Қазақстан тарихы бойынша түсіндірме жазба

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылдың 16 қарашасында шыққан №660 бұйрығына сәйкес 2016-2017 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептердің 11-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттауға өзгерістер енгізілді. 11-сынып оқушылары үшін Қазақстан тарихы пәнінен ауызша емтихан тапсыру міндеттелді. Ауызша емтихан тапсыру мұғалімдер мен оқушылар үшін жаңа формат болғандықтан, Ұлттық тестілеу орталығы тарапынан көмекші құрал ретінде әдістемелік нұсқаулық әзірленді. Әдістемелік нұсқаулықта емтихан тапсырмаларының модельдері мен түрлері, емтихан өткізу талаптары, оқушылардың жауаптарын бағалау критерийлері жан-жақты талданып, емтихан тапсыру үлгісі ұсынылады. Әдістемелік нұсқаулық жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері мен оқушыларға арналады.
Бұл түсіндірме жазбаның мақсаты: тиісті білім деңгейі мемлекеттік жалпыға міндетті стандартпен қарастырылған оқу пәнінің көлемін оқушылардың игеру дәрежесін анықтау.
Аталмыш мақсаттарға сәйкес бағалаудың төмендегі міндеттері шешімін табуға тиіс:
* МЕБС және оқу бағдарламаларына сәйкес тарихи тұтастық пен толықтықта Қазақстан тарихы бойынша білімдерін анықтау;
* Қазақстан тарихы бойынша терминологияны игеру деңгейін анықтау;
* Тарихи фактілер мен құбылыстарды талдау және жинақтау, тарихи оқиғалардың мәні мен себептерін анықтай білу, олардың маңызын бағалай алу дағдыларының қалыптасу деңгейін айқындау;
* Зерттелген дәуірлер оқиғаларын, саяси лидерлердің, алдыңғы қатарлы ғылым және мәдениет өкілдерінің қызметін салыстырмалы талдау дағдылары мен икемділіктерін бағалау;
* Тарихи мәтіндер, дереккөздер, карталар, схемалар, таблицалармен жұмыс істеу дағдылары мен икемділіктерін өлшеу;
* Білімдерін пайдалана алу және оларды логикалы, жүйелі, негізделген түрде баяндау дағдыларының деңгейін анықтау;
* Пәнаралық (бұрын алған білімдері негізінде) және пәнішілік байланыстарды көре білу, алынған білімін бейтаныс ахуалда пайдалана алу дағдысын айқындау.
Тапсырмалардың құрылымы және мазмұны
1- сұрақ - пәндік білімдері
2- сұрақ - пәндік икемділіктері
3- сұрақ - пәндік дағдылары
Білім - оқушының пәнді теориялық игеруін көрсететін идеяларының жиынтығы. Білім ғылымның негізгі фактілерін және содан шығатын теориялық жинақтауды (теория, заңдылықтар, тұжырым) түсіну, санада сақтау және бере (баяндай) білуі. Икемділік пен дағды біліммен тығыз байланыста болады. Икемділік - игерілген білімін іс жүзінде пайдалану тәсілдерін (әдістер, әрекеттер) игеруі. Дағды - шеберліктің жоғары дәрежесіне дейін жеткізілген икемділіктің құрамдас бөлігі, автоматтандырылған әрекет ретінде қарастырылады. Дағдылары мен икемділіктері тарихи концептілерді (тұжырымдарды) игеру негізінде анықталады:
* өзгеріс және сабақтастық
* себеп және салдар
* дәлел
* ұқсастық және айырмашылық
* маңыз
* интерпретация (түсіндіру).
Концепттер негізінде оқушы мәтіндер, дереккөздер, карталар, схемалар, таблицалар, иллюстрациялармен жұмыс істеудің танымдық санаты және дағдыларының деңгейін көрсетуге тиіс.
Танымдық саладағы дағдылары мен икемділіктері білім, түсінік және сыни ойлауды қамтиды. Мұнда алты деңгей алынады.
I. Білім
Бұл санат нақты фактілерден тұтас теорияға дейін зерттелген материалды еске сақтау және баяндап беруді білдіреді.
Оқушылардың нақты әрекеттері: терминдерді, нақты фактілерді, негізгі түсініктерді, ерекшеліктері мен қағидаттарын айта алады.
II. Түсінік
Түсініктің көрсеткіші материалды көрсетудің бір формасынан екіншісіне түрлендіру болуы мүмкін, материалды интерпретациялау, құбылыстар, оқиғалардың одан арғы барысын болжау.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- фактілер, үрдістер, қағидаттарды түсіндіреді;
- графикалық материалды сөйлеу формасына түрлендіреді;
- қолда бар деректерден шығатын болашақ салдарларды жобамен суреттейді.
III. Қолдануы
Бұл санат зерттелген материалды нақты жағдайлар және жаңа ахуалдарда пайдалануға икемділігін көрсетеді.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- заңдар, теорияларды нақты практикалық ахуалдарда пайдаланады;
- түсініктер мен қағидаттарды жаңа ахуалдарда пайдаланады.
IV. Талдау
Бұл санат мәтіндер, көздер, графикалық деректерді талдай білуді білдіреді; материалды құрамдас бөліктері айқын көрініп тұратындай етіп бөлшектеуі.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- біртұтастың бөліктерін айқындайды;
- араларындағы өзара байланысты көрсетеді;
- біртұтастың ұйымдасу қағидаттарын анықтайды;
- пайымдау логикасындағы қателіктер мен жетімсіздіктерді көреді;
- фактілер мен салдарлар арасындағы айырмашылықты жүргізеді;
- деректердің маңыздылығын бағалайды.
V. Синтез
Бұл санат жаңашылдығы бар біртұтасты алу үшін элементтерді құрастыра алуға икемділігін білдіреді.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- графикалық материал, аргумент, гипотеза құрастырады;
- схемалар, алгоритм, салыстырмалы немесе синхронды таблицалар құрастырады.
VI. Баға
Бұл санат бір не басқа материалдың маңызын бағалау икемділігін білдіреді.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- Қорытындылардың қолда бар деректерге сәйкестігін бағалайды;
- бір немесе басқа іс-әрекет нәтижесінің маңыздылығын бағалайды.
Ауызша жауаптарды бағалау:
5 (үздік) бағасы қойылады, егер оқушы:
Бағдарламалық материалдың бүкіл көлемін терең де толық білу және түсінуін көрсетеді; қарастырылып отырған түсініктер, құбылыстар және заңдылықтарды, теориясын,өзара байланыстарының мәнін толық түсінеді.
Зерттелген материал негізінде толық және дұрыс жауап құрай алады; негізгі қағидаларды айқындайды, өз бетінше нақты мысалдар, фактілермен жауабын растай алады; өз бетінше және негізделген түрде талдай, жинақтай, қорытындылай алады. Пәнаралық (бұрын алған білімдері негізінде) және пәнішілік байланыстарды көре біледі, алған білімін бейтаныс ахуалда пайдалана алады. Оқу материалын жүйелі, нық, байланысты, негізделген түрде және қатесіз түсіндіреді: жауабын қабылданған терминологияны пайдалана отырып логикалық жүйелілікте береді; өзінің дербес тұжырымын жасайды; негізгі түсініктердің дәл анықтамасы және түсінігін құрастырады; жауап бергенде оқулық мәтінін сөзбе-сөз қайталамайды; материалды әдеби тілмен айтып береді; мұғалімнің қосымша сұрақтарына дұрыс та пайымды жауап береді. Емтихан парағында жазба жауабын өз бетінше, дербес және үнемді пайдаланады, өз ойымен анықтама материалдарға, оқулықтарға, қосымша тарихи әдебиетке, түпнұсқаларға сілтемелер жасап, солардан үзінділер келтіреді.
Алған білімдерін шығармашылық деңгейде мәселелер шешу үшін дербес, өзіне сеніммен және қатесіз қолданады; біреуден артық кемшілік жібермейді, онысын мұғалімнің көмегімен жеңіл түзетеді.
Осылайша, 5 (үздік) бағасы толық, мазмұны ашылған жауап үшін, білімін пайдалана алатындығы және логикалы түрде айта алатындығы үшін қойылады. Жауап толық, логикалық тұрғыда шымыр, игеруге түсінікті, қосымшаны талап етпейді.
4 (жақсы) бағасы қойылады, егер оқушы:
Оқытылған барлық бағдарламалық материал бойынша білімін көрсетеді. Оқылған теориялар негізінде толық және дұрыс жауап береді; оқытылған материалды айтуда, түсініктерді айқындауда, ғылыми терминдерді пайдалануда не тұжырымдар және жиынтықтарда елеусіз қателер мен кемшіліктер жібереді; материалды белгілі бір логикалық жүйелілікте айтады, дегенмен бір жеңіл-желпі қате немесе екеуден артық кемшілік жібереді, оларды, талап етсе, өз бетімен не мұғалімнің шағын көмегімен түзей алады; оқу материалын негізінен игерген; жауабын нақты мысалдармен растай алады; мұғалімнің қосымша сұрақтарына дұрыс жауап береді.
Оқытылған материалда басты қағидаларды өз бетінше бөліп алуға икемді; фактілер мен мысалдар негізінде дербес жиынтықтайды, қорытынды жасайды, пәнаралық байланысты байқай алады. Түрленген ахуалда алынған білімін іс жүзінде қолданады, ауызша және жазбаша тіл мәдениетінің негізгі ережелерін сақтайды, ғылыми терминдерді пайдаланады.
Анықтама әдебиетпен, оқулықпен, түпнұсқамен жұмыс дағдысы жеткіліксіз (дұрыс бағдар ұстайды, бірақ жұмыс істеуі баяу).
Осылайша, 4 (жақсы) бағасы негізінен оқу бағдарламасының талаптарына сәйкес, бірақ білімі сәл-пәл толық емес немесе ұсақ қателер жіберген жауап үшін қойылады. Жауап толық емес, шағын толықтыруды талап етеді, оқушы қосымша сұрақтарға сенімсіздеу жауап береді, алайда, негізгі материалды біледі.
3 (қанағаттанарлық) бағасы қойылады, егер оқушы:
Оқу материалының негізгі мазмұнын игерген, алайда кейбір жерлерін түсінбеген; материалдың мазмұнын айтуы жүйесіз, үзік-үзік және ретсіз.
Жекелеген білімі мен икемінің қалыптасуы жеткіліксіз екенін көрсетеді; тұжырымдары мен жинақтауы нашар, оларда қате жіберіп отырады.
Ғылыми терминологияны пайдалануда қателіктер мен дәлсіздіктер жібереді, түсініктерге берген анықтамасының нақтылығы жеткіліксіз; өз бақылауынан, фактілерден алынған қорытындылар мен жинақтарды дәлел ретінде пайдаланбады не оларды айтып беру кезінде қателер жіберді.
Теория негізінде білімін қолдануда, нақты құбылыстарды түсіндіруде, немесе теорияны іс жүзінде пайдаланудың нақты мысалдарын растауда қиналады.
Мұғалімнің сұрақтарына берген жауабы толық емес (кейде негізгісін де жіберіп алады), не оқулық мәтінін айтады, бірақ осы мәтіндегі маңызды мәні бар жекелеген қағидаларды түсінуі жеткіліксіз.
Оқулық мәтінін (жазбаларды, түпнұсқаларды) айтуда жекелеген қағидалар, үзінділіер, цитаталарды дұрыс түсінбегенін байқатады, не болмаса мұғалімнің сұрағына бір-екі дөрекі қате жіберіп, толық жауап бере алмайды.
Осылайша, 3 (қанағаттанарлық) бағасы негізінен оқу бағдарламасының талаптарына сәйкес, бірақ, кемшіліктер мен қателері бар жауап үшін қойылады. Оқушы өз жауабына сенімді емес, жауап беріп тұрып үзіліс жасай береді, қосымша сұрақтарға жауап бермейді, материалды нашар игерген.
2 (қанағаттанусыз) бағасы қойылады, егер оқушы:
Материал мазмұнын игермеген және оны ашып бере алмайды; қорытындылау мен жинақтау жасай алмайды.
Қойылған сұрақтар шегінде бағдарламалық материалдың маңызды немесе негізгі бөлігін білмейді және түсінбейді, не нашар қалыптасқан білімі толық емес, оларды нақты мәселелерді шешуде қолдана алмайды.
Жауап бергенде (бір ғана сұраққа) екеуден артық дөрекі қате жібереді, оларын мұғалімнің көмегімен де түзете алмайды.
Қойылған сұрақтардың ешбіріне де жауап бере алмайды.
Материал толықтай игерілмеген.
Осылайша 2 (қанағаттандырылмаған) бағасы маңызды кемшіліктер және қателіктері үшін қойылады.
Сондай-ақ 2 бағасы тақырып бойынша оқушының еш себепсіз жауап беруден бас тартуында немесе тақырыптың негізгі қағидаларын толық білмегендігі кезінде қойылады.
Оқушылардың білімі, икемі және дағдысын бағалауда барлық қателерді есепке алу қажет:
* негізгі түсініктер, заңдар, ережелер, негізгі қағидалардың анықтамаларын білмеу;
* жауабында ең бастысын бөліп айта алмау;
* білімін проблемалық міндеттерді шешу және құбылыстарды түсіндіруде қолдана алмау;
* тұжырымдау мен жинақтауды жасай алмау;
* ақпаратты (деректер, білімдер) айтуды, түсіндіруді, қолдануды, талдауды, жинақтауды, түпнұсқалар, оқулықтар және анықтама материалдары мен мазмұнын бағалауды жасай алмауы.
Бағалау критериилері
№
критерилер
балдар
1
Жалпы білім деңгейі
1 балл
2
Нақты мәселелерді білу және тарихи дерекөздерді пайдалану
5 балл
3
Логикалық және аналитикалық ойлауы және айту стилінің кұрылымы
2 балл
4
Тарихи білімді ашып айту бойынша білік дағдылары
1 балл
5
Ойын қорытындылай білу қабілеті
1 балл
Ескертулер: 3-сұрақтың әр қайсысына берілген жауаптары 10 (он) балмен бағаланады. 3 сұрақ үшін жалпы балл жиынтығы 30 балды құрайды.
Алған балдарын бес балдық шәкілмен есептеу шкаласы төменде берілген
Есептеу шәкілі
Бес балдық шәкілі
бойынша бағасы
2
3
4
5
Жалпы балл
0-4
5-16
17-14
25-30
Емтиханның ұзақтығы сыныптағы оқушылардың санына байланысты. Түлекке - Билет бойынша жауапқа дайындыққа 20 минут беріледі.
Емтиханда заманауи техникалық құралдарды пайдалануға тыйым салынады. Барлық қосымша материалдарды (карталар. сызбалар. кестелер және т.б.) мұғалім дайындайды.
Қателердің жалпы классификациясы
Аса ірі емес қателерге мыналар жатады:
1. анықталатын түсініктің негізгі нышандары толық қамтылмағандықтан пайда болған ой тұжырымының, анықтамалардың, түсініктер, заңдар теориялардың дәл болмауы немесе осы нышандардың 1 - 2-н екінші дәрежелі нышанмен айырбастауы;
2. ауызша жауаптың ой елегінен жеткіліксіз өткізілген жоспары (логикасының бұзылуы, жекелеген негізгі фактілерді екінші дәрежелілермен ауыстырып алу);
Бағаның төмендеуіне ықпал ететін қателер мен кемшіліктердің классификациясы
Қателер:
* теорияның негізгі түсініктерін, заңдарын, ережелерін, негізгі қағидаларын білмеу, тақырыптар, жалпы қабылданған фактілер, субъектілер, үрдістер, оқиғаларды (құбылыстар, үдерістерді) білмеу;
* жерлердің, өңірлердің атауларын, терминдерін, мағыналарын, топонимикалық атауларды, тарихи оқиғаларды білмеу;

* білімін проблемалық міндеттерді шешу және құбылыстарды (оқиғаларды, үрдістерді) түсіндіруде қолдана алмау;

* таблицалармен жұмыс жасай алмау, құрастыра білмеу, графиктер және принципиалды схемаларды құра алмау;
* түпнұсқалар, оқулықтар және анықтама материалдарының мазмұнын айтуды, түсіндіруді, қолдануды, талдауды, жинақтауды, бағалауды жасай алмауы.
* Тарихи картамен жұмыс жасай алмауы
* Қазақстан тарихы оқиғаларының хронологиялық ретін, негізгі және маңызды күндерді, хронологиясын білмеуі
* Қазақстан тарихының көрнекті тұлғаларын, субъектілерін, олардың жетістіктерін, Қазақстан тарихындағы негізгі еңбектері мен рөлін білмеу
* Себеп-салдарлы байланыстарды таба алмау, негізгі өзгерістерді талдай алмау, себептерін түсіндіруді, баға беруді, үрдісті ашуды, сипаттама беруді, салыстыру, сипаттау, дәлелдеуді жасай алмауы
* Негізгі оқиғалардың (құбылыстар, үдерістердің) мәнін, маңызын, рөлін, мақсаттарын білмеу
* Өз пікірін логикалық тұрғыдан жүйелі және түсінікті айта алмау
* Қазақстан тарихының негізгі тарихи мәселелерін білмеу
* Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің тууы, орнығуы және дамуы туралы білмеу
* Қазақ халқының материалдық және рухани мұрасы туралы, оның дамуының өзіндік ерекшеліктері туралы білмеу
* Түсініктің қате анықтамасы, түсініктің маңызды сипатын маңызы аз сипатпен алмастыру;
* Маңызды болып тұрған жағдайда нысанды (құбылысты, үдерісті) сипаттаудағы бірізділіктің бұзылуы;
* Бір не басқа оқиғаның (құбылыстың, үдерістің) себебін, заңдылығын, салдарын, тарихи маңызын, өту жағдайын дұрыс ашпау (әңгіме-ойтолғау үстінде);
* Оқиғаларды (құбылыстар, үдерістерді) немесе субъектілерді (тұлғаларды) салыстыру, оларды маңызды нысандары бойынша топтарға классифи - кациялаудағы қателер;
* Нақты материалды білмеу, айтылған пайымын, ой-пікірін растайтын дербес мысалдар, дәлелдер келтіре алмау;
* Сурет, схема салу икемінің болмауы, таблицаны дұрыс толтырмауы; өз жауабын схема, сурет, таблица, иллюстрациялық материал, түпнұсқамен растай алмауы;
* Картада және нобайда бағдар ұстай алмауы, оқытылған нысандарды (табиғи және тарихи) дұрыс көрсетуде қиналуы.
Кемшіліктер:
Оқиғаны (құбылысты, үдерісті) суреттеуде оның маңызды емес нышандарының басым болуы;
* суреттер, схемалар, таблицалар орындауда жұмыс нәтижесіне теріс ықпал етпейтін дәлсіздіктер; белгілер және қолдардың болмауы;
* қате түпкі нәтижеге әкелмейтін, жауап беру кезіндегі бірізділіктің жекелеп бұзылуы;
* нысанды картадан табудағы дәлсіздіктер.
Оқушылар үшін картамен жұмыс бойынша Ережелер
Өздерің таңдаған шартты белгілердің көмегімен тапсырманы орындаңдар, шартты белгілерді картаның түсіндірме сөздеріне бейнелеңдер. Географиялық және тарихи нысандар - қалалар мен кенттердің атауларын дұрыс жазыңдар; өзендердің атауы ағысы бойына жазылады: бастауынан құйылуына қарай, жазу басқа белгілердің сұлбасын жауып қалмауы керек; жазуды мүмкіндігінше ұсақ, бірақ анық етіп жазыңдар.
Картаны артық жүктеп жібермес үшін ұсақ нысандар сандармен белгіленіп, артынан карта нобайының сыртында оларға түсінік берілуі тиіс (шартты белгілер графасында).
Картаға тарихи нысандарды-өзен жүйелері, жаға сызығын және мемлекеттік шекараларды бейнелеуде градустық торды пайдаланыңыз (бұл бағдар және ыңғайлылыққа, сондай-ақ нысандарды дұрыс енгізуге қажет).
Өздеріңізге берілген тапсырмаларды дәл орындау керек (артық ақпарат енгізуден сақтаныңдар: жұмысқа артық ақпарат еніп кеткенде берілген тапсырманы дұрыс рәсімдегені үшін қойылатын баға бір баллға төмендеуі мүмкін)
Нысандардың географиялық және тарихи атаулары бас әріптен жазылсын. Жұмыс грамматикалық қатесіз ұқыпты орындалуы тиіс (салақ және грамматикалық қателермен орындалған жұмыс бағаны бір баллға төмендетуі мүмкін).
- Билеттегі кескін картамен жұмысты бағалау критерийлері
* Карта бойынша тапсырманы дәл және дұрыс орындауы
* Картаға нысандар мен жазбаларды дәл және ұқыпты енгізуі
* Жұмысында шартты белгілердің және олардың түсініктемесінің болуы (карта аңызы)
* Картамен жұмыс жасау ережесін сақтауы (бояуда бәсең түстерді пайдалануы, бояу тек түрлі-түсті қарындаштармен жүргізілуі)
* Сөйлеу және грамматикалық қателердің болмауы.
Тарих картасымен жұмысты бағалау критерийлері
* Картаның оқу алгоритмін сақтай білуі
* Карта бетінде географиялық бағдарларды дәл табуы және оны көрсете білуі
* Картадағы шартты ақпаратты мәтіндік ақпаратқа түрлендіре білуі
* Атауды, мерзімді, шартты белгілерді жауаптың үш бөлімді құрылымын сақтау үшін пайдалана білуі (кіріспе (атауы, бейненің салынған күні) - негізгі бөлім (картадағы ақпараттың сипаты немесе карта бойынша сұрақтарға жауап) - қорытынды)
* Сөйлеу сауаттылығы.
Картамен жұмыс бойынша ұсынымдар
Дегенмен, бастауыш кезеңнің өзінде-ақ, тарих және кескін карта секілді оқытудың дәстүрлі аспаптарын пайдалана отырып, оқушыны ақпарат алу, түсіндіру, түрлендіру және пайдалануға үйрету мүмкін. Бұл аспапты дұрыс пайдаланса, мұғалім заманауи білім беру жүйесінің алдында тұрған көптеген проблемаларды шеше алады:
* Оқытудың репродуктивті деңгейінен продуктивті деңгейіне көшіру проблемасы
* Ақпараттың тек бір пәндік сипаты және қалыптастырылатын икемділік пен дағды проблемасы
* Оқушыны оқыту мен әлеуметтендіру арасындағы байланыс жоқтығының проблемасы.
Төмендегі таблицада кескін картамен жұмыс үшін берілетін тапсырмалардың мысалдары келтірілген. Сол жақ бағанда Қазақстан тарихы бойынша кескін карталардағы дәстүрлі тапсырмалар көрсетілген. Бұл тапсырмалар оқушыға атластан кескін картаға механикалық түрде көшіруді ұсынады. Оң жақта, мақсаты талдау, салыстыру, синтез сынды ойлау операциясы арқасында өз бетінше ақпарат алу болып табылатын, кескін карта тапсырмасының түрлендірілген нұсқасы берілген. Жұмыстың қорытындысы ақпараттағы қайшылыққа дербес жетіп, сол қайшылықты түсіндіріп беруге талаптану болып табылады
Кескін картамен жұмыс үшін берілетін тапсырмалардың мысалдары таблицасы
Репродуктивті деңгей (ақпаратты айту)
Продуктивті деңгей (талдау, салыстыру, синтез сынды ойлау операциясы арқасында өз бетінше ақпарат алу)
1. Кейінгі ортағасырлық Қазақстандағы жер өңдеудің негізгі аудандарын көрсетіңдер;
2. Қазақ хандығының астаналарын жазыңдар;
3. Қазақстан аумағындағы ортағасырлық сәулет ескерткіштері ауданын белгілеңдер;
4. Қазақ хандығының XV ғасырдағы және XVI ғасырдың басындағы шекарасын көрсетіңдер.
1. Қазақстандағы жер өңдеуге неғұрлым қолайлы аумақтарды бөліп көрсетіңдер (табиғи қолайлы аумақтар мен қолдан жасалған жағдайлы аумақтарды түс (бояу) көмегімен бөліп көрсет);
2. Қазақстанның аумағын жер өңдеумен шұғылдануға қолайлы және қолайлы емес аймақтарға бөліп көрсетіңдер (бұлай бөлуді көрсету үшін көмектесетін шартты белгілер ойлап тап);
3. Оңтүстік Қазақстан жерінде жер өңдеумен шұғылдануға неғұрлым қолайлы аудандарды көрсетіңдер; Өз таңдауларыңды негіздеңдер;
4. Картада Қазақ хандығы мемлекетінің
ХV ғасырдағы және XVI ғасырдың басындағы аумағын көрсетіңдер. Қазақ хандарының неліктен Сырдария өңіріне биліктерін бекітуге ұмтылғанын анықтаңдар. Сырдария өңірін билеу құқығы үшін ХV ғасырда және XVI ғасырдың
басында қандай династиялар әскери қақтығысқа түсті?
Осындай тәсіл қолданғанда оқушы пән туралы білім алып қана қоймай, оны алу және пайдалануға да үйренеді. Тарих сабақтарын карта, схема, таблицаларды оқу алгоритмін өңдеу көмегімен пән туралы білімдерін тереңдетуде түсіну, талдау және пайдаланумен араластыра отырып жүргізу қажет.
Тарих картасын оқу алгоритмі
* Картаның атауын оқы (онда картада бейнеленген аумақ және оның қай кезеңге жататындығы туралы ақпарат бар);
* Картаның атымен таныс (бұл саған картадағы ақпаратты оқуға мүмкіндік беретін шартты белгілер);
* Картадағы ақпаратты оқуда ең ірі нысандардан баста, содан ұсақтарға қарай жылжи бер:
а) аумақтың табиғи - климаттық белгілерін айқында (әлемнің қай бөлігінде, қандай көлдері (теңіздері) бар;
б) мемлекеттің белгілерін анықта (шекара, астана, көрші мемлекеттері);
в) картада бейнеленген адамның тіршілік белгісін анықта (ол әскери жорықтар, сауда жолдары болуы мүмкін).
* Картада қозғалыс көрсеткіш оқпен белгіленетіні есіңе сақта.
Ақпарат алу тәсілдерінің бірі бірнеше картадағы ақпараттарды салыстыру болуы да мүмкін.
* Қала орнын таңдаудағы басты айырмашылық неде? Ол немен байланысты?
* Қала қайдан басталып, қалай өседі?
* Ортағасырлық Қазақстан қалалары формасының ерекшеліктерін ата.
Сондай-ақ мұғалімнің кескін картасындағы жұмысты бағалайтын дәл критерийлер мен картадағы шартты ақпаратты мәтіндік ақпаратқа түрлендіру критерийлеріне назар аудару маңызды.
Критерийлер пәндік икемділік пен дағдылардан басқа жалпы білім беру икемділіктері мен дағдыларын қалыптастыруға да мүмкіндік береді.
Критерийлерде 5 балл болады (дәстүрлі мектептік баға шкаласы).
Бір критерий бір баллға сәйкес.
1 - Билет
1. Неолит дәуірі және оның ерекшеліктері.
2. Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығына сипаттама жасаңыз.
3. Кестені толтырыңыз.
1992 жылы Қазақстанда болған негізгі 6 оқиғаны атаңыз:
1992 ж. 2-наурыз
1992 ж. 7- мамыр
1992 ж. 8-шілде
1992 ж. 4-маусым
1992 жылы желтоқсан
1992 ж. 2-шілде
Жауаптары:

Жаңа тас ғасырындағы адамдар бұрынғы адамдардан барлық жағынан жоғары тұрды. Олар мата тоқып, киім тігуді үйренді. Керамикалық ыдыстарға өрнектер сала білді. Неолиттің тұрақ-қоныстары Қазақстанда көптеп кездеседі. Жаңа тас ғасырындағы аңшылардың негізгі аулайтын аңы аша тұяқты, жайылымын жиі өзгертіп отыратын аңдар болды. Неолит заманының аңшылары аңдарын соңынан жылжып-көшіп отырған, сондықтан көпшілік мекен жайлары уақытша болған және терімшілікпен айналасқан. Неолит заманының табиғи-климаттық жағдайы бүгінгі күнгіге ұқсас болды. Қазақстан жері мен көрші аймақтарда неолит дәуірінде егіншілік пен мал шаруашылығы қалыптаса бастады. Бұрыңғы заманда күнкөрістің көзі терімшілік пен аңшылық болған. Бұл екеуі де табиғаттың дайын байлығын пайдаланумен шектелді. Садақты ойлап тапқаннан кейін, жебенің қолмен лақтырған найзаға қарағанда әрі алысқа ұшатынына, әрі дәл тиетініне көздері жетті. Таяққа бекітетін қашау балтаға айналды, оның соққысы жай тастан гөрі күштірек болды. Неолит тұрғындары шыбықтан шарбақ тоқуды меңгерді, өру мен тоқу ісімен шұғылданды. Еңбек құралының дамуы адамзатты терімшілікпен аңшылықтан егіншілік пен мал шаруашылығына алып келді. Адамдар табиғат сыйына тәуелділіктен құтылды.Олар өмір сүруге қажетті азық-түлікті өздері өндірді. Неолитте адамзат қоғамының даму қарқыны артты. Адамдар жер өңдеудің қарапайым түрімен айналысты, жабайы жануарларды қолға үйретті. Кен кәсібі және тоқымшылықпен айналыса бастады.
2.Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығына сипаттама жасаңыз.
Дулати Хұсайынұлы Мұхаммед Хайдар (1499-1551) әйгілі тарихшы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін Тарихи Рашиди кітабы мен Жаханнама дастанының авторы, Жетісу жеріндегі ежелгі Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы. Оның толық аты-жөні - Дулат Мұхаммед Хұсайынұлы Мырза Мұхаммед Хайдар. Мұндағы Мұхаммед Хайдар - өз аты, Мұхаммед Хұсайын - әкесінің аты, мырза - текті әулеттің тұқымы екенін білдіретін атау (хан балаларының ханзада, сұлтан аталатыны секілді), дулат - шыққан тайпасының аты. Мұхаммед Хайдардың ата-бабалары кезінде Моғолстан мемлекетінің құрамына енген қазіргі Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан және Шығыс Түркістан жерлерінде ұлысбегі, тархан қызметтерін атқарған, өздерінің мұрагерлік иеліктері - Маңлай-Сүбені дербес басқарған. Өз әкесі Мұхаммед Хұсайын Моғолстанның Жүніс ханының күйеу баласы, Ташкентті билеген. Анасы Хуб-Нигар ханым - Жүніс ханның қызы. Бұл ретте Мұхаммед Хайдар Моғолстанның Сұлтан Саид ханмен және Үндістандағы баласы Ұлы Моғолдар әулетінің негізін қалаушы Захираддин Мұхаммед Бабырмен бөле. Әкесі өлгеннен кейін Мұхаммед Хайдар біраз уақыт осы Бабырдың қолында тұрады. Содан кейін Бабырдың рұқсатымен Сұлтан Саид ханға келіп, оның Қашқардағы сарайында тұрып, сарай қызметін басқарады. Саид ханның Әбубәкірге қарсы соғыстарына қатысады. Жан-жақты білімді, сарай қызметін жетік білетін адам ретінде ханның мұрагер баласы Әбу ар-Рашид сұлтанның тәрбиешісі болады.Сұлтан Саид өлгеннен кейін таққа отырған Рашид дулат тайпасының басшыларынан қауіптеніп, оларды қуғындай бастайды. Мұхаммед Хайдардың немере ағасы - Саид Мұхаммедті өлтіреді. Осыдан кейін өз басына қауіп бұлты үйіріліп келе жатқанын сезген Мұхаммед Хайдар Үндістанға қашады. Ол мұнда ұлы Моғолдар сарайында әскербасы болып, Кашмирді жаулап алу соғысына қатысады. Жаулап алғаннан кейін Ұлы Моғолдар атынан біраз уақыт Кашмирді билеп тұрады. Ол осында өзінің атақты еңбегі Тарихи Рашидиді жазуға кіріседі.

1992ж. 2-наурыз - Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды
1992 ж. 7- мамыр - Президент жарлығымен Қорғаныс Комитеті ҚР Қорғаныс Министрлігі болып қайта құрылды. Тұңғыш қорғаныс министрі - генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағанбетов
1992ж. 8-шілде - Қазақстан республикасы ЕҚЫҰ (Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына мүше болып, ЕҚЫҰ қорытынды актісіне қол қойды
1992 ж. 4-маусым - Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасы мен Туы қабылданды. 11-желтоқсанда - Әнұранның мәтіні бекітілді.
1992 жылы желтоқсан - ҚР Қарулы күштері құрылды. Қазақстан Республикасы қорғанысы мен Қарулы күштері туралы Заңдар қабылданды.
1992 ж. 2-шілде Қазақстан республикасының Конституциялық сотын сайлау туралы ҚР Жоғары Кеңесінің қаулысы шықты. Қазақстанда да үш тармақты билік пен басқару жүйесінің негізі қаланды
2 - Билет
1. Мыс-тас дәуірі
2. Қ.А.Йасауидің түркі әлемінде алатын орны мен рөліне талдау жасаңыз.
3. Қазақстанның 1920 жылдардан бастап болған астаналарын карта бойынша көрсетіңіз және болған жылдарын анықтаңыз
Жауаптары:
1. Мыс-тас дәуірі
Энеолит сөзі - мыс-тас ғасыры дегенді білдіреді. Бірақ металл тасты қолданыстан мүлдем шығарып тастаған жоқ. Тас сол кезде де ең негізгі құрал ретінде пайдаланылды. Мыс-тас ғасыры қоғамында екі ірі өзгеріс орын алды: еңбек бөлінісі пайда болды және аталық ру үстемдігі калыптасты. Ең алғашқы ірі қоғамдық еңбек бөлінісі шаруашылықтың - егіншілік пен мал шаруашылығы болып бөлінуі еді. Бірақ, энеолитте бірыңғай егіншілікпен айналысатын тайпалар әлі қалыптаспады. Өйткені теселі егіншілік адамды тамақпен толық камтамасыз ете алмады. Сондықтан бұл тайпалардың мал шаруашылығымен де, аң және балық аулаумен де айналысуына тура келді. Ал мал шаруашылығымен шұғылданғандардың көп бөлігі егіншілікпен мүлдем айналыспады. Мал бағу егіншілікке карағанда өнімді көп беретін. Қазақстан аумағында энеолит кезеңінің ерекше ескерткіші - Солтүстік Қазақстандағы Ботай тұрағы. Ботай тұрағы б.з.б. 3-2 мыңжылдықтармен мерзімделеді. Бұл тұрақ 15 гектар жерді алып жатыр. Тұрақты қазу барысында 158 тұрғын үй табылды. Үйлердің кабырғалары жануарлар терісімен қапталған, ортасына ошақ орнатылған. Қазба жұмыстары барысында тастан жасалған кұралдар - садақтың ұштары, найзалар, пышақтар мен балталар табылды. Сүйектен жасалған ине, біздер және қыштан жасалған бұйымдар да ұшырасты. Жылқы сүйектері өте көп табылды. Ботайлықтар жылқы малын қолға үйреткен. Энеолиттік ескерткіштер Маңғыстау жерінде де жолықты. Шебір елді мекені маңынан тас пен қыштан жасалған еңбек құралдары табылған. Шебір тұрағының тұрғындары теңіз моллюскаларының қабықтарын моншақ етіп таққан. Шебірліктер негізінен аң аулаумен айналысқан.

Қожа Ахмет Йасауи (1103-1167) Сайрам қаласында туған. Әкесі Ибрахим атақты ғұлама адам болған. Шешесі - Мұса шайқының қызы Айша (бір деректерде - Қарашаш). Ахмет жастай шешесінен, жеті жаста әкесінен жетім қалған. Ол өзінің әпкесі Гауһар-Шаһназдың қолында өседі. Алғаш әкесінен оқып, сауатын ашып, кейінірек ислам дінінің шариғат-қағидаларын үйренген. Бала кезінен Йасы (қазіргі Түркістан) қаласын мекен етеді. Кейін осы қаланың атымен Ахмет Йасауи (йасылық Ахмет) атанады. Бұхара қаласында Юсуф Хамаданидан діни білім алып, Йасыға оралады. Мұнда ол сопылық ілімнің насихатшысына айналады. Арыстан бабты пір тұтады. Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы -- Диуани хикмет Диуани Хикмат (Хикмат - жинақ). Бұл шығарма алғаш рет 1878 ж. жеке кітап болып басылып шығады. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше қайыра басылады. Соның бірі 1901 ж. Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.Диуани Хикметтен түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына, ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады. Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. "Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады" деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл - шағатай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазды. Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Түркістан қаласында жерленген Қожа Ахмет Ясауи әзіреті сұлтан аталып, басына XIV ғ. аяғында атақты Ақсақ Темір күмбезді сағана орнаттырады.

Қазақстанның алғашқы астанасы (Алаш автономиясының) 1917-1920 жылдары Семей қаласы (ол кезде Алаш-қала) болды.1920 жылдан кейін Қырғыз АКСР-ы астанасы Орынбор қаласы болып бекітілді. 1925 жылы республиканың аты Қазақ АКСР-на өзгертіліп, астана Ақмешіт қаласына ауысып, қала аты бірден Қызылорда болып өзгерді. 1929 жылы астана тағы да өзгеріп, бұл жолы таңдау Алматы қаласына түсті. 1997 жылдың 17 желтоқсанында Астана қаласы Қазақстанның ресми астанасы деп жарияланады. Астана қаласының ел астанасы ретіндегі халықаралық таныстырылымы 1998 жылдың 10 шілдесінде өтті.
3 - Билет
1. Қола дәуіріндегі шаруашылық және қоғамдық-мәдени өміріндегі өзгерістер.
2. Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметіне баға беріңіз.
3.Қалмақ қырылған, Аңырақай шайқастары болған өңірлерді карта бойынша көрсетіңіз және болған жылдарын анықтаңыз

Климаттың өзгеруі. Алғашқы экономиканың құрылуына бәрінен бұрын табиғи-климаттық өзгерістер себепші болды. Бұдан үш мың жыл бұрын еліміздің табиғаты құрғак, қысы қатал әрі ұзақ, жазы қысқа әрі ыстық болған. Мұндай жағдайда ел тұрғындарының егіншілікпен айналысуы қиынға соқты. Күзгі жаңбырдың салдарынан егін пісіп үлгірмеді, адамдар қажетті азық-түлік қорларын жасай алмады. Соңдықтан ертедегі тұрғындар мал өсіруге көбірек көңіл бөлді. Қоныстар малшылардың қыстауына, егіншілік шаруашылықтың көмекші түріне айналды. Батыс және Орталық Қазақстанның ұзақ уақытқа арналған қоныстарында сумен жабдықтаудың жаңа әдісі- құдық қазу шықты.
Отырықшы және жартылай көшпелі мал шаруашылығы. Қола дәуірінің алғашқы кезеңінде тұрғындардың негізгі кәсібі үй маңында мал өсіретін отырықшы болды. Үй маңындағы жайылымдар мал басы көбейген сайын,тозып, жарамсыз болып қалған кезде бақташылар малымен бірге жаңа жайылымға көшіп-қонып отырды. Мал басының артуына байланысты малшылар жайылымды жиі ауыстырып отырды. Жайылым қажеттілігі малшыларды бір жерден екінші жерге ауысып, көшіп отыруға мәжбүр етті.
Жартылай көшпелі мал шаруашылыгы осылай шықты. Жағдайдың өзгеруіне қарай табын құрамы да өзгерді, ірі қараның саны азайды. Тебіндеп жайылуына байланысты қой мен жылқы саны артты.
Кетпенді егіншілік. Ерте қола дәуірінің қоныстарында тастан және бұғы мүйізінен жасалған теселер табылды. Олар жерді басына тас немесе мүйіз орнатылған тесемен қопсытып өңдеді. Сондықтан, ол теселі егіншілік деп аталды. Қола дәуірінің ортасына қарай қола кетпенді пайдалана бастады. Қола дәуірінің соңына қарай қола және мыс орақтар кеңінен пайдаланылды. Олар Шығыс Қазақстандағы Мало-Красноярка, Батыс Қазақстандағы Алексеев, Солтүстік Қазақстандағы Степняк қонысынан және Жетісу жерінен табылды. Көкшетаудағы Шағалалы қонысынан қола шалғы табылды. Жалпы, егіншілік сипаты жағынан қарапайым болып қара берді және мал шаруашылығымен салыстырғанда көмекші рөл атқарды. Бірақ ол тамақ өнімдерін алудың маңызды көзіне айналды. Тұрғындар - бидай, қарабидай, тары өсірді. Күнкөрістің қосымша көзі - аңшылық, балық аулау болды.
Қоғамдық-мәдени өзгерістер. Алғашқы қауымдық құрылыстың қола дәуірінің соңына қарай басталған ыдырауы жаппай етек алды. Қауым мүшелерінің ішінен малы көп байлар, басқыншылық соғыспен байыған қолбасылар шыға бастады. Малды туысқандар арасында бөлісу жеке меншіктің тууына әкелді. Көшпелілер малды өз меншігіне иеленіп, ал жер қауымның, рудың меншігінде қалды. Металды пайдалану адамзат өміріне ұлы өзгерістер енгізді. Енді қолөнершілер, металл құюшылар шыға бастады. Қоғам мал және жер шаруашылығымен айналысатын қауымдарға бөлінді. Қоғамның негізгі бөлігін малшылар мен егіншілер құрады. Ер адам еңбегінің маңызы артты. Қола дәуірінде аталық ру толық орнықты. Қола дәуірі кезінде діни наным-сенім қалыптасып, жоғары дінбасылары-абыздар пайда болды. Олар діни жоралғыларды жүргізуші ғана емес, ежелгі дәстүр мен білімді сақтаушы да болды. Қола дәуірі адамдарының діни көзқарастары қарапайым болды. Олардың түсінігі бойынша қайтыс болған адам келесі бір дүниеге ауысады деп ойлаған. Адамның бұйымдарын, қару-жарағын, еңбек құралдарын қоса көмген. Олар адам бұл өмірде кім болса, арғы дүниеде сол кәсібін жалғастырады деп есептеген.Андрондықтар күнге, отқа мінәжат еткен. Беғазы-Дәндібай мәдениеті. Бұл атау Орталык Қазақстандағы Беғазы және Дәндібай мекеніндегі обаларға байланысты қойылған. Осы мәдениетке жататын үйлердің, жерлеу орындарының құрылыстары өте ірілігімен, тас қашау өнерінің жетілгендігімен ерекшеленеді. Әдетте, үйлердің қабырғалары бір-бірімен балшықпен байланыстырылып, ірі тастардан қаланған. Ішкі және сыртқы беттеріне тастың тегіс жағы қаратылған. Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын жерлеу орындарының көпшілігі - обалар. Беғазы-Дәндібай қорғандары биіктеу болып келеді және ұсақ киыршық тастар мен топырақтан тұрғызылып, етегі үлкен қақпақтастармен бекітілген. Бұл мәдениетке жататын қыш құмыралардың ернеуі тік, бүйірі шығыңқы, түбі тегіс болып келеді. Беғазы-Дәндібай құмыралары әр түрлі өрнекпен безендірілген. Тарақ жүзді және үзік сызықты үшбүрышты өрнектер көп кездеседі.

Тұрар Рысқұлов (26 желтоқсан 1894, Жетісу облысы, Верный уезі Шығыс Талғар болысы - 10 ақпан 1938, Мәскеу) - мемлекет қайраткері. Оның әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы XIX ғасырдың 80-жылдары патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысыТүлкібас ауданы) Верный уезіне қоныс аударып келген болатын. Жаңа қонысында да әділетсіздік көрген Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан Саймасай Үшкемпіров деген болысты атып өлтіреді. Түрмеде жатып өш алушылардың жалғыз ұлы Тұрарға зияны тиер деп қауіптенген ол оны өзінің қасына алдыртады. Түрме баласы аталған Рысқұлов түрме үйлерін сыпырып, бастықтың атын айдап жүріп орыс тілін үйренеді. Әкесі 10 жылға сотталып Сахалинге жер аударылған соң Рысқұлов - Қырғызбаев деген жалған фамилиямен нағашыларының қолына келіп, Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектепте оқиды. 1910 жылы Рысқұлов Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Рысқұлов 1915 жылы Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына оқуға қабылданады. 1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына аттанды. Ол Меркіге келген кезде халық ашық бас көтерулерге шығып, жер-жерде қарулы қақтығыстар өрши бастаған болатын. Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай босатып жіберуге мәжбүр болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін көктемде Рысқұлов Меркіге оралып, онда Қазақ жастарының революциялық одағын құрады. Осы жылы жазда Рысқұлов РСДЖП құрамына мүше болып қабылданды. 1918 жылы сәуірде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланып, өз күш-жігерін ашаршылыққа ұшыраған халықты төніп тұрған ажал тырнағынан арашалап қалуға, орыстар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге жұмсады.1918 жылы Рысқұлов Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары, 1920 жылы Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Атқару комитетінің төрағасы ретінде Түркістан Республиканың Конституциясына сай берілген құқықтарын пайдалана отырып орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, олардың экономикалық жағдайының жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен теңестірілуіне, орыс шаруалары мен казактардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруларына қол жеткізді. Ол Түркістан Республиканың саяси-мемлекеттік егемендігі жолында табанды күрес жүргізді. Республиканы түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыруға, республика егемендігіне, яғни саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиіс дербестік құқықтарына ие болуға бар күш-жігерін жұмсады. 1924 жылы жазда Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалды. Ол онда Моңғол Халық Республикасының аяғынан нық тұрған мемлекеттік ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Моңғолия астанасының атын Улан-Батор (Қызылбатыр) деп қоюды ұсынған Рысқұлов болатын. 1926 жылы наурызда Рысқұлов Қазақстанға жіберіліп, Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы жылы 19 сәуірде Рысқұлов Қазақ өлкелік БКП (б) комитеті қаулысымен Еңбекші қазақ газетінің жауапты редакторы болып бекітілді. Көп ұзамай 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілді. Бұл қызметіне қоса Рысқұлов Түрксіб темір жолын салуда үкімет комиссиясының төрағасы болып, оны 5 жылда аяқтау орнына 3 жылда пайдалануға берілуін ұйымдастырды. Маманданған қазақ жұмысшыларын қалыптастыруға, қазақ жастарын Ресей және шет ел оқу орындарында көптеп оқытуға көп көңіл бөлді. Қазақ өлкелік БК(б)П к-тін басқарған Ф.И. Голощекиннің Қазақстанда кіші Қазан төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы шықты. Кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында И.В. Сталинге нақты ұсыныстар жасады. Бірақ И.В. Сталин Рысқұловтан гөрі Ф.И. Голощекинге сенім артатындығын танытты. Рысқұлов қолынан келгенше ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz