Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 69 бет
Таңдаулыға:   

Қазақ тілінің сөзжасамы

А. Б. САЛҚЫНБАЙ - ф. ғ. д., профессор

І. Сөзжасам - тіл білімінің жеке саласы

Сөзжасам тіл білімінің Кез келген тілдің дамуы,

жеке саласы ең алдымен, сөзжасам

жүйесімен байланысты. Тілдің байлығы - кірме сөздер есебінен сөздік құрамның толығуымен емес, төл сөздердің мағыналық және тұлғалық дамуы негізінде, жаңа сөздердің туындауы арқылы анықталады. Сондықтан тілдегі төл сөздердің ұғымдық, мағыналық және тұлғалық даму жүйесін зерделеу қажет.

Тіл дамуы әлем бейнесін танып-біліп, олардың әртүрлі белгісі мен қасиеті, сапасы мен саны, қимылы мен әрекеті, амалы мен сипатына атау беру арқылы орындалады. Болмыстың әр алуан белгілеріне атау беру халықтың дүниетанымымен, ой-санасының өсуімен, ұлттың психологиясымен, менталитетімен тығыз байланыста болады. Болмыстағы кез келген зат не құбылыс туралы ұғым тілдік таңба арқылы таңбаланып, өзінің сөздік бейнесін жасайды. Бұл таңбаланған бейне сөзжасамдық процесс арқылы жасалып, атау ретінде танылады. Атаудың жасалу, қалыптасу процесі - сөзжасамның негізгі зерттеу нысаны. Яғни сөзжасам - ұғымда қалыптасқан бейненің тілдік таңбасын жасау процесін айқындайды. Сөзжасам - атау жасау процесі. Процесс нәтижесі - туынды сөз. Сөзжасам туынды сөздің жасалу сипатын, әдіс-тәсілін, уәжділігін, жасалған жаңа ерекше мағынаның ішкі құрылымын талдайды.

Қазақ тіл білімінің ғылым ретінде қалыптасып, даму жылдарында сөзжасамның кей мәселелері морфологияның аясында қарастырылды да, негізінен сөз жасалу үрдісінің синтетикалық жолмен яғни жұрнақтар арқылы туынды сөз жасалуы зерттелді.

ХХ ғасырдың 90-жылдарынан қазақ тілінің сөзжасам саласы туралы әртүрлі деңгейде ғылыми еңбектер жазыла бастады. Алғашқы іргелі еңбек “Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі” (1989) атты монографиялық зерттеу болды. Мұнда сөзжасам жеке ғылыми сала ретінде танылып, оның негізгі теориялық мәселелері зерделенді. Осы кезден бастап, қазақ сөзжасамы ғылыми-теориялық бағытта сараланып, талданып, әртүрлі ғылыми аспектіден жүйелі түрде қарастырылып келеді.

Қазақ тілінің сөзжасамы - негізгі зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеті айқындалған, зерттеу тәсілі мен әдістері бар, тіл білімінің бір жүйелі саласы.

Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі атаудың жасалу, қалыптасу жолын, мағынаның дамуын, ұғым, мағына, атаудың кешенді бірлігін қарастырады. Сөзжасам - жаңа мағыналы туынды сөздердің қалыптасуы мен мағыналық дамуын, жасалу тәсілдерін зерттейтін тіл білімінің негізгі бір саласы.

Сөзжасамның негізгі зерттеу нысаны - туынды сөз. Сөзжасам туынды сөздің жасалу жолын, қалпы, тәсілін, мағыналық құрылымын, атаудың қалыптасуын, уәжділігін, т. б. зерттеуді мақсат етеді.

Сөзжасамның тіл білімі Ғылым салаларының

салаларымен байланысы бір-бірімен байланысы,

сабақтастығы оның ішкі табиғатының кешенді құбылыс екенін аңғартады. Тіл - танымның көрінісі, сондықтан рухани және материалдық мәдениет жетістіктерінің бейнесін таңбалайды.

Тіл білімі - кешенді жүйе. Әлем бейнесін белгілі дыбыстардың заңдылықтарға негізделген жүйесі арқылы таңбалап, танылған ұғымды сөз мағынасы арқылы белгілейтін СӨЗ - лексиканың да, фонетиканың да, морфологияның да, сөзжасамның да зерттеу нысаны. Әңгіме олардың қай аспектіден, қай қырынан қарастырылуында болса керек.

Дәстүрлі грамматикада құрылымдық жүйе негізінде бөлінген тіл білімінің салалары бір-бірінен мүлде ерекше бола алмайды. Өйткені негізгі зерттеу нысаны сөз болғандықтан, оның дыбыстық жағы, құрамы, жасалуы, тіркесуі, ойды білдіруі бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста ғана анықталады. Тіл білімі салаларының бір-бірімен тығыз байланыстылығы тілдің кешенді жүйелілігін танытады.

Қазақ сөзінің жасалу жүйесін талдап, танытатын, атау жасау процесін танымдық (когнитивтік) тұрғыда зерделейтін сөзжасам, ең алдымен, лексикологиямен тығыз қарым-қатынаста. Сөзжасамдық процесс, түптеп келгенде, жаңа мағыналы туынды сөз жасауға қызмет етеді. Ал кез келген сөз - лексикологияның зерттеу нысаны. Демек, сөзжасамның нәтижесі саналатын туынды сөз лексикалық құрамды толықтырады. Сөзжасамдық процесс нәтижесінде туындаған сөздер мағыналық дамудың барысында жаңа мағынаға ие болады. Тілді дамытып, жетілдіріп отыратын да осы процесс. Яғни лексикология сөзжасамдық процесс нәтижесінде пайда болатын дайын тілдік материалдардың сөздік құрамын, мағынасын анықтаумен айналысады. Сөзжасамдық процесс нәтижесінде барлық жұрнақ арқылы жасалған туынды сөздер, қос сөз бен біріккен сөз, фразеологиялық бірліктер, тіркесті сөздер жасалады. Сөзжасам - процесс те, оның нәтижесі - атау.

Сөзжасам мен морфологияның да бір-бірімен байланысы бар. Сөзжасам сөздердің құрамын өзгертіп, оның мағыналық құрылымына өзгеріс енгізсе, морфология сөздердің құрамын, грамматикалық сипатын зерттейді. Морфологияның негізгі зерттеу нысаны - сөздерді сөз таптарына топтастырып жіктеп, олардың құрамын айқындау, грамматикалық категорияларын саралау болса, сөзжасам негіз сөздің мағынасы арқылы жаңа туынды атау туғызады. Мұндағы ортақтық негіз сөз бен қосымшаларға байланысты. Морфологияда негіз сөз сөздің түбірі делініп зерттелсе, сөзжасамда сөзжасамдық тұлға ретінде айқындалады.

Ал қосымшалар екіге бөлінетіні белгілі. Жалғаулар мен сөз түрлендіруші жұрнақтар морфемдік талдауға түсіп, морфологияның зерттеу нысанына айналады да, сөз тудырушы жұрнақтар жаңа мағына жасайтын тұлға ретінде сөзжасамның зерттеу нысаны болады.

Бір қарағанда, сөзжасам морфологиядан жіктеліп шыққан сала ретінде көрінуі ықтимал. Бұл пікір түбірінен дұрыс емес. Өйткені, дәстүрлі грамматика бойынша, морфологияда сөзжасамның тек синтетикалық тұлғалар арқылы жасалған тәсілі ғана бірге қарастырылған болатын. Сөзжасамның бұдан өзге де бірнеше тәсілдері (фонетикалық, семантикалық, аналитикалық) мен теориялық ұғымдары морфологияда анықтала алмайды.

Әлемдік дериватология ғылымы кең өрісте дамуда. Өйткені тілдің даму бағытын айқындап отыратын, сөз жасаудың негізгі принциптері мен тәсілдерін талдайтын, атау мен ұғым, ұғым мен зат арасындағы байланыс сырын ашатын осы дериватология ғылымы. Қазақ сөзінің жасалу жолы мен даму жүйесін саралауға көңіл бөлетін, атаудың табиғатын ономасиологиялық тұрғыдан саралайтын уақыт келді.

Сөзжасам мен фонетиканың байланысы сөз мағыналарын айқындаудағы дыбыстардың өзгерістерінің болуы арқылы көрінеді. Дыбыстардың сәйкесуі арқылы да сөз мәні мен мағынасының өзгеретіні әсіресе тілдің тарихи дамуын зерделегенде жақсы аңғарылады. Зат немесе құбылыс туралы ұғымның дамуы сөз мағыналарының жіктелуіне әкелетіні белгілі. Бір ұғымның әртүрлі сипатта өзгере дамуын белгілеп, жаңа мағына туғызуда аллофондық дыбыстар келе-келе жеке фонемалық деңгейге көтерілген немесе сәйкес дыбыстарға жіктеле дамыған. Осыған байланысты тілде дыбыстар сәйкестігі нәтижесінде жаңа атаулар пайда болған. Бұл сөзжасамның зерттеу нысанына айналатын күрделі теориялық мәселелердің бірі.

Сөздердің тіркесуі арқылы жаңа атау жасалу процесі синтаксис пен сөзжасамның тығыз байланысын танытады. Яғни синтаксис сөздердің бір-бірімен еркін байланысын зерттесе, осы еркін тіркес мағынасы кейде бірте-бірте шектеле келе, жеке ұғымды анықтайтын дәрежеге жетіп, лексикаланады. Соның нәтижесінде жаңа екіншілік мағыналы атау сөз жасалады. Еркін сөз тіркесінің тіл дамуы барысында лексикаланып, жаңа атау сипатына ену процесін сөзжасам саласы қарастырады да, оны арнайы аналитикалық тәсіл арқылы зерделейді.

Сөзжасамның зерттеу Сөзжасамның негізгі

нысаны нысаны - туынды сөздің

мағыналық құрылымын

талдау, оның жасалуын, негізделуін, атау сөз ретінде қалыптасу сипатын айқындау. Сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық қалып, сөзжасамдық белгі, сөзжасамдық жұп, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық тип, сөзжасамдық тәсіл - туынды сөздің негізгі белгілерін айқындайтын теориялық мәселелер. Бұлар да сөзжасам саласының негізгі зерттеу нысаны болып саналады.

Сөзжасамның негізгі Тіл білімінің кез келген

бірлігі саласының өзіндік негізгі

бірлігі болады. Айталық, лексикологияның негізгі бірлігі - сөз, фонетиканың бірлігі - дыбыс, морфологияда сөз бен қосымшалар, синтаксисте - сөйлем деп танылса, сөзжасамның негізгі бірлігі - туынды сөз. Туынды сөздің құрамы оның жасалу тәсілі арқылы анықталады. Сөз мағынасы дамуы арқылы, негіз бен сөз тудырушы жұрнақтың жалғануы арқылы, екі негіз сөздің бірігуі немесе қосарлануы арқылы, сөздердің тіркесуі арқылы туынды сөздер жасала алады.

Туынды сөздердің Тіл-тілдегі сөздердің

жасалу тәсілдері жасалу жолы ұқсас.

Мұның өзі, ең алдымен, тілдің ішкі табиғатымен байланысты. Тіл адамзат баласының ортақ мұрасы деп тануымыздың өзі олардың ортақ заңдылықтарын айқындаудан шығады. Тілдер арасындағы ортақ заңдылықтардың көрінісі сөзжасам жүйесінен, оның жасалу тәсілдерінен де айқын байқалады. Кез келген тілдік жүйенің жаңа сөз жасау үрдісі, дәстүрі ортақ заңдылықтың бар екенін көрсетеді. Олардың негізгі ерекшелігі мен айырмашылығы тек қай сөзжасамдық тәсілдің белсенді жұмсалуымен ғана анықталады. Айталық, қазіргі үндіеуропа тілдерінде сөзжасамдық жүйенің флексиялық тәсілі ерекше орын алса, буындардың аналитикалық жолмен бірігуі арқылы жаңа сөз жасау тәсілі полисинтетикалық тілдердің негізгі сипатты белгілерін танытады. Түркі тілдерінің жалғамалы тіл деп танылуы олардың синтетикалық сөзжасам жүйесі арқылы сөз жасау қабілетінің белсенділігін көрсетеді. Бірақ бұл тілдерде өзге сөзжасамдық тәсілдер болмайды деген сөз емес. Кез келген тілдік жүйеде сөз жасау тәсілдерінің қай-қайсысы болса да кездеседі, тек олардың сөз жасау белсенділігі әртүрлі болады. Мұның өзі тіл-тілдегі әмбебаптық қасиетті танытса керек.

Қазақ тіліндегі туынды сөздер семантикалық, синтетикалық немесе морфологиялық, аналитикалық, кейде фонетикалық сөзжасам тәсілдері арқылы жасалады.

Семантика-фонетикалық тәсіл - кей дыбыстардың сәйкесуі нәтижесінде жаңа сөз жасау мүмкіндігі.

Семантикалық сөзжасамдық тәсіл - сөз тұлғасы өзгермей-ақ, жаңа мағыналы туынды сөз жасауы.

Семантика-синтетикалық тәсіл - сөзжасамдық негізге сөз тудырушы жұрнақтардың жалғануы арқылы екіншілік мағына туғызуы.

Семантика-аналитикалық тәсіл - негіздердің бірігуі немесе тіркесуі, қосарлануы арқылы ерекше мағыналы атау жасау қабілеті.

Сонымен, сөзжасам - тіл білімінің жеке саласы. Оның өзіндік зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері, ерекшелігі, ұғымдары бар. Сөзжасам - атау жасау процесі.

Пайдалануға қажетті негізгі әдебиеттер:

  1. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. - Алматы, 1998.
  2. Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.
  3. Қалиев Ғ. Қазақ тіліндегі сөзжасам мәселелері. - Алматы, 2002.
  4. Салқынбай А. Б. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. - Алматы, 1999.
  5. Құрманәлиев К. Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя проблемаларының ғылыми-теориялық негіздері. -Алматы, 2002.
  6. Қасым Б. Қазақ тіліндегі күрделі сөздер: уәждеме және аталым. -Алматы, 2001.

Тапсырма:

  1. Сөзжасам - тіл білімінің жеке саласы.
  2. Сөзжасамның негізгі зерттеу нысаны.
  3. Сөзжасамның өзге пәндермен байланысы.
  4. Сөзжасамның негізгі тұлғалары.

ІІ. Сөзжасамның ұғымдары мен негізгі теориялық мәселелері

Атау теориясы туралы Атау теориясы (номинация

теориясы) табиғаттағы

  1. заттар мен құбылыстардың аталу себебін түсіндіреді. Номинация термині латынның “nomіnatіo” (атау) сөзіне негізделген.

Атау процесі болмыстың, ұғымның, есімнің арасындағы қатынас арқылы айқындалады. Бұл қатынасты ғылым тілінде кейде семантикалық үшбұрыш деп те атайды. Болмыс - атаудың денотаты, яғни атау арқылы таңбаланған бүкіл заттар мен құбылыстардың қасиеттері мен белгілерінің жиынтығы. Ұғым - есімнің мәні, яғни атаудың категориялық-тілдік белгілерінің, экспрессиялық белгілерінің жиынтығы. Есім - белгілі мағына мен мәнге негізделген дыбыстық қатардан тұратын тілдік танымдағы атау сөз. Есім санада тілдің құрылымдық жүйесіне сәйкес анықталатын тілдік кілт (языковой код) арқылы таныла алады.

Ойлау-тіл-қарым-қатынас - тілдің өмір сүруінің негізі. Болмысты тек ойлау арқылы тану мүмкін емес, ойдың ең негізгі қаруы - тіл. Адам баласының табиғаттағы заттар мен құбылыстарды тануы тек тіл арқылы ғана жоғары дәрежеде орындала алады. Тіл мен ойлау бір-бірімен тығыз байланысты. Адам баласының ойлау жүйесінің өрелігі тілдің оралымдылығымен, бейнелілігімен астасып жатады. Бұл туралы Шығыстың ұлы ойшылы Ж. Баласағуни ХІ ғасырдың өзінде-ақ “Сөз - ойдың көрінісі” деп жазған болатын. Адам қоршаған ортаны танып-біліп, алған білігін, таныған ұғымын сөзбен таңбалайды, атау туғызады.

Сөздің жасалу жүйесі мен атау ретінде қалыптасуы күрделі де ұзақ процесс. Табиғаттағы барлық болмыстың адам санасында бейнеленген мүсінін, белгісін, қасиетін таңбалау мүмкіндігінің негізінде атау жасалады, сөйтіп танылған зат не құбылыс туралы хабар жеткізу, жадта белгілеу қажеттігі орындалады. Сөз - шындық өмірдегі зат пен құбылыстың адам санасында бейнеленген таңбасы, осы таңбаның тілдік жүйеде анықталып, атау ретінде қалыптасқан мағыналық түрі.

Атау арқылы әлем бейнесі тілде таңбаланады. Әлем бейнесінің белгісі, қасиеті, қимыл-қозғалысы, әрекеті, сапасы мен мөлшері, жағдайы, көлемі т. б. көрініс табады. Сөз адам танымының бейнелеуіш қызметінің нәтижелерін де таңбалайды. Адам баласының әлем бейнесінің белгісі мен қасиетін тануы үнемі және бірте-бірте болатын ұзақ процесс. Осы процестің өн бойында белгілі зат не құбылыстың әртүрлі ерекше белгілері танылады да, әртүрлі мағыналы атаулар жасалады. Осыған сәйкес есімдердің синонимдік, антонимдік, көпмағыналылық жүйесі қалыптасады.

Сөз - адам баласының ой-санасында танылған әлемдік бейненің, болмыстың танымдық белгісі. Адамзат тіл арқылы табиғаттағы таныған, білген заттар мен құбылыстарға атау береді. Ұлттық таным мен ұлттық тілдің бірлігі мен байланысы осы жерде тоғысады. Ата-бабадан мирас болып келе жатқан қасиетті тіл қатынас құралы ғана емес, көнеден сақталған тарихи таным мен тағылымды жеткізуші де. Егер тіл арқылы халықтық дүниетаным ұрпаққа жетпесе, қоғам да мәдениет те дамымаған болар еді. Демек, тілдің дамуы қоғамдық өмірмен, мәдени дамумен тығыз байланыста.

Әл-Фараби - атау Әлемдік ғылымда өзіндік

теориясы туралы маңызы мен орны бар,

қасиетті Отырар топыра-ғынан шыққан ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидың тіл ғылымы туралы айтқан ғылыми ойлары мен тұжырымдарының тағылымы мол.

Әл-Фараби “Слово о классификации наук” атты трактатының бірінші бөлімін “Наука о языке” деп атайды да, тіл ғылымын екі бөлікке бөліп қарайды. Бірінші: белгілі бір халықтың дүниетанымын айқындайтын сөздердің танылуы және олардың әрқайсысын айқындайтын білім; Екінші: сөздерді бағындырып тұрған заңдардың ілімі. Әл-Фараби тіл білімінің ішкі заңдылықтарын әмбебап, жалпы пікірді айқындайтын заңдар ретінде зерделейді. Сол кезеңдегі араб тілінің ғылыми деректеріне, ғылымның даму дәрежесіне сәйкес, әр халықтың тіл білімі ғылымын жеті ірі бөлікке бөліп, олардың ерекшеліктері мен ішкі заңдылықтарын айқындайды. Аталған трактаттың екінші “Логика” атты бөлімінде сөздің ішкі мәніне, ойлаумен арасындағы байланысқа терең үңіліп, ғылыми тұжырымдар айтады.

Ғұлама “сөз - ойдың көрінісі, бейнесі” деген тұжырым айтады: “Слово становится внешним благодаря голосу, а то, благодаря чему человек подтверждает для себя мнение, - это речь, расположенная в душе; то же, благодаря чему человек подтверждает свое мнение в других, - это речь, выходящая (наружу) посредством голоса” деп жазады (Избранные трактаты, 1994, 39-бет) .

Яғни сөз - дыбыстық жамылғышқа ие болған белгілі зат не құбылыстың атауы, ал сөйлеу (лебіз) - екінші біреуге белгілі ойды, хабарды жеткізуде дыбыс арқылы таңбаланатын пікір деп танылады. Сөйлеу - адамның жан дүниесінде (душа) жататын, дыбыс арқылы сыртқа шығатын ой деп тұжырым жасайды. Көне ғылымда сөйлеуді силлогизм деп атаған. Ғалым логика мен тілдің арасындағы жақындық пен байланысты терең ашады. Сөздердің барлық халық тілдеріне ортақ әмбебап белгілері бар екенін, кей сөздер мен сөз тіркестерінің барлық тілдерге ортақ болатынын талдап жазады. Мұның өзі кей сөз мағыналарының ортақтығын анықтағанын көрсетсе керек. Сонымен бірге ғалым әр тілдің өзіне тән ерекшелігі, соған сәйкес ерекше грамматикасы болатынын жазады. Грамматиканың барлық халықтың сөздерімен ешқандай қатынасы жоқ, грамматистер белгілі тілдегі бар деректерге ғана сүйенеді, ал логиктер сөздің мәнін ашу арқылы оның жалпы заңдылықтарын айқындайды дей отырып, сөздің жалпы болмысы мен ұғымдық мәнін зерделейді. Көне дәуір ғылыми ұғымында “логиканың” негізгі мағынасы, мазмұны мен мәні, мақсаты СӨЗ-бен тікелей байланыста, бірлікте қарастырылған. Әл-Фараби зерттеуінде логиканың негізгі мазмұны мынадай үш мәнде қарастырылғаны көрсетілген: Дыбысталу арқылы сыртқа шыққан сөйлеу (лебіз) ; Сөз арқылы айқындалатын адам жан дүниесінің көрінісі; Адам баласының жан дүниесі. Жан дүниесі арқылы адам табиғаттағы болмысты таниды, түйсінеді; ғылым мен өнердің негізгі нысанына айналдырады.

Әл-Фараби атаудың табиғатын ойлаумен тікелей байланыста, бірлікте зерттейді. Сөз - ойлаудың жемісі, бейнесі деп түсінсек, ғалым-баба ойларын тереңдей түсіне, түйсіне түсу лазым.

Атау - тек белгілі дыбыстардың жиынтығынан құралмайды, сонымен бірге адам жаны мен сезімі арқылы пайда болған ойдың тікелей көрінісін таңбалайды. Осы ретте, сөздің (атаудың) семантикалық мағынасы мен мазмұнын зерттеудің мәні ерекше болады.

Ж. Баласағуни - Орта ғасырдағы шығыстық

сөз туралы мәдениетті, түркілік сөз

өнерін әлемдік деңгейде таныта алған біртуар ғалым - Жүсіп Баласағуни. Ғалымның эпика-дидактикалық туындысы “Қутадғу білік” туралы жазылған ғылыми еңбектер түркітануда баршылық. Зерттеулердің дені еңбектің әдеби-көркемдік сипаты мен тілдік жүйесін зерттеуге арналған. “Құтты біліктегі” фонетикалық, лексикалық және грамматика-лық ерекшелік туралы, қазіргі түркі тілдерімен байланысы т. б. мәселелер ғылыми әңгіме арқауына айналғаны белгілі.

Ж. Баласағунидың тіл жайында, сөз туралы айтқан ойларын талдаудың танымдық мәні бар. Ғалымның тіл туралы айтқан ойлары жай нақыл сөз ғана емес, атаудың табиғатын, номинативтік сипатын, қызметін, болмыс-ұғым-атау үштігінің аралық аясын тануға да мол мүмкіндік береді.

Сөз - ойдың көрінісі” деп жазады ақын. (Ж. Баласағунидың толғамды ойлары профессор Әбжан Құрышжанұлының аудармалары негізінде беріледі) . Қысқа да нұсқа айтылған бұл сөз - қазіргі ғылымда сан түрлі ғылыми зерттеулер жазып, дәлелін жеткізе алмай жүрген теориямыз. Сөз бен ойлаудың арасындағы байланыс тіл мен философияның, тіл мен логиканың арасын жақындататын мәселе де, қазіргі ғылымда терең зерттеліп жүрген күрделі проблема. Сөз - ойдың көрінісі болатынын номинация теориясы да терең зерделеуге ұмтылатыны белгілі. Ақын мұнда тілдің ойдың мазмұнын таңбалау қызметін айқындап береді.

Жоғарыдағы ойды ғұлама “ ақыл мен білімнің тілмашы - тіл” деуі арқылы тереңдете түседі. Ақыл мен білім ойда қорытыла келе, тіл арқылы халыққа түсіндіріледі дейді. Ақыл мен білім-біліктің өзі өздігінен пайдалы бола алмасы түсінікті. Ол сөз арқылы құйма құлаққа жеткенде ғана халықтың керегіне жарайды. Сондықтан да, мүмкін, тілдің тілмаштық қызметін баса көрсетіп отырғандай.

Көрінеді тілден түйсік, білім де,

Біле білсең, жарылқаушы - тілің де” деуі арқылы ұлы дидактик-ақын адам түйсік-танымының, білім-білігінің тілде өзгеше көрініс табатынын айтады. Адам баласы өзге де өнер мен мәдениет түрі (би, музыка, сурет, живопись, қол өнері, архитектура, скульптура т. б. ) арқылы өзінің түсінік-түйсігін, білім-парасатын белгілі дәрежеде жеткізе алуы ықтимал. Ондай мысалдар да мол. Десек те, заманалар бойында халық жадында жинақталған дүниетанымдық терең білікті, білімді жеткізудегі тілдің ролі мен маңызы, Ж. Баласағуни айтқандай, ерекше мәнді. Мәдениеттің өзге түрлері тілдің орнын алмастыра алмақ емес. Өзге мәдениет түрлері тіл сияқты адамдардың қоғамда өмір сүруінің маңызды факторы саналатын қарым-қатынас құралы бола алмайды. Сондықтан тіл - жарылқаушы. Ақын тілдің “ жарылқаушылық”, қарым-қатынас жасау қызметін дәл көрсеткен деп пайымдаймыз.

“Адамға екі нәрсе тірек-тегі:

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сөзжасамдық мағына - сөзжасамдық үдерісте қалыптасқан туынды мағына
Тілдің сөзжасам жүйесі
Қазақ тіліндегі сөзжасамдық тізбектер
Ономасиология және оның тіл білімі салаларымен арақатынасы
Қазақ тілі сөзжасамының теориялық мәселелері
Түркі тілдерінің сөзжасам мәселелері
СӨЗЖАСАМ ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰРАЛДАРЫ
Сөзжасам ұғымы және оның құралдары туралы
Сөзжасамдық тәсілдер
Сөзжасамның аналитикалық тәсілі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz