Физикалық география-қоршаған ортадағы табиғаттың құрамдас бөліктерін зерттейді



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 15 бет
Таңдаулыға:   
Физикалық география – қоршаған ортадағы табиғаттың құрамдас бөліктерін
зерттейтін, оны іс жүзінде пайдалану жолдарын көрсететін ғылым. Ол –
қазіргі жаһандық деңгейде көтеріліп отырған “Жаратылыстану” білімінің
негізін салушы. Табиғат – Жер мен Әлем кеңістігі аралығын жалғастырушы,
тұрақтандырушы болмыс. Оның құрамдас бөліктері: Әлем кеңістігі, литосфера,
гидросфера, атмосфера, биосфера. Бұл аталған төртеуі – қоршаған ортаны
құрайтын, бірімен бірі сабақтас, бір-бірімен әрекеттес, бір-бірінен
туындайтын табиғат болмысы. Оларды зерттейтін ғылым – география. Табиғатты
тану – қоршаған орта мен адамның арақатынасын және де олардың дамуын,
өзгеруін зерттейтін ғылымдар жүйесі. Қоғамның дамуымен байланысты адамның
табиғатты игеруі де біртіндеп күрделене түседі.
Қазақстан табиғатын танып, білудің өз тарихы бар және оның әрбір кезеңі бір-
біріне мүлде ұқсамайды. Қазақстан аумағының физикалық географиялық тұрғыда
зерттелуі қоғам дамуының әр кезеңіндегі жаңа міндеттер мен сұраныстарға
сәйкес қолданылған әртүрлі әдістер арқылы дамыды. Бұрын қалыптасқан
қағидалар мен тұжырымдарды жаңарту қажеттілігі туындады.
1903 жылы орыс ғалымы А.Н.Седельниковтің басқаруымен шыққан “Киргизский
край” атты Ресейдің толық географиялық сипаттамасының XVІІІ томында
берілген геологиялық картада Қазақстан аумағы 3 түрлі бояумен ғана боялған.
Ол бояулардың негізгі көрінісі қазақ жеріндегі қазба байлықтардың қазіргі
қорына, түріне мүлдем сәйкес келмейді. Сондықтан қазақ жері жөнінде бұрын
далалы, шөлейтті, шөлді, табиғаты жұтаң деген ұшқары пікір қалыптасқан.
Осындай нақтылы емес пікірлердің терістігі жаңа заманда мүлдем жоққа
шығарылды. Бір кездегі Қазақстан табиғаты сүреңсіз, шөлді алап делінсе,
жаңа дәуірде оның табиғатының алуан түрлілігі, байлығы дәлелденіп, оны
игерудің сұранысына байланысты жаңа көзқарас, болжамдар пайда болды.
Кеңес дәуірінде жер қойнауынан алынатын байлықтың Менделеев кестесінде
кездесетін элементтердің барлығы да Қазақстан жерінен табылды. Еліміздің
жері қазба байлықтың қоймасы ретінде танылды. Сонымен қатар осы дәуірдегі
ғылыми-техникалық жетістіктер қазақ жерін атом қаруының сынақ орнына, ғарыш
алаңына айналдырды. Соның салдарынан бір кездегі табиғаттың сұлу аймақтары
жарамсыз жерлер болып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енген ақ бөкен, құлан
сияқты жануарлар түрі азайып кетті. Табиғаттың даму тепе-теңдігінің
бұзылуынан Қазақстанның кез-келген аймағы экологиялық шешімі қиындау,
күйзелісті аймаққа айналды. Осы аталғандардың барлығы – табиғаттың
заңдылығын, оның қалыптасу, даму ерекшеліктерін ескермей, оны тек шикізат
көзіне айналдыру табиғаттың жұтаңдануын туғызды.
Бүгінгі таңда жаһандық проблема болып отырған экологиялық мәселелер
табиғаттың даму заңдылығын ескермегендіктен, оның тепе-теңдігінің
бұзылуынан пайда болды. Ал оны қалпына келтіру жолындағы жұмыста география
ғылымының міндеті зор. Себебі, ғылыми-техникалық жетістік ғылымның кейбір
саласында адам баласына қауіп төндіруде. Адам әрекетінен туындап отырған
жаңа “антропогендік ландшафтар”, жер бетінде климаттың жылынуы тіршілік
дүниесіне зардабын тигізуде. Бүкіл ғылымдардың жетістігі адамзаттың өсіп,
өркендеуіне қызмет жасауы керек қой. Осыған орай бүкіл жаратылыстану
ғылымдары бірігіп, өзін қоршаған ортадағы табиғатты сақтау, оның тепе-
теңдігін үйлестіру мәселесін шешуге күш жұмылдыруы қажет. Жаһандық деңгейде
табиғат қорларын тиімді пайдалану үшін қоршаған орта жайлы бұрынғы ғасырлар
бойы жинақталған зерттеулердің нәтижесін ескере отырып, табиғатты жүйелі
түрде тиімді пайдалану, оны қорғаудың мәселелері жолға қойылуы тиіс. ХХ
ғасырда табиғатты ысырап етпей игеру ғылымға жаңа бағыт берген, атақты
табиғаттанушы, энциклопедист ғалым В.В.Вернадский ноосфера ұғымының негізін
салды. Ол литосфераға, гидросфераға, атмосфераға және биосфераға қосымша
ноосфера тұжырымдамасын ұсынып, адамның табиғатты сырапсыз пайдалануы
негізінде жаһандық деңгейде туындап отырған проблеманы шешуге адамның ақыл-
ой жүйесін бағыттайды. Бұл – бүгінгі таңдағы ғылымда, іс-жүзінде, әрбір
қоғамда пайдалануға тиісті қағида.
Бұрынғы Кеңес одағына дейін, Кеңес Одағы кезінде қазба байлықтардың ғылыми
негізсіз, тек Орталыққа қажет болғандықтан игерілуі (көмір, түсті металдар,
тыңайған жерлердегі егістік алқаптар) Қазақстан табиғаты жұтаңдануының
бірден-бір себебі болған еді. Сол қазба байлықтар қазір егемен елдің
игілігіне айналып, мұнай, газ, түсті металдар, соның ішінде уран кені
халықтың әл-ауқатын көтеруге, экономиканың тұрақтануына қызмет етіп отыр.
Кеңес уақытында дамыған ғылым салалары бір-бірімен байланыссыз, тек
Орталыққа қажеттілігі жағына бағытталса, қазір қандай ғылым болсын бір-
бірімен байланысты түрде мемлекеттің экономикасын көтеруге ұмтылуда.
Қазақстандағы география ғылымының атқаратын міндеті мен мақсатын нақты
түсіндірмей, жерін тек қана атау ретінде (тау, қырат, үстірт, жазықтық,
өзен, көл, кұм, шөл т.б.) қарастыру ғылымның өрісін шектейді. Сондай
көзқарастың кең тарауынан байтақ қазақ жері табиғатының даму заңдылығын,
оның қалыптасу еркшеліктерін көптеген ғалымдар елемей жүр. Олар жалпы
экологиялық мәселенің маңызын түсінбей, тек өз саласының мүддесін қорғайды.
Ғылымның қайсы болса да (ботаника, зоология т.б.) – табиғаттың туындысы.
Тіршілік үшін белгілі бір географиялық орта керек. Ол географиялық ортаға
өзіне тән қалыптасқан ауа-райы құбылысының өзгеруі, жыл мезгілінің ауысуы,
күн сәулесінің таралу заңдылығы, тіршіліктің өсуі мен дамуы тәуелді.
Олардың белгілі бір географиялық заңдылыққа бағынуы, температураның таралу
заңдылығы батыстан шығысқа, солтүстіктен оңтүстікке қарай өзгеруі кез
келген жердің алып жатқан географиялық орнына байланысты табиғатта үздіксіз
жүріп жатады. Қоршаған орта болмысының өзгеруі, ғаламшардағы ірі өркениетті
елдердің өздері мойындап отырғанындай, табиғат байлықтарын тиімсіз
пайдаланудан, табиғаттың даму, қалыптасу заңдылығын ескермеуден туындап
отырғаны даусыз. Мысалы, бір кездегі ит мұрыны өтпейтін Оңтүстік Американың
тропиктік ормандары оталып, Африканың қайталанбас табиғатындағы сирек
кездесетін керіктердің, пілдердің, түйеқұстардың, арыстандардың азаюы,
материк байлықтарының талан-таражға түсуі сол аймақтарда жарамсыз жерлердің
молаюынан, шөлейтті аймақтардың ұлғаюынан табиғат тепе-теңдігінің бұзылуына
соқтырды. Жерорта теңізі аймағындағы зәйтүн шаруашылығы плантацияларында
мол өнім алу үшін химиялық тыңайтқыштарды молынан қолданылуы күрделі
экологиялық мәселе тудырды. Соған байланысты қазір зәйтүн плантациялары
оталуда.
Ғылыми-техникалық прогрестің күрт дамуы барысында ірі өндірістік қалаларда
автокөліктердің санының өсуінен, атмосфера және озон қабаттарына улы
газдардың мол бөлінуінен, ірі елді мекендерде таза ауыз су тапшылығынан
адамның денсаулығына залал келуде. Қазіргі кездегі қоршаған ортаның
радиациялық, химиялық, биологиялық ластануы әлемдік деңгейде адам баласы
мен тіршілік дүниесіне қауіп төндіруде. Жер шарындағы халық санының жедел
өсуі мен ғылыми-техникалық прогрестің қарқынды дамуы адам мен қоғамның
қоршаған ортамен қарым-қатынасын күрделендіріп жіберді.
Пайдалы қазбалар қорының ғылыми негізсіз пайдаланылуы, жер бетіндегі
өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесінің жұтаңдануы және табиғи ортаның
шектен тыс ластануы күрделі экологиялық проблемаларды тудырды. Кейбір
өндіріс орындарынан бөлінген зиянды қалдықтардың шектен тыс көбеюі қоршаған
орта жағдайының нашарлауына, адам денсаулығының бұзылуына апарып соғуда.
Осының барлығы қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлуді және
оны қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуды, сондай-ақ оның ресурстарын
тиімді пайдалануды талап етеді. Сондықтан жерді суландыру, орманды қалпына
келтіру, өндірістік қалдықтар мен ақаба суларды тазартудан өткізу,
топырақтың құнарлылығын сақтау және топырақ эрозиясына жол бермеу
жұмыстарын қарқынды жүргізуді өмірлік маңызы бар талап ретінде алға
тартуда.
Табиғаттағы өзін-өзі реттеу мен қалпына келтіру үдерістері ұзаққа созылады.
Адамның зиянды істері де бірден байқалмайды, оны адамдар көбінесе ұзақ
жылдар өткен соң ғана байқайды, бірақ оны жедел түзеу жұмыстары күткендей
нәтиже бере қоймайды.
Табиғат дамуының заңдылықтарын білмеу, кейде оларды есепке алмау бос
шығынға, адамдардың өмір сүру жағдайының және табиғи ортаның нашарлауына
алып келді. Мұндай жағдай Арал теңізінің тағдырына тән. Мақта және басқа да
егістіктер көлемінің артуына байланысты, Арал теңізіне құятын өзендердің
суын пайдалану мақсатымен көптеген су қоймалары мен суару каналдары
салынды. Мұндай су жүйелері өзендер суының азаюына, түптеп келгенде оның
шұғыл тартылуына жеткізді. Қазір теңіз деңгейінің күрт төмендеуі өсімдіктер
мен жануарлар дүниесінің жұтаңдануын, т.б. экологиялық проблемаларды
тудырып отыр.
Еліміздегі Арал апаты жаһандық сипат алып, оның зиянды әсері қазірдің
өзінде көптеген мемлекеттерде байқалуда. Сондықтан АҚШ, Жапония, т.б.
мемлекеттер Аралды құтқаруға байланысты шараларға қатысуға келісімдерін
беріп отыр.
Қазіргі кезде Арал теңізін құтқарудың жаңа жоспарлары жасалып, ғалымдардың
ұсыныстары талқылануда (мысалы, Кіші Арал туралы). Мүмкін Аралды құтқаратын
күн де алыс емес шығар.
Келтірілген мысалдар адамзаттың табиғатқа жауапсыз қарауға болмайтындығын
дәлелдейтін, қоршаған ортамен қарым-қатынас кезінде өз іс-әрекетінің
салдарына көңіл бөліп, әрдайым дұрыс жолды таңдау қажеттілігін көрсетеді.
Дүние жүзінде адамның іс-әрекетінен болатын экологиялық зардаптар мен
дағдарыстар көп-ақ. Мысалы, жидек тергенде, аң аулағанда немесе егіс
алқабын тазартқанда табиғатқа белгілі бір мөлшерде зиян келтіріледі.
Адамның бұл әрекеті аз мөлшерде болғандықтан, табиғи орта оны ретке
келтіріп, орнын толтырып отырады. Яғни, табиғаттың тепе-теңдігі
сақталғандықтан, өзгеріс көп елене қоймайды.
Ал мал шаруашылығы мен жайылымдыққа пайдаланылатын жерлердің жыртылуы,
ормандардың кесіліп, өртелуі, каналдар мен жолдардың ойластырылмай салынуы
сол жерлердегі өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесіне көп мөлшерде зиян
келтіреді. Оны тез түзете қою қиын.
ХХ ғасырдың екінші жартысында қоғам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасының
жаңа бір саласы – алып өндіріс орындары көптеп бой көтере бастады. Зауыттар
мен фабрикалардың еселеп өсуі барған сайын шикізат түрлерінің мол
пайдаланылуына, энергия шығынының өсуіне, қазба байлықтардың қарқынды
игерілуіне алып келді. Ғылыми-техникалық прогрестің табиғатқа тигізетін
кері әсері дауыл, су тасқыны, жанартаулар атқылауы, жер сілкіністері сияқты
апатты құбылыстардың зардаптарымен теңбе-тең, тіпті олардан асып түсетіндей
жағдайға жетті. Мұның өзі табиғи ортаның қалыптасқан заңдылығын бұзып,
биосферадағы энергия мен табиғи зат алмасуға теріс әсер етті.
Адамның табиғатты өзгертуі өте қауіпті экологиялық жағдайлар тудыруда. Атап
айтқанда, біріншіден, Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін өнеркәсібі
дамымаған мемлекеттер соғыстан кейін индустриялы даму жолына түсті. Осы
мақсатта адамдар табиғи ресурстарды игеріп, жаңадан зауыт, фабрикалар және
жолдар сала бастады. Өнеркәсіптің жаппай дамуы табиғатқа тиетін кері әсер
ауқымын кеңейтіп, жаңа кен орындарының ашылуы және игерілуі бұған өзіндік
үлес қосты. Бұл қоршаған ортаның ластануын күшейтті.
Екіншіден, дүние жүзіндегі демографиялық жағдай күрт өзгерді. Жер шары
халқының саны тез өсіп, 1700 жылы 620 млн. адам болса, 1850 жылы оның саны
1200 млн-ға жетті, яғни екі есеге артты. 1950 жылы жер шарындағы халық саны
2500 млн-ға жетсе, 1986 жылғы санақ бойынша халық саны 5 млрд-қа дейін
өсті. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша, 2050 жылға қарай дүние жүзі
халқы 11,9 млрд. болады деген болжам бар. Халық санының жылдам өсуі табиғат
байлықтарына деген ашқарақ сұранысты тудырды. Қазірдің өзінде табиғат
ресурстары (су, топырақ, пайдалы қазбалар, отын қорлары) өзін-өзі қайта
қалпына келтіре алмайтындай деңгейде пайдаланылуда. Бұл табиғаттың тозып,
бүлінуіне соқтыратыны даусыз.
Үшіншіден, қалалар мен олардың тұрғындарының саны тез өсуде. Егер 1900 жылы
қалаларда 300 млн. адам тұрса, 1950 жылы олардың саны 700 млн-ға, 1980 жылы
1800 млн-ға, ал 2000 жылы шамамен 3300 млн-ға жетті. Соңғы 100 жылдың
ішінде халықтың жалпы санының қалаларға тиесілі бөлігі 20%-дан 51,5%-ға
өсті. Осынша адамның шағын аумақта тіршілік етіп, қоршаған ортаға кері
әсерді ұлғайтуы қала мен оған жақын жерлердің қатты ластануына себепші
болуда.
Адамзат әр уақытта табиғатқа бағынышты болып, оның ресурстарын өз
қежіттілігіне жұмсап келген. Сонымен бірге адамдарда үнемі табиғатты
“бағындыру” арманы болған. Қалай болғанда да адамның табиғатқа, табиғи
ортаға деген көзқарасы болашақ ұрпақ мүддесі үшін тиімділікті, саналылықты
керек ететін көзқараспен ұштаса жүруі қажет. Табиғат ресурстарына баю мен
пайда табу көзі ретінде қарамау керек. Аз уақыттық табысқа бола оларды
ретсіз жұмсауға, қоршаған ортаны адамдар мен барлық тіршілік үшін зиянды
қалдықтармен ластауға болмайды. Ғылыми-техникалық прогресс адамдарды табиғи
ортаға әсер етудің ауқымды мүмкіндіктерімен және құралдарымен жарақтандырып
қана қоймай, сонымен бірге бұл ортаны сақтау мен қалпына келтірудің
тәсілдері мен жолдарын көрсетіп беруде. Адам баласына табиғи ортаны сақтау
мен оның ластануына жол бермеудің мынадай мүмкіндіктері белгілі. Олар:
ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік беретін қалдықсыз технологияны енгізу;
ортаның ластануын барынша азайту; су шығынын едәуір азайтуға мүмкіндік
беретін өндірістік суды тазартып, қайта пайдалану; топырақтың ылғал
жинауына және ауадағы атмосфералық газдардың тепе-теңдігін сақтауға
мүмкіндік беретін орман алқаптарын сақтау және қалпына келтіру; жылу мен
энергияны табиғи көздерден өндіру; жаңа технологияны пайдалану, т.б.
Адамзат баласы мұндай әдіс-тәсілдерді қолданған жағдайда жер шарының
тыныштығы мен байлығын сақтауға мүмкіндік аламыз.
Мамандар арасында да, экономистер мен экологтерді қоса алғанда, экологиялық
проблемаға деген ортақ түсінік жоқ. Бір ғана әрекеттің нәтижесін бағалау
кезінде қарама-қайшы, бір-бірін жоққа шығаратын пікірлер көп. Көбінесе
техникалық, экономикалық көрсеткіштерді талдау мен талқылау әдетке
айналған, ал бағдарламаның немесе жобаның экологияға қатысты жағын
анықтауға келгенде құлық аз. Табиғаттың үйлесімді құрылған дүние екендігін
және онда жүріп жатқан үдерістерге араласуға болмайтындығын ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Гидросфераның негізгі қасиеттері және оның экологиялық мәні
Ауыл шаруашылығын көтеруге байланысты туындаған экологиялық проблемалар
Табиғат пен адам арасындағы қарым-қатынас
Географияны оқыту
География – экология – қоршаған орта
Биология сабақтарында мектеп оқушыларына экологиялық тәрбие беру
Қазіргі күндегі экологиялық білім берудің географиялық негізі
Ландшафттану курсы туралы
Қазіргі жаратылыстанудың құрамдас бөліктері
Қазба - байлықтарының қалдықтарының үйлінділерін қалпына келтіру
Пәндер