Қазақ тіліндегі кейбір жұрнақтардың сөз бен сөзді байланыстыруы


- Қазақ тіліндегі кейбір жұрнақтардың сөз бен сөзді байланыстыруы
Сөз бен сөздің синтетикалық тәсілдер арқылы байланысуы туралы сөз болғанда олардың тіліміздегі төрт жалғау арқылы жүзеге асатыны ғана айтылады. Ал қазақ тіліндегі өзге қосымшалардың сөз байланыстыруға қатысы жөнінде оқулықтарда да, ғылыми еңбектерде де аракідік жекелеген пікірлер ғана болмаса, айтылмайды. Біздіңше мұнда басы ашылмаған мәселелер баршылық. Олай дейтініміз тілдегі қосымшалардың топтастырылу принцптерінің өзінде де, олардың ара жігін ажырату мәселелерінде де қарама-қайшы пікірлер бар. Тіптен жұрнақ аталатын бірқатар аффикстердің сөз мағынасын толықтай өзгертпейтіндігі, олардың бір сөз табына тән грамматикалық қызметті анықтау үшін қолданылатындығы немесе сөздер арасындағы синтаксистік қатынастарды көрсететіндігі айтылады. Мәселенің басын толық аша түсу үшін қосымшалардың табиғатына әлі де болса үңіле түсу керек сияқты.
Қосымшалардың топтастырылу принцптеріне сүйенер болсақ орыс тілінің грамматикасында келесі анықтама беріледі: «Морфемы образующие формы слов, называются обыкновенно оканчаниями /или флексиями/, если эти морфемы выражают синтаксические отношения . . . Принято считать специально суффиксами морфемы образующие новые слова . . . В отличие от слов - обарзующих суффиксов, суфиксы, образующие формы слов, называются формаобразующими» [19. 17] . Жалпы қазақ тілінің көптеген зерттеу еңбектерінде де сәйкес принцптер негізге алынып отырады.
Қазақ тілінің морфологиясына арналған алғашқы оқулықтардың бірінде тіліміздегі жұрнақтар туралы: «Өзінің жалғанған сөзінен жаңа мағыналы сөз тудыратын жұрнақ сөз тудырушы жұрнақ деп аталады . . . Жалғанған сөзінің негізгі мағынасын өзгертпей, оған тек сәл ғана үстеме мағына беретін жұрнақ сөз түрлендіруші жұрнақ деп аталады» [37. 65-57], - деген анықтама береді.
Қазақ тілінің морфологиялық құрылымын зерттеген А. Ысқақов қазақ тіліндегі қосымша морфемала туралы: «Қосымша морфемалар өз ішінде жұрнақтар, жалғаулар және қосалқы сөздер деген үш топқа бөлінеді. Бұл қосымшалардың жұрнақтар деп аталатын түрі жалаң сөздерді жасау үшін қолданылады да, қосалқы деп аталатын түрі сөз тіркестері мен құранды сөздерді жасау үшін қолданылады» [26. 25. ], - деген пікір білдіреді. Ал тіліміздегі жұрнақтарды ғалым өз ішінде «сөзден сөз тудыратын және сөзден форма тудыратын» қосымшалар деп екіге жіктейді. Мұндағы сөз тудыратын жұрнақтар өзі қосылған сөздерге жаңа мағына үстейтіндігі мәлім, ал форма тудырушы жұрнақтарға еңбекте: « . . . форма тудыруатын жұрнақтар өзі қосылып айтылған сөзің белгілі бір сөз табына тән грамматикалық қызметін анықтау үшін қолданылатындықтан, функционалды-грамматикалық категория қатарына жатады» [26. 28. ], - деген анықтама береді. Ғалымның дәлелдемесі бойынша форма тудыратын жұрнақтар өздерінің мағыналары мен қызметтері жағынан сөз тудыратын жұрнақтар мен жалғаулардың арасындағы, екуінің де ерекшеліктері бар категориялар. Еңбекте олардың қатарына етістіктің есімше, көсемше, болымсыздық, рай категориялары және сын есімнің шырайлары жатқызылады.
Тіліміздегі қосымшалардың ара жгін ажырату, олардың топтастырылу мәселелерін зерттеген ғалым Ы. Е. Маманов қазақ тіліндегі аффикс жалғанған сөздер не тілдің сөздік құрамына енетін туынды түбір сөз, яғни лексикалық бүтін, не белгілі бір сөз табына тән грамматикалық форма қалыптасатындығын айтады. Ғалым тілдіміздегі фактілерге сүйене отырып, жалпы түркі тілерінде сөз түрлендіруші және форма тудырушы қосымшалар деп аталып жүрген аффикстердің арасында грамматикалық қызметі жағынан айтарлықтай айырмашылық жоқ екендігін дәлелдейді. Сондай-ақ қазақ тілнде не туынды түбір сөзге, не грамматикалық формаға жатпайтын, екеуінің арасындағы аралық категория болып саналатын сөздер де, ондай аралық категорияны білдіру үшін жүйелі түрде қолданылатын арнайы қосымшалар да жоқ деп санайды және « . . . , қазақ тіліндегі қосымшалады тілдік материалдарға сәйкес, сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарау арқылы ғана сөздің морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс таңуға болады» [6. 48], - дейді.
Ы. Е. Маманов өзі көрсеткен сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшалардың ара жігін ажыратуда аталған топтардың бір-бірінен айырмасы ретінде олардың сөз мағынасын өзгерту, өзгертпеуі толық критерий бола алмайды. Сондықтан да форма тудырушы қосымшаларды сөз тудырушы қосымшалардан айырудың екінші бір басты белгісі - оның грамматикалық абстракция жасау қабілетіне сүйену керек екенін айтады. Өз еңбектерінде зертеуші сөз тудырушы және грамматикалық форма тудырушы қосымшалардың негізгі сипаттарын, оларды ажыратуға негіз болатын критерилерді де атап көрсетеді.
«1. Сөз тудырушы қосымшалардың сипаттары:
- жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгертіп, жаңа маағыналы сөзге айналдырады;
- туынды түбір сөздерге ұйытқы бола алатын сөздерге ғана тікелей жалғанады; бір сөз табын екінші сөз табына айналдыруы да, айналдырмауы да мүшкін;
- типтес сөздер жасайды, абстракцияланған грамматикалық форма жасай алмайды;
- реестр сөздер қатарына еніп, екі тілдік және түсіндірмелі сөздіктерге енеді.
2. Грамматикалық форма тудырушы қосымшалардың сипаттары:
- жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын жоймай, сол сөзге грамматикалық мағына үстейді де, граматикалық форма тудырады;
- жалғанған сөзін екінші сөз табына айналдырмайды;
- бір сөз табына, немесе бір сөз табының бір категориялық тобына түгел жалғанады;
- грамматикалық абстракция жасайды;
- грамматикалық форма реестр сөздер қатарында сөздіктерге енбейді.
- Бір сөзге неше грамматикалық форма тудырушы қосымша жалғанса, сонша грамматикалық мағына пайда болады да, олар сақталады». [58. 75. ]
Сондай-ақ ғалым өз еңбектерінде форма тудырушы қосымшаларға: «Форма тудырушы қосымшалардың басты белгісінің бірі - ол жалғанған сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, грамматикалық мағына үстейді, яғни бір сөз табына тән грамматикалық формасын тудырады» [30. 49], - деген анықтама береді. Зерттеуші өзі көрсеткен форма тудыршы қосымшалардың қатарына тіліміздегі төрт жалғаумен бірге сын есімнің шырай формаларын, етістіктің есімше, көсемше, рай категорияларының көрсеткіштерін де жатқызады. Сонымен бірге қазақ тіліндегі етіс жұрнақтары (-ын/-ін; -ыл/іл; -т; -ғыз/-гіз; -қыз/-кіз; -ыс/-іс), етістіктің түбіріне жалғанатын -ыңқыра/-іңкіре қосымшасы, -лық/-лік, -дық/-дік, -тық/-тік; -дай/-дей, -тай/-тей; -ша/-ше; -сыз/-сіз қосымшалары туралы түркологияда айтылған пікірлерді саралай келіп, олар туралы: «Жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгертпей, тек грамматикалық мағына үстейтін, сонымен қатар аз ғана сөздің құрамында қалып қоймай, бір сөз табына немесе бірнеше сөз табына жаппай жалғанып, грамматикалық абстракция жасайтын қосымшаларды форма тудырушы қосымшаға жатқызу түркі тіліндегі түбір сөздер мен сөздің грамматикалық формаларының ара жігін ажырату үшін ең ұтымды метод. Жоғарыда аталған қосымшалардың қызметі форма тудырушы қосымшаларға қойылатын шарттарға тура келеді» [6. 52], - деген пікір айтады.
Ы. Е. Маманов өзінің «Қосымшалардың топтастырылу принцптері» аталатын мақаласында тіліміздегі кейбір жалғауларға қарағанда етістіктің есімше, көсемше, рай, қимыл есімі қосымшаларының сөз бен сөзді байланыстыру қабілеті әлдеқайда басым екендігін дәлелдейді. Тіптен түбір тұлғалы етістіктер форма тудырушы қосымшалармен түрленгенде ғана басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсіп, сөйлем мүшесінің қызметін атқара алады дейді. « . . . сөздердің құрамындағы форма тудырушы қосымшаларды алып тастаса, сөз арасындағы байланыс үзіліп, сөйлем құрылысы бұзылады. Демек, етістіктің форма тудырушы қосымшалары сөз бен сөз арасын байланыстырып, синтаксистік қатынасқа түседі». [53. 78]
Қазақ тіліндегі -лық/-лік, -дық/-дік, -тық/-тік, -дай/-дей, -тай/-тей, -ша/-ше, -сыз/-сіз, -ғы/-гі, -қы/-кі, -шы/-ші қосымшаларын функциялық қосымшалар ретінде қарастырған.
Ы. Е. Мамановтың қосымшаларды топтастыру принцптерін С. М. Исаев та қолдайды, ол қосымшалардың бірінші қасиеті олардың білдіретін және беретін мағынасы да, ал екінші қасиеті сол мағына арқылы атқаратын қызметі екендігін дәлелдейді. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда Ы. Е. Мамановтың пікірінің дұрыстығын растай отырып, қазақ тіліндегі аффикстерді сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшалар деп бөледі.
«Сонымен қосымшаларды ең алдымен семантикалық сипатына қарап сөз тудырушы қосымшалар және форма тудырушы қосымшалар деп бөлген орынды . . .
Форма тудырушы қосымшалардың барлығы да өзі жалғанған сөзге (түбірге) грамматикалық (лексика-грамматикалық) мағына үстеумен бірге оның бір тобы сөйлемде сөз бен сөзді байланыстырып отырса, кейбірінде ондай қасиет болмайды». [61. 48]
С. М. Исаев форма тудырушы қосымшаларды жалғаулар мен жұрнақтарға ажырата отырып, форма тудырушы жұрнақтардың өзі жалғанған сөзге грамматикалық мағына үстеп, белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының тұлғалық көрсеткіші болғанмен, олардың грамматикалық сипаты, парадигмалық түрлену жүйесі, түбірге жалғану аясы біркелкі еместігін алға тартады. Сондықтан да олардың бір тобы сөз мағынасын өзгерту қабілеті тұрғысынан сөз тудырушы жұрнақтарға жақын болады да, бір тобы жалғауларға жақын болады дейді. Мұндағы форма тудырушы жұрнақтардың алғашқысын модификациялық немесе лексика-грамматикалық жұрнақтар деп атап, оларға зат есімнің реңдік мәнді жұрнақтарын, реттік сан есім жұрнақтарын, сын есімнің шырай жұрнақтарын, етіс жұрнақтарын, күшейтпелі және болымсыз етістік жұрнақтарын жатқызады. Ал форма тудырушы жұрнақтардың екінші тобына етістіктің есімше, көсемше, рай, шақ жұрнақтарын және көптік жалғауын жатқыза отырып, оларды грамматикалық жұрнақтар немесе категориялық жұрнақтар деп атайды [61. 105] .
Аффикстердің тілде алтын орнын терең зерттеген ғалымдардың бірі - Н. Оралбаева. Ол қосымшалардың мағынасының кеңейуін көне жазба ескерткіштер тілімен салаластыра зертей отырып, оларды жұрнақ және жалғау деп екі топқа бөліп қарастырады. Ал жұрнақтарды А. Ысқақовтың ізімен сөз тудырушы және сөз түрлендіруші деп екі топқа жіктейді. Сөз түрлендіруші жұрнақтар туралы: «Сөз түрлендіруші жұрнақтар көбіне белгілі бір грамматикалық категорияның көрсеткіші болады, сол категорияның грамматикалық мағынасын береді» [59. 81], - деген пікір айтады және олардың қатарына етістіктің есімше, көсемше, болымсыздық, жедел өткен шақ тұлғаларын жатқызады. Сондай-ақ өтініш мәніндегі -шы/-ші қосымшасын ғалым сөз түрлендіруші жұрнақтар қатарында қарастырса, «етіс жұрнағы сөз тудырушы жұрнаққа жатады» [59. 83], - дейді.
Тілімізде сөз түрлендіруші жұрнақ немесе грамматикалық форма тудырушы қосымша, т. б. аталып жүрген аффикстердің қасиеттерін анықтауда ғалымдар түрлі тілдік негіздемелерге сүйенеді. Өз кезегінде Н. Оралбаева олардың қызметі туралы: «Сөз түрлендіруші жұрнақ қызметі жағынан жалғауға жақын, бұлардың екеуі де категориялық көрсеткіштер, сондықтан екеуінің де лексикалық мағынаны өзгертетін, сөз жасайтын жұрнақтан кейін тұруы бір заңдылыққа жатады» [59. 83], - дейді.
Жалпы тіл біліміндегі грамматикалық форма мағынасын саралай отырып, Т. Ерғалиев грамматикалық формалардың грамматикалық категорияны білдіретін сыртқы көрсеткіш ретінде, сондай-ақ біртекті белгілердің жинағы мәнін де қолданылатынын айтады. «Формалар қазақ тілінде әртүрлі. Олардың ең негізгі түрі - аффикстер. Барлық аффикстер сөз тудырушы және форма тудырушы болып екіге бөлінеді. Мұның біріншісіне жалғаулар мен сөз түрлендіруші жұрнақтар жатады да, олар абстракцияланған өзгерінді сөздің формасы болып табылады, екіншісі лексикаға тән сөз тудырушы жұрнақтар болып келеді». [60. 13]
Сонымен, зерттеуші сөз құрлымдағы қосымшаларды екі топқа бөледі. Олардың бірінші тобына сөздің жасалған тұлғасы бойынша құрылысын көрсететін сөз тудырушы жұрнақтар жатады делінес, екінші тобына сөздің өзгерген немесе түрленген күйін көрсететін жалғаулар және сөз түрлендіруші жұрнақтар жатады дейді.
Өзге де зерттеушілер сияқты қазақ тіліндегі қосымшаларды жұрнақ және жалғау деп екіге ажыратқан ғалым оларды қызметіне қарай синтаксистік және синтаксистік емес деп те аталатындығын айтады. «Синтаксистік қосымшалар дегеніміз сөз бен сөздің арасын байланыстыруға жұмсалатын қосымшалар. Синтаксистік емес қосымшалар сөз арасын байланыстыруға жұмсалмайды, тек жаңадан сөз тудыру үшін не сөзге үстеме мағына беру үшін қолданылады; синтаксистік қосымшаларға, қазақ тілі грамматикасының терминімен алғанда, жалғаулар және жұрнақтардың да кейбір түрлері жатады» [60. 21] . Автордың дәлелдемесі бойынша «синтаксистік қосымшалар» қатарына жататын жұрнақтар: көсемше, есімше жұрнақтары, рай, шақ жұрнақтары және сын есімнің шырай жұрнақтары.
Етістіктің етіс категорияларын ғалым «екі аралық қосымша» деп қарастырады, яғни олар көбінесе жаңа ұғымды сөз тудырумен қатар, сөз бен сөздің арасындағы синтаксистік қатынасты көрсетуде де елеулі қызмет атқарады.
Қазақ тілінде форма тудырушы немесе сөз түрлендіруші жұрнақтар аталып жүрген қосымшалардың өзін Т. Ерғалиев екі топқа бөледі және олардың бұлайша бөлінуін олардың өзге сөздермен синтаксистік қатынасқа түсуіне сүйене отырып жасайды. Бірінші топтағы форма тудырушы жұрнақтар қатарына етістіктің есімше, көсемше, шақ, рай категорияларының аффикстерін жатқызады да, олардың белгілі бір сөз табының өз ішіндегі ерекше түрін көрсетіп, синтаксистік қарым-қатынаста кең рөл атқаратынын айтады. Ал форма тудырушы қосымшалардың екінші тобына сын есімнің шырай жұрнақтарын және сан есімнің әр алуан түрін тудыратын жұрнақтарды жатқызады. «Бұлардың қызметі форма тудыруда басым болады да, синтаксистік қызметі біркелкі және жүйелі болмайды . . . » [60. 26], - дейді.
Қазақ тіліндегі қосымшалардың ара жігін ажырату мәселелерінде өзіндік пікір білдіруші ғалымдардың бірі - Е. Шаяхметов. Ол аффикстерді мағыналарына және қызметтеріне қарай талдап, оларды осы тұрғыдан қарастыра келіп, қазақ тіліндегі қосымшаларды сөз тудырушы және форма тудырушы деп екіге бөледі. Мұндағы берілген топтардың өзіндік ерекшеліктерін көрсете отырып форма тудырушы аффикстерге: «Туынды сөзге ұйытқы болған негіздің әуелгі мағынасынан қашықтамайтын үстеме түрлендірулер ғана енгізеді . . . , форма тудырушы аффикстер қосылған түбір мен негіз бір сөз табы категориясынан екіншіге ауыспайды. Форма тудырушылардың көмегімен пайда болған туындылар лексикалық бүтін ретінде сөздікте берілмейді, берілген күнде де реестірлік қатарды бастамайды. Форма тудырушылардың қолданылу аясы кең, олар бір грамматиаклық категорияға немесе топқа түгел қызмет етіп, грамматикалық абстракция жасайды» [55. 186], - деген түсіндірме жасайды.
Сондай-ақ ғалам форма тудырушы қосымшалардың қатарында, Ы. Е. Мамановтың ізімен сын есім немесе үстеу тудырады деп аталып жүрген -лық/-лік, -дық/-дік, -тық/-тік, -дай/-дей, -тай/-тей, -ша/-ше, -сыз/-сіз, -лы/-лі, -ды/-ді, -ты/-ті, -ғы/-гі, -қы/-кі жұрнақтарын белгілі бір жағдайларда форма тудырады, яғни бұл қосымшалар қос функциялы деп санайды. Алайда зертеуші бұл аталған жұрнақтарды тек морфологиялық тұрғыдан ғана қарастырып, форма тудырушы қосымшалардың қатарына қосады. Еңбектерде олардың синтаксистік қызметтері туралы айтылмайды.
Қазақ тілінің сөзжасам мәселелерін зерттеген З. Бейсенбаева: « . . . туынды сөздерді сөзжасамдық мағынасына қарай: лексикалық бүтіндер және сөздің грамматикалық формалары деп бөлуге болады. Лексикалық бүтіндер жаңа ұғымдарды атау қажеттілігінен туындап жатса, сөздің грамматикалық формалары ойды беру, сөздің бір-бірімен синтаксистік қатынасқа түсу нәтижесінде пайда болып жатады» [49. 31], - деген пікір білдіріп, Ы. Е. Маманов, С. М. Исаевтардың пікірлерін қолдайды. Қосымшаларды сөзжасамдақ тұрғыдан қарастырған ғалым бұл аталған топтарты сөзжасам және сөзтүрлем қосымшалары деп атауды жөн санайды.
Тіліміздегі аффикстерді бөліп жіктеуде сөз тудырыушы қосымшалар ғылыми еңбектерде біршама жүйелі түрде берілген, ал форма тудырушы немесе сөз түрлендіруші қосымшалар аталып жүрген аффикстерді топтастыру былай тұрсын, оларды атаудың өзінде бірізді пікірлер жоқ. Өйткені форма тудырушы қосымшалар деп бір еңбектерде белгілі бір сөз табының категориалық көрсеткіштенрін, яғни етістіктің, сын есімнің категорияларын, көрсетсе, енді бір еңбектерде оларды сөз түрлендіруші жұрнақтар деп атайды. Керісінше ендігі біреулерінде сөз түрлендіруші деп жалғауларды көрсетеді. Әрине біз үшін мәселе қазақ тіліндегі қосымшалардың қалай аталуында болып отырған жоқ, олардың қалай топтастырылуында және синтаксистік қызметтерінде болып отыр. Жалпы сөз түрлендіруші немесе форма тудырушы қосымшалардың бұлайша алмастырылып аталуының өзі аталмыш аффиксиердің грамматикалық қасиеттерінде де, синтаксистік қызметтерінде де ортақ ұқсастық бар екенін дәлелдей түссе керек.
З. Бейсенбаева өзі атап көрсеткен сөзжасам және сөзтүрлем қосымшалары туралы, олардың ара жігін ажыратуда келесі тұжырымдарды ұсынады: «Сөзжасам мен сөзтүрлем өзіне тән ерекшелігі, даму заңдылығы бар екі түрлі құбылыс. Олардың негізгі айырмашылығы біреуінің жаңа сөз жасауында, екіншісінің сөз тұлғасын жасауында. Сөзжасам сөздің тілде пайда болуы, сөзтүрлем сөздің қолданысқа түсуі, белгілі бір қызмет атқаруы. Бұл екі процестің ара жігін ажырату оңай емес. Мысалы, -лық қосымшасы сөз жасайды, сөз түрлендіреді: қырықтық - жаңа мағыналы сөз, ал балалық десек, сөздің бастапқы мағынасы мүлдем өзгерген жоқ. Сонда бұлардың арасын қалай ажыратуға болады дегенде, олардың лексикалық-грамматикалық айырмашылығына сүйенеміз. Лексикалық мағына жасалса - сөзжасамның нәтижесі, ал грамматикалық мағына жасалса - сөзтүрлемнің нәтижесі» [49. 53] .
Жалпы жоғарыда берілген қазақ тіліндегі аффикстердің жіктелуінде, оларды топтастыруда бір-бірінен ерекшеленетін екі бағыт бары байқалады. Оның біріншісі қосымшаларды жұрнақтарға және жалғауларға ажырата отырып, оларды сөз тудырушы, сөз түрлендіруші қосымшалар және осы екеуінің арасындағы, екеуінің де қасиеттері бар форма тудырушы қосымшалар деп бөлу болса, екінші бағыт қосымшаларды сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшаларға ажырата отырып, форма тудырушы қосымшаларды жалғау және жұрнақтарға топтастыру болып табылады.
Қалай болған күнде де тілімізде форма тудырушы қосымша аталып жүрген бірқатар аффикстердің сөз мағынасын өзгертпейтіндігі, өзі жалғанған сөзге белгілі бір дәрежеде грамматикалық мағына үстеп, синтаксистік қатынастарды көрсететіндігі, яғни сөз бен сөзді байланыстыратындығы айтылады. Бірақ осы форма тудырушы жұрнақтардың қатарына ғалымдардың бірқатары есімше, көсемше, рай, шақ, шырай котегорияларын жатқызса, енді біреулері бұларға сан есімнің топтарын, етіс жұрнақтарын да жатқызатынын байқаймыз. Ғалымдардың ендігі бір тобы сын есім, үстеу тудыратын жұрнақтарда да осы форма тудырушы қосымшалардың қасиеттері бар екендігін дәлелдейді.
Айтылғандарды жүйелей келгенде қосымшалардың өзге топтарынын гөрі форма тудырушы аталатын қосымшаларды топтастыруда ғалымдар арасында бірізді пікір жоқ. Ал олардың синтаксистік қызметі, сөз бен сөзді байланыстыру жөнінде тіптен айтылмайды деседе болады.
Өзге де түркі тілдерін зерттеген ғалымдардың еңбектерінен осыларға ұқсас пікірлерді байқауға болады. Мәселен, қырғыз тілінің грамматикасын зертеген Б. О. Оруазбаева осы тілдегі қосымшаларды сөз түрлендіруші, форма тудырушы және сөз тудырушы деп үш топқа бөледі. Автор сөз түрлендіруші қосымшалар қатарына септік, тәуелдік, көптік, жіктік жалғауларын жатқыза отырып, «бұлар грамматикалық абстракцияның ең жоғарғы түрі» [39. 8], - деп анықтайды. Ал форма тудырушы қосымшалар сөз түрлендіруші қосымшалар мен сөз тудырушы қосымшалардың ортасындағы аралық позициядағы қосымшалар деп түсіндіреді. Бұлардың қатарына есімше, көсемше, қимыл есімдері, етіс формалары мен сын есімнің шырай формаларының аффикстерін жатқызады.
Басқа да түркологиялық еңбектерден сәйкес пікірлерді байқауға болады. Олардың басым көпшілігі орыс тілінің үлгісімен тіл-тілдердегі қосымшаларды сөз түрлендіруші (словоизменение), сөз тудырушы (словообразование) және форма тудфырушы (формаобразование) деп үшке бөледі. Қалай болғанда да тіліміздегі бірқатар жұрнақтардың сөз мағынасын толығымен өзгертпейтіндігі, олардың сөздік құрамға бүтін бірліктер ретінде енбей, сөз түбіріне сөйлеу барысында сөйлеушінің сөз қолданысы мен еркіне сай қолданылатындығы, әрі олардың бір сөз табындағы, кейде бірнеше сөз табына жататын сөздерге түгелдей жалғанатындығы анық. Ендеше мұндай қосымшалардың синтаксистік қызметі қаншалық, сөз бен сөзді байланыстыруға қатысады ма, қатысса қаншалықты дәрежеде? Міне бұл әлі де болса зерттей түсуді қажет ететін мәселе.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz