Дәстүрлі өнердегі діни нанымдар мен сенімдер


КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дәстүрлі өнердегі діни нанымдар мен сенімдердің көріністеріне мәдениет теориясы мен тарихы тұрғысынан ғылыми талдау жасау арқылы ұлттық өнердің бірегейлігі дәйектеліп, дәстүрлі өнер үлгілерінің мәдени мұра ретіндегі құндылығы негізделеді, ондағы діни наным-сенімдер мәселесі сарапталады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Бүгінгі таңда Қазақстан білімі мен мәдениеті жан-жақты даму үстінде, ал қазақ халқының ғажайып ұлттық дәстүрлі өнері өзіндік ерекшелігімен, ежелгі дәуірге меңзеп, өнердің тұңғиық тереңіне жетелеудің арқасында жұртшылықтың назарын өзіне аударып отыр. Оған соңғы кездері мәдениетпен өнердің өсіп өркендеуіне атсалысып, үлесін қосып жүрген қылқалам және қолөнер шеберлерінің өнер шығармалары куә.
Бұл ұлттық нақышта салынған өнер туындылары тек өз жерлестеріміздің ғана емес, сонымен қатар шетел азаматтарының да қызығыушылығын арттыруда. Негізінен ұлттық өнер, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрдегі сұраныс талап тілектердің барлығы дерлік белгілі бір діни наным-сенімдерге байланысты туындап отырады.
Бүкіл әлемде алғашқы мәдениеттің пайда болуы дінге байланысты. Дін мәдениеттінің пайда болып қалыптасуына және де оның дамуына тікелей әсер етті. Әлемдегі барлық ұлттар өздерінің мәдениетін, әдет-ғұрыптарын діннен алған. Ежелгі дүние тарихын алып қарайтын болсақ, адамзаттардың алғашқы мәдени орталықтары болған Мысыр, Араб түбегі, Вавилон, Қытай, Үнді, Ежелгі грек, рум мәдениетінің негізін дін құраған. Мәдениеттін діннен шыққандығын бүкіл әлемдегі барлық ғылымдар бір ауыздан мақұлдайды. Себебі бұл мәселеге тарихи дәлелдер өте көп. Әлемдегі археологтардың қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған барлық заттар, ондағы анықталған көне замандағы адамдардың салған алғашқы суреттері мен жазбалары, осы күнге дейін сақталынып қалған тарихи ғимараттар, мүсіндер, суреттер мен жазбалар және басқа да тарихи құнды заттар алғашқы мәдениеттің діннен шыққандығын дәлелдейді. Біз қарастырып отырған тақырыптың актуальді мәселелері қазақтың ұлттық дәстүрлі өнерінің бастаулары болып табылатын діни, тарихи, табиғи алғышарт ерекшеліктерінің ғылыми негіздерін қамтиды. Қазіргі заманда діни нанымдарды ғылыми тұрғыда зерттеу қажеттілігі туып отыр, себебі халық санасында наным- сенімге деген көзқарас ғылыми емес тұрғыда белең алуда.
Қазақтың ұлттық дәстүрлі өнері соның ішінде діни наным -сенімге қатысты пайда болған дүниелер осы күнге дейін ғылыми тұрғыдан қарастырмай келеді. Бәрімізге белгілі дәстүрлі өнеріміздің тарихи тамыры тереңде жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстанның суретшілерінің, мүсіншілерінің, сәулет, қолөнер шеберлерінің, дизайн саласы мамандарының алдында тұрған міндет ұлттық мемлекеттің өзіндік келбеті бар көркем өнер мектептерін жетілдіру. Ол үшін халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қазынасы мен мәдениетін жастарымыздың бойына сіңіру қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі.
Диссертациямызда қазақ ұлттық өнерінің негізгі бастауы болып табылатын діни наным-сенімдер, салт-дәстүр, дәстүрлі сәулеттік және қол өнер, ою-өрнек, бейнелеу өнері негізінде қарастырылады. Дәстүрлі ұлттық өнердің рухани бастауларын бұл тұрғыдан зерттеу болашақ өнеріміздің өзіндік келбетін анықтауда жетекші қызмет атқаруы сөзсіз.
Қазақ дәстүрлі өнерінің өткені, қазіргісі мен болашағының арасындағы сабақтастық пен ішкі рухани үндестік зерттеудің мақсаты мен міндеттерін анықтайды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Абай Құнанбаев өнерді “жан азығы” және “тән азығы”деп екіге бөлген [1, 307 б. ] . Тән деп отырғаны яғни, дене азығы ол тіршілікке қажет бұйымдар, демек материалдық өнер.
Ал жан азығы дегені - көркем өнер. Табиғаттың бойындағы әсемдікті, күш қуатты, сезімді адамның қажеттігіне сәйкестендіріп қол немесе тіл арқылы көріктендіріп жіберу. Мұндай көркем өнерді “жан азығы” деу себебі, ол адамның жанына, яғни көңіл күйіне, сезіміне қатты әсер етеді.
Ш. Уәлихановтың «Оңтүстік Сібір халықтарының тарихы» туралы жазбаларын оқыған кезде халық тілі, олардың діни көзқарасы, сенімі, айналадағы орта туралы таным түсінігі жөнінде көптеген мағлұмат алуға болады. Шоқан шамандардың күнәқарлықтан аулақ болып, ар-ұятты жоғары ұстағанын, малдың амандығы-жанның амандығы деп санағанын өз жазбаларында келтірген. Бір сөзбен айтқанда шамандар кесір апаттан, малдың өлім-жетімінен, ауыру-сырқаулардан әр кез аман болуды ойлаған. Дәстүрді бұзбауға тырысқан. Шамандар жарық дүниемен қоштасқанға дейін барлық күнәқарлықтан арылуға тиіс. Бұдан көріп отырғанымыздай қазақ халқының мінез-құлқы, салт-дәстүрі, мәдениеті сахара табиғатымен тікелей үндесіп, соған бейімделген [2, 172 б. ] .
Қазақ дүниетанымының рухани өзегінен негізгі орын алатын діни наным жөнінде Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан пікірлері өте құнды. Сонымен бірге қазіргі таңда осы салада еңбек етіп жүрген көптеген ғалымдардың пікірлерін ескере отырып, діни наным- сенімдердің ұлттық дәстүрлі өнердегі көріністері жөнінде диссертацияда нақтырақ қарастырылды.
Т. К. Басеновтің “Орнамент Казахстана в архитектуре” деген еңбегінде былай дейді: “Халықтың қолөнеріне әдет-ғұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал-жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш кереует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау-басқұрлар тоқып, арқан, жіп есіп, көннен және илеулі теріден қайыс, таспа тіліп, өрім өріп қолдан әр алуан ыдыс-аяқ, адалбақан, асадал, бесік, және т. б. көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасап, түрлі нақыштармен әшекейлейтін болды. Қолөнерінде көңілге қонымды мәнерлер мен ондаған қолданылған әдістер архитектурада кеңінен қолданылып келеді” [3, 11 б. ] .
Бұл жөнінде қазақ ғалымдары Ә. Марғұланның, Т. Басеновтың, Э. Масановтың, М. Мұқановтың және Х. Арғынбаевтың тағы басқалар зерттеген еңбектерде ою-өрнектің түрлері, атаулары, шығу тарихы туралы көптеген құнды деректерді кездестіруімізге болады.
Қ. Қасиманов өзінің “Қазақ халқының қолөнері” деген еңбегінде былай дейді “Ертедегі қазақ оюларын мазмұны жағынан іріктесек, негізінен үш түрлі ұғымды бейнелейді. Олар: біріншіден, мал өсіру мен аңшылықты, екіншіден, жер - су, көшіп-қону көріністерін, үшіншіден, күнделікті өмірде кедесетін әр түрлі заттардың сыртқы бейнесін береді” [4, 12 б. ] .
Зерттеу жұмысының мақсаты - дәстүрлі өнердегі діни наным мен сенімдердің көріністерін мәдениеттанулық тұрғыдан талдау жасау. Зерттеу жұмысының мақсаты баянды соңын табу үшін төмендегі міндеттер қойылды :
- дәстүрлі өнердің табиғаты мен ерекшеліктерін қазіргі замандағы отандық гуманитарлық білім саласының контексінде қарастыру;
- халық болмысында салт-дәстүрдегі наным-сенім көріністерін сұрыптап, оларға ғылыми талдау жасау;
- дәстүрлі өнердің ұлттық мәдениеттегі тәрбиелік орнын анықтау;
- ұлттық мәдениеттегі дәстүрлі өнердің эстетикалық сипатына талдау жасау;
- наным-сенімдердің дәстүрлі өнердегі танымдық болмысын зерттеу.
Зерттеудің мақсаты бір жағынан, қазақ халқының дәстүрлі ұлттық өнерінің рухани бастауларын меңгеру. Екінші жағынан, осыдан діни наным-сенімдердің көрініс табуын анықтау.
Ұлттық дәстүрлі өнердегі наным-сенім, дүниетанымдық проблемаларға қатысты басылым беттерінде жарияланған материалдарды қорытып, тың мәселелерді көтеру.
Қазіргі таңдағы өнер туындыларының ерекшелігі мен табиғатының өзегін құрайтын тұрақты белгілерін айқындай отырып, діни наным-сенімде тәрбиелік, танымдық, эстетикалық тұрғыдан алатын орның анықтау.
Халқымыздың дүниетанымы, дәстүрлі өнердегі діни наным-сенімдердің табиғи сипаты жөнінде осыған дейінгі қалыптасқан тарихи-этнографиялық сипаттармен шектелмей, оның мазмұндық мәнін айқындайтын белгілерін тереңірек шешу.
Зерттеу жұмысының нысаны - ұлттық мәдениеттегі дәстүрлі өнердің табиғаты мен ерекшеліктерін қарастыру.
Зерттеу жұмысының пәні - қазақ халқының дәстүрлі өнердегі діни нанымдар мен сенімдердегі көріністерін зерттеу.
Зерттеу жұмысының теориялық және әдістемелік негіздері. Диссертация қоғамдық ғылымдарға ортақ жалпы танымдық және арнайы әдістерге, тарихи-салыстырмалық, тарихи-хронографиялық тұрғыда зерттеу әдістеріне сүйеніліп жазылды.
Диссертацияны жазу барысында автор дәстүрлі өнердегі діни нанымдар мен сенімдердің көріністері туралы іргелі еңбектер жазған белгілі ғалымдар Ә. Марғұланның, Т. Басеновтың, Э. Масановтың, М. Мұқановтың және Х. Арғынбаевтың туындыларына арқа сүйеді. Сондай қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі діни наным-сенімдердің көріністерін бағалауда, оларға сараптама жасауда, А. К. Акишев, С. Ақатаев, Ғ. Ақпанбек, Х. Арғынбаев, А. Нәлібаев, Асан Бахти, Ұ. М. Әбдіғапбарова, Б. Байжігітов, М. Кенбаев, С. Кенжеахметұлы, С. Е. Малов, Н. Нұрмұхамедов, М. Ш. Өмірбекова, Б. Талқамбаев сынды зерттеушілердің еңбектері қолданылып, зерттеу жұмысының теориялық негізіне тұғыр болды.
Диссертациялық зерттеудің жаңалығы. Ұлттық дәстүрлі өнерді тереңірек зерттеп, ондағы діни наным-сенімдердің көріністерін анықтау диссертацияның ғылыми жаңалығының негізгі ұйтқысы болды.
- біріншіден, дәстүрлі атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық өнердің табиғаты мен ерекшелігінің рухани бастауына тереңірек тоқталып талдау жасадық.
- екіншіден, біз жоғарғыда айтып өткендей, бүкіл әлемде алғашқы мәдениеттің пайда болуы дінге байланысты. Міне соның айғағы қазақтың дәстүрлі өнері, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптары діни наным-сенімдері қарастырдық.
- үшіншіден, қазіргі таңдағы туындап жатқан өнер шығармаларындағы діни нанымдар-сенімдерге талдау жасалынып, баға берілді.
- төртіншіден, жаңа буын өнер туындыларының діни наным-сеніміндегі тәрбиелік, танымдық, эстетикалық мұмкіндіктерін анықтадық.
- бесіншіден салт-дәстүрдегі, ұлттық өнердегі сұраныс, талап-тілектердің барлығы дерлік белгілі бір наным-сенімдерге байланысты туындайтындығы дәлелденді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі ғылыми тұжырымдар. Мәдениетімізді әлемдік деңгейге көтеру үшін дәстүрлі өнеріміздегі ұлттық бейнемізді анықтап, жалпы адамзат игілігіне пайдалануымыз қажет. Қазақтың ұлттық дәстүрі өнерінде, әдет-ғұрыпында, салт-дәстүрінде діни наным -сенімдердің қаншалықты көрініс табуын біз өз жұмысымызда осы мақсатпен көтеріп отырмыз.
Дәстүрлі өнердің табиғаты мен ерекшелігін, қазіргі замандағы діни нанымдар мен сенімдердің өнердегі көрінісіне мәдениеттанулық сараптама жасау мақсатымыз табысты аяғына жету үшін қорғауға мынандай негізгі ғылыми тұжырымдар ұсынылып отыр:
- қазақ халқының төл мәдениетінде дәстүрлі өнер туындылары ұлт болмысын нақыштайтын, ұлттық дүниетанымды бейнелейтін, астарлы мағынаға толы дереккөздер болып табылады, олардың өзіндік рәміздік тілі өнерде қолданылған стильге байланысты;
- дәстүрлі өнер туындылары арқылы жаңа заман кеңістігіне жеткен ұлттық мәдениет ескерткіштері ондағы наным-сенімдердің табиғатын, олардың салт-дәстүрдегі көріністерін зерделеуге, сол арқылы қазақ халқынының діни дүниетанымы туралы ой түзуге ықпалдасады;
- өнердің рәміздік тілін меңгеру, әрбір ою-өрнектің мағыналық мәтінін қабылдай алу шеберлік өнерді шыңдап, дәстүрлі өнердің ұлттық мәдениеттегі тәрбиелік маңызын анықтайды - өскелең ұрпақты төл мәдениетке деген сүйіспеншілік рухта бағдарлауға негіз болады;
- қазақ халқының дәстүрлі өнері қоршаған ортаның табиғатын, оның әсемдігін бағалай білуден, сол әсемдікті күнделікті қолданыс заттарына сіңдіре отырып, әдемілік әлемінде өмір сүру талпынысынан туындаған, осы орайда қазақтың дәстүрлі өнерінің эстетикалық сипаты қазақ ұлтының сұлулыққа құштар табиғи болмысын білдіретін тұғыр болып табылады;
- қазақтың дәстүрлі өнері табиғат сырларына үңілуден, табиғатпен, Жаратушымен етене жақын наным-сенімдерінен бастау алады, дәстүрлі өнер туындыларынан көрініс тапқан діни наным-сенімдер әлемі, олардың бейнелену табиғаты танымдық қызмет атқарып, ұлттық мәдениеттің болмысын түсінуге, өнер тілі арқылы діни дүниетанымды саралауға жол салады.
Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы. Дәстүрлі өнер арқылы өскелең ұрпақтың өмір, табиғат жөніндегі дүниетанымдарын қалыптастырып, ақыл-ой, рухани эстетикалық талғам-түсініктерін, танымдық тәлім-тәрбиенің даңғыл жолын ашуға өз ұлтымыздың бұкіл болмысын қалыптастыруда өнердің берері мол.
Зерттеудің нәтижелері дінтану мамандығын оқып үйренуде, бейнелеу өнері мен дәстүрлі халықтық шығармашылықты меңгеруде, қазақ халқының дүниетанымын, мәдениетін тереңірек оқып тануымызға көмек болмақ. Оны өнер тарихы, жоғары оқу орындарының студенттері мен ұстаздары, Қазақстан көркем мәдениетінің мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдері пайдалана алады. Сол секілді шығармашылық жұмыспен шұғылданушыларымызға, өнер тану, мәдениеттану, этнография, тарих, бейнелеу өнері саласындағы ізденушілерге көмек бола алады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі және мақұлдануы. Зерттеудің нәтижесі университетте өткізілген мұғалімдердің ғылыми конференцияларда айтылып, автор өзі оқитын “Өнер тарихы” пәні бойынша жұмыстың нәтижесін студенттерге қосымша әдебиет ретінде ұсынып отырады. Сонымен бірге әртүрлі басылымдарда мақала ретінде жарық көрді.
Зерттеу жұмысының құрылымы мен көлемі. Зерттеу мақсаты мен міндеттеріне сәйкес диссертациялық жұмыс кіріспеден, негізгі екі бөлімнен (бес бөлімшеден), қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертацияның жалпы көлемі - 130 бет.
1 ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРДІҢ ТАБИҒАТЫ МЕН ЕРЕКШЕЛІГІ
Мәдениет («культура») латын тілінен аударғанда «жер өңдеу» деген мағына береді. Демек, қазақтардың мәдениеті табиғаттың қатаң экологиялық өндеуінен өткендігі даусыз. Тарихи мәдениетте ерекше және өзіндік белгілер жүйесі болып табылатын ұлттық өнеріміздің қызметі мен орның түсінуде Қазақстан мемлекетіндегі рухани өзіндік құрлымын анықтауға мүмкіндік береді деген сенім білдіреміз.
Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі бар. Оны қол өнерінен, музыка мәдениетінен, би өнерінен, тұрмысынан байқаймыз. Ою-өрнектерін, зергерлік әшекей заттарын көре отырып, ән-күйлерді тыңдай отырып оның қай ұлттқа тән екенін ажырата білуге болады. Қандай халықтың болмасын салт-дәстүрі, өнері сол халықтың мінез-құлық қасиеттерін таныта алады.
Сол сияқты халықымыздың атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық дәстүрі ауыз толтырып айтарлықтай. Біздің ұлттық дәстүріміз қайталанбас тек қазақ халқына тән қасиеттер деп танылады. Ұрпақтан ұрпаққа көшетін тарихы қалыптасқан дәстүр ұлтымыздың мінез-құлқымен іс-әрекетінің рухани негізі. Ұлттық дәстүр, өнермен тығыз байланысты екені бәрімізге белгілі. Өнері дамыған ел ұлттық дәстүрге де бай. Өнер өмірде күнделікті болып жататын тыныс тіршілікті санадағы образдар арқылы іс-әрекеттің бейнелеуінен туындайды. Өнер туындылары өзінің ерекшеліктеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді.
Көркем сурет, мүсін, графика, көркем әдебиет, театр, кино өнері өмірдегі құбылыстар арқылы бейнеленсе, ал музыка, би, сәулет өнері адамның ішкі жан дүниесінің толғанысынан пайда болады.
Дегенмен дәстүрлі өнердің соның ішінде қол өнердің өзіндік заңдылықтары бар. Қазақтың зергерлік өнері ұлттық дәстүрдің сабақтастығы ықпалы әсерінен қалыптасқан. Үй кәсібіне негізделген ұлттық қолөнердің басқа түрлеріне қарағанда, зергерлік өнердің өзіндік жасалу ерекшелігіне тән кәсіптік мінездемесі бар. Қазақ зергерлері (зер-зар парсы тілінде “алтын” ұғымын білдіреді) көбіне жеке-дара жұмыс істеп, өз өнерінің қыр-сырын ұрпақтан ұрпаққа үйретіп отырған.
Олар алдын ала арнайы дайындықтан өтетін, белгілі бір құрал-саймандарды ғана қолданатын. Зергерлердің соғатын заттарының түрлері өте көп болған. Оған әйелдердің әшекейлері, киім кешекке тағатын түрлі сәндік бұйымдары, ас-су жабдықтары, киіз үйдің ағаш сүйегіндегі ою-өрнек, жиһаздық заттар, ағаш ыдыс-аяқ, тері торсық, музыкалық аспаптар, қару-жарақтар, ат-тұрман әбзелдері және тағы басқалар жатады. Бұларды әсемдеу үшін көбіне алтынды, әсіресе, күмісті молырақ қолданған. Зергерлер металдың өңін ашу шеберлігін жете білген. Соғу арқылы белгілі бір қалыпқа түсірілгенде күмістің өңі күңгірттеніп кететіндіктен, оның үстіңгі бетін қайтадан бипазбен типылдау арқылы жылтыратып, майда нақыштармен шекімелеу тәсілімен өрнектеп барып тартымды, құлпырмалы түске келтіретін болған. Зергерлер күміс бұйымдарды асыл тастардан (лағыл, сапфир, зүбіржат, гауһар, ақық) және агат, хризопраз, інжу, маржан, жақұттан көз қондыру арқылы әсемдей түскен. Түрлі түсті шыныларды және тағы басқа әсем рең беретін заттарды да кәдеге асырған.
Зергерлердің көп жасаған бұйымдарының қатарына әйелдерге арналған әшекейлер жатады. Әшекейлердің бұл түрі тек сән-салтанат үшін ғана емес, әдет-ғұрып, наным-сенімге де тікелей қатысты болғандықтан кез келген әлеументтік ортаның өкілі өз хал-қадірінше әр түрлі әшекейлер иемденуге, тағуға тырысқан.
Енді дін дегеніміз не? Діни нанымдардың дәстүрлі өнердегі көрінісі қандай? Осы секілді сұрақтарға біз диссертациямызда әдейі тоқталдық. Онда қамтылған тағы бір мәселе жаңа буын өнер туындыларындағы наным-сенімдерді ашып көрсету, оның тәрбиелілігі, танымы, эстетикалық мүмкіншілігіне талдау жасау. Сөйтіп, Қазақстанның тарихы терең, мәдениетке бай мемлекет екендігіне, егемендікке қол жеткізгелі бері халқымыздың еңсесі көтеріліп, дінімізбен рухани мәдениетіміздің жарқын салалары жаңаша заман талабына сай өркендеп келетіндігіне нық сенім білдіре отырып, болашақ ертеңіне көз жүгірту.
Әр ұлттың ұлттық тірегі - ол оның діні, тілі және әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, өнері. Егер әр ұлт осы асыл қасиеттерінен айырылатын болса, онда ол ұлт өзінің ұлттық ерекшелігінен, ұлттық бостандығынан, мәртебесінен айырылып, басқа ұлттарға қосылып ассимиляцияланып, рухани жойылып, тек сыртқы нәсілдік түрі ғана қалуы мүмкін. Сондықтан әр ұлт өзінің дінін, өнерін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін көзінің қарашығындай сақтауы қажет.
Дін - адам баласының Жаратушыға, айнала қоршаған ортаға деген наным-сенім. Адамзат баласы бүгінгі өркениетті қоғамға дейін түрлі даму сатыларынан өтті. Өзіндік өркендеу жолын басынан кешірді. Соған орай әр халық өзінің таным-түйсігін қалыптастырды. Әрбір қоғамдық сатыдағы адам түсінігі, наным-сенімі бірдей емес. Содан да діннің түрлері өзгеріп отырған. Алғашқы адамдардың діни нанымы олардың кәсібіне тікелей байланысты болды. Егінші үшін ең негізгі - Құдай, жерді қыздыратын Күн, жерге ылғал беретін Бұлт еді. Ал малшы үшін оның негізгі қамқоршысы “Қамбар ата”, “Ойсыл қара”, “Зеңгі баба”, “Қошқар ата”, “Шешек ата” сияқты қиялдан туған құдайлар болған. Алғашқы адамдар құдайларды кейде адам, кейде жануар бейнесінде елестетті. Олар ағаштан немесе тастан құдайдың бейнесін ойып, қашап жасады. Адамдар түсінігіндегі мұндай құдай мүсіндер идол (пұт) деп аталды. Олар идолдарды адамдар көп жиналатын ең құрметті жерлерге қойды. Бұл қасиетті жерге адамдар егін егуді, аңға шығуды немесе басқа да үлкен істі бастамас бұрын алдын ала келетін болған. Сол істің сәтті болуын сұрап, дұғалар оқылды. Дұға соңынан идолдан рақым-шарапат тілеп жалбарынып, сонымен бірге құрбандыққа астық, мал, тағам және тағы басқа апаратынды. Осылайша қарапайым табиғат күштеріне сиынудан туған дін мыңдаған жылдар бойына дамып өркендеп, біздің дәуірімізге де жетті.
Ісләм дінінің ықпалын мойындай отырып, біз көшпелі қазақ дүниетанымында тәңір дінінің, ата-бабалар аруағының, Ұмай ананың, оттың, жердің, судың, космос әлемінің және т. б. киелі қасиеті болғанын айтуымыз керек. Қазақтар бұлардың бәріне табынды деуден аулақпыз. Дегенмен, от, күн, ай, су тағы басқаларды киелі санаған. Осыларға байланысты ырым- жоралар қалыптасты.
Өнер-адамның жан дүниесін суреттеп, табиғатты бейнелеп, шын мәнінде өмірмен тығыз байланысып жатады. Өнердің қайсыбір түрін алып қарасақта оның негізгі мән мағанасы ұлттық дәстүрлі өнермен, салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен сабақтаса астасып жатады. Ұлттық дәстүрлі өнер талғам тілекті ескере отырып, қоғамның ертеден дамып келе жатқан өнері мен оның жеке түрлері жөніндегі әлеуметтік-философиялық көзқарастарды қорытып әрі қарай дамытып отырады. Қазақ халықындағы этнографиялық әдет ғұрыптардың бір бөлігі қолөнердің кейбір элементтерін тұрмыс салт дәстүрін діни нанымдар мен сенімдер тұрғысынан алып қарайық.
Қазақ халқының қолөнері деп халық тұрмысында жиі қолданылатын өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық дәстүрлі өнер жиынтығын айтады. Шын мәнінде қолөнер түрлерінің әрқайысысының талай ғасырлық тарихы бар.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz