Ә. Бөкейханның ғылым мен ұлттық дамуға қосқан үлесі



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 12 бет
Таңдаулыға:   
Ә.Бөкейханның ғылым мен ұлттық дамуға қосқан үлесі
Халықтарға Маркс бойынша емес,
дайын формулалар арқылы емес,
өздерінің қалауы бойынша өмір
сүру құқығын беру керек
(с) Әлихан Бөкейхан
Менің университет қабырғасында студент деген шен алып жүргеніме 2 жыл толып жатқан еді. Әйтсе де бастапқы келген белсенді атымыздан айырылмай, бағытымыздан айнымай жүрген кезең. Уақытына тоқталсақ, 2019 жылдың қыркүйек немесе қазан айы болса керек. Есімде жоқ. ҚазҰУ студиясы атты өнер, мәдениет, әдебиет жұлдыздарымен кездесу ұйымдастыратын бағдарлама болатын. Бағдарлама дегенде кездесу кеші ғой енді. Сонда Алашұлы атты эстрадалық топтың Мақсат Рахмет әншісі бір сөзінде: Біздің тұңғыш президентіміз - Әлихан Бөкейхан деп айтып өткенді. Әрине, бұған дейін де бұл тектес әңгімелерді құлақ шалып жүргенмен, мән бермеген екенмін. Тек сол сәт есімде қалып қойыпты.
Айтпақшы, 1-курста оқып жүргенімде мен Әлихан Бөкейханға арнап репортаж түсіріп, оның өлеңін оқығанмын. Мен ол тапсырманы өз сұранысыммен 2-3 апта бұрын алғанмын. Және ой-желікке еріп Семейге барып қайтсам ба деген де ой болған. Жаспыз ғой... Техниканың, әлеуетіміздің шама-шарқына қарамай қиялдай беріппіз. Сонымен айтпағым, сол репортажды түсіріп, монтажын жасап, кураторлық ашық-сабақта кафедра ұстаздарына көрсеттім. Әрине, бейне-дыбыстық қателерім болды. Өзіме қызықты болған сол репортаж ұстаздарды білмеймін, достарыма ұнаған еді. Сол кезде ұстаздар байқаған екен. Көз көріп, көңіл бөліп, ұққаны ғой шамасы. Енді ұстаздың тікелей жүктеуімен Әлихан Бөкейхан туралы студенттің өзіндік жұмысын (СӨЖ) даярлау алдымда тұр.
Ауланың құсы болмауымыз керек дегенді негізге алып өз жұмысымды еркін түрде бастадым. Және айтылар сын да, кері байланыс та боларына сенімдімін. Өйткені, қасаң қағидадан ауытқитын сияқтымын.
Мектеп оқып жүргенде ойыма тоқыған білімнің негізі гуманитарлық бағытта болыпты. Қазақ тілі мен әдебиетін сүйіп оқып, өлеңдер жаттап, өзімше өлең жазғаным да бар. Бастауышта Бір Аллаға сыйынып, Кел балалар оқылық деп басталар өлеңді жаттамаған бала болмаған шығар. Одан қалса, Абайдың Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанбасын санамызға қондырып алған екенбіз. Бала кезде қаланған фундаментпен өсе келе әдебиет сүйер жанның бір болдым. Сол арқылы да өз өмір жолымды таңдадым, журналистикаға аяқ бастым.
Ахмет Байтұрсынұлын қазақ тіл білімінің негізін салушы деп ұққаным сол шақтан еді. Әйтсе де тарихтың қыр-сырына үңілмегендіктен А.Байтұрсынұлымен қатар ұлтқа қызмет еткендерді тани алмаппын. Күнделікке қойылатын бестік бағаға оқыған да шығармын бәлкім. Енді біздің балл үшін емес, өз ақыл-сана, пайым-парасатымыз үшін оқуымыз керек-ау. Абай айтпақшы: Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедімнің кейпін кимеу үшін де ұлтты ұлы мұратқа жетелеген Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан туралы жазба жұмысымды бастаймын.
Әлихантану - Әлихан Бөкейханның өмірбаяны мен мұрасын зерттеу саласы. Бұл ғылым тұлғатану ретінде 20 ғ-дың 20-30 жылдарынан басталды. Ә.Бөкейхан туралы А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Шоқай, Ш.Құдайбердіұлы, С.Торайғыров, Қ.Кемеңгеров, Е.Омаров, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Ғ.Тоғжанов және т.б. саяси ұстанымына сай түрлі бағытта және жанрда еңбектер жазды (немесее туындыларында сипаттама берді). Бұл кезеңдегі Ә., бір жағынан большевиктік таныммен күрес жағдайында, екінші жағынан саяси сыңаржақтық жағдайында қалыптасып, дамып жатты. Ұлт алдындағы қайраткер еңбегіне шынайы баға беруге талаптанған замандастары, əріптес ізбасарлары оның тұлғалық қырының əр сəтін хаттап қалуға тырысты. [1.154-б] Яғни, Әлихантану сол кезеңнен Ә.Бөкейханның қалыптасуынан бері келеді. Оның замандас қайраткерлер көзімен, саясаткерлер көзімен де әр түрлі қырлары ашылды. Мысалы, сол кезеңдегі Әлихан орнын Қошке Кемеңгеров: Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат болды. Бұл топты баулыған - Әлихан, - - деп жазды. [1.5-б]
Әлихантану демекші, менің жаңалық ашатын жайым жоқ. Тек өз жазба жұмысымдағы мақсат-мұратымды дәлелдеуім керек-ті. Яғни, өзім үшін Әлиханды тани түсу мен оның еңбегін ұғыну турасында пайдалы білім болмақ. Өзім үшін бір зерттеу жұмысым сияқтанады. Сондықтан өзінше оқып, тоқыған, зерттеп-зерделегенімді қағаз бетіне түсіремін.

І. Ә.Бөкейханның қалыптасуы
Әлиханның ата тегі - Алаш қайраткерлерінің ата-бабалары. Ғалым Шота Уалиханов жасаған шежіре бойынша, əлемге танымал Шыңғыс хан (шын аты - Темүжін) Ə.Бөкейханның 25-атасы болып саналады. Ол - Азияда тұңғыш біртұтас мемлекет құрушы, өз заманының аса ірі əскери жəне мемлекет қайраткері[1.151-б]. Барақтың ұлы Бөкей (1737-1819) Ә.Бөкейханның 4-атасы болып келеді. 1749 жылы Бөкей әкесінің тапсыруымен өзінің төлеңгіттерімен бірге Түркістан аймағынан Солтт-Шығыс Қазақстан өңіріне қоныс аударып, қаракесектің бигелді аталығына сұлтан болып сайланды. 18 ғ-дың 50-жылдарының басында Коряков бекінісі (қазіргі Павлодар қ.) маңын қоныстанып, Орта жүз қазақтарының жоңғар басқыншыларына қарсы шайқасына қатысты. Бөкей 18 ғ-дың 80 - 90-жылдарында Ресейден Орта Азияға бағытталған сауда керуендерінің қазақ даласы арқылы өтуіне, сауда жолы торабын Петропавлдан Ямышев бекінісіне ауыстыруға ат салысты. 1817 ж. маусымда Коряков бекінісінен 180 шақырым жердегі Жайылма өз. бойында хан болып жарияланды. Бөкейдің ұлы Батыр сұлтан да ел ісіне араласып, əкесінің тапсырмасы бойынша жанына ерткен 2 старшын мен 2 төлеңгіті бар қазақ өкілдігін Санкт-Петербургке бастап барып қайтты. Батырдың ұлы Мырзатайдан Нұрмұхамед, одан Алашорданың көшбасшысы болған Əлихан туған. [1,153-б]
Смахан төре Бөкейхан өзінің қолжазба естеліктерінде аты аңызға айналған үлкен ағасы Әлихан туралы ол дүниеге сүндеттеліп, кіндігі кесік туған деген деректер келтіреді. [2.104-б]
Арғы атасы саналған Шыңғыс ханның дүниеге келуі туралы ұмытылмай, қағаз бетіне түсіп келген аңызда қолына қан уыстап туған дегенді еске алсақ, ағасы туралы естелікті мифтендірді немесе асыра сілтеде дей де алмаймыз. Өйткені, қан уыстап туған бала Темужин бүкіл әлемді жаулап, адамзат тарихындағы ұлы империя құрғанының бастапқы белгісі болса, Әлиханның да бойына ұлтты азаттыққа жетелеу, ұлттық мемлекетті қалпына келтіру жауапкершілігінің бастапқы аяны болар.
Смахан төренің естеліктері бойынша, Әлихан дене бітімі мығым, сотқарлау, қыңыр, тілазар және бірбеткей бала болып өскен. Бұл шамасы оны дүниеге келгеннен бастап тәрбиелеген атасы Мырзатай сұлтан ықпалының көрінісі болса керек.
Нұрмұхамед пен Бегім ханым 5 ұл және бір қыз тәрбиелеп өсірді. Отбасының тұңғышы Әлихан 1866 жылы 5 наурызда Семей облысы Қарқаралы оязының Тоқырауын болысына қарасты Тоқырауын өзенінің жағасында орналасқан Қызыларай қонысында (қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы) дүниеге келген. [2.108-б]
Профессор Дина Аманжолова өзінің Мәдениет билігі және билік мәдениеті. Ә.Бөкейхан тағылымы атты зерттеуінде Әлихан туып-өскен және тәрбиеленген орта тағылымы туралы: ... ХІХ ғасырдың басында Бөкей хан әулеті үлкен ықпал мен билікке ие болғанымен, оның балалық шағындағы қалыптасуы ең алдымен дәстүрлі отбасылық және ұлттық құндылықтарға негізделді [2.109-б]
Әлихан 7 жасқа толғанда әкесі оны Қарқаралыдағы Зариф немесе Зариев моллаға оқуға беруге шешім қабылдайды. Екі немесе үш жылдық сауат ашудан кейін Әлихан Қарқаралы бастауыш орыс-қазақ мектебіне оқуға түседі. Оны аяқтағаннан кейін Әлихан тағы да төрт жылға жалғасқан Қарқаралы қолөнер мектебіне тапсырады. [2.110-б]
Әлихан Бөкейханның Қарқаралыда жалпы алғанда 12 жыл оқығандығына көз жеткізу қиын емес. Білімін толықтырып, ғылым жолын игеруге деген құлшынысы ала бөтен жас өскін оқуын ары қарай жалғастыруға талпынды. Көп кешкікпей зейінді жас Омбы техникалық училищесінің пансионері болып қабылданды. Оның ОТУ-ға түсуіне Дала генерал-губернаторы Колпаковскийдің өзі тікелей себепші болды. [2.117-б] Әлихан ол оқу орнында 1886-1890 жылдары білім алды.
Әлихан публицист ретінде 1889 жылы мамыр айында жазған алғашқы мақаласында: Қырда кім болса да сол молла болады. Аз ғана оқу білетін қазақ я қашқын ноғай я сарт я тәжік. Сол адамдар бек надан һәм көп нәрсені... білмейді һәм солар надан болған соң, қазақтарға ауып, оларды мейлінше бұзады. Қай қазақ моллаға нанбайды, ашық күнді жауын қыламын деп тұрған соң... Қазақтар молланы кінәсіз деп ойлайды, себебі моллаларды дінің қуаты деп... Өкінішке орай, қырға сондай... моллар келгенннен бері арамдық, жаман ойы жоқ, жуас қазақ зиянды, жалғаншы болып кетті.
Алаш қайраткерінің алғашқы мақаласынан-ақ өз халқының бірден бір қорғаушысы ретіндегі перзенттік борышына азаматтық жауапкершілік сезіммен келгенін көреміз. [2.125-б]
Барша халықты сүліктей сорып отырған жағымсыз кейіпкерлер дің жиынтық бейнесі ойдан шығарылған Зұлымбай Қарымбаев кейпінде беріледі. Қорғансыз қазақтар мен жатақтарға, кедей-кепшіктерге ортақ Мүсәпір Бейшарин деген атау береді.
Әлихан қазақ қоғамында айтарлықтай тараған келеңсің жәйттармен келісе алмады. Бұл ретте отаршыл билік сотының алдында қазақтың ант бере отырып дәндес бауырын, қандас қазағы мен діндес татарды қылмысын көре тұра ақтап алуына төзе алмады.
Алаш көсемінің баспасөз беттеріндегі жарияланымдарымен танылуы ОТУ-да оқып жүрген кездерінде басталған еді. Оның сыни сипаттағы мақалалары қазақ даласындағы алғашқы қазақ тілді басылымдардың бірі болып саналатын Дала уәлаятының газетінде жарияланды. Баспа бетіндегі алғашқы мақалалары Омбы училишесінің 3-курсында оқып жүрген кезінен бастап жарияланды. Қайраткердің тұңғыш мақаласы 1889 жылы 12 мамырда екі тілде жарияланды. [2.128-б]
Әлихан Нұрмахамбетұлы Бөкейханның қай жылы қандай оқу орнын тәмамдағаны туралы бұлтартпас дерек көзі сақталмаған. Дегенмен, тарихи дерек-айғақтарға қарағанда, 20 ғасырдың басында Ә.Бөкейхан саты-сатымен жүйелі білім алып, екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген тұңғыш қазақ азаматы болатын.
Алаштанушы ғалымдардың арасында Бөкейхан Орман институтының экономика факультетінде оқыды деген қате пікір қалыптасты. Бөкейхан оқыған 1890-1894 жылдары Орман институтында дербес экономика факультеті де, мамандығы да болған емес, жалғыз-ақ ормантанушы-ғалым (орман агрономы) мамандығына оқытты. Экономика ілімін, ол өзінің саяси күресі мен ғылыми шығармашылығы жолында амалсыз меңгерді. Осыдан 100 жыл бұрын, 20 ғасырдың басында, Бөкейхан - экономист, Ресей империясындағы нарық экономикасының сирек маманының бірі болды. 1910 жылы Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыстардың формалары атты жинағымен шыққан Қазақтар (түпнұсқада Қырғыздар) атты тарихи очеркінде ол атап көрсеткендей, өздерін батысшылдармыз деп санайтын Алаш элитасы қазақ даласына саналы түрде және кең мағынадағы батыс мәдениетінің орнағанын көргісі келді. Оның экономикалық көзқарасы халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, мал және егін шаруашылықтарын терең білуі және Батыс пен Шығыстың дамған елдерінің озық тәжірибесін жан-жақты зерттеуі нәтижесінде қалыптасты. [1,7-б]
Орман институтына оқуға түскенде Әлихан Бөкейхан тағы бір өте қызықты әрі мазмұны еріксіз көңіл аудартатын құжатқа қол қояды.
Қолхат. Мен, Орман институтының директоры мырзаға төменде қолым қойылған осы қолхатта, Орман институты білім алушыларына бекітілген және де басшылық тарапынан бұйырылған барлық ережелерді бұлтартпастан орындайтынымды және бірде бір қауымдастыққа атап айтқанда жерлестер ұйымы, үйірмелер және т.с.с қатыспауға, сондай-ақ қоғам заңы бойынша рұқсат етілетін шараларға директор мырзаның тікелей рұқсатынсыз қатыспайтынымды растаймын. Соңғы міндеттемелер орындалмаған жағдайда Орман институтынан бірден шығарылатынымнан хабардармын. Орнығып тұруыма билет берілген жоқ. 1890 жылдың 29 қыркүйегі. Орман институының 1 курс тыңдаушысы Әлихан Бөкей-ханов. [2.147-б]
Ә.Бөкейхановтың студент атанған алғашқы жылында жазылған бұл қолхаттан оның осы міндеттемелерді басқа қырынан орындағанына көз жеткіземіз. Оған мысал етер болсақ, Оксфорд университетінің Орта Азияны зерттеу қоғамы зерттеушілері атап көрсеткендей: жас күнінде Ә.Бөкейханов радикалды революционер, социалист және орыс отаршылдығына қарсы бағытталған Зарзаман әдеби тобының мүшесі болды.
Ойымды одан әрмен дәйектеп, нақтылай түсу үшін Бақытжан Қаратайұлының 1910 жылы 30 қыркүйекте Ресейдің бас қаласында жазылған хатын ұсынсам: Мен сені студент кезіңдегі пікірлерің үшін құрметтеймін. Маған студенттік жылдарыңның кейбір кезеңдері аян. Мәселен бір күні Питер қаласындағы менің пәтерімде сен және Базар Саматов (қазір марқұм) болғансыңдар. Мен үкім жасап отырған Сенаттың 2-ші департаменті кеңсесіне кандидат едім. Новое время және Новости газеттерінде талқыланып, айтылып жүрген мәселелер бойынша дау-дамай туындады. Саматов Новое время, ал өзің болсаң Новости басылымын жақтаған болатынсың. Сен Саматовқа Сен дым сезбес нағыз ақымақтың өзісің! деген едің. Менің шек шілегім қатып, риясыз күлгенім бар. Бірақ тап қазір әңгіме не жөнінде болғанын ұмытыппын. Мен сенің жағыңда болғаным шүбәсіз. [2.149-б] Бұл хат мазмұнынан Әлиханның орыс отаршылдыған қарсы бағытталған Зарзаман тобының идеялық негізін қалаушысы екені көрінеді. Кейіннен бұл топтың мүшелері атақты қоғам қайраткерлері болды. І және ІІ Мемлекеттік Дума депутаттары (Ә.Бөкейхан және Б.Қаратайұлы), қазақ халқының азаттығыжолындағы күрескер тұлғалар болды.
Әлихан Бөкейханның екі орынбасарының бірі болған Әлімхан Ермекұлының айтуы бойынша, Алаш ұлттық-аймақтық автономиясының басшысы, Премьер-министрі Әлихан экстернмен С.-Петербор императорлық университеті заң факультеті курсын В.Ленинмен бірге тапсырған, тоғыз тілді еркін меңгерген.
1894 жылдың күзінде барлық сынақтардан өткеннен кейін сұлтанның баласы Әлихан Нұрмұхаммедов сұлтан Бөкейханов диплом-аттестатында жазылғандай, Институт Кеңесінің 1894 дылғы 12 қыркүйектегі шешімімен Ресей университеттері студенттеріне тән барлық құқық пен артықшылықтарымен бірге екінші разрядты ғалым орманшы атағына ие болды. [2.167-б] Осылайша С.-Петербордағы 4 жыл оқуы кезінде екі бірдей диплом яғни ғалым-орманшы және заңгер дипломын алған болатын.
1894 жылдың қыркүйегі мен 1895 жылдың ақпаны аралығында Тобыл экспедициясында болып, туған жері Тоқырауын болысында үш ай уақыт өткізеді. Әлиханның журналистика және ғылым салаларындағы әріптесі, досы С.Швецов былай деп жазады: 1895 жылдың жазында Омбыға қоныстанып жатқан қарашекпенділердің жағдайын зерттеуге Половлец экспедициясы келеді. Оның құрамында негізінен студент-жастар, енді аяқтаған көбінесе сібірліктерден құралған мамандар болды... Половлец экспедициясы Петерборда таяуда ғана Орман институтын аяқтаған Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейханды Омбыға алып келді. Омбыға ол қыркүйек айында (1895) келіп, сонда қоныс аударушылардың жағдайын зерттеу комиссиясының жұмысын бастау үшін полиция департаментінен рұқсат күтумен кешігіп қалды. Экспедицияға рұқсат етілмеген кезде Бөкейхан омбыда қалып, газет жұмысына араласты. [2.192-б]
Британиялық ғалымдардың көрсетуі бойынша, Омбыда Әлихан алғашқы жылдары Ормантану институтының профессоры қызметінде жұмыс істеген. С.Швецовтың көрсетуі бойынша, Әлихан Омбыдағы еңбек жолын орман училещесінде математика пәнінің оқытушысы қызметінен бастады. Ол жайтты 1906 жылы Наша жизнь газеті және жергілікті Степной край басылымындағы кәсіби журналистикалық жарияланымы растайды. Аз уақыттан кейін ол газеттің жетекші қызметкеріне, оның негізгі шығарушысына айналып, төңірегіне белсенді жергілікті зиялы азаматтар мен саяси жер аударылғандарды топтастырды.
Әлихан омбылық газетте Читатель деген бүркеншек атпен жариялаған материалдарында маркстік бағыттың жарқын өкілі болып, жұмысшылар мүддесін қорғаушы, олардың таптық сана-сезімін оятушы болды деп көрсетеді С.Швецов. [2.203-б] 1897 жылы газеттен кеткен Әлихан жұмыссыз отырмады. Оның газеттен бөлек жергілікті орман училищесінде математикадан сабақ беретін. Оның үстіне газеттен кетерден бір жыл бұрын (1896) Ресейдің императорлық географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің мүшесі болды. Және де арада бес жыл өткен соң, 1902 жылы Степной край газетіне жұмыс істеуге қайтып келгенін айтуымыз керек. 1901 жылдан Әлихан географиялық қоғамның жетекші басшылық қызметіне, әкімшілік комитетке мүше болды.
Жоғарыда келтірілген деректер бойынша Әлихан Бөкейхан журналисттік қызметпен қатар ғалым-орманшылық жұмыстарды қатар атқарған. Оның 1897-1901 жылдар аралығында ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Отандық тарихты зерттеу мен насихаттау
Әлихан Бөкейханов – публицист
Әлихан Бөкейханның педагогикалық көзқарастарының зерттелу жайы
ХХ ғасырдың ұлы жаршысы - Әлихан Бөкейханов
Әлихан Бөкейхан және ұлт зиялыларының азаттық жолындағы күресі
Ұлы Абай шығармашылығын танытудағы Алаш қайраткерлерінің еңбегі
Алихан Бөкейханның ролі
Әлихан Бөкейханов ұлы тұлға
Әлихан Бөкейханов - қазақтың ұлы тұлғасы, алаш қайраткері
Әлихан Бөкейханның биографиясы
Пәндер