Топырақ эрозиясының түрлері. Оның зиян жақтары



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 8 бет
Таңдаулыға:   
Мазмұны

1.Кіріспе

2.Топырақ эрозиясының түрлері

3.Оның зиян жақтары

4.Қорытынды

Топырақ эрозиясы (латынша erosіo - желіну) - топырақтың беткі ұнтақталған құнарлы қабатының жел күшімен немесе су ағынының шаюы салдарынан құнарының азаюы. Жел эрозиясы кез келген топырақ типінде кездесіп, жел күшімен топырақтың беткі қабатын, кейде өсіп тұрған өсімдігімен бірге басқа жаққа ұшырып әкетеді. Әдетте жел эрозиясы жер бедері жазық, құрғақ, ормансыз шөл аймақтарында жиі болады. Тіпті шөл аймақтарындағы құмды алқаптардың шөп өспейтін бөліктері жел әсерінен бір орыннан екінші орынға жиі жылжып отырады. Оларды жылжымалы құмдар деп атайды. Топырақ бетінде өсімдік жақсы өскен алқаптар жел эрозиясына ұшырай бермейді. Өсімдік тамырлары топырақтың беткі қабатын бекітіп ұстап тұрады, өскіндері жауын суының біразын өздеріне сіңіріп, қалғанын жер астына өткізеді, ал екпе ағаштар қар тоқтатуға және олардың топырақ бетінде біркелкі таралуына септігін тигізеді, желдің күшін азайтады, т.б. Ал бұл жерлерді кәдімгі қайырмалы соқамен жыртып, топырақтың майда ұнтақталған бос қабаты жер бетіне шыққан кезде олар желдің еркіне беріліп ұшады. Осындай жағдай тың игеру кезінде Қазақстанның солт. аймақтарында кең өріс алған. Табиғаттың бұл апатымен күресуде акад. А.И. Бараев басшылық еткен Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Топырақты жел эрозиясынан қорғау үшін жасалған жүйенің негізінде топырақты бұрынғыдай қайырмалы соқамен жыртудың орнына қайырмасыз етіп жыртып, терең қопсыту ұсынылған. Сонда топырақта өскен дақыл сабақтары топырақ бетінде қалып, қыста қар тоқтатуға, желдің күшін төмендетуге септігін тигізеді. Ең бастысы бос топырақ жер бетіне шықпай, біршама тереңдікте жатады. Жел эрозиясына жиірек ұшырайтын алқаптар жайылымдық жерлерде, топырағы жұқа шөл белдемдерінде кездеседі. Себебі шөл белдемдерінде өсімдіктер сирек өседі әрі жақсы дамымаған, сондықтан бұзылуға өте бейім топырақ түзіледі. Мал жиі жайылатын елді мекендер немесе мал суаратын пункттердің төңірегіндегі топырақ та жиі бұзылып, шаңы шығып, желге ұшады. Ондай жағдайларды болдырмау үшін ауыспалы жайылымдық жүйеге көшу қажет.
Су эрозиясы қатты нөсерлеп жауған жаңбырдан немесе қыста мол жиналған қардың тез еруі нәтижесінде пайда болады. Мұндай жағдайлар еңіс жері мол таулы беткейлерде жиі кездеседі. Бұл су ағындары тік беткейдегі топырақ бетін ғана шайып қоймай, көп жағдайларда сай, жыралардың пайда болуына әкеп соғады. Тау етегіндегі беткей алаптарын су эрозиясынан қорғау үшін бұл жерлерге а. ш. дақылдарын, жеміс ағаштарын отырғызып, қолдан ыңғайлы жер бедерлерін сатылап жасау (террасалау) әдісі де қолданылады. Топырақтың су эрозиясының бір түрі ирригациялық эрозия, ол адам қолдан суаратын жерлерде болады. Суармалы жерлерде судың өз ағысымен ағуы үшін оның бір бағытта еңісі бар жер бедері таңдалынып алынады. Сол бағытқа қарай майда суару арықшалары жүргізіледі, бірақ еңіс жерлерге қарай суды мөлшерлеп қана жіберу қажет. Олай болмаған жағдайларда, әсіресе, еңісі тіктеу суарылмалы беткейлерде топырақтың ирригац. эрозиясы өріс алады. Эрозияның бұл түрі тек суармалы алқаптарда ғана емес, сол суармалы алқаптарға су әкелетін арықтар мен канал бойларында, өзен жағалауларында (жағалаулар су әрекетінен бұзылып, шайылады) да кездеседі. Көктемгі нөсер жаңбырлар жауғанда немесе қар еріп, оның суы өзендерге қосылғанда, су деңгейі көп көтеріліп, жағалау беткейлерін жуып-шайып, тіпті кей жағдайларда арналарын бұзып, жаңа арнамен ағатын болады. Су эрозиясының бұл түрімен күресу үшін арнайы инж. құрылыстар салу, өзен бойларына ағаштар отырғызу, т.б. шаралар жүргізу қажет. Арықтар мен каналдар тез бұзылып кетпеуі үшін олардың жағаларына ағаш, бұталар отырғызу керек. Сонымен қатар артық суларды уақытша су қоймаларында жинап, қажет кездерінде пайдаланған орынды. Т. э-ның қарқындылығы жер бедеріне, беткейлердің тік болуына, жауын-шашынның түсу мөлшеріне, топырақтың түйіршікті құрамына, су сіңіргіштік қабілетіне, өскен өсімдіктеріне, т.б. байланысты. Эрозияға ұшырау мөлшері беткейлер мен шатқалдардың тіп-тігіне және су жиналатын алқаптың аум-на қарай әр түрлі болады. Т. э. көбіне ұсақ түйіршікті топырақтарда, жауын-шашын көп түсетін және күшті жел тұратын аймақтарда кездеседі. Т. э. күштірек болғанда топырақ құнарлылығын азайтып, себілген тұқым зиян шегеді, а. ш-ның жайылымдық жерлерін нашарлатады. Осының барлығы а. ш-на орасан зиян келтіреді. Т. э-ның алдын алу үшін қорғаныш орман алқаптары, егістіктерді қорғайтын орман шаршылары отырғызылады, жайылымдық жерлер мен құмды жерлерге ағаштар отырғызу, топырақты қорғау үшін ауыспалы егіс жүйесін енгізу, топырақты аудармай өңдеу, тұқымды қатарлап себу әдісі, шатқалдарды сатыларға бөлу, су тоқтатын каналдар салу, т.б. шаралар жүргізіледі.

Топырақтың эрозияға шалдығуы өте қатерлі, зиянды құбылыс. Латын тілінде эrosio-бүліну деген мағынаны білдіреді. Топырақ эрозиясы деп оның бұзылып, үгіліп желмен ұшуын немесе сумен шайылуын айтамыз.
Жер шарының көптеген елдерінде (АҚШ, Қытай, Үнді, Италия, Ресей және т.б.) топырақтың эрозияға шалдығуы жиі байқалады. Мысалы АҚШ-та кейінге 150 жыл ішінде 100 млн гектар егістікпен жайылымдар эрозияға қатты шалдығып істен шыққан. Ал ТМД елдерінде 110 млн.га ауыл шаруашылығы жерлері, соның ішінде 64 млн.га егістік жер, жел және су эрозиясына шалдыққан. Қазақстанда жел және су эрозиясына шалдыққан және оларға шалдығу қауіпі жоғары болып келетін жер ауданы 126 млн. гектардан асып түседі. Эрозияға іліккен топырақтың құнарлығы төмендейді, кейде ол біржола жойылып кетуі мүмкін. Мысалы, жел эрозиясына орташа дәрежеде шалдыққан топырақтан әр гектарға шаққанда 600 кг жалпы азот, 108 кг жылжымалы фосфор, 105 кг калий шығын болады (Е.Жамалбеков, Р.Білдебаева, 2004). Эрозиямен бүлінген топырақтың биологиялық өнімділігі 35-70%-ға дейін кемиді. Топырақ құнарлылығының төмендеуінің себебі эрозияға шалдыққан жерде оның ең үстінгі қабатында майда, элементтерге бай бөлшектер азайып, қарашірінді қабатының қалыңдығы кемиді. Сонымен бірге бұл топырақтардың физикалық, химиялық және биологиялық қасиеттері де нашарлайды.
Ғалымдардың есептеулері бойынша 1см құнарлы топырақ қабаты қалыптасуы үшін табиғи жағдайда 300-600 жыл уақыт қажет. Эрозияға іліккен топырақтың 1см қабаты бірнеше сағатта жойылып кетуі мүмкін.
Топырақтың эрозияға шалдығуының зардабы тек қана ауыл шаруашылығына зиянды емес. Ол сонымен бірге басқа да халық шаруашылығы салаларына, табиғатқа, адам денсауығына кеселін тигізеді. Мысалы желмен ұшқан немесе сумен шайылған топырақ өзендер, көлдер немесе су қоймалары түбіне шөгіп, олардың саяздануына, су құрамында биогенді элементтердің молайып, олардың балдырлар және өсімдіктермен ластануына соқтырып, батпақтану үдірісінің жүруіне ықпал жасайды. Эрозия құбылысының өнімдері автокөлікпен темір жол торабтарын, ғимараттарды, пайдалы жерлерді басуы ықтимал. Су эрозиясы әсерінен пайда болған жыралар мен сайлар да халық шаруашылығына үлкен нұсқан келтіреді. Жел эрозиясы әсерінен топырақтың шаңы ауаны ластап, адам денсаулығына зиянын тигізеді.
Топырақтың бұзылып, жойылуына басты ықпал етуші факторына байланысты топырақ эрозиясы екі түрге бөлінеді. Олар жел эрозиясы (дефляция) және су эрозиясы. Қарқынына байланысты геологиялық және жеделдетілген (қарқынды) эрозия түрлеріне бөлінеді.
Геологиялық эрозия - табиғи өсімдік жамылғысы бар жерде, баяу үдірісте жүретін, топырақтың майда бөлшектерінің желмен ұшуы немесе сумен шайылуы. Осы жағдайда шығын болған топырақ мөлшері табиғи топырақ түзілу процесі әсерінен қайтадан толықтырылады. Сондықтан бұл эрозия түрі зиянды емес. Ал жеделдетілген эрозия адам әрекеті әсерінен туындайды. Адамдар табиғи өсімдіктер жамылғысын жойып, топырақты жыртып қарқынды өңдегінде, мал жайылымдарын жөнсіз, жүйесіз пайдаланғанда табиғатқа зиянды топырақтың жеделдетілген эрозиясы пайда болады.
Жел эрозиясы (дефляция) дегеніміз топырақтың жел әсерінен бұзылып, ыдырап, шаң болып ұшып, бүлінуі.
Қазақстанның көпшілік жерінің табиғи-экологиялық жағдайы, топырақ жамылғысының ерекшеліктері жел эрозиясының дамуына ықпалын тигізеді. Топырақтың жел эрозиясына шалдығуының басты себебі- мерзімді ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Топырақты қорғау жайлы
Ластаушы заттардың миграциясы
Топырақ эрозиясы және оның түрлері
Ағынды, эрозияны және су сапасын басқару
Топырақ эрозиясы түрлері
Топырақтың жоғарғы беті борпылдақ
Шөлдену және оған қарсы күрес шаралары
Топырақтың ластануы, су эрозиясы болатын аймақтағы эрозияға қарсы күресті ұйымдастыру
Су эрозиясына әсер ететін факторлар
Топырақ эрозиясы және оның алдын алу
Пәндер