МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРҒА ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ САБАҒЫНДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ МАЗМҰНЫ МЕН ӘДІСТЕМЕСІ


МАЗМҰНЫ
АНЫҚТАМАЛАР3
КІРІСПЕ4
1 МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРҒА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫ ҮЙРЕТУДІҢ ҒЫЛЫМИ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ10
1. 1 Халықтың дәстүрлі ұлттық ойындарының ғылыми тұрғыдан қарастырылып зерттелуі10
1. 2 Мектеп жасына дейінгі балалардың қимыл-қозғалыс дағдыларын тәрбиелеудің өзектілігі27
1. 3 Ұлттық ойындардың бала тәрбиесіндегі орны мен маңызы38
1. 4 Ұлттық ойындарды топтау, жүйелеу47
2 МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРҒА ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ САБАҒЫНДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ МАЗМҰНЫ МЕН ӘДІСТЕМЕСІ54
2. 1 Мектеп жасына дейінгі балалар ағзасының физиологиялық өсу ерекшеліктері54
2. 2 Үш жастағы балалардың қимыл-қозғалыс дағдыларын ұлттық ойындар арқылы тәрбиелеу57
2. 3 Төрт жастағы балаларды ұлттық ойындар негізінде дене шынықтыру мәдениетіне тәрбиелеу әдістемесі68
2. 4 Бес жастағы балаларды ұлттық ойындар негізінде балабақшадағы дене шынықтыру сабағында тәрбиелеудің мазмұны мен әдістемесі77
3 ТӘЖІРИБЕЛІК - ЭКСПЕРИМЕНТТІК ЖҰМЫС НӘТИЖЕЛЕРІ82
3. 1 Ғылыми зерттеуді ұйымдастыру82
3. 2 Ұлттық ойындарды меңгеру сапасын бағалау85
3. 3 Үш-бес жасар балалар тобына арналған ұлттық ойындар жүйесі87
3. 4 Эксперименттік және бақылау топтарындағы балалардың ұлттық ойындар жүйесін меңгергеннен кейінгі даму көрсеткіштері89
3. 5 Зерттеу нәтижелерін талдау96
ҚОРЫТЫНДЫ98
ПАЙДАЛЫНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ101
ҚОСЫМША А108
ҚОСЫМША Б112
ҚОСЫМША В115
ҚОСЫМША Г118
АНЫҚТАМАЛАР
Дене мәдениеті - жалпы мәдениеттің құрамды бөлігі, адамның денсаулығын, дене қабілеттерін, салауатты өмір салтын арттыру мақсатында қоғам қолданатын, жасайтын рухани, материалдық, әлеуметтік аумаңы жиынтығының көрінісі.
Дене шынықтыру - адам өмірінің барлық кезеңінде ойластырылып, жоспарланып денсаулық пен дене қабілеттерін жақсартуға бағытталған жұмыс түрлері.
Дене қабілеттері - адам өмірінде кездесетін дене қозғалыстарының түрлері, шамасының мөлшері.
Ұлттық халық ойындары - әр ұлттың тарихи-әлеуметтік өсу жолында қалыптасқан ойындар түрлері.
Ұлттық спорт ойындары - ұлттық халық ойындары арасынан шыққан спорттық ережесі қалыптасқан арнайы жарыстар өткізілетін спорт түрлері.
Дене-қозғалыс дағдылары - негізгі адам өміріне қажетті жүгіру, секіру, өрмелеу, лақтыру, тепе-теңдікті сақтау т. б. қозғалыс түрлерінің қалыптасу, жетілу деңгейі.
Дене жаттығулары - жас шамасына қарай күрделене түскен жаттығулар өз құрамына күнделікті тұрмыстан, адам еңбектерінен, әскери қимыл- қозғалыстардан сонымен қатар спорт түрлерінде кездесетін қозғалыс түрлерінен алынатын жаттығулар түрлері.
Ерлік тәрбиесі - ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрі негізінде балалардың ерік-жігерін, табандылық, батылдық қасиеттерімен бірге ұлттық сана, парыз, намысты қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Дене қуаты дайындығы - әр түрлі әрекеттердің талабына сай дамытылған дене қуаты қасиеттерінің қимыл дағдысының нәтижесі.
Дене қуатының дамуы - адам ағзасының табиғи және мақсатты жолмен өсуі. Табиғи жолмен өскенде баланың морфофункционалдық көрсеткіштері: бойы, салмағы, дене мүшесі көлемі өзінің табиғи өсу жолымен өзгереді. Мақсатты жолмен өсуі әр түрлі арнаулы құрастырылған жаттығулар көмегімен өсуі, өзгеруі.
Дене қуатын жетілдіру - адамның дене қуаты қасиетін үйлесімді дамыту және жан-жақты дайындығын жоғары деңгейге жеткізу.
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Халықтың қалыптасуын айқындайтын оның ділі, тілі және этникалық тарихи айнасының жалғасы ұрпақтан-ұрпаққа мұрагерлік мирас жолымен жететін оның сан салалы мәдениеті.
Көне тарихы бар біз қарастырып отырған дәстүрлі халық мәдениетінің бір саласы ұлттық халық ойындарын қазіргі жас ұрпақ өміріне енгізу, сонымен қатар бұл мәселені бүгінгі уақыт талабына сай көзқараспен қайтадан зерделеу, қазіргі дербес қазақстан ғылымының өзекті тақырыптардың бірі болып табылады.
Қазақстан егемен мемлекет ретінде қалыптасып, бүкіл дүниежүзілік саяси аренадағы орны айқындалып жатқан сәтте, қазақстандық әр жеке адамның әлеуметтік дамуы мен ұлттық санасының өсуіне, денсаулығын сақтау мәселесіне терең ден қойылуда.
Осы орайда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға бағыт-бағдар беретін негізгі құжаттарға Қазақстан Республикасының Конституциясы [1], Білім беру туралы Заңы [2], Қазақ балабақшаларында тәрбиелеу және білім беру мазмұнын жаңарту тұжырымдамасы [3], «Балбөбек» бағдарламасы [4], Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы болып табылады [5] .
1999 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт заңында « . . . дене тәрбиесі-дені сау, дене бітімі және рухани жағынан жетілген, моралдік жағынан табанды жеткіншек ұрпақты қалыптастыруға, адамның денсаулығын нығайтуға, жұмыс қабілетін арттыруға, шығармашылық ғұмырлылығы мен өмірін ұзартуға бағытталған педагогикалық процесс» екендігін атап көрсетеді [6] .
Осы заңның 9-бабында «Міндетті дене тәрбиесі сабақтары бүкіл оқу кезеңі бойынша аптасына мектепке дейінгі мекемелерде-кемінде 8 сағат» деп атап көрсетілген яғни мектеп жасына дейінгі мекемелерде негізгі сабақ түрі дене тәрбиесі екендігін көруге болады.
Адам тәнінің саулығын сақтауды сәбилік жастан бастау керек. Жалпы қай ұлттың болсада даму тарихына қарасақ өздеріне тән ұлттық ойындары қалыптасқандығын көреміз. Халықтық ұлттық ойындар көшпенді елдер әлемінде ерекше үлкен мәнге ие болып жас ұрпақты шыдамдылық пен төзімділікке шыңдауда өмір мектебінің бір қажетті маңызды бағыты ретінде қарастырылған.
Қазіргі Егемен Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуындағы басты мақсаттың бірі республика халқының денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады. Осы мақсаттардың ішіндегі маңыздысы жас ұрпақты тәрбиелеу болып табылады. Қазір республикада 1200 астам мектепке дейінгі балабақшалар мен мекемелер бар. Осы мекемелерде бала тәрбиесіне қажетті алуан түрлі жұмыстар атқарылады, соның ішіндегі маңызды бір саласы дене тәрбиесі болып табылады.
Сондықтан мектеп жасына дейінгі балалардың денесін шынықтыру, оның дене қимыл-қозғалыс дағдыларының дұрыс қалыптасуына ғасырлар бойы бала тәрбиесінде ұтымды құрал ретінде қолданылып келе жатқан ұлттық халық ойындарынан құралған қимыл-қозғалыс элементтерін енгізе отырып баланың денесін шынықтыру өзекті мәселе деп білеміз. Осындай жағдайларды ескере отырып біздің зерттеу ретінде қарастыратын мәселеміз: Мектеп жасына дейінгі 3-5 жастағы балалар үшін балабақшаларда өткізілетін дене шынықтыру сабағында ұлттық дәстүрлі халық ойындарын қолданудың тиімділігін дәлелдеу, осы тақырыптың өзектілігін айқындайды.
Бұл зерттеу жұмысында ұлттық халық ойындарын пайдаланудың негізгі бағыты бала бойындағы дене күшінің сапалық қасиеттерін жетілдірумен қатар оның мінез-құлқымен адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуге ұлттық ойындардың пайдалы ықпалы бар екендігін көрсету зерттеу тақырыбының өзектілігін айқындай түседі.
Зерттеу тақырыбы Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы талаптарына сай келеді.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ұлттық ойындар халық педагогикасының құрамды бір бөлігі ретінде бүгінгі оқу-тәрбие жұмысының белсенді көкейкесті мәселесін құрап, өсіп келе жатқан жас ұрпағының денсаулығын нығайтып өз отанын сүйе білетін патриоттық, интерноционалдық рухта тәрбиелеуге қызмет ететін құрал болып табылады. Сонымен бірге ұлттық ойындар балаларға ана тілінде сөйлеуін жетілдіріп, бала бойына салтын, әдет-ғұрпын, дәстүрін сіңіріп өз ұлтына тән ділін қалыптастыруға мүмкіншілік жасайды.
Ұлттық ойындар түрлерінің қазіргі дене шынықтыру пәнімен, спорт саласымен байланысын қарастырған ғылыми еңбектер қатарына: А. Құралбекұлымен, С. Әкімбайұлының «Оқушылар дене шынықтыруының этнопедагогикалық негіздері» [7], Е. Уаңбаевтың «Дене тәрбиесінің негіздері» [8], З. Есмағанбетовтың «Дене тәрбиесінің теориясы әдістемесі» [9], К. Н. Менлибаевтың «Роль национальных традиции в формировании и развитии патриотизма» [10], Х. Ф. Анаркуловтың «Кыргызские народные подвижные игры, физические упражнения и современность» [11], М. Болғамбаевтың «Қазақтың ұлттық спорт ойын түрлері» [12], А. Қарақовтың «Студенттердің дене тәрбиесінде спорттық күрестің ұлттық түрлерін пайдалану» [13], Ж. К. Оңалбековтың «Дене тәрбиесі мен спорттың жеке адамдар арасындағы ұлттық қарым-қатынастарды дамытудағы орны» [14] атты еңбектерді жатқызуға болады.
Соңғы жылдары зерттелген көптеген ғылыми еңбектердің негізгі тұжырымдамасы бойынша мектеп жасына дейінгі балалардың дене шынықтыруын нақты бір мақсатты бағытпен дамытқанда ғана пайдалы құрал ретінде болатындығы дәлелденіп қарастырылды. Мұндай теориялық көзқарас тұжырымдарын жасағандарға Э. Я. Степанкова [15], В. Л. Страковская [16], Е. Мухитдинов [17], А. Б. Нұрлыбекова [18], М. Т. Турскелдина [19], Т. Иманбеков [20], С. И. Касымбекова [21], А. К. Айтбаева [22] сынды ғалымдардың зерттеулерін жатқызуға болады.
Қазақтың ұлттық ойындарының этникалық ерекшелігін саралап, талдап, топқа бөліп жіктеуге ат салысқан белгілі ғалымдар Е. А. Алекторов [23], А. А. Диваев [24], М. Гуннер [25], Н. Пантусов [26], Е. М. Пещеровалардың [27] еңбектерін атауға болады. Алайда қазақтың ұлттық ойындарына ғылыми тұрғыдан мән беріп, оны бірнеше сатыға бөліп, теориялық тұрғыдан тұжырым жасап дәлелдеу ХХ ғасырдың басынан басталады.
Қазақтың ұлттық ойындарының тарихи қалыптасуын, оның түрлерін бірнеше топқа бөліп жіктеген қазақстандық ғалымдар қатарына М. Гуннер, М. Рахимгулов [28], М. Тәнекеев [29], Б. Төтенаев [30], Е. Сағындықов [31], Т. Ш. Қуанышев [32] сынды ғалымдар жатады.
Қарастырып отырған тақырыбымызға қатысты еңбектерге талдау жасау арқылы білгеніміз, аталған тақырыптың бүгінгі күнге дейін зерттелмегені белгілі болды. Сондықтан ұлттық халық ойындарын балабақшадағы дене шынықтыру сабағында үздіксіз қолдану өзінің тың тақырып екендігімен ерекшеленеді.
Зерттеу болжамы. Балабақша жасындағы балаларға ұлттық ойындарды ойнату арқылы олардың денесін шынықтырып, қимыл-қозғалыс қабілеттерінің дұрыс және жақсы қалыптасуын жетілдіруге болады. Сонымен қатар ұлттық ойындарды балаға ерте жастан ойнату баланың ұлттық дәстүрді біліп өсуіне, қоршаған ортаны, жан-жануарларды тануына көмектеседі.
Зерттеу обьектісі . Мектеп жасына дейінгі балабақшадағы дене шынықтыру сабағы, дәстүрлі халық ойындары.
Зерттеу нысаны. Мектеп жасына дейінгі балалар өміріндегі ұлттық ойындардың орны.
Зерттеу мақсаты. Мектеп жасына дейінгі балаларға ұлттық ойындарды үйрету арқылы денесін шынықтыру, дәстүрлі ұлттық ойындардағы қимыл-қозғалыс әрекеттерінің бала өсуіндегі біртұтас сабақтастық жолын теориялық-әдістемелік тұрғысынан зерттеу.
Зерттеу міндеттері:
1. Ұлттық ойындар арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың дене шынықтыру қабілетін дамытудың ғылыми-педагогикалық негізін анықтау.
2. Сабақ мақсатына байланысты ұлттық ойындарды таңдап алу, үйрету жолдарын көрсету.
3. Балабақшадағы дене шынықтыру сабағында ұлттық ойын түрлерін қолданудың педагогикалық және әдістемелік жолдарын анықтау.
4. Ұлттық ойын түрлерін басқа дене шынықтыру жаттығуларымен ұштастыра қолдану жолдарын көрсету.
5. Ұлттық ойындар арқылы балабақша жасындағы балаларға қоршаған ортаны тану, ұлттық салт-дәстүрлерді білуді іске асыруға болатындығын анықтау.
Зерттеудің жетекші идеясы.
Ұлттық ойындар арқылы баланың денесін шынықтыру, қимыл-қозғалыс дағдыларын дамыту, ұлттық ойындарды насихаттау.
Зерттеудің ғылыми әдістемелік негіздері.
Зерттеудің әдістері салыстырмалы тарихи сипатта, яғни формациялық даму негізінде таным принципі бойынша қазақ халқының ұлттық ойындарының маңызын және оның даму бағытын қазіргі педагогикалық тұжырымдарға сүйене отырып дәлелдеп, жас ұрпақты ұлттық ойындар арқылы дене шынықтыруға баулудың ғылыми қажеттілігін жүйелі-салыстырмалы әдістеме негізінде қарастыру.
Зерттеу әдістері. Тарихи этнографиялық, этнопедагогикалық еңбектерді, мұражай қорларындағы деректерді талдап, көшпенді елдер, оның ішінде қазақ халқының өркениетіндегі ұлттық ойындардың орнымен байланыстырыла отырылып зерттелді. Сонымен қатар, диссертацияны жазу барысында оқу-әдістемелік және халық ауыз әдебиеті жазбаларына көңіл бөлініп, ұлттық ойындарды жинау, оны жүйелеп, балаларға үйретіп-ойнату негізінде педагогикалық бақылау әдісі қолданылды. Педагогикалық-теориялық ізденістерді басшылыққа ала отырып педагогикалық эксперимент өткізу, балалардың ата-аналарымен әңгіме, сұрақ-жауап іс-шарасын өткізу, балалардан тест-сынақ алу, алынған деректерді математикалық сараптау әдістері қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
1. Мектеп жасына дейінгі балалардың балабақшадағы дене шынықтыру сабағында ұлттық ойындарды үздіксіз пайдалану арқылы бала денесін жан-жақты шынықтырудың педагогикалық негізі жасалды.
2. Алғаш рет дене шынықтыру сабағындағы: жүгіру, секіру, лақтыру, еңбектеу, өрмелеу, тепе-теңдікті сақтау, қимыл-қозғалыс жаттығуларын ұлттық ойындар негізінде бала өміріне енгізудің жүйесі және бағдарламасы жасалып, балабақшаларға ұсынылды.
3. Мектеп жасына дейінгі балаларға халық ойындарын үйрету дене шынықтыру сабағындағы спорттық жаттығулармен ұштастырыла отырып қарастырылды.
4. Бірінші рет балабақша жасындағы балаларға арналған қазақтың ұлттық ойындар жүйесінің педагогикалық жіктелуі құрастырылды.
5. Ұлттық ойындардың ғылыми-педагогикалық негізімен оны пайдаланудың әдіс-тәсілдері жасалды.
6. Жас ұрпаққа ұлттық дәстүрді білу, табиғатты тануды үйретуге болатындығы дәлелденді.
7. Мектепке дейінгі балалардың жас ерекшеліктеріне сай дәстүрлі халық ойындарын дене шынықтыру сабағына енгізудің пайдасы айқындалып, қажеттілігі дәлелденді.
Зерттеудің практикалық маңызы. Диссертацияда қарастырылған мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ұлттық дәстүрлі халық ойындарын үйретудің педагогикалық әдістемелік жолдарын балабақшалардағы дене тәрбиесі сабақтарында қолдануға болады. Ұсынылған ұлттық ойындарды дене тәрбиесі мұғалімдерін даярлайтын жоғары оқу орындарында, колледждерде оқытылатын арнайы курстарда пайдалануға, осы сала бойынша жазылатын ғылыми еңбектерде пайдалануды ұсынамыз. Ұлттық ойындарды мектеп жасына дейінгі балалардың денесін шынықтыру үшін қолданудың дұрыс екендігін насихаттау мақсатында ата-аналармен жұмыс кезінде пайдалануды ұсынамыз.
Зерттеудің деректік қоры. Қазақстан ұлттық кітапханасы, Өзбекстан Республикасы орталық мемлекеттік архивінің И-69 қоры, «Ресей императорының жағрафиялық қоғамының Түркістан бөлімі», Қалмақ Республикасының мемлекеттік мұражайының Р-145 қоры. Өзбекстан мемлекеттік орталық кітапханасынан «Түркістан ведомстісі» тағы да басқа қазан төңкерісіне дейінгі қазақ, өзбек, түркмен, қырғыз, орыс ғалымдарының және миссионерлердің жазбалары ендіріліп қарастырылды.
Зерттеудің негізгі кезеңдері:
1-кезең 2001-2002 жылдар аралығы: диссертацияның тақырыбы анықталып, оған дәлелді негіздеме жазылып, жұмыс құрылымы Қазақтың спорт және туризм академиясының «Күрес және ұлттық спорт» кафедрасында талқыланып, академияның Ғылыми Кеңесінде бекітілді. Тақырыпқа қатысты ғылыми-педагогикалық, теориялық және тарихи еңбектермен танысу, мұражай қорларынан деректік құжат жинау, оларды қарастырып, талдау ісі жүргізілді.
2-кезең 2002-2006 жылдар аралығы: эксперименттік байқау жұмыстарын балабақшаларда ұйымдастыру, балаларға ұлттық ойынның қажеттілігін түсіндіру бағытында ата-аналармен сұрақнамалық жұмыстар және тәрбиешілермен сұрақ-жауап өткізу жүргізілді.
3-кезең 2006-2008 жылдар аралығы: жинақталған деректік қорлар мен материалдық құжаттар негізінде тәжірибелік-эксперименттік жұмыстардың нәтижесін қорытындылап, диссертацияны жазып, қорғауға дайындық жұмыстары жүргізілді.
Қорғауға ұсынылатын мәселелер:
1. Тарихи-деректік құжаттарды, педагогикалық-теориялық еңбектермен ұштастыра отырып ұлттық ойындардың қоғамдағы және бала денесін шынықтырудағы орны.
2. Ұлттық ойындарды мектеп жасына дейінгі балаларға арнап өткізілетін дене шынықтыру сабақтарында үздіксіз қолданудың ғылыми-педагогикалық әдістемелік жолдары.
3. Ұлттық ойындарды балабақшадағы дене шынықтыру сабағында қолдану арқылы, балаға қажетті негізгі қозғалыс дағдыларын дамытуға болатындығы.
4. Балаларға арналған ұлттық халық ойындарын дене шынықтыру сабақтарында қолдану үшін ойындарды жүйелеу, топтаудың қажеттілігі.
5. Жас балаларға ұлттық ойындарды үйрету, олардың ерте бастан ұлттық салт дәстүрлерді білуіне, қоршаған ортаны, табиғатты тануына, тілді дамытуына әсері болатындығы.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және ендіру орындары: Маңғыстау облысы , Ақтау қаласындағы № 59 С. Шапағатов атындағы балабақша, № 11 балабақша, № 46 «Ручеек» балабақшасы.
Нәтижелер енгізу актілерімен расталған.
Зерттеу жұмысының апробациясы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Ақтау филиалында 2002 мен 2005 жылдар аралығында өткізілген «Ғылым және жастар» атты конференцияда /1-ші, 2-ші, 3-ші, 4-ші конф. /. тақырыптар бойынша баяндамалар жасалды. 2006 жылы Алматы қаласында өткен «Дене тәрбиесі мен спорттың теориясы және практикасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Спорттық жаттығу ойындарын түрлі ұлттық ойындармен ұштастыру» тақырыбында баяндама жасалып, мақала жинаққа енгізілді. Диссертацияның негізгі нәтижелері мен тұжырымдары мерзімді баспасөздерде жарияланды. Барлығы 12 мақала, оның ішінде Комитет талабына сай үшеуі белгіленген басылымдарда, ал төртеуі халықаралық конференцияларда жарияланды.
Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш тараудан және қорытындыдан тұрады. Зерттеу жұмысының соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген. Диссертация 123 беттен, 9 суреттен, 5 кестеден және қосымшалардан тұрады.
Кіріспеде мәселенің өзектілігі, тақырыптың зерттелу деңгейі, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, деректік және әдістемелік негіздері, ғылыми жаңалығы мен қолданыстық маңызы анықталды. 1 - тарауда мектеп жасына дейінгі балаларға дене шынықтыру сабағында ұлттық ойындарды ойнатудың ғылыми-педагогикалық негіздері беріледі.
2-3 тарауларда зерттеуге қатысты сұрақтар төңірегінде зерттеулер жүргізіліп тұжырымдар жасалынды. Қорытынды бөлімде зерттеу жұмысының мақсатының орындалуларына байланысты тұжырымдар мен ұсыныстар жасалынды. Қосымшада ұлттық ойындар тізімдері берілді.
1 МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРҒА ҰЛТТЫҚ
ОЙЫНДАРДЫ ҮЙРЕТУДІҢ ҒЫЛЫМИ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1. 1 Халықтың дәстүрлі ұлттық ойындарының ғылыми тұрғыдан қарастырылып зерттелуі
Қай халықтың болмасын ұлттық ойындарының белгілі бір мақсаты мен әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан ерекше қасиеттері болады. Сондықтан да халық арасында қалыптасқан ойындар туралы сипаттамалық жинақтар, деректер және құжаттар дұрыс зерттеу мен талдауды қажет етеді.
Халық ұлт ойындарын туғызушы, оны сан-салалы өмір талқысынан өткізуші, өзінің керегіне жаратушы ретінде оны өзінің ұрпағын өмірге әзірлеу ниетінде дүниеге әкелген.
Ұлттық ойындардың ел арасында тарауы, қоғамдағы рөлі, болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі қажеттілігі, оның шығу тарихы төңірегіндегі мәселелермен бізге дейін де ғалымдар ізденіс жасаған.
Осы мәселеге байланысты зерттелген ғылыми еңбектерді біз хронологиялық тәртіп бойынша бірнеше топқа бөліп қарастырдық:
1. Патшалық Россияның қазақ жерін отарлау саясаты кезеңіндегі көшпенділер туралы зерттеу жұмыстары.
2. Кеңес заманы тұсындағы Орта Азия және Қазақстан халықтарының ұлттық ойындары туралы жазылған ғылыми еңбектер.
3. Мектеп жасына дейінгі балаларды дене шынықтыруға баулу әдістерін педагогикалық сипаттағы бағыт-бағдарлама тұрғысынан зерттелген жинақтар.
4. Егемендік алған Қазақстандағы аталған тақырыпқа қатысты ізденістері.
Қазақ халқының өмірі жайында көптеген материалдар жинаған орыс ғалымдарының бірі И. С. Паллас өз зерттеулерінде қазақ халқының тыныс-тіршілігін бақылай келе ұлттық ойындарға сипаттама беріп, қазақ қоғамындағы аңға шығу мен аңшылықты суреттейді [33] .
Неміс ғалымы психолог К. Гросс бала өміріндегі ойынның алатын орнын айқындап, жеке тұлғаның қалыптасу сатысындағы ойынның рөлін ашты.
Ғалым К. Гросстың зерттеу жұмысы жарияланғанға дейін ойын әрекеті адамның аса күрделі іс-әрекетінің бірі екенін және оған сүйеніп өсіп келе жатқан баланың психикасын қадағалау, оның баланың жетілуі үшін қажетті компоненттердің қатарына жататынын дәлелдеу оған дейін ғылым ретінде зерттелмеді.
К. Гросс ойын бала-өмірінде тұқым қуалаушылықтың негізінде пайда болатын, жас төл секілді, өздерінің енесі арқылы берілетін инстинктіні жаттығу арқылы өз бойына орнықтыра отырып, өмір сүруге әзірлену деп түсіндіреді [34] .
Тағы бір неміс ғалымы А. Гумбольдт 1829 жылы орыс өкіметінен арнайы рұқсат алып, Каспий теңізінің бойына, Орал мен Алтай және Орынбор, Семей, Өскемен қалаларына саяхат жасап, көшпелі қазақ ауылдарының өмірімен танысып, олардың күнделікті тіршілігін, әдет-ғұрпын зерттей келе: «Қазақ елінің жолаушы қонаққа көрсететін құрметімен бірге ұлттық ерекшеліктері күрестері мен ат жарыстары халықтың өзіндік ерекшелігімен сүйсіндіріп, сырт адамды қызықтырады», - дейді [35] .
Қазақ даласында тұңғыш география қоғамы бөлімшесін ашушылардың бірі, көрнекті орыс ғалымы, географ, тарихшы А. И. Левшиннің қазақтар туралы 1832 жылы жазған ең көлемді монографиясы «Описание киргиз-казачьи или киргиз-кайсацких орд и степей» деп аталады. Осы еңбектің бірінші бөлімінде қазақ даласына географиялық сипаттама берілген. Екінші бөлімі қазақтардың тарихына, үшінші бөлімі олардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына арналған.
А. И. Левшин ойын-тойлардағы ұлттық спорт түрлеріне ат жарыс, теңге алу, қыз қуу, балуан күресіне тоқталып, қазақ балаларының жастайынан ерінбей қимыл-әрекет дағдысын қалыптастыруға ұмтылатынын көрсеткен [36] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz