Ұлт-азаттық көтерілістері туралы Қытай қазақтарының тарихи жырлар


ӘОЖ 398. 21/22(943. 42) (510) Қолжазба құқығында
АЯЗБАЕВА ҰЛБОСЫН БАЗАРХАНҚЫЗЫ
ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІ ТУРАЛЫ ТАРИХИ ЖЫРЛАР
(Қытайдағы қазақтардың ХІХ ғасырдың екінші және ХХ ғасырдың бірінші жартысында туған тарихи жырлары бойынша)
10. 01. 09 - фольклортану
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2012
Жұмыс І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасында орындалған.
Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының
докторы, профессор З. Н. Сейітжанов
Ресми оппоненттері: филология ғылымдарының
докторы, профессор Т. Ә. Қоңыратбай
филология ғылымдарының
кандидаты Қ. Алпысбаева
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Қорғау 2007 жылғы «2» қарашада сағат 15. 00-де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым Комитеті М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 53. 34. 01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде өтеді (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) .
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады. (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) .
Автореферат 2007 жылдың «___» таратылды.
Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент С. С. Қорабай
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ деген ұлт біреу-ақ, демек, оның тілі мен діні, тарихы мен этнографиясы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті де біреу-ақ. Олай болса, шет елдегі қазақтардың әдеби мұрасы - жалпы қазақ мәдениетінің ажырамас бір бұтағы, сырттан құяр қайнар бұлақтың бірі.
Бұл күндері тәуелсіз ел болып шаңырақ көтердік. Қоғамдық өмірде түбегейлі өзгеріс болды. Атажұртты аңсаған ағайындарды бауырға тарта бастадық. Олардың тағдыр-тарихын, рухани дүниесін зерттеуге мүмкіндік туды. Бұл жөнінде елбасы Н. Назарбаев: «Ұлттың рухани өмірі, оның мәдениетіне байланысты әлі де болса көпшілік қауымға жетпей жатқан тарихи, әдеби асыл мұраларымызды игеру жолында еңбектену, бұрын мән бермей келген халықтану, шығыстану, түркітану ілімдерін барынша дамытуға көңіл қою, ұлттық мәдени ерекшеліктерімізді сақтау, жинау, зерттеу ісін жетілдіре түсу - бүгінгі маңызды міндеттеріміздің қатарына кіреді» [1, Б. 14-15] - деген болатын. Бүгінгі күннің кезек күттірмес міндетіне айналған бұл іс оқымысты қауымға да үлкен міндет жүктегені белгілі. Осы ретте академик С. Қирабаев: “Қазақ халқының рухани мұрасы тек бүгінгі Қазақстан жеріндегі ұлт өкілдері еңбектерімен шектелмейді. Тағдырдың тәлкегімен шет елдерге және бұрынғы КСРО көлеміндегі мемлекеттерге ыдырап кеткен қазақтардың әдебиеті мен мәдениеті де біздің ұлттық байлығымыздың бөлінбес бөлігі” [2, 17-б. ] - деп орынды пікір айтады.
Қазақ халқының бір бөлігі Шыңжаң өлкесінің солтүстігін мекендейді. Шыңжаң атауы - ХҮІІІ ғасырдың 50-жылдары мәнжүрлік Цин әулеті жаулап алған Шығыс Түркістан мен Жоңғария даласына берілген қытай атауы "Жаңа шеп" немесе "Жаңа шекара" деген мағына береді. Бүгінде Қытай мемлекетінің құрамдас бөлігі. Қазақтар негізінен Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарына шоғырланған. Соңғы санақтарға қарағанда Шыңжаңда бір млн. екі жүз мың қазақ бауырларымыз өмір сүріп келеді екен [3, 240-б. ] .
Қытай отаршылдары қазақтарды уысынан шығармау үшін сан түрлі амал-айла қолданып келді. Сондықтан Қытайдағы қазақтар озбырлықтың небір қорлық-зорлықтарын бастарынан өткерді. “Қытай билеушілері қазаққа ауыр алман салық салу арқылы күшпен ұстаймыз деп сенді. Бірақ қазақ халқы қытайдың мұндай қанау, дінсіздендіріп ассимиляцияға ұшырату, қолындағы құрал-сайманын тартып алып, ел бастайтын ерлер мен халықтың ар-ожданын қорғайтын көсемдерін, рухани дем беруші ақын-жазушыларын абақтыға жабу, олардың көзін біржолата жою, құнарлы жерлерге ішкі қытайдан «тың игерушілерді» қоныстандыру, . . . ” [4, 81-б. ] сияқты жан түршігерлік қорлық-зорлығына қарсы күресті.
Отаршылдардың түрлі жолдармен жүргізген қысым-қиянаттарына шыдамаған халық әркез азаттық, еркіндік үшін арпалысқа түсіп, атқа қонып отырды. Олардың ішінен ел бостандығы, жер тұтастығы жолында күрескен ерлер шыға бастады. Демежан, Бөке, Зуха, Оспан, Елісхан, Әкбар, Сейіт, Бүркітбай, Сұлубай т. б. батырлар тұлпар жаратып, ту көтерді. Елді бастап, озбырлықтан құтылуға ұмтылды. Бірақ басқаның басымдығына шыдамай елінің ертеңін ойлаған батырлар мақсат-мұраттарына жете алмады. Ұлт-азаттығы жолында мерт болды.
Халқының қамын ойлаған батырлардың ерлік әрекеттері көп көңілінде қалды, ұрпаққа өнеге болды. Сондықтан халық ішінен шыққан ақын-жыршылар батырлардың ерліктері жайында көптеген өлең-жырлар тудырды. Ұлтының азаттығы үшін күрескен ерлерді дәріптейтін мұндай тарихи жырлар ауызша тарап, халықтың рухани қажетін өтеп келеді.
Біздің зерттеуімізде Қытайдағы қазақтардың ұлт азаттығы үшін күрескен ерлердің көтерілісіне байланысты туған “Демежан батыр”, “Зуха батыр”, “Үркін-қорқын”, “Жақыпберді батыр” қатарлы тарихи жырлар алғаш рет зерттеу нысанына айналды. Бұрын ғылыми айналымға түспеген бұл жырлардың ерекшеліктерін ашып, жан-жақты зерттеу - фольклортану ғылымының басты проблемаларының бірі. Жұмыстың өзектілігі де осы қажеттіліктен байқалады. Сондай-ақ, бұл жұмыс мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасына да сәйкес келеді.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қытайдағы қазақтардың халық әдебиеті, соның ішінде тарихи жырлардың туып, даму жолдары соңғы жылдары ғана зерттеу нысанына айнала бастады. Әйтсе де, осы елдегі қазақтар арасында айтылатын ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлар қазірге дейін арнайы зерттелген емес. Бұл жанрдың мән-маңызы туралы мақалалар жазған әдебиетші-зерттеушілер саусақпен санарлық. Олардың қатарында Н. Мыңжани, А. Татанайұлы, Б. Кәсей, А. Кірішбаев, О. Қызырқанұлы, Ж. Маман, З. Сәнік, І. Сүлейменұлы, Т. Қабаев, т. б. болды. Бұл әдебиетшілердің мақалаларында таптық принцип пен коммунистік идеологияның әсер-ықпалы зор болды. Сондықтан олардың зерттеулерінде ұлт-азаттық көтерілісінің шығу себептері мен олардың мақсаттарын ашып айта алмады, тек мазмұндық таныстыру деңгейінде ғана жазылған еңбектер болды.
Қытайда тұратын қазақтардың фольклоры соның ішінде тарихи жырларын зерттеу нысанасы етіп алған ғалым З. Сейітжанов болды. Ол 1988 жылы “Қазақтың реалды-тарихи эпосы” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Автор өз жұмысында Шыңжаңдағы қазақтардың бірнеше тарихи жырларының ерекшеліктерін ашып, оларға алғаш рет түркі тілдес халықтардың жырларымен тарихи-типологиялық салыстыру жасады. Ортақ сипаттары мен өзгешеліктерін айқындады. Осы арқылы эпикалық дәстүрдің жаңа бір белесін - реалды-тарихи эпостың қалыптасуын тұжырымдады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеті. Диссертациялық жұмыста ұзақ уақыт ақтаңдақ қатарында қалып, зерттелмей келе жатқан Қытайдағы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлардың пайда болып, қалыптасу жолдарын белгілі кезең шындығымен байланыстыра қарап, сипаттама беру мақсат етілді. Осындай өзекті мәселені шешуде төмендегідей міндеттер белгіленді:
Ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлардың жиналу, жариялану, зерттелу деңгейін пайымдау;
Тарихи жырлардың жанрлық табиғаты мен жырлану ерекшеліктерін саралау;
Гоминдаң өкіметінің қазақ ұлтына жасаған қысымының тарихи жырлардағы көрінісіне баға беру;
Ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған жырлардың тақырыптық-идеялық сипатын зерделеу;
Тарихи жыр мен тарихи шындықтың арақатынасын анықтау;
Жырлардағы образдар жүйесінің бейнеленуіне мән беру;
Тарихи жырлардың поэтикасы - бейнелеу құралдарының эстетикалық табиғатын ашу.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Қытайдағы қазақтардың азаттық жолындағы көтерілісіне байланысты туған тарихи жырларды жүйелеп, алғаш рет ғылыми айналымға қосу және оларды жан-жақты бүгінгі күн талабы тұрғысынан зерттеу жұмыстың ғылыми жаңалығын көрсетеді. Диссертацияда ХІХ ғасырдың екінші және ХХ ғасырдың бірінші жартысында туған тарихи жырлар халықтың азаттық, бостандық жолындағы күрестерінің фольклордағы көріністері екендігі дәлелді түрде тұжырымдалады. Халық үшін қан майданға шығып, қаһармандық-ерлік көрсеткен батырлар жайында туған тарихи жырлардағы ұлт-азаттық идеясы сол тұстағы саяси-әлеуметтік жағдайлармен, тарихи факті-деректермен салыстырыла, сабақтастырыла қарастырылуы - ғылыми еңбекте көтерілген мәселенің сонылығын, маңыздылығын, ауқымдылығын байқатады. Есімдері ел тарихында мәңгілік жатталатын батырларымыз хақындағы тарихи жырлардың тарихқа қарым-қатынасы мен поэтикалық ерекшеліктерінің фольклорлық тұрғыдан талдануы ғылым үшін мәні бар жаңалық екендігін дәйектейді.
Зерттеудің нысаны. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қытайдағы қазақтардың саяси-әлеуметтік жағдайы мен елім деп еңіреген ерлердің ерліктері негіз болған тарихи жырлардың Қытайда шығатын «Шалғын», «Мұра» журналдары мен Үрімжі қаласында басылған «Қазақ ауыз әдебиетінен таңдамалылар» және «Қазақ қиссалары» жинақтарында жарық көрген жыр нұсқаларының мәтіндері алынды.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеу барысында қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдері М. Әуезов, А. Байтұрсынов, Қ. Жұмалиев, М. Ғабдуллин, С. Сейфуллин, Е. Ысмайылов, Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев, Н. С. Смирнова, З. Ахметов, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Р. Бердібаев, С. Қасқабасов, М. Жармұхамедұлы, Т. Қоңыратбай, Ш. Керім, Б. Әзібаева, т. б. ғалымдар еңбектері теориялық-методологиялық негіз ретінде пайдаланылды. Сонымен бірге орыс ғалымдары В. Я. Пропп, Б. Н. Путилов, В. М. Жирмунский, В. М. Гацак еңбектері және Қытайдағы қазақ фольклорын зерттеген Н. Мыңжани, Б. Кәсей, А. Кірішбаев, З. Сәнік, Ә. Қалиұлы, Т. Қабаев зерттеулері басшылыққа алынды. Сондай-ақ, тарихи дерек көздері ретінде Н. Мыңжанидың, А. Татанайұлының, М. Қозыбаевтың, Н. Мұқаметқанұлының, Л. Бадавамовтың, Ж. Сәмитұлының, Су Бейхайдың зерттеу еңбектері назарда болды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
Қытайдағы қазақтар арасында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты тарихи жырлар туды.
Қытайдағы қазақтардың тарихи жырлары атамекендегі қазақ фольклорының құрамдас бір бұтағы.
Тарихи жырларда халықтың азаттық арман-тілегі көрініс тапты.
Бодандық бұғауына қарсы тұрып, ұлт тәуелсіздігі жолында ақын-жыршылар сөз өнерін қару етті.
Ел еркіндігі үшін күрескен батырлар бейнесі нақты суреттелген.
Жырларда тарихи шындық пен көркемдік шындық үйлесім тапқан.
Фольклорлық мұра негізінде идеялық-көркемдік дәстүр сабақтастығы дәйектелді.
Зерттеу жұмысының әдісі. Жырларға талдау жасау барысында жүйелі-кешенді, тарихи-салыстырмалы зерттеу әдістері қолданылды.
Зерттеудің практикалық маңызы. Жұмыс нәтижелерін жоғары оқу орындары студенттеріне арналған фольклортану саласы бойынша арнайы курстар мен семинар сабақтар жүргізгенде кеңінен пайдалануға болады. Сондай-ақ, зерттеу нәтижелерін фольклортанушыларға, жоғары оқу орындарының оқытушыларына, студенттері мен ізденушілерге, аспиранттар мен магистранттарға шет елдегі қазақ фольклортану саласы бойынша қажетті теориялық-практикалық көмекші құрал ретінде ұсынуға болады.
Зерттеу жұмысының сарапталуы. Диссертациялық жұмыс І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының мәжілісінде қаралып, қорғауға ұсынылды. Жұмыстың негізі нәтижелері мен тұжырымдары республикалық және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым саласындағы аттестаттау және қадағалау комитеті белгілеген тізімдегі ғылыми басылымдарда 8 мақала жарық көрді.
Диссертацияның құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Еңбектің соңында пайдаланған әдебиеттер тізімі берілген.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, зерттелу деңгейі, жұмыстың мақсат-міндеттері айқындалды. Зерттеудің теорилық және практикалық негіздері мен ғылыми жаңалықтары тұжырымдалып, еңбектің сыннан өтуі мен жариялану жайы баяндалды.
“Қытайдағы қазақтардың тарихи жырларының жиналуы мен зерттелуі” деп аталатын бірінші бөлімде Қытайдағы қазақтар арасында бұрыннан сақталып келе жатқан тарихи жырлар мен кейіннен туған тарихи жырлардың жиналуы мен зерттелу деңгейі қарастырылды.
Ол үшін алдымен Қытайдағы қазақтар деген кімдер, олардың саяси-әлеуметтік жағдайы қандай? деген сұрақтарға жауап берілді.
Екіншіден, Қытайдағы қазақтардың рухани мұрасы жалпы қазақ фольклорынан бастау алады, тамырлас деп қаралып, “…кейінгі туған фольклорында өзіне тән ерекшелік бар. Екі елдің арасына шекара сызығы тартылғаннан кейін сол жақтағы жағдайларға байланысты эпикалық жырлар қайта өңделіп жырланды, жаңа эпикалық жырлар да туа бастады. Атап айтқанда “Манас”, “Сабалақ”, “Бердіқожа батыр”, “Қабанбай батыр”, “Жәнібек батыр”, “Арқалық батыр”, “Әлібек-Бор батыр”, “Әтікей-Нұржекей”, “Зуха”, т. б. батырлық, “Ахмет-Кәшім”, “Садық-Салиқа” сияқты лиро-эпостық жырлар болған [5, 328-б. ] - дей келе, Шыңжаң қазақтарының осы тұстан (шекара бөлінгеннен кейін) бастау алған тарихи жырларын шартты түрде бірі - сыртқы жауға(жоңғар), екіншісі - ішкі жауға(гоминдаң) қарсы күрес негізінде туған жырлар деп екі топқа бөліп қарастырылды.
Тарихи жырлардың туып, қалыптасуы турасында академик М. О. Әуезовтың: “Бұл жырлардың бәрі де, ертеде туғандары да, кейінірек шығарылғандары да - анық тарихи оқиғаларға негізделген, ал басты-басты кейіпкерлер - тарихта болған адамдар. Жырлардың авторлары - көбінесе сол оқиғаларды көзімен көрген тұстастары. Авторлар көзімен көрген, өздері бастан кешірген оқиғаларды уақытына қарай сап-сабымен баяндайды” [6, 75-б. ] - деген тұжырымы Қытайдағы қазақтар арасында кейіннен туған жырларда анық байқалады. Өйткені, диссертацияға негіз болған жырларда жер-су, кісі, мәнсап, ру атаулары анық сақталған деген қорытындыға келдік.
Қытайдағы қазақтар арасында сақталып келген тарихи жырларды екі кезеңге бөліп қарастырдық. Бірінші кезең - Қытай-Ресей шекаралары бөлінбеген кезде Қазақстан мен Қытайдағы қазақтарға ортақ “Қабанбай батыр”, “Арқалық батыр” жырлары туған дәуір, яғни сыртқы жауға қарсы күрес негізінде туған жырлар. Ал, екінші кезең - шекара бөлінгеннен кейін Қытайдағы қазақтардың саяси-әлеуметтік жағдайларына байланысты туған жырлар, яғни ішкі жауға қарсы күрес негізінде туған жырлар деп қарастырылды.
Бірінші кезеңдегі жырлардың жиналуы мен зерттелуі екі бағытта қарастырылды. Бұл кезеңдегі тарихи жырларды зерттеушілер Қазақстан ғалымдарымен қатар Қытайдағы қазақ фольклортанушылары болды.
Қытайда тұратын қазақтардың фольклорлық мұраларын жинап, жариялау ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталды. Ғалым Шоқан Уәлихановтың “Қашқарияға саяхат”, “Жоңғария очерктері” атты еңбектері алғашқы зерттеу еңбектері болып табылады. Ш. Уәлихановтан кейін Алтай аймағында тұратын қазақтардың фольклорлық мұраларын зерттеуші Г. Н. Потанин жинап, жариялады.
Қазақстанда сыртқы жауға қарсы күрес негізінде туған жырлар араға біраз уақыт салып, Қазан төңкерісінен кейін қайта қолға алынды.
Бұл тұста айта кететін бір жайт, біздің ғылыми зерттеу жұмысымызда екі елдің арасына көп тараған “Қабанбай батыр” жыры мен “Арқалық батыр” жырларының жиналу, жариялану, зерттелуі сөз етілді.
“Арқалық батыр” жыры жөнінде Қ. Қалиасқарұлы, С. Садырбаев, Б. Уахатов, М. Ғұмарова, Т. Сыдықов, З. Сейітжанов сияқты ғалымдар болды. Әйтсе де әр ғалымның өзіндік тұжырымдары бар. Мәселен, Қ. Қалиасқарұлы “Арқалық батыр” жырын батырлар жырының құрамында қараған [7, 89-б] . Ал, ғалым С. Садырбаев “Фольклор және эстетика” атты еңбегінде “Арқалық батыр” жырын батырлық, ғашықтық, ерлік, таптық тартыс, отбасылық қарым-қатынастар қатар суреттелетін тарихи жырлардың қатарында қараған. [8, Б. 68-73]
Ғалым Б. Уахатов бұл жырды тарихи шындықпен салыстыра қарап, “ХҮІІІ ХІХғасырларды ала туған “Арқалық батыр” жырында сол дәуірдегі тарихи-әлеуметтік өзгерістердің шынайы суреттері бар” деген қорытынды жасаған [9, 180-б] . Тарихи шындыққа жақын келетін Ержан Ахметов нұсқасын көбірек назарда ұстаған.
Зерттеуші М. Ғұмарова бұл жырдың жиналуы мен жариялануы, идеялық мазмұны, образдар жүйесі турасында зерттеу мақалаларын жазды. “Арқалық сыртқы жау - қалмақтарға, ішкі жау - Әжіге қарсы күрескен батыр” дейді [10, 476-б] .
Ал, зерттеуші Т. Сыдықов ғалымдар С. Садырбаев пен Б. Уахатовтың зерттеулерін негіз еткен [11, Б. 160-162. ] .
З. Сейітжанов “Арқалық батыр” жырымен қоса, “Тарихи эпос” атты монографиясында Қытайдағы қазақтардың арасында айтылатын кейіннен туған тарихи жырларды алғаш рет ғылыми айналымға енгізді. Бұл жырлардың қатарында “Арқалық батыр”, “Мырзаш батыр”, “Түкібай-Шолпан”, “Шайқан - Күләш”, “Ахмет-Кәшім”, “Хасен-Жәмилә”, т. б. жырларды қарастырып, түркі-монғол халықтарының эпикалық мұраларымен типологиялық салыстырулар жасаған. Салыстырулардың нәтижесінде “… бұл жырлардағы тарихи оқиғаның негізі айқын, яғни жыр нақты өмірде болған тарихи кейіпкерлердің іс-әрекетін баяндайды, демек, бұл жырлар нақты тарихи-реалды эпос” деген тұжырым жасаған [12, 28-б] .
Ал, “Қабанбай батыр” жырының жиналуы мен зерттелуіне келгенде ғалым С. Қасқабасов: “… Қабанбай туралы шығармалар батырлық эпосқа толық айналып үлгермеген, бірақ оның поэтикасын бойына сіңірген тарихи жырлар” деп қарайды. Сондай-ақ, Қабанбай дәуірінде шағын өлең, аңыз-әңгіме түрінде айтылып, жырдың кейін пайда болғанын да дәлелді түрде көрсете білген.
“Қабанбай батыр” жыры туралы зерттеу жазған ғалымның бірі Болатжан Абылқасымов болды [13, Б. 91-115] . Зерттеуші “Қабанбай батыр” жырының ХХ ғасырдың бас кездерінен бастап С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Мұқанов, С. Аманжолов, Ә. Марғұлан, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмаилов, Н. Смирнова сияқты ғалымдардың еңбектерінде сөз болғандығынан хабардар ете отырып, Қабанбай батыр жайында айтылатын жыр нұсқаларының жиналуы мен зерттелуі туралы мәліметтер берген. Жырдың қолжазба күйінде сақталған он үш нұсқасының жырлаушылары мен жазып алушылары туралы айта келіп, сол он үш нұсқаны қатар алып салыстырады. Тіпті, сюжеттік желідегі ірірек және мәндірек деген эпизодтарды тарихи фактымен қатар алып қарастыра келіп, “Қабанбай батыр” ХҮІІІ ғасырдағы қазақ тарихының бір сәтін бейнелейді. Әскери қақтығыс пен кейіпкерлердің өмірден алынғандығы дау туғызбайды деген қорытынды жасаған.
«Қабанбай батыр» жырын арнайы зерттеу нысаны еткен ғалым А. Ғабдуллина “Қабанбай батыр туралы тарихи жырлар мен аңыздар” деген ғылыми зерттеу еңбегінде Қабанбай батыр жайындағы барлық аңыздар мен жырларды қатар алып қарап, олардың тарихи шындыққа жанасатын тұстарын салыстырады. Мәселен жырдың тарихилығын біріншіден, ХҮІІІ ғасырда өткен қазақ-қалмақ соғысы; екіншіден, батыр жанындағы Абылай, Бөгенбай, Жәнібек, Дәулетбай, Ақтамберді, Қазыбек би, Бұқар жырау - бәрі де тарихи өмір кешкен Қабанбайдың тұстастары; үшіншіден, шайқастар өткен жер-су мен кісі, ру, ұлт, елді мекеннің аттары дәл өз күйінде сақталғанын жырдың тарихилығы деп таниды. [14]
Екінші бағытқа келсек, Қытайдағы қазақтарда фольклорлық мұраларды жинау, жариялау, зерттеу мәселесі өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан басталады. 1950 жылдары “Қос қобди”(1957), «Ертегілер» (1958), «Ертегілер мен аңыздар» (1958), т. б. жинақтары шығады. Алайда осы тұста, дәлірек айтқанда, 50-жылдардан бастап әртүрлі саяси науқандар жүргізіле бастады. Оның ақыры “Мәдениет төңкерісі” атты он жыл ойранға ұласады. Осының нәтижесінде халық әдебиетін жинамақ түгіл, көне мұра ретінде барлық әдеби мұралар өртеліп, көзі жойылды. Осыған орай ұзақ уақыт әдебиет пен мәдениет саласын ілгерілетудің орнына кейін шегініс жасалады. Осы қателік 1980 жылдан бастап (1979 жылғы партияның ІІІ кезекті отырысынан кейін) түзетіледі де, әдеби мұраға қайтадан назар аударылып, қоғамдық мән беріледі. Сол жылдардан бастап, яғни 1980-жылдардан Шыңжаңда қазақ фольклорын жинап, реттеу жұмысы нақты қолға алына бастады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz