Шеберлік өнегесі



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 15 бет
Таңдаулыға:   
Шеберлік өнегесі

Әр тарихи кезеңнің ашылар, ақтарылар орайы бар. Осы орайда әйгілі
саяси қайраткер, ағылшын публицисті Эдмунд Бёрктің: Тарих өлгендер мен
тірілердің және әлі дүниеге келмегендердің үйлесімді бірлігі деген
пікірінің тамыры, тарихымыздан алар тағылымның қалың қатпарын көрсетсе
керек. Әлімсақтан адамзат баласы өткені мен бүгінін, болашағын білуге
ынтазарлықпен ұмтылады. Тірліктің ұзынтұрғасын қас пен көздің арасымен
өлшеп-межелеп, өтпелі өмірді қамшының сабындай қысқа ғұмырға балап, әр
күнін еске түсіріп отыратын арғы-бергі ақылгөй, дана бабаларымыз да, өлі
риза болмай тірі көгермейді дей келе, тірілердің несібесі, өлілердің
разылығы, келер ұрпақтың игілігі үшін өткенді бағдарлап-байқап, кесіп-пішіп
жөн айтады. Ұлылары мен заңғарларын бірде асқақтатып төбесіне көтерсе, енді
бірде сау тамтық қалдырмай жер етеді.
Ертеңге ұмтылған, келешектен үміті барлар өткеннің сабағын ұмытпайды.
Алға ұмтылудың алдында өркениет өткеніне жалтақтай қарап алады. Бұл ретте
халқымыздың рухани қуатын, толайым болмысын дәуірлетіп дүйім дүниеге паш
еткен, өміріміздің ілеспе шежіресі, айнасы іспеттес толғауы тоқсан төл
әдебиетіміздің тарихын, әдеби мұрасын, оны жасаушы ақын-жазушылардың ерен
еңбегін бағалау, өмір деректері мен шығармашылығын мәтіндік тұрғыдан танып,
зерттеп, ғылыми жүйеге түсіру т.б. жөніндегі теориялық тұжырымдары, ойлы
пікірлері, сөз жоқ, бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымы үшін аса құнды.
Есесіне отандық әдебиеттанудың өшпес мұрасын жетілдіріп ширатқан ойшыл
ғалымдарын, соны байыптап таразылаған сарабдал сынның сардарларын, тілдің
барша байлығын сапырып, асылын ақтарып, түпнұсқаның қарпін емес, автор
ойының рухын жеткізуде еселей тер төккен кәсіби аудармашыларын зерікпей
зерттеу мен дәріптеу ісі де аса өрелі де жауапты міндет екені мәлім.
Әдебиеттегі қордаланып қалған нышандарды еңсеру жолында өткеніміздің
жақсысын саралап, өшкенін жаңғырту, сөйтіп ұлттың рухани бет-әлпетін, дәуір
дидарын айқындап отыру мәселесі бүгінде келелі үрдіске айналып отыр.
Қазақ әдебиетінің, әсіресе ұлттық көркем сын мен әдебиеттану
ғылымының кеңес дәуіріндегі аужайы сөз болғанда алдымен әдебиет әлемінің
заңғары Ғабит Мүсіреповтің бір кездері сүйіспеншілікпен атап көрсеткен
алыптар тобының ауызға алынары – еш талассыз жайт. Есімдері ел есінен
кетпес саналы өмірлерін руханият кеңістігін қорғауға, әдебиетіміз бен
тіліміздің өрістеп, өркендеуіне арнаған, халқымыздың жан сүйіспеншілігіне
ерекше бөленген, елдіктің ерен биігіне көтерілген, кескекті дәуір сомдаған
кесек мінезді алыптар тобы, әлбетте терең толғаныстарға жетелейді. Осынау
алдыңғы буын ағалардың ізін суытпай, жолын қаузалай індеткен, алыптар
тобы атанған кешегі Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Мұхтар, Ғабит,
Ғабидендердің өкшесін баса әдебиеттегі қадамын әуелде өлең, фельетон,
очерк, әңгіме жазудан бастаған білікті ғалым, кемелді сыншы, тәжірибелі
аудармашы, көрнекті жазушы, ұлағатты ұстаз Белағаңның, Белібай Шалабаевтың
есімі ол күндері де, бұл күндері көпшілікке жақсы таныс. Бұл кесімді
пікіріміз әдебиет сүйер қауымның құлағына тосын естіле қоймас.
Әдебиеттанудың еңбек торысы, ғұлама ғалымдары атанған Бейсенбай
Кенжебаев, Мұхаметжан Қаратаев, Есмағамбет Ысмайылов, Айқын Нұрқатов,
Темірғали Нұртазин тәрізді Белгібай Шалабаев та өткен ғасырдың сонау
отызыншы жылдарынан бастап әдебиетке аса бір ерен құлшыныспен белсене
араласып, бар білімі мен қабілетін жастарды тәрбиелеу мен әдебиетті
дамытуға қалтқысыз арнауды мақсат тұтты. Сол ізгілік жолында білек сыбанып
аянбай еңбек етіп, ақыл-ой, парасатымен, бауыр бастырып үлгерген көптеген
ғылыми-зерттеу еңбектерін, құлаш-құлаш сын монографияларын, кәсіби көркем
аудармаларын және қадау-қадау беллетристикаларын жазып қалдырды да.
Жазушының шынайы суреткерлік бейнесін қалыптастырған аз болса да, саз
боларлық көркем шығармалары әлі күнге дейін арнайы зерттеу жұмысына өзек
бола қоймаса да, жекелеген оқу құралдары, анықтамалықтарында орын алған бас-
аяғы шағын, келте піш мақалаларда, жайдақ аннотацияларда ауызға алынады.
Аталмыш олқылықтың орнын толтыру мақсатында мақаламызда Б.Шалабаевтың
жазушылық келбетін Һәм қаламгерлік рухын танытқан толымды туындысы Өмірде
не болмайды повесінің шығу төркіні, егжей-тегжейі мен ондағы троп пен
стильдік фигуралардың кейбір түрлері төңірегінде ойымызды пайымдау
барысында бүгінде бір жақты күсталана бастаған таптық-идеологиялық
бағыттағы социалистік реализмнің қазтабан нұсқасында жазылған кеңестер
әдебиетіне деген оқырман қызығушылығын оятуға бір мысқал болсын игі әсерін
тигізуін қаперде ұстап отырдық. Біздің бұл шағын ой-толғау мақаламыз
осындай дүниелердің кәдесіне асса мақсатымыз орындалды деп есептейміз.
Біз Кеңес заманын жоққа шығара алмаймыз және сол кезеңде туған әдеби
шығармаларды да бостандықты, азаттықты жырлағандықтан бағалай білуіміз
қажет, – деген академик Зейнолла Қабдоловтың осы әділ сөзінде Б.Шалабаев
талантының табиғатын тамыршыдай тап басу бар. Сонау Кеңес Одағы деп аталған
алпауыт елдің ізгілік мұрат-мүддесі үшін істеліп жатқандардың қай-қайсысына
да көзсіз беріліп, жанын шүберекке түйген жанкештіліктің бейкүнә қалпында
өмірден озған аталарымыз бен әкелерімізді жазғыра алмайтынымыз сияқты,
қазақ кеңес әдебиеттанудың іргесін қаласқан, салиқалы көркем шығармаларды
тудырған ғалым, сыншы, жазушы Б.Шалабаевтың да байтақ еліміз ұстанған саяси-
идеологиялық бағыттарын, асыл идеяларын өз ізденісінде төтелей темірқазық
еткен қапысыз сенімін қасандыққа телу, қаламынан шыққан туындыларын жалған
бағыттағы жәдігөй әдебиетке теңеу, әрі қойғанда әбестік, бері қойғанда
өрескел қателік болар еді. Әдетте біткен іске сыншы көпті негізге алып,
қай-қай заманның да қойнауынан туған шығарманың оғаш тұстарын шырақ ала
іздеп, ай-қап! дейтін көне таптауырынға біле тұра барғымыз келмейді.
Сондықтан да, заман талқысына түсердей-ақ түсіп көрген жазушы Б.Шалабаев
турасындағы толғанысты машан сыншылардың шалғынына орақ салуды артық
көреміз.
Әрбір жазушы өз кезеңінің перзенті болғандықтан да сол кезеңнің кескін
кейіп, болмысын суреттейді. Сол өзі ғұмыр кешіп жатқан кезеңдегі
өзгерістерді шығармаларына арқау етуге тырысады. Осы тұрғыдан академик
Р.Нұрғалидың: Шығарманы бағалағанда суреткер дүниетанымын қалыптастыру
кезеңдерін ескеру шарт" (1. 188( – дегеніне баса назар аударғанымыз жөн.
ХІХ ғасырдағы қарағай басын шортан шалған зар заманның, ХХ ғасырдың
алғашқы кезеңіндегі қазақтың сілкініп, оянған сәтінің, Совет дәуірінің
қырық қырлы қыртысты, қанды қасап қырғынды күндеріндегі әдеби
шығармаларының да өзегінен ұлттық сананың, ұлт тағдырының арқауы көкірек
көзіне оңай шалынады. Кеше ғана аяқ-табағы араласып, айрандай ұйып отырған
елдің Кеңес өкіметі орнағалы бір-біріне қарадай жауығып, ағайын арасынан
дұшпан іздеп, қатыны шөміш алып шошаңдаған, еркегі бақан алып бауырлаған
заманның бір көрінісі отызыншы жылдардың Сталиндік репрессия дауылы тұсында
жазылған Б.Шалабаевтың повесінен ол қилы кезеңнің өліара шырғалаң шағын,
ауыр нәубетті зобалаң дертін, қиын-қыстау салдарын аңғара бермейміз. Себебі
ғалым айтқан сол кезеңнің замана тынысын ескеруіміз қажет. Репрессияның екі
иінін жұлып жеп тұрған озбырлы тұсында талай шаңырақ шайқалып барып,
ортасына түсіп, талай ошақтың ойраны шыққан, ұядай отбасы азып, бала-шаға
шілдің қиындай тозып, зұлматты дәуірдің дауылды толқынына ілесіп, әр қиырға
бас сауғалап кеткен, әкеден бала, баладан ана безген кезең еді ғой бұл.
Аштық пен жалаңаштықтың ұрығын сеуіп большевизмнің қолдан жасаған қызыл
қырғынды террорынан, қынадай қырып жатқан қарақуырдақ қасабынан
тоталитарлық жүйеге жан-тәнімен берілген үгіт-насихат рупорларының өзі де
қағыс қалмаған тұста, былай жүрсе – арбасы сынады, былай жүрсе – өгізі
өледі, екі ортада өзі де тынады демекші, жағымсыз болса жоқ деп айта
алмайтын, жағымды болса тоқ деп айта алмайтын құбылыстың дәл үстінен түсіп,
төбесін ойып жеткізген Белағаң сияқты әдебиетті қапысыз таныған адамдардың
сол тұстағы бадырайып тұрған қоғамдық-саяси фактілерге қарап жатпауының бір
себебі осыдан деп білеміз. Белгілі дәрежеде объективті себеп-салдар да жоқ
емес еді. Алты алаштың абызы Жүсіпбек Аймауытов ұлы ақын Мағжанның
ақындығы туралы айта келіп: ... ақынның ақындығын үстінен қарап топшыламай,
ішінен кіріп зерттеу (изучать ету) керек... Ақын қандай әлеумет ортасында
туып, қандай ортада жүріп тәрбие алды? Қандай тұқымынан, қандай таптан
жаралды? Оның пікірі де сол, әлеуметтің құрылысына байланысты... әр адамның,
әр ақынның өрісі – заманға, екінші – туып өскен әлеуметіне, үшінші –
нәсіліне (тұқымына) байлаулы. Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын
кимеске, өз әлеуметінің мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді жоқ (2.
400-402( деп, Мағжанның қарымта сөзін қоштайды: Біздің міндетіміз –
өткенді аударып, ішінен көрнектілерін аршып ала білу, кешегі милы қазақтың
ескісіз жаңа болмайды деген мәтелін киімнің қолтығына ғана қамап қоймай,
балапан әдебиетімізге де қабыстыру (2. 340(. Ағынан жарылған ұлт
көсемдерінің бұл сөздеріне біздің алып-қосарымыз жоқ.
Алпыс жыл деңгейіндегі әдебиеттің ыстығы мен суығына араласып келген
Б.Шалабаевтың көркем дүниесінің тақырып аясы мейлінше кең, әрі әр алуан.
1930-шы жылдары жиырмалардағы арман арқалаған сал жігіттің баспасөзде жылт
еткен тырнақ алдысы Біздің артель, Түн құшағында, Пионерлер маршы,
Тыңда, Октябрь ұлдары, Октябрь ұлына сәлем, Социалистік құрылыс,
Көктемнің алғаш күндері, т.б. өлеңдерінен, Желмаяға міну, Тоғайда,
Құрмаш әкесін қалай алдады, Әдебиетке құмарлық әңгіме, очерктерінен
қайырғанда ұзақ жылғы шығармашылық жолында қаламгер эстетикалық әсері күшті
сан қырлы көркем образдарды кестелеп, сан алуан тақырыптарды қозғады. Өлең,
әңгіме, очеркпен әбден шыңдалып келген ол бірте-бірте прозаның күрделі де
қиын жанры – повесть жолына түскен. Повестің қыр-сырын дөп басып, ұңғыл-
шұңғылын терең білетін ірі сыншы В.Г.Белинскийдің: Былайша айтқанда,
драмаға арқау бола қоймайтын, романға тапшылық ететін, бірақ ғасырлар бойы
бастан кешіріп болмастай жәйттерді қас-қағым сәттің өзіне шоғырластыратын
терең мәнді оқиғалар, жағдайлар болады; повесть осындай құбылыстарды алады
да, өзінің тар шеңберіне сыйғызып жебереді (3. 112( деген повесть жанры
жайында айтылған дәл де дәйекті пікіріне осы жанрдағы Б.Шалабевтың Өмірде
не болмайды шығармасы жауап бере алатынына көзіміз жетеді. Автордың
идеялық бағыты анық, эстетикалық мұраты айқын, көркемдік дәрежесі биік те
бедерлі, мазмұны бай әрі мағыналы.
Алғашқы нұсқасы 1932 жылы Әдебиет майданы, қазіргі Жұлдыз
журналының бірнеше сандарында жарияланған Тайжеген тауында повесі кезінде
оқушы қауымның зор ілтипатына бөленген еді. Онан бері араға ширек ғасыр
мерзімін салып барып шығармаға қойылатын тілек, талаптардың өзгеруіне
байланысты автор повесті бұрынғы олпы-солпы, артық-кемді ағат тұстардан
арылтып, тың тарауларды қосып қайта өңделген нұсқасын Өмірде не болмайды
деген жаңа атпен 1961 жылы повесть, әңгімелердің жеке жинағына енгізеді.
Кітапқа енген басқа көлемі қысқа Тұлпар жасқа толды, Минутта орнаған
мәдениет, Мұхит жорығында, Нұрлан мен Нұрыш, Үш айқас, Бригаданың
бастығы сияқты суреттеме, сықақ әңгімелерде бала мінезін дәл беретін
ұтымды диалог, отанын қорғаған офицер естелігі, кең далада мәдениетті бір
минутта орнатпақ болған асыра сілтеуші т.б. жайлы сөз болады.
1960 жылдардың басына дейін кеңес әдебиетінің схематизмге,
жылтырағанға, жалаулатуға құрылған екпінді туындылары мен екпінді
кітаптардың бағы жанып тұрған кез болатын. Эстетикалық талаптардың өзі
көбінесе ұраншылдық, ақпаратшылдық, арзанқолдық сияқты тұрмыстық
категориялар пәлсапасына негізделген тұста, шынайы характерлер қақтығысы,
тағдырлар тартысына толы шығармалар ілуде бір әрі некен-саяқ қана
кездесетін. Өмірде не болмайды повесі өз кезеңінің жоғарыдағыдай кінәрат-
сырқаттарына шалдыққанымен дені сау, көркемдік ет-сүйегі шынайылықтан
жаратылған шымыр, шыншыл туынды болып шықты. Жазушының қолтаңбасы
жарқырауық, жылтыр сөздерге әуестілігі жоқ, қарапайым ой өрнектерімен
танылды. Ол – таяз емес, терең иірімдерінің зәкіршісі, лирикалық әрі
романтикалық шегіністер шебері. Повестің бірқатар негізгі кейіпкерлері
тарихта болған адамдарға ұқсайды. Тіпті шығарманың бас қаҺарманы – Мақсұт
автордың төл прототипіне айналатын тұстар да жоқ емес. Кейбір сюжеттік
желілер мен қисындардың өмірден алынғандығы, өмірбаяндық әуендердің сыбызғы
сазы шығармаға өзгеше әсерлік, сенімділік дарытқан.
Повестің қат-қабат тартыстарға толы, шытырманы мен шырғалаңы мол
сюжеттің бір үзіндісі Жекпе-жек деген атпен Социалистік Қазақстан
газетінде 1960 жылдың 18 қыркүйек санында жарық көргенін оқырманның дені
біле бермес. Жазушының көркем библиографиясына ат үсті, салғырт қараудың
салдарынан зерттеушілер Жекпе-жек үзіндісін Б.Шалабаевтың бөлек әңгімесі
деп қарастырып келуде. Тіпті 2004 жылы Ана тілі баспасынан жарық көрген,
Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр сынды беделді анықтамалығында: Прозашы
ретінде 1932 жылы Әдебиет майданы (қазіргі Жұлдыз) журналы бетінде
Тайжеген тауында атты повесімен көрінген. Кейін Жекпе-жек (1936)
повесі, Өмірде не болмайды әңгімелер мен фельетондар жинағы жеке кітап
боп шықты деп жазылған. Бұл аңдатпа ақпаратқа илансақ, Жекпе-жегіміз
повесть, Өмірде не болмайды әңгімелер жинағы, ал Тайжеген тауындамыз өз
алдына бір төбе шығармасы болып шығады. Егер әр жазушының кез келген
көлемді шығармасынан қолдан бірнеше шығарманы туындатып, бөлек-бөлек
жанрларға теліп, дара айдар тағып, азан шақыртсақ нақты дерекке мін
болмақ. Бұдан Белағаңның абырой-беделі арта қоймасы мәлім. Сондықтан бұл
жерде зерттеуші қауымның құлағына алтын сырға айтылар ұзын-сонар сөздің
қажеті жоқ екендігі өзінен-өзі түсінікті.
Сөйтіп уақыт үкімінің елеуінен өтіп, сүргіленіп барып талғамы зор
оқырманның тілегіне орай өңделіп шыққан Өмірде не болмайды шығармасы
көлемі, композиция жағынан сәл-пәл өзгерістерге ұшырағанымен повесте
алғашқы жарық көрген уақыттың рухы, боямасыз қалпы түгел қалпында
сақталған. Бұл жөнінде автор әңгіме желісін былай сабақтады: Сүйікті
қаһармандардың тұлғасын толығырақ ашу үшін М.Горький айтқандай жексұрын
кейіпкерлерді әлсіз етпеуге тырыстық. Колхоз құрылысының айлалы да залым
қас жаулары Өзербай, Таутұйғын, Сайқал, Үсендер өздеріне лайықты қашқындық,
қастық ұсақ әрекеттерімен шығармадан тиісті орын алды.
Оның есесіне қасқайып, қиыншылық атаулыға қарсы тұрған жаңа өмірді
жасаушылардың образын салмақты да нанымды, үлгілі де ұстамды дәрежеге
көтеруге тырыстық. Коммунист Мақсұт, комсомол Мүсілім, студент қыз Ажар,
екпінді колхозшы Әбіш, жылқышы Дүйсен бейнелерінің қалай жасалғаны жайында
әділ баға беретін оқушы жұртшылық. Шығармадағы басты мәселе колхоз өмірінің
алғашқы адымындағы түрліше қайшылыққа толы тап тартысымен жаңаның ескіні
жеңіп шығуы (4. 190(.
Повесть қазақ топырағында алғаш артель құру, ұжымдастыру дәуіріндегі
шиеленіскен тап тартысын, сол тартыстағы жаңашыл жастардың саналы ерлігін,
қажырлы күресін, әрі тартымды, әрі нанымды суреттейді.
Колхоз құрылысының қитұрқы да залым қас жаулары Өзербай, Үсен,
Таутұйғын, Сайқалдар өздеріне лайықты қастық, қашқындық қимылдарымен жан-
жақты қамтылады. Бірақ, олардың әрекеттері ұсақ. Алды-арты тірексіз,
қолдау, қоштаудан ада, мекенінен айырылып, тау арасын тұрақ еткен тағылық –
олардың ендігі қалған тіршілігі. Дауыл көтерген бөлтек бұлттай қашып жүріп,
қаҺарын тиіп-қашты төгіп кетері бар. Мұндай мардымсыз бүлік халықты оқта
тек қиналтпаса, қиратпақ емес.
Повестің негізгі кейіпкері – кең байтақ қазақ жерінің бір түкпірінде
алғаш артель ұйымдастырып, сол артельді іргелі ұжымға ұластыруға жан-
тәнімен беріліп жүрген Екібастұз шахтері, коммунист Мақсұт. Салмақтылық,
пайымдылық, төзімділік, ұйымдастырушылық қабілет – бәрі де осы Мақсұтқа тән
қасиеттер. Жауапты басшылыққа Мақсұт бірден келген жоқ. Ол талай асу, талай
сыннан мүдірмей өткен. Көп жыл бойы жер астында шахта қайлашысы болып
істеген бұл бейнетқор адам кейін колхоз ағасы болады. Басқа колхоз
басшылары бейқамдықта жүргенде, Мақсұт қыс түсісімен соқа түзеттіруге
кірісіп, өзі басшы бола тұра, қолына күрек алып, артель мүшелерімен бірге
аңызға қар тоқтату ісін жүргізеді. Қар суы егінге жаз бойы азық болмайды
деп, тоған қаздырып, су келтіреді. Жайқалып астық та піседі. Іле-шала
Тайжеген колхозы егінін ерте бітіріп, мемлекетке астық өткізу жоспарын
артығымен орындап, ауданнан пүлішке оқа ұстаған алтын шашақты туды сыйлыққа
алады.
Колхоз табысына іші күйіп, қызғана қарайтын Өзербай, Үсендер Мақсұтқа
тұзақ құрып бағады.
Мақсұт – білімді, жаңашыл адам. Әйелдер қауымын тұңғыш рет ұлы іске
батыл тарта бастаған да осы Мақсұт.
Колхоз игілігі жолында Мақсұт дара емес; жастар ұйымының хатшысы
Мүсілім, еңбекқор Әбіш, мұғалім Ажарлар Мақсұтқа ұшса – қанат, қонса –
құйрық дегендей, бір тілекті елгезек жандар. Колхоз мүлкін қызғыштай қорып,
еңбекті жандандыратын да осы колхоз актив-белсенділері.
Повестегі Өзербай, Үсен, Таутұйғын, Сайқал, Бүлік – бірін-бірі
толықтыра, дамыта түсетін ұнамсыз, бүлікшіл антиқаҺармандар. Бәрі де жүздеп
жылқы, мыңдап қой өргізген, халықты қан қақсатқан бай тұқымдары, малын
конфескілеген кедейлерден қарымта кек алуды армандаған қарақшы, содыр топ.
Бұлардың ұрлық-қарлық жолы повесте нанымды баяндалады.
Жеті жасар Таутұйғыннан әкесі:
– Тәуке, өскенде кім боласың? – деп сұрағанда.
– Ұры боламын, – деп жауап қайыратын.
– Менің құрығымды басқа ұстамаса болғаны, – деп мадақтап күлумен
болатын әкесі (4. 127(.
Тумасынан ұрлықты қалап алған Таутұйғын сертіне жетеді, барымташыға
айналады.
Повестегі кесек тұлғаның бірі – Ажар қазақ қыздарынан ұлы дүбірге жан-
тәнімен қатысқан жан. Ажар – автордың үлкен табысы. Ол – ошақ қасы,
отбасынан ұзап шыққан, ауыл мәдениетінің алғашқы қарлығашы. Кезінде әкесі
мезгілсіз жау оғына ұшырап, жетім қалған қыз кеңес заманында жетімдік
көрмей, институтта оқып білім алған. Соңынан ауылға келіп балғындарды
мәпелеп тәрбиелеп жүрген ұстаз Ажарды енді бірде трактор рулінде көреміз.
Кедей қызы Ажардың жаңаша киініп, қолына кітап алғаны, оның көркі мен
жан сұлулығы Өзербайлардың өзегін өртейді. Тіпті оны жаулар ұрлап та
әкетеді. Ол ұрылардың қолына түскенде, ақылдылығы мен парасаттылығын айқын
аңғартады. Бұл көріністі жазушы былай сипаттайды: Ажардың Бүлікті іш
тартуында бір сыр бар. Кім болса, соның қол шоқпары болып жүрген сорлы, осы
жүрісінің не екенін өзі де сезбейтін болар. Мүмкін, мен айтсам, түсінер.
Мүмкін, осы қанды қақпаннан құтылуыма да көмектесер. Өмір бойы адам
баласынан жылы шырай көрмеген Бүлік Ажардың көз жанарынан жалт еткен от
ұшқынын сезеді.
Тамаққа шақырған кезінде, көптен үн қатпай отырған Ажар, бұл жолы үн
қатты.
– Сенің атыңның Бүлік емес, Бүркіт екенін де білемін... Өкінемін...
– Неге? – деді томсарып отырған жігіт.
– Бүркіт болып туып, қарға болып өлу деген, ер жігітке қандай жаман!"
(4. 146(.
Міне осы эпизод арқылы автор Ажар қыздың Бүлікті жөнге жетелегенін
көрсетеді. Батыр тұлғалы мерген, кедей жігіт Бүлік – адасқан жан. Жаңаны
түсінбей, ұрлық жолына түсіп, аяулы әкесінің азан шақырып қойған Бүркіт
есімінен айрылып, баукеспе ұры Бүлік атанады. Автор Бүлікті Ажар арқылы жат
кәсібінен бездіріп, адал жолға түсіреді. Өмірде не болмайды? Сүрінбейтін
тұлпар, жаңылмайтын жақ, жаза баспайтын сұңқар бар ма? Адасқанның айыбы
жоқ, қайтып үйірін тапқан соң, – деген. Мен Ажардың бәрін-бәрін түсіндім...
Оның Бүркіт болып туып, құзғын болып өлейін деп жүрсің бе, – деген сөзі
қатал үкімдей тиді маған (4.150(, – дейді Бүркіт. Шығарманың негізгі өзегі
де осы еді. Осынау көкіректі кере шыққан қарапайым сөзде бүкіл толғауы мың
тірлік пен бұлтарысты болмыстың қадыр-қасиеті бір-ақ ауыз сөздің қауызына
сайып тұр. Өмірде не болмайды... бұл жазушының өзіне де, өзгеге де қатал
сынмен қарайтын кірпияз кейіпкерінің ғана емес, оны осылай сөйлетіп отырған
өзінің де ойы. Мейілінше қарапайым айтылғанымен кез келген адамның
тіршілігіне темірқазық болуға лайық қағида-кредосы!
Шығарманың композициясына нұқсан келтірерлік бос баяндау, артық тарау,
селкеу оқиға жоқ. Жазушы көбіне, оқиғаны дамыту үстінде өмір құбылысын,
адам мінездерін, тартыс түйіндерін жеткізуде кең көсіліп, суреттеп жатпай,
оқиғаны қысқа диалогқа не авторлық шегініске – монологқа құрады, кейде
газеттік фельетон атынан сөйлейді. Мұны біз автор стиліндегі оқиға дамыту
тәсілі ретінде қараймыз. Шындық жалаң әңгімеленбей, өзінің заңды
шиеленіскен тартысы жағдайында айқын, тартымды суреттеледі.
Повесть кемшіліктен де құр алақан емес. Әр жерде көрініп қалатын
Шапалақтар шарт еткенде, перде жарқ етіп, ойын басталады (4.86( секілді
кейбір жеңіл, жорға ұйқастар; Осы әуремен келе жатқанда қайық шыркөбелек
айналып бір жерге тұрды да қалды. Өзін де су төмен тартып әкетіп бара
жатыр. Сүйтсе бір терең ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ МҰҒАЛІМДІК МАМАНДЫҚТЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Мұғалімнің оқушыларға ықпал етуінің жолдары
Педагог тұлғасының кәсіби қалыптасуы мен дамуы
Педагогикалық шеберлік, педагогикалық мәдениеттің компоненттерінің мәні мен мазмұны
Педагог тұлғасын қалыптастырудағы педагогикалық шеберліктің ролі
Педагогикалық техника педагогикалық шеберлігінің элементі
Педагогтық әдеп және оны меңгеру жолдары
МҰХТАР БАҚТЫГЕРЕЕВ
Алаш зиялыларының оқу-тәрбие үрдісіне қосқан тәрбиелік үлесі
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман – эпопеясы туралы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz