Қылмыстық іс жүргізудегі мәжбүрлеу шаралары
№ 7 тақырып. Қылмыстық іс жүргізудегі мәжбүрлеу шаралары
Процестік мәжбүрлеу шараларының ұғымы.
Процестік мәжбүрлеу шаралары -- бұл қылмыстық-процестік заңда көзделген сот әділдігінің міндеттері мен тергеп-тексеру жетістіктеріне жету мақсатында күдіктінің, айыпталушының құқығын шектейтін іс бойынша қылмыстық процесті жүргізуші органның әрекеттері мен шешімдері.
Процестік мәжбүрлеу шараларының шарттары -- әділ сот мақсаттарының жетістігіне жету қажеттілігі, қылмыстық сот өндірісі мен үкімді орындауға қатысты тәртіптерді анықтаумен қамтамасыз етілуі. Процестік мәжбүрлеу шаралары тек кедергі болған жағдайда және іс қозғалысына қатысты кедергілердің пайда болу мүмкіндігі шынайы туындаған жағдайда қолданылады.
Процестік мәжбүрлеу шараларының негізіне:
1)тіркелген қылмыстық істің болуы (сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуы);
2)оған қатысты субъектілердің болуы (прокурор, анықтаушы, тергеуші, және өз өндірісінде істі қабылдаған және қарсылық білдірмеген сот);
3)оған қатысты объект (қылмыстық-процестік заңның әрекеттері тағылатын тұлғалар) жатады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуы заңды түрде процестік мәжбүрлеу үшін қызмет етеді, себебі, онда қоғамға қауіпті әрекеттердің жүзеге асуы туралы қорытындылар болуы мүмкін. Мәжбүрлеу шаралары іс тоқтатылғаннан кейін қолданылуға тиісті емес.
Қылмыстық-процестік заң мынадай процестік мәжбүрлеу шараларын қарастырады: күдіктіні ұстап алу (17-тарау); бұлтартпау шаралары (18 -тарау); өзге де процестік мәжбүрлеу шаралары (19-тарау).
Ұстап алудың мәні прокурор мен соттың алдын ала рұқсатынсыз адамды уақытша күзетке алу.
ҚПК-нің 128-бабының 1-бөлігінде көрсетілгендей, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы күдіктіні ұстап алу - қылмыстық қудалау органы қылмыстың жолын кесу және оған күзетпен ұстау түрiндегi бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселенi шешу мақсатында немесе адамның жасырынуы не неғұрлым ауыр қылмыс жасауы мүмкін деп пайымдауға негіздер болса, қылмыстық теріс қылық бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету үшін қолданатын процестік мәжбүрлеу шарасы.
Қылмыстық-процестік ұстап алуды жай ұстап алудан, әкімшілік ұстап алудан және күзетпен ұстау сияқты бұлтартпау шараларынан ажыратып қарау керек.
Ұстап алу деп қылмыс жасады деп күдік келтірген адамды өз бетінше әрекет ету құқығынан айыру үшін дене күшімен мәжбүрлеу шаралары түсініледі. Заң бойынша қылмыскерді жәбірленушінің өзі, сондай-ақ басқа азамат (ҚР ҚПК-нің 130-бабы) немесе полицияның патруль-күзетші қызметкерлері ұстай алады.
Процестік ұстап алу күзетпен ұстау сияқты бұлтартпау шарасымен ұқсас келеді, бірақ бұл екеуі екі түрлі ұғымдар.
Ұстап алу тосын қолданылатын, қысқа мерзімді күзетке алу белгілерімен ерекшеленеді, оның ерекше негіздемесі, мақсаты, шара қолдану әрекеттері болады. Ұстап алу әрқашан тосын процестік әрекеті деп танылады, сондықтан соттың санкциясынсыз қылмыстық қудалаудың бастапқы сатыларында жүзеге асады. Ал бір ғана күзетпен ұстау сияқты бұлтартпау шарасын тандау туралы өтініш бойынша күдіктіні қайтадан ұстап алуға жол берілмейді.
Процестік ұстап алу шарасын тергеуші, прокурор, анықтау органы мен анықтаушы, қылмыстық қудалау органдары ғана жүзеге асыра алады.
Күдіктіні ұстап алу негіздері. Күдіктіні ұстап алу негіздері КПК-нің 128-бабының 2-бөлігінде қарастырылған, яғни қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы, мына негiздердiң бiрi болған жағдайда күдіктіні ұстай алады:
1)осы адам қылмыс жасау кезiнде немесе тiкелей оны жасағаннан кейiн ұсталса;
2)көзімен көргендер (куәлар), оның iшiнде жәбiрленушiлер қылмыс жасаған адам ретінде осы адамды тікелей көрсетсе не ол адамды осы Кодекстiң 130-бабында көзделген тәртiппен ұстап алған кезде;
3)осы адамда немесе оның киімінде, өзiнің бойында немесе тұрғынжайында қылмыстың анық iздерi табылған кезде;
4)жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметiнiң және (немесе) жасырын тергеу іс-қимылдарының заңға сәйкес алынған материалдарында адамға қатысты ол жасаған немесе жасауға дайындап жатқан қылмыс туралы анық деректер болғанда, бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалуы мүмкін қылмыс жасады деп күдiк келтірілген кезде.
Адамға қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтіруге негiз беретiн өзге де деректер болған кезде, егер ол адам жасырынуға әрекет жасаса не оның тұрақты тұрғылықты жерi болмаса немесе күдіктінің жеке басы анықталмаса не сотқа күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат жіберілсе ғана ұстап алынуы мүмкін.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамды ұстап алу мерзімі нақты ұстап алған кезден бастап есептеледі және жетпіс екі сағаттан аспауға тиіс.
Ұстап алуға қатысты негіздер - қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған деп күдіктелген адам объективті тергеуге және талқылау ісіне кедергі келтіретіндей қауіп тудырса, қылмыстық қудалау органынан жасырынса, қылмыстық әрекетті жалғастыратын болса немесе іс бойынша ақиқатты ашуға кедергі келтірсе (куә, жәбірленуші атына қауіп төндірсе).
Ұстап алу шарасын қолдану күзетпен ұстау сияқты бұлтартпау шараларын таңдау ретінде ерекше сипатқа ие болуы керек (күдіктінің мінез-құлқын түзетуге қатысты басқа да құралдар сияқты).
Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және басқа, қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған кезде заңмен бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады (ҚПК-нің 147-бабының 1 бөлігі). Басқа қылмыстар бойынша, яғни күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған жағдайда ұстап алудың да қажеттілігі болмай қалады. Осыған орай күдіктіні ұстап алу заңдылығы оның іс-әрекетінің дұрыс саралануына байланысты.
Ұстап алудың арнайы негіздемесі -- дербес санаттағы лауазымды адамдардың қызметтік иммунитетіне қатысты қосымша талаптарды сақтау. Мысалы, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының судьялары, Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры және дипломатиялық қызметі бар тұлғалар қылмыс жасаған жерінде ұстау жағдайынан басқа Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Парламентінің келісімінсіз ұстап алынуға тиісті емес.
Процестік ұстау сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
Күдіктіні жеткізген сәттен бастап үш сағат ішінде кешіктірмей ұстап алу хаттамасы толтырылуы тиіс (ҚПК-нің 129-бабы, 131-баптың 2 бөлімі). Ұстап алу хаттамасы ҚПК-нің 199-бабына сәйкес толтырылады. Онда күдіктінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде); күдіктіні кімнің ұстап алғаны, ұстап алу негізі, уәждері, орны, нақты ұстап алу және жеткізу уақыты (сағаты мен минуты көрсетіле отырып); күдіктінің құқықтары түсіндірілгені туралы мәліметтер; жеке тінту нәтижелері; ұстап алынған адамның денсаулық жағдайы туралы мәліметтер; хаттаманың жасалған уақыты мен орны көрсетіледі.
Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, күдікті және қорғаушы (ол қатысқан кезде) қол қояды. Хаттамаға медициналық куәландыру қорытындысы қоса беріледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жүргізілген ұстап алу туралы прокурорға ұстап алу хаттамасы жасалған кезден бастап он екі сағаттың ішінде жазбаша хабарлауға міндетті.
Мынадай: 1) аса ауыр ауыр қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстап алу; 2) террористік немесе экстремистік қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстап алу; 3) жаппай тәртіпсіздік барысында қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстап алу; 4) қылмыстық топ құрамында қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстап алу; 5) есірткі, психотроптық заттардың, прекурсорлардың және сол тектестердің заңсыз айналымына байланысты, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, сондай-ақ адам өліміне алып келген қасақана қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстап алу кезінде; 6) жердің шалғайлығы немесе тиісті қатынас жолдарының жоқтығы салдарынан, сондай-ақ төтенше жағдай немесе төтенше ахуал жағдайларында адамды тергеу судьясына уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету мүмкін болмаған кезде жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға жол берілетін жағдайларды қоспағанда, адам қылмыс жасады деген күдік бойынша - қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмаған адам жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алынуы мүмкін.
ҚПК-нің 135-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам ұстап алынған күдіктінің отбасының кәмелетке толған мүшелерiнiң қайсыбiрiне, ал олар болмаған кезде - басқа туыстарына немесе жақын адамдарына оның ұстап алынғаны және ұсталып отырған жері туралы кейінге қалдырмай хабарлауға немесе күдіктінің өзiне мұндай хабарлау мүмкiндiгiн беруге мiндеттi.
Шетелдіктің ұстап алынғаны туралы сол мемлекеттiң елшiлiгi, консулдығы немесе өзге де өкiлдiгi дереу хабардар етілуге, ал ол мүмкін болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі мен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірлескен бұйрығымен белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы да жиырма төрт сағат ішінде хабардар етiлуге тиiс.
Тергеп-тексеру мүддесіне сай күдіктінің туыстарына өзі хабарлау құқығы шектелуі мүмкін (мысалы, қылмысқа бірге қатысқандар қылмыстың ізін жою немесе өзі ұсталмауға талпыну қаупінің алдын алу үшін).
Хабарламаны кейінге қалдыру тергеудің айрықша жағдайларымен, тергеу құпияларымен негізделеді (мысалы, ұйымдасқан топ жасаған қылмыс, қастандыққа қатысушының біреуін ғана ұстау басқа қатысушылардың тергеу ісіне қарсы кедергі келтіруі мүмкін).
Кәмелет жасқа толмағандарды ұстап алу туралы, қандай жағдайда да болмасын, тез арада оның ата-анасына, не заңды өкіліне хабарланады (ҚПК-нің 541-бабының 5-бөлігі).
Қылмыстық процесті жүргізетін орган күдіктінің асырауындағы адамды қамқорлығына алу туралы және оның мүлкін сақтау туралы шараларды қолдануға міндетті (ҚПК-нің 154-бабы).
Күдікті ұсталған сәттен бастап 24 сағаттан кешіктірмей күдіктіге қорғаушысының қатысуымен жауап беру мүмкіндігі жүргізілуі тиіс (ҚПК-нің 64-бабы).
Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар уақытша ұстау изоляторларында ұсталады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған әскери қызметшiлер мен жазасын бас бостандығынан айыру түрiнде өтеп жүрген адамдар да тиiсiнше гауптвахталарда және қылмыстық-атқару жүйесiнiң бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны орындайтын мекемелерiнде ұсталуы мүмкiн.
Күдіктіні ұстап алу оны босатумен немесе күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданумен аяқталады.
Күдік бойынша ұстап алынған адамды босату негіздері
Заң күдіктіні босатудың мынадай негіздерін қарастырады: (ҚПК-нің 133-бабы):
1)қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік расталмаса;
2)ұстап алынған адамға күзетпен ұстау түрiндегi бұлтартпау шарасын не қамаққа алу не Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу түріндегі жазаны қолдануға негiздер болмаса;
3)ұстап алу осы Кодекстiң 131-бабының талаптарын елеулі түрде бұза отырып жүргiзiлген болса;
4)ұстап алу үшін заңды негіздер болмаса.
Егер нақты ұстап алынған кезден бастап - қырық сегіз сағат ішінде, ал кәмелетке толмағандарға қатысты жиырма төрт сағат ішінде ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығына күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы сот қаулысы келiп түспесе, ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығы, осы Кодекстің 131-бабы төртінші бөлігінің 1) - 6) тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны өзiнiң қаулысымен дереу босатады және бұл туралы іс жүргізуінде іс жатқан адамды және прокурорды хабардар етеді.
Ұстап алынған адам босатылған кезде оған оны кiмнің ұстап алғаны, ұстап алудың, жеткізудің негiздерi, орны мен уақыты, босатудың негiздерi мен уақыты көрсетiлген анықтама берiледi.
Бұлтартпау шаралары
Процестік мәжбүрлеу шараларының бір түрі бұлтартпау шаралары болып табылады. Олар, басқа мәжбүрлеу шаралары сияқты, қылмыстық-процестік міндеттерді орындауды қамтамасыз ету мақсатында және заңмен белгіленген тәртіп бойынша қолданылады (ҚПК-нің 18-тарауы).
Бұлтартпау шаралары жалпы ереже бойынша күдіктіге, айыпталушыға, сондай-ақ сотталушыға қолданылады. Осыған сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде бұлтартпау шарасын қолдануды қылмыстық қудалау органы шешетін болса, ал соттағы өндіріс кезінде бұл мәселені сот (судья) шешеді.
ҚПК-нің 136-бабында бұлтартпау шараларын қолданудың негіздері туралы былай деп жазылған: күдікті, айыпталушы қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынып жүр не iстi объективтi тергеп-тексеруге немесе сотта талқылауға кедергі келтіреді не қылмыстық әрекетпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, сондай-ақ қылмыстық процестi жүргізетін орган үкiмнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн өз өкiлеттiктерi шегiнде осы адамдарға ҚПК-нің 137-бабында көзделген бұлтартпау шараларының бiрiн қолдануға құқылы.
Яғни, қылмыстық процестің міндеттерін орындауға кедергі келтіретін жағдайларды болғызбау бұлтартпау шараларын қолданудың тікелей мақсаты болып табылады. Ал бұл мақсаттың орындалуы ҚПК-нің 8-бабында көрсетілген қылмыстық процестің тікелей міндеттерін орындауға мүмкіндік туғызады.
Сонымен, бұлтартпау шаралары қылмыстық процесті жүргізетін органның жалпы ереже бойынша күдіктіге, айыпталушыға немесе сотталушыға занда көрсетілген тәртіп бойынша қолданатын мәжбүрлеу шараларының жеке тобы болып табылады.
Күдіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау кезінде, егер қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шарасы болса, мұндай шараны қолдану мүмкіндігін қарау қажет.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган әрбір жеке жағдайда бұлтартпау шарасының түрін тандау үшін ҚПК-нің 138-бабында көрсетілген мән-жайларды ескереді.
Бұл бапта былай деп айтылған: бұлтарпау шарасын және оның дәл қайсысын қолдану қажеттiлігi туралы мәселені шешкен кезде осы Кодекстің 136-бабында көрсетілген негіздерден басқа, сондай-ақ осы Кодекстің 137-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қосымша шектеулерді белгілеген кезде сондай-ақ мыналар: жасалған қылмыстың ауырлығы; күдіктінің, айыпталушының жеке басы, оның жасы; денсаулық жағдайы; отбасы жағдайы, отбасында асырауындағы адамдардың бар-жоғы; күдіктінің, айыпталушының әлеуметтік байланысының орнықтылығы; күдіктінің, айыпталушының беделі; айналысатын ісі; күдіктінің, айыпталушының тұрақты жұмыс орнының немесе оқуының бар-жоғы; мүлiктiк жағдайы; тұрақты тұрғылықты жерiнiң бар-жоғы және басқа да мән-жайлар ескерiлуге тиiс.
Бұлтартпау шараларының бірнеше түрлері бар. Олар ҚПК-нің 137-бабында аталып көрсетілген:
1)ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат;
2)жеке кепiлгерлік;
3)әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауына беру;
4)кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру;
5)кепiл;
6)үйқамақ;
7)күзетпен ұстау
Бұл аталған шараларды, олардың сипатына қарай және кімдерге қолданылатындығын ескере отырып, екі топқа бөлуге жатады:
1) бұлтартпау шараларының жалпы түрлері;
2) бұлтартпау шараларының арнайы түрлері.
Бірінші топқа мына шаралар жатқызылады: ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат, жеке кепілгерлік, кепіл, үйқамақ, күзетпен ұстау. Бұл топқа жататын шараларды қолдану үшін айрықша талаптар қойылмайтын болғандықтан, оларды бұлтартпау шараларының жалпы түрлері деп атаймыз.
Екінші топқа жататын бұлтартпау шараларының түрлері: әскери қызметшіні әскери бөлім қолбасшылығының байқауда ұстауына беру, кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру.
Бұл шаралардың ерекшелігі олардың аталған субъектілер үшін көзделгендігі болып табылады. Дегенмен, бұл субъектілерге де қажет болған жағдайда бұлтартпау шараларының жалпы түрін қолдануға тыйым салынбайды. Мәселен, әскери қызметші ауыр қылмыс жасаған жағдайда тергеуші оған күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданады. Ал, кәмелетке толмағандарға мүмкіндігінше ата-анасының немесе сенімге ие басқа адамдардың қарауына беру шарасы кеңірек қолданылуға тиіс.
ҚПК-нің 140-151 баптарында бұлтартпау шараларының түрлерін қолданудың тәртібі реттелген, соның ішінде: ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат қылмыстық процесті жүргізетін органның күдіктіден, айыпталушыдан анықтаушының, тергеушінің немесе соттың рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерінен (елді мекеннен) кетпеуі, істі тергеп-тексеруге және сотта талқылауға кедергі келтірмеуі, қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша белгіленген мерзімде келуі жөнінде жазбаша міндеттеме алуынан тұрады. (ҚПК-нің 141-бабы).
Егер күдікті немесе айыпталушы тұратын жердің аумағында қоныс аударатын болса, бұл жөнінде бұлтартпау шарасын қолданған қылмыстық процесті жүргізетін органға хабардар етуге міндетті болып табылады. Бұл шараны қолдану екі процестік құжат жазу арқылы рәсімделеді: бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығару және қолхат алу.
Бұлтартпау шарасы ретінде жеке кепілгерлікті қолданудың тәртібі ҚПК-нің 142-бабымен белгіленген, яғни жеке кепiлгерлік күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын және олардың қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуін сенiмге лайық адамдардың өз жауапкершілігіне алатыны туралы жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады.
Бұлтартпау шараларының бұл түрін қолданудың мынадай шарттары бар:
oo кепілгерлердің саны екеуден кем болмауы тиіс;
oo кепілгерлердің бұл жөнінде өздерінің жазбаша өтінішхаты болуы қажет;
oo бұл шараны қолдануға күдіктінің, айыпталушының келісімі болуы тиіс;
oo кепілгерлер қылмыстық процестің барысында кепілдігінен бас тартуға құқылы.
Жеке кепілгерлікті қолдану туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган тиісті қаулы шығарады. Сонымен қатар, кепілгерлердің әрқайсысы жеке кепілгерлік туралы қолхат береді. Бұл қолхатта ол өзi кепiлгер болып отырған адамға қатысты күдіктің мәні, күдікті, айыпталушы алдын алу үшін осы бұлтартпау шарасы қолданылған әрекеттерді жасаған жағдайда кепілгердің өзіне ақшалай өндіріп алуды қолданудан тұратын жауапкершілігі түсіндірілгендігін растайды.
Күдікті, айыпталушы алдын алу үшiн жеке кепiлгерлік қолданылған әрекеттердi жасаған жағдайда, сот әрбiр кепiлгерге осы Кодекстiң 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алуды қолдануы мүмкiн (ҚПК-нің 142-бабының 5-бөлігі).
ҚПК-нің 143-бабында бұлтартпау шарасы ретінде күдіктіні немесе айыпталушыны әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауына беру көзделген. Оның мәні әскери бөлім қолбасшылығының әскери қызметшiлер немесе оқу жиынына шақырылған әскери мiндеттiлер болып табылатын күдіктілерді, айыпталушыларды байқауда ұстауы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жарғыларында көзделген және осы адамның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз ете алатын шараларды қолданудан тұрады.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарып, оны орындауды әскери бөлім қолбасшылығына тапсырады. Онымен бірге осы бұлтартпау шарасы таңдалған күдіктің мәні хабарланады және әскери бөлім қолбасшылығының міндеттері түсіндіріледі.
Әскери бөлiмнің басшылығы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға байқауда ұстаудың орнатылғаны туралы жазбаша хабарлайды. Күдікті, айыпталушы алдын алу үшін осы бұлтартпау шарасы таңдалған әрекеттердi жасаған жағдайда, әскери бөлiмнің қолбасшылығы ол туралы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға дереу хабарлауға мiндеттi.
Өздерiне жүктелген байқауда ұстау жөнiндегi мiндеттердiң орындалмауына кiнәлi адамдар заңнамада көзделген тәртiптiк жауаптылықта болады (ҚПК-нің 143-бабының 4-бөлігі).
Кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру (ҚПК-нің 144-бабы). Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының немесе басқа да сенiмге лайық адамдардың, сондай-ақ ол тұрып жатқан, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкiмшiлiгiнiң қарауда ұстауына беру көрсетілген адамдардың қайсыбiрiнiң өзіне кәмелетке толмағанның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз ету, оның ішінде оның үйден тыс жерде болуын шектеу және қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз басқа жерге баруына жол бермеу жөнінде жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады.
Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының немесе басқа тұлғалардың қарауда ұстауына беру тек олардың жазбаша өтінішхаты бойынша ғана мүмкін болады.
Бұл шараны қолдану туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган қаулы шығарады. Онымен қатар, кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауына алған адам (ата-анасы немесе қамқоршысы, қорғаншысы, арнаулы балалар мекемесі әкімшілігінің лауазымды адамы) қолхат беріп, онда қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты туралы және олардың қарауда ұстау бойынша өздерiне қабылдаған мiндеттерiн бұзған жағдайдағы жауаптылығы туралы хабардар етiледi.
Қарауына кәмелетке толмаған адам берiлген тұлғалар өздері қабылдаған мiндеттемелерді орындамаған жағдайда, оларға осы Кодекстiң 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
Кепiл сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адамның, прокурордың немесе соттың шақыруы бойынша оларға күдiктiнiң, айыпталушының келуi жөнiндегi мiндеттерiн орындауын қамтамасыз ету үшiн сот депозитiне күдiктiнiң, айыпталушының өзiнiң не басқа адамның ақша енгiзуiнен тұрады (ҚПК-нің 145-бабы).
Тыйым салынатын басқа да құндылықтар, жылжитын және жылжымайтын мүлiк кепiл ретiнде қабылдануы мүмкiн. Кепiлдiң құндылығын және ауыртпалықтың жоқ екендiгiн дәлелдеу кепiлгерге жүктеледi. Кепiл тергеу судьясының санкциясымен не соттың қаулысы бойынша ғана қолданылады.
Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді таңдау кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 140-бабына сәйкес сот алдында осы шараны қолдануға санкция беру жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады және оны сотқа жібереді. Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының куәландырылған көшірмелері қоса беріледі. Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.
Кепiлдiң мөлшерi күдіктің ауырлығы, күдіктінің, айыпталушының жеке басы, қылмыстық іс-әрекеттің сипаты, кепіл берушінің мүліктік жағдайы ескеріле отырып айқындалады:
oo онша ауыр емес қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң отыз еселенген мөлшерiнен кем, бірақ айлық есептік көрсеткіштің бір жүз жиырма еселенген мөлшерінен көп;
oo ауырлығы орташа қылмысты абайсызда жасады деп күдік келтірілген кезде - айлық есептiк көрсеткiштің бір жүз жиырма еселенген мөлшерiнен кем, бірақ айлық есептік көрсеткіштің екі жүз еселенген мөлшерінен көп;
oo ауырлығы орташа қылмысты қасақана жасады деп күдік келтірген кезде - айлық есептiк көрсеткiштің екі жүз еселенген мөлшерiнен кем, бірақ айлық есептік көрсеткіштің үш жүз елу еселенген мөлшерінен көп;
oo ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде - айлық есептiк көрсеткiштің үш жүз елу еселенген мөлшерiнен кем,
oo аса ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде айлық есептiк көрсеткiштің бес жүз еселенген мөлшерiнен кем бола алмайды.
Мынадай жағдайларда кепіл белгіленбейді:
1)адамға жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана қылмыстар жасады деп күдік келтірілген, айып тағылған кезде;
2)адамға қылмыстық топтың құрамында қылмыс; террористік және (немесе) экстремистік қылмыстар; ҚР ҚК-нің 1, 4, 5, 11 және 17-тарауларында көзделген аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ төтенше жағдайларда немесе жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған аса ауыр қылмыстар, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған аса ауыр әскери қылмыстар жасады деп күдік келтірілген, айып тағылған кезде;
3)күдікті, айыпталушы сот ісін жүргізуге кедергі жасайды немесе тергеуден және соттан жасырынады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде;
4)күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекетті жалғастыруы туралы деректер болған кезде;
5)күдікті, айыпталушы тергеп-тексеріліп жатқан қылмыстық іс бойынша бұрын таңдалған кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын бұзған жағдайларда.
Айрықша жағдайларда кепіл мөлшері мыналарға:
1)асырауында кәмелетке толмаған балалары, қарт ата-анасы, мүгедек туыстары бар, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы болып табылатын адамдарға;
2)тұрақты табыс көзі жоқ адамдарға;
3)халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын, сондай-ақ бюджет есебінен әртүрлі әлеуметтік көмек түрлерін алатын адамдарға;
4)кәмелетке толмағандар мен зейнеткерлік жастағы адамдарға қатысты төменгі мөлшерден аз мөлшерде қолданылуы мүмкін не осы сомаға баламалы өзге де мүлік қабылдануы мүмкін.
Күзетпен ұсталмайтын күдікті, айыпталушы, сотталушы не басқа тұлға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған, қолданылған күннен бастап бес тәуліктен кешіктірмей тиісті шотқа қаражат салуға және растайтын құжатты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, сотқа ұсынуға міндетті.
Тергеу судьясының кепіл енгізу туралы қаулысы орындалмаған жағдайда, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам бұлтартпау шарасын өзгерту туралы мәселеге бастамашылық жасайды.
Осы Кодекстің 128-бабында көзделген тәртіппен ұсталған күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жағдайда, кепіл іс жүзінде енгізілгенге дейін тергеу судьясы осы Кодекстің 148-бабының жетінші бөлігінде көзделген тәртіппен күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданады.
Бұрын таңдалған күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы кепілмен ауыстырылған жағдайда, күдікті, айыпталушы кепіл іс жүзінде енгізілгеннен кейін ғана күзетілуден босатылады. Егер бұл кезге қарай осы Кодексте көзделген күзетпен ұстау мерзімдері біткен болса, онда олар кепіл енгізілгенге дейін ұзартылады.
Кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған кезде күдіктіге, айыпталушыға - олардың міндеттері және оларды орындамаудың салдары, ал айыпталушы, күдікті болып табылмайтын кепіл берушіге - адамның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілетіні, айыпталатыны, жасалған іс-әрекет үшін заңда көзделген жаза, күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер және олардың шақыру бойынша келуі, сондай-ақ осы міндеттерді орындамаудың салдары түсіндіріледі.
Кепiлдiң қабылданғаны туралы хаттама жасалады, онда - күдіктіге, айыпталушыға шақыру бойынша келу туралы міндеттердің түсiндiрiлгенi, ал кепiл берушiге күдікті, айыпталушы шақыру бойынша келуден жалтарған жағдайда кепiл мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылатыны туралы ескертiлгенi атап көрсетіледі. Хаттамаға осы бұлтартпау шарасын таңдаған лауазымды адам, күдікті, айыпталушы, сондай-ақ кепіл беруші басқа тұлға болса, ол қол қояды. Хаттама және соттың депозитiне кепiлдің салынғаны туралы құжат iс материалдарына қосып тігіледі, ал кепiл берушiге хаттаманың көшiрмесi табыс етіледі.
Егер күдікті, айыпталушы өздеріне жүктелген міндеттерді бұзбаса, бірақ күдіктіге, айыпталушыға қатысты неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылса, қылмыстық іс бойынша үкім немесе іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарылса, кепіл берушіге кепіл нысанасы дереу қайтарылады.
Егер күдікті, айыпталушы кепіл беруші болып табылса, сот азаматтық талап қоюдың, процестік шығындардың және өзге де мүліктік өндіріп алу қажеттігінің болуы кезінде кепіл тағдыры туралы мәселені қарай отырып, прокурордың өтінішхаты бойынша кепіл нысанасына не оның бір бөлігіне өндіріп алуды қолдану туралы шешім қабылдауға құқылы.
Күдікті, айыпталушы болып табылмайтын кепіл беруші енгізген кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану оның келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.
Күдікті, айыпталушы үшін кепіл енгізген тұлға күдіктінің, айыпталушының қылмыстық процесті жүргізетін органға келуі жөніндегі міндеттерді орындауын бұдан әрі қамтамасыз етуге жағдайы келмейтіні туралы жазбаша өтініш жасаған жағдайда, егер күдікті, айыпталушы көрсетілген міндеттерді бұзбаған болса, кепіл нысанасы дереу қайтарылуға жатады.
Қылмыстық істі түпкілікті шешетін үкім немесе қаулы шығарылған кезде, тиісінше, сот немесе қылмыстық қудалау органы сонымен бір мезгілде кепіл нысанасының тағдырын шешеді.
Күдікті, айыпталушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттерді дәлелді себептерсіз орындамаған жағдайда, прокурор тергеу судьясына кепілді мемлекет кірісіне айналдыру туралы өтінішхат жібереді.
Үйқамақ (ҚПК-нің 146-бабы) күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстамай, бірақ осы Кодекстің 147-бабында көзделген тәртіппен судья белгілеген шектеулер қолданыла отырып, оларды қоғамнан оқшаулауды білдіреді.
Күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты үйқамақ қолданылған кезде бір немесе бірнеше шектеу:
1)тұрғынжайдан барлық уақытта немесе белгілі бір уақытта шығуға тыйым салу;
2)осы бөліктің 5) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, телефонмен сөйлесуге, хат-хабар жөнелтуге және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салу;
3)белгілі бір адамдармен араласуға және кімді болса да үйінде қабылдауға тыйым салу;
4)электрондық бақылау құралдарын қолдану және осы құралдарды өзімен бірге алып жүру міндетін жүктеу;
5)бақылау мақсатындағы телефон қоңырауларына немесе өзге де бақылау сигналдарына жауап беру, анықтау органына немесе күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының мінез-құлқын қадағалауды жүзеге асыратын басқа да органға телефон шалу немесе оларға белгілі бір уақытта жеке өзінің келу міндеттерін жүктеу;
6)күдіктіге, айыпталушыға немесе олардың тұрғынжайына байқау орнату, сондай-ақ олардың тұрғынжайына немесе оларға тұрғынжай ретінде бөліп берілген үй-жайға күзет қою;
7)күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын және қоғамнан оқшаулануын қамтамасыз ететін басқа да шаралар қолданылуы мүмкін.
Қажет болған кезде күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын қадағалау орнатылады.
Қамақтағы адамның тұрғынжайдан шығуына белгіленген шектеулерді сақтауын қадағалауды жүзеге асырған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган тәуліктің кез келген уақытында оның тұрғылықты жерінде болуын тексеруге құқылы. Тексеру күндізгі уақытта екі реттен артық және түнгі уақытта бір реттен артық жүргізілмейді. Лауазымды адамның қамақтағы адамның тұрғынжайында болуына осы адамның және онымен бірге тұратын адамдардың келісімімен жол беріледі және ол отыз минуттан аспауға тиіс.
Соттың үйқамақ туралы қаулысында күдіктіге, айыпталушыға қолданылатын нақты шектеулер белгіленеді, сондай-ақ қадағалауды жүзеге асыратын орган немесе лауазымды адам көрсетiледi.
Үйқамақтың мерзiмi, оны ұзарту тәртiбi осы Кодекстiң 151 және 547 - 551-баптарында белгiленген қағидаларда айқындалады.
Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және басқа, қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған кезде заңмен бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады (ҚПК-нің 147-бабы).
Айрықша жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы, егер:
1)оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмаса;
2)оның жеке басы анықталмаса;
3)ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын немесе процестік мәжбүрлеу шарасын бұзса;
4)ол қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға әрекет жасаса немесе жасырынса;
5)оған ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деген күдік келтірілсе;
6)оның бұрын жасалған ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталғандығы болса;
7)оның қылмыстық әрекетті жалғастырып жүргендігі туралы деректер бар болса, заңда бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын, сотталатын адамға қатысты қолданылуы мүмкін.
Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды таңдау қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 140-бабына сәйкес сот алдында осы шараны қолдануға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады. Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының расталған көшірмелері қоса беріледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулыда осы бұлтартпау шарасын таңдау себептерін және қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолданудың мүмкін еместігін негіздеуге міндетті.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адам ұстап алынған мерзім ішінде прокурор осы Кодекстің 131-бабында көзделген тәртіппен өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарымен танысуға құқылы.
Прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өтінішхатын зерделеу нәтижелері бойынша өтінішхатқа келісім білдіреді не оны қолдаудан уәжді қаулымен бас тартады және (немесе) өзге бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселені шешеді. Қаулының көшірмесі мүдделі адамдарға жіберіледі.
Прокурор ұстап алу мерзімі өтерден кемінде сегіз сағат бұрын тергеу судьясына өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының көшірмелерін қоса бере отырып, күзетпен ұстауды санкциялау жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулыны ұсынуға міндетті.
Күзетпен ұстауды санкциялау құқығы - тергеу судьясына, ал осы Кодекстің 107-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда - облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі.
Тергеу судьясы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап сегіз сағаттан кешіктірілмейтін мерзімде, осы Кодекстің 56-бабында айқындалған тәртіпті сақтай отырып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты прокурордың, күдіктінің, айыпталушының, оның қорғаушысының қатысуымен қарайды.
Тергеу судьясы қорғаушыны түскен материалдармен таныстырады.
Сот отырысына заңды өкі өкіл мен өкіл де қатысуға құқылы, сот отырысының орны мен уақыты туралы сот оларға уақтылы хабарлаған жағдайда, олардың келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
Күзетпен ұстауға санкция беруге байланысты мәселелерді шешкен кезде тергеу судьясы көрсетілген бұлтартпау шарасын таңдау кезінде ескерілетін мән-жайларға қатысты іс материалдарын зерттеумен қатар, адамға қылмыс жасады деп күдік келтірудің негізділігін тексереді.
Қажет болған жағдайда судья қылмыстық істі талап етіп алдыруға құқылы.
Тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты күдіктінің, айыпталушының қатысуынсыз қарауына күдіктіге, айыпталушыға іздестіру жарияланған немесе олар Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде болған және сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған кезде қылмыстық процесті жүргізетін органға келуден жалтарған жағдайларда ғана жол беріледі.
Ұстап алынған жағдайда күдікті, айыпталушы таңдалған бұлтартпау шарасын қолданудың негізділігін қарау үшін тергеу судьясына жеткізіледі.
Тергеу судьясы отырыстың ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz