Ауыл шаруашылығында кездесетін арамшөптерді жіктеу



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 24 бет
Таңдаулыға:   
Жоспар

Кіріспе____________________________ _________________________ 3
Негізгі бөлім ___________________________________ _____________4
Ауыл шаруашылығында кездесетін арамшөптерді жіктеу__________4-10
Ауыл шаруашылығында кездесетін арамшөптердің түрлері_______10-16
Қорғау шаралары___________________________ ______________17
Химиялық қорғау шаралары___________________________ ______17-22
Жалпы кешенді қорғау шаралары___________________________ __22-24
Қорытынды__________________________ ____________________25
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі____________________________ 26

Кіріспе

Арамшөп - егіс танаптарында өсетін жабайы өсімдіктер. Оның Қазақстанда 300-ден астам түрі бар. Егістік, шалғынды, жайылымды жерлерде, өзен-көл жағалауларында өседі. Арамшөп тамыр жүйесінің жақсы дамуына байланысты ылғалды, қоректік заттарды көп пайдаланады. Сондай-ақ ол егілген дақылды көлеңкелеп, фотосинтез процесінің жүруін нашарлатады, нәтижесінде егілген дақыл бойында органик. заттардың түзілуі нашарлайды, алынатын өнім төмендейді. Арамшөп - егіс зиянкестері мен ауру қоздырғыш-тардың мекені әрі оларды тарататын ортасы. Кейбір Арамшөптің тұқымы, жемісі (меңдуана, үй бидайық, сарғалдақ) адамды, малды уландырады. Арамшөп қолдан егілген дақылдар сияқты бір мезгілде емес, шұбалаңқы өніп көктейді әрі топырақта тіршілік қабілетін ұзақ мерзім сақтай алады. Мұның үстіне көптеген Арамшөптер сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына (суыққа, ыстыққа, құрғақшылыққа) төзімді келеді. Арамшөптер - егiншiнiң әрқашандағы және қауiптi жауы. Мәдени дақылдардың арасында өсiп, олар су, қоректiк зат үшiн алғашқылармен күреске түседi. Осындай қатар өсу өнімнің әр түрлi мөлшерде төмендеуіне - 10-30%-тен бастап мәдени өсімдіктердің толық қлуiне дейiн, әкеп соғады (10).
Мәдени дақылдар мен арамшөптердің қоректiк заттарды пайдалануы арасында керi байланыс бар: арамшөптер көбірек алған сайын, мәдени өсімдіктерге аз қалады және керiсiнше болады (39). Клингмэн Г. және Элитон Ф. арамшөптер биомассасы қанша өссе, мәдени өсімдіктер биомассасының сонша төмендейтінін атап көрсеткен. Олардың мәлiметтерi бойынша, арамшөптерден өнімнің төмендеуі және олармен күрес, қаржыға шаққанда, арамшөптер, аурулар мен зиянкестер келтiретiн зиянның 41,6% құрайды.
Осыдан көрiнгендей, арамшөптермен күрес - белгiленген өнімділік жолындағы жалпы күрестiң негiзгi буындарының бiрi. Сондықтан академик Б.А.Келлер:Бiздiң танаптарымызда өнімділіктi тез көте ру үшiн керектi жағдайлардың алғашқыларының бiрi, оларды арамшөптерден тазарту - деп нақты атап көрсетті. Қазіргі кезде ғылым мен тәжiрибеде арамшөптермен күрестiң тиiмдi шаралары мен жолдары белгiлi. Бiрақ жұмыстың жемiстi болуы егiншiнiң арамшөптермен күрес жөніндегі ұсыныстарды iс жүзiнде сауатты, шебер және дер кезiнде пайдалануына байланысты.
Арамшөптер басым болған алқапты бірнеше рет өңдеуге тура келеді, ол топырақтан үгітілуіне және ылғалдың жоғалуына әкеліп соғады. Жел эрозиясы қауіпі бар және жауын-шашын мөлшері аз Қазақстан Республикасы үшін бұл өте зиян.
-3-
Негізгі бөлім

2.1. Ауыл шаруашылығында кездесетін арамшөптерді жіктеу

Арамшөптер - адамдардың қатысуынсыз мәдени дақылдармен бірге өсуге бейімделген ерекше өсімдіктер тобы. Мәдени дақылдарды өсіру үшін адамдар қолданған агротехника жүйесі арамшөптер үшін де қолайлы болады. Арамшөптер топырақтан керекті қоректік заттар мен ылғалды бойына сіңіреді, дақылдардың өнімі мен сапасын төмендетеді. Олардың ішінде өте зияндылары карантинді арамшөптер тобы болып саналады. Сондықтан 1999 жылы шыққан Қазақстан Республикасының Өсімдік карантині туралы Заңы елімізде өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік шараларды жүзеге асырудың құқықтық негізі мен ұстанымын белгілеп берді.
Арамшөптермен кешендi күрес шараларын жүргiзу үшiн оларды ерекшелiктерiне қарай топтарға бөлiп жiктеудiң маңызы зор. Бiрiншi кезекте арамшөптiң ботаникалық класын анықтау керек. Өсiмдiктердi қосжарнақтылар класына (dicotyledoneae) және даражарнақтылар класына (monocotyledoneae) бөледі. Бұл класс өкiлдерiнiң вегетативтiк және генеративтiк органдарының морфологиялық және анатомиялық ерекшелiктерi бар. Оларды арамшөптермен химиялық күрес шараларын жүргiзген жағдайда ескеру керек, себебi гербицидтi таңдау соларға байланысты.
Қосжарнақтылар класына жататын өсімдіктердің ұрығы екi тұқым жарнақты, жапырақтары жалпақ, көбінесе сабаққа көлденең орналасқан, құс қанаты сияқы тарамдалған, ал дара-жарнақтылардың ұрығы бiр жарнақты, жапырақтары жiңiшке, бiр бағытты тарамдалған және сабаққа сүйiр бұрышпен орналасқан. Даражарнақтылардың өкiлдерi кәдiмгi қара сұлы, мысыққұйрық, тауық тарысы, жатаған бидайық т.б. қосжарнақтыларға қызғылт қалуен, татар ақсүттiгенi, далалық шырмауық т.б. жатады.
А..И. Мальцев (41,42) өсімдіктердi талдауды олардың өсетін жерiне, қабаттылығына, топырақтың механикалық құрамына, ылғалдылығына қоятын талабына және басқа белгiлерiне қарап жүргiзедi.
Өсетiн жерiне қарай төмендегiдей бөлiнедi: 1) танаптық немесе егiстiк арамшөптер. Олардың өкiлдерi үнемi өңделетін танаптарда өседі; 2) қоқыстық өсімдіктер. Бұл топтың өкiлдерi негiзiнен тұрғын үйлер және басқа да ғимараттардың маңында, алаңқайларда, тоғандар мен жолдардың маңайында өседі; 3) табиғи жайлымдардың, шалғындықтардың, басқа да мал азығына пайдаланылатын жерлердiң арамшөптерi. Бұл топтағы өсімдіктердi малдар нашар жейдi, сондықтан малды ол жерлерде ретсiз көп жайғанда осы
-4-
топтағылардың саны тез артады.
Бiрақта, бұл үш топтағы арамшөптердің арасында айқын шекара жоқ. Мысалы, түйетiкен тек шабындықта емес, алаңқайларда да өседі. Ақ алабұта, көкпек, кенепшөп, гүлтәжi үйлердiң маңында және ауыл шаруашылығы дақылдарының егiстiктерiнде де кездеседi.
Арамшөптердi қат - қабаттылығына қарай бөлу: 1) жоғарғы қат -қабаттың арамшөптерi (қалуендер, ащы жусан, кенепшөп, ақ алабұта, көкпек) - олар дәндi дақылдардан, картоптан биiк өседі; 2) ортадағы қабаттың арамшөптерi (жабайы шомыр, кәдiмгi қарамықша, далалық арпабас, көк гүлкекiре, кәдiмгi қара сұлы); 3) төменгi қабаттың арамшөптерi (кәдiмгi қазтабан, кәдiмгi жұмыршақ, егiстiк ярутка). Төменгi қабаттың арамшөптерi көлеңкеге төзімдi келедi. Кейде төменгi қабатта ортадағы қабаттың өсіп-даму жағынан мәдени дақылдардан кейiн қалған арамшөптерi (итқонақ, гүлтәжi) кездеседi. Олар көлеңкелiкке нашар төзедi, сондықтан өте әлсiреген жағдайда болады және өздерінің тұқым өнімділігін күрт төмендетедi.
Өндiрiсте арамшөптердi агробиологиялық топтарға бөлу арқылы жiктеудiң маңызы зор. А.И.Мальцев (42) бұл жiктеу сұлбасын дайындаған Н.С.Соколов (1935) екенiн көрсетеді, ал Н.С.Соколов бұл сұлбаның А.И.Мальцевтiң, Л.И.Казакевичтiң және Э.Корсмоның еңбектерiн ескерiп жасалғанын жазады. Жiктеудiң бұл тәсiлiн қолдануға қолайлы, сәттi жасалған деуге тұрарлық. Барлық арамшөптер қоректену ерекшелiктерiне қарай тоғышар және тоғышар емес (жасыл өсімдіктер) болып бөлiнедi. Әрi қарай жасыл өсімдіктер тiршiлiгiнiң ұзақтығына байланысты аз жылдық және көп жылдық болып бөлiнедi. Ал көп жылдықтырдың өзін олардың вегетативтi көбеюге қабiлеттiлiгiне, тамыр жүйесіне қарап әр түрлi топтарға ажыратады. Тоғышарлы және жартылай тоғышарлы өсімдіктердің сабақтық және тамырлық түрлерi болады.
Аз жылдық арамшөптер. Аз жылдық арамшөптер тек тұқымдары арқылы көбейедi. Олардың тiршiлiгiнiң ұзақтығы бiр-екi жылдан аспайды. Тұқым бергеннен кейiн өзінiң тiршiлiгiн тоқтатады. Даму кезеңiнiң ұзақтығына және биологиялық ерекшелiгiне қарай эфемерлер, жаздық, қыстайтын, күздiк және екi жылдық арамшөптер болып бөлiнедi.
Эфемерлер (раң тәрiздiлер). Оларға даму кезеңi өте қысқа және тез өте тiн арамшөптер жатады. Қолайлы жағдай болғанда бұл топтың кейбiр өкiлдерi бiр жылда бiрнеше ұрпақ бере алады. Негiзгi өкiлдерi: дымқыл жұлдызшөп, сеппе көкнәр.
Жаздық ерте өнетіндер. Бұл топтың арамшөптерiнiң тұқымдары ерте көктемде, топырақ 10-120 С жылығанда өнеді, жазда бiр ұрпақ бередi. Күзде
-5-
шыққан көгі суық түсе үсiп қалады. Олардың өкiлдерi: көкпек, ақ алабұта, арам кенепшөп, қара сұлы, шырмауық таран, жабайы шомыр, дала қышасы тағы басқалар.
Аталған өкiлдердiң, қаңбақтан басқаларының көгі мамырдың екiншi онкүндiгiнде немесе үшiншi онкүндiгiнiң басында шыққан жағдайда қайталап соққан суықтар мен жер бетiндегi бозқыраудан үсидi. Себебi олар төмен температураның әсерiне өте сезiмтал келедi.
Күздiктер. Бұл топтағы арамшөптер көздерінің даму айналымын толық аяқтау үшiн күзгi-қысқы суықтың әсерiн қажет етедi. Тұқымының бiрiншi жылы көктемде, жазда немесе күзде көктегенiне қарамай қысқа дейiн тек тамыр маңайындағы жапырақтардың тобын құрады, ал астық тұқымдастар тек түптенедi де, қысқа түседi. Келесi жылы сабақтанып, гүлдейдi және тұқым бередi. Негiзiнен олар күздiк дақылдардың егiстiктерiн ластайды. Бұл топтағылар көп емес. СолтүстiкҚазақстанда жаздық дәндi дақылдардың егiстiктерiнде кездеспейдi. өкiлдерi: қара бидай арпабасы, далалық арпабас, кәдiмгi сiпсебас.
Екi жылдықтар. Бұл топтағы арамшөптер өздерінің даму айналымын аяқтау үшiн екi вегетациялық маусымды керек етедi. Басқаша айтқанда, олардың қыстайтын бiржылдықтар мен күздiктерден айырмашылығы оларға толық екi жаз керек. Тұқымдары күзде көктесе олар екi рет қыстайды. Бұл топтың өкiлдерiнiң қатарына қара меңдуана, сары түйежоңышқа, ақ түйежоңышқа, кәдiмгi кәрiқыз, бұйра түйетiкен т. б. жатады.
Көп жылдық арамшөптер. Көп жылдық арамшөптердің тiршiлiгi-нiң ұзақтығы екi жылдан артық болады. Тiршiлiк кезеңiнде олар бiрнеше рет гүлдейдi және тұқым бередi. Кейбiр көп жылдық арамшөптер - атпатамырлары және тамырсабақтары арқылы - вегетативтiк жолмен де көбейе алады. Көп жылдықтар өздерінің вегетативтiк көбею мүмкiндiктерi, тамырларының түрлерi және түйнектер мен пиязшықтар құруларына қарай топтарға бөлiнедi (1-сурет).

-6-

1 - сурет. Далалық шырмауық

Олардың өкiлдерi: қызғылт қалуен, далалық (сары) қалуен, көгілдiр қалуен (татар ақ сүттiгенi), далалық шырмауық, жатаған қызғылт у кекiре, кәдiмгi сиякөк, талшықты сүттiген және басқалар (1, 2, 3 - суреттер).

2 - сурет. Қызғылт қалуен 3 - сурет. Далалық қалуен

Тамырсабақтылар (көгентамырлылар). Бұл топтағы арамшөптер тұқымдары арқылы және вегетативтiк жолмен көбейедi. Олардың тамырсабақтар деп аталатын буындары бар ұзын ақшылт жерасты сабақтары болады. Тамырсабақтар тiк және көлденең орналасады. Оларда қоректiк заттардың қоры жиналады және өркендер мен шашақты тамырлар құратын қолтық бүршiктер болады. Өркендердiң бiр бөлігі жер бетiне шығады, ал бiр бөлігі жер асты өркендеріне - тамырсабақтарға айналады. Тамырсабақты арамшөптердің жер асты бөліктерi арқылы өте тез көбеюге мүмкiндiктерi бар, олар бiрте-бiрте басқа өсімдіктердi ығыстырып алаңқайлар құрайды. Өкiлдерi: жатаған бидайық, бұтақты бидайық, қарашағыр т. б. (4 - сурет).
-7-
4- сурет. Бұтақты және жатаған бидайықтар.

Өрмелегiштер. Бұл топқа жататын арамшөптер жер бетiндегi өркендерi (мұртшалар мен сабақтар) арқылы көбейедi. Жер бетiнде жатқан сабақтардың буындарында пайда болған тамырлар арқылы жерге бекидi. Бұл топтағылардың қатары онша көп емес. құрғақшылық жағдайда кәдiмгi қазтабан кездессе, ылғалды жерлерде - жатаған сарғалдақ кездеседi.
Кiндiк тамырлылар. Бұл топтағы өсімдіктердің топыраққа тереңге бойлайтын кiндiк тамыры болады. Ол өсімдіктiң бүкiл тiршiлiгiнде өзінiң өміршеңдiгiн сақтайды. Жер бетiндегi бөлігі жылда тамыр мойнындағы бүршiктен өсіп шығады. Кейбiр жағдайда тамыр мойны көп басты болуы да мүмкiн. Кiндiктамырлы арамшөптермен күрестiң көптеген қиындықтары бар. Оларды тамыр мойнынан төмен кескенде қайтадан өсіп шықпайды. Өкiлдерi: ащы жусан, бұйра қымыздық, кәдiмгi бақ-бақ.
Шашақтамырлылар. Бұл топтағы арамшөптердің негiзгi тамыры қысқарған, бүйiрлiк жiңiшке тамырлары жақсы дамыған және шашақты тамыр шоғырын құрайды. Бұл топтағылардың саны көп емес, олармен күрес аса қиындық туғызбайды. Олардың өкiлдерi: үлкен бақажапырақ (жолжелкен), күйдiргi сарғалдақ.
Түйнектi арамшөптер. Бұл топтағы арамшөптердің вегетативтiк көбеюдiң құралы болып табылатын түйнек тәрiздi жерасты органы болады. Онда қоректiк заттардың қоры жиналады. Солтүстiк Қазақстан егiстiктерiнiң ойпаң ылғалды жерлерiнде түйнектi ноғатық (чина) кездеседi. Бұл топтың басқа өкілі - түйнектiқозықұлақ - егiстiктерде кездеспейдi.
Бадана (жуа) тамырлылар. Бұл топтағы арамшөптер тұқымдарымен
-8-
және пиязшықтары арқылы көбейедi. Лала тұқымдастығына жатады. Агротехниканың қазiргi деңгейiнде егiстiктерде кездеспейдi деуге болады. өкiлдерi: жұмыр жуа, жабайы жуа.
Тоғышар және жартылай тоғышар арамшөптер. Жартылай тоғышар арамшөптердің хлорофилi және дамыған жапырақтары болады. Олардың көпшiлiгi иесi болатын өсімдіктi таба алмаған жағдайда тамырларын жайып, автотрофты қоректенуге көшедi. Бiрақта, үлкен сылдырмақ туралы басқаша да мәлiметтер бар (Сорные растения СССР, 1935, том IV). Егер өсіп шыққаннан кейiн алты аптада иесi болатын өсімдік таппаса олар өлетiн көрінеді. Жартылай тоғышар арамшөптер тамырлық (үлкен сылдырмақ, кеш қандауыр) және сабақтық (ақжидек) болып бөлiнедi. Кейiнгiлерi иесi болатын өсімдіксiз өмір сүре алмайды.
Тоғышар арамшөптер өздiгiнен қоректену қабiлетiн жоғалтқан, сондықтан өзіне керектi заттардың бәрiн иесi болып табылатын өсімдіктерден алады. Олардың тамырлары, хлорофилi жоқ жапырақтары да түбегейлi өзгерiске ұшыраған. Олар тамырлық тоғышарлар (сұңғыланың түрлерi) және сабақтық тоғышар (арамсояудың түрлерi) болып бөлiнедi.
Арамшөптердің салалық классификаторы. Ауыл шаруашылығына агрохимиялық қызмет көрсету орталық институтында (ЦИНАО) классификатор
дайындалған, оған 400-ден астам арамшөптер енгiзiлген. Онда әр өсімдікке төрт саннан тұратын код берiлген, олар өсімдіктiң ботаникалық класын, тiршiлiгiнiңұзақтығын, биологиялық ерекшелiгiн (жаздық, қыстайтындар және т.б.), арамшөптiң түрлiк аталуын көрсетеді. Мысалы, кәдiмгi қара сұлы 1150, кәдiмгi гүлтәжi 4287, далалық шырмауық 5420, т.т. Арамшөптердің коды танаптардың арамшөптермен ластануы туралы мәлiметтер қорын дайындауға, оларды ЭЕМ пайдаланып өңдеуге, гербицидтердiң қажет мөлшерін анықтауға және оларды облыстарға бөлуге керек. Егiстiктердiң арамшөптермен ластануының қорытынды тiзiмiнде арамшөптердің атымен қатар оның коды да көрсетiлуi керек.
Карантиндi арамшөптер. ТМД елдерiнде таралған арамшөптердің арасында Қазақстанда жоқ немесе аз таралған, бiрақ таралу мүмкiндiгi мол, өте зиянды түрлерi бар. Мұндай арамшөптердi карантиндi арамшөптер деп атайды және олардың жаңа жерлерге таралуын шектейтiн ерекше қатаң шаралар қолданылады. Бақылауды Мемлекеттiк карантин инспекциясы атқарады. Карантин қойылған заттар кiрер алдында арнайы шекара бекеттерiнде сыртқы алғашқы карантиндiк бақылаудан өтедi. Елдiң iшiнде қабылдайтын жерлерде шет елден келген карантин қойылған заттар екiншi рет
-9-
карантиндiк бақылаудан өтедi. Мемлекеттiк карантин инспекциясы iшкi карантин шараларын да жүргiзедi. Олар карантин қойылған өсімдіктердің ел iшiнде таралуына жол бермеуге, тыйым салынған заттар ошағын дер кезiнде анықтап, таралуына жол бермеуге бағытталған. Бұл мақсатта ауыл шаруашылығы алқаптарын жүйелi түрде байқаудан өткізіп отырады.
Қазіргі кезде тыйым салынған (карантиндi) 12 арамшөптiң бесеуi Қазақстанда кездеседi, олар: жусан жапырақты ойраншөп, күнбағыс арамшөбi, жатаған қызғылт у кекiре, тікенді алқа және арамсояулар (зығыр, құлмақ тәрізді, Леман арамсояуы т.б.). Қалған түрлерi ТМД елдерiнде және алыс шет елдерде кездеседi: үштармақ ойраншөп, теңіз маңының ойраншөбі, сыпыртқы ойраншөп т.б. Карантиндi арамшөптер туралы толық мәлiметтердi арнайы басылымдардан алуға болады (34, 52, 66).
Улы арамшөптер. Арамшөптердің кейбiр түрлерi улы болып келедi және адамдарға, малдарға үлкен қауiп туғызады (1). Өсiмдiк түгелдей (меңдуана, сасық меңдуана) немесе жас көктерi (құмай), тұқымдары (сарыбас қурай, арам шытырмақ) улы болып келуi мүмкiн. Бәрiнен бұрын улы өсімдіктер жануарлар үшiн зор қауiп туғызады. Себебi олар мал азықтарымен (шөп, сабан, жем) бiрге түсуi мүмкiн.
Улы арамшөптердің қатарына кәдiмгi қарамықша, қыздырма үй бидайық, жатаған у кекiре, күйдiргi сарғалдақ, қара меңдуана, жусан жапырақты ойраншөп т.б. жатады.

-10-
2.2. Ауыл шаруашылығында кездесетін арамшөптердің түрлері

Арамсояулар тұқымдасы (Cuscutaceae) - паразит өсімдіктер. Арамсояулар тұқымдасына жататын өсімдіктер хлорофилсіз, тамырсыз, жіп тәрізді сабағы арқылы басқа өсімдіктерге сорғыш бүршігі арқылы жабысып өседі. Жер шарында кең тараған, әсіресе, Америка мен Африканыңтропиктік аймақтарында, сондай-ақ Жерорта теңізі маңы мен Батыс Азияда кездесетін 1 туысы, 150 (кейбір мәліметтерде 170-тей) түрі белгілі. Ұсақ гүлдері қалың шашақ не шатырша гүлшоғырына топталған. Тостағанша жапырақшалары жарты шар, қоңырау не түтікше тәрізді 5 қалақты. Күлтелері бір-бірімен кіріккен ақ, сары не қызыл түсті. Аталықтары күлтенің түтікшелеріне жабысып тұрады. Гүлшоғырының ортасында 2 - 3 бірігіп кеткен жеміс жапырақшасынан тұратын аналық жиынтығы (гинецей) болады. Негізінен жарғаққанаттылармен тозаңданады. Тұқымы тозаңданғаннан кейін 2 - 3 аптадан кейін піседі. Бір өсімдікте 3-тен 30 мыңға дейін майда тұқым жетіледі. Арамсояулар тұқымдасына жататын өсімдіктер - өте зиянды арамшөптер.
Арамсояу (Cuscuta) - арамсояулар тұқымдасына жататын бір не екі жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Хлорофилі жоқ, паразитті түрде тіршілік етеді. Жер шарында тропиктік аймақтардан қоңыржай белдеулерге дейінгі жерлерде өсетін 170-тен аса түрі белгілі. Арамсояу Қазақстанның барлық облыстарында кездеседі. Арамсояудың 19 түрі бар. Оның ішінде көп тарағандары - Қаратау Арамсояуы (C. Karatavіca), дала Арамсояуы (C. campestіs). Бұлардың сабақтары өте жіңішке жіп тәрізді болады, басқа өсімдіктерге шырмалып өседі. Жапырақтары семіп, тек қабыршақ күйінде жетіледі. Ұсақ болып келген, ақ не қызғылт, кейде қызыл не сары гүлдері шатырша немесе шашақ гүлшоғырына топталған. Маусым - шілде айларында гүлдеп, тамызда жеміс береді. Жемісі қауашақ тәрізді. Бір өсімдікте он мыңдаған майда тұқым жетіледі. Тұқымынан пайда болған өскіннің тамыры топыраққа бекиді. Өну қасиеті бірнеше жыл сақталады. Арамсояу - өте зиянды арамшөп. Ол зақымдаған дақыл, көбінесе тіршілігін жояды. Арамсояудан сақтану үшін егіске гербицид шашады, егетін тұқымды тазалап, дәрілейді.
Арамсәбіз (Cnіdіum) - шатыршагүлділер тұқымдасына жататын бір, екі немесе көп жылдық шөптесін өсімдік. Олар Тобылдың, Есіл өзендері алабында, Көкшетау, Сарыарқа, Алтайдың қалың ормандарында, құрғақ және ылғалды шалғынды жерлерінде өседі. Қазақстанда күмәнді Арамсәбіз (C. dubіum) түрі бар. Биіктігі 80 см-дей. Тамыры ұршық тәрізді. Жоғарғы жағы бұтақталған, түзу сабақты. Түксіз, сағақты жапырағы қауырсын тәрізді
-11-
тілімденген. Гүлшоғыры - күрделі шатыр құрылымды (20 - 35 салалы). Гүлдері ақ, кейде қызғылт түсті болады. Шілде айында гүлдеп, тамызда жеміс береді. Жемісі тұқымша тәріздес.
Итқонақ (Setaria) - астық тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Дүние жүзінде кең тараған. Қиыр Шығыста, Солтүстік-Шығыс Қытайда, Жапония және Корей аралдарында кездесетін 21 түрі белгілі. Итқонақ - егістіктер мен бау-бақшаның арамшөптері. Қазақстанда құрғақ далалық аймақтар мен таулардың тастақты беткейлерінде өсетін: шоқ Итқонақ (Setaria verticillata), мысыққұйрық Итқонақ (Setaria glauca), көк Итқонақ (Setaria viridis), Италия Итқонағы (Setaria italica) деген түрлері кездеседі. Биіктігі 10 - 80 см. Сабағы тік, буын және буын аралығынан тұрады, іші қуыс болады. Көп жапырақты, шашақталып өседі. Гүлдері - күрделі масақ, сыпыртқы гүлшоғырына жиналған. Масақшасы ұзын қылтанақты, қос гүлді. Оның біреуі - қос жынысты, екіншісі аталық (саны үшеу) жынысты. Шілде - қыркүйекте гүлдейді. Жемісі - дәнек. Тұқым салғанға дейін жапырақтары мен сабақтарын мал жақсы жейді. Тұқымдарымен құстар қоректенеді.
Гүлтәжі (Amaranthus) - гүлтәжілер тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Негізінен жылы және қоңыржай аймақтарда кездесетін 55-тей түрі белгілі. Қазақстанда барлық облыс жерінде өсетін 8 түрі бар. Бұлардың гүлдері ұсақ, дара жынысты, жапырақ қолтығына шоғырлана орналасқан. Жоғары жағы масақша немесе сыпыртқы гүлшоғырын құрайды. Аталығы 3 - 5, жатыны бір ұялы. Маусым - қыркүйекте гүлдеп, жемістенеді. Жемісі - домалақ, бір тұқымды қорапша. Тұқымы жасымық сияқты. Кейбір түрлері (қызылқұйрық Гүлтәжі, шашақты Гүлтәжі) ежелден дәнді дақыл болып саналады. Көпшілік түрін әдемі түсті жапырақтары мен салбырап тұратын гүлшоғыры үшін сәндік ретінде өсіреді.
Сасық меңдуана (Datura) -- алқа тұқымдасына жататын өте жағымсыз иісі бар, біржылдық шөптесін өсімдіктер, кейде бұталар. Қазақстанның барлық аймақтарында (тек таулы жерлерде өспейді) кездесетін 1 түрі -- кәдімгі Сасық меңдуана (D. stramonіum). Ол үй маңында, бақшада, кейде қоқысты жерлерде топтанып өседі. Биікт. 20 -- 100 см, сабағы жылтыр, көп бұтақтанған. Ұзын сағақты жапырақтары жұмыртқа тәрізді, ұшы үшкір, жиектері толқындала ойықталған. Тостағанша жапырақшалары бесеу, ақшыл-жасыл түсті, бір-бірімен бірігіп түтік құрайды. Күлтесінің де саны бесеу, ақ түсті, түтік тәрізді түбі жіңішкеріп тостағанша ішінде жатады. Гүлдері ірі, қысқа сағақты, өркенге бір-бірден орналасады. Сәуірден қыркүйекке дейін гүлдеп, шілде -- қазан айларында жемісі піседі. Жемісі -- шар не жұмыртқа тәрізді қауашақ. Тұқымдары бүйрекке ұқсас, қара, ұсақ болады. Сасық меңдуана -- дәрілік
-12-
өсімдік, оның құрамында гиосциамин, атропин, скополамин алкалоидтары, эфир майы (0,04%), каротин (0,1%), илік заттар (0,7%) болады. Тұқымында 45%-дай линол глицериді, 40%-дай олеин, 20% стеарин бар. Сасық меңдуананың емдік қасиеті көне заманнан белгілі. Медицинада Сасық меңдуанадан алынған препаратты өкпе демікпесі, тыныс жолдары, теңіз және биіктікке байланысты ауруларға қарсы пайдаланады. Халық медицинасында буын ауруларын, невралгияны, жүйке ауруларын емдеу үшін қолданылады. Өте улы өсімдік.
Түйежоңышқа (Melіlotus) - бұршақ тұқымдасына жататын екі жылдық сирек бір жылдық өсімдіктер.
Қазақстанның барлық аймағында кездеседі, дала шалығынында, кейде сортаң жерлерде, өзен аңғарында, жол жиегінде, бақта өсетін 3 түрі бар. Ең маңыздысы әрі жиі кездесетіні ақ түйежоңышқа (М. albus) және сары не дәрілік түйежоңышқа (М. offіcіnalіs). Бұлардың биікт. 30 - 100 см. Кіндік тамыры тарамдалған. Сабағы тік, бұтақталып өседі. Жапырағы күрделі, үш құлақты, ұзын сағақты, бөбешік жапырақшалары тісті болады. Тостағанша жапырақшаларының ұзындығы 2 мм-дей, бес тісті. 9 аталығы бір-бірімен түтікше тәрізді болып бірігіп кеткен. Біреуі, көбінесе, бос жатады. Гүлі ұсақ сары не ақ түсті, шашақ гүлшоғырына топталған. Жәндіктермен тозаңданады. Мамыр - шілде айларында гүлдеп, жемісі піседі. Жемісі - ұзынша келген, мұртшасы бар бұршаққап, сыртында көлденең қатпарлары, ішінде бір тұқым болады. түйежоңышқа құрғақшылыққа, суыққа төзімді келеді, топырақ талғамайды. Құрамында кумарин бар, белогы көп, витаминдер мен минералды тұздарға бай мал азығы. 100 кг шөбінде 18,5 - 19,5 азық өлшемі, 3,1 - 3,2 кг сіңімді протеин бар, шөбін малдың барлық түрі жейді. Медицинада, темекі, шарап өнеркәсібінде пайдаланылады.
Бақбақ (Taraxacum) -- күрделі гүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық, кейде бір не екі жылдық шөптесін өсімдіктер. Қазақстанда 59 түрі бар, оның 23-і сирек кездесетін эндемик өсімдіктер болып саналады. Ең көп тарағандары: дәрілік Бақбағы (T. offіcіnale), көксағыз Бақбағы (T. koksagnuz). Олар шалғынды, көгалды жерлерде, жол жиегінде, тау бөктерлерінде өседі. Биіктігі 4 -- 30 см-дей, сабағы қуыс, жапырақсыз, тықыр, сүтті шырынды болады. Жапырақтары қауырсын пішіндес, жиегі тегіс, тамыр мойнына айнала шоғырланады. Гүлдері қос жынысты, сары түсті, тостағанша дөңгеленіп сабақ ұшында орналасады. Сәуір -- мамыр айларында гүлдейді, мамыр -- маусымда жеміс береді. Жемісі -- дәнек, ол желмен тарайды. Бақбақтың тамыры мен сабағы дәрілік мақсатқа қолданылады, сондай-ақ, мал азығына, тағамға пайдаланылады.
-13-
Бидайық (Agropyron) -- астық тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық жерінде кездеседі. Оның 44 түрі бар. Оның ішінде тарбағатайлық бидайық (аgropyron tarbagataіcum) -- эндемик.
Бұлардың тамыр сабақтары ұзын, жер астында 2 м-ге дейін көлбей өседі. Сабағы тік, оған кезектесіп орналасқан жапырақтары жіңішке таспа тәрізді, гүлінің сыртын мөлдір немесе жасыл гүл қабыршағы, ал оның төменгі жағын 2 жасыл масақша қабыршақ қоршап тұрады. Жел арқылы тозаңданады. Жеміс қабының қауызы тұқымға жабысып, тұтасып ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ауыл шаруашылығы жерлерінде арамшөптердің өсімдіктердің пайда болуы
Арамшөптермен алдын ала күресу шаралары
Арамшөптерді биологиялық әдіспен жою
Ауыл шаруашылық экономикасындағы ақпараттық технологиялар
Қазақстанда Ауылшаруашылықтың дамуы
Арамшөптердің зиянды шегі
Көшеттіктерде гербицидтерді қолдану
Топырақ туралы мәлміет
Тәлімі егіншілік аймағындағы арамшөптермен күресу шараларының ерекшеліктері
Егіншілік түсінігі, жүйесі, мәдениеті туралы
Пәндер