ХАКІМ АБАЙДЫҢ ҒИБРАТЫ


ХАКІМ АБАЙДЫҢ ҒИБРАТЫ (БЕЛГІБАЙ ШАЛАБАЕВ ХАКІМНІҢ ҒАҚЛИЯСЫ МЕН ПУШКИН ЖӘНЕ АБАЙДЫҢ ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ РОМАНЫ ХАҚЫНДА)
Қажыбай А. Т.
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Абай Құнанбайұлы - ғасырлар бойына алалы жылқы, ақтылы қойын шұбыртып, қыс қыстау, жаз жайлау арасында көшпелі өмір кешірген қазақ халқының еркінен тыс бір сападан екінші сапаға ауысу процесі қауырт басталған, яғни орыс отаршылдығының зорлық-зомбылығының нәтижесінде өркениеттің өзге сатысына біржолата бет бұрған кезеңнің ғұламасы.
Оның ғұмыры мен шығармашылығы өткен тұс - «алды - жалын, арты - мұз» деуге тұратындай тұйықтаулы, соған сәйкес өліара, өтпелі заман. Кейінге қайырылар жол жабық, ілгеріден көрінген із көмескі еді. Расында да, қазақтар үшін бұл уақыт - «беймезгіл бір ауыр кезең», «тарихтың беймезгіл тығырығы» (Мұхтар Әуезов) беймезгіл тұс еді.
Батыс ойшылы Карл Ясперс: «Рух саласындағы аса ұлы құбылыстардың өткел ретіндегі мәні әрі аяқтау, әрі бастау болып табылады. Олар аралық міндетті атқарып, тек белгілі бір тарихи дәуірдің еншісіне ғана бұйырған ақиқатты айқындайды; ал мұның бейнесі адамдардың жадында өшпестей сақталады, бірақ ендігәрі қайталануы да, тыңнан тууы да мүмкін емес. Адамның ұлылығы, бәлкім, осындай өткелден өрбіп-өнетін болар», - деп жазыпты. Бұл тұжырымның Абай тұлғасын тануда да септігі тиеді. Себебі, ұлы ақынымыз қазақтың өзіне дейінгі бүкіл ішкі дамуының қайталанбас қорытпасы болуымен бірге, болашақтағы ел жайғасып-жайылар соны қоныс, тың өріске жол нұсқаған кемеңгері де еді.
Құдайберген Жұбановтың: «Абай - өз ортасының Данте сияқты адамы», - деп оның бойынан ренессанстық, тың реформаторлық сипат іздеуі әсте тектен-тек емес.
Абай жорықшы жыраулар жолын тұтынған дабыл мен дауылдың жыршысы болудан саналы түрде бас тартып, тіпті батырлықты идеализациялауды да мақсат тұтпады; өйткені отаршыл империяға қарсы қарулы қарсылықтың жағдайы өткендігін білді («Кетті бірлік, // Сөнді ерлік, // Енді кімге беттемек?»; «Батырдан барымташы туар даңғой») .
Абай өзі шығармашылық тұрғыда едәуір нәрсе үйренген (бұл жайында енді ғана еркін айта бастадық!), сонымен қатар сын тезіне салған (мұны бұрын да жазып жүр) зар заман ақындарының гөй-гөйінен де шығандап ұзап кетті; неге десеңіз, сол мезгілдегі азған жұрттың жексұрын кейпін жазғырумен шектелмей, келешекте бой көрсетер - ақын идеалындағы - жаңа тұрпатты қазақтың келбетін де көзге елестетті. Әдетте күрт бетбұрыстар кезеңінде адам баласының әп-сәтте кешегіден күдер үзіп, деп-демде жаңаға жүгіне қоюы оңайлықпен жүзеге аспайды. Абайдың байырғыны бес саусағындай біле тұрса да, «өткен өмір - көрген түсті» дәрежелеп- дәріптеуге, елжірете ежіктеуге ұмтылмауынан даналық, даралық ұстаным белгі береді. Бұрынғыны көзсіз көксемеу - ақынның кейде суреткерлік сырларының сыртында жататын, кейде олармен кірігіп кететін, елді тәрбиелеу, түзеу мақсатындағы ұстаздық миссиясының заман талабына орайласқан, аңғарыла қоймайтын астарларының бірі. Былайша айтқанда, бұл - дәстүрлі дағдыны бұзу, тың тарапқа сүрлеу тарту. Онсыз үлкен жаңалық жасалмайды.
Сонымен, Абай - қазақ халқының тарихи тағдырындағы екі сапалық кезеңнің арасындағы қылкөпірдей болған бейуақ тұстың ақыны.
Абайдың шығармашылық өмірі - қазақ әдебиеті тарихының кіндік тұтқасы. Сондықтан оның ақындық жолын зерттеу бүкіл ұлттық әдебиеттің даму, есею кезеңдерін саралаумен ұштасады . . . «Әр ұрпақ Абай жөнінде өз сөзін айтатын болады. Абайтану есігі кімге де болса, ойы мен пікірі бар оқырманның бәріне ашық», - деп академик С. Қирабаев атап өткендей, әдебиетіміздің алыбы, қазақ халқының ұлы перзенті Абай Құнанбайұлы - бүгінгі күні ғылымның әр саласына түрен салған ерекше кемеңгер. Ақын туындыларының даналығы тек қана көркемсөз өнеріне қатысты немесе әдебиет пен тіл көлемінде ғана емес, әлемдік философия, дінтану деңгейіне дейін көтерілді.
Бүгінде отандық ғылымның қай саласы болмасын жаңару, жаңғыру барысында өткенін екшей отырып, ұлттық мұрат-мүддеге орайлас тың ізденістерге бет бұруда. Бұл үрдіс ұлттық идеологияның пәрменді саласы - қазақ әдебиеттануына да тән. Оның тарихи тағылымы өткенді терістеу немесе бірыңғай қаралауда ғана емес, кешегінің өз құндылығын жоймаған озық дәстірін сабақтастық үрдісіне сай бойға сіңіруде. Мұның өзі қазақ әдебиеттану ғылымының тарихын толық қалпына келтіру талабынан туындаумен қатар, даму белестерінің идеологиялық кедергілерімен астасып жатқан күрделі ғылыми мәселелерін айқындай түсу қажеттілігін де көрсетеді. Бұл ретте абайтану ғылымының зерттелу, өрістеу тарихы төл әдебиеттану ғылымының жасампаз рухани формацияның эволюциясымен тығыз байланысып, ажырамас бірлікте көрініс табады. Өз дәуірінің үні, таңдайымен тасқа ойып таңба салған сөз сүлейі, әдебиетіміздің иесі де, киесі заңғар Абайдың тағылымды ғибраты, бай-бағылан мұрасы өткен ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің асылын жоймас рухани қазынасы ретінде танылғандықтан, әр кезең әдебиет зерттеушілерінің зерделеу объектісіне айналды.
Уақыт қиракездігінен көз жазып қалған талай аяулы арыстарымыз ақталып, туған халқымен қауышқанына біраз жылдардың жүзі болды. Десек те, қайта ашылып, дүниеге қайта келген алыптармен көзайым жүздесуден - бұрыннан халық мойындаған асылдарымызға уақыт жетпей, сәл кенже қалып бара жатқан секілді. Шынтуайтында қайта ашылған “жаңа” мен есесі толмаған, жете індетіліп болмаған “ескіні” қатар ұштастыра, жарыстыра, сабақтастыра жіті зерттер болсақ ұтатынымыз сөзсіз. Бұл орайда, әр буын қазақ ғалымдары ақи-тақи аштық, кәміл қалыптастырдық деген жеке ақын, жазушылардан бастап, тұтас-тұтас дәуірлерге дейін жаңа уақыт көзімен қайта қарап, дұрысымыз қайсы, бұрысымыз қайсы - соны бір ой елегінен өткізіп алмағымыз абзал. Өйткені, жете зерттедік, жекетану ретінде қалыптастырдық дейтін абайтану, махамбеттану, сұлтанмахмұттану секілді ілгері ілімдердің де күн тәртібіне көтерілген әлі де болса тың мәселелері туындап отыратыны заңды. Абайдың тұңғыш шежіреші-биографы Әлихан Бөкейхановсыз, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовсыз, олар жазған сын-зерттеу, арнауларсыз ұлы ақынды жіті таныдық деу, әйтпесе Халел Досмұхаметовсыз Махамбет ақынды, Жүсіпбек Аймауытовсыз Сұлтанмахмұтты зерттеп, танып білдік деу - ұшқарылық, ағаттық болар еді. Сондықтан Мұхтар Әуезовтің абайтануға, Қажым Жұмалиевтің махамбеттануға, Бейсембай Кенжебаевтің сұлтанмахмұттануға сіңірген еңбегін жеке-дара ілім қалыптастырған қайраткерлігін зор сүйіспеншілікпен бағалай отырып, аталған (аталмаған) ақын-жазушылардың асыл мұрасына да қайта бір оралып ыждағатты үңілу - қастерлі парыз.
Абай мұралары - қазақ әдебиетінің көп зерттелген әлі де небір құпиясы мол және әр қырынан бұдан да тереңірек зерттеуді қажетсінетін ғылыми үлкен салаға айналып отыр.
Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ ССР Халық Ағарту комиссары болып тұрған уақытта, халқымыздың әдеби мұрасына байланысты екі комиссия құрылғаны тарихтан мәлім. Біріншісі - Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының шығармаларының мұрасына жауапты болып М. Әуезов, ал, екінші - Сұлтанмахмұт Торайғырұлының әдеби мұрасын жинау, жетекшілікті жүргізу Ж. Аймауытовқа тапсырылады.
Кезінде ақынның мұрасын, оның өмірбаянын түсіндіру, талдау ісі отаршыл империяның және Кеңестік «орыстандыру» саясатының үдесінен ғана шығатын біржақты зорлықшыл партиялық тәсілдің ауқымында түсіндірілді. Өткен ғасырдың 20-жылдар мен 30-жылдардың алғашқы жартысы қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу кезеңінің басы боп, мол қиындықтармен айтыс-тартыстарға толы болғаны белгілі. Қазақ әдебиетінің тарихындағы көрнекті ақындар мен қазақ ғұламаларының басқасын былай қойғанда Ыбырай мен Абай феодал табының «шіріген бай-манаптарының» идеологтары немесе «миссионерлері» деп танылып, Шоқан шығармашылығын тану әлі қолға алынбаған болатын. ХІХ ғасырдағы “қарағай басын шортан шалған” зар заманның, ХХ ғасырдың алғашқы зілзала, зобалаң кезіндегі қазақтың сілкініп, оянған сәтінің, кеңестер дәуірінің қырық қырлы қырғынды күндеріндегі әдебиет шығармаларының да өзегінен ұлттық сананы, ұлт тағдырының арқауы көкірек көзіне оңай шалынады.
ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінің тұтас дәуірін айқындап тұрған шоқтығы биік, тұлғалы дарын Абайдың әдеби мұрасы, әлеуметтік көзқарасы, дүниетанымы деген мәселелер төңірегінде зерттеушілер арасында толастамас дауға айналған сәттер мол болды. Әсіресе социалистік реализмнің қазтабан нұсқасындағы әдебиет пен өнерге таптық схоластика көзқарасы, деректі социологиялық өлшемдері, тұрпайы социологизм әдісі тұрғысынан қатаң қарайтын уақытта Абайдың марқұм басын, дүркін-дүркін дауға салып, әрі итеріп, бері тартып дегендей әдебиетші-сыншыларымыз біраз әбігерленді. Бұл ұзақ сонар сонау 1920-жылдардың аяғынан басталып, күні кешеге дейін сары аурудай созылып келгендігі мәлім. Абай шығармашылығы турасында 1920-1930 жылдардағы пікір-таластардың жалпы күйін, хал-ахуалын дөп түсіріп, дәл айтып ашына, уытты сөзбен түйреген ірі абайтанушы М. Мырзахметовтың мына бір пікір пайымдауы дәлелдей түседі, «Абайдың әдеби мұрасының зерттелу тарихында 30-жылдардың соңына дейін орын алып келген тұрпайы социологиялық, формалистік, компаративистік жат танымдар мен РАПП-тың солақай саясаты үстем болып, пікір жүргізуі Абай мұрасын танып білу, зерттеу саласында басты кедергіге айналған келеңсіз құбылыстар көп зиянын, зардабын тигізіп, абайтану көшінің тарихи тура таным жолына түсуіне айтарлықтай тосқауыл жасап бақты». 30-жылдардың соңы мен 40-жылдары бұрынғыдан да күшейе түскен өктем саясаттың қатал қысымындағы әдебиеттің қасаң тартуының ішкі кілтипандары мен себептерін түсінуге болады. Зиялы қауым арасында әдейі тасталып отырылған жікшілдік оты, шегіне жете ушыққан таптық көзқарас зардабы, ұрандалып өткен кезеңдік науқандар мен саяси қудалаулар. “Саяси сенімсіз” деп танылып, “буржуазияшыл, реакцияшыл, алашшыл . . . ” т. т. “шылдардың” айдары тағылған тек Абайдың басына қиындық әкелген жоқ, сол уақыттың саясатымен біте қайнастым деген ғалымдардардың өзіне жайлы болмады. М. Әуезов сонау 20-жылдардың өзінде, Абай ұлтшыл буржуазия өкілі ретінде бағаланатын кезеңде, ақын мұрасына төніп келе жатқан қауіпті сезіп, оны “Ұлт ақыны” биігіне көтере бағалапты. М. Әуезовтің: « . . . революциядан бұрын Абай жөнінде ешнәрсе жазылмады, айтылмады деуге болмайды . . . Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған . . . Абайдың өмірі мен ортасын, еңбектерінің әр алуан сипаттарын, өз шамасынша, көпшілікке мәлімдеп отырған үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді, деректерді еске алуымыз керек», - деген сөзін қай кезеңге көз жүгіртсек те, жадымыздан шығаруға болмайтынын да түсінеміз.
Абай шығармаларын жинастырып, бастырып, зерттеу жұмыстарының басталғанына ғасырға жуық уақыт өтті. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін текстологиялық талдаудан өткізіп, канондық мәтіндердің жасалғанына да жарты ғасыр!
Абай мұралары жөнінде алғашқы жазба деректерді «Дала уәләяты» газетінен табамыз. Абайдың өмірі мен ақындығы туралы алғаш ғылыми негізде ой айтқан - Әлихан Бәкейханов десек, қателеспейміз. А. Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны», М. Дулатовтың «Абай», С. Нұржановтың «Наши поэты и литература», Екеудің (бүркеншік) «Абайдың өнері мен қызметі» және «Абайдан соңғы ақындар», Ғ. Сағындықтың «Абай», Ы. Мұстамбаевтың «Ұлы ақын Абай», Б. Кенжебаевтың «Абай» деген мақалаларын алғашқылар қатарында айрықша атап өтуге тұрарлық.
А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев, М. Дулатов, М. Әуезов, т. б. алып алаш арыстары іргесін қалаған, абайтану бүгінде өз алдына отау тіккен, көп іс тыңдырған, әдебиетіміздің тарихындағы дербес ғылыми сала.
Ең алғаш М. Әуезов, Е. Ысмайылов, М. Сильченко, А. Нұрқатов, Т. Нұртазин, т. б. пікірлері енгізілген «Абайды тану тарихынан» атты ғылыми тұжырымдар, зерттеулер жинағы шықты. Абайтану, әсіресе, 50-жылдардың орта шенінен бергі кезеңде ерекше қарқынмен дамыды. Атап айтқанда 1956 жылы жарық көрген Х. Сүйіншәлиевтің «Абайдың қара сөздері», Қ. Мұқамедхановтың 1959 жылы жарияланған «Абай шығармаларының текстологиясы жайында», А. Нұрқатовтың 1966 жылғы «Абайдың ақындық дәстүрі» атты ғылыми монографиялары абайтанудың тұңғыш ірі жетістігі деп бағалауға болады. Мұнан кейінгі уақыттарда да ақын шығармаларын әдеби жанрлардың әр қырынан қарастырған түрлі зерттеу кітаптары мен мақалалар, іргелі ұжымдық жинақтар басылып шықты.
Қазақ әдебиетінің іргелі, салиқалы саласы болып отырған абайтану ғылымының қалыптасу жолын зерттеуді көздеп, «Абайтану - менің өмірлік тақырыбым» деп жар салған ірі абайтанушы М. Мырзахметұлының бұл саладағы сүбелі еңбектері бір төбе. «Алыста болса іздеп тап, коренойға кіруге» деген ұлы ақынның өнегелі өлең жолдары абайтану саласына үлес қосқан әрбір әдебиетші - ғалым М. Мырзахметұлының терең де мазмұнды ғылыми ізденісіне негіз болса керек-ті. Ғалымның «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» (1982), «Абай жүрген ізбен» (1985), «Абай өмірі мен творчествосы» (1987), «Абайдың адамгершілік мұрағаттары», «Абайды оқы, таңырқа . . . » (1993), «Жүрегімнің түбіне терең бойла» (1995), «Әуезов және Абай», «Абайтану дәрістерінің дерек көздері» (1997), т. б. көптеген еңбектерін жариялап, «Абай», «Мұхтар Әуезов» энциклопедияларының ғылыми мақалаларын жазумен қатар 1977 және 1995 жылдардағы Абай шығармаларының академиялық толық толық жинағын жариялауға атсалысты.
ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен Абайдың 150 жылдығы рухани дүниеміздің жаңа белестерін ашып, ақын шығармаларымен қатар ұлттық әдебиетімізді де, ұлтымызды да әлемге танытқаны баршаға аян. Осынау айтулы мереке қарсаңында жарыққа шыққан елеулі еңбектердің қатарында З. Ахметовтің «Абайдың ақындық әлемі», Қ. Мұқамедхановтың «Абай және оның шәкірттері», «Абайдың мұрагерлері», Ғ. Есімовтің «Хакім Абай», Ә. Нысамбаевтың «Абайдың дүниетанымы және философиясы», т. б. кітаптарды атауға болады. Абайды әр қырынан зерттеген, соңғы жылдары шыққан еңбектер абайтануға жаңаша серпін әкелді деуге толық ғылыми негіз бар. Тарата айтсақ, М. Әліпханұлының «Құттың кілті - кісілік» (1997), А. Көбесовтің «Абайтану дәрістері» (2000), Т. Жұртбайдың «Күйесің, жүрек . . . сүйесің» (2000), Т. Шапайдың «Шын жүрек - бір жүрек», Б. Байғалиевтің «Абайдың өмірбаяны архив деректерінде» (2000) . Ұлы ақынның 160 жылдық мерейтойы да өз деңгейінде аталып өтті. Абай рухына әрдайым оралып, зерделеу тәуелсіз мемлекетіміздің табиғи үрдісіне айналды. Сондықтан да ақын ескерткіші Мәскеудің нақ ортасында мәңгілікке орын тепті.
Қазақ әдебиетінің тарихында 1995 жылы «Абай» энциклопедиясының шығуы мен Абай шығармаларының академиялық екі томдығының жарық көруі - абайтанудың жаңа бір белеске көтерілгендігінің айғағы. Ғылыми зерттеулердің жаңа деңгейге көтерілгендігінің тағы бір белгісі ретінде «Қазіргі Абайтанудың өзекті мәселелері» (2002) ғылыми жинағы шықты және сонымен қатар Абай мұраларынан ондаған кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды.
Абай шығармаларын зерттеу жұмыстары қилы кезеңдер мен қиын асулардан өтіп, талай зор табыстарға жетсе де, ақынның төл мұраларын еркін елге тән жаңа көзқарас тұрғысынан сараптап, мәтіндерге кеңестік идеология «күйесінен» толық арылтатын дәйектігі текстологиялық талдау жүргізу кемелденді деуге әлі ертерек. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» демекші жаңа мыңжылдықта ақын мұралары дәуір өзгерістерімен үндесіп, тың мазмұн, соны сипаттарға ие болуда. Бұл орайда Абай шығармалары замана талабына сай ғылымның түрлі салалары бойынша зерттеу көзіне айналып, жаңа қырларымен танылуы көңіл қуантады. Абайдың дүниетанымы мен әлеуметтік көзқарастары бүгінгі күн мінберінен зерделеніп, қоғамдық пікірталастардың азығына айналуда. Әсіресе, философ ғалымдар өздерінің кеңестік саясаттың уысында кеткен үлесін толтыруға құлшына кірісті. Белгілі себептермен уақытында түбегейлі зерттеліп, білікті ғалымдардан тиісті бағасын алып үлгермеген Абай әлемінің ашылмаған сыры әлі көп. Кеңестік және қазіргі дәуірдің ғалымдары Абайдың адами көзқарастарында орыс зиялыларының әсері (Крылов, Пушкин, Тютчев, Белинский, Герцен, Лермонтов, Тургенев, Полонский, Фет, Некрасов, Салтыков-Щедрин, Толстой, Чернышевский, Добролюбов, Писарев, Бунин, т. б. ) мол десе, зерттеушілердің бір тобы оны «грек философтары және батыс ойшылдары мен классиктерінен үйренген» (Тит Лукреций Кар, Аристотель, Платон, Сократ, Софокл, Эсхил, Декарт, Спиноза, Гегель, Шопенгауэр, Фейербах, Джон Стюарт Милль, Дарвин, Спенсер, Бокль, Гомер, Шекспир, Лесаж, Гете, Шиллер, Скотт, Беранже, Ирвинг, Байрон, Купер, Мицкевич, Бальзак, Дюма, Лонгфелло, Гарриет Бичер-Стоу, Брет-Гарт, т. б. ) дейді; тағы бір тобы «ол шығысшыл ақын» (Мұхаммед Хорезми, Әбунасыр әл-Фараби, Әбурайхан әл-Бируни, Әбуғали Ибн Сина, Әбілқасым Фирдоуси, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн, Иүгінаки, Омар Һайям, Бақырғани, Сағди, Рашид ад-Дин, Рабғузи, Сайф Сарай, Ибн Хальдун, Науаи, Бабыр, Физули, Шамси, Сайхали, Әбілғазы, Сағди, Хожа Хафиз, Ат-Табари, Рабғузи, Әбілғазы Гафури, Хусайн Байқара, Мұхаммед Салық, Мұхаммед Ғабдуху, Жәлел ад-Дин Ауғани, Шаһабуддин Маржани, Рашидаддин, Софы Аллаяр, Әбдул Баһир, Әл-Журжани, Халил ибн Ахмад, Жаһіз, ибн Рамик, Жәми, Имам Газали, Жүсіп Қарабағи, т. б. ) дегенді айтып жүр. Соңғы кезде ақынның діни-әлеуметтік философиясына да біржақты баға беріліп, тіпті, үстірт, теріс пікірлер де байқалып қалды.
Қысқасы, Абайдың дүниетанымы жайындағы ғылыми-қоғамдық пікірталас басталып та кетті. Тек «Әттең, Әуезов болғанда» деген өкінішті тіркес ойыңа еріксіз түседі. «Әттең» дейтініміз 60-жылдарға дейін Абайды идеалист, діншіл, буржуазиялық ойшыл дейтін сыңаржақ пікірдің үстем болғаны жасырын емес. Осы мәселе жайында академик С. Қирабаевтың, «Идеологиялық қыспақ Мұхтар Әуезовтің Абай туралы зерттеулеріне де белгілі дәрежеде әсер еткені оның әр жылдар жазғандарын салыстыра қарасаң, анық көзге шалынады. Осы жағдайлар қазір ұлттық әдебиеттің негізгі даму кезеңдерін, Абайдың осы процестегі орнын бүгінгі тәуелсіз елдің мұрат-мақсаттары тұрғысынан байсалды зерттеуді қажет етеді» [1, 31], деген орынды да, ойлы пікірлері бұл сөзімізді растай түседі.
Қазақтың ұлы ақыны, терең ойшылы Абай есімі заман өткен сайын биіктеп, Абай десе, елең етпейтін жан, селт етпейтін көңіл, сөйлемейтін тіл болмайтындығы бұл күнде ақиқатқа айналып отыр. Ол жайында айтылмаған ән, оқылмаған жыр, жазылмаған дастан бар болса, оның орнын өскелең ұрпақ, келер дәурен толтырмақ. Уақыт керуені жылжыған сайын Абай поэзиясы, Абай үні, Абай салған сара жол сан қырынан жол ашып, оқырманын таңқалдыруда.
Абай сөзі - халқымыздың рухын асқақтатып, айдай әлемге тарады. Ал абайтанудың алғашқы асулары өткен ғасырдың басынан-ақ бастау алған болатын. Абай хақындағы алғашқы дуалы сөзді елдің азаттығы мен рухани бостандығын көксеген Алаш көсемдерінің бірегейі - Ә. Бөкейханов айтқан еді. Ол А. Құнанбаев дүниеден өткеннен кейін өз қолымен қазанама мәтінін жазып, «Семипалатинский листок» газетінде жариялаған [2] . Ақиқатына жүгінсек, қазанама Ә. Бөкейхановтың Абай тақырыбына алғаш қалам тартуы емес. Осы орайда белгілі әдебиетші ғалым Ж. Ысмағұловтың мына бір пікірі Алаш қайраткерінің шын мәнінде абайтану ілімінің негізін салушы ретіндегі өзіндік еңбегін айғақтай түседі: « . . . Егер бұдан бұрынырақ, ақынның көзі тірісінде, 1903 жылы қазақ өлкесі туралы Петербургте басылып шыққан анықтамалық кітапта халқымыздың жалпы рухани мәдениеті жөнінде толғана келіп, жаңа әдебиетінің төлбасы ретінде Абай атына айтқан сындарлы ойлары мен байсалды бағалауын еске алсақ, Ә. Бөкейхановты ұлы ақынның алғашқы шежірешісі және зерделі зерттеушісі деп бағалауға толық негіз бар деп ойлаймыз» [3, 4] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz