Текстология ғылымы


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 58 бет
Таңдаулыға:   

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі: Жалпы қазақ әдебиеті тарихында текстологиялық жұмыстар Абай мұраларын зерттеп, оларды жарыққа шығарып, халыққа таратудан басталды десек болады. М. Әуезов өз кезінде ақынның шығармаларын жан-жақты зерттеп, Абайдың мұраларын текстологиялық жағынан да қарастырып, біршама еңбектер жазды. Ал жазушы М. Әуезовтің қазіргі таңда 50 томдық жинағы жарыққа шыққанмен, оның шығармаларына текстологиялық тұрғыдан зерттеу жүргізген ғалымдар саусақпен санарлық. Негізінен, мәтін тарихын зерттеу оның мазмұны мен формасын толық түсінуге мүмкіндік береді. Мәтін тарихы тек көркем туындының түп тамырына үңіліп қана қоймай, сонымен қатар әр түрлі құжаттарды да тануға негіз болады. Осы ретте ұлы ақынымыздың өмірі мен соның заманындағы қоғам өмірін суреттеген дархан жазушымыздың «Абай жолы» роман - эпопеясын текстологиялық жағынан қарастырып, оның жазылу тарихы мен мәтіннің түзілуіндегі түрлі кедергілер мен өзгерістерді барынша зерттеу керектігіне мұқтаж болып отырмыз. 4-томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы әр жылдарда шыққан нұсқаларымен түрлі сындарға ұшырап отырды.

Жазушы Мұхтар Әуезовтың келесі бір етек алды туындысы - «Қилы заман» повесі. 1928 жылы жарыққа шықса де оқырман назарына ілікпей, араға қырық бес жыл салып барып қана оқырмандарға ұсынылған повесть басынан талай түзетулер мен текстологиялық өзгерістерді өткерді. Алғашқы шыққан нұсқамен кейінгілерінің арасында көптеген алынып тасталған сөйлемдер мен абзацтар, өзгертілген сөздер жетерлік.

М. Әуезовтің прозалық туындыларының текстологиялық тұрғыдан зерттелуіне әлі де болса тереңдеп бару - бүгінгі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселесінің бірі саналады. Біз сөз етпек болып отырған туынды нұсқаларының текстері, негізінен жазушының көп томды жинақтарындағы ғылыми түсініктерінде қарастырылғанымен, арнайы зерттеу нысанына айнала қоймаған. Зерттеу тақырыбының өзектілігі де осындай жағдайлардан туындайды.

Әдебиеттану терминдер сөздігінде текстологияға байланысты Ө. Күмісбаев: «Қазақ әдебиеттану ғылымында текстология - әлі бұғанасы қатпаған жас ғылым. Қазіргі әдебиетімізде бұл ғылымның әліппесі өте қажет. Текстология табиғатын, мән-жайын, кешегісі мен бүгінгісін түсіндіретін аударма оқулық кітап жоқ . . . », - деп атап көрсеткен. Белгілі бір шығарманың мәтінін зерттеу үшін әлі күнге дейін орысша әдебиеттерге сүйенуге тура келеді. Ал қазақ әдебиеті шығармалары мен тарихи жазба мұраларымыздың өзіне тән ерекшеліктері текстологияның орысша әдебиеттерде берілген теориялары тұрғысынан қарауға сай келмей, өзіндік қиындықтар тудыратыны белгілі. Сондықтан қазақ текстологиясы бүгінде арнайы теориялық оқулыққа мұқтаж.

Осы аталған жайларды ескере отырып, текстология теориясына да біршама тоқталуды жөн көрдік. М. Әуезовтің жоғарыда аталған екі шығармасын негіз етіп алып, текстология ғылымына шолу жасамақпыз.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері: Мұхтар Әуезов шығармаларын текстологиялық тұрғыдан жан-жақты зерттеу жұмыстың басты мақсаты болып саналады. Осы орайдағы басты нысана - жазушының «Абай жолы» роман-эпопеясы мен «Қилы заман» повесінің текстологиясын зерттеу. Осы мақсатты жүзеге асыруда мынадай міндеттер қойылады:

- Текстология ғылымына шолу

- «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихына үңілу, оны жазудағы автор ойын, мақсатын сөз ету;

- «Қилы заман» повесінің екі нұсқасын қарастыра отырып, текстологиялық тұрғыдан талдау жасау;

- Автордың екі шығармасының текстологиясын салыстыру;

- Автор шығармаларындағы өзгертілген сөздер мен сөйлемдердің себебін анықтау.

Жұмыстың теориялық-әдіснамалық негіздері: Лихачев Д. С «Текстология» [1], Рейсер С. «Основы текстологии» [2], Рейсер С. «Палеография и текстология нового времени» [3], Болсынбаева А. «М. Әуезовтің «Қараш-қараш» повесі: шығармашылық тарихы мен текстологиясы [4], Есенбеков Т. «Мәтінтану негіздері» [5] .

Зерттеудің дереккөздері: Зерттеудің дереккөздері ретінде Мұхтар Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағы [6-12], «Ақын аға» кітабы [13] мен «Қилы заман» повесінің [14] әр жылдары жарық көрген нұсқалары, автор қолжазбалары алынды [15] .

Зерттеудің әдіс-тәсілдері: Бұл зерттеу жұмысын жазу үшін салыстырмалы-салғастырмалы, әдеби-тарихи және жүйелі-кешенді саралау ғылыми әдіс-тәсілдер қолданылды. Сонымен қатар зерттеудің теориялық негізі ретінде отандық, шет елдік ғалымдардың осы тақырып аясындағы зерттеу жұмыстары, мақалалары пайдаланылды.

Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы:

Қазіргі таңда біздің зерттеушілеріміз белгілі бір шығармаға (мейлі ол көркем шығарма болсын немесе тарихи ескерткіш болсын) текстологиялық зерттеулер жүргізбеді деп айта алмаймыз. Осыған орай қазақ әдебиеттану ғылымында текстологияның теориялық негізі бір ізге түспеді десек те, практикалық текстология кеңінен қолданыс тапты. Дегенмен, практикалық текстология тек практика күйінде қалып қоюда, теорияға сүйенген еңбектер тапшы. Осыған орай бұл жұмысты теориялық тұрғыдан да жоғары оқу орнында «Текстология» пәнін оқытуда пайдалануға және практикалық тұрғыдан М. Әуезов шығармашылығын зерттеуде кеңінен қолдануға болады.

Текстология ғылымына шолу

Жалпы текстология ғылымының анықтамасы тіл білімі сөздігінде былай берілген: Текстология (мәтінтану) (лат. textus - қосылу, құрылым, байланысу + logia - ілім) әдеби және басқа да шығармалар мәтіндерін зерттеумен, жарыққа шығарумен айналысатын филологияның бір саласы. Мәтінтанудың міндеттері: шығарманың негізгі мәтінін қалыптастыру, мәтінді баяндау мен жасауға қатысу [16, 629] .

Текстология - көркем шығарма мәтінінің тарихын және мәтін ғұмырын зерттейтін әдебиеттану ғылымының қосалқы саласы. Нақтырақ айтқанда, тарихты жандандыру мақсатында қолжазба және әдебиет шығармаларын салыстыра салғастыра зерттеп, олардың мәтінін сыни тұрғыдан қарастырып, анықтайды. Осындай зерттеулер арқасында кейінгі зерттеулер мен басылымдар жүзеге асырылады.

Мәтінтану ғылымының негізгі мақсаты мен міндеті шығарманың дұрыс мәтінін бере білу.

Жалпы текстология ғылымының даму тарихы сонау антикалық дәуірден бастау алады. Антикалық дәуір және орта ғасырларды қолжазбаны зерттеу дәстүрі дами бастады, олардың арасында автографтар кездеспеген. Соңғы уақыттарда осындай текстологиялық зерттеулер жаңа әдебиет шығармаларына да қолдануда және автографтардың (автордың қолымен жазылған мәтін) болуы текстология ғылымына жаңа мәселелер туғызды - туындының шығармашылық тарихын зерделеу, яғни автордың шығарманы жазу уақыты мен автордың өмір сүру уақыты.

Текстология ғылымын филологияның қосалқы саласы ретінде қарастырып жүргеніміз белгілі. Дегенмен мұнымен келіспейтін ғалымдар бар. Олардың дәлелі: «Текстология филологияның көмекші пәні емес, керісінше, оның бастауы мен негізі. Өзіндік даму тарихы бар ғылым саласы. Практикалық қолданыстан теориялық негізі қалыптасқан пәндерді ғылым жоққа шығара алмайды».

Орыс текстологтарының көрнекті өкілдеріне - Б. В. Томашевский, Д. С. Лихачев, С. А. Рейсер, Е. И. Прохоров, т. б жатқызамыз.

Текстология - ғылымдағы нақтылықтың, дәлдіктің көрсеткіші іспетті аса керекті, аса маңызды сала болумен қатар, кеше мен бүгіннің аралығын салмақтаудың құралы. Тіл тарихын танудағы лакмус қағазы сынды дер едік.

Текстологиялық зерттеудің нысанына айналған мәтіннің басты ұғымдары, көтерер мәселесі, автограф, тізімдер көрсеткіші, көшірмесі, архетипі, варианттары, грамматикалық негізгі тәсілдері, амалдар жүйесі (атрибуттары, түсініктемелері, даталануы, мәтінді қағаздан қағазға түсірген адамның қолына тән дағдылары, қателері, т. б. ) - текстологияның алдына қойған мақсаты үдесінен шығуына қызмет етеді, соған мүмкіндік туғызады [17, 21] .

Біздің әдебиеттану ғылымымызда текстология ғылымы мүлде дамымады деп айтуға негіз жоқ. Бай мәдениеті бар біздің қазақ халқы үшін текстологиялық зерттеулердің қажеттілігі артып отыр. Ал ол үшін текстологияның теориялық негізін қалыптастыру, терминдерге толыққанды анықтама беріп, қазақша баламаларын табу біздің алға қойып отырған мақсаттармыздың бірі болып табылады.

Қазіргі таңда біздің зерттеушілеріміз белгілі бір шығармаға (мейлі ол көркем шығарма болсын немесе тарихи ескерткіш болсын) текстологиялық зерттеулер жүргізбеді деп айта алмаймыз. Осыған орай қазақ әдебиеттану ғылымында текстологияның теориялық негізі бір ізге түспеді десек те, практикалық текстология кеңінен қолданыс тапты. Мысалға: Мұхамедханов Қ. «Абай шығармаларының текстологиясы жайында», Убайдуллаева Г. «Мұхаббат-наме ескерткішінің текстологиясы», Шахимов Д. «Шәкәрім поэмаларының текстологиясы» және т. б сынды еңбектер өзге тілдегі текстологияның теориясына арналған оқулықтарға сүйене отырып жазылған, яғни бізде текстология теориясы туралы оқулықтың жоқтығы, арнайы маманданған мәтінтанушылардың аздығы елдің тарихын зерделеуде, қазақ әдебиеті классиктерінің академиялық жинақтарын канондық мәтіндерін қайта қалпына келтіруде үлкен кедергі тудырып отыр.

Осындай өзекті мәселелер бірқатар ғалымдардың еңбектерінде айтылды. Бірақ олар тек ғылыми мақалалармен шектелді. Мысалы: Әнес Ғ. «Текстологиялық зерттеулердің зәрулігі», Ниязбек Ж. «Текстология терминдері», Әлібек Т. «Текстология мәселелері», Мәмбетов Ж. «Қазақстандағы текстология ғылымы: өткені, бүгіні, болашағы». Аталған ғылыми жұмыс осы бастамалардың жалғасы болмақ.

Текстологиялық зерттеулер жүргізу барысында біздің авторлар өзге теориялық оқулықтарға жүгінетінін айттық. Жалпы, аталған ғылымның қыр-сырын, теориясы мен практикасын жасап, жазып, құнды еңбек қалдырып кеткен Дмитрий Сергеевич Лихачев. Осы тұрғыда текстология терминдеріне талдау жасаған Соломон Рейсерді атап кете аламыз. Д. С. Лихачев «Текстология» атты еңбегінде осы ғылымның теориялық негізін толықтай жазып шыққан.

Сонымен мәтінтану ғылымының мақсаты мен міндеті, терминдеріне тоқталып өтсек.

Текстология ғылымы туралы жекелеген мақалалар басылды едік. Соның бірі Мәмбетов Жолдасбек Ормаханұлының текстология ғылымының бүгіні, болашағы туралы жазған мақаласы. Автор мұнда текстология ғылымына жалпы шолу жасайды, текстолог терминіне анықтама береді: «Текстология - белгілі бір туындының тарихын зерттейтін ғылым. Бұл туынды тарихи құжат немесе көркем шығарма болуы мүмкін. Мәтін тарихын зерттеу шығарманың мазмұны мен пішінін нақты пайымдауға негіз болады. Мәтін тарихын зерттеп білу кез келген көркем шығарманың ғана емес, кез келген тарихи құжаттың мәні мен мазмұнын терең және дұрыс түсінуге көмектеседі» [18, 11] . Кез келген автордың шығармасын немесе авторы белгісіз тарихи шығарманы кейде тіпті тарихи құжатты толық зерттеу, зерделеу ол туралы толыққанды ой айту үшін, оның қолжазбасымен, түрлі нұсқаларымен дереккөзі аз болған күннің өзінде оның ең соңғы көшірілген нұсқасымен танысу керек. Қазіргі күні біздің қазақ әдебиеттану ғылымында зерттеліп жүрген көптеген жекелеген авторлардың шығармашылық мұрасы туралы еңбектерде автордың архивімен, оның қолжазбаларымен танысу, оларды салыстыра қарау деген дәстүр қалыптаса қойған жоқ. Ал кез келген шығармаға текстологиялық талдау жасамай тұрып, ол шығарма туралы пікір айту, автордың айтқысы келген идеясын таптым, шығармашылық үрдісін терең танып түсіндім деу артық болған болар еді. Сонымен қатар автор текстолог жұмысының ауыр әрі қиындығын атап кетеді. Текстологиялық талдау тек қана тарихи шығармаларға ғана емес, бүгінгі күні автордың көркем туындыларына да жасалады, оларды қолжазбамен салыстыра отырып, тек шығарма туралы ғана емес, сол шығарманы дүниеге әкелген автор туралы да, оның шығармашылық стилі, әдеті, интеллектуалдық деңгейі, ізденістері мен адасулары туралы мол мәліменттерді осы текстологиялық зерттеу жасаған ғалым біліп отырады. Сондықтан да текстолог автордан кейінгі шығарма туралы оның дүниеге келу жолдары мен тарихын жетік білетін екінші адам десек қателеспейміз [18, 11] . Кез келген шығармаға қарапайым оқырман айтқан пікірге мәтінгер күліп қарайды - дейді Дмитрий Сергеевич Лихачев.

Мәтін тарихын зерттеу, оның мазмұны мен формасын толық түсінуге мүмкіндік береді. Мәтін тарихы тек көркем туындының түп тамырына үңіліп қана қоймай, сонымен қатар әр түрлі құжаттарды да тануға негіз болады. Қазіргі әдебиет әлемінде ғылыми құндылықты автор қолындағы мәтін тарихы ала алады. Ал бұрынғы әдебиеттерде автор қолындағы ғана туынды емес, автордан кейінгі туынды өмірі де маңызды. Туындыны кәдімгі оқырман қауымы тарапы мен текстологиялық зерттеулер тұрғысынан қабылдау екеуінің арасы жер мен көктей.

Автор өзінің қиялдағы туындысын бір мезгілде, үзіліссіз жасап шыққандай болады. Ал негізінде әрбір туынды ұзақ уақытта, шығармашылық ізденістер мен кездейсоқ туатын ойлардан шығады. Мұнда айтылмай кеткен ой іздері, әр түрлі қабат-қабат мәтіндер ашылуы мүмкін. Автордың шығармасы оқырман қауымның қабылдауында бірқалыпты, үзіліссіз жазылып шыққандай болады және олар шығарманың осы қалыптағы мәтінін ғана қабылдайды. Ал текстологиялық зерттеулерде мәтінгер тіпті соңғы мәтінге дейін оның тарихын көруге тырысады. Мәтінгер шығарма мәтінінің тарихын, оқырман қауымға тиісті емес, автордың шимай қағаздарын зерттей отырып, автор шығармасының көптеген қыр-сырларын ашады. Жазушы бірқалыпты, жинақы, дұрыс мәтін жасай отырып, оны оқырмандарға ұсынады. Өзінің шығармасының түпкі мәтіндерін, яғни шимай қағаздарын олардың көргенін қаламайды. Алайда мұны мәтінгер бұзады. Бұндай қол сұғушылық мәтінгер ғалымның басты міндеті.

Бірақ күн өткен сайын оқырмандардың шығарманың қалай туғаны жөнінде қызығушылықтары арта түсуде. Бұл қызығушылық мектеп қабырғасынан да бастау алып жатады. Жазушы өзіне сенетін, шығармасын дайын күйінде қабылдайтын оқырманды іздейді, бірақ оның шын жанкүйері автордың өз шығармасының тарихына қол сұғуды қаламағанына қарамастан, оның шығармасының сырларын білгісі келетін адам болады.

Текстология ғылымының мақсатын қысқаша айтып өттік. Енді мәтінгер міндеттеріне тоқталсақ, «Текстология ғылымы жайында» атты мақаласында Убайдуллаева Г. осыған нақтырақ анықтама беріп кетеді:

-Мәтіннің ғылымға белгілі барлық көшірмелерін, қолжазба түрлерін қолға түсіру;

- әрбір көшірмеге қай тілде, қандай жазумен көшірілгендігі туралы ғылыми сипаттама беру;

-көшірме жасалған материалды анықтау;

-мәтіннің авторын анықтау немесе телу;

-мәтіннің жазылған жері мен уақытын анықтау:

-көшірмелер арасындағы айырмашылықтардың себебін анықтау немесе қате не дұрыс дегенін дәлелдеу;

-сыни мәтінді қалыптастырып, көпшілікке ұсыну;

-көшірмелердің стильдік ерекшеліктерін ашу;

-автордың творчестволық өсу жолын көрсету [19, 93] .

Көріп отырғанымыздай қолжазбамен, контекстпен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Бір мәтіннің өзін қарастыру, талдау, саралау, әрбір қолжазбадағы өзгерістердің себебін дәлелдеу, шығарманың жазылған дәуір тарихын, әдеби ағымдарын, көшірушінің мақсатын байқап, ескере отыру да міндетті. Осы ретте ғалым Әнес Ғ. мәтінтанулық зерттеулер жүргізудегі қиындықтарға, текстология ғылымына түрлі көзқарастарды айтып кетеді.

Арнайы маманданған мәтінтанушылардың аздығы мен мәтінтану ғылымының қанат жая алмай отыруы тілдің тарихын зерделеуде, қазақ әдебиеті классиктерінің академиялық жинақтарын, канондық мәтіндерін қайта қалпына келтіруде үлкен кедергі тудырумен қатар, кейде тарихи шындықтың бұрмалануына себепкер болып жататынын ұмытпаған жөн.

Яғни, бүгінгі таңда туындап отырған мәтінтану проблемалары, негізінен, әдебиеттану мен баспа ісі қызметкерлерінің ғана керегін өтейді деген сыңаржақ көзқарасты ығыстырып, оны қолданбалы филологиялық пән мәртебесіне көтеріп, лингвистикалық тұрғыдан да зерттелуі түбегейлі қолға алуды керек етіп, зәрулігі арта бастағанын айғақтайды [20, 27] .

Мәтінтану ғылымының терминінің қалыптасуы ХХ ғасырдың басынан есептеледі. Оны айналымға енгізген Б. В. Томашевский екені мәлім. Мәтінтану ғылымының практикалық жағы діни әдебиеттерді қолмен көшіре бастаған кезең XVII-XIX ғасырлардан басталса, оның теориялық негізі ХХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасты.

Текстология теориясын қалыптастырудағы келесі мәселе терминдерге анықтама беру. Бұл еңбекте терминдерге әзірге қысқаша мағлұмат беріп, шолып өтпекпіз, бірақ бұл жұмыс әлі де толықтыра түсіп, жалғасын табуы керек.

Сонымен мәтінтану ғылымының негізгі терминдері:

Автограф - автордың өз қолымен жазған мәтіні.

Қолжазба ( рукопись) - автордың қолымен жазылған мәтін, шығарма.

Беловик - таза қолжазба. Автордың шығармасының өңделген соңғы нұсқасы.

Шимай қағаз (черновик) - автордың жұмыс қағазы. Шығарманы жазу барысында сызылған сөздер мен сөйлемдер, яғни автордың өз жұмысын түзетіп отыруы. Шығарма жазылып біткеннен кейін ғана шимай қағаздағы туынды жаңа параққа көшіріледі.

Көшірме (копия) - қолжазбаны қайталайтын қағаз.

Автоним - ойдан шығарылған автор аты. Жанама ат.

Анаграмма - әріптердің ауысып жазылуы, сол арқылы жанама ат немесе шын атты табуға болады. (Вонаром- Романов)

Архетип - белгісіз мәтін, бізге жеткен мәтіндер сол архетиптен таралған.

Атетеза - шығарманың белгілі бір авторға тиесілі емес екендігін анықтау.

Атрибуция - шығарманың авторға тиесілі екендігін дәлелдеу.

Глосса - мәтіндегі немесе қолжазбадағы сөздер арасындағы белгілер.

Интерполяция - автор еркінен тыс мәтінге қосымша қосылған сөз немесе сөйлем. Мұндай қосымшалар көшіруші немесе аударушы тарапынан болуы мүмкін.

Протограф - көшірменің бастысы, түпнұсқаға жақын көшірме.

Подтекст - астыңғы мәтін, мәтіннің түпкі мәні.

Надтекст - үстіңгі мәтін.

Интекст, интертекст - аралық мәтін, нақты көркем мәтінді айқындаушы мәтін аралық байланыстар.

Контекст - белгілі бір ойды айқындауға қажетті мәтіннің ең кіші немесе ең үлкен сөздік белдеуі.

Метатекст - мәтін мазмұнындағы қосымша мағыналық қабат.

Сверхтекст - мәтін мағынасынан тыс, жоғары.

Внетекстовые связи - мәтіннен тыс байланыстар.

Гипертекст - шағын мәтін фрагменттерінен құрастырылған мәтін.

Глоссарий - мәтін сөздігі, қолжазба мәтініндегі түсініксіз сөздерге автордың өз тарапынан берген анықтамасы.

Реконструкция - зерттеу қорытындысын анық әрі сенімді етіп көрсету үшін қолданылатын зерттеу жұмысының бір бөлігі. Мысалы қолжазбадағы түсініксіз сөз бен сөйлем, қалып кеткен абзацты зерттеушінің өзі тарапынан қайта жазуы. Бұл құжат емес, ал зерттеушілердің шығармашылық ісі.

Конъектура - жалғыз қолжазбадағы немесе басқа да көшірмелерінде қате кеткен сөзді түпкі мәтіннің мағынасына қарай түзету.

Каннондық текст - ғылыми дәлелденген тұрақты мәтін.

[3, 21. 160 -288] .

Текстология ғылымы біздің әдебиеттану ғылымызда енді енді етек жайып келе жатыр. Бір қуанарлығы, соңғы жылдары текстология мәселесіне көбірек көңіл бөлініп келеді. Тек мақалалар, жинақтар ғана жарық көріп жатқан жоқ, сонымен қатар ғылыми диссертациялар да қорғалуда.

Бұл іс белгілі бір мөлшерде ғана қолға алынғанмен, бүгінгі күннің талабына сай текстологияның теориялық жағы бір ізге түспеген. Жоғары оқу орнының студенттеріне арнайы курс оқылумен шектеліп қана келеді.

Қазақ текстологиясында да теориялық текстология деген ұғым кеңінен қолданысқа түсіп келеді. Бұл - текстологияның көмекші пәні емес, кейінгі зерттеулерге негіз болатын іргетас екендігін мойындап, бүгінгі зерттеушілердің дұрыс бағыт алғанын аңғартатын қуанарлық жайт. Ал текстологияның теориялық жағын оның зерттеу, дәлелдеу әдістерін айқындап алмай тұрып сөз ету де қиын. Сондықтан бұл жұмыс келешекте «Қазақ текстологиясы» ғылымына қажетті материал боларына сенеміз.

1. «Абай жолы» роман-эпопеясы

  1. «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихы мен нұсқалары

М. Әуезовтің «Қилы заман», «Қараш-қараш оқиғасы», «Өскен өркен», «Абай жолы», «Еңлік-Кебек» және басқа да шығармалары өмірлік материалдарды, шындық болмыстағы нақты құбылыстарды шығармашылықпен игерудің, айрықша суреткерлік парасатпен пайымдаудың сан алуан озық үлгілерін көрсетеді. Ойдан қосып, толықтыру, өзгерту немесе ойдан шығару секілді өмір шындығын көркемдікпен саралап, жинақтаумен бағалап, даралаудың М. Әуезовке тән тәсілдерін байқау жазушының асқан шеберлігінің сәуле шашқан жарық қырлары мен шығармашылық шеберханасының мәнді сырларына қанықтырады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тіл білімі сөздігі
Әдебиет теориясы пәнінен лекциялар тезисі
Салыстырмалы талдау
Әдебиеттанудың негізгі салаларын сипаттау
Әдебиеттану ғылымының ғылым салаларындағы орны мен даму тарихы жайлы
Шәкәрім мұрасы Ә.Бөкейханов зерттеуінде. "Әдебиет танытқыш" - ұлттық әдебиет туралы ғылымның алғашқы қарлығашы
Деректанудың даму тарихы
Шәкәрім мұрасы Ә.Бөкейханов зерттеуінде
Тіл білімі сөздігінде мәтін
Әдебиеттану ғылымының ғылым салаларындағы орны мен даму тарихы туралы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz