Тәржіма тағылымы


Тәржіма тағылымы
Тәңірдің алқауымен ырзық болып бұйырған өнер атаулының кез келгенінен ләззатын сезу, мехнаты мол, хикметін арқалау бір рухани олжа іспетті. Әлімсақтан адамзат баласы руханият айдынының алуан ажарлы да базарлы алтын тіні - өнердің сан қырлы табиғатын, тылсым сырларын жете тануға ыждаҺатпен талпынып, ынтызарлықпен өз ізденісінде төтелей темірқазық ету арқылы игілікке, ізгілік пен жасампаздыққа ұмтылатыны аян. Ендеше адам болмысының рухани тегеріші өнер атты қасиетті ұғымның тілдің ұшынан, жүректің тұсына көшкенде ғана өзінің шын мағынасына ие болып, парасат-пайым мен іс-әрекетке бастайды.
Өресі заңғар өнер құдыреттің кемел бітімді бір пұшпағы - көркем аударма өнері дәл осындай салиқалы өнер түрлерінің қатарында. Адамзат тарихында әрбір ұлт, әрбір қоғам алмасу, ауысу, араласу нәтижесінде өмір ағымы алға жылжиды, өседі, өркендейді. Демек, өзінде жоқты өзгеден алады, білмейтінін үйренеді, білгенін басқаға үйретеді. Осындай ауысудың түпқазығы, тиянақты тірегі - аударма. Аударма - халықтың рухани қызметінің, мәдени өмір айнасы ондағы дәуір тынысының ілеспе шежіресі болумен қатар, тіл мәдениетінің жарқын көрінісінің айғағы. Көркем әдебиет аудармасы төл әдебиеттің егіз туған сыңары Һәм үйлесімді үндестіктің гармониялық дәнекері. Әдебиет тарихында бір халықтың еншісіндегі әдеби шығармалардың басқа тілге аударылып, сол елдің рухани қазынасын толықтырып жатуы - ертеден келе жатқан құбылыс. Асылы аударма өнері мен көркем әдебиет қатар жүріп, қатар дамығанда ғана бір-бірінің өсіп-өркендеуіне игі әсер ете алады. «Еш уақытта ешбір елдің әдебиеті, өнері томаға тұйық қалыпта, ұлттық шеңбердің ішінде ғана өсіп жетілген емес. Ана топырағында жаратылған өнер басқа жұрттардың озық, асыл қазыналарынан нәр алып, байығанда ғана өркен жаймақ» [1], - дейді көрнекті әдебиетші ғалым Р. Нұрғали. Осыған ұқсас пікірді ғалым Ш. Сәтбаева да айтады: «Қай халықтың болмасын өнер жағынан дамуында әдеби байланыстар сол ұлт әдебиетінің өркен жая өсуіне, оның әлеуметтік ықпалының күшеюіне септігін тигізіп, сөз өнерінде көрінген халықтың рухани қалпын, арман-мүддесін, өмір тарихын басқа халықтардың даму тарихымен ұштастыруға, сөйтіп олардың өзара бөлісуіне, бірін-бірі құрметтеп, достасуына дәнекер болады» [2] . Бұл келелі, құнды тұжырымдар ұшан-теңіз өмір ағысының барша процесін тоғыстыруға кілтипан болып отырған пәрменді күш - тәржіма маңыздылығын аңғартады.
Аударма жұмысының дәл өзі адамның шығармашылық ісі, рухани өнері. Ал аударманы зерттеу ісін, яғни оның теориясын аударма жұмысының нәтижелеріне, тәжірибелеріне сүйеніп жүргізетін, соларға иек сүйеп танитын ғылыми пән деп тануымыз керек. Ұлттар, халықтар мемлекеттер арасындағы рухани-мәдени, әлеуметтік, экономикалық-сауда қарым-қатынастарының ең қажетті құралы, дәнекер болған аударма жұмысы бұрын да зор рөл атқарған және қазір де солай. Халықтар, мемлекеттер арасындағы сан салалы қарым-қатынас кең өрістеген бүгінгі дәуірде аударма өнерінің маңызы ерекше артып отырғаны да белгілі. Шынтуайтында осыншама рөлі мен маңызы бар және өмір тынысының барлық жақтарын қамтитын іс-әрекеттің өзіндік теориялық негізі, ғылыми дәйек-тірегі болуға тиіс.
Түпнұсқадағы мазмұн мен форманың бірлігін бейнелеп беретін тіл құралдарын үнемі іздестіретін және оларды жеткізетін мүмкіндіктердің ішінен ең қажетті дегенін таңдап алатын аударма өнері соншама күрделі де қиын жұмыс. Осындай іздестіру мен таңдап алудың өзінде де үлкен шығармашылық сипат бар, олар ой-сананың белсенді қызмет етуін қажет етеді. Ал көркем әдебиет аудармасын, сондай-ақ жоғары шеберлік, нақышты тіл құралдары қолданылып жазылған көркем стильдегі ғылыми шығармалардың, анығын айтқанда қоғамдық саяси әдебиеттің аудармасын жасау көркемдік творчестволық міндетті шешумен парапар келеді, әдеби шеберлікті талап етеді. Сондықтан олар өнер деп саналады.
Аударма жайында сөз басталып, әңгіме арқауы ағытылса оның күрделі теориясы мен мол тәжірибесіне тоқталмай, айналып кету мүмкін емес. Бүгінде аударма өнерінің тұрақты терминіне айналған «аударма», «сөзбе-сөз» дегендер о баста ең алғаш рет Сәкен Сейфуллин қолданған сөздер екені біреуге мәлім болса, біреуге мәлім емес. Қазақ топырағында ертелі-кеш пайда болған бұл жанрдың алдынан түрлі дәуірдің талай алмағайып бұралаң-бұлтарысы, асу бермес өткелі мен шың құздары, ылдиы мен өрі, зұлматы мен ғибраты кездесті. Даулы, даусыз мәселелер көп болды әлі де көп. Тіпті бір кездері аударма теориясын не әдебиеттану ғылымына, не тіл біліміне тели алмай айтулы ғалымдардың таласып келуінің өзінде мол сыр жатыр.
Аударма өнері әлбетте - тіл өнері. Аударманың құрылыс материалы тіл құралдары, аудармашының іс-әрекеті сол тіл құралдарын орынды қолдану, онымен жұмыс істеу болғандықтан, аударма процесі лингвистикалық тұрғыдан, екі тілдің және олардың стилистикалық құралдары қарым-қатынасының сипаты жайындағы мәселесі зерттеуді қажет етеді.
Ал аударманы әдебиеттану тұрғысынан зерттегеннің өзінде тіл құбылыстарын талдау мен бағалау қажет. Өйткені түпнұсқаның мазмұны дербес, оқшау нәрсе емес, ол белгілі бір формада, мазмұн мен форманың үйлесімді көрініс бейнелейтін тіл элементтерінің бірлігінде тіршілік етеді және аудармада да тек тіл құралдарын жұмсау жолымен оқырманға, тыңдарманға жеткізіледі.
Осы орайда аударма теоретигі С. Талжанов аударма теориясы хақында тұңғыш теоретик, ғалым, ұлы жазушы М. Әуезовтің сөзімен ағынан жарылады: «Аударма теориясын жетелеп, жіктеп қарастырғанда, кейінгі кезде екі түрлі өзгеше бейім барлығы анықталды, бірі аударма тіл зерттеу ғылымының ауқымына енетін сала болғандықтан аударма ісінің мәнісін ұғына отырып бұл мәселені лингвистикалық әдіспен зерттеу жағына қарай тартады, екінші - біздіңше дұрыс бейім, аударманы сөз өнерінің бір түрі деп ұғынады да эстетикалық принциптерді көркемдік таразыны алғы талапқа қояды, сондықтан бұл бейім аударманы әдебиеттану теориясын зерттейтін объект деп қарайды» [3, 32] . Ірі аударма теоретигі, әдебиетші Ә. Сатыбалдиевтің де мына бір аталы пікірі жоғарыдағысымен іштей үндесіп жатыр: «Аударма дегеніміз біздің жағдайымызда тіл ұстартудың нағыз зертханасы. Қазақтың бар сөзі сол зертхана сарабынан өтіп жатыр»[4, 20-21] . Ондаған, жүздеген өкілінің әрқайсысы арнайы зерттеудің арқауы болып, сан қырымен көп сырымен ашылған сайын аударма теориясы айқындала, беки түсері сөзсіз. Өстіп терең тіл ғылымы мен өскелең әдебиеттану ғылымының салмақты саласы, жігерлі обьектісі - тәржіма өнерінің теориясы мен тәжірибесінің іргетасы қаланып, қалыптаса бастағанына ғасырдан астам уақыт та болып қалған екен. Бұл бізге кейіннен келген шығармашылық өнердің түрі. Әрине, ертеректе жасалған аудармалар назира жолымен жасалғанын естен шығармағанымыз жөн. Қазақ аудармасының тарихында да, бүгінгі тәжірибесінде де «тілдер аралық аударма», яғни бір тілден екінші тілге аудару өнері қалыптасқан.
Отандық аударма тарихына шегініс жасап, егжей-тегжейлі кідіріп өтсек, бұл дәстүрдің ХІХ ғасырға сүрлеу тартатынын аңғарамыз. Орысшадан қазақ тіліне аудару шеберлігін ілгерілетуде ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде қазақша мерзімді баспасөздің дүниеге келуімен тұспа-тұс дөп келіпті. 1870 жылы Ташкентте ұлттық мерзімді басылымдардың тұңғыш қарлығашы «Түркістан уалаятының газеті» шыға бастады. Ғылыми-танымдық, әдеби мақалаларды, ресми материалдарды орыс тілінен қазақшаға аударудың алғашқы үлгісін көрсетті. Газеттің «ресми емес» бөлімінде жарияланған материалдар аударма өнерінің дамуына үлкен септігін тигізді. 1888 жылдан 1902 жылға дейінгі мерзімде Омбыда «Акмолинские ведомости», соңыра «Степная газетаның» аудармасы қосымшасы болып шығып тұрған «Дала уалаятының газеті» аударма үрдісін кең арнаға салды. Сонымен бірге «Серке», «Қазақ» газеттерінде аударма материалдары үзбей жарияланып отырды. 1911 жылдан 1915 жылға дейін Троицк қаласында үздіксіз шығып тұрған баспасөз органдарының ең сүбелісі - «Айқап» журналы аударма ісінің жандануына өз үлесін қосты. Журнал бетінде әсіресе шығыс әдебиетінің классикалық аударма үлгілеріне мол орын берілді.
Қазақ әдебиетінде аударма жанрының негізін салушылар - Шоқан, Ыбырай, Абай екендігі еш талассыз жайт. Әйгілі орыс ғалымы Г. Н. Потаниннің кезінде көрегендікпен айтқан сөзі шындыққа айналды. Ол: «…болашақта қырғыз-қайсақ (қазақ) халқы екі тілде жазатын, яғни қазақша және орысша жазатын жазушыларды тудырады», - деген. Шамасы оның бұл пікірі есімдері ел есімінен кетпес саналы өмірлерін рухани кеңістігін қорғауға, әдебиетіміз бен тіліміздің өрістеп, өркендеуіне арнаған, халқымыздың болмыс бітімін, рухани қуатын дүйім дүниеге паш еткен тұңғыш ағартушылары - Шоқан, Ыбырай, Абайларға қаратыла айтылса керек.
Үлкен ғалым Н. И. Веселовскийдің: «Шоқан (Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов шығыстану көгіндегі аққан жұлдыз болды. Орыс ориенталистері оның ғажап құбылыс екенін бір ауыздан айтып еді, түркі халықтарының небір ұлы жаңалықтарын ашатынын тосып еді», - деп жазғаны тегін емес-ті. Шоқанның кім екенін білген, естіген зиялылар оның әлемге мәшҺүр боларына сенген-ді. Олар қателескен жоқ! Өзінің қысқа небары отыз жыл ғұмырында Шоқанның шығыстанушы, тарихшы, этнограф, фольклоршы, географ, суретші әрі аудармашы ретіндегі тамаша тың туындылары қазақ тарихына мәңгі-бақи құнды мұра болып қосылды. Кезінде Петербург пен Мәскеу, Омбы архивтерінен еркін «сөйлетіп» үлгерген әйгілі ғұламамыз Әлкей Марғұланның қажыр-қайраты арқасында 1984 жылы Алматыда Шоқан шығармаларының бес томдық жинағы жарық көрді. Соларды ақтара отырып Шоқанның аудармашылық қырына көз жеткізіп, тәнті боламыз. Потаниннің естелігіне жүгінсек, Шоқан әуелі Құсмұрында қазақ мектебінде оқып, арабша хат таниды. Дәстүр бойынша «жеті жұрттың тілін білуге» тиісті хан баласы Шығыс тілдерінен араб, шағатай тілін жақсы үйренген, кейінірек Орта Азияның түркі тілдерін меңгерген. Орыс досы, ғалым Н. М. Ядринцевтің: «Шоқан араб өлеңдерін жақсы көруші еді. Соларды оқып, Костылецкий екеуі таң-тамаша қалып, шаттыққа бөленетін», - дейтіні содан. Қазақтың бай ауыз әдебиетінің асыл мұраларымен іштей табысқан Шоқан көбін хатқа түсіріп, қазақ, орыс тілдерінде мазмұндап береді. Қазақтың халық поэзиясын жасаушы, орындаушы ақын, жырауларды Шоқан Батыстың рапсод, бардтармен орыстың баяндарымен салыстырады. Қобызбен домбырасын арқалап жүріп, суырып салып өлең айтатын Оғыз-қыпшақ заманынан келе жатқан дәстүр бойынша қазақ ақындарының өлеңді суырып салатын импровизаторлық өнерін ол аса жоғары бағалады. Ондайдың бір ұшығы бәдәуилерде кездесетінін айтады. Орынбай, Шөже, Арыстанбай, Тоғжан, Кемпірбай, Жанақ дәстүріне қанық Шоқан: «Кіші Бұхараның аударма әдебиеті қаншалықты бай болса, төл-тума әдебиеті соншалықты кедей», - дейді. «Шоқан … өз халқын Европа мәдениетіне ұштастыра отырып оның ұлттық қасиетін сақтап қалуды арман етті», - деген Ядринцевтің пікірі Шоқан турасында көптеген жайттарға көзін ашады.
Қазақтың алғашқы билингвист-жазушысы ХІХ ғасырдың ІІ жартысында пайда болды. Ол қазақ тілінде туындылар жазған, жаңа қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі, фольклоршы, этнограф, тілші, «Дала қоңырауы» ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға аудару, яғни қостілді аударманың негізін жасады деуге хақылымыз. Шығармаларында Л. Н. Толстой, К. У. Ушинский, И. И. Паульсон туындыларын арқау етті, өз жанынан сюжеттер қосты. Ыбырай жай ғана аудармашы емес, ол - орыс педагогтарының шығармаларын әдеби өңдеп, дала жұртына түсінікті әрі ұғынықты қазақшалап жеткізе білген құрастырушы. Тіл, тарих, өнер мен мәдениеттің тоғысуы мен танымдық-эстетика үйлесімін меңгере отырып, көркем әдебиетті екі тілде бірдей шынайы да шебер суреттеп таныта білу, кез-келген қаламгердің шығармашылығында ұшыраса бермейтін сирек құбылыс. Ыбырайдың аудармашылық қызметі туралы Алтынсаринтанушы ғалым Ә. Дербісалин келесі ой қозғайды: «Ыбырайдың аудармалары қазақ тілінде аударма өнерінің де өзіндік тарихы, өсу жолдарының барлығын қамтыды. Олар бүгінгі өскелең аудармамыздың алғашқы баспалдағы болып саналады» [5, 230] .
Ал Абай (ИбраҺим) Құнанбайұлы - қалыптасқан, биік деңгейдегі кәсіби көркем аударманың алғашқы үлгісін, таптырмас эталонын жасады. Толғауы тоқсан әдебиет атты руханият майданына қару қаламын ертерек сайлай кіріскен Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалап кетті. Дертпен тең сөз өнерінің бар асылын бойына сіңіріп, әдебиеттің небір зіл батпан жүгін қара нардай көтеріп келген ұлы ақынның соны соқпақтары ғажап өзіндік өрнегімен тың өріске жол тартады. Осы сапарда бұрқ-бұрқ қайнаған бұлақ сынды, кейде арынды дария тектес текті де тентек поэзияны ауыздықтатып ерттей мінген Абай ақын, шабыттың шаңқай түсі тастөбеге келгенде сарыжайлаудай шалқар тыңқұлашты, кереғарыс кеңдікті талап ететін проза жанрына да ат басын бұра соққан Абай хакім, ұлы Пушкинге айтқызсақ: «Аудармашылар тіл - керуенінің нағыз кіре тартар күреңдеріне айналады десе болады», демекші Абай аудармашы ретінде әлем классиктерін қазақшалауда қазақ поэтикалық аударманың монументальды үлгісін жасаған айшықты қолтаңбасымен аударма тарихында асқан шеберліктің, тың жаңашылдықтың піріне айналды.
Көрнекті әдебиеттанушы, сыншы Т. Нұртазин Абайдың аударма мектебінің мақсат-мұраты жайлы төмендегідей пікір білдіреді: «Жер жүзі мәдениетін елге шашудың бір саласы ретінде Абай бұрынғы ертегі, қиссаның орнына сюжетті романдарды әңгіме етіп айтып береді, төңірегіндегі ақын-әншілер арқылы халыққа жаяды. «Шахнаме», «Рүстем-Дастан», «Үш ноян» т. б. Абай ауызынан таралып, қырық елдің қиырына жиылып кеткен» [6, 30] .
Абай орыс тілін жетік білетін Шәкерім, Ақылбай, Тұрағыл, Мағауия сияқты шәкірт ізбасарларына орыс классиктерінің көркем туындыларының қиын тұстарын, астарлы ойларын түсіндіріп, олардың ілгері жылжуына мұрындық болып отырған. Өзі оқыған шығарманың мазмұнын айтып беріп, ақындарға осыны қазақша өлең қылуды тапсырып отырған. Әсет, Көкбай, Әріп, Уәйіс, Бейсембай сынды таланттар осы ізбен жүріп, тың сүрлеуге түскен.
Абай мектебінің тарихын, қосқан үлесін зерттеуде М. Әуезов мұрындық болғаны мәлім. Кейінірек оның Қ. Мұхаметханов, Ә. Жиреншин сияқты ізбасарлары бұл істі жалғады. Шәкерім, Тұрағұл, Көкбайлардың әдеби мұраларын жинақтап, оларды жарыққа шығару ісіне Қ. Мұхаметханов, М. Мырзахметов, Ш. Сәтбаева, М. Жармұхаммедов, Т. Жұртбай сынды көрнекті ғалымдар ат салысып отырды.
Абайдың аудармашылық дәстүрі қазақ даласында кең жайылып, ХХ ғасыр басында талай кәнігі аудармашының әдебиетке қосылуына себепші болды. Шетел әдебиетінің озық туындыларын, бірегей шедеврлерін қазақшаға аударушылар қатарында Мақыш Қалтаев, Әкірам Ғалымов, Мұхаметжан Сералин, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Дөнентаевтарды атауға болады. Олардың шығармашылық жолы ерте кезден зерттеле бастады. Ал сол тұстағы қоғамның зымиян идеологиясы мен сұрқия саясатына қиғаш келген Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Баржақсин секілді Алаш арыстарының көркем аудармадағы тың новаторлықтары әлі күнге дейін арнайы зерттеу жұмысына өзек бола қоймаса да, жекелеген бірқыдыру монографияларда, оқу құралдарында ауызға алынады.
Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде аудармашылар жөнінде М. Әуезовтің талантты шәкірттерінің бірі де бірегейі, ірі ғалым Б. Кенжебаев мынадай тобықты түйін жасайды: «Қазақтың ХХ ғасыр басындағы демократ ақын-жазушыларын алсақ, олардың «орыс тілін білемін Һәм хатымен» деп талай талаптанғандары, орыс тілінен көркем шығармалар әсіресе А. С. Пушкиннің, М. Ю. Лермонтовтың, Н. В. Гогольдың, Л. Н. Толстойдың, И. А. Крыловтың, тағы басқалардың бірді-екілі шығармаларын қазақ тіліне аудармағандар кемде-кем» [7, 166], - деген. Сол тағы басқалардың басы қасында сарабдал сынның сардары, орыс әдеби көркем сынының алыбы Виссарион Григорьевич Белинскийдің қазақ көркем аудармасында алар орны алабөтен еді.
Осы мақаламызды ұлы сыншысы, зерделі әдебиеттанушысы, талантты көсемсөзші, ірі сөз зергері Һәм хас эстеті В. Г. Белинскийдің өнегелі әдеби қызметін көктей шолып өту барысында, сыншының әлемнің эстетикалық және сыни ой-қазына антологиясынан тәжілі орын алған таңдамалы шығармалардың қазақ тіліндегі аудармаларына арнағалы отырмыз. Біз бұл күрмеуі аса күрделі, түйіні тастай мақаланың шешімін - Белинский шығармалары ғалым, сыншы, аудармашы Белгібай Шалабаевтың аудармасында қандай дәрежеде шықты, тәржімашы аударма барысында нендей жетістіктер мен кемшіліктерге тап болды деген сыңайлы сауалдары төңірегінде іздестіргенді жөн деп таптық.
В. Г. Белинский ХІХ ғасырдағы орыстың революцияшыл тарихындағы біртуар сан қырлы дарын иесі. Ол сыншы, публицист ғана емес, ХІХ ғасырдағы орыстың материалистік философиясының көрнекті өкілі, әлеуметтанушы, орыс әдебиетінің тарихын жасаушы, патша самодержавиясына қарсы қайыспай тұрған күрескер. Ресей өміріндегі революцияшыл-демократтық қозғалыстың көшбасшысы бола білді.
Егер кемеңгерді туғызатын - заман, қоғам десек, Белинский шығармашылығын да ол өмір сүрген орта мен тарихи кезеңнен бөліп қарай алмайтынымыз кәміл. Олай болса, В. Г. Белинскийдің тарихи сахнаға шыққан кезеңнің де сол уақытқа сай өзіндік ерекшелігі болатын.
1825 жылғы декабристер көтерілісінен қатты қауіптенген І Николай патша, 1826 жылы басыбайлық (крепостнойлық) правоның «мәңгілік» мызғымастығы туралы манифест жариялайды. Осы тұста революциялық қозғалыс пен озық мәдениетке қарсы күресудің басты органы - өзінің императорлық «үшінші бөлім» кеңсесін құрып, ол тәртіпке қарсы шыққан зиялыларды тыңшылық жолымен қамап, ит жеккенге Сібірге айдатып отырды. Елде феодалдық-дворяндық тәртіп етек алып, әскери-бюрократтық аппарат құрылды. Осындай өліара кезеңнің нағыз нәубетті шағында азаттықты аңсаған, ой мен сөз бостандығын көксеген ұлт қаймақтары мақсат-мұраттарына жетудің екі жолына шығады. Бірінші жол - декабристердің ізімен абақтыға жабылу, каторгаға айдалу, дарға асылуға апарды; екінші жол - бұлталық тәсілі басымырақ, өрісі кең көркем әдебиеттің күшімен басыбайлылық правоға, патшаның қанды жандармдық террорына қарсы үгіт таратып, насихат жүргізу.
Орыс әдебиетінде ғана емес, бүкіл дүниежүзі әдебиеттану ғылымына, әдебиет теориясына, сынға төңкеріс енгізген, «өжет Виссарион» атанған Белинский аталмыш соңғы жолды таңдаған еді. Өзінің тырнақ алдысы «Дмитрий Калинин» атты романтикалық драмасынан бастап, соңғы нүктесін қойған «Гогольге хат» кесек туындысына дейін бүкіл шығармашылық қызметіне осы бағытты арқау етіп, зерлі тініне айналдырды.
Оқу-ағарту министрі шеңіндегі Ширинский-Шихматовты алмастырған граф Уваров: «Орыс әдебиеті жойылған жағдайда ғана алаңдамай тәтті ұйқыға батармын», - деп айтуды ұнататын көрінеді. Осы бағытта фельдфебель үкіметі барын салып ештеңеден тайынбаған. 1804 жылы алғашқы цензура уставы басылып шықты. 1826 жылы Ресей тарихында «шойын» цензура деп аталған жаңа устав кітап шығаруына, шығарма атаулының бәріне тыйым салды.
«Қанқұйлы» І Николай М. В. Петрашевский үйірмесіне қатысқан декабристердің ізін аңдып, соңына түсіп көзін жояды. А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, Т. Г. Шевченко, А. И. Герцен, Н. И. Надеждин, П. Я. Чаадаев, Н. П. Огарев, Н. А. Полевой сынды бірегейлер, алыптар патша озбырлығының құрбаны болады. К. Ф. Рылеев дарға асылды, А. Н. Одоевский Сібірге айдалды, А. И. Полежаев университеттен шығарылып, әскер шебінде қаза тапты. Ф. М. Достоевский «өлі үйде» - түрмесінде он жылға бас бостандығынан айырылады, Е. А. Баратынский он екі жылға жер аударады. Зобалаң ғасырдың небір қиын-қыстау сергелдеңдерін балғын шақтан өткеріп келген В. Г. Белинскийді де абақтыға қамап, не Сібірге айдап тірідей көмер еді. Алайда цензураның опасыз қудалануына түсіп, аштық пен өкпе дертіне шалдыққан сыншы патша үкімінен бұрын, небары 37 жасында опат болады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz