Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызу және жердi осы аумақтардың резервiне қалдыру ережесi



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 28 бет
Таңдаулыға:   
Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызу
және жердi осы аумақтардың резервiне қалдыру
ережесi
      1. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызу, сондай-ақ басқа
санаттардың құрамындағы жердi олардың нысаналы мақсатының өзгеруiне
байланысты жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санатына ауыстыруды
Қазақстан Республикасының Үкiметi және облыстық атқарушы органдар
(республикалық маңызы бар қала, астана) Қазақстан Республикасының Жер
кодексiнде белгiленген жер учаскелерiн алып қою және беру жөнiндегi өзiнiң
құзыретi шегiнде жүргiзедi.
      Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызу мүдделi орталық
атқарушы органдардың ұсынымы бойынша мемлекеттiк экологиялық сараптаманың
және қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның табиғи-
ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiне оң қорытынды болған
кезде жүргiзiледi.
      2. Облыстық атқарушы органның (республикалық маңызы бар қала, астана)
тапсырмасы бойынша және қоршаған ортаны қорғау саласындағы облыстық
аумақтық органның (республикалық маңызы бар қала, астана) (бұдан әрi -
қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi облыстық орган) ұсыныстары негiзiнде
тиiстi облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) жер ресурстарын
басқару жөнiндегi аумақтық орган (бұдан әрi - облыстық жер ресурстарын
басқару жөнiндегi орган) сұралған жердi жергiлiктi маңызы бар ерекше
қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызу жөнiндегi жерге орналастыру жобасын
әзiрлеудi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi.
      Жердi жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға
жатқызу жөнiндегi жерге орналастыру жобасы облыстық қоршаған ортаны қорғау
жөнiндегi, ауыл шаруашылығы органдарымен келiсiледi және облыстық жер
ресурстарын басқару жөнiндегi орган бекiтедi.
      Жердi жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға
жатқызу туралы бекiтiлген жерге орналастыру жобасының негiзiнде тиiстi
облыстық жер ресурстарын басқару жөнiндегi орган облыстық атқарушы органның
осы мәселе бойынша шешiмiнiң жобасын дайындайды.
      Жердi жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға
жатқызу облыстық атқарушы органның (республикалық маңызы бар қала, астана)
шешiмi бойынша жүргiзiледi.
      3. Жердi республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға
жатқызу үшiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның
ұсынымы негiзiнде жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган
тиiстi жерге орналастыру жобасын әзiрлеудi ұйымдастырады.
      Жердi республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға
жатқызу жөнiндегi жерге орналастыру жобасы қоршаған ортаны қорғау, ауыл
шаруашылығы саласындағы орталық атқарушы органдармен келiсiледi және жер
ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бекiтедi.
      Жердi республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға
жатқызу туралы бекiтiлген жерге орналастыру жобасы және облыстық атқарушы
органның осы мәселе бойынша шешiмi негiзiнде қоршаған ортаны қорғау
саласындағы орталық атқарушы орган жер ресурстарын басқару жөнiндегi
орталық уәкiлеттi органмен бiрлесiп Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң осы
мәселе бойынша шешiмiнiң жобасын дайындайды.
      Жердi республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың
санатына жатқызу Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша
жүргiзiледi.
      4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызуға арналған жер
құрамына енгiзiлген жердi жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнен және жер
пайдаланушылардан алып қою (сатып алу) жер заңнамасында белгiленген
тәртiппен жүргiзiледi.
      5. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервiне қалдыру үшiн
белгiленген тәртiппен бекiтiлген ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желiсiн
дамыту және орналастыру бағдарламасы негiз болып табылады.
      6. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервiне қалдыру облыс
(республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмдiгiнiң қаулысы негiзiнде
жүзеге асырылады.
      7. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервiне қалдыру
жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу үшiн облыс (республикалық маңызы бар қала,
астана) әкiмдiгi белгiленген тәртiппен құрамында облыстық (республикалық
маңызы бар қала, астана), қалалық және аудандық әкiмдiктердiң, жер
ресурстарын басқару жөнiндегi облыстық органның, қоршаған ортаны қорғау
жөнiндегi облыстық (қалалық) органның, орман және аңшылық шаруашылығы
облыстық аумақтық органының және басқа да мүдделi ұйымдардың өкiлдерi бар
арнайы комиссия құрады.
      8. Арнайы комиссия жер учаскелерiнiң мүдделi меншiк иелерi мен жер
пайдаланушылар өкiлдерiнiң қатысуымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
резервiн қалдыруға арналған жер учаскелерiн орналасқан жерiнде зерттейдi.
      9. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар резервiн қалдыруға арналған
жердi далалық зерттеудiң нәтижелерi арнайы комиссия мүшелерi мен жер
учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өкiлдерi қол қоятын
зерттеу жоспарының (сызба) қосымшасымен бiрге актімен ресiмделедi.
      Бұл құжаттарда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервiне
қалдырылатын жердiң орналасқан жерi, олардың алаңы, жердiң сапалық жағдайы,
бұл аумақтарды қорғау және пайдалану режимдерi, оларда ғимараттар мен
құрылыстардың болуы және олардың құны туралы барлық мәлiметтер көрсетiледi.
      10. Арнайы комиссияның, осы комиссия мүшелерiнiң жалпы санының
көпшiлiк дауысымен қабылданған ұсынысы бойынша және ерекше қорғалатын
табиғи аумақтардың желiсiн дамыту және орналастыру желiсiнiң бағдарламасына
сәйкес облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмдiгi ерекше
қорғалатын табиғи аумақтардың жер резервiн қалдыру туралы қаулы шығарады.
      11. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервiне қалдыру
кезiнде заңнамада белгiленген тәртiппен оларды пайдалануда мемлекеттiк
табиғи-қорық қор объектiлерiн сақтауды қамтамасыз ететiн шектеулер
көзделедi.
      12. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервiне қалдыру жер
пайдаланушылардан және жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнен жердi алмай-ақ
жүргiзiледi.
      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнiң құрамына белгiленген
тәртiппен берiлгенге дейiн резервке қалдырылған жердi бұрынғы мемлекеттiк
немесе мемлекеттiк емес жер пайдаланушылар мен жер учаскелерiнiң меншiк
иелерi Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы
заңнамасына сәйкес пайдаланылады.
      13. Резервке қалдырылған жер учаскелерiне оларды ерекше қорғалатын
табиғи аумақтар жерiнiң құрамына беру кезiнде жер пайдалану құқығын беру
ұйымдастырылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санатына және осы
учаскелерге енгiзілетiн құқықтық қорғау режимiне қарай (республикалық
немесе жергiлiктi маңызы бар) белгіленген тәртiппен Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң немесе облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмдiгiнiң
қаулыларымен жүргiзiледi.
      14. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервiне қалдыру
жөнiндегi жерге орналастыру жұмыстары осы ерекше қорғалатын табиғи
аумақтардың санатына қарай республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң
қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
      15. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервiне қалдырылған жердiң
шекараларын белгiлеудi жергiлiктi жерде мүдделi мемлекеттiк органдардың
қатысуымен жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық орган жүзеге асырады
Қазақстан Республикасының жер кодексі

4 Бөлім
Жерді қорғау, мемлекеттік бақылау, жерге орналастыру, мониторинг және жер
кадастры

Жерге орналастыру, мемлекеттік жер кадастры және жер мониторингі

149-бап. Жерге орналастырудың мақсаты мен мазмұны

1. Жерге орналастыру жер қатынастарын реттеуге, жердi ұтымды пайдалану
мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған Қазақстан Республикасы жер
заңдарының сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралар жүйесi болып
табылады.
2. Жерге орналастыру меншiк нысанына тиесiлiлiгiне және оларда
шаруашылық жүргiзу нысанына қарамастан, барлық санаттағы жерде
жүргiзiледi.
Жерге орналастыру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу нәтижесiнде белгiленген,
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қаралған және
бекiтiлген жердiң нысаналы мақсаты, жердi пайдалану мен оны қорғау
режимi, шектеулер мен ауыртпалықтар, жер учаскелерiнiң шекарасы, жердiң
сапасы мен мөлшерi туралы деректер және басқа да деректер жер құқығы
қатынастары субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.

3. Жерге орналастыру:
1) ландшафтық-экологиялық көзқарас негiзiнде жерге орналастырудың, жердi
аймақтарға бөлудiң республикалық, облыстық және аймақтық схемаларын
(жобаларын) және жер ресурстарын пайдалану, жақсарту және қорғау
бағдарламаларын әзiрлеудi;
2) қолданыстағы жер пайдалануды қалыптастыру және ретке келтiру
жөнiндегi шаруашылықаралық жерге орналастыру жобаларын жасауды, белгiлi
бiр жерде жер учаскелерiн бөлiп беру мен шекарасын белгiлеудi, жер
учаскесiне меншiк құқығына және жер пайдалану құқығына құжаттар
жасауды;
3) белгiлi бiр жерде елдi мекендердiң шекарасын (шегiн) анықтау мен
белгiлеудi, олардың жер-шаруашылық орналастыру жобаларын жасауды;
4) белгiлi бiр жерде әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдардың, ерекше қорғалатын
табиғи аумақтардың және жердi пайдалану мен қорғаудың ерекше шарттары
бар басқа да жер учаскелерiнiң шекарасын белгiлеудi;
5) жерге орналастыру, бүлiнген жердi жаңғырту мен жаңа жердi игеру
жобаларын, сондай-ақ жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да
жобалар әзiрлеудi;
6) жердi түгендеу iсiн жүргiзудi, пайдаланылмай жатқан, ұтымды
пайдаланылмай жүрген немесе нысаналы мақсатында пайдаланылмай отырған
жердi анықтауды;
7) топографиялық-геодезиялық, картографиялық, топырақты зерттеу,
геоботаникалық және басқа да зерттеу мен iздестiру жұмыстарын
жүргiзудi;
8) жер ресурстарының жай-күйi мен пайдаланылуының тақырыптық карталары
мен атластарын жасауды қамтиды және қамтамасыз етедi.

150-бап. Жерге орналастыруды жүргiзу

1. Жерге орналастыру атқарушы органдардың шешiмi бойынша не жер
учаскелерiнiң мүдделi меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың
өтiнiмi бойынша, сондай-ақ жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық
органдардың бастамасы бойынша жүргiзiледi.
Жер учаскелерiнiң мүдделi меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың
бастамасы бойынша жүргiзiлетiн жерге орналастыру олардың жер ресурстарын
басқару жөнiндегi тиiстi аумақтық органға беретiн өтiнiштерiнiң негiзiнде
жүзеге асырылады.

2. Жерге орналастыру жұмыстарын Қазақстан Республикасының заңдарына
сәйкес жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзуге белгiленген тәртiппен
лицензия алған заңды тұлғалар мен азаматтар орындайды.
3. Жерге орналастыру жұмыстарын орындау тәртiбi мен технологиясы жер
ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бекiтетiн
нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi, олар жерге орналастыру
жұмыстарын орындаушылардың барлығы үшiн мiндеттi.
4. Белгiленген тәртiппен келiсiлген жерге орналастыру құжаттамасын:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өз құзыретiне сәйкес
жер ресурстарын басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган және оның аумақтық
бөлiмшелерi;
2) шаруашылық iшiндегi жерге орналастыру жобаларын және жердi ұтымды
пайдалануға, топырақтың құнарлылығын сақтау мен арттыруға байланысты
олардың өз есебiнен әзiрленетiн және жүзеге асырылатын жобаларды - жер
ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық органдармен келiсiм бойынша жер
учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар, басқа да тапсырыс
берушiлер;
3) жер учаскелерiнiң шекарасын қалыптастыруға, оларды белгiлi бiр жерде
белгiлеуге, жер учаскесiнiң жоспарын дайындауға байланысты жерге
орналастыру құжаттамасын, сондай-ақ жерге орналастыру жөнiндегi, жер
ресурстарының жай-күйi мен пайдаланылуының арнайы тақырыптық карталарын
жасау жөнiндегi топографиялық-геодезиялық және картографиялық
жұмыстардың, топырақты зерттеу, агрохимиялық, геоботаникалық және басқа
да зерттеу және iздестiру жұмыстарының материалдарын - жер ресурстарын
басқару жөнiндегi тиiстi аумақтық орган бекiтедi.
5. Жерге орналастыру құжаттамасына өзгерiстер осы құжаттаманы бекiткен
органның рұқсатымен ғана енгiзiледi.
6. Жерге орналастыру жобасын орындау: жобаны жер бетiне көшiрудi;
жобаның барлық элементтерiн игерудi, жерге орналастыру материалдары мен
құжаттарын ресiмдеудi және берудi қамтиды.

151-бап. Жерге орналастыру процесi

1. Жерге орналастыру процесi мынадай кезеңдердi қамтиды:
жерге орналастыру iсiн жүргiзудi бастау;
дайындық жұмыстары;
жерге орналастыру болжамдарын, схемаларын, бағдарламалары мен жобаларын
әзiрлеу;

жерге орналастыру құжаттамасын қарау, келiсу және бекiту;

жерге орналастыру жобасын орындау.

2. Жерге орналастыруды жүргiзу бойынша тапсырыс берушi, жерге
орналастыру құжаттамасын әзiрлеушi, жерге орналастыруды жүргiзу кезiнде
құқықтары мен заңды мүдделерi көзделуi мүмкiн үшiншi тұлғалар, сондай-ақ
жерге орналастыру құжаттамасы келiсiлетiн және оны бекiтетiн мемлекеттiк
органдар мен басқа да тұлғалар жерге орналастыру процесiне қатысушылар
болып табылады.
3. Жерге орналастыру процесiне қатысушылардың:
1) жерге орналастыруды жүргiзу жөнiндегi тапсырыс берушiнiң:
жеке өзi немесе өкiлi арқылы жерге орналастыру процесiнiң барлық
сатысында қатысуға;

жерге орналастыру iсiнiң материалдарымен танысуға;

өз ұсыныстарын қарауға енгiзуге;

жерге орналастыру процесiнде туындаған келiспеушiлiктердi шешуге
қатысуға құқығы бар;

2) әзiрлеушiнiң (жобалау және iздестiру жұмыстарымен айналысатын, сондай-
ақ жерге орналастыру жобаларын орындауды жүзеге асыратын жеке немесе
заңды тұлғаның):
мемлекеттiк органдардан жерге орналастыру жөнiнде қажеттi ақпарат
алуға;

тапсырыс берушiлермен шарт жағдайларында қарым-қатынас орнатуға;

жерге орналастыру жобаларын жүзеге асыру барысына қандай да бiр ерекше
рұқсатсыз бақылау жасауға, жергiлiктi атқарушы органдарды оның
нәтижелерi туралы хабардар етуге және жердi пайдалану мен қорғау iс-
тәжiрибесiн жақсарту жөнiнде ұсыныс енгiзуге;

жерге орналастырудың ескiрген схемалары мен жобаларын жетiлдiру немесе
қайта өңдеу жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқығы бар;

3) жерге орналастыру кезiнде құқықтары мен заңды мүдделерi көзделуi
мүмкін үшінші тұлғалардың:
жерге орналастыру мәселелерi талқыланғанда қатысуға және жерге
орналастырудың барысы мен нәтижелерi туралы өз мүдделерiн көздейтiн
ақпарат алуға;

жерге орналастыру процесiнде өздерiнiң мүдделерiн қозғайтын заңсыз
әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдануға
құқығы бар.

4. Жерге орналастыру процесiне қатысушылардың мiндеттерi:
1) жерге орналастыру процесiнiң барлық қатысушылары:
Қазақстан Республикасының жер заңдарын сақтауға;

жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөнiндегi құзыреттi мемлекеттiк
органдар талаптарын орындауға;

жерге орналастыру процесiнде жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер
пайдаланушылар құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге мiндетті;

2) жобалау құжаттамасы келiсiлетiн және оны бекiтетiн атқарушы органдар
оны бiр ай iшiнде қарауға мiндеттi;
3) жерге орналастыруды жүргiзу жөнiнде тапсырыс берушi:
жерге орналастыруды жүргiзу мақсатын, мiндеттерiн, мазмұнын, ерекше
жағдайлары мен мерзiмдерiн анықтауға;

қажеттi материалдар мен құжаттарды беруге;
жұмысты қаржыландыруды ұйымдастыруға;
орындалған жұмыстарды бiр ай iшiнде қабылдауға немесе дәлелдi түрде бас
тартуға мiндеттi;

4) жерге орналастыру құжаттамасын әзiрлеушi:
барлық жұмыстарды қолданыстағы нұсқаулықтар мен әдiстемелiк
нұсқауларға, сондай-ақ шартқа сәйкес орындауға;

зерттеу, iздестiру және өзге де жұмыстар топырақтың құнарлы қабатын
бүлдiре отырып жүргiзiлген жер учаскелерiнiң жай-күйiн бастапқы қалпына
келтiруге;

жерге орналастыру құжаттамасында көзделген iс-шаралардың дұрыстығы,
сапасы мен экологиялық қауiпсiздiгi үшiн жауап беруге мiндеттi.

152-бап. Мемлекеттiк жер кадастры

1. Мемлекеттiк жер кадастры Қазақстан Республикасы жерiнiң табиғи және
шаруашылық жағдайы, жер учаскелерiнiң орналасқан жерi, нысаналы
пайдаланылуы, мөлшерi мен шекарасы, олардың сапалық сипаттамасы туралы,
жер пайдаланудың есепке алынуы мен жер учаскелерiнiң кадастрлық құны
туралы мәлiметтердiң, өзге де қажеттi мәлiметтердiң жүйесi болып
табылады. Мемлекеттiк жер кадастрына жер учаскелерiне құқықты субъектiлер
туралы ақпарат та енгiзiледi.
Жер кадастрының құрамдас бөлiгi суармалы жер учаскелерiнiң мелиорациялық
жай-күйi, олардың табиғи және ирригациялық-шаруашылық жағдайлары бойынша
сапалық сипаттамаларын бағалау туралы, оларды пайдаланудың есебi туралы
мәлiметтер жүйесiн құрайтын суармалы жердiң мелиорациялық кадастры болып
табылады.

2. Қазақстан Республикасында жер кадастрын жүргiзудi ұйымдастыруды жер
ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган мен оның аумақтық
органдары жүзеге асырады.
3. Мемлекеттiк жер кадастры Қазақстан Республикасының мемлекеттiк
кадастрлар жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады және жер ресурстарын
басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган өздерiне қатысты алғанда
мемлекеттiк басқару органы болып табылатын, мамандандырылған
республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар Қазақстан Республикасының бүкiл
аумағында бiрыңғай жүйе бойынша жүргiзедi.
4. Мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерi мемлекеттiк ақпараттық pecуpc
болып табылады.
5. Мемлекеттiк жер кадастры аэрофототопографиялық, фотограмметриялық,
кадастрлық суретке түсiрудi, жобалау-iздестiру, картографиялық және
бағалау жұмыстарын, топырақты зерттеу, геоботаникалық және басқа да
зерттеулер мен iздестiрулер, жер мониторингiн, жердi мөлшерлiк және
сапалық есепке алу және мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзуге байланысты
басқа да жұмыстар атқару арқылы жүргiзiледi.
6. Мемлекеттiк жер кадастрының деректерi жердi пайдалану мен қорғауды
жоспарлау кезiнде, жерге орналастыруды жүргiзу, шаруашылық қызметтi
бағалау және жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да iс-
шараларды жүзеге асыру кезiнде, сондай-ақ жердiң бiрыңғай мемлекеттiк
тiзiлiмiн қалыптастыру, құқықтық және басқа да кадастрларды жүргiзу, жер
үшiн төлем мөлшерiн айқындау, жылжымайтын мүлiк құрамындағы жер
учаскелерiнiң құнын және табиғи ресурстар құрамындағы жердiң құнын есепке
алу үшiн негiз болып табылады.
7. Мемлекеттiк жер кадастрының деректерiн есепке алу мен оларды сақтау
бiрлiгi тұйық шекарада бөлiп шығарылған, белгiленген тәртiппен жер құқығы
қатынастары субъектiлерiне бекiтiлген жер учаскесi болып табылады.
8. Жерге меншiк нысанына, жер учаскелерiнiң нысаналы мақсатына және
оларды пайдаланудың рұқсат етiлген сипатына қарамастан, Қазақстан
Республикасының аумағында орналасқан жер учаскелерi мемлекеттiк
кадастрлық есепке алуға жатады.

153-бап. Мемлекеттiк жер кадастрының мазмұны

Мемлекеттiк жер кадастры мынадай жұмыс түрлерiн:

1) жер учаскесiнiң кадастрлық iсiн қалыптастыруды;
2) жердiң мөлшерi мен сапасын есепке алуды;
3) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларды, сондай-ақ
жер құқығы қатынастарының басқа да субъектiлерiн есепке алуды;
4) мемлекеттiк тiркеу мақсаты үшiн жер учаскелерiн есепке алуды;
5) жердi мемлекеттiк кадастрлық бағалау мен топырақты бағалауды;
6) жер учаскелерi мен олардың субъектiлерi туралы деректер банкiн,
сондай-ақ басқа да жер-кадастрлық ақпаратты қағаз бетiнде және
электрондық түрде жинақтауды, өңдеу мен жүргiзудi;
7) мемлекеттiк жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесiн
құру мен жүргiзуді;
8) жер-кадастр карталарын, оның iшiнде цифрлық карталарды дайындау мен
жүргізуді;
9) жер-кадастр кiтабы мен бiрыңғай мемлекеттiк жер тiзiлiмiн жүргiзудi;
10) жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттарды дайындауды қамтиды.

154-бап. Жер учаскелерiн тiркеу мақсаты үшiн есепке алу

1. Жер учаскелерiн және онда орналасқан жылжымайтын мүлiктi тiркеу
мақсатында есепке алу меншiк құқығын және басқа да құқықтарды, сондай-ақ
жылжымайтын мүлiкке ауыртпалықты мемлекеттiк тiркеудi қамтамасыз ететiн
қажеттi шарт болып табылады.
2. Жер учаскелерiн тiркеу мақсаты үшiн есепке алу жұмыстарын жүргiзу
тапсырыс берушiлердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

155-бап. Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлу

1. Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлу жер учаскелерiне
кадастрлық нөмiрлер беру мақсатында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлудiң бiрлiгi есептiк
кварталдар болып табылады.

2. Орналасқан жерiн анықтау (сәйкестендiру) мақсатында әрбiр жер
учаскесiне кадастрлық нөмiрлер берiледi.
3. Кейiннен құқық кадастрында пайдаланылатын есептiк кварталдардың
шекарасы мен кодтары сәулет және қала құрылысы органдарымен, жылжымайтын
мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу
органдарымен келiсiм бойынша жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық
органдар айқындайды және тиiстi атқарушы органдар бекiтедi.
4. Жер учаскелерiнiң кадастрлық нөмiрлерiн түзу мақсатында облыстарға,
республикалық маңызы бар қалаларға, аудандарға және облыстық (аудандық)
маңызы бар қалаларға берiлетiн кодтардың тiзбесiн Қазақстан
Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

156-бап. Жер-кадастр құжаттамасы

1. Жер-кадастр құжаттамасы есепке алудың барлық деңгейлерiнде: базалық,
мезгiл-мезгiл жаңартылатын және жыл сайын жасалатын құжаттаманы қамтиды.
2. Базалық жер-кадастр құжаттамасына:
1) жер-кадастр iстерi;
2) жер-кадастр кiтабы;
3) жердiң бiрыңғай мемлекеттiк тiзiлiмi;
4) жер-кадастр карталары жатады.
3. Жер кадастр құжаттамасының құрылымын, құрамын, мазмұны мен
нысандарын, сондай-ақ оны жүргiзу тәртiбiн жер ресурстарын басқару
жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бекiтедi.

157-бап. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу тәртiбi

1. Мемлекеттiк жер кадастры қағазға түсiрiлiп жүргiзiледi және ақпаратты
жинақтаудың, өңдеу мен сақтаудың электрондық жүйелерiн пайдалану арқылы
жүргізілуі мүмкін.
2. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының
заңдарында белгiленедi.

158-бап. Мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн беру және кадастр
ақпаратын пайдалану

1. Белгiлi бiр жер учаскесi туралы мемлекеттiк жер кадастрының
мәлiметтерi осы жер учаскесi есепке алынған орын бойынша үзiндi түрiнде
берiледi.
2. Мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн құжаттау қағазға түсiрiлiп
және электрондық тасығыштарда жүзеге асырылады. Қағазға жазылған
мәлiметтер мен электрондық тасығыштарда жазылған мәлiметтер арасында
алшақтықтар болған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында
өзгеше белгiленбесе, қағазға түсiрiлген мәлiметтер басымдыққа ие болады.
3. Жер учаскелерi туралы кадастр мәлiметтерi жер-кадастр карталарымен
(жоспарлармен) арақатынаста болады.
4. Мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн түзу топографиялық-
геодезиялық, аэроғарыштық, картографиялық, жерге орналастыру, түгендеу
бойынша, топырақты зерттеу, геоботаникалық, бағалаушылық және өзге де
зерттеулер мен iздестiрулер жүргiзумен қамтамасыз етiледi.
5. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзетiн мемлекеттiк органдар,
мемлекеттiк кәсiпорындар мен лауазымды адамдар жер-кадастр құжаттамасына
енгiзiлетiн мәлiметтердiң дұрыстығын қамтамасыз етуге мiндеттi.
6. Жер кадастрының мемлекеттiк құпия мен өзге де шектеулердi қамтымайтын
мәлiметтерi баршаға қолжетiмдi болып табылады және мүдделi жеке және
заңды тұлғаларға ақылы негiзде берiледi. Жер кадастрының мәлiметтерiн
мемлекеттiк органдарға беру ақысыз негiзде осы мақсаттарға көзделген
бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

159-бап. Жер мониторингi

1. Жер мониторингi болып жатқан өзгерiстердi уақтылы анықтау, оларды
бағалау, одан әрi дамуын болжау және керi әсерi бар процестердi болдырмау
мен оның зардаптарын жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу мақсатында
жүргiзiлетiн жер қорының сапалық және мөлшерлiк жай-күйiн базалық
(бастапқы), жедел, мерзiмдi байқау жүйесiн бiлдiредi.
2. Жер мониторингi қоршаған табиғи ортаның жай-күйi мониторингiнiң
құрамдас бөлiгi және сонымен бiр мезгiлде басқа да табиғи ортаға
мониторинг жүргiзу үшiн база болып табылады.
Халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларға сәйкес Қазақстан
Республикасы жердiң ғаламдық мониторингi бойынша жұмыстарға қатысуы
мүмкiн.

3. Жерге меншiк нысандарына, жердiң нысаналы мақсаты мен пайдаланылу
сипатына қарамастан Қазақстан Республикасының барлық жерi жер
мониторингiнiң объектiсi болып табылады.

160-бап. Жер мониторингiнiң мiндеттерi

1. Жер мониторингiнiң мiндеттерi:
1) жердiң жай-күйiнiң өзгерiстерiн уақтылы анықтау, оларды бағалау,
болжам жасау және керi әсерi бар процестердi болдырмау мен зардаптарын
жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
2) мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзудi, жерге орналастыруды, жерді
пайдалану мен қорғауды бақылауды және жер ресурстарын мемлекеттiк
басқарудың өзге де функцияларын ақпараттық қамтамасыз ету болып
табылады.
2. Жер мониторингiнiң жердiң санаттарына сәйкес келетiн iшкi жүйелерi
болады. Аумақты қамтуына қарай республикалық, аймақтық не жергiлiктi жер
мониторингi жүзеге асырылады.
3. Жердi жүйелi түрде бақылаудың, суретке түсiрудiң, зерттеудiң,
түгендеудiң нәтижелерi, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк
бақылаудың материалдары, мұрағаттық деректер, жердiң сапалық жай-күйi
туралы басқа да мәлiметтер жер мониторингi үшiн ақпарат көздерi болып
табылады.

161-бап. Жер мониторингiн жүргiзу

1. Жер мониторингiн жүргiзудi ұйымдастыруды жер ресурстарын басқару
жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Жер мониторингi бойынша мемлекетаралық және халықаралық
бағдарламаларды iске асыру Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен
жасасқан келiсiмдерi мен шарттарында айқындалатын тәртiппен және
жағдайларда жүзеге асырылады.
3. Жер мониторингiн жүргiзу және оның деректерiн пайдалану тәртiбiн
Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

162-бап. Жер мониторингi ақпаратын алу мен пайдалану әдiстерi

1. Жер мониторингiн жүргiзу кезiнде қажетті ақпаратты алу үшiн
қашықтықтан зерделеу, жер бетiн суретке түсiру және бақылау әдiстерi,
сондай-ақ қор деректерi қолданылады.
2. Жер мониторингiн техникалық қамтамасыз ету жер ресурстарын басқару
жөнiндегi тиiстi аумақтық органдарда ақпаратты жинау, өңдеу және сақтау
пункттерi бар автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады.
3. Жер мониторингiнен алынған нәтижелер автоматтандарылған ақпараттық
жүйенiң мұрағаттарында (қорларында) және деректер банкiнде жинақталады.
4. Азаматтар, кәсiпорындар мен мекемелер, халықаралық ұйымдар, шетелдiк
заңды және жеке тұлғалар жер мониторингiнiң мәлiметтерiн белгiленген
тәртiппен пайдаланады.

163-бап. Жер қатынастарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету жөнiндегi iс-
шараларды қаржыландыру

1. Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың
шекарасын белгiлеу кезiнде жүргiзiлетiн жерге орналастыру, жер кадастры
мен жер мониторингiн жүргiзу, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер
учаскелерiнiң паспорттарын жасау және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
шешiмi бойынша жүргiзiлетiн өзге де жұмыстар республикалық бюджет
қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2. Аудандардың, облыстық, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық
(селолық) округтердiң, кенттердiң, ауылдардың (селолардың) шекарасын
белгiлеу кезiнде жүргiзiлетiн жерге орналастыру, жердi аймақтарға бөлу,
ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi түрге ауыстыру, елдi
мекендердi жер-шаруашылық орналастыру және жергiлiктi атқарушы
органдардың шешiмi бойынша жүргiзiлетiн өзге де жұмыстар тиiстi
жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
3. Жер учаскелерiнiң жеке меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың
өтiнiштерi бойынша жерге орналастыру олардың қаражаты есебiнен жүзеге
асырылады 
Топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру мен сақтау және жердiң жағдайына
терiс антропогендiк әсердi жою жөнiндегi iс-шаралар
      Суармалы жерлердiң алаңдарын ұлғайту. Суармалы жерлердi, су
объектiлерін және су шаруашылығы құрылғыларын тиiмдi пайдалану мәселелерi,
суды пайдалануды экономикалық реттеу әдiстерi Қазақстан Республикасы
Президентiнiң 2002 жылғы 5 тамыздағы N 889 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан
Республикасының 2003-2005 жылдарға арналған Мемлекеттiк аграрлық азық-түлік
бағдарламасында және Қазақстан Республикасының Су кодексінде көрiнiс
тапқан.
      Тыңайған және бос жатқан жерлердi пайдалану. Бұл бағыт түгендеу,
топырақты зерттеу деректерiнiң негiзiнде сапасы жақсы тыңайған және бос
жатқан жерлердi ауыл шаруашылық айналымына тарту, сондай-ақ жалпы алаңы
5686,7 мың га оларды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды әзірлеу
жөнiндегi жұмыстарды қамтиды.
      Мал азықтық алқаптарды жақсарту. Қазақстан бойынша мал азықтық
алқаптарды жақсарту жөнiндегi жұмыстар мыналарды қамтиды:
      аумақтарды ұйымдастыру және шабындық пен жайылым айналымын енгiзу,
түсiмдiлiгi төмен шабындықтарды және жайылымдарды түбегейлi жақсарту,
сонымен қатар, суландыру құрылыстарын қайта жаңарту, шаруашылық
субъектiлерiнiң жайылымдық жерлерiн, әрi қарай пайдалануға арналған
резервтiк жерлердi суландыру жөнiндегi іс-шараларды әзiрлеу.
      Жерлердiң шөлейттенуi мен деградацияға ұшырау процестерін болдырмау
үшiн мыналар бойынша ұсыныстар дайындау болжанады:
      ландшафттық көзқарас негiзiнде табиғи және экологиялық аудандастыру;
      шөлейттену мен деградация процестерiне ұшыраған жерлерді анықтау және
оларды сапасы жағынан бағалау;
      жердiң шөлейттенуіне, жел және су эрозиясына қарсы күрес жөнiндегi iс-
шараларды әзiрлеу, тұзданған және сортаңданған жерлердi мелиорациялау,
аумақтарды ұйымдастыру жобаларының негiзiнде мал азықтық алқаптарды
жақсарту;
      химиялық және биологиялық әдiстердi оңтайлы қолдану кезiнде топырақ
құнарлылығының қалпына келуiн қамтамасыз ететiн топырақты қорғайтын
ауыспалы егiс пен жайылым айналымын игеру;
      егiстiк жерлердегі сортаңдаған дақтарды кетiру бойынша мелиоративтiк
жұмыстарды жүргiзу, дефляциялық қауiптi және эрозиялық қауiптi жерлерде
эрозияға қарсы iс-шараларды жүргiзу.
      Бүлiнген жерлердi консервациялау мен рекультивациялау жобаларын
орындау бойынша бақылау күшейтiледi.
      Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны мен Арал өңiрi бойынша
проблемаларды кешендi шешу Қазақстан ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ АШЫҚ КЕН
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру негіздерін айқын анықтау
Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдардың қалыптасуы мен даму тарихы
Жер ресурстарын мемлекеттік басқарудың түсінігі және жалпы мәселелері
Жер қатынастарын мемлекеттік реттеу органдарының жүйесі
Жерді құқықтық қорғау
Жер құқығы қатынастарының субъектілері
Қазақстан Республикасы жер заңдарының мiндеттерi
Ерекше қорғалатын аймақтардың түсінігі
Қазақстан Республикасының жер қоры
Пәндер