ДҮЛДҮЛІ ДАРХАН ДАЛАНЫҢ (Ғ. Мұстафиннің Дауылдан кейін романы Б. Шалабаев талдауында)



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 10 бет
Таңдаулыға:   
ДҮЛДҮЛІ ДАРХАН ДАЛАНЫҢ
(Ғ. Мұстафиннің Дауылдан кейін романы Б. Шалабаев талдауында)

Қажыбай А. Т.

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Аспанның төсін арда емген асқар шындардан емес, жер қойнауын тесіп
шыққан жақпар тастардан шым-шым қайнап өніп, Сарыарқадан Көкарқаға дейінгі
көл-көсір алқаптағы ешбір елді мекенді айналып өтпей, бәріне де соғып,
бәрінің де көңілін бірлеп, мейірін қандырып баққан ақпейіл өзен Нұрадай
Ғабиден Мұстафин таланты да өзін жаратқан топырақтан нәр алып, өзін
жаратқан өлке мен ортаны асқақтата жырлап өтіпті. Оның қырандай қырағы
суреткерлік түйсігі туған жазиралар төсіндегі жақсылы-жаманды құбылыстардан
үдере өзгеру үстіндегі елі мен жерінің басына атымен бейтаныс заман
орнағалы тұрғанын дер кезінде дәл аңғара біліпті. Көз саласына іліккен
көріністерді көңіл саласына көшіріп, оның тосын сипаттарының астарларына
үңіліп, тарихи мән-мағынасын іздепті. Қайсысының бүгін бар, ертең жоқ
құбылмалы, қайсысының бүгін әлсіз, ертең мықты тұрлаулы құбылыстар
екендігіне қапысыз қанығуға күш салыпты.
Ол күні жеткенде тілден жақты ажыратпайтын дегендей жаппай жетістіктер
кезеңінде өмір сүрді. Талай қимас құбылыстар мен қасиеттер көзге оттай
басылып, ұзақ жайлаған көне қоныстарда қалып бара жатты. Талайлар өз
қағынан өзі қарадай жерініп, жаңа қонысқа бет алғанның жөні осы екен деп әй-
шайға қарамай, әлі беймәлім, әлдеқайдағы нағашысының ауылына бара жатқандай
аттарын борбайлатып, адыраңдап шаба жөнелісті. Ғ. Мұстафин ондай алақызба
айқай-сүреңдерге елегізіп, босқа арамтер болмапты. Әкесінің иманды,
атасының дәулетті болғандығы үшін көзтүрткілік көрсе де көзсіз ашуға
мінбепті. Сабасынан аспай, сабырын сарықпай сақтай біліпті.
Оның артына тастаған шығармашылық мұралары бала кезінен табаны тиген
Жауыртаудай, қалғандарға атымен ұқсамайтын айрықша тұрпатымен көзге оқшау
шалынады. Сыртынан қарағанда шынында да сар далада тайпалта жүйткіп келе
жатқан сары жорғаның қыр арқасына күдірейе қонжиған, ат жауыртпай қоймайтын
жайсыз ердей сойқан елестейтін, жапырақ ерекше жақпар таулары бар қазынасын
тереңіне бүгіп, сол арқылы күллі әлемнің көз сұғын қадалтатын әйгілі
Теміртауға айналып отырғаны мәлім.
Қылтың-сылтыңсыз, жылтырақ-жылтылсыз ел болса да өмірдің өзіндей қылып
қаз-қалпында кейіптейтін Мұстафин шығармалары да туған елдің ыс басқан
түндігіндей, туған ананың бесігінде тербеткен әлдиіндей, туған әкенің қиын
сағаттарда арқаңнан қағып, маңдайыңнан сипап, емірене айтатын ақыл
кеңесіндей пайымдылығымен еріксіз баурап алады. Олар тіршіліктің әшекейсіз
де әдемі, әспеттеусіз де мәнді екендігіне көзіңді жеткізе түседі.
Қаптаған құйтырқы құбылыстарға төтеп бере алу қай замандағы суреткерлер
үшін де қиынның қиыны болған. Кейінгі жүз жыл ішінде әдебиетіміз осындай
ойнақшыма кезеңнің талайын кешіп, талай жерде екі оттың ортасында
шыжғырылып, әрі-сәрі дәурен кешіп келеді. Кейбір туындыларымыз қанатсыз
тауықтай күнделікті тіршіліктің күлдібадам қиындығының тар көрпесіне
қамалып, етекбасты күй кешіп бақты. Кейбір суайт уақыттың айтқанына еріп,
ақыр аяғында бәлду-бәлду бәрі өтіріктің кебін киеді. Ғ. Мұстафин мұндай
қатерден замана шындығына, адамгершілік көзімен үңіліп, адамгершіліктің
таразысымен байыптай алған салиқалы сарабдалдығы арқасында аман қалды. Оның
шығармалары шырғалаңы мол шытырман заманда ғұмыр кешкен, мейлінше әділ
адамның өз көзімен көріп, өз көкірегіне түйген жерлерін шынайы жеткізе
алған дәйектілігімен құнды. Жазушының Өз көзіммен, Көз көрген сияқты
жанрлық анықтамаларға жиі жүгінуі соның айғағы.
Ол өмірді күрес деп емес, еңбек деп ұқты. Өйткені, күрескеннің бәрі
жеңіске жете бермейді. Ал еңбек еткеннің ешқайсысы жеміссіз қалмайды.
Сондықтан да ол тек қана еңбекті насихаттап, еңбекті дәріптеді.
Шығанағында сол кездегі таптық тайталастардың қызыл қырғындары мен қызыл
қырғиларын дәріптемей жер тырмалап, ырзығын айырып, былайғылардың да күн
көрісіне қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей өз қолғабысын тигізгеннен
басқаны мұрат етіп көрмеген, қазақтың Я, Құдайлап күн кешкен қарапайым
шаруа шалының бейнетқор тіршілігін суреттейді.
Қарағандысында ғасыр тоғысындағы қиян-кестілерді, азып-тозып, өкпесі
талған далалықтардың өнбес даудың соңына біржолата құрып кетпей тұрып, жаңа
кәсіп пен жаңа талаптың соңына түсіп, жасампаздық жолына шыға бастағанына
мейірленеді.
Миллионерінде іргесі көң сасып, тірідей күлге көміле жаздап отырған
қоңторғай қазақ ауылының қалған дүниеден қағажу көрмей, жұртпен бірге
етегін жиып, еңсесін тіктегенін армандады. Бұл шығармаларында ол өзі өмір
сүріп отырған кезеңнің ұрандатып баққан идеологияларын жоққа шығарған жоқ.
Бірақ оларды қақшандаған таптық тайталастардың таразысына сүйрелемей,
жалпыға тән адамгершілік арнасында шешімдеуге тырысты. Керітартпалықтың
емес, ілгері ұмтылушылықтың сөзін сөйледі.
Оның 60-70-ші жылдары жазылған Дауылдан кейін және Көз көрген
романдары әдебиетіміздің асыл қазынасынан баянды орын иеленген ірі
табыстарымыз. Олар шын мәніндегі ХХ ғасырдағы жаңа тарихымызды қайта
зерделеп, қайта бағамдауды бастап берген туындылар. Ғасыр басында қазақ
даласына аяусыз тырнақ батырған әлеуметтік қатыгездіктердің қанды жолын
мұншалықты шыншылдықпен және сыншылдықпен бейнелеген шығармалар оған дейін
кездеспеген еді. Одан кейін де жиі ұшырасып жатқаны шамалы. Алпысыншы
жылдардағы азды-көпті кеңшілікті дер кезінде орнымен пайдаланып, халық
өмірінің ең көлегей тұстарының ең шынайы панорамасын жасақтап үлгере алған
бірден-бір қазақ жазушысы Ғ. Мұстафин болды.
Оның қай шығармасын алсаңыз да кешегі ақыл ұзын, қол қысқа заманда өз
халқына шындап жаны ашығандықтан туған шынайы дүниелер еді. Сондықтан да ол
кешегі, бүгінгі және ертеңгі оқырманға қажет бірегей қасиет.
Сыншылық-зерттеушілік ой дамуында өзіндік орны бар жекелеген тұлғалардың
еңбектеріне қазіргі күн тұрғысынан көз салған тұста олардың жетістік,
кемшіліктерінің қай-қайсысын да объективті бағалауға ұмтылу және әсіре
бояусыз шынайы ғалымдық болмысын ашу нақты кезеңдегі әдеби үрдістің бет-
бағдарын, жанды бейнесін айқындауға септігін тигізері анық. Бұл орайда
басты мақсат қандайда бір зерттеушінің еңбегіне белгілі бір кезең жемісі
деп қана үңілумен шектелмей, сол еңбектің ішкі мазмұнына дендей бойлау, сол
арқылы уақыт талабымен көркемдік талаптың қаншалықты ұштаса көрініс
тапқанын зерделеу, нәтижесінде көркемдік талап деңгейін саралай отырып,
нақты кезеңге тән көркемдік таным дамуына зейін аудару, сонымен бірге,
шығармашылық жеке тұлға ізденісінің қоғамдық көркем ойға әсерін, оған
керісінше, жеке тұлғаның көркемдік танымына қоғамдық сана ықпалын саралай
тануға талпыныс болмағы ләзім.
Қайсы бір ғылым саласында болмасын, ғылымды жасаушы да, дамытушы да,
халық игілігіне жаратушы да – жекелеген дарынды тұлғалар. Әдебиеттану
ғылымы мен әдебиет сынының даму тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған
сыншылар мен ғалымдардың еңбектерін жан-жақты саралай қарастырып,
салыстыра, салғастыра бағалау нәтижесінде ғана нақты кезеңге тән әдеби
үрдістің шынайы бейнесі объективті көрініс табары анық. Жекелеген
әдебиетшілер мұрасын барынша жан-жақты зерделеу мен зерттеу ісі әдебиеттану
ғылымының персоналия тарихы үшін бүгінде алғы кезекте тұрған міндеттердің
бірі. Аталмыш міндеттерді шешу барысында қазіргі әдебиеттануда жасалып
жатқан ізденістер баршылық. Бұл орайда алыптар тобының өкшесін баса
әдебиеттегі қадамын әуелде өлең, әңгіме, фельетон, очерк жазудан бастаған
әдебиеттанудың еңбек торысы атанған көрнекті әдебиетші ғалым, білікті
сыншы, романтанушы, кәнігі аудармашы, ұлағатты ұстаз Белгібай Шалабаевтың
әдеби-сын, ғылыми-зерттеу және көркем публицистикалық мұрасының ең көлемді
арнасы һәм кемелді желісі – қазақ романының тууы мен қалыптасуы тарихы,
роман жанрының табиғаты, ондағы сюжет және характер, идея және композиция,
әдеби троптар мен стильдік фигуралар мәселелерін тілге тиек етеріміз заңды.
Себебі ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің абыройын асырып, мәртебесін
биіктеткен классиктердің бірі, көркем сөз бен зерлі сөздің ұстасы,
тапқырлық пен ділмәрлықтың нұсқасы, дархан дарын, алыптар тобының алтын
діңгегі – Ғ. Мұстафин сынды алып жазушының салиқалы құлаш-құлаш прозалық
туындыларына арнайы ат басын бұрған, повесть, романдарының көркемдік-
стильдік ерекшеліктерін, идеялық мазмұнын, жазушының еңбек жолы мен
творчестволық дамуын, шығармашылық зертханасын егжей-тегжейлі зерттеген
әдебиетшілердің бірі – Б. Шалабаев болатын. Жалпы қаламгер шығармашылығы,
прозалық, сыншылық және публицистік шеберлігі жайындағы ғылыми зерттеулер
жазушының көзі тірісінде ерте кезден басталып күні бүгінге дейін өзінің
әділ жалғасын тауып келеді. Олардың ішінен М. Сармурзинаның Ғ. Мұстафиннің
творчествосында социалистік реализм әдісі (1951), Ғ. Мұстафиннің
творчестволық жолы (1957), С. Қирабаевтың Ғ. Мұстафин (1956), А.
Нұрқатовтың Ғ. Мұстафиннің творчествосы (1956), М. Хасеевтің Ғ. Мұстафин
шеберлігі (1987), Ж. Дәдебаевтың Ғ. Мұстафин (1989), М. Қаратаевтың Ғ.
Мұстафин творчествосы (1992) еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Сонымен
қатар, проза саласындағы елеулі ізденістері, жазушылық жолы, шығармашылығы
жайлы әр кездерде М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсіреповтермен бірге М.
Қаратаев, Т. Нұртазин, Б. Шалабаев, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, Р. Бердібаев,
З. Кедрина, Е. Лизунова, Ә. Тәжібаев, Т. Ахтанов, т. б. көптеген
қаламгерлер, әдебиетшілер зерделі пікірлер айтты.
Әдебиетші Б. Шалабаевтың Казахская литература (Советский период)
(1965), История казахской прозы (Сюжет и характер) (1968), История
казахского романа (1975) және Қазақ романының тууы мен қалыптасу тарихы
(1990) монография, оқу құралдарына енген Повести и романы Г. Мустафина,
Тема современности в прозе Г. Мустафина, Ғ. Мұстафиннің повестері мен
романдары атты бөлім-тарауларда жазушының прозалық шығармалары жан-жақты
қарастырылып әдеби сарапқа түскен еді. Биік талғам, мол эрудиция, сындарлы
талдаулармен көңіл баурайтын, айрықша тиянақталған тұжырымды зерттеулердің
романтану саласындағы орны бөлек. Біз солардың ішінен зерттеушінің жеткізе
айтып, майын тамыза, жіліктей шағып тұрып талдаған жазушының Дауылдан
кейін романына кідірмекпіз.
Қазақ әдебиетінің жан-жақты дамып, барлық жанрларда қарыштап өскен,
ұлттың рухани сұранысына жауап берген бай-бағылан дәуірін тудырған ХХ ғасыр
қаламгерлері, әдебиетші ғалымдары, ұлт зиялылары, олардың ғұмыры, тағдыры,
шығармалары туралы бүгінге дейін айтылып келген пікір, талдау, зерттеу енді
жаңа тұрғыда толығып, соны пайым, жинақтау тұжырыммен қоюлана түспек.
Жасыратыны жоқ, кеңес өкіметі құлап, компартия билігі құрылғанға дейінгі
жетпіс жыл бойы әдебиет, өнер, гуманитарлық ғылымдар марксизм-ленинизмнің
ауызына қарады. Бейнелі өнер, ишарамен сөйлейтін әдебиет тұп-тура саясат
шапанын кие алмайды, бірақ әдебиеттану, сын саласында зорлықпен енгізілген
қисындар көп болатын. Сондықтан да ХХ ғасыр әдебиетін жаңаша пайымдау, оның
кезең-кезеңіндегі стильдік-жанрлық ізденістеріне, бейне, көркемдік
қазынасына баға беру, талантты қаламгерлер шығармаларының эстетикалық
байлығын анықтау, бір сөзбен, бос топырақтан кенді аршып алу – жеңіл-желпі
шаруа емес, бұл – көп қайрат-қажыр жұмсауды талап ететін ұзақ шиыр [1, 5],
– деген академик Р. Нұрғалидың келелі пікір-пайымдауын назарға алғанда, Б.
Шалабаевтың Дауылдан кейін романындағы тарихи қат-қабат оқиғаларды
объективті әділ түрде бағалайтын сарабдал оқымысты екендігін көрсетеді.
Кейін сан-саққа жүгіртіліп, науқандық сұрқиялы саясаттың ағымымен бірде
олай, бірде былай бұлғақтатылған идеологиялық саудагершіліктің көлеңкесі де
жоқ. Ерекше құптарлқ жәйт жазылғанына бәлен жыл өткен бұл еңбектің
көкейкесті, өзекті болып отырғанында. Ол еңбектің қай бетін ашып оқысаң да,
көкейге қона кетеді. Олқылығы сол тұстағы әдебиеттану мәселелеріне
күнделікті науқандық жәйттерді, түрлі құжаттарды, қаулы-қарарды, партиялық
талаптарды, қызыл танау саясатты, солақай социологияны араластыруда.
Дегенмен, дәлдік, дәйекті дерек әлбетте бірінші қатарға шығады.
ХХ ғасырдың 50-60 жылдары қазақ әдебиетінде тарихи-революциялық романдар
пайда бола бастады. Олар: Х. Есенжановтың Ақ жайық (1957-59), З.
Шашкиннің Тоқаш Бокин (1958), Ғ. Мұстафиннің Дауылдан кейін (1960)
романдары еді. Бұл романдарда қазақ халқының өмірінде елеулі орын алған ХХ-
ғасырдың 20- жылдарындағы аса күрделі оқиғалар жан-жақты қамтылып айқын да
терең суреттелгенін әдебиетші қауым бірауыздан мойындаған болатын.
Ғ. Мұстафиннің Дауылдан кейін романы халық өміріндегі сол бір кезеңді
суреттеген үлкен шығармалардың бірі. Кеңес еліндегі азамат соғысы
аяқталғаннан кейінгі жеті-сегіз жыл ішіндегі қилы, өлара кезеңді қамтитын
романның қазақ әдебиетінің тарихынан алатын орны аса қомақты. Сол 20-
жылдардағы революция, азамат соғысы, жылдары тас-талқан болған халық
шаруашылығын жөндеу, қалпына келтіру жаңа орнаған совет өкіметіне, оны
басқарып отырған коммунистік партияға ауыр тиді. Соғыс коммунизмі, НЭП
уақыты, шеткі аймақ – қазақ ауылдарын советтендіру, ауыл пролетариаты –
кедей-жалшылардың таптық санасын оятып, жаңа советтік өмірге тарту,
бұрыннан бері еңбек адамдарының қанын сорып байып келген байларды
ауыздықтап конфескелеу, т.б. тарихи мәні бар елеулі оқиғалар нақты-нақты
кейіпкерлердің образдарын мүсіндеу арқылы Ғ. Мұстафиннің Дауылдан кейін
романында реалистік биіктен айқын суреттелгенін көруге болады. Тап осы
дүрмегі мен дүрбелеңі, шытырманы мен шырғалаңы мол аумалы-төкпелі кезеңді
дөп басқан Б. Шалабаевтың мына бір үзіндісіне тоқталсақ, ...өмір шындығын
эпикалық кеңдікпен суреттеп, дәуір тынысын байсалды да орнықты танытуда Ғ.
Мұстафиннің Дауылдан кейін романы қазақ әдебиеті тарихындағы алғашқы
кезеңдерін – ауылды советтендіру, жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру
кезеңдерін қамтиды. Есейіп, ұлғая келе, жазушылық мол тәжірибе жинақтап
барып жазған туындысында Ғабең өмір шындығын боямаламай, қат-қабат,
шытырман күйде көрсетеді. Дауылдан кейін романында автор өзінің
қалыптасқан дағдысынан шығып, өткен күндер оқиғаларына оралады. Оның
мәнісін жазушы былай деп түсіндіреді: Дағдыдан шығып, кейін оралған
себебім – өміріміздің бір қызықты шағы жөнді көрсетілмей қалыпты. Оны
жазатын жасамыс адамдар азайып барады. Жастар білмейді. Борыш арқалап кету
лайық па? Сондықтан азырақ шегінуге тура келді. Дауылдан кейін романы
бірсыпыра тәжірибелерді бастан кешіріп, ойы байсалды, жасы мосқал тартқан
кезде жазылғандықтан бастапқы кітаптарда ескере алмағанымды ескерсем,
жеткізе алмағанымды жеткізсем, деген талап қатты қойылды. Көркем әдебиеттің
ең үлкен қасиеті – адам таныту. Таныту үшін әуелі танып алу керек. Бұл өте
қиын. Сол қиындықтан қашып, шығармаға адамдарды аз енгізетінмін. Бұл жолы
көбірек енді. Бірақ, біріне-бірі ұқсамау жағын қадағаладым. Меніңше, сөзі,
мінезі, пішіні, аты, іс-әрекеті тек өзіне тән, дара-дара адамдар көбейе
берсе, кітап күшейе береді. Ал адамдары көбейгенмен, біріне-бірі ұқсамай
берсе, әлсірей бермек. Шығарманы қызықты ететін тек оқиға, сарт-сұрт айқас
деген сыңар езу ұғым бар. Бір кітапта мен алдымен адамдардың ішін,
кескінін, әрекетін, табиғат суреттерін көрсетуге тырыстым. Өйткені, бүкіл
көркемдік, оқиға осылардан туады.
Дауылдан кейін романының автордың жоғарыда аталған шығармаларынан
ерекшелігі оның өткен дәуір оқиғаларына негізделгенінде ғана емес, жазылу
процесінің өзгешелігінде [2, 296-297]. Жазушының жеке творчестволық
зертханасын жете таныған ғалым романның шығу төркі мен жазылу
ерекшеліктеріне аса ден қояды. Әрі оны эпикалық шығармалар санатына көтеріп
бағалайды. Ғалымның осы пікір-тұжырымдары үзеңгілес әдебиетші Ә.
Тәжібаевтың ой-толғанысымен үйлесімді үндестік табады. Шығармасының күйлі
де, сырлы болуын көп ойлайтын жазушы – сол шығармасының тарихи документтей
мәнді болуын да ұмытпайды. Ол үшін Ғабиден өмірді суретшідей ғана емес,
тарихшыдай зерттейді. Оның шығармасына алатын адамдарында өзіне бейтаныс
бір пенде жоқ. Жақсы көрері де, жек көрері де автормен бір шаңырақта өскен
адамдар сияқты. Ғабиден солардың көбісін жазар алдында дарияларға тоғытып,
от кешіртіп, барлық сыннан өткізіп алғандай, іші мен сырттарын түгел танып
болғандай сезінеді. Жазушы сондай жақсы көретін адамдарын іріктеп әкеліп
шығармаларына қосқанда, оларға жауапты-жауапты жұмыстар тапсырғанда,
шығармасының көркемдік және тарихи міндетінің дәрежесін де дұрыс анықтайды.
Ол әрбір шығармасына алдымен герой етіп өз халқын алады да, халық пен ғасыр
қозғалысын негізгі арқау етеді. Содан соң жеке адамдар өмірі мен тағдырлары
арқылы жаңағы бас герой болып отырған халықтың дараланған, айқын образын
жасайды. Біз шығарманың алғашқы беттерінен-ақ эпикалық планда үдере көшкен
халық қимылы қайдан, қалай басталғанын көрсек, шығарманың өн бойында сол
күштің қайда беттегенін, қайда жеткенін, қалай жеткенін көреміз. Бұл
жағынан М. Әуезовтің Абай жолы ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тарихи
қимылының шежіресі десек, Ғабиден шығармалары советтік Қазақстанның тарихи
қимылының шежіресі Мұстафин романдарының композициялық құрылыстары да осы
тұрғыдан танылуға тиісті [3, 290-291].
Қаламгерлер де, шығатын кітаптар сапасы да әр түрлі болады. Олардың
ішінде саясатқа иілгіш, жалаң ұранға құрылған үгіттік, жәдігөй әдебиет те
аз емес еді. Олар өмірде болғанын бәрін де мадақтап, жылтырап көрсетуге
тырысты. Ғ. Мұстафин ұлы суреткер есебінде мұндай жеңіл жолға барған жоқ.
Ол – нағыз творчество адамына тән еңбектің азабын тартқан жазушы. Ол заман
идеологиясының жолымен емес, шындықтың жолымен жүрді. Оның кітаптарының
мәңгілік сипаты да осында. Оларда жазушы өмір сүрген дәуірдің кең жасалған,
панорамалық суреті мен заман қиыншылықтарын кеше отырып, ілгері ұмтылған
жаңашыл халық бар, сол халықтың ісі, қызметі, арман-тілегі бар. Егер Көз
көргеннен бастап, Дауылдан кейінге, Шығанақ пен Миллионерге,
Қарағандыға қарай жүрсек, олардан біз ХХ ғасырдың басынан бастап, жарты
ғасырдан астам уақыт ішінде қазақ халқы бастан кешкен күрделі де
қиыншылықты өмірдің кең жасалған суреттеріне кездесеміз. Заманның қоғам
дамуы алдына қойған өткір проблемалары мен оны шешу жолындағы адамның
тіршілігін, қимылын көреміз. Бұлардың негізінде отаршылдық пен езгіге қарсы
күресе отырып, халықтың өз билігі, азаттығы үшін күресі, рухани ізденісі,
адамның қоғамдық өзгерістер легінде жаңаруы, өсуі, өшуі, т. б. мәселелер
қойылады. Осы тұрғыдан алғанда, Ғ. Мұстафин романдарының проблемалық
сипатын ерекше атауға болады. Ол нені, кімді суреттемесін, сол кездің,
кейіпкердің тағдырын дәуірдің өзекті мәселелерімен байланыста ашады. Сол
арқылы әр қилы тарихи тартыстар фонындағы адамның тіршілік жолы
бейнеленеді.
Әрине, әдебиет әлеміндегі характерлер де біркелкі бола бермейді. Олардың
уақытқа бой алдыратыны да, адамгершілік қылықтары, заман ағымы туралы
ойлары қалады. Ғ. Мұстафин кейіпкерлері де осы тұрғыдағы биік талапқа жауап
бере алады. Ол адамды заман, уақыт жағатын бояулардың түсімен емес, ісімен,
адамгершілік қылықтарымен ой-толғамымен өлшейді. Осылардың бәрі кезінде Ғ.
Мұстафин творчествосын жаңаны көргіш, қабылдағыш, өмірге батыл араласқан
жаңашыл тың творчество есебінде әйгіледі. Жазушының Дауылдан кейін
романында дәл осы жаңашыл шығармашылық қырын жете аңғарамыз. Қазан
төңкерісі және қазақ ауылы деген проблеманы көркемдік тәсілмен терең
бейнелеген Дауылдан ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ғабиден Мұстафиннің өмірі
Ғабиден Мұстафин шығармаларындағы тарихи шындық
ҒАБИДЕН МҰСТАФИН ПРОЗАСЫ ЖӘНЕ ЖАЗУШЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ДАРАЛЫҒЫ
Аударма өнері – идеология майданындағы зор құралдардың бірі
Қазақ әдебиетінің тарихын жасау мәселелері мақаласындағы Қазақ халқының мәдениет тарихында әдебиеттану ғылымының тарихы әзір қысқа
Ғабиден Мұстафин өмірі және шығармашылығы
С. Мұқанов шығармаларындағы омонимдердің қолданысы мен жасалу жолдары
Соғыстан кейінгі жылдары очерктерден құрастырылған жинақтар жайлы
Кеңестік дәуірде социалистік реализм әдісі талаптарына сәйкес жазылған қазақ романдарын оқытуда алда тұрған міндеттерді айқындау, шешім іздестіру
Ғабиден Мұстафин өмірі
Пәндер