ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ҚОРЫТЫНДЫ АТТЕСТАТТАУҒА ДАЙЫНДАЛУҒА АРНАЛҒАН ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ
ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ
ҚОРЫТЫНДЫ АТТЕСТАТТАУҒА ДАЙЫНДАЛУҒА АРНАЛҒАН
ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛ
АСТАНА
2017
Қазақстан тарихы бойынша түсіндірме жазба
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылдың 16 қарашасында шыққан №660 бұйрығына сәйкес 2016-2017 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептердің 11-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттауға өзгерістер енгізілді. 11-сынып оқушылары үшін Қазақстан тарихы пәнінен ауызша емтихан тапсыру міндеттелді. Ауызша емтихан тапсыру мұғалімдер мен оқушылар үшін жаңа формат болғандықтан, Ұлттық тестілеу орталығы тарапынан көмекші құрал ретінде әдістемелік нұсқаулық әзірленді. Әдістемелік нұсқаулықта емтихан тапсырмаларының модельдері мен түрлері, емтихан өткізу талаптары, оқушылардың жауаптарын бағалау критерийлері жан-жақты талданып, емтихан тапсыру үлгісі ұсынылады. Әдістемелік нұсқаулық жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері мен оқушыларға арналады.
Бұл түсіндірме жазбаның мақсаты: тиісті білім деңгейі мемлекеттік жалпыға міндетті стандартпен қарастырылған оқу пәнінің көлемін оқушылардың игеру дәрежесін анықтау.
Аталмыш мақсаттарға сәйкес бағалаудың төмендегі міндеттері шешімін табуға тиіс:
* МЕБС және оқу бағдарламаларына сәйкес тарихи тұтастық пен толықтықта Қазақстан тарихы бойынша білімдерін анықтау;
* Қазақстан тарихы бойынша терминологияны игеру деңгейін анықтау;
* Тарихи фактілер мен құбылыстарды талдау және жинақтау, тарихи оқиғалардың мәні мен себептерін анықтай білу, олардың маңызын бағалай алу дағдыларының қалыптасу деңгейін айқындау;
* Зерттелген дәуірлер оқиғаларын, саяси лидерлердің, алдыңғы қатарлы ғылым және мәдениет өкілдерінің қызметін салыстырмалы талдау дағдылары мен икемділіктерін бағалау;
* Тарихи мәтіндер, дереккөздер, карталар, схемалар, таблицалармен жұмыс істеу дағдылары мен икемділіктерін өлшеу;
* Білімдерін пайдалана алу және оларды логикалы, жүйелі, негізделген түрде баяндау дағдыларының деңгейін анықтау;
* Пәнаралық (бұрын алған білімдері негізінде) және пәнішілік байланыстарды көре білу, алынған білімін бейтаныс ахуалда пайдалана алу дағдысын айқындау.
Тапсырмалардың құрылымы және мазмұны
1- сұрақ - пәндік білімдері
2- сұрақ - пәндік икемділіктері
3- сұрақ - пәндік дағдылары
Білім - оқушының пәнді теориялық игеруін көрсететін идеяларының жиынтығы. Білім ғылымның негізгі фактілерін және содан шығатын теориялық жинақтауды (теория, заңдылықтар, тұжырым) түсіну, санада сақтау және бере (баяндай) білуі. Икемділік пен дағды біліммен тығыз байланыста болады. Икемділік - игерілген білімін іс жүзінде пайдалану тәсілдерін (әдістер, әрекеттер) игеруі. Дағды - шеберліктің жоғары дәрежесіне дейін жеткізілген икемділіктің құрамдас бөлігі, автоматтандырылған әрекет ретінде қарастырылады. Дағдылары мен икемділіктері тарихи концептілерді (тұжырымдарды) игеру негізінде анықталады:
* өзгеріс және сабақтастық
* себеп және салдар
* дәлел
* ұқсастық және айырмашылық
* маңыз
* интерпретация (түсіндіру).
Концепттер негізінде оқушы мәтіндер, дереккөздер, карталар, схемалар, таблицалар, иллюстрациялармен жұмыс істеудің танымдық санаты және дағдыларының деңгейін көрсетуге тиіс.
Танымдық саладағы дағдылары мен икемділіктері білім, түсінік және сыни ойлауды қамтиды. Мұнда алты деңгей алынады.
I. Білім
Бұл санат нақты фактілерден тұтас теорияға дейін зерттелген материалды еске сақтау және баяндап беруді білдіреді.
Оқушылардың нақты әрекеттері: терминдерді, нақты фактілерді, негізгі түсініктерді, ерекшеліктері мен қағидаттарын айта алады.
II. Түсінік
Түсініктің көрсеткіші материалды көрсетудің бір формасынан екіншісіне түрлендіру болуы мүмкін, материалды интерпретациялау, құбылыстар, оқиғалардың одан арғы барысын болжау.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- фактілер, үрдістер, қағидаттарды түсіндіреді;
- графикалық материалды сөйлеу формасына түрлендіреді;
- қолда бар деректерден шығатын болашақ салдарларды жобамен суреттейді.
III. Қолдануы
Бұл санат зерттелген материалды нақты жағдайлар және жаңа ахуалдарда пайдалануға икемділігін көрсетеді.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- заңдар, теорияларды нақты практикалық ахуалдарда пайдаланады;
- түсініктер мен қағидаттарды жаңа ахуалдарда пайдаланады.
IV. Талдау
Бұл санат мәтіндер, көздер, графикалық деректерді талдай білуді білдіреді; материалды құрамдас бөліктері айқын көрініп тұратындай етіп бөлшектеуі.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- біртұтастың бөліктерін айқындайды;
- араларындағы өзара байланысты көрсетеді;
- біртұтастың ұйымдасу қағидаттарын анықтайды;
- пайымдау логикасындағы қателіктер мен жетімсіздіктерді көреді;
- фактілер мен салдарлар арасындағы айырмашылықты жүргізеді;
- деректердің маңыздылығын бағалайды.
V. Синтез
Бұл санат жаңашылдығы бар біртұтасты алу үшін элементтерді құрастыра алуға икемділігін білдіреді.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- графикалық материал, аргумент, гипотеза құрастырады;
- схемалар, алгоритм, салыстырмалы немесе синхронды таблицалар құрастырады.
VI. Баға
Бұл санат бір не басқа материалдың маңызын бағалау икемділігін білдіреді.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- Қорытындылардың қолда бар деректерге сәйкестігін бағалайды;
- бір немесе басқа іс-әрекет нәтижесінің маңыздылығын бағалайды.
Ауызша жауаптарды бағалау:
5 (үздік) бағасы қойылады, егер оқушы:
Бағдарламалық материалдың бүкіл көлемін терең де толық білу және түсінуін көрсетеді; қарастырылып отырған түсініктер, құбылыстар және заңдылықтарды, теориясын,өзара байланыстарының мәнін толық түсінеді.
Зерттелген материал негізінде толық және дұрыс жауап құрай алады; негізгі қағидаларды айқындайды, өз бетінше нақты мысалдар, фактілермен жауабын растай алады; өз бетінше және негізделген түрде талдай, жинақтай, қорытындылай алады. Пәнаралық (бұрын алған білімдері негізінде) және пәнішілік байланыстарды көре біледі, алған білімін бейтаныс ахуалда пайдалана алады. Оқу материалын жүйелі, нық, байланысты, негізделген түрде және қатесіз түсіндіреді: жауабын қабылданған терминологияны пайдалана отырып логикалық жүйелілікте береді; өзінің дербес тұжырымын жасайды; негізгі түсініктердің дәл анықтамасы және түсінігін құрастырады; жауап бергенде оқулық мәтінін сөзбе-сөз қайталамайды; материалды әдеби тілмен айтып береді; мұғалімнің қосымша сұрақтарына дұрыс та пайымды жауап береді. Емтихан парағында жазба жауабын өз бетінше, дербес және үнемді пайдаланады, өз ойымен анықтама материалдарға, оқулықтарға, қосымша тарихи әдебиетке, түпнұсқаларға сілтемелер жасап, солардан үзінділер келтіреді.
Алған білімдерін шығармашылық деңгейде мәселелер шешу үшін дербес, өзіне сеніммен және қатесіз қолданады; біреуден артық кемшілік жібермейді, онысын мұғалімнің көмегімен жеңіл түзетеді.
Осылайша, 5 (үздік) бағасы толық, мазмұны ашылған жауап үшін, білімін пайдалана алатындығы және логикалы түрде айта алатындығы үшін қойылады. Жауап толық, логикалық тұрғыда шымыр, игеруге түсінікті, қосымшаны талап етпейді.
4 (жақсы) бағасы қойылады, егер оқушы:
Оқытылған барлық бағдарламалық материал бойынша білімін көрсетеді. Оқылған теориялар негізінде толық және дұрыс жауап береді; оқытылған материалды айтуда, түсініктерді айқындауда, ғылыми терминдерді пайдалануда не тұжырымдар және жиынтықтарда елеусіз қателер мен кемшіліктер жібереді; материалды белгілі бір логикалық жүйелілікте айтады, дегенмен бір жеңіл-желпі қате немесе екеуден артық кемшілік жібереді, оларды, талап етсе, өз бетімен не мұғалімнің шағын көмегімен түзей алады; оқу материалын негізінен игерген; жауабын нақты мысалдармен растай алады; мұғалімнің қосымша сұрақтарына дұрыс жауап береді.
Оқытылған материалда басты қағидаларды өз бетінше бөліп алуға икемді; фактілер мен мысалдар негізінде дербес жиынтықтайды, қорытынды жасайды, пәнаралық байланысты байқай алады. Түрленген ахуалда алынған білімін іс жүзінде қолданады, ауызша және жазбаша тіл мәдениетінің негізгі ережелерін сақтайды, ғылыми терминдерді пайдаланады.
Анықтама әдебиетпен, оқулықпен, түпнұсқамен жұмыс дағдысы жеткіліксіз (дұрыс бағдар ұстайды, бірақ жұмыс істеуі баяу).
Осылайша, 4 (жақсы) бағасы негізінен оқу бағдарламасының талаптарына сәйкес, бірақ білімі сәл-пәл толық емес немесе ұсақ қателер жіберген жауап үшін қойылады. Жауап толық емес, шағын толықтыруды талап етеді, оқушы қосымша сұрақтарға сенімсіздеу жауап береді, алайда, негізгі материалды біледі.
3 (қанағаттанарлық) бағасы қойылады, егер оқушы:
Оқу материалының негізгі мазмұнын игерген, алайда кейбір жерлерін түсінбеген; материалдың мазмұнын айтуы жүйесіз, үзік-үзік және ретсіз.
Жекелеген білімі мен икемінің қалыптасуы жеткіліксіз екенін көрсетеді; тұжырымдары мен жинақтауы нашар, оларда қате жіберіп отырады.
Ғылыми терминологияны пайдалануда қателіктер мен дәлсіздіктер жібереді, түсініктерге берген анықтамасының нақтылығы жеткіліксіз; өз бақылауынан, фактілерден алынған қорытындылар мен жинақтарды дәлел ретінде пайдаланбады не оларды айтып беру кезінде қателер жіберді.
Теория негізінде білімін қолдануда, нақты құбылыстарды түсіндіруде, немесе теорияны іс жүзінде пайдаланудың нақты мысалдарын растауда қиналады.
Мұғалімнің сұрақтарына берген жауабы толық емес (кейде негізгісін де жіберіп алады), не оқулық мәтінін айтады, бірақ осы мәтіндегі маңызды мәні бар жекелеген қағидаларды түсінуі жеткіліксіз.
Оқулық мәтінін (жазбаларды, түпнұсқаларды) айтуда жекелеген қағидалар, үзінділіер, цитаталарды дұрыс түсінбегенін байқатады, не болмаса мұғалімнің сұрағына бір-екі дөрекі қате жіберіп, толық жауап бере алмайды.
Осылайша, 3 (қанағаттанарлық) бағасы негізінен оқу бағдарламасының талаптарына сәйкес, бірақ, кемшіліктер мен қателері бар жауап үшін қойылады. Оқушы өз жауабына сенімді емес, жауап беріп тұрып үзіліс жасай береді, қосымша сұрақтарға жауап бермейді, материалды нашар игерген.
2 (қанағаттанусыз) бағасы қойылады, егер оқушы:
Материал мазмұнын игермеген және оны ашып бере алмайды; қорытындылау мен жинақтау жасай алмайды.
Қойылған сұрақтар шегінде бағдарламалық материалдың маңызды немесе негізгі бөлігін білмейді және түсінбейді, не нашар қалыптасқан білімі толық емес, оларды нақты мәселелерді шешуде қолдана алмайды.
Жауап бергенде (бір ғана сұраққа) екеуден артық дөрекі қате жібереді, оларын мұғалімнің көмегімен де түзете алмайды.
Қойылған сұрақтардың ешбіріне де жауап бере алмайды.
Материал толықтай игерілмеген.
Осылайша 2 (қанағаттандырылмаған) бағасы маңызды кемшіліктер және қателіктері үшін қойылады.
Сондай-ақ 2 бағасы тақырып бойынша оқушының еш себепсіз жауап беруден бас тартуында немесе тақырыптың негізгі қағидаларын толық білмегендігі кезінде қойылады.
Оқушылардың білімі, икемі және дағдысын бағалауда барлық қателерді есепке алу қажет:
* негізгі түсініктер, заңдар, ережелер, негізгі қағидалардың анықтамаларын білмеу;
* жауабында ең бастысын бөліп айта алмау;
* білімін проблемалық міндеттерді шешу және құбылыстарды түсіндіруде қолдана алмау;
* тұжырымдау мен жинақтауды жасай алмау;
* ақпаратты (деректер, білімдер) айтуды, түсіндіруді, қолдануды, талдауды, жинақтауды, түпнұсқалар, оқулықтар және анықтама материалдары мен мазмұнын бағалауды жасай алмауы.
Бағалау критериилері
№
Критерилер
балдар
1
Жалпы білім деңгейі
1 балл
2
Нақты мәселелерді білу және тарихи дерекөздерді пайдалану
5 балл
3
Логикалық және аналитикалық ойлауы және айту стилінің кұрылымы
2 балл
4
Тарихи білімді ашып айту бойынша білік дағдылары
1 балл
5
Ойын қорытындылай білу қабілеті
1 балл
Ескертулер: 3-сұрақтың әр қайсысына берілген жауаптары 10 (он) балмен бағаланады. 3 сұрақ үшін жалпы балл жиынтығы 30 балды құрайды.
Алған балдарын бес балдық шәкілмен есептеу шкаласы төменде берілген
Есептеу шәкілі
Бес балдық шәкілі
бойынша бағасы
2
3
4
5
Жалпы балл
0-4
5-16
17-14
25-30
Емтиханның ұзақтығы сыныптағы оқушылардың санына байланысты. Түлекке билет бойынша жауапқа дайындыққа 20 минут беріледі.
Емтиханда заманауи техникалық құралдарды пайдалануға тыйым салынады. Барлық қосымша материалдарды (карталар. сызбалар. кестелер және т.б.) мұғалім дайындайды.
Қателердің жалпы классификациясы
Аса ірі емес қателерге мыналар жатады:
1. анықталатын түсініктің негізгі нышандары толық қамтылмағандықтан пайда болған ой тұжырымының, анықтамалардың, түсініктер, заңдар теориялардың дәл болмауы немесе осы нышандардың 1 - 2-н екінші дәрежелі нышанмен айырбастауы;
2. ауызша жауаптың ой елегінен жеткіліксіз өткізілген жоспары (логикасының бұзылуы, жекелеген негізгі фактілерді екінші дәрежелілермен ауыстырып алу);
Бағаның төмендеуіне ықпал ететін қателер мен кемшіліктердің классификациясы
Қателер:
* теорияның негізгі түсініктерін, заңдарын, ережелерін, негізгі қағидаларын білмеу, тақырыптар, жалпы қабылданған фактілер, субъектілер, үрдістер, оқиғаларды (құбылыстар, үдерістерді) білмеу;
* жерлердің, өңірлердің атауларын, терминдерін, мағыналарын, топонимикалық атауларды, тарихи оқиғаларды білмеу;

* білімін проблемалық міндеттерді шешу және құбылыстарды (оқиғаларды, үрдістерді) түсіндіруде қолдана алмау;

* таблицалармен жұмыс жасай алмау, құрастыра білмеу, графиктер және принципиалды схемаларды құра алмау;
* түпнұсқалар, оқулықтар және анықтама материалдарының мазмұнын айтуды, түсіндіруді, қолдануды, талдауды, жинақтауды, бағалауды жасай алмауы.
* Тарихи картамен жұмыс жасай алмауы
* Қазақстан тарихы оқиғаларының хронологиялық ретін, негізгі және маңызды күндерді, хронологиясын білмеуі
* Қазақстан тарихының көрнекті тұлғаларын, субъектілерін, олардың жетістіктерін, Қазақстан тарихындағы негізгі еңбектері мен рөлін білмеу
* Себеп-салдарлы байланыстарды таба алмау, негізгі өзгерістерді талдай алмау, себептерін түсіндіруді, баға беруді, үрдісті ашуды, сипаттама беруді, салыстыру, сипаттау, дәлелдеуді жасай алмауы
* Негізгі оқиғалардың (құбылыстар, үдерістердің) мәнін, маңызын, рөлін, мақсаттарын білмеу
* Өз пікірін логикалық тұрғыдан жүйелі және түсінікті айта алмау
* Қазақстан тарихының негізгі тарихи мәселелерін білмеу
* Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің тууы, орнығуы және дамуы туралы білмеу
* Қазақ халқының материалдық және рухани мұрасы туралы, оның дамуының өзіндік ерекшеліктері туралы білмеу
* Түсініктің қате анықтамасы, түсініктің маңызды сипатын маңызы аз сипатпен алмастыру;
* Маңызды болып тұрған жағдайда нысанды (құбылысты, үдерісті) сипаттаудағы бірізділіктің бұзылуы;
* Бір не басқа оқиғаның (құбылыстың, үдерістің) себебін, заңдылығын, салдарын, тарихи маңызын, өту жағдайын дұрыс ашпау (әңгіме-ойтолғау үстінде);
* Оқиғаларды (құбылыстар, үдерістерді) немесе субъектілерді (тұлғаларды) салыстыру, оларды маңызды нысандары бойынша топтарға классифи - кациялаудағы қателер;
* Нақты материалды білмеу, айтылған пайымын, ой-пікірін растайтын дербес мысалдар, дәлелдер келтіре алмау;
* Сурет, схема салу икемінің болмауы, таблицаны дұрыс толтырмауы; өз жауабын схема, сурет, таблица, иллюстрациялық материал, түпнұсқамен растай алмауы;
* Картада және нобайда бағдар ұстай алмауы, оқытылған нысандарды (табиғи және тарихи) дұрыс көрсетуде қиналуы.
Кемшіліктер:
Оқиғаны (құбылысты, үдерісті) суреттеуде оның маңызды емес нышандарының басым болуы;
* суреттер, схемалар, таблицалар орындауда жұмыс нәтижесіне теріс ықпал етпейтін дәлсіздіктер; белгілер және қолдардың болмауы;
* қате түпкі нәтижеге әкелмейтін, жауап беру кезіндегі бірізділіктің жекелеп бұзылуы;
* нысанды картадан табудағы дәлсіздіктер.
Оқушылар үшін картамен жұмыс бойынша Ережелер
Өздерің таңдаған шартты белгілердің көмегімен тапсырманы орындаңдар, шартты белгілерді картаның түсіндірме сөздеріне бейнелеңдер. Географиялық және тарихи нысандар - қалалар мен кенттердің атауларын дұрыс жазыңдар; өзендердің атауы ағысы бойына жазылады: бастауынан құйылуына қарай, жазу басқа белгілердің сұлбасын жауып қалмауы керек; жазуды мүмкіндігінше ұсақ, бірақ анық етіп жазыңдар.
Картаны артық жүктеп жібермес үшін ұсақ нысандар сандармен белгіленіп, артынан карта нобайының сыртында оларға түсінік берілуі тиіс (шартты белгілер графасында).
Картаға тарихи нысандарды-өзен жүйелері, жаға сызығын және мемлекеттік шекараларды бейнелеуде градустық торды пайдаланыңыз (бұл бағдар және ыңғайлылыққа, сондай-ақ нысандарды дұрыс енгізуге қажет).
Өздеріңізге берілген тапсырмаларды дәл орындау керек (артық ақпарат енгізуден сақтаныңдар: жұмысқа артық ақпарат еніп кеткенде берілген тапсырманы дұрыс рәсімдегені үшін қойылатын баға бір баллға төмендеуі мүмкін)
Нысандардың географиялық және тарихи атаулары бас әріптен жазылсын. Жұмыс грамматикалық қатесіз ұқыпты орындалуы тиіс (салақ және грамматикалық қателермен орындалған жұмыс бағаны бір баллға төмендетуі мүмкін).
Билеттегі кескін картамен жұмысты бағалау критерийлері
* Карта бойынша тапсырманы дәл және дұрыс орындауы
* Картаға нысандар мен жазбаларды дәл және ұқыпты енгізуі
* Жұмысында шартты белгілердің және олардың түсініктемесінің болуы (карта аңызы)
* Картамен жұмыс жасау ережесін сақтауы (бояуда бәсең түстерді пайдалануы, бояу тек түрлі-түсті қарындаштармен жүргізілуі)
* Сөйлеу және грамматикалық қателердің болмауы.
Тарих картасымен жұмысты бағалау критерийлері
* Картаның оқу алгоритмін сақтай білуі
* Карта бетінде географиялық бағдарларды дәл табуы және оны көрсете білуі
* Картадағы шартты ақпаратты мәтіндік ақпаратқа түрлендіре білуі
* Атауды, мерзімді, шартты белгілерді жауаптың үш бөлімді құрылымын сақтау үшін пайдалана білуі (кіріспе (атауы, бейненің салынған күні) - негізгі бөлім (картадағы ақпараттың сипаты немесе карта бойынша сұрақтарға жауап) - қорытынды)
* Сөйлеу сауаттылығы.
Картамен жұмыс бойынша ұсынымдар
Дегенмен, бастауыш кезеңнің өзінде-ақ, тарих және кескін карта секілді оқытудың дәстүрлі аспаптарын пайдалана отырып, оқушыны ақпарат алу, түсіндіру, түрлендіру және пайдалануға үйрету мүмкін. Бұл аспапты дұрыс пайдаланса, мұғалім заманауи білім беру жүйесінің алдында тұрған көптеген проблемаларды шеше алады:
* Оқытудың репродуктивті деңгейінен продуктивті деңгейіне көшіру проблемасы
* Ақпараттың тек бір пәндік сипаты және қалыптастырылатын икемділік пен дағды проблемасы
* Оқушыны оқыту мен әлеуметтендіру арасындағы байланыс жоқтығының проблемасы.
Төмендегі таблицада кескін картамен жұмыс үшін берілетін тапсырмалардың мысалдары келтірілген. Сол жақ бағанда Қазақстан тарихы бойынша кескін карталардағы дәстүрлі тапсырмалар көрсетілген. Бұл тапсырмалар оқушыға атластан кескін картаға механикалық түрде көшіруді ұсынады. Оң жақта, мақсаты талдау, салыстыру, синтез сынды ойлау операциясы арқасында өз бетінше ақпарат алу болып табылатын, кескін карта тапсырмасының түрлендірілген нұсқасы берілген. Жұмыстың қорытындысы ақпараттағы қайшылыққа дербес жетіп, сол қайшылықты түсіндіріп беруге талаптану болып табылады
Кескін картамен жұмыс үшін берілетін тапсырмалардың мысалдары таблицасы
Репродуктивті деңгей (ақпаратты айту)
Продуктивті деңгей (талдау, салыстыру, синтез сынды ойлау операциясы арқасында өз бетінше ақпарат алу)
1. Кейінгі ортағасырлық Қазақстандағы жер өңдеудің негізгі аудандарын көрсетіңдер;
2. Қазақ хандығының астаналарын жазыңдар;
3. Қазақстан аумағындағы ортағасырлық сәулет ескерткіштері ауданын белгілеңдер;
4. Қазақ хандығының XV ғасырдағы және XVI ғасырдың басындағы шекарасын көрсетіңдер.
1. Қазақстандағы жер өңдеуге неғұрлым қолайлы аумақтарды бөліп көрсетіңдер (табиғи қолайлы аумақтар мен қолдан жасалған жағдайлы аумақтарды түс (бояу) көмегімен бөліп көрсет);
2. Қазақстанның аумағын жер өңдеумен шұғылдануға қолайлы және қолайлы емес аймақтарға бөліп көрсетіңдер (бұлай бөлуді көрсету үшін көмектесетін шартты белгілер ойлап тап);
3. Оңтүстік Қазақстан жерінде жер өңдеумен шұғылдануға неғұрлым қолайлы аудандарды көрсетіңдер; Өз таңдауларыңды негіздеңдер;
4. Картада Қазақ хандығы мемлекетінің
ХV ғасырдағы және XVI ғасырдың басындағы аумағын көрсетіңдер. Қазақ хандарының неліктен Сырдария өңіріне биліктерін бекітуге ұмтылғанын анықтаңдар. Сырдария өңірін билеу құқығы үшін ХV ғасырда және XVI ғасырдың
басында қандай династиялар әскери қақтығысқа түсті?
Осындай тәсіл қолданғанда оқушы пән туралы білім алып қана қоймай, оны алу және пайдалануға да үйренеді. Тарих сабақтарын карта, схема, таблицаларды оқу алгоритмін өңдеу көмегімен пән туралы білімдерін тереңдетуде түсіну, талдау және пайдаланумен араластыра отырып жүргізу қажет.
Тарих картасын оқу алгоритмі
* Картаның атауын оқы (онда картада бейнеленген аумақ және оның қай кезеңге жататындығы туралы ақпарат бар);
* Картаның атымен таныс (бұл саған картадағы ақпаратты оқуға мүмкіндік беретін шартты белгілер);
* Картадағы ақпаратты оқуда ең ірі нысандардан баста, содан ұсақтарға қарай жылжи бер:
а) аумақтың табиғи - климаттық белгілерін айқында (әлемнің қай бөлігінде, қандай көлдері (теңіздері) бар;
б) мемлекеттің белгілерін анықта (шекара, астана, көрші мемлекеттері);
в) картада бейнеленген адамның тіршілік белгісін анықта (ол әскери жорықтар, сауда жолдары болуы мүмкін).
* Картада қозғалыс көрсеткіш оқпен белгіленетіні есіңе сақта.
Ақпарат алу тәсілдерінің бірі бірнеше картадағы ақпараттарды салыстыру болуы да мүмкін.
* Қала орнын таңдаудағы басты айырмашылық неде? Ол немен байланысты?
* Қала қайдан басталып, қалай өседі?
* Ортағасырлық Қазақстан қалалары формасының ерекшеліктерін ата.
Сондай-ақ мұғалімнің кескін картасындағы жұмысты бағалайтын дәл критерийлер мен картадағы шартты ақпаратты мәтіндік ақпаратқа түрлендіру критерийлеріне назар аудару маңызды.
Критерийлер пәндік икемділік пен дағдылардан басқа жалпы білім беру икемділіктері мен дағдыларын қалыптастыруға да мүмкіндік береді.
Критерийлерде 5 балл болады (дәстүрлі мектептік баға шкаласы).
Бір критерий бір баллға сәйкес.
1-Билет
1. Алғашқы адамдардың кәсібі.
2. 1867-1868 жж. Уақытша ереже мен 1886-1891жж. Ережелердің арасындағы өзгерістер.
3. Есік қорғанынан табылған сақ ханзадасының баскиімі мен Қарғалы шатқалынан табылған тәтіде бейнеленген ортақ белгілерді және айырмашылықтарды анықтаңыз?
Жауаптары:
1. Алғашқы адамдардың кәсібі.
Алғашқы адамдар қарапайым еңбек құралдарын пайдалануды үйренген соң, табиғатқа тәуелділігі азая бастады. Әуелде олар баспана жасауды,тамақ пісіруді білмеді. Жаңбыр мен жабайы аңдардан қашып, үңгірлерді паналады. Жер бетінде, ағаш, бұта басындағы өсіп тұрған әр түрлі жеміс-жидектерді терді.Жеуге жарамды тамырларды қазып алды.Құстардың жұмыртқаларын жинап қорек етті. Мұндай кәсіп терімшілік деп аталады. Бірлесіп тамақ табу мен жабайы жануарлардан қорғану үшін топтанып жүрді. Ертедегі адамдардың мұндай ұжымы адамдар тобыры деп аталады. Алғашқы қауымдағы адамдардың келесі кәсібі аң аулау болды, олар негізінен мамонттарды, бизондарды, маралдар мен жабайы жылқыларды,үңгір аюларын аулады. Аңдарды үркітіп, жарға қарай куатын. Үркіткен аңдар адамдардан қорқып,терең жарға құлады.
Еңбек құралдарын, тас өңдеу техникасын,бұйымдардың жетілдірілуін зерттеген археологтар тас дәуірін үш кезеңге бөледі.Палеолит-ежелгі тас ғасыры,мезолит-орта тас ғасыры және неолит-жаңа тас ғасыры. Бұл үш кезеңнің әрқайсысы өзінен бұрынғыдан неғұрлым жетілдіре жасалған еңбек құралдарымен ерекшеленеді.
2.1867-1868 жж. Уақытша ереже мен 1886-1891жж. Ережелердің арасындағы өзгерістер.
1867-1868жж. реформалар Уақытша сипат алып, екі жылға тәжірибе ретінде енгізілді, бірақ заңды тұрғыдан бекітілмей, 80-90жылдарға дейін қолданылды. 1886-1891жж. Ережелер 1867-68жж. Уақытша ережелерді аздаған өзгерістермен заңды тұрғыда бекітті.Сондықтан, ереженің атауындағы уақытша сөзі алынып тасталды.
1. Аумақтық өзгерістер: ІІ Александар патша 1867ж. 11-шілде Жетісу, Сырдария облыстарын басқару туралы, 1868ж.21-қазан Торғай, Орал, Ақмола ,Семей облыстарын басқару туралы Уақытша ережелер жобасын бекітті. Уақытша ережелер бойынша Қазақстан жері үш генерал-губернаторлыққа бағындырылды. Олар- Батыс-Сібір, Орынбор, Түркістан. Батыс-Сібір генерал-губернаторлығына - Ақмола, Семей, Орынбор генерал-губернаторлығына - Орал, Торғай, Түркістан генерал-губернаторлығына - Жетісу, Сырдария облыстары кірді.1870ж.Маңғыстау приставтығы -Кавказ әскери округына, ал 1872ж. Бөкей ордасы-Астрахан губерниясына қарады.
1886ж.2-маусымда Түркістан өлкесін басқару туралы Ереже бекітілді. Ол бойынша үш генерал-губернаторлық қалды, бірақ Түркістан генерал-губернаторлығынан Жетісу облысы шығарылып, Батыс-Сібір ген-губ-на берілді. Түркістанға Ферғана, Самарқан облыстары еніп, енді үш облыстан тұрды. 1891ж. 25-наурызда Ақмола, Семей,Жетісу, Орал, Торғай облыстарын басқару туралы Ереже бекітілді.Ол бойынша 1891ж. Орынбор мен Батыс-Сібір генерал губернаторлығы біріктіріліп, Дала генерал губернаторлығы деп аталды. 1891-1897жж. аралығында оның құрамында 5 облыс болды, ал 1897ж. Дала генерал губернаторлығынан Жетісу облысы шығарылып, қайтадан Түркістан генерал губернаторлығына берілді. Нәтижесінде, 1897ж. екі генерал губернаторлық төрт облыстан тұратын болды.
1890жылғы Закаспий облысын басқару туралы Уақытша ереже бойынша Закаспий облысы 5 уезден тұрды: Мерв, Теджент, Ашхабад, Маңғыстау,Красноводск .
2. Басқарудағы өзгерістер: 1867-1868жж. басқару жүйесі өзгеріссіз қалды (генерал-губернаторлықты генерал-губернатор, облысты - әскери-губернатор,уездді- уезд бастығы, болысты-болыс, ауылды- ауыл старшыны басқарды). 1886-1891жж. ережелер бойынша генерал-губернаторлықтарды басқаратын генерал-губернаторлардың билігі күшейтіліп, дара билеушіге айналды. Яғни, шексіз билік берілді. Облыс орталықтарында- полицейлік басқармалар, уездік қалаларда - полицейлік приставтықтар сияқты тәртіп бақылау мекемелері құрылды. Отаршылдық билеудің күшейгені сонша, сайланған болыс пен ауыл старшынын бекіту не бекітпеу әскери губернатордың қолында болды. Егер ол сайлау нәтижесін бекітпей қайта сайлау жүргіземін деп шешсе, оған қарсы келе алмайтын еді. Отырықшы тұрғындар мен қоныс аударушылар құқығы жағынан Ресейдегі селоның және қаланың тұрғындарымен теңестірілді. Бұл, әрине қазақ жеріне сырттан көшіп келгендердің мәртебесін арттырды. Қазақ ақсүйектері барлық артықшылықтарынан айырылды.
3. Сот жүйесіндегі өзгерістер: Халық дәстүрі мен ислам қағидаларына сүйенген халық соты қатаң түрде билік орындарының бақылауында болды. Оның ішінде, христиан дініне қарсы әрекет, жаңа басқару жүйесіне наразылық таныту, алым-салық төлеуден және мемлекет үшін әртүрлі міндеткерліктер атқарудан бас тарту қылмыстары билер сотының қарауынан алынып, жергілікті отаршылдық биліктің құзіретіне берілді. 1867-1868жж. ережелер бойынша болыстық соттың үш буыны болған еді: билердің төтенше съезі, билердің болыстық соты, бидің жеке соты. Билердің төтенше съезі тек әскери губернатордың рұқсатымен шақырылды, ал сот процесі уезд бастығы немесе облыстық басқарма құқығына ие болған шенеунік қатысқан жағдайда ғана заңды болатын. Билер 3 жылға сайланды, олардың қызметі уездік начальник тарапынан қатаң бақыланып отырылды.
4. Салық жүйесіндегі өзгерістер:1867-1868жж. реформалар бойынша қазақ халқы жылына бір рет түтін салығын төлейтін еді. Оның мөлшері: Орынбор, Батыс Сібір генерал губернаторлындағы қазақтар 3 сомнан, Түркістан генерал губернаторлығындағы қазақтар 2 сом 75 тиыннан төлеп келді. Шыңғыс ұрпақтары салықтан босатылды. Ал, 1886-1891жж. ережелер бойыша, түтін салығына земстволық алымдар қосылды. Олардың мөлшері жылдан-жылға өсіп отырды. Земстволық салық жергілікті әкімшілікті ұстауға, көпір, жол жөндеу мен дайындауға жұмсалды. Әрбір қазақ шаңырағы мынадай мөлшерде салық төлеп тұрды: түтін салығы- 4 сом, земство салығы -1 сом 25тиын, қоғамдық салықтар (жеке салықтар) -1 сом 25 тиын, мектептерге-50 тиын, барлығы -7 сомды құрады. Отырықшы аймақтарда жер салығы белгіленіп, жер өңдеуші салықты ақша түрінде күзде төлеуге тиіс болды.
1868 (210-бап) және1886 (270бап)- жылғы ереженің қазақтарға ең басты ауыртпалығы жер мәселесі болды. Онда қазақ жері Ресей империясының мемлекеттік меншігі деп жарияланып, қазақтарға қоғамдық пайдалануға берілді.
2. Есік қорғанынан табылған сақ ханзадасының баскиімі мен Қарғалы шатқалынан табылған тәтіде бейнеленген ортақ белгілерді және айырмашылықтарды анықтаңыз?
Екеуіне де ортақ белгілер:
Екеуі де Жетісу жерінен табылған.
Сақтар мен үйсіндердің түсінігінше, өлген адам қайта тіріледі деп сенген. Сондықтан да адамды жерлегенде оған о дүниеде керек болады-ау деп, тірі кезінде пайдаланған заттарының бəрін қоса көмген.
Екеуінде де Аң стилі мәдениетіне жатады. Яғни сақтар мен үйсіндердің бас киімдерінде жануарлардың бейнелері салынған. Атап айтқанда екеуінде де қанатты жолбарыстар, қанатты тұлпарлар, құстар бейнеленген. Онда қанатты тұлпарлар күннің белгісі ретінде салынған.
Екеуінің де басты тақырыбы- әлем бейнесі, әлем туралы түсінігі, діни наным-сенімдері мен өмірге деген көзқарасы бейнеленген.
Екеуінде де ою-өрнектер үш бөліктен тұрады.
Айырмашылықтары:
Есік обасынан табылған алтын киімді адам б.з.б. V - ІV ғасырларда, ал Қарғалы шатқалынан табылған үйсін адамы б.з.б. ІІ - І ғасырларда өмір сүргені анықталды. Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, Алтын адамның Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті елбасының ұлы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді.
2-Билет
1. Адамзат баласының пайда болуы.
2. Патшалық Ресей және Кеңес империясының Қазақстандағы отарлау саясатының зардаптарын салыстырыңыз және ұқсастықтары мен айырмашылықтарын талдаңыз.
3. Есік қорғанынан табылған алтын адаммен Шілікті қорғанынан табылған алтын адамның ортақ белгілері мен айырмашылықтарын анықтаңыз?
Жауабы:
1.Адамзат баласының пайда болуы.
Адамзат баласының пайда болып, қалыптасу үрдісі ежелгі дүниенің барлық аймағында бірдей жүрді. Адам баласы жер бетіндегі басқа тірі жәндіктер сияқты ұзақ эволюциялық дамудың нәтижесінде қалыптасты.Ежелгі дүние деп адамдардың пайда болып қалыптасқан Жер шары бөліктерін атайды.Адам баласының шығуы мен қалыптасуы бүкіл жанды дүниенің, өсімдіктердің пай да болуы, тарихи дамуы сияқты қарапайымнан күрделіге қарай жүрген. Алғашқы адамдардың қазіргі адамдардан көп айырмашылығы болды. Олар ірі маймылдарға ұқсас келді, терісін қалың түк басты, қолдары аяқтарынан ұзын еді. Қолымен жеміс терді, заттарды ұстау, соғу, жер қазу сияқты қарапайым жұмысты орындай алатын. Алғашқы адамдар қабыландай жылдам, арыстандай епті, аюдай күшті болмады. Бірақ ол еңбек құралдары арқылы өздерінің күш-куатын, шапшаңдығын еселеп арттыра алды. Қазғыш таяқ, үшкір тас, шоқпар-оның алғашқы еңбек құралдары еді. Солардың көмегімен тамақ тауып жеді. Алғашқы еңбек құралдары негізінен тастан жасалды. Олар өте қарапайым болатын. Ғалымдар алғашқы адамды епті адам деп атайды. Епті адам Африкадағы Кения жеріндегі Олдувай шатқалында табылған. Ол осыдан 1 млн 750 мың жыл бұрын өмір сүрген. Алғашқы адамның бірі питекантроп деп аталады. Питекантроптың қаңқасы алғаш рет Ява аралынан 1891 жылы табылды. Ол мөлшермен бұдан 1 млн жыл бұрын өмір сүрген. Адамзат дамуында бұдан кейінгі сатыда синантроп тұрады. Солтүстік Қытайда табылуына байланысты оған қытай адамы деген ат берілген. Синантроптар бұдан 500-200 мың жыл бұрын өмір сүрген. Питекантроп пен синантропты тік жүретін адам деп атайды.Көне адамның тағы бір түрі неандерталь деп аталады. Ол Германия жерінен табылды. Оның бойы орташа, денесі мығым, белі еңкіштеу, маңдайы тайқы, қабақ сүйегі шығыңқы келді. Неандерталь баланың сүйегі Өзбекстанның Тесіктас деген үңгірінен де табылған. Неандертальдықтар жер бетінде бұдан 100-35 мың жыл бұрын өмір сүрген. Олар тастан, сүйектен, ағаштан құрал жасай білген. Отты өз керегіне пайдаланған.

Ресей үкіметі ХVІІІ-ХХ ғасырларда Қазақстанда классикалық үлгідегі отарлау саясатын жүргізді. Патша үкіметінің отарлауда қолданған әдістері- әскери, экономикалық, саяси, демографиялық, мәдени. Соған сәйкес, отарлау саясатының зардаптары барлық салаға әсерін тигізді:
Ұқсастықтары:1.Экономикалық зардаптары: Қазақстан патшалық Ресей экономикасы үшін ұзақ уақыт шикізат көзі, өнім өткізетін нарық, арзан жұмысшы қолы, алым-салық алып отыратын аймақ болды, қазақ жерінің жер асты, жер үсті байлығы Ресейге тасылып әкетіліп, шұрайлы жер, өзен-көлді пайдалану құқын да өздеріне қалдырды. Кеңестік кезеңде де патшалық отарлау әрі қарай жалғасын тапты. Голощекиндік индустрияландыру жылдарынан бастау алған Қазақстанды орталықты шикізатпен қамтамасыз ететін аймақ ретінде қалыптастыру және Қазақстанда ірі, орта емес, ауыл шаруашылығымен байланысты ұсақ кәсіпорындар салу бағыты 50-80 жылдары жалғасын тауып, өнеркәсіптің Б тобына (өңдеуші) қарағанда А тобы (өндіруші) дамытылды.
2. Демографиялық зардаптары: Патша үкіметі кезінде отарлау ісіне әскерилер, казактар, орыс помещиктері мен шаруалары, орыс қоғамының басқа да сословиелері белсене атсалысты. Отарлаушы әкімшілік жаппай қоныс аударуға, әсіресе ішкі губерниялардағы жерсіз шаруаларды кеңінен тартты. Олар биліктің жергілікті жердегі тірегіне айналды. Патша үкіметі славяндық элементтерді көбейте отырып, жергілікті халықты ассимиляцияға ұшыратуды көздеді. Оларға қазақтың шұрайлы жерлері тартып алынып беріліп, салық т.б. әлеуметтік салада жеңілдіктер жасалды. Қазақ өз жерінде отырып, жерден тарлық көрді.Кеңес үкіметі тұсында жаппай қоныс аудару саясаты соғысқа дейінгі және соғыс жылдарындағы депортация, тың игеру, өнеркәсіп орындарын салумен қатар жүріп, славян тектестер және әр түрлі ұлт өкілдері келіп Қазақстанды ұлттардың қайнаған қазанына айналдырды. Қазақ өз жерінде аз ұлтқа айналды. Оның тілдік, әлеуметтік, рухани саладағы зардаптарын әлі күнге дейін көріп келеміз.
3. Рухани зардаптары: Патша үкіметі орыс емес ұлттарды, соның ішінде қазақтарды орыстандыру және шоқындыру саясатын жүргізді. Мешіт, медресе, мұсылмандық мектеп салу ісіне қысымшылық көрсетіліп, жоғары оқу орындары атымен болған жоқ. ХІХ ғасырдан бастап ақырындап алфавитті өзгерту бағытында жұмыстар жасалды. Орыс мектептері көбейтіліп, медреселерде орыс тілін оқыту міндетті болды. Дегенмен, патша үкіметі бұл бағытта өз мақсаттарына толық қол жеткізе алмады. Рухани салада патша үкіметі қол жеткізе алмаған мақсаттарға кеңес өкіметі қол жеткізе алды деп айтуға болады. Кеңестік дәуірде қазақ мектептерін мүлдем азайту, орыс мектептерін көбейту, жоғары оқу орындарының көпшілігі орыс тілінде оқытуы, маман-кадр мен маманданған жұмысшыны шеттен алдыру, Қазақстанда дайындамау, алфавитті екі рет өзгерту, атеизм саясаты нәтижесінде дінге мүлдем тыйым салып, дінсіздендіру, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді ескіліктің қалдығы ретінде жою қазақ халқын рухани құлдыратып, тамырынан үзді.
4.Саяси отарлау зардаптары: Патша үкіметі қазақ халқын мемлекеттіліктен айыру мақсатында 1822,1824 жылы алдымен Орта және Кіші жүзде хандық билікті жойды, 1867-1868 және 1886-1891жж. ережелер бойынша бүкіл қазақ жерін қамтитын реформалар (аумақтық, басқару, сот, салық) арқылы қазақ халқын саяси тәуелсіздіктен толық айырып, отарға айналдырды. Кеңес өкіметі қазақ жерінде белгілі-бір дәрежеде кеңестік негізде мемлекет құрғанмен, 1991 жылға дейін Ресейге тәуелділік, отарлық жағдайы өзгерген жоқ. Қазақ мемлекетінің өзін-өзі саяси, экономикалық, тіпті мәдени жағынан басқару құқы орталыққа тәуелді болып келді.
Жер мәселесі: Патша үкіметі заң тұрғысынан алғаш рет 1868 жылғы Уақытша ережеде қазақ жерін Ресей мемлекетінің меншігі деп жариялады, сөйтіп қазақ халқын жер пайдалану құқынан айырды. 1886, 1891 жылғы ережелерде арнайы жерге байланысты баптар енгізіліп, енді көшпелілер иемденген жерлер, оның бар байлығы, оның ішінде орманы мемлекеттік меншік болып саналады делінді. Нәтижесінде, қазақ жерін көптеп тартып алып,қоныс аударушыларға берілді. Кеңес өкіметі тұсында да белгілі-бір дәрежеде қазақ мемлекетінің тұтастығына қол сұғылып отырды, орталық қазақ жерін өз қалауынша өзге одақтас респубикаға беріп жіберіп отыру әрекеттері кездесті (Ресей, Өзбекстан т.б.).
Айырмашылықтары:Жер мәселесі: Дегенмен, кеңестік кезеңде жер мәселесінде қазақ халқының мүддесіне сәйкес өзгерістер жүргізілді. Кеңес өкіметі орнаған соң патша үкіметі кезіндегі тартып алынған жерлер қайтарылып, заң бойынша қазақ мемлекетінің меншігі деп жарияланды, шекаралар анықталды.
Қуғын-сүргін: Патша үкіметі кезінде көбінесе қазақ жері саяси айып тағылған зиялыларды жер аударатын аймақ ретінде пайдаланылып, қазақ азаттық күрес өкілдерін, саяси айыптыларды қара жұмысқа айдау, абақтыға отырғызу сияқты жазалау түрлері қолданылып, саяси қызметіне тыйым салды, бірақ жаппай жазалау саясаты қоданылмады.Кеңестік дәуірде зиялыларды жаппай жазалау(ату жазасы) арқылы, қазақ халқын рухани әлеуетінен айырды деуге болады.
3. Есік қорғанынан табылған алтын адам мен Шілікті қорғанынан табылған алтын адамның ортақ белгілері мен айырмашылықтарын анықтаңыз?
Екеуіне де ортақ белгілер:
1. Екеуі де сақ дәуірінің лауазымды тарихи тұлғалары болған.
2. Екеуінің де киімдері таза алтыннан жасалған және жерлегенде оған о дүниеде керек болады-ау деп, тірі кезінде пайдаланған заттарының бəрін қоса көмген.
3. Екеуінің де басты тақырыбы- әлем бейнесі, әлем туралы түсінігі, діни наным-сенімдері мен өмірге деген көзқарасы бейнеленген.
4. Екеуінде де Аң стилі мәдениеті жақсы дамыған. Яғни пайдаланған заттары мен киімдерінде жануарлардың бейнелері салынған. Атап айтқанда екеуінде де қанатты жолбарыстар, қанатты тұлпар құстар бейнеленген.
Айырмашылықтары:Есік қорғанынан табылған алтын адам б.з.д. V-ІV ғасырларда өмір сүрген сақ ханзадасы болса, Шілікті қорғанынан табылған алтын адам б.з.д. VІІІ-VІІ ғасырларда өмір сүрген сақ патшасы әрі Қазақстан жерінде табылған Алтын адамдардың ең көнесі деп есептеледі. Есіктен табылған жәдігердің үстіндегі алтын бұйымдар жұқа фольга түрінде киімге тігілген әшекей. Бұл өлген адамға арналған киім. Яғни жерлеу рәсімінде қолданылған ритуалдық киім. Ал Шілікті алтын адамының киімі тірі кезінде киген киімі. Ол ритуалдық киім емес. Оның киіміндегі алтын бұйымдар жұқа фольга түрінде емес, құйма алтыннан жасалған. Сонымен қатар Есіктен табылған алтын адамның сырт киімдері кезінде қалай көмілсе, сол күйінде бізге аман жеткен. Яғни бұл оба тоналмаған. Ал Шілікті алтын адамның обасы тоналған. Ондағы патшамен бірге қойылған ірі заттары: алтын тәжі, семсер, қанжар, асатаяғы және киімдерінің біраз бөліктері ұрланған. Есік обасын тарих ғылымдарының докторы Кемал Ақышев зерттесе, Шілікті обаларын Әбдеш Төлеубаев зерттеген.
3- Билет
1. Рулық қауымның шығуы.
2. Қазақ зиялыларының ұлттық өкімет құру жолындағы іс-әрекеттері және Алаш қозғалысының тарихи мәнін талдаңыз.
3. Қазақ жүздерінің (Ұлы, Орта, Кіші) орналасу аймақтарын картаға белгілеңіз.
Жауабы:
1.Рулық қауымның шығуы.
Бірлесіп аң аулау,жыртқыш аңдарға қарсы тұру,ортақтасып от жағу-адамдарды топтастырды. Адамдар тобы бірте-бірте туысқандардың ұжымына-рулық қауымға айналды. Бұл шамамен саналы адамныңшығу уақытына сәйкес келеді. Әр руда бірнеше ондаған рулас адам болды. Алғашында ұжымдағы барлық жұмыстарды аналар атқарды.Үңгірлерді тазалап күтті, тамақ дайындады,жеуге қажетті жеміс-жидектерді терді. Бұл ұжымдағы аналардың беделін арттырды. Рулық бөлініс те аналардың үстемдігімен анықталды. Әрбір қауым өз аумағында мекен етті. Рулық қауымның барлық мүшелері өзара тең есептелінді. Жер,баспана,еңбек құралдары бәріне ортақ саналды. Барлығы бірлесіп орманда аң аулады, балық ұстады,ортақ жайылымда мал жайды. Қауымның ішкі жұмысын теңдей бөлісті. Әйелдер мен балалар жеміс-жидек жинады, еркектер ор қазды, егістік жерді тазалады, жыртқыш аңдарды аулады. Қауымның жеке мүшесіне тиісті мүлікті, мысалы, найзаны кез келгені пайдалана алды. Ру ішіндегі тіршілік пен әрекетке қатысты мәселелерді жалпы жиналыста шешті. Жалпы жиналысқа ересек адамдардың бәрі-еркектер мен әйелдер түгел қатысты. Әрқайсысы өз пікірін білдірді. Жалпы жиналыс ақсақалдарды сайлады. Оған рудың барлық мүшелері сыйлайтын ең ақылды,ер жүрек,құрметті адамдар таңдалды. Ақсақалдар даулы мәселелелрді шешті, аң аулайтын, мал жаятын жерлерді бөліп берді. Ру әрбір мүшесінің мүдделерін қорғады. Бірнеше ру бірігіп, шаруашылық мәселелелрін бірлесіп шешті. Мұндай рулық бірлесулерді басқаратын көсемдер сайланды.
2.Қазақ зиялыларының ұлттық өкімет құру жолындағы іс-әрекеттері және Алаш қозғалысының тарихи мәнін талдаңыз.
Қазақ халқы ұлт-азаттық күресінің асқар шыңы - ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы болды. Бұл қозғалыстың басында қазақ зиялылары тұрды. Бірінші дүниежүзілік соғыс пен 1917 жылғы Ресейде басталған революция қазақ зиялыларының өз халқының құқықтарын қорғау жолындағы қызметін жандандыра түсті. Алашорда үкіметінің өмірге келуіне тікелей себеші болған жағдай- уақытша үкіметтің басқа шет аймақтардағыдай Қазақстанда да ұлт өміріне қатысты ең өзекті мәселелерді шеше алмаған әлжуаз, тұрақсыз саяси билікке айналуы, оның арты бүкіл империяны қамтыған анархия, зорлық-зомбылыққа ұласуы еді. Қазақ еліндегі асқынған жер мәселесі шешілмеді, казак әскері, қарулы солдаттар мен қоныстанушылардың панасыз жергілікті қазақ халқының үстінен жүргізген озбырлығы өрши ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz