қуаты бойынша): 25, 40, 60, 75, 100, 150, 200, 250, 500 Вт.
Параметрлік қатардың бір түрі болып өлшемдер қатары табылады. Мысалы, маталар үшін өлшемдік қатар мата енінің жеке параметрлерінен, ыдыс-аяқ үшін - жеке сиымдылық параметрлерінен құралады. Бір типті өнімнің (материалдың) әр өлшемі типтік өлшем (типоразмер) деп аталады. Мысалы, қазіргі кезде ерлер киімінің 105 типтік өлшемі және әйелдер киімінің 120 типтік өлшемі бекітілген.
Параметрлер қатарларын стандарттау процесі параметрлік стандарттау деп аталады. Мысалы, киім және аяқ-киімнің өлшемдік қатарларын құру үшін көптеген еркек және әйел адамдарын (әртүрлі жастағы, әртүрлі өңірде тұратын) антропометриялық өлшеулерден өткізу керек. Алынған нәтижелер математикалық статистика әдістерімен өңделеді.
Үйлесімді сандар және үйлесімді сандар қатарлары. Машина, аспап, ыдыстардың параметрлік қатарлары үйлесімді сандар жүйесіне сәйкес құралады. Үйлесімді сандар деп геометриялық прогрессия бойынша өзгеретін сандар тізбегінің жиынтығын айтады. Бұл жүйенің мағынасы - параметрлер мәндері үшін кез келген санды ала бермей, тек қана белгілі математикалық заңға бағынатын мәндерді ғана алу болып табылады.
Радиотехникада Халықаралық электротехникалық комиссиямен қабылданған Е қатары байынша құрылған үйлесімді сандар қолданылады.
Унификациялау - (бірыңғайландыру) (лат. unus - бір) - өнім, процестер және қызмет көрсетулер түрлерінің, олардың параметрлерінің және өлшемдерінің мәндерінің оңтайлы санын таңдау (тағайындау).
Бірыңғайландыру - бірдеңені бірыңғай жүйеге, формаға, бірегейлікке келтіру. Мысалы техникада бірыңғайландыру деп өнімнің және оны шығаруға қажет құралдардың минимум санды типтік өлшемге, маркаға, қасиеттерге келтіруді айтады.
Бірыңғайландырудың мақсаты өнімнің, процестердің қажетсіз көп түрлері болуға жол бермеу және олардың санын негізгі тұтынушыға қажетті минимумға келтіру болып табылады.
Бірыңғайландыру мына түрлерге бөлінеді:
oo типтік-өлшемдік бірыңғайландыру (мысалы, функционалдық арналуы бірдей, бір-біріне бас параметрлерінің сандық мәнімен ажырасатын өнімдер);
oo тип шегіндегі бірыңғайландыру (мысалы, бас параметрі бірдей, құрамдық элементтерінің конструкциясымен ажырасатын өнімдер);
oo тип аралық бірыңғайландыру (мысалы, әртүрлі типті және конструкциялы өнімдер).
Жүргізу аймағына байланысты нысандарды бірыңғайландыру салааралық, салалық және зауыттық болуы мүмкін.
Ең жоғары экономикалық әсерге жобалау сатысында қол жеткізуге болады. Бірыңғайландыру нәтижелері бұйымдардың, бөлшектердің, тораптардың типтер, параметрлер және өлшемдер стандарттарының, конструкция, марка және т.б. типтік (бірыңғайланған) конструкциялары альбомы түрінде өңделеді.
Агрегаттау - бұйымдардың, машина, аспап және жабдықтарды бөлек стандартты бірыңғайланған бөлшектер мен тораптардан құрау және қолдану әдісі. Бұндай бөлшектер мен тораптар әртүрлі қосылыста конструкциясы және сыртқы бейнесімен ажырасатын өлшемдердің кең номенклатурасын өзірлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, жиһаэ өндірісінде щиттардың 15 өлшемін және стандартты жәшіктердің 3 өлшемін қолдану осы элементтерді әртүрлі комбинациясы арқылы жиһаздың 52 түрін құруға мүмкіндік береді.
Бірыңғайланған, стандартты, өзара алмастырылатын бөлшектер мен тораптарды қолдану нәтижесінде бұйымның жөндеуге келу қабілеті мен жөндеудің тиімділігі жоғарылайды.
Агрегаттау машина жасау, радиоэлектроника және өлшем құралдарын жасау салаларында кеңінен қолданылады. Аталған салаларыдың дамуы бұйымдар конструкциясының күрделігі және жиі өзгеруімен сипатталады. Әртүрлі машиналарды жобалау және жасау үшін машинаның конструкциясын бір-бірінен тәуелсіз жинау бірліктеріне (агрегаттарға) бөлу қажет болып шықты. Әр агрегат машинада белгілі функция атқаратындай қылып жасалатын балды. Бұл шара агрегаттарды бөлек бұйым ретінде шығаруға және оның жұмысын машинаның жұмысынан бөлек (жеке) тексеруге мүмкіндік берді.
Бұйымдарды бөлек агрегаттарға бөлу агрегаттау әдісінің дамуының алғашқы себебі болды. Содан кейін машиналардың конструкцияларын талдау көптеген агрегаттар, тораптар және бөлшектер, құрылымы басқа болса да әртүрлі машиналарда бірден бір функция атқаратынын көрсетті. Бөлек конструкциялық шешімдерді бірыңғайланған агрегаттар, тораптар және бөлшектер әзірлеу жолымен жалпылау осы әдістің мүмкіншіліктерін едәуір арттырады.
Кешенді стандарттау - стандарттаудың негізгі әдістерінің бірі. Кешенді стандарттау кезінде тұтас нысанның өзіне ғана емес, оның негізгі элементтеріне де өзара байланыстырылған талаптар қойылады және қолданылады. Мақсаты - нақты мәселенің оңтайлы шешімін табу.
Өнімге қатысты айтсақ, кешенді стандарттау - дайын өнімнің және оны шығаруға қажетті шикізаттың, материалдар және комплекттеуші тораптардың, сондай-ақ өнімнің бұзылмауы (таңбалау, буып-түю, тасымалдау, сақтау) және қолдану (пайдалану) жағдайларының сапасына өз деңгейлері бойынша өзара байланыстырылған талаптар тағайындау және қолдану болып табыдады.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында мемлекеттік негізін қалаушы стандарттар комплекстерін қалыптастыру жұмыстарын келтіруге болады. қалыптастыру бойынша іс-әрекеттер жалғастырылуда:
oo ҚР СТ 1.0 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік стандарттау жүйесі. Негізгі ережелер;
oo ҚР СТ 2.0 Мемлекеттік өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесі. Негізгі ережелер;
oo ҚР СТ 3.0 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сертификаттау жүйесі. Негізгі ережелер;
oo ҚР СТ 4.0 Өнімді зерттеп дайындау және өндіріске қою жүйесі. Негізгі ережелер;
oo ҚР СТ 5.0 Техника-экономикалық және әлеуметтік ақпаратты жіктеу және кодтаудың бірыңғай жүйесі. Негізгі ережелер;
oo ҚР СТ 6.0 Штрихты кодтау жүйесі. Негізгі ережелер;
oo ҚР СТ 7.0 Қазақстан Республикасы тіркеу (аккредиттеу) жүйесі. Негізгі ережелер.
Озық стандарттау - стандарттау нысандарына қазіргі күнгі практикада қол жеткен нормалар мен талаптардың деңгейінен жоғары, алдыңғы уақытта оңтайлы болады деп болжанатын деңгейде нормалар мен талаптар тағайындау.
Стандарттар ғылым және техниканың қол жеткен деңгейін бекітіп қана қоймауы керек, өйткені модельдік ескіру қарқыны жоғары болғандықтан олар техникалық прогрестің баяу жүруіне әкелуі мүмкін. Осыны болдыртпау үшін, олар перспективалық сапа көрсеткіштерін тағайындауы керек, өндірісте оларға қол жеткізуді қамтамасыз ету мерзімін көрсетуі керек. Озық стандарттар өнімнің перспективалық, сериялап шығарылуы әлі басталмаған немесе бастапқы кезеңдегі түрлерін стандарттау керек.
Халықаралық стандарттаудағы жетістіктерге 80- жылдары бекітілген аудио компакт-дисктерге әзірленген халықаралық стандартын жатқызуға болады. Бұл стандарт аудио компакт-дисктер шығарылмай тұрып алдын-ала әзірленген болатын. Осы шара компакт-дисктердің басқа техникалық жабдықтармен толық қиылысуын қамтамасыз етті, сонымен қажетсіз шығындардың болмауына қол жеткізді.
Өздікбақылауға арналған сұрақтар:
1 Стандарттау нысандарын ретке келтіру әдістің құрамына қандай әдістер кіреді?
2 Параметрлік стандарттау дегеніміз не?
3 Унификаттау және агрегаттау әдістері неге негізделген?
4 Кешенді стандарттау әдісінің мақсаты неде?
5 Озық стандарттаудың басқа әдістерден ерекшелігі неде?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Жанзақов М.М., Мырзабек К.А. Стандарттау - Қызылорда, Тұмар, 2007 ж. - 224 б.
2 Ракымжанова М.Т. Стандарттау, сертификаттау және метрология негіздері - Астана, Фолиант, 2008 ж. - 245 б.

Тақырыбы: Техникалық регламенттердің міндетті талаптарын сақтауға мемлекеттік бақылау
Дәрістің жоспары:
1 Техникалық регламенттер жөнінде жалпы мәліметтер
2 Техникалық регламенттердің мазмұны

1 Техникалық регламенттерде белгiленген талаптар мiндеттi болып табылады, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында тiкелей қолданылады және техникалық реттеу саласындағы тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу арқылы өзгертiлуi мүмкiн.
Техникалық регламенттерде айқындалған талаптар, Қазақстан Республикасының аумағына жануарлар мен өсiмдiктер не олардың өңделген өнiмдерi арқылы тарайтын аурулардың кiруiн болғызбауға бағытталған санитарлық және фитосанитарлық шараларды белгiлеу мен қолдануды қоспағанда, өнiмнiң шыққан елiне және (немесе) шыққан орнына қарамастан, бiрдей әрi тең дәрежеде белгiленедi және қолданылады.
Қажеттiк өлшемдерi, санитарлық және фитосанитарлық шаралардың талаптары мен рәсiмдерi осындай өнiмнiң барлық процестерiнде одан келетiн зиянның нақты ғылыми негiзделген қауiп-қатер деңгейiне негізделедi.
Процестерге қойылатын техникалық регламенттерде айқындалған талаптар Техникалық реттеу заңында көзделген мақсаттарға жетуге әсер ете алатын жағдайда ғана белгiленедi және қолданылады.
Техникалық регламенттерде белгіленген талаптар кәсiпкерлiк қызмет үшiн Техникалық реттеу заңында көзделген мақсаттарды орындауға қажет деңгейден артық кедергі тудырмауға тиiс.
Техникалық регламент мемлекеттiк саясат мүдделерiне, материалдық-техникалық базаның дамуына және ғылыми-техникалық даму деңгейiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес келмейтiн жағдайда уәкiлеттi орган мұндай нормативтiк құқықтық актiнiң күшiн жою немесе оған өзгерiстер енгізу рәсiмiн бастауға мiндеттi.
Техникалық регламентте оның қолданысқа енгiзiлу мерзiмi мен өтпелi кезең уақыты белгiленетiн шарттары көзделуге тиiс, бұл кезең iшiнде техникалық регламентті қолданысқа енгiзуге, нормативтiк немесе техникалық құжаттаманы әзiрлеуге және (немесе) түзетуге арналған мәселелер, сондай-ақ өнiм шығаруға байланысты мәселелер ескерiлуге тиiс.
Өнімді өндіру кезінде үйлестірілген стандарттар пайдаланылған болса, техникалық регламенттердің талаптары орындалған болып саналады.
Өнімді өндіру кезінде техникалық регламенттерде белгіленген талаптар мен нормалардың орындалуы қамтамасыз етілетін жағдайларда өзге де стандарттарды пайдалануға болады.
2 Техникалық регламенттердің мазмұны
Техникалық регламенттер зиян келтiру қауiп-қатерiнiң деңгейiн ескере отырып, өнiмнiң, процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн ең төменгi қажеттi талаптарды белгiлейдi.
Техникалық регламентте:
1) оның талаптары қолданылатын өнiмнiң, процестердiң толық қамтылған тiзбесi;
2) техникалық регламентті қабылдау мақсаттарына жетудi қамтамасыз ететiн өнiмнiң, процестердiң сипаттамаларына қойылатын талаптар болуға тиiс.
Техникалық регламентте өнiмнiң сынамаларын iрiктеу және оны сынақтан өткiзу ережелерi, сәйкестiктi растаудың ережелерi мен нысандары (оның iшiнде сәйкестiктi растау схемалары) және (немесе) терминологияға, буып-түюге, таңбалауға немесе затбелгi жапсыруға және оларды түсiру ережелерiне қойылатын талаптар болуы мүмкiн.
Техникалық регламентте, келтiрiлетiн зиянның деңгейi ескерiлетiн, өнiмнiң конструкциясы мен орындалуына қойылатын талаптардың болмауы салдарынан Техникалық реттеу заңында көзделген мақсаттарға жету қамтамасыз етiлмейтiн жағдайларды қоспағанда, өнiмнiң конструкциясы мен орындалуына қойылатын талаптар болмауға тиiс.
Егер шет мемлекеттердiң, халықаралық және өңiрлiк ұйымдардың нормалары мен стандарттары Техникалық реттеу заңында көзделген мақсаттарға сәйкес келсе, олар техникалық регламенттерді әзiрлеу кезiнде негiз ретiнде толық немесе iшiнара қолданылуы мүмкiн.
Ұзақ пайдаланған кезде жол берiлетiн қауiп-қатер деңгейiн анықтауға мүмкiндiк бермейтiн факторларға байланысты зиян келтiруi мүмкiн өнiмге қойылатын талаптарды айқындау мүмкiн болмаған жағдайда, техникалық регламентте тұтынушыны өнiмнiң ықтимал зияны туралы және оған байланысты факторлар туралы хабардар етуге қатысты талаптар болуға тиiс.
Техникалық регламенттерде зиян келтiру қауiп-қатерiнiң деңгейiн ескере отырып, техникалық реттеу объектiлерiне:
1) азаматтардың жекелеген санаттарын (кәмелетке толмағандарды, жүктi әйелдердi, бала емiзетiн аналарды, мүгедектердi) қорғауды қамтамасыз ететiн;
2) егер мұндай талаптардың болмауы климаттық және географиялық ерекшелiктерге байланысты Техникалық реттеу заңында көзделген мақсаттарға жете алмауға әкеп соғатын болса, Қазақстан Республикасының жекелеген әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерiнде қолданылатын;
3) техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде адам өмiрi мен денсаулығына, Қазақстан Республикасының және басқа да iргелес мемлекеттердiң қоршаған ортасына қауiп төндiретiн трансшекаралық қауiптi өндiрiстiк объектiлерге қойылатын арнайы талаптар болуы мүмкiн.
Өнімнің, процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талаптар техникалық регламенттерде ғана белгіленеді.
Техникалық регламентті әзiрлеу, сараптау, қабылдау, өзгерту және оның күшiн жою ерекшелiктерi
Техникалық регламент, техникалық регламентке өзгерiстер және (немесе) толықтырулар осы Заңның ережелерiн ескере отырып, белгiленген тәртiппен әзiрленедi, қабылданады және күшiн жоюға жатады.
Техникалық регламенттерді әзiрлеу, өзгерту, толықтыру немесе оның күшiн жою жөнiндегi ұсыныстарды құзыретiне мiндеттi ережелер мен нормаларды белгiлеу кiретiн мемлекеттiк органдар стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттердiң, мүдделi тараптардың ұсыныстарын ескере отырып дайындайды және уәкiлеттi органға ұсынады.
Уәкілетті орган техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспардың жобасын жасайды және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекіту үшін ұсынады. Техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі бекітілген жоспар бекітілген күннен бастап бір ай ішінде жариялануға тиіс.
Техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспарда көзделмеген техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жұмыстарды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді.
Техникалық регламенттің жобасын әзiрлеген мемлекеттiк орган жобаны, нормативтiк құқықтық актiге өзгерiстер мен толықтыруларды немесе оның күшiн жоюды әзiрлей бастаған кезден бастап бiр айдан кешiктiрмей, ресми басылымға және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеге техникалық регламенттің жобасын әзiрлеу, оған өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу немесе оның күшiн жою туралы белгіленген нысанда хабарлама бередi.
Егер техникалық регламентте белгiленген талаптар тиiстi халықаралық стандарттардың талаптарына сай келмесе немесе тиiстi халықаралық стандарттар жоқ болса немесе техникалық регламентте белгiленген талаптар өнiмнiң Қазақстан Республикасына импортының немесе Қазақстан Республикасынан экспортының жағдайларына әсер етуi мүмкiн болса, техникалық регламенттің жобасын әзiрлеген мемлекеттiк орган уәкiлеттi орган арқылы:
1) техникалық реттеу саласында әзiрленiп жатқан нормативтiк құқықтық акт қолданылатын өнiм тiзбесi, актiнiң мақсаты мен оны әзiрлеу қажеттiгi туралы хабарлайды;
2) техникалық реттеу саласында әзiрленiп жатқан нормативтiк құқықтық акт туралы егжей-тегжейлi мәлiметтердi немесе мазмұны халықаралық стандарттар талаптарына сай келмейтiн нормаларын көрсете отырып, оның көшiрмесiн мүдделi тараптардың және шет мемлекеттердiң сауал салуы бойынша табыс етедi.
Техникалық регламенттің жобасын әзiрлеу туралы хабарлама жарияланған кезден бастап оның жобасы мүдделi тараптардың танысуы үшiн қолжетiмдi болуға тиiс.
Техникалық регламенттің жобасын әзiрлеген мемлекеттiк орган:
1) жобаны жария талқылауды ұйымдастырады;
2) алынған ескертпелердi есепке ала отырып жобаны пысықтайды және оны уәкiлеттi органның ресми басылымына және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеге орналастырады;
3) техникалық регламенттің жобасына алынған ескертпелердi мүдделi тараптарға олардың сауал салуы бойынша бередi.
Техникалық регламенттің жобасын жария талқылау мерзiмi (оны әзiрлеу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарландыру жарияланған күнге дейiн) кемiнде күнтiзбелiк алпыс күн болуға тиiс.
Техникалық регламенттің жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарлама уәкiлеттi органның ресми басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде жариялануға тиiс және онда жобамен және алынған ескертпелердiң тiзбесiмен танысу тәсiлi, техникалық регламенттің жобасын әзiрлеген мемлекеттiк органның атауы, оның почта және электрондық мекен-жайы туралы ақпарат болуға тиiс.
Техникалық регламент жобасының түпкiлiктi редакциясы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қабылдау үшiн ұсынылады.
Техникалық регламентті қабылдау күнi мен қолданысқа енгізу немесе күшiн жою күнi аралығында оның талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру үшiн қажеттi уақыт кезеңi көзделуге тиiс.
Техникалық регламентті төтенше жағдайларға (адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе ұлттық қауiпсiздiкке тiкелей қауiп төнуiне) байланысты әзiрлеу, қабылдау және қолданысқа енгiзу қажет болған кезде техникалық регламент жария талқылаусыз қабылданады.
Техникалық регламентті қабылдау туралы хабарлама уәкiлеттi органның ресми басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде жариялануға, сондай-ақ Дүниежүзiлiк сауда ұйымының Хатшылығына жолдануға тиiс.

Өздікбақылауға арналған сұрақтар:
1 Техникалық регламенттерді қолданудың негізгі мақсаттары мен қарастыратын мәселелерін атаңыз?
2 Техникалық регламенттердің қандай түрлерін білесіз?
3 Техникалық регламенттердің мазмұны қандай?
4 Техникалық регламенттердің жасау тәртібінің кезеңдерін және олардың қолданылуын атаңыз?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Жанзақов М.М., Мырзабек К.А. Стандарттау - Қызылорда, Тұмар, 2007 ж. - 224 б.
2 Техникалық реттеу туралы ҚР заңы (2004 жылдың 9 қарашасы № 603 -11 (05.07.2008 ж. өзгерістер мен толықтырулармен)

Тақырыбы: Стандартау жөніндегі нормативтік құжаттар
Дәрістің жоспары:
1 Жалпы сипаттамасы
2 Стандарттар категорияларының сипаттамалары.
Стандарттау жұмыстарын жүзеге асыру барысында стандарттау нысандарына тиісті нормалар, талаптар, ережелер, сипаттар қалыптастырылады. Аталғандар (талаптар және т.б.) нормативтік құжат түрінде өңделеді.
ҚР Техникалық реттеу туралы Заңы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға келесілер жатады:
1) халыкаралык стандарттар;
2) өңірлік стандарттар және техникалық-экономикалык ақпарат жіктеуіштері, стандарттау жөніндегі ережелер мен ұсынымдар;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттары мен техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері;
4) ұйымдар стандарттары;
5) Қазақстан Республикасының стандарттау жөніндегі ұсынымдары;
6) шет мемлекеттердің ұлттық стандарттары, ұйымдар стандарттары, техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері, стандарттау жөніндегі ережелері, нормалары мен ұсынымдары жатады.
Мемлекетаралық стандарттар (ГОСТ) ТМД мемлекеттерінің стандарттау жөніндегі мемлекетаралық техникалық комитеттермен (МТК) әзірленеді және міндетті және немесе ұсынылатын талаптарды тағайындауы мүмкін.
Мемлекетаралық стандарттарды стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі Мемлекетаралық Кеңес (МГС), ал құрылыс саласында арнайы стандарттау, техникалық нормалау және сертификаттау жөніндегі Мемлекетаралық ғылыми- техникалық Комиссия қабылдайды.
Мемлекетаралық стандарттар қабылдаудан өткеннен кейін стандарттар жөніндегі Бюрода тіркеледі. Бюро Минск (Беларусь Республикасы) қаласында орналасқан.
Қазақстан Республикасы аумағында ГОСТ-тар Комитеттің бұйрығы бойынша енгізіледі. Бұйрықта әр стандарт үшін оны Қазақстан Республикасында мемлекеттік стандарт ретінде енгізу күні тағайындалады және оған қайшы келетін (немесе оны қайталайтын) мемлекетаралық немесе ҚР мемлекеттік стандартының күші жойылады.
Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты (уәкілетін Комитет берген орган) Мемлекетаралық Кеңестің стандарттау жөніндегі Бюросынан тіркелген стандарттарды және оларды енгізу туралы ақпарат алады, ГОСТ-тарды көбейтеді (баспадан басып шығарады) және Қазақстан Республикасында олармен заңды және жеке тұлғаларды қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарын мемлекеттік басқару органдары, заңды тұлғалар, стандарттау жөніндегі комитеттер әзірлейді. Стандарттарды әзірлеуге өнімнің технологиясын әзірлеуші, шығарушы және тұтынушылардың өкілдері, ғылыми-техникалық және инженерлік қоғамдар, тұтынушылар қоғамдарының өкілдері, Комитеттің мамандары шақырылуы мүмкін.
Мемлекеттік стандарттарды әзірлеу, келісу, қабылдау, есепке алу, өзгерту және оның күшін жою тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Стандартты әзірлеуді жоспарлау және ұйымдастыру кезінде ұйымдастыру- әдістемелік бірегейлікке жету мақсатында, сондай-ақ стандартты әзірлеу бойынша жұмыстардың орындалуын талдау және бақылау үшін стандартты ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ИСО халықаралық стандарттары
Халықаралық стандарттау ұйымы
Кітаптарды халықаралық стандартты нөмірлеу
М.Х. Дулати атындағы ТарМУда өткен педагогикалық практика бойынша магистранттың есебі
Жылуэнергетикадағы Метрология, стандарттау және сапаны басқару
«Ауылшаруашылық өнімдерін стандарттау және сертификаттау» пәнінен оқу-әдістемелік материалдар
Өндірісті бағалау рәсімдерін метрологиялық қамтамасыз ету
Өлшем бірліктерін қамтамасыздандыру құқықтық негіздері
Стандарттау туралы заңдар және стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттар
Жай астықты барлық келісім шарт жасасу КСРО ішкі және сыртқы сауда
Пәндер