Абай шығармашылығының зерттелуі. Абай қазақтың жаңа реалистік жазбаша әдебиетінің негізін салушы



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 28 бет
Таңдаулыға:   
Мазмұны

Кіріспе. Абай шығармашылығының зерттелуі 3
Негізгі тарау. Абай поэзиясындағы арнау өлеңдер 10
Қорытынды. 31
Әдебиет тізімі 34

Кіріспе. Абай шығармашылығының зерттелуі

Абай қазақтың жаңа реалистік жазбаша әдебиетінің негізін салушы.
Абайдың ақындық дарыны аса қуатты және сан қырлы. Ол керемет суреткер ақын
және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Сонымен бірге Абайды ойшыл
ақын дейміз. Мұны алдымен ақынның өмір құбылыстарын терең толғап айту жағы
басым келетін өлеңдеріне қатысты айтамыз. Сонымен қатар өмір, адам тағдыры,
дүние заман ағымы жайлы пікірлері, дүниетанымы көбірек көрінетін өлеңдеріне
қатысты, яғни ойшыл–философ ақын деген мағынада да айтамыз.
Абай поэзиясы қазақ әдебиетіндегі мүлде жаңа құбылыс, жаңа кезең
болғанын айта отырып ақынның шығармашылық өнерінің негізгі тірегі,
сарқылмас қайнар көзі халық поэзиясы, жүздеген жырау, жыршы, ақындарды
туғызған халықтың сан ғасырлық бай әдеби мұрасы дейміз. Абай шығармаларында
алдымен мейлінше мол, әр қырынан көрінетін, әрине ақынның өз бейнесі, өз
тұлғасы. Лирик ақын қоғам өмірінің шындығын өз көңіл күйін тікелей
білдіріп,ойын тура айтады. Өлеңдері кейде сұхбат, сырласу, кейде насихат
кейде ойға шому, ой толғау түрінде әр алуан болып келсе, ақын бейнесі
анық,айқын қалпында танылады. Ал кейде ақын өлеңін өз атынан, бірінші
жақтан айтқанымен, өмірге жинақталып жасалған лирикалық тұлғаның көзімен
қарайтыны байқалады. Поэзияда ақын өмірде болғанды ғана емес, болатын,
болуы мүмкін жайларды жинақтап, шындыққа сәйкестендіріп айтатындықтан
өлеңдегі ақынның бейнесі кейде осындай лирикалық тұлға қалпында көрінеді
Ақынның поэзиядағы өз тұлға-бейнесі арқылы біз оның өзі өмір сүрген
заманды қалай түсінетінін көреміз. Халық өмірінің, заман келбетінің
поэзиядағы көрінісі арқылы ақын бейнесін айқынырақ сезіне түсеміз. Жинақтап
айтқанда, осының бәрінен сол дәуірдегі қазақ өмірінің мол шындығын табамыз.
Абайдың шығармаларында ойшылдық пен суреткерлік ажырамас бірлік
тауып,аса маңызды қоғамдық, азаматтық, халықтық мәселелерді терең толғайтын
жаңа сапалы поэзияның тууына негіз болды. Қазақ әдебиеті реалистік жазба
әдебиет үлгісіндегі нағыз лирикалық туындылардың жаңа түрлерімен толықты
және осының өзі Абайдың ұлттық поэзиядағы ой-сезім жүйесін шексіз байытып,
сөздің мағыналық, суреттілік қуатын арттыруына,тіл ұстартуына зор
мүмкіншілік туғызып, бұл салада ақынның өнімді жаңалық табуына жол ашты.
Абайдың қазақ тілін дамытуға, әдеби тілді, поэзия тілін өрістетіп,
жаңа сөз өрнектерімен байытуға сіңірген еңбегі ұлан асыр. Абай поэзиясының
тілі,сөз кестесі мен өлең өрнегі кіршіктей қоспасы жоқ саф таза
халықтығымен, келісті қарапайымдылығымен, тартымды сонылығымен құнды.
Абай поэзиясының тілінде адамның жан тебіренісін, көңіл толғанысын,
жүрек лүпілін, сезімнің сан құбылып ойнақшуын көрсететін сипаттамалар,
эпитет, метафора және басқа бейнелі сөздер өте көп кездеседі.
Абай поэзиясында әлеуметтік,азаматтық тақырыптардың қай-қайсысы болса
да,мүлде жаңаша қойылып,басқаша шешіледі. Абайды туғызған орта, әлеуметтік
жағдай, ақынның данышпандығы, зор таланты дүниені басқаша қарап, аңдауға
мүмкіндік берді. Абай көтерген тың мәселелерге арнайы назар аударсақ,
реалистік поэзияға жол қайдан басталғанын анық байқаймыз: ол – халық
поэзиясының қайнар бұлағы, сарқылмас нәрі. Бірақ Абай соны өзінің талантына
сай алуан-алуан жаңалықтарымен байытқан. Ұлы Абай өз шығармашылығында сол
жаңалықтары арқасында үлкен дәстүр қалдырды. Реалистік дәстүр, шындық
дәстүр, халықтық дәстүр Абайдан кейінгі қазақ поэзиясынан мықтап орын алды.
Бұл жайында біз Абайдың екі сөзін ғана куәға алалық.
Бірінші сөз – Абайдың қазақ поэзиясын аяғынан тік қойып, мүмкін
қатарынша оны тілмарлықтан, құр шешендіктен, әсіресе қызыл бояудан құтқару
жайында. Мұны дәлелдеу үшін алдымен өзі айтқан талап-тілекті еске алайық:
Сөз айттым Әзірет Әлі айдаһарсыз,
Мұнда жоқ алтын иек сары ала қыз...
Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз,
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз
Екінші сөз – Абайдың ақын орнын, оның қоғамдық, әлеуметтік ролін алғаш
танып, Пушкиндермен қатар көркем сөзді жоғары сатыға көтеруі жайында. Бұл
ақынның бүкіл мұрасымен дәлелденген, бірақ тағы да Абайдың өз куәлігіне
жүгінелік:
Ақын белін буынып,
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан-зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл,
Не жазып кетсе: жайы сол.
Не жек көрсеңдер өзің біл
Өзінің кім екенін білген Абай тоғыз жолдың торабында өнерді оның
ішінде поэзияны таңдады. Соның өзінде “өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр,
сырымды тоқтатайын айта бермей” деп теткіді. Жіті ойласаңыз, осында қаншама
мағына бар. Абай өзінің ішкі әлемін ашып, өлеңмен мұң шағады, өлеңмен наз
төгеді, өлеңмен сыр шертеді. Поэзияның табиғатын жетік білген ақын
жомарттық жасайтын жерде жомарт та, сараңдық жасайтын жерде сараң. Ол кейде
төкпе, кейде бүкпе. Кейде сыршыл, кейде суретшіл, кейде іңкәр, кейде
торыққыш. Кейде әсершіл, кейде байқампаз. Кейде ойшыл, кейде ақылгөй.
Осының бәрі оның байырғы болмысының, табиғи дарынының үстіне оның
мұратының мақсатының мүддесінің кеңдігінен туған қасиеттер еді. Сондықтан
да Абай поэзияға төтенше жүктер артуға мәжбүр болды. Әбден тоқтасқан
шағында туған қара сөздерін былай қоя тұрсақ, Абайдың фәлсапасы, эстеткасы,
тұрмыстың толғаныстары оның поэзиясында, жұртқа тез жарайтын ұшқыр жанрда
жатыр. Күн ілгері айта кету керек.
Поэзяның ғұмырлы қасиеті – сезім мен ой – пікірдің тұтастығында. Сана
махаббат лирикасында сезім арқылы көрініс береді. Өзара тығыз ұласқан осы
егіз құбылыс Абай поэзиясында мейлінше мол. Дарын қаншама биік болса, сезім
соншама терең келешек. Терең де жалынды сезімді билей білетін осы биік
дарын, Абай осы дарын тобынан.
Абай өзіне дейінгі ақындар поэзиясын жете танып білумен бірге,
“Әркімге арнап мақтау өлең айту”, бірі жамау, бірі құрау өлең дәстүрлернің
ескіргенін де даналықпен түсінуі, енді бұлардан қайткенде арылу мәселесін
қойды. Осы іздену барысында өзге әдебиеттермен творчестволық байланыс
жолына шықты.
Абай творчествосының көптеген келелі мәселелері – білімге, адал
еңбекке, әділеттілікке шақыруы, надандықты, артта қалу кесапатын айыптауы,
алауыздың пен керіс – тартысты, өкімет билігін теріс пайдалануда, т.б.
әшкерелеуі осының бәрі өлең – жырының өзегі болып, айрықша ақындық қуатпен
айтылады.
Қазақ поэзиясына көп жаңалық, соны қасиет әкелген Абайдың лирикалық
поэзиясынан оның ақындық шеберлігінің баға жетпес құндылығы, айрықша
өзіндік сипат – қасиеттері әсіресе мол көрінеді. Ол қазақ поэзиясының
идеялық ауқымын, тақырыбын кеңейтті, әдебиетте жаңа жанрлық түрлер
қалыптастырды.
Абай қазақтың ақындық тілін, әдеби тілін ұстартып, шыңдап жетілдірді.
Қазақтың әдеби тілін биік жаңа сапаға көтеріп, жаңа үлгіде қалыптастырды.
Абайдың лирикасы жанрлық ерекшеліктері жағынан алғанда көп салалы, көп
қырлы, алуан түрлі болып келеді. Олар тақырыбы, идеялық мазмұны жағынан да
аса бай, әр қилы өмір құбылыстарын қамтиды. Халықтың тағдырын, заман жайын
толғайтын сан алуан қоғамдық саяси философиялық лирика түрлері, адамның
ішкі жан дүниесін бейнелейтін жырлары, махаббат лирикасы, сатиралық
өлеңдері табиғат суреттері, оларға қоса жеке адамдарға арналған жырлары,
тағы басқа өлең түрлерін Абай поэзиясынан молынан жабамыз. Ұлы мұралар әр
ұрпақ қарайды оқиды.
Абай, ең алдымен ұлы ақын, ақындардың ақыны, Ахмет Байтұрсыновтың
сөзімен айтсақ, “Қазақтың ақыны”. Мәңгілік поэзияның қыры мен сырын
зерттеуге қыруар жаңалықтар енгізген.
Абайдың өмірде, адамды суреттеуі барынша шыншыл да терең.
Абайдың алтын сөзін кір шалмайды. Отызыншы жылдардың ортасынан бастап
Абай ілімі бірте – бірте бір арнаға түсе бастады. Абай даналығы шексіз.
Ақын мұрасының жас ұрпаққа жеткізілуі жолында еңбек етіп, тер төккен
әдебиетшілер, ақын – жазушылар аз емес. (12.5).
Ауыз әдебиетінде, жыраулар поэзиясында арнау өлеңдер дәстүрлері жанр
екендігін көрсетіп, ішкі үлгілерін кеңітті. Замана озған сайын ұлы
ақындардың қыры мен сыры ашыла береді. Заманаға жарасып, сезім жаңғыртады.
Қанша зерттесек те, таусылмайтын рухани ырыс. (9. 165).
Абайға дейінгі ақындардың поэзиясында арнау өлеңдер дәстүрлі жанрдың
бірі болды.
Ауыз әдебиетіміздің көне үлгілерінен, толғау дәстүрлі поэзиямыздан
Абайдай классик ақынымыздың шығармаларынан желілі түрде бой көрсетіп
әдебиет тарихында тұрақтылығымен, өміршеңдігімен ерекшеленген, осылайша
бүгінгі поэзиямыздың құрамдас бөлігіне айналған жағдайы – арнаудың қазақ
поэзиясының бірден – бір ұлттық жанры екендігіне дәлел. Қазақ өлеңінің
ұлттық дәстүрлерін арнау өлеңдерсіз әңгімелеуге болмайды.
Арнау - әдеби шығарманың басында берілетін сол шығарманың кімге,
қандай уақиғаға байланысты екенін көрсететін, көбінесе оның түрінде келетін
автордың сөзі. Кейде арнауда автор өз шығармасын белгілі бір адамға ізет –
құрмет көрсетіп, сый ғып тартатыны айтылады. Кейде жазушы арнау сөзді кімге
қаратып айтылғанын анықтамай, сол кісінің өзі ғана түсінетіндей етіп те
береді. XVІІ ғасырдан бастап арнау мазмұны мен түрі жағынан өзгере
бастайды.
Арнау XVІІ ғасырда орыс әдебиетінде алдымен мадақтау, мақтау, өсиет
маңайында болады, өліге, тіріге арналған қошамет сөз түрінде кездеседі.
Шығыс әдебиетінде, әсіресе поэзияда үлкен эпикалық туындыларда
кездеседі.
Арнау қазақ әдебиетінде де орын алады. Шығарманы тыңдаушыларға,
оқырмандарға арнау сөзбен бастау қазақ әдебиетінде әріден келе жатқан
дәстүр.
Арнау өлең – белгілі бір адамның бейнесін, мінез – сипатын суреттеу
мақсатымен жазылған дербес поэзиялық туынды. Мысалы, Абайдың “Оспанға” деп
атап көрсеткен, “Жайнаған туың жығылмай”, “Кешегі Оспан ағасы” деп
басталатын үш өлеңін алсақ, үшеуі де Оспанның адамшылық қасиеттерін әр
қырынан ашып көрсету мақсатымен жазылған. Ал “Көкбайға” (Бұралып тұрып)
атты өлеңінде Абай аз ғана сөзбен кейіпкерді (сөзбен) әзілмен дәл көрсету
арқылы, оның қимыл – қозғалысқа толы жанды бейнесін, сымбатын, портретін
көзге айқын елестетеді. Бұл үлгідегі өлеңдердің негізгі өзгешелігі – олар
жай біреуге құрмет сезімін білдіру үшін арналған өлең емес, сол адамды
мінездеуге арналған шығарма деуге болады.
Арнау атынан – ақ көрініп тұрғанындай белгілі бір адамға, құбылысқа не
болмаса деректі затқа бағытталып шығарылады.
Жаңа жазба әдебиетінің басы Абай өнернамасында Әбдірахман, Оспан
қазасынан кейін жазылған жоқтау өлеңдер бар. Сатиралық өлеңдер мен Оспан,
Әбдірахман туралы арнаулары арқылы дәстүрлі жанр екендігін елестетеді.
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерілі жоқ.
Ағайын бек көп
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының,
Жалғыз қалдым, тап шыным! – деп, өзінің жалғыздығын білдіреді.
Бірақ Абайдың бұл сөзіне қарап, мүлде жалғыз қалған екен, оның сөзін ел
ұқпаған екен деп түсіну қате. Оспан мен Әбдірахмандай сүйеніші бар екенін
ұғыну керек. Абайдың сөзін елі ұқты да, бағалай да білді. (13. 267).

Негізгі тарау. Абай поэзиясындағы арнау өлеңдер

Жалпы поэзиямыздың, оның ішінде өлеңіміздің ұлттық сипаты мен мінезін
Абайдың арнау өлеңдеріндегі әдеби бейнелерсіз, кейіпкерлерсіз әңгімелеу
мүммікн емес.
“Күлембайға” – дан:
“Орныңнан тұра шабасың,
Атшабар келсе қышқырып,
Ояз келсе қайтер ең
Айдаһардай ысқырып.
Отырасың үйінде
Өз өзіңнен күш кіріп.
Босқа – ақ түсіп қаларсың,
Біреу кетсе үшкіріп”
“Дүтбайға” – дан:
“Бір көрмеге тәп – тәтті,
Қазаны мен қалбаңы.
Дөң айналмай ант атты,
Бүксіп, бықсып ар жағы
Сенен аяр түгі жоқ,
Бүгін сыйлас көрініп
Бүгін жалын, ертең шоқ,
Сөзі мен өзі бөлініп” т.б.
Біріншіден, Абайдың арнау өлеңдерінде қоғамның белсенді мүшелерінің:
болыстардың, пысықтардың, қулардың т.б. яки ұлтымыздың белгілі топтарының
мінездері жасалған және бұл мінездердің Дүтбайлар мен Күлембайлардың т.б.
мінездерінің негізінде жинақталып берілуі ұлттық мінез туралы әңгімені
лирикалық “персонаждар” өмірімен байланыстыруымыздың дұрыстығын дәлелдей
түседі. Абай арнауларындағы кейіпкерлердің бәрі ұлттық мінезге сай
жасалғандықтан, ұлт өмірінің шынайы шындығынан алынып бейнеленгендіктен
типтік дәрежеге көтерілген.
“Абайдың алғашқы кездегі арнау өлеңдері сырттай алғанда ауыз
әдебиетінде, сондай– ақ Абаймен тұстас талай ақындардың творчествасында
кездесетін талай мысқыл өлеңдермен өте ұқсас, үндес сияқты көрінгенімен,
тереңдеп барлай қарағанда олардың арасында іштей үлкен айырмашылық,
ерекшелік барлығын аңдау қиын емес. Абай арзан әжуа айтудан, әйтеуір күлкі
етуден аулақ. Ол өзі мысқылдап отырған құбылыстың ішкі мәніне тереңдеп
үңіледі және сол кеселдің туындап жатқан төркінін тап басып, дәл табады,
өзінің ызалы тілінің зілі мен зәрін соған қадайды. Осы арнаудағы
кейіпкерлер мінезінің жасалу тәсілдеріне де назар аударуымыз керек. Бұндай
өлеңдердің бейнелеу тәсілдері көбінесе объективті сипатты болып отырады.
Өйткені ақын арнау өлеңдерде кейіпкерлер бейнесін жасау үстінде өз ішіне
үңілмейді, өзі туралы айтпайды, бұл жерде лирикалық “мен” не ақындық
“меннің” үні естілмейді, ақын өлең нысанасындағы кейіпкеріне сипаттама,
мінездеме жасайды. Өлең кейіпкерлері ақыннан тыс, өмірде бар не болған
адамдардың негізінде жасалғандықтан, бұндай “персонаждардың” субъективтік
емес, объективтік сипаты басым боп отырады. Біз үшін ең маңыздысы Абай
арнауларындағы кейіпкер мінездерінің бірде дараланып, бірде жинақталып
жасалғанымен олардың толығынан ұлттық мінезге сәйкес келуі болып табылады.
Дәл осындай кейіпкерлерді бүгінгі қазақтар өмірінен де алып жасауға, өлеңге
ендіруге әбден болар еді. Бұл дегеніміз – ұлттық мінездің әсіресе көлеңкелі
тұстарының тез арада өзгеруінің қиындығына дәлел. “Бір сен емес жазғаным –
жалпақ жұрт қой” – деп өзі айтқандай “Абай бұл шығармаларында
кейіпкерлерінің тысы мен ішін ақтара көрсету арқылы бүкіл заман шындығын
шебер суреттейді, біздің емес, көптің жинақты бейнесін жасайды.
Абай арнауларының бітім – болмысы, өлеңдегі өмірі, тәлім – тәрбиелік
маңызы, эстетикалық әсер – қуаты, көркемдік, мазмұндық, пішіндік
ерекшеліктері дамыған елдер әдебиетінің кез келген үлгісінен кем түспейтін
күйде қазақ поэзиясының тарихынан мәңгілік орнын тапқанын тағы да қайталап
айтамыз. Абай арнауларының, олардағы типтік бейнелердің яки лирикалық
“персонаждардың” ең басты қасиеті шынайы реализм туындылары болуында, ал
шыншылдықа суарылмаған реалистік туындылар - әр уақытта ұлттық, ұлттық
сипатының тереңдігімен, молдығымен ерекшеленеді. Абай өлеңдерінің асылдығы,
керемет көркемдігі, қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзат игілігіне
айналған құндылығы басқа сипат, белгілері мен бірге оның арнауларындағы
кейіпкерлері арқылы да дәлелденеді.
Шәріпке.
Түңлікбайдың қатыны, атың – Шәріп,
Байға жарып көрмеген сен бір кәріп.
Сен – шыққан жол үстінде жалғыз түп ши,
Көрінген ит кетеді бір – бір сарып. (1870)
Бұл бір ауыз өлең ең алғаш ақынның 1933 жылғы жинағында басылған.
“Шәріп – Түңлікбай дегеннің қатыны. Түңлікбай Абай ауылдарының көршісі
болған” (Түсініктемеден)
Абыралыға.
Мен жасымнан көп көрдім
Мұсылманды, кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды
Өзінің замандасы Абыралы (1839 – 1920) дейтін адамның намаз оқығанда.,
құран аятын түсінбей, қара дүрсінге салып, бүлдіріп оқитын надандығын ажуа
етіп жазған. Өлеңнің аяғы ұзағырақ болса керек. Толық нұсқасы ешкімнің
есінде қалмаған.
Жақсылыққа (1880)
Аяғыңды аңдап бас, ей Жақсылық!
Өз басыңда жының бар бір бақсылық.
Борышқорлық – адамға қиын нәрсе,
Әрқайда өсіткізеді мал тапшылық.
“Өлеңнің айтылған реті: 1880 жылы Абай Қоңыр Көкше деген елге
назначение, атап сайлаумен болыс болғанда, мырза деген таптың жақсылық
деген кісісі: “Борышымды елге бөліп салып, мені құтқар” – депті. Борышты
болғанда, өзінің жарамсыз қылығынан борыштанса керек. Сонда Абай айтып еді
деп. Көкбай марқұмның жиған өлеңінің ішінде жазылыпты”, - делінген.
Өлеңнің бастапқы жолы жинақтарда:
Аяғынды аңдап бас, ей, Жақсылық, - деп басылып келеді.
Дұрысы:
Аяғыңды аңдап бас, ей Жақсылық, - деп білеміз.
Абай бұл арада: Жақсылықтың орынсыз талап етіп, аңдамай сөйлегенін айтып
отыр. “Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі” дегеннің мысалы сияқты.
Көкбайға (1886)
Сорлы Көкбай жылайды,
Жылайды да жырлайды.
Ол жыламай қайтып тұрады,
Мынау азған қу заман
Қолыбында тұрмайды.
Біреу малды ұрлайды,
Біреу басты қорлайды,
... болмаған соң
Жылауына зорлайды.
Өлеңді сақтап, жеткізген – Көкбай және осы өлең туралы Көкбай: “Сорлы
Көкбай жылайды” дегенді мен қылып қойып, (Абай) өзін айтып еді, -
дейді.

“Көжекбайға” (1886)
Жамантайдың баласы Көжек деген,
Әркімге өсек тасып безектеген.
Досын келіп досына жамандайды,
Шіркінде ес болсайшы сезед деген.
Көжекбайға арнап Абайдың өлең жазу себебін Тұрағұл баяндап берген.
“... Көжекбайдың әкесі Жамантай, - дейді Тұрағұл, - үлкен шешемізді
өкіл қыз еткен екен. Туысқандары жерге таласып, Жамантайды өлтіргенде, Қажы
(Құнанбай) құнын келістіріп алып беріп, әкеден жас қалған Көжекбай,
Тезекбай, Мақаш деген үш баласын өз баласындай көріп еркелетіп, қанаттыға
қақтырмай өсірген екен. Сол Көжекбай біздің ел бұзылғанда жеңген жақты
жақтайтын мінезбен, Құнанбай балаларының жауы жағына шығып, болыс болған
Күнтумен құда болған. Біздің жау ағайынымыз Жігітек табындағы Базаралы
деген кісі, бізден кетіп, өздеріне еріп жүргенде, былай деп Көжекбайды
боқтапты: “Кімнің жүгі биік болса, соған қарғып шығатын мысық келді, енеңді
ұрайын”, - деп
Оның үстіне сол Көжекбай, 1885 жылы Құнанбай өлгенде: Қажының басқа
балалары жабдық әкелмеді, болыспады”, - деп Абайға оның бауырларын
шағыстырмақ болған. “Көжекбайға” деген өлеңнің айтылу себебі осы
айтылғандар.
“Бөтен елде бар болса, ежеттесің, сыйласың” (1887) - Өлең 1909 жылғы
кітапта басылған (1 – бөлік. Халық туралы, 16-18 беттер). 1933 жылғы
“толық жинақтан” бастап, “Көжекбайға” деп аталып келеді. Оған себеп:
“Сабырсыз, арсыз, еріншекті” жазып болып оқып бергенде, Абайдың қасында
болып, атын ерттеп беріп жүретін жолдасы, Қарасақау деген (шын аты Құсайын)
“Көжекбай қалды ғой”, деген екен. Сол сөз қамшы болып, “Бөтен елде бар
болса” деген өлеңін Көжекбайға арнапты, - дейді Тұрағұл берген мағлұматта.
Бұл өлеңді Мұхтар Әуезов талдай келіп: “Ел ішіндегі атқамінер,
бүліктің атын “Көжекбай” деп атап тұрып, соның бар мінезін, іс - әрекет,
қимыл – құбылысындағы бейнесін сипаттап” бергеніне назар аударады. Ақын бір
Көжекбай емес, көп Көжекбайдың психологиясынан жиынтық бейне жасаған.
Осы өлеңнің ішінде Абайдың кейінгі әдебиетке және халық даналығына
афоризм есебінде қосылып кеткен қанатты ақыл, нақыл, сыншылдық сөздері бар.
“Күн жауғанда қойныңда, күн ашықта мойныңда” “Жат айбынар ісі жоқ, жау
айдынар күші жоқ”, “Ел бүлігі тобықты, көп пысыққа молықты”, - деген мәтел
есепті жолдар осы өлеңнен табылады.
Көжекбайлардың көмектесі, жемтіктесі кімдер екенін де осында ашып
береді:
Орыс сыяз қылдырса,
Болыс елін қармайды.
Қу старшын, аш билер,
Аз жүрегін жалғайды, - дегенде Көжекбайлардың тамыры мен тегі қайда
жатқанын танытады. Сөйтіп пәле басы әкімшілік құрылыста, қоғамдық
жаманшылықта екенін ашады.
Өлеңнің 1977 жылғы жинақта қате басылып кеткен кейбір сөздері 1909
жылғы жинақ бойынша түзетілді. Мысалы, өлеңнің ең соңғы жолдарындағы екі
сөз:
... Сенімсіз болды алашқа,
... Әлі күнге уайым
Қызған жан жоқ ұялмай, - деп қате басылған.
Дұрысы:
... Сыйымсыз болды алашқа,
... Әлі күнге уайым
Қылған жан жоқ ұялмай.
“Күлембайға” (1888)
Уағалайкүмүссәләм,
Болыс, мал – жан аман ба?
Мынадайға кез болдың
Аума - төкпе заманда.
Өлең Тұрағұлдың аузынан алынған. Өлеңнің айтылу тарихы: “Күлембай
деген кісі дәулетінің арқасында болыс болып, 1988 жылғы Шербушайнай
сиездегі түрін көріп айтқаны”, - дейді Тұрағұл.
“Көкбайға” (1888)
Бұралып тұрып,
Буыны құрып,
Қисайта тартып мұрынын,
Әсемсіп, сәнсіп,
Білгенсіп, бәлсіп,
Әр нәрсенің орынын.
Керенау, кердең, бір керім,
Жақпайды маған сол жерің.
Өлеңді Көкбайдың өзі айтып берген. Өлеңнің жазылу тарихы туралы өзінің
Абай туралы естелік әңгімесінде (1924) Көкбай: “Бойын бағып қымтырылып,
“пәлен көрінем, түгілен көрінем” деп қолдан пішіп жасайтын мінезді көре
бастаса, қытығына тигендей жақтырмай қалатын. Ондайды кекетіп, мысқыл
қылып, қалжыңмен өлең айтып жіберетін. Қалжың өлеңнің көбі маңайындағы
жұрттың осындай мінездерінен туады. Бір күні осындайдың тұсында, өзімді де
өлең қылды. Ел ішінің бір тобынан келе жатыр едік, жолда бірер сөз, бірер
мінезді Абайдың жақтырмай қалғанын сездім. Ауылға жақындағанда Абай бізден
озып кетіп еді. Үйге келсем, қолына бір табақ қағаз бен қарындашты алып,
жазып жатыр екен. “Не қылса да, өзімді өлең қылып жатыр – ау” - деп, ішіме
сезік кіріп, қасына жетіп келіп едім, мына өлеңді оқып қоя берді:
Бұралып тұрып,
Буыны құрып,
Қисайта тартып мұрынын;
Әсемсіп, сәнсіп,
Білгенсіп, бәлсіп,
Әр нәрсенің орынын;
Керенау, кердең бір керім,
Жақпайды маған сол жерің! – деп өзімді өлең етіп қойыты. Сонансоң
жалынып отырып сұрақ алдым да, көзінше жыртып тастадым. Өлеңін өзімнен
басқа ешкім білген жоқ. Сол бір оқып шыққанда есімде қалған осы еді ” –
дейді.
“Күлембайға ” (1889)
“Болыс болдым мінеки”.
Осы өлең 1889 жылы “Дала уәлаяты” газетінің 12 санында жарияланған.
Өлеңге “1888 – інші жылда, май айында Ақшатау деген жерде Семей облысы
менен Жетісу облысының шербушайнай сиез болғанда бір ояздың ел
билеушілерінің түрі”, - деп түсінік берген. Өлеңнің авторы аталмаған. Өлең
көп қысқартылып өткір сөздері мұқалып, өзгертіліп, идеялық мазмұны
бұрмаланып басылған.
Өлеңде ақын ең алдымен болыстың өзін сөйлетіп, оның жиренішті,
жексұрын қылықтарын өз аузымен айтқызады. “Болыс болдым мінеки, бар малымды
шығындап” деп алып, оңбаған сұрқия болыс өзін - өзі әшкерелей бастады. Ол
өзінің өтірікшілігін, жалтақтығын, қорқақтығын, екі жүзділігін өз аузымен
айтып, ашып береді. Шен – шекпенге сатылған азғын, мансапқор болыс
атаулының бәріне тән, масқара айтқызу – Абайдың жаңадан тапқан өте ұтымды,
шебер әдісі.
Өлеңнің үшінші жолы қолжазбалар мен барлық ескі басылымдарда “Түйеде
қом, атта май”, - боп басылып келген 1933 жылғы жинақта Ілияс Жансүгіров
“Түйеде қом, атта жал” етіп өзгерткен. Оны мақала жазып дәлелдеуге
тырысқан. Өлең жолы алғашқы нұсқа бойынша берілді.
“Әсетке” (1889)
Біреуден біреу артылса,
Өнер өлшеніп тартылса,
... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ежелгі түркі тілді ру-ұлыстарымен бірге жасаған көркем сөз өнерін түсіндіру
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ. ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
ХІХ ҒАСЫР ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Қазақ дәстүрлі жазба әдебиеті және кітаби ақындар шығармашылығы (ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басы)
Абай шығармашылығының зерттелуі
Шәкәрім шығармалары
Қазақ әдебиет тарихын қай дәуірден, кімнен бастау керек деген мәселеде
Абай Құнанбаевтың шәкірттері
Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудің ғылыми негіздері
Ұлы ағартушы Абай Құнанбаев
Пәндер