ІЗГІЛІК ПЕН ІРІЛІК ИІРІМІ (Б. ШАЛАБАЕВ СӘБИТ МҰҚАНОВТЫҢ РОМАНДАРЫ ХАҚЫНДА)


ІЗГІЛІК ПЕН ІРІЛІК ИІРІМІ (Б. ШАЛАБАЕВ СӘБИТ МҰҚАНОВТЫҢ РОМАНДАРЫ ХАҚЫНДА) А. Т. Қажыбай
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Астана.
Белгібай Шалабаевтың сыншы ғалым ретіндегі еңбектерінің ішіндегі елеп, екшеуге тұрарлығы, сөз жоқ, көрнекті қаламгер Сәбит Мұқанов шығармашылығына қатысты десек қате бола қоймас. Өйткені ғалымның 1949 жылы жарық көрген «Қазақ Совет әдебиеті тарихының очерктері» кітабына енген Б. Шалабаевтың «Сәбит Мұқанов» атты толымды зерттеуі, «Сәбит Мұқановтың поэзиясы» («Қазақ ССР ҒА Хабаршысы» 1951, №2. - 152-163-б. ) атты зерттеу еңбегі, «Романы С. Муканова» (История казахского романа . - Алма-Ата: «Мектеп», 1975. - С. 208. ) атты көлемді еңбегі, «Путь С. Муканова - романиста» зерттеуі (Казахская литература (Советский период) - Алма-Ата: «Мектеп», 1965. - С. 235. ), «Ақын аға» мақаласы («Лениншіл жас», 1960, 13 ноябрь), «Жетекші ақын» мақаласы («Социалистік Қазақстан», 1960, 13 ноябрь) және т. б. зерттеулері ғалымның Сәбит Мұқановтың шығармашылығынан көз жазбай жіті қадағалап отырғандығын әрі терең зерделеу үстінде қаламгер табыстарын дөп басып тани алғандығын көреміз. Жоғарыда терімдей тізбелеп шыққан үлкенді-кішілі зерттеу еңбектерінде Б. Шалабаев жазушы шығармашылығын екі арнада қарастырады. Біріншісі С. Мұқанов поэзиясы да, екіншісі жазушының романдары. Осы екі арнада сөз өрбітер болсақ социалистік реализмді ту тұтынған Сәбиттің поэзиядағы алғашқы балаң поэзиясынан бастап «Сұлушаш», «Ақ аю» тәрізді көлемді де кесек роман, поэмаларына дейінгі өсу, толысу, кемелдену жолдарын сүзе зерделей сөз етеді. С. Мұқанов та басқа қалам қайраткерлері тәрізді туған әдебиет қойнауынан, оның бастау көзі - фольклорынан тәлім алды, орыс әдебиет үлгілерінен өнеге тапты. Әйтсе де жас Қазақ Совет әдебиеті деп аталатын әдебиетке батыл араласу үшін жаңа сапалық сипаттағы соны стиль, тың түр, озық идеяны ұстана отырып шығармашылық еңбек үстінде көп үйреніп, мол зерттеу қажет еді. Сәбең осы бағытта шығармашылықтың ләззаты азабын шеге отырып ілгерілей берді, ұмтыла түсті. Осы орайда ғалым дауылпаз ақын В. Маяковскийден көп үйреніп, өнегесіне өріс ашқандығын атап көрсетеді. Оған дейінгі Сәбит поэзиясындағы ауыл өмірі, жарлы-жалшылар тұрмысы, әйел теңсіздігі тәрізді ел елестері өз көрінісін алға тартады. Әсіресе сюжеттік қақтығыс, тартысқа құрылған оқиғалы поэмаларға ден қою қисындары ғалым қаламгердің өзіне сөз бере отырып дәлелдейді. «Мен, - дейді Сәбит, - өлеңге бала жасымнан талап еткенмен, жазушылық жұмысына сауаттанған күннен бастап поэма жазуға әуес болдым. Ішінде кейіпкерлері бар сюжетті шығарма сол кезде-ақ құмар затым еді. Бірақ шын мағынасында поэма жазу үшін маған төмендегі себептер бөгет болды:
1) Мен жаза бастаған кезде, ескі ертегілер болмаса, қазақтың жазба әдебиетінде поэма деген жоқтың қасы еді;
2) Орыс тілін өте кеш білгендіктен, орыстың ертелі-кешті сюжетті поэма жазған адамдарының шығармаларына көпке шейін тілім батпады;
3) Әдебиеттің теориясы, тарихымен кеш таныстым ( С. Мұқанов. Толық шығармалар жинағы, ІІ-том, Алматы, 1936, 5-6-б. ) .
Ғалым бұл орайда жазушының «Жұмаштың өлімі», «Шоқпыттың шаруасы», «Пионер», «Тұлпар жорығында», «Балбөпе» поэмаларын тілге тиек ете отырып бұларда «көркем шығармаға қойылатын шартты сақтамаған, идея, форма бірлігі жоқ, өлеңге айналған баяндама сияқты: факты көп, бейнелеу жоқ, дәлелмен беріледі» (Қазақ ССР ҒА Хабаршысы, 1951, №2. - 154-б. ) деп орынды сынайды. Сөз жоқ, көрнекті қаламгер, С. Мұқанов осынау кемшіліктердің шеңберінде қалмай, ірі сілкініс, іргелі ізденістер үстінде жетілді. Ғалым бұл орайда «Сәбит «Ақ аюға» шейін араға «Батырақ», «Октябрь өткелдерін» салып әдебиетімізде де дастанның қалыптасып өркендеуіне өзінше үлес қосты» деп оң бағасын береді. Б. Шалабаев Сәбеңнің «Ақ аю» поэмасына ерекше ден қояды да шығарма құндылығын «өз заманы, өз дәуірі, өзімен тұстас адамдардың қаһармандығын» жырлағандығын бөле-жара айтады. Өз ойын одан әрі сабақтаған ғалым: «поэманың идеясы өте түсінікті: егер табиғат адам үшін жаралған болса, оның қожасы совет азаматтары. Олардың бармайтын жері, аспайтын белі, бағындырмайтын нәрсесі болуға тиіс емес. Осы идея поэманы түгелдей кеулеп, барлық тарауда дәлелденіп негізгі арқау боп отырады» деп тұжырымдайды. Бұл зерттеудің 1951 жылы жазылғандығын ескерсек, ғалым тұжырымының Сәбеңнің поэмасы тәрізді коммунистік идеясының қасаң аясынан табылып жататындығына әсте таңданыс білдірмесек керек. Б. Шалабаев Сәбиттің кесек поэмалары мен бірге шағын саяси лирикаларына да назар аударып тың идея, мазмұнмен байыған поэзияның бұл түрі жаңа сапалы жанрға айналғандығына назар аударады.
Шынында да Сәбит поэзиясы да сол тұстағы көптеген қазақ ақындарына ортақ социалистік құрылыстың пафосын жоғары екпін, тың тебіреніс үстінде толғайды. Бұл орайда Сәбеңнің саяси лирикалары бір оқшау тұр. Әлеуметтік мәні өз кезінде жоғары сипатқа ие болған «Қызыл ерлерге», «Советтің ұлы», «Жас жігер», «Майға сәлем» тәрізді көптеген сюжетті өлеңдері Сәбитті әдебиетіміздегі саяси лириканы өркендетушілер қатарына қапысыз қосқан болатын. Ғалым сол тұстағы ақын поэзиясының тақырыптарын ішінара үшке бөліп қарастырады. Олар: советтік отаншылдық, халықтар достығы, компартияның жетекшілік ролі, орыс халқының ағалық көмегі болып бір арна құраса, екіншісі қазақ әйелдерінің теңдікке қол жеткізген салтанатты сәті, күңдікке қарсы күресі тақырыбына топтастырылған «Албасты», «8 март», «Әжеме», «Еңбекші әйел еңбектен» тәрізді өлеңдерін қосуға болады. Бақытты шара тұрмысы, техникамен жарақтанған бүгінгі дала бейнесі де әдебиетші зерттеуінде бір арна құрайды. Ғалым 1937 жылы жазылған «Колхозды ауыл осындай» толғауын мысалға ала отырып, ақынның:
«Қайыңдар күмістің сом бақанындай,
Жиі терек әскердің қатарындай.
Бұтақтар жапырағы сылдыраған
Өзбектің батсайы шапанындай», - деген суреттеу шеберлігін алға тартады.
Б. Шалабаев С. Мұқановтың поэзиядағы жолының сәттілігімен қатар ағаттықтарын көрсетуде де шынайылықтан шырай беріп отырады. Ол «аттың жалында, түйенің қомында» жазылған, асығыс жазылған, ойлануы, толғануы жетпеген, түзетілмеген шығармалар жоқ емес. Бұл салақтық, әсіресе оның ақындығының алғашқы дәуірінде айқын сезілетін (Қазақ ССР ҒА Хабаршысы, 1951, №2. - 157-б. ), дейді. Жоғарыда С. Мұқановтың поэзиясындағы эстетикалық көзқарасының қалыптасуына, өлеңдеріне жаңа ажар, соны түр әкелуіне В. Маяковскийдің ықпалы зор болғандығын айтып едік. Осы орайда Б. Шалабаевтың мына құнды пікірін ойға оралту еш артықтық етпейді. «Сәбиттің Маяковскийден үлгі тағылым алу процесінде белгілі бір баспалдақ болғаны сөзсіз. Ол алдымен Маяковский поэзиясының жаңалығына қызықты, қазақ өлеңінде бұрыннан бар бунақты буынға бөліп, өлеңдік жолдың санын көбейтті. Біріншіден, бұрынғы 7-8 буынды ерікті ұйқасты, ол жаңа мазмұнға сәйкестеді, екіншіден, ескі өлең ұйқасын батыл өзгерту тәсілін он бір буынды өлеңге де кең қолданды. Мұның бәрі бір жағынан еліктеу болса, екіншіден үздіксіз талпыну, іздену еді. Маяковскийдің көшірмесіне ұқсамай, өзіндік ақындық ерекшелігін көрсету болатын» (Қазақ ССР ҒА Хабаршысы, 1951, №2. - 154-б. ) . Сәбеңнің өзі де В. Маяковскийді ұстаз әрі жаңашыл ақын ретінде шүбәсіз қабылдағаны, «Дружба народов» альманағында (1950, №2. - 148-б. ) : «Маяковский был величайшим новатором в области поэтического языка. Я не знаю другого поэта, который с такой полнотой использовал бы все языковые богатство своего народа», - деп те жазғаны мәлім. «Әрине, Сәбит бұрынғы-соңғы ұлы ақындарға еліктеп, үнемі соларды қайталаған орташа талант емес, өз заманы, өз ғасыры, өз дәуіріне бар әлінше үн қосқан ақын» - деген Б. Шалабаевтың аталы пікірімен ақын Сәбит жайлы тұжырым жасасақ жөн болмақ.
Белгібай Шалабаевтың Сәбит шығармашылығын зерттеудегі үздік еңбегі деп ғалымның «С. Мұқановтың романдарын» (Қазақ романының тууы мен қалыптасуы. - Алматы: «Жазушы», 1990. - 312 б. ) атап айтуға болады. Бұл зерттеудің басты құндылығы біздіңше, ғалымның жазушының 1931 жылы «Адасқандар» болып жарық көрген романының өңделіп барып 1959 жылы жарық көрген «Мөлдір махаббатын», 1938 жылы жарық көрген «Жұмбақ жалаудың» 1946 жылы қайта өңделіп шыққан «Ботагөзін», «Балуан Шолақ» және «Сырдария» романдарының жаңарып шыққан нұсқаларын салыстыра отырып өріп бере алғандығы деу керек. Өйткені алғаш жарық көргенде өткір сөз болып, елеулі сынға ұшыраған бұл романдардың қай-қайсысы болсын автордың проза саласындағы ізденістер үстінде жіберіп алған кемшін тұстары болатын. С. Мұқановтың алғаш жарық көрген романы «Сұлушаш» болатын. Әуелден-ақ сюжетті өлең жазуға икемділігі «Сұлушашты» жазу үстінде Сәбеңнің алымдылығы мен қарымдылығын аңдатып тастады. Көне аңыз кейіпкерлерін бүгінгіге алып келіп суреттеуде автор ауыз әдебиетіне қызығушылығы емес, керісінше ғалым оң аңғарандай «Бүгінгі өмір жайлы ой түйіндеуге, халықтың жарқын да бақытты өмірге дамылсыз ұмтылуын түсінуге, қазақ даласында тап күресінің шиеленсуінің тарихи себептерін танып-білуге жәрдемдеседі» (С. Мұқанов романдары, 179 б. ) . Сұлушаш пен Алтай арасындағы сүйіспеншілік бірден бай әке Тілеубердінің қарсылығына тап келеді. Қу кедей Алтайға Сұлушашты қиғысы жоқ. Автор осынау қақтығыстар арқылы оқиғаны ушықтыра шиеленістіріп, шиыршық атқан трагедиялық халге жеткізеді. Өртте қалған Сұлушаш суға құлап өлсе, Алтай өзіне қанжар сілтейді. Өлерінде ол:
«Дүниеге мендей талай тентек келер, Адам өлер, көш көшер, өсер, өнер.
Бұл күнде байлар ғана иеленсе,
Бір кезде құл ие боп сүтіңді емер», - деп толғанада, ой көзін ертеңіне қадайды.
«Сұлушаш» романының «Кілт» атты кіріспесінде-ақ өз позициясын айқындап, «Жалғанда табынатын тәңірім - табым, Табы жоқта «тәңірі» жоқ - күні жарым» - деген Сәбең теңсіздік құрбанына айналған қос ғашыққа поэзия тілінде ғажап ескерткіш соққаны дау тудырмайды. Өйткені ғалым сөзімен айтсақ: «Сұлушаш» романы тек Сәбиттің творчествосы үшін ғана емес, жиырмасыншы жылдардағы бүкіл қазақ әдебиеті үшін маңызды роль атқарды. Сәбиттің прозамен жазылған сәтті романы «Мөлдір махаббат» еді. Алғашқы нұсқасы «Адасқандар» деген атпен 1931 жылы Қызылордада басылып шыққан. Автор 1959 жылы идеялық көркемдік тұрғыдан өңдеп «Мөлдір махаббат» деген атпен қайра жарыққа шығарды. Соңғы нұсқада басты кейіпкер Бүркіт бейнесі барынша сомдалып, кесек тартып толысып шыққан. Ол әкесінің жауыздық әрекеттеріне түбегейлі қарсы шыққан күрескер, күрт мінезді, барынша табанды тұлға Бүркіт қилы қақтығыс, алуан мінезділермен бетпе бет үстінде өзінің эгоистік пиғылынан арылып, көпшіл коллективтік мінезге ойыса бастайды. Ғалым Бүркіттің бойындағы эволюциялық өзгеріс «Адасқандарға» көрініс таппай еді деп орынды пайымдаған Бәтестің образы да соңғы нұсқада ажарланып, шырайлана түскен. Ғалымның бұл орайдағы «Сәбит Бәтесті басқа жазушылар жасаған қазақ қыздарының образын қайталамайды. Оның ішкі дүниесі де, мінезі де, тағдыры да өзгеше» деп жіті аңғарған. Романдағы тағы бір тағдыры қызық қазақ қызы бар. Ол - Әсия Бектасова. Ол Октябрьмен тағдырлас туған, өз басының теңдігі жолында күреске тайсалмай түсер тұлға тұрғысында суреттелген. Романның жаңа вариантындағы Еркін Ержанов та маңызды тұлға. Ол совет өкіметі қазақ даласына әкелген жаңалықты қостап қана қоймай, соны орнықтыру үшін күресетін дәрежеге жетеді. Б. Шалабаев романның екі нұсқасын салыстыра отырып алғашқысындағы әлсіз, кемшін тұстарды «Мөлдір махаббатта» толық игергендігін, қосымша бейнелер, оқиғалар қосып ширата түскендігіне назар аударады. «Роман өмір шындығы мен жоғары көркемдік қасиеттері арқасында оқушылар сүйіспеншілігіне бөленді» деп дұрыс байлам жасаған.
1938 жылы «Жұмбақ жалау», араға сегіз жыл салып «Ботагөз» деген атпен жарық көрген романның тағдыры да Сәбең үшін оңай болмағанға ұқсайды. Романның желісі 1912-1918 жылдар аралығындағы қазақ халқының басынан өткерген ірі тарихи оқиғалардан құралған. Автор бір-біріне жау әлеуметтік топтардың қақтығыстарын, халық тұрмысының суреттерін революциялық күресті кезеңдерді қамтыған. «Жұмбақ жалаудағы» Ботагөз орыс мектебінде оқитын кедейдің қызы. Әкесі өлгеннен соң ұста ағасы Балтабектің қолында. Омбы мұғалімдер семираниясының бұрынғы студенті Асқар Досанов пен Ботагөз арасындағы сүйіспеншілік оқиғасына Итбай килігеді. Жетім қызды тоқал еткен болыс Итбай қыздың нағашысы Амантайға қолқа салып Ботагөзді көндіруді өтінеді. Ол көнбейді. Шиеленіс ширығады. Асқар Кузнецовпен танысып, революциялық идеямен ауызданады. Ақыры 1916 жылғы Патша жарлығына қарсы көтеріліс болып Итбайдың басы қағылады.
«Ботагөз» романында ғалымның пайымдауынша автор «әлеуметтік мән беруге тырысқан». Романның алғашқы нұсқасында Асқар өз қамымен жүрген Ботагөзге деген сүйіспеншілігіне селкеу түспеген қалыпта болса «Ботагөзде» ол жаңалыққа құштар байсалды, білімді жас ретінде сипатталады. Асқардың іс-әрекеттерін кесектендіретін сүбелі оқиғалар енгізілген. Мәселен Асқардың жетім бала Сабитке қамқорлығы, «Айқап» журналына интернат ашу жөніндегі материал беруі тәрізді штрихтар оның образын кемелдендіре түседі. Ботагөз революцияға араласу үстінде қоғамның саяси әлеуметтік мәнін аңғарады. Өз бетінше жұмысқа кіріп, отбасын асырайды. Әйтсе де Итбай болыстың құрығы ұзын, бұл арада да тыныш өмір сүргізбейді. «Жұмбақ жалаудың» екінші бөлімі 6 тараудан тұрса, «Ботагөзде» «Толқындағы той» атты жетінші тарау қосылып, онда Темірбек пен Бүркітбайдың өлімі баяндалады. Ғалым жаңа нұсқаға енгізілген тарау аттарының оқиға мәнін ашар орамлымдылығын да орынды аңғарған. Б. Шалабаев Асқарды «Ленин ілімінің гуманизмі мен тарихи шындығын жан тәнімен қабылдаған, революцияның ең бір қиын-қыстау кезеңдерінде де одан айнымаған, рухы күшті, табанды, батыл күрескердің типі» деп бағаласа «Амантай Тойбағаров - бұрын әдебиетте болмаған соны, шыншыл характер» деп бағалайды. Ботагөздің де образы Сәбең сомдауында дараланып, бір оқшау шыққан. Ол сол тұстағы қазақ қыздарынан өзгеше. Қалада тұрып орысша оқиды, рухани мәдениеті бай орыс қыздарымен достасады. Орыс классиктерінің шығармаларынан нәр алады. Ол, ғалым сыншының атап көрсеткеніндей, «жаңа дәуірдің перзенті, оған ескі феодалдық-рулық құрылыстың салт-саналары мен қылықтары жат». Әлеуметтік теңсіздікті бастан кешіп өскен Ботагөз революция күндерінде жаңа өмір құрушылар қатарына қосылуы дәлелді де дәйекті. Оны Б. Шалабаев та дұрыс аңғарған. «Жұмбақ жалауда» Кузнецов бейнесі көмескі қалса «Ботагөзде» пролетарлық революцияға жетекшілік ететін еңселі тұлға дәрежесіне көтерілген.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz