Ұлылық ұлағаты (Б. Шалабаевтың Мұхтар Әуезов шығармалары жайындағы зерделі зерттеуі: дәуір талабы және тың тұжырымдар)



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 10 бет
Таңдаулыға:   
Қажыбай А. Т., Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
қазақ әдебиеті кафедрасының аспиранты; Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау
мемлекеттік университетінің, қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы.
Ұлылық ұлағаты (Б. Шалабаевтың Мұхтар Әуезов шығармалары жайындағы зерделі
зерттеуі: дәуір талабы және тың тұжырымдар)

Қазақ ұлтының рухани темірқазығының бірі Мұхтар Әуезов сияқты ұлы
тұлғаның өмір сүрген тарихи кезеңі алыстаған сайын оның шығармашылық
өмірбаяны мен мұрасының өзі де сол ұлттың рухани көркем шындығына айналады.
Өйткені сол тұлғаның өмір сүруінің өзі құбылыс. Әр ұлттың рухани дамудың
қандай дәрежесіне жеткені сол дана тұлғаларға деген көзқарас пен көркемдік
өлшемнің деңгейі арқылы пайымдалады. Өйткені, шынайы ұлттық тұлғалардың
тағдырына сананың сәулесін түсіру арқылы біз ұлтымыздың өткен тарихын
талдап, бүгінгісін саралап, келер болашағын анықтаймыз. Сондықтан да
даналардың тұлғасын саралау – сол ұлттың рухани қажеттілігі (В.
Ключевский) болып табылмақ. Қазақ ұлтының руханияты мен көркемдік жады және
әдебиеті мен мәдениеті үшін М. Әуезов те сондай дара да күрделі тұлға. Оның
қат-қабатта, шытырманда, бел-белесте, қияда, тайғақта, оқапта,
қақтығыста, қоршауда, құз-қияда, қапада, қастықта, биікте өткен
мазасыз шығармашылық өмірі мен танымын түсіну – сол ұлттың рухани парызы.
Өйткені, М. Әуезов бір ұлттың емес, мұқым бір қоғамдық құрылыс ауқымындағы
тарихи көркем ойлау жүйесін қалыптастырған (А. Толстой), ХХ ғасырдағы ең
үздік шығармалардың бірін дүниеге әкелген (Л. Арагон) сөз иесі. Әуезовтің
даналық көркем ойының мәйегінің құнары – бірыңғай оның туындыларындағы қат-
қабат тартыс жүйесінің тоғысуында, жеке тұлға мен қоғам арасындағы көзқарас
тартысында ғана емес, үш формацияны тел еміп өскен тағдырының тамырында
жатыр. Ал М. Әуезов – көркем творчествосымен қоса жеке өмірі арқылы
көшпелілер әлемінің соңғы тұйыққа тірелу қасіретін, самодержавиенің
отаршылдық езгісін, оның сана мен санатқа жасаған зорлығын, рухани
тәуелділікті тудырған басыбайлы психологиясын, социализмнің коммунистік-
колонизаторлық (С. Сәдуақасов) сұрқия пиғылы мен тобырлық кекшілдігін,
заманалардың төңкерісіне қоса адамның тағдырын оймен екшеп берді. Көркем
шындық арқылы тарихи шындықты адамзаттың назарына ұсынды. Бұл – М.
Әуезовтің дүние мәдениетіне қосқан парасат пайымы. Сондықтан да оның өмірі
мен шығармашылық жолына және көркемдік әлеміне арналған әр саладағы
ғалымдар мен сыншылардың, әдебиет зерттеушілерінің 3350-ден астам
монографиялары мен ғылыми мақалаларының жарық көруі заңды.
М. Әуезов – әлемді сөз өнерімен, дара өрнек сырымен тәнті етіп,
табындырған киелі есім. Адамгершілік пен арды тұғыр еткен тұлға, жан дүние
жұмбақтығы тереңде жатқан өзгеше құбылыс... Оның қаламынан туған үлкенді-
кішілі құнды дүниелер адамзаттың мәңгілік мәселелері хақында ой-
толғаныстарға жетелейді. Сондықтан да алыстаған сайын биіктей беретін асқар
алып таулар іспетті бүгінде Әуезов әлемі де сырлы сұлулығымен, ерекше сән-
салтанатымен өзіне тарта түседі. Осы қасиеті қаламгер шығармашылығын
зерделеуді мақсат тұтқан қатарының уақыт өткен сайын молайып, әуезовтану
арналарының көбейіп, кеңейіп отыруына кілтипан болып келеді.
Сол әуезовтанушылардың бел ортасында кім-кімді де елең еткізер бір
есім бар. Ол алыптар тобынан кейінгі әдебиеттанудың еңбек торысы
атанған көрнекті әдебиетші, сарабдал сынның сардары, кәнігі аудармашы,
ұлағатты ұстаз, білікті романтанушы – Белгібай Шалабаев.
Белағаңның қазақ әдебиетіндегі сындық, сыншылдық арнаны барынша
кеңейтіп, сайыр-соқпағын ұзарта түсуде қосқан үлесі салмақты да салиқалы.
Ол өзінің осы бағыттағы ұбақ-шұбақ жолында қалам соқтырмаған қаламгерлері
тым сирек. Ол сонау әдебиетіміздің алыптары атанған Сұлтанмахмұт
Торайғыров, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит
Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин тәрізді ұлылар шоғырының
шығармаларына қатысты құнды пікірлер, іргелі ғылыми талдау мақалаларын
арнады.
Біз бұл орайда ғалымның заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов
шығармашылығына қатысты ауық-ауық назар құлатып отырған ғылыми зерттеу
еңбектеріне тоқталамыз.
Б. Шалабаев кезінде М. Әуезовке қатысты М. Әуезовтың повестері мен
эпопеясы, Повести и роман-эпопея М. Ауэзова, Образ народа и поэта в
эпопее М. Ауэзова, Сюжет и характер, Жаңадан дамыған жанр жайында,
Қазақ романындағы сюжет пен характердің кейбір мәселелері, Қазақ
эпопеясы әдебиеттік сында, Қазақ әдебиетінің алып шығармасы
замандастарының назарында, Асыл туынды, т.б. көл-көсір ғылыми зерттеу
еңбектерін жазды. Ұлы қаламгердің әдебиетіміздегі орны мен беделін
белгілеуде ғана емес, Әуезовтың сан қырлы қалам қуатын танытқан
кемеңгерлігін барынша кеңейте көрсетуде өз әріптестерімен қатар Б. Шалабаев
та сүбелі үлес қосты. Соның ішінде ғалымның М. Әуезовтің повестері мен
эпопеясы [1] атты көлемді де кесек зерттеу еңбегі ерекше сөз етуді керек
етеді.
Зерттеуші жазушының ірі тұлға проблемасын шектеуге сатылап
көтерілгендігіне көңіл көзін қадайды. Даңқты эпопеяға барар жолға мол
әзірлікпен жіті даярлықпен келгенін орынды сөз етеді. Бұл ауқымды мәселе
жазушының идеялық және творчестволық өсуіне байланысты шешіледі деп оң
тұжырым жасайды.
Мақаласында ғалым Әуезовтың екі кесек те келісті қыры – халықтық
бейнелерді жасаудағы шеберлігі де екіншісі Абай бейнесінің диалектикасына
ден қоя сөз етеді.
Әуезовтың Қорғансыздың күніндегі Ғазизаның, Ескілік көлеңкесіндегі
Жәміштің, Жетімдегі Қасымның, Көксеректегі Құрмаштың бейнелері байшыл-
рушыл әдет-ғұрып үстемдік еткен қазақ даласындағы қоғамдық тарихи жайларға
сәйкес әлеуметтік енжарлықтың көріністерін байқау қиын емес деген ғалым
мұның барлығын ескілікке, қараңғылыққа, надандыққа қарсы айтылған үкім деп
есептеген дұрыс [1, 116] деп ой түйіндейді. Біздіңше Әуезов
әңгімелеріндегі қорғансыздар, қорлық көрушілер, кембағылдар сол кездегі
қазақ даласын тұмшалаған надандық, ескілік үстемдік құрған кезеңнің шынайы
да ақиқат көріністері болса Б. Шалабаев осынау сипаттарды дөп басып, дұрыс
тұжырым жасаған.
Қазан төңкерісінен кейінгі кезең тынысын танытуда да М. Әуезов бір
шоғыр әңгімелер берді. Шатқалаңдағы Шәлтік, Бүркітшідегі Бекбол,
Білекке, білектегі Мақпал, Айша, Жақып, Іздердегі Несіпбай мен Құлжатай
Жуандықтағы Жақсылық, Асыл нәсілдегі Есіркеп образдары жоғарыдағы
кейіпкерлерге мүлдем ұқсамайтын жаңа заманмен бірге туған жаңа бейнелер,
жігерлі, ынталы, белсенді, күрескер тұлғалар еді. Ғалым Әуезовтың жаңа
арнаға түсу үстінде замана қойнауынан туған жаңа бейнелердің бет-бедерін
белгілеп, суреттеуде шынайы шеберлік танытатындығын дәл басады.
Б. Шалабаев Кең ауқымды, Көп қырлы кейіпкер жасау мәселесі М.
Әуезовтың Абай жолы эпопеясында түбегейлі шешілді... Бұрынғы шығармалары
Абай жолы эпопеясына алып келген басқыш, баспалдақ [1, 117] деген
пайымға келеді. Ғалым Әуезовтың жиырмасыншы жылдардағы еңбектерін үш топқа
бөліп қарастырады.
Бірінші топқа даладағы әлеуметтік күресті әр қырынан баяндайтын
Қараш-Қараш повесі, Барымта, Жуандық әңгімелері жатады. Екінші топқа
революцияға дейінгі қазақ халқының тұрмысы мен әдет-ғұрпын, әйелдердің
жағдайын көрсететін Қорғансыздың күні, Кім кінәлі?, Ескілік
көлеңкесінде, Кінәмшіл бойжеткен, Қаралы сұлу, Оқыған азамат
әңгімелері енсе, үшінші топқа адамның табиғатқа қарым-қатынасын бейнелейтін
Қыр суреттері, Көксерек, Жетім шығармалары жатады [1, 118] деп
жіктейді.
Ғалым өз еңбегінде Әуезовтың, сөз жоқ, кесек те кемелді повесі Қараш-
Қарашты талдауға мол орын берген. Повестегі діңгекті бейнелер Бақтығұл мен
Тектіғұлдың ер жүрек, қайсар, еңбексүйгіш жігіттер екендігін қадай айтып,
феодалдық-патриархалдық қоғам оларды жоқшылыққа душар етті, қылмыс жасауға
итермеледі деп олардың тарапынан болып жатқан кесек әрекеттердің себебін
анықтап, салдарын пайымдайды.
Шалабаев Көксерек повесін балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес
деп бағалайды. Ғалым жазушының шеберлігіне ден қоя повесть өте көркем
жазылған. Ондағы әрбір сурет, әрбір көрініс естен шықпастай [1, 120] деп
шегелей түседі. Көксерек – жазушының алғашқы махаббатындай ұнататын [2,
456] шығармасы. Көксеректегі адам мен табиғат арасындағы байланыс пен
қарама-қайшылықты, түсініспеушілікті бейнелеген автор идеясын әсіре солшыл
сыншылар бұрмалап, Көксеректің болмыс-бітімінен әлдебір символиканы көріп,
оның емеурінінен саяси астар мен қателік іздеді. Көксерек – феодализмнің
ишарасы. Көксерек – өтіп кеткен көшпенді дәуірдің елесі. Көксерек –
қазір тамырына балта шабылып жатқан ұлттық буржуазияның көкжалдары, соны
Мұхтар өкінішпен жырлап, жылап отыр – десті ойы таяз, заты саяз
сыншысымақтар. Міне осындай сыңаржақ, ұшқары пікірлерге әдебиетші Б.
Шалабаев тойтарыс беріп, қаламгер шығармасын арашалап, әділ бағасын береді.
Әйтсе де ғалым шеберлік пен көркемдікке келгенде нақты мысалдарға табан
тірей талдаса дейсің. Кезінде көрнекті жазушы Т. Ахтанов Әуезов
шеберлігінің басты сипатын оның тіл шеберлігіне орай қарастыра келіп:
Мұхтар Әуезов шын мәніндегі қазақ тілінің королі болатын. Біз осы кісінің
шығармалары арқылы өз тіліміздің бояуы мен құбылған сұлулығын, жыр ырғақты
сұлу сазын, таусылмас сөз байлығын, шектелмес суреттеу мүмкіндігін көріп
қайран қалдық [3, 9], – деп жазса ол Шалабаевтың пайымдауын одан әрі
тереңдете түскен тұжырым ғой деп есептейміз.
Б. Шалабаев талдауға кіріспес бұрын Әуезов эпопеясын жазудағы мақсат
мұратын автордың өз аузынан сөйлетеді: Ақын тұлғасын қайта жасай отырып
мен халқымыздың тарихындағы оның орны, өткендегі прогресшіл ролі ғана айтып
қойғам жоқ, оны біздің заманмен, совет ұрпағымен табыстыратын азбас арман,
асыл мұрат жайында да ойландым. Жас Абайдың жалын атқан сезімі, жігіт ағасы
болған Абайдың толғаулы ойлары мен әрекеті, кәрілік меңдеген шақтағы халық
қамқоры, халық ұстазы болған Абайдың тартысы мен тақсіреті – міне, осының
бәрі сол дәуірдегі халықтың да жаны мен жүрегін ұғуға бастайтын жол еді.
Халықтың көрер көзі, лүпіл қаққан жүрегі, дана ойы болған Абай менің
ұғынуымда да халықтың қажырлы талабы мен асқақ ой-сезімнің, жан жүрегінің,
оның бойындағы ең абзал қасиеттің жиынтығы болып табылады [1, 127].
М. Әуезов эпопеяға бару мақсатын, ондағы заңғар тұлға Абай тұлғасын
сомдаудағы сыр-сымбатын осылайша тұжырымдаса, академик Қ. Сәтбаев: Қазақ
халқының өткенін зерттегісі келген ғалымның бірде-бірі бұл кітапты жанап
өте алмайды: ғалым-филолог одан фольклордың бай материалдарына қанығумен
қоса, қазақ әдеби тілі мен сөздігінің қаз басуы мен қалыптасуын көреді,
ғалым-этнограф көне заманмен қоса көнерген небір тұрмыстық белгілер мен
өмір құбылыстарын біледі. Ғалым-экономистер Қазақстанның ХХ ғасырдағы халық
шаруашылығының бақташылық құрылысынан дәлме-дәл нақты мәліметтер алады,
ондағы тап қайшылығының өзіндік ерекшелігімен танысады, ғалым-юристер
шариғаттан бастап, билер кесіміне шейінгі даланың заң жобаларынан жобағалы
мағлұматтар жинайды [1, 129] екендігін шегелей түседі.
Бұдан әрі Б. Шалабаев эпопея хақында пікірлерін білдірген А.Фадеев, Б.
Горбатов, Вс. Иванов, М. Шолохов, Л. Собоев, Н.Тихонов, Мырза Тұрсын-Заде,
Б. Кербабаев, Айбек, Наири Зарьян, Г. Леонидзе, Г. Бәширов, Л. Арагон, А.
Стиль тәрізді әлем әдебиетінің биік тұлғаларының сөздерін алға тарта отырып
Әуезов эпопеясының құдіретті құндылығын әлем әдебиеті жауһарларының
қатарына апарып, иықтастырып қояды. Біздіңше ғалымның бұл орайдағы
методологиялық табысты тұстарын да осы орайдан іздестірген жөн.
Эпопеяны әлемдік деңгейге көтеріп әкеткен нендей факторлар деген
мәселеде Шалабаев тағы да Әуезовтың өз пікіріне орынды құлақ асады. Ғалым
автордың үлкен талантында, материалды тамаша білуінде, халық тарихын терең
ұғынуында деп алып: Менің ойымша, біздің заманымыз өткен данышпандардың
өмірін натуралистік жолмен суреттеуге келісе алмайды. Өйткені бізді олардың
өмірбаянындағы кездейсоқ оқиғалар мен фактілер қызықтырмайды. Аса көрнекті
қайраткеріміздің өміріндегі неғұрлым маңызды, тарихпен байланысты
көріністері халық есінде сақталады. Тамаша адамдардың өмірін ең алдымен осы
көзқарас тұрғысынан зерттеген жөн деп ойлаймын [1, 132].
Осы орайда академик Р. Нұрғалидің эпопея құндылығын айқындап берген үш
бунақ принциптерін келтіре кеткен жөн деп есептедік.
Академик:
а) эпопея қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктерін ашып берді;
ә) эпопеяда реализм принциптері, көркемдік тәсілдер, әдебиеттің
дәстүрлері салтанат құрды;
б) эпопея – әдебиетімізде роман жанрының пісіп жетілгенін көрсетті.
Одан әрі Р. Нұрғали эпопеяның үш арнада дамып, өрілетінін қадай
айтады. Бірінші арна: Роман психологиялық, әлеуметтік тартыстар, күрестер
жүйесіне құрылған; Екінші арна: Романда терең психологизм бар. Барлық күрес
үнемі психологиялық кілтпен шешіліп отырады; Үшінші арна: Адам кейіптері
ішкі, сыртқы өзгерістерімен, тіл ерекшеліктерімен, әрекет, қимыл үстінде,
ой, сезім тебіреністерімен, психологиялық портрет арқылы беріледі [4, 262-
263].
Б. Шалабаев өз зерттеуінде эпопеяның төрт кітабын төрт арнаға салып
қарастырады.
Эпопеяның бірінші бөлімінде оқырман даладағы рулық тартыстың
сипатымен және оның адамдарға әкелген сырымен егжей-тегжейлі танысады.
Әуезов бұл орайда бұрын-соңды қазақ әдебиетінде кездеспеген мағлұматтар
келтіреді дейді ғалым.
Қодардың өлімі Құнанбай бұйрығы. Жас Абайға бұл оқиға терең әсер
етеді. Бұл ғалымның пайымдауынша нәзік жанды баланың қаталдыққа қарсы
шығуының алғашқы ұшқыны ғана. Одан әрі ғалым: Қодардың өлімі – әке мен
баланың жақсылық пен әділет жұмысы Абайдың және әлеуметтік зұлымдық иесі
Құнанбайдың арасындағы бітіспес күрестің бастамасы болған еді деп оң
тұжырым жасайды.
Романдағы Құнанбай мен Бөжей қақтығысы Бөжейге дүре соқтыру,
арасындағы ақикөз ашулы күрес-тартыстар сайып келгенде шонжарлар арасындағы
билік пен байлыққа талас, солардың арасында қосақ арасында қоса кетіп
жатқан кедей-кепшік қайғы-наласы балғын Абайдың қоршаған ортаға көз қарасын
жаңа деңгейге көтереді. Ел жылады... Елдің белі талды. Көп қысылды
дегендері кәні? Абай осыны да көп ойлап, аса бір қиналып, қысылушы еді,
деген тұсты тілге тиек ете отырып ғалым Абай көзқарасының диалектикалық
дамуына арна ашады, Осындайларды түбінен қазып ойлап, Абай барлық
үлкендердің шама-шарқын танып алады деп ойын түйеді.
Романдағы Абай бастаған Дәркембай, Базаралы, Балағаз тәрізді
кейіпкерлер кері кеткен кесір заманның орыс шенеунігі Чернов, Майырлармен
ауыз жаласқан Құнанбай, Тәкежандар қарсы атой салып шығар іргелі күшке
айналады. Бір кезде Қодар өлімінен шошынып ауырған Абай енді есейген,
күрескер топтың алдында тұр. Бұл Абайдың кемелдену, кесекті тұлғаға
айналған тұсы. Әуезов ендігі жерде Абайды топ бастар көсем, жиынға батыл
араласар шешен, елді аузына қаратар ойлы, данагөй ақыл иесі биігіне
көтерген. Б. Шалабаев өз зерттеуінде бас кейіпкердің диалектикалық өсу,
кемеңгерлік биікке қол созу үрдісін жіті аңғарып, жете зерделейді.
Абайды азапқа салған көптеген мәселелердің бірі – қазақ әйелдерінің
ауыр халі. Мұхтар Әуезов те замандағы әйелдердің қиын тағдырын нанымды
суреттей отырып, әр түрлі қайталанбас типтік бейнелер жасаған, – дейді Б.
Шалабаев өз зерттеуінде. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Абайдың шығармашылық өмірі - қазақ әдебиеті тарихының кіндік тұтқасы
Сын көркем әдебиеттің құрамдас бір бөлігі деген пікірді Қазіргі әдеби сын
Қазақ әдебиетінің тарихын жасау мәселелері мақаласындағы Қазақ халқының мәдениет тарихында әдебиеттану ғылымының тарихы әзір қысқа
ХАКІМ АБАЙДЫҢ ҒИБРАТЫ
Қазақ әдебиет тарихын қай дәуірден, кімнен бастау керек деген мәселеде
Заманынан озып туған азамат еді Сағат Әшімбаев туралы
Қазақ әдебиеті мамандығы бойынша жазылған Белгібай Шалабаевтың ғылыми - сын, әдеби аударма еңбектері атты тақырыптағы кандидаттық диссертациясының қолжазбасын талқылау
ХАКІМ АБАЙДЫҢ ҒИБРАТЫ (БЕЛГІБАЙ ШАЛАБАЕВ ХАКІМНІҢ ҒАҚЛИЯСЫ МЕН ПУШКИН ЖӘНЕ АБАЙДЫҢ ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ РОМАНЫ ХАҚЫНДА)
Мұхтар Әуезов тағылымы
Тәржіма тағылымы
Пәндер