Урбанизация туралы


Урбанизация
Қазақстандағы осы үрдіс халықтың қайта қоныстануына ұласуда
Ауылдан Астанаға
Қазақстан жерінде Кеңес Одағының тұсында-ақ белсенді сипатқа ие болған осы құбылыс еліміздің тәуелсіздікке ие болуының нәтижесінде жаңа бір қырынан көрініс беріп, қазақ халқының көш-керуенін қалаларға қарай бағыттады. Ауылдан қоныс аударған әрбір төрт отбасының үшеуі қаланы таңдады. Осының нәтижесінде қалада тұратын қазақтардың үлес салмағы айта қаларлықтай өсті. Егер тоқсаныншы жылдың басында қазақ халқы қалалықтардың 27 пайызын ғана құраған болса, 1999 жылы 43 пайызын құрады. Қазіргі көрсеткіштің бұдан да жоғары екені белгілі.
Кешегі ауылдың базары мен ажары болған жастардың көпшілігі қазір қалаларда жүр. Келген үстіне келіп жатыр. Өзі ғана келіп қоймай, сәл жағдайы түзелісімен артындағы әке-шеше, ағайын-туыс, бауырларын да қалаға тартып жатыр. Көшу жағынан алғанда біздің қазақтың іс-әрекеті әскери десанттардың қимылына ұқсайды (қанша айтқанмен көшпелі елдің ұрпағымыз ғой) . Көп жағдай күтіп, жайқалып отырмайды. Қалаларда тіркеусіз, баспанасыз жүргендері қаншама. Бірақ, сол қиындықтарға қанға біткен көнбістікпен төзіп кетіп те жатыр. Өйткені, оларды қалаға ертеңгі күнге деген сенім жетектеп келіп отыр.
Әрине, осының бәрі ең алдымен тәуелсіздіктің арқасы. Басы бодан халықты ешкім де сайрандатып еркін қоя бермейді. “Отыратын жерің мынау, тұратын жерің мынау, басқасына жолама” деп тиып тастайды. Мұндай саясаттың әуселесін қазақ патша заманында көрген. Сол тұста өз елінде отырып-ақ шұрайлы жерлердің бәрін келімсектерге беріп, өзі қу дала, шөлейт мекенге қарай ығысып қалған. Көшіп келгенді қойып, қаланың маңайынан өтуге жүрек дауаламайтын сол заманда самагонға бөгіп желіккен келімсектер алыстан аттылы қазақ көрінгенде айғайға басып, тарсылдатып мылтық атып, бір-екі қырды асырып қуып тастайтындықтарын үлкен ақсақалдардан талай естіп те едік.
“Елу жылда - ел жаңа, жүз жылда - қазан” деуші еді бұрыңғылар. Енді, міне, құдайға шүкір, тәуелсіздіктің арқасында ауылды “алтын бесігім, тірлігімнің тірегі” дейтін халқымыз тез арада қалалық халыққа айнала бастады. Бұл үрдістің жеделдігі сондай, тіпті осыдан оншақты жыл бұрын айтылған кейбір уәжді сөздердің өзі ескіріп, ұмытылып барады. Мәселен, еліміздің тәуелсіздікке ие болу қарсаңында ғана сол кездегі астанамыз Алматы туралы “Алматы - қазақтың астанасы, орыстың баспанасы, ұйғырдың асханасы” деген сөз халық ішінде кең тарап, мәтелге айналып кетіп еді. Ал енді қазіргі елордамыз Астана қаласы туралы олай деп айта алмайсыз. Ол қазақтың әрі астанасы, әрі баспанасы, әрі асханасы, яғни өз игілігіне толық тиіп отырған қала ретінде жайнап өсіп, жетіліп келеді. Сондай-ақ тәуелсіздіктің келуімен өз құшағын ауылдықтарға ашқан Алматының ұлттық бет-бейнесі де жедел өзгеру үстінде.
Урбанизация дегеніміз бұл - елдің тарихынан, белгілі бір дәуірдегі хал-ахуалынан сыр шерте алатын құбылыс. Ауыл адамдары үйсіз, күйсіз қалпында қалаларға қарай лап берген осынау өтпелі тұста бұл құбылыстың өзіне тән драматизмі мен кейбір қайшылықты сәттері де бой көрсетіп, осы жағдай қоғамымызды екі ұдай сезімге бөлегені де байқалады. Зиялыларымыздың бірсыпырасы қазіргі шақта “қазақтың алтын бесігі - ауыл, ауылды сақтап қалайық, ағайын” деп ұрандаса, енді біреулері “қазақтың ендігі тіршілігі қалада, демек қаланы көркейтейік” дейді. Мұның сыртында жуықта ғана Алматыда Шаңырақ оқиғасы болып өтті. Мұндай оқиғаның басқа жерде емес, барған сайын қанатын кеңге жайып келе жатқан үлкен қалалық агломерацияда көрініс беруінің де өзіне тән заңдылықтары бар деп ойлаймыз. Оның барлық себеп-салдарын сол оқиғаның өзінен және оған қатысушы жеке адамдардың іс-әрекетінен ғана іздесек, шындықтың бет пердесін жартылай ғана ашқан болып шығар едік. Пердені толық ысыру үшін біз ең алдымен қоғамымызға үлкен әсер етіп, барған сайын белең ала түскенімен мемлекеттік реттеу мәселесіне әлі оншама көндікпеген, яғни стихиялық сипаты басым болып тұрған урбанизация деп аталатын осынау үлкен құбылысқа мән беруіміз қажет. Біз енді осы мәселенің кейбір тарихи қырлары мен өзіндік сыр-сипатына тоқтала кетпекпіз.
Қазақстан - қала мәдениеті ертеден қалыптасқан ел
Тарихи деректерге қарағанда, адамзат өміріндегі алғашқы қалалар біздің заманымызға деиінгі 3-1 мың жылдықтарда Египет, Месопотамия, Сирия, Индия, Қытай елдері мен Кіші Азияда пайда болыпты. Ал грек-рим дәуіріндегі Афина, Рим, Карфаген секілді қалалардың өркениеттің үлкен жетістігіне баланғаны белгілі.
Мұнан кейінгі ортағасырлық кезең мен Қайта өрлеу дәуірінде капиталистік өндіріс тәсілдерінің алғышарттары қалыптаса бастады. Бұл бірте-бірте материалдық және рухани қызмет түрлерінің шоғырлануына, сөйтіп заводтар мен фабрикалардың пайда болуына алып келді. Капиталистік өндірістің дамуы урбанизациялық үрдістерге жаңа серпін берді. Халықтың шоғырлануы үрдісі жеделдеп, жаңа қалалар пайда болды. Олар әрі көбейе, әрі ірілене түсті.
Ал қазіргі Қазақстан жеріндегі алғашқы қалалар оның оңтүстігі мен оңтүстік шығысында ерте замандарда-ақ бой көрсете бастаған. Бұған осы өңір табиғатының жайлылығы, яғни, күннің жылылығы мен судың молдығы жағымды әсер етті, дейді тарихшы ғалымдар. Осының негізінде Сырдария, Арыс, Талас, Шу, Іле өзендерінің бойында егіншіліктің негізі қаланып, адамдар отырықшылық өмірге үйрене бастады. Адамдардың топтасуы кәсіптің бөлінуін тудырды. Мал шаруашылығы мен егіншіліктің дамуына сәйкес қолөнеріне деген сұраныс артты. Осы жағдай қала тіршілігінің негізін қалады.
Көне Қытайдан басталып, еліміздің оңтүстігі арқылы Жетісу жерін көктей өтетін Жібек жолының жандануы Қазақстандағы қала құрлыстарының дамуына үлкен серпін берді. Керуен жолының бойында бекеттер салынып, олар бірте-бірте сауда-саттық жүргізіп, тауарлар алмастыратын қалалар деңгейіне көтерілді. Отырар, Сығанақ, Сауран, Жент, Жанкент, Тараз, Созақ, Құмкент, Төрткөл, Ақтөбе, Құлан қалалары міне, осылайша салынып, өркендеді. Ал Х ғасырда өмір сүрген ғалым-географ әл-Мақдиси өзінің “Әл-бәд ва-тарих” (“Дүниенің басталуы мен тарихы жөніндегі кітап”) атты еңбегінде сол кездегі Қазақстан аумағында орналасқан 50-ге тарта қаланы атаған. Олар: Исфиджаб, Хирлұғ, Жумишлағу, Арсубаникет, Бараб, Шауғар, Сауран, Тұрар, Зерах, Шағылжан, Баладж, Барукет, Яганкет, Тараз, Балу, Құлан, Мерке, Лакра және басқа да көптеген қалалар.
Сол кездегі қалалар құрылысының өзіне тән ерекшеліктері болыпты. Мәселен, ортағасырлық дәуірдегі Қазақстанның оңтүстік бөлігінде, әсіресе, Орталық Азияға жақын тұстарда салынған қалалар негізінен үш бөліктен: қала билеушісінің сарайы бар негізгі бөлік - цитадельден; қаланың бай халқы мен қолөнершілер тұратын бөлік - шаһристаннан және қолөнер шеберханалары орналасқан бөлік - рабадтан тұрса, отырықшылыққа кейіннен көшкен Іле бойы мекендегендердің қалалары ондай бөліктерге бөлінбеген. Мұндағы қалалар төрт бұрышты дуалмен қоршалған. Мұның өзі сол кездегі жаугершілік заманның әсерінен болса керек. Яғни, қалалар бір жағынан алғанда әртүрлі еңбек бөлінісінен туған жаңа тіршілікті білдірсе, екінші жағынан қорғаныстық қызмет атқарған. Қала маңайындағы мал жайып, егін еккен шаруалар ел шетіне жау келген тұста қалаға кіріп бой тасалайтын болған.
Сөйтіп, Х-ХІІ ғасырларда батыс пен шығыс арасындағы сауданың нығаюы ежелгі Қазақстан жерінде қала құрылысының дамуына себепші болып, өңірдің гүлденуіне алып келді. Халықтың бір бөлігі бірте-бірте отырықшылық өмірге де ден қоя бастады. Сол тұста қазіргі Қазақстан жерінде 200-дей қала мен елді мекен болғандығы “Қазақ совет энциклопедиясында” жазылған.
Алайда “мың өліп, мың тірілген” қазақтың өзі секілді оның өркениеттік жетістіктерінің де тағдыры ауырлау болды. Сол қалардың бүгінге аман-есен жеткені санаулы ғана. Олар туралы бүгінде Қазақстан жеріндегі тарихи және археологиялық ескерткіштер ғана жақсы сыр шертеді.
Қираған қалалар
Шыңғыс ханның Қазақстан жеріне жасаған жорықтары туралы бүгінде әртүрлі пікірлер бар. Шыңғыс ханды мақтаушылар да, даттаушылар да кездеседі. Қалай алып қарағанда да Шыңғыс ханның ұлы тарихи тұлға екенін, ол құрған алып империяның халықтар мен мемлекеттер тарихына айтарлықтай ықпал жасағанын ешкім жоққа шығара алмайды. Шамасы, “Мыңжылдықтардың ең атақты адамы кім?”- деген сауалнамаға орай бірінші мыңжылдық бойынша Мұхаммед пайғамбардың, екінші мыңжылдық бойынша ЮНЕСКО тарапынан Шыңғыс ханның есімі аталуы тегін болмаса керек. Оның қалыптастырған тәртібі мен империясы батыстық ұлы қолбасшылар Александр Македонский мен Наполеон Бонопарт билігіне қарағанда әлдеқайда ұзақ өмір сүрді. Шыңғыс ханның ұрпақтары Азияның кең кеңістігі мен Ресейге ғасырлар бойы әмірін жүргізді. Ал қазақ елін бертінге дейін төре тұқымдары биледі.
Қазақ даласын көмкеріп, жарты әлемге ықпал еткен Алтын Орда мемлекеттігінің ұзын-сонар тарихы, оның қазақ халықының қалыптасуына тигізген тарихи, саяси жағымды, жағымсыз ықпалы мен салдарлары жеке бір тақырып, үлкен бір әңгіме. Оның аражігін ажырату тарихшылар үлесіндегі мәселе. Ал біз өз мақаламызда қозғап отырған тақырыбымызға тікелей қатысы болғандықтан кейбір тарихи деректерге сүйене отырып, Шыңғыс хан қалыптастырған үстемдіктің урбанизациялық қырлары туралы ғана әңгіме қозғамақпыз. Біздің ойымызша, бұл оқиғаның жағымсыз жақтары көп. Өйткені, үсті-үстіне жасалынған жойқын шабуылдар тұсында Қазақстан жеріндегі көптеген қалалардың қиратылып, ат тұяғына тапталғандығын тарихи деректер дәлелдейді. Мұны сол заманның куәгерлері де айтады. Мәселен, Италия елшісі Плано Карпини Сырдарияның жағалауы бойынан қираған қалалар мен мекендерді кездестіргенін жазса, Франция королінің елшісі Виллем Рубрук 1253 жылы моңғол ханы Мөңкеге бара жатып Іле алқабынан өткенде күнделігіне былай деп жазыпты: “Бұрын бұл жазықта көптеген қалалар болған, олардың көбін мал жайылымына айналдыру үшін татарлар қиратқан”.
Сөйтіп, моңғол шапқыншылығы еліміздің өңірлерінің, әсіресе Жетісу халықтарының урбандалу үрдісін тежеп тастады. Моңғол билеушілері пайдалылығына байланысты Жібек жолының бойында ары-бері ағылған саудагерлер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрекет еткенімен бірте-бірте керуен жолының бойынан да жан кете бастады. Бұған бір есептен алғанда оның негізгі инфрақұрылымдары - жол бойындағы қалалардың қиратылуы да үлкен әсер етті. Қазақ жеріне Ақсақ Темірдің жасаған жорықтары күйзелісті одан әрі тереңдетті. Дала бейбіт тірліктен, өзінің еркіндігі мен дербестігінен айырылды. Далаға қатал билік келді. Бірте-бірте халықаралық сауда мен жүк тасымалдау арналары теңіз жолдарына қарай ойысты. Қазақ даласы халықаралық сауда жолы ретіндегі байырғы тартымдылығынан айырылды.
Мұнан кейін араға бірнеше ғасыр салып барып Қазақстанның Ресейге қосылуы тұсында шекаралық өңірлерден бекіністер салына бастады. Кейіннен сауда орталықтарының рөлін атқарған ол бекіністерден Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Орал секілді үлкен қалалар өсіп шықты. 1897 жылы елімізде барлығы 19 қала болды. Оларда 220 мың адам тұрды. Ең ірі қалалар деп танылған Оралда 36 мың, Семейде 26 мың, Алматыда 23 мың тұрғын болды. Қала тұрғындары халықтың 5 пайызын ғана құрады.
Еліміздегі қалалар санының көбейген тұсы - кеңестік кезең. Ел халқының жалпы саны 1897 жылғы дерекпен салыстырғанда 3, 6 есе, ауыл халқы 1, 7 есе өскенде, қала халқының саны 39 есе көбейген осы кезеңде өндірістік, өнеркәсіптік және қорғаныс мақсатындағы Ақтау, Қарағанды, Екібастұз, Рудный, Балқаш, Жезқазған, Серебрянка, Қапшағай, Шардара, Степногор, Курчатов, Байқоныр секілді бірнеше қала пайда болды. Қалалардың жалпы саны 84-ке жетті. Мұның сыртында орман және балық шаруашылықтарын игеру мен теміржолдарға қызмет көрсету үшін 210 кент салынды. Қала халқының саны 40 пайыздан асып түсті.
Тәуелсіздік ықпалы
Дегенмен, осы тұстағы урбанизациялану үрдістерінде жергілікті ұлт өкілдерінің көбі келімсек диаспоралар белсенді түрде тартылды. Олар қалаларға келіп орнықты. Көп салалы қала шаруашылықтарында, жаңадан ашылып жатқан өнеркәсіп орындарында жұмыс істеді. Ал қазақ халқының еншісіне негізінен ауылда тұрып, мал шаруашылығымен шұғылдану бұйырды. Сексенінші жылдардың басында қазақтар қала халқының 18 пайызын ғана құрады да, қалғандары басқа ұлт өкілдері болды. Соның ішінде сол кездегі астанамыз Алматы тұрғындарының 18 пайызын қазақтар, 64 пайызын орыстар құрды. Орыстардың үштен екі бөлігі, кәрістердің 86 пайызы, еврейлердің 95 пайызы қалаларда тұрды. Қалалы жерлерде қазақ мектептері мен балалар бақшалары некен-саяқ қана болды.
Осыған қарамастан, қалаға ұмтылған қазақтар баспанасыздықтың, тілдік кедергілердің, басқа да қиындықтардың зардаптарын тартып, өз елінде отырып өгей баланың күйін кешті.
Осы кедергі тұсауды тәуелсіздік қана шешіп бере алды. Тәуелсіздік еліміздің ішкі мүмкіндіктерін ашуға, оның әлемдік экономикалық жүйеге қосылуына, бұрынғыдай Кеңес Одағының құрамындағы шеткері бір өңір емес, Еуропа мен Азияны байланыстырушы кіндік ел болуына қызмет етуде. Бұл жағдай ел ішіндегі үлкен өзгерістерге жол ашып берді. Елдің еркін дамуындағы көп ғасырлық мешеуліктің көбесі сөгілді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында” атты халыққа арнаған Жолдауында: “ХҮ ғасырдың соңына дейін Орталық Азия әлемдік экономиканың маңызды өңірі болып келді. Біздің өңіріміз Шығыс пен Батысты жалғастырып жатты. Халықтар аумақтар мен ұлттарға бөлінген жоқ. Жібек жолының саябыр тартуы Орталық Азияны мешеу шет аймаққа айналдырды. Тәуелсіздік алғанымыздан кейін соңғы 500 жылда алғаш рет біздің өңіріміз әлемдік экономика үшін қайтадан экономикалық маңызға ие болды. Біз өзіміздің транзиттік мүмкіндіктерімізді нығайтып келеміз, әлемдік нарыққа бағалы тауарлар - мұнай, газ, кен, ауыл шаруашылығы шикізатын шығаратын өңірге айнала бастадық. Қазірдің өзінде шамамен көне Жібек жолының бойымен өтетін ХХІ ғасырдың жаңа мұнай-газ құбырларының, авто және темір жолдарының сұлбалары айқындала бастады”, деп атап көрсетті.
Елбасының осы сөзі біздегі жедел түрде жүріп жатқан демографиялық, миграциялық, урбанизациялық және басқа да өзгерістердің негізгі себебі мен терең мәнін барынша дөп басып, ашып тұр деп ойлаймыз. Қазақстанға - Батыс пен Шығыстың ортасында алтын көпір болуға әдбен лайық осынау байтақ өңірге - тәуелсіздіктің келуі сан ғасыр бұрын үзіліп кеткен халықаралық сауда-экономикалық байланыстың үлкен арнасына қайта жан бітіріп қана қоймай оның жаңа сипатта жан-жақты дамуына жол ашты. Оның үстіне осы уақытқа дейін көп ғасырды қалғумен өткізген Азияның көптеген елдері жылдан-жылға дамып, осы өңірді әлемдік тартылыстың үлкен бір орталығына айналдырып отыр. Көршіміз Қытай бүкіл дүниеге экономикалық ықпал ететін ХХІ ғасырдың ең үлкен алыбына айналмақ. Экономикалық орталықтарының ара салмағында үлкен өзгерістер жүріп жатқан осынау шақта өз тәуелсіздігіне ие болған Қазақстанның әлемдік шаруашылық жүйесіне аса бір ұрымтал, яғни стратегиялық маңызды тұстан келіп қосылуы оның экономикалық, транзиттік маңызын арттыра береді. Бұл жағдай тәуелсіздік талаптарымен қосыла келіп іштегі халықтың көші-қон қозғалысының обьективті себептерін туындатады.
Әлемдік даму бағыттары
Ауыл және ауыл шаруашылығындағы халыққа қарағанда қалада тұратын және ауыл шаруашылығымен шұғылданбайтын халық санының басым түсуі - қазіргі урбанизацияның басты ерекшеліктерінің бірі. Әлемнің үш бөлігінде Еуропада, Солтүстік Америкада және Австралия мен Океанияда ауылдағыларға қарағанда қала халқы әлдеқайда көбейе түсті. Латын Америкасында да осы үрдіс жедел өрбу үстінде. Ал халқының саны мейілінше көп Азияда (мұнда әлем халқының 60 пайызы тұрады) әзірге ауыл халқының саны басым. Сондай-ақ табиғи өсім көрсеткіші бәрінен жоғары тұрған (яғни бала туу жөнінен бірінші орында) Африкада да халықтың негізгі бөлігі ауылда қоныс теуіп отыр. Ғалымдар бұл екі құрлықта ауыл халқының басым болу себебін Азияда халықтың көп шоғырлануымен, ал Африканың даму жағынан артта қалушылығымен түсіндіреді.
Сонымен, урбанизация ең алдымен дамыған елдерге тән құбылыс болып отыр. Егер деректерге жүгінетін болсақ осы үрдістің көш басында еуропалықтардың келе жатқандығына көз жеткіземіз. Мәселен, Ұлыбританияда халықтың 91 пайызы, Швецияда 87 пайызы, Германияда 85 пайызы қалалы жерлерге шоғырланған. Осындай үрдіс Дания (84 пайыз), Франция (78), Нидерланды (76), Испания (74), Бельгия (72), АҚШ (77), Канада (80), Израиль (89), Жапония (78), Австралия (89), Жаңа Зеландия (85) елдеріне де тән.
Дамыған елдердің тәжірибесі қала халқынының саны 70 пайызға жеткенде урбанизация қарқыны төмендеп, 80 пайызға жеткенде тоқтай бастайтындығын аңғартады.
Әлемнің әр шалғайында халықтың негізінен ірі қалалық агломерацияларға шоғырлануы - осы замандық урбанизацияның тағы бір белгісі болып отыр. Агломерация, яғни латын тіліндегі “agglomero” сөзі - “қосамын”, “шоғырландырамын”, “бірге қоршаймын” деген мағынаны білдіреді. Яғни, бір қаланың ірілену нәтижесінде өзінің бұрынғы шекарасынан шығып, айналасындағы елді мекендерді соның ішінде ауылдар мен шағын қалаларды жұтып қоюы немесе тең дәрежедегі екі үлкен қаланың араларында бос жер қалмауына байланысты бір біріне қосылып кетуі осы құбылыстың әсері.
Қалалық агломерациялардың пайда болуына көптеген әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және адами факторлар ықпал етеді. Өткен ғасырда АҚШ-тағы қала орталығындағы жер бағасының тұрақты түрде өсуі, көліктің көбеюіне байланысты қаланың орталық көшелерінде жүрудің қиындығы, экологиялық проблемалардың етек алуы (көліктерден бөлінетін көмір қышқыл газдар, тағы басқалар), оның үстіне көп пәтерлі үйлердегі сүреңсіз тірліктен, орталықтағы шулы өмірден қажыған адамдардың табиғат аясына қарай ұмтылысы агломерациялардың дамуына алып келді. Қала сыртында тұрмысқа қолайлы, айналасында шағын да болса жері бар бір-екі қабатты үйлер көптеп салынып, қаланың жалпы аумағы кеңейген үстіне кеңейіп, орталықтан мейлінше қашықтай түсті. Сөйтіп, 1950 жылы АҚШ-та 170 қалалық агломерация болса, 90-ыншы жылдардың соңында олардың саны 400-ге жуықтады. Қазіргі күні бүкіл америкалықтардың тең жартысы ірі агломерацияларда өмір сүрсе үштен екі бөлігі жоғарыдағыдай бір-екі қабатты жеке үйлерде тұрады екен.
Батыс Еуропа елдерінде де халықтың қала шетіндегі жеке үйлерге қарай шығуы Лондон, Париж, Гамбург, Вена, Милан секілді қалалардағы орталық көшелерде тұратын адамдар санының азая түсуіне, ал шеткі және қала маңайындағы аймақтардың дамып, жетілуіне алып келген. Ғалымдар бұл үрдіске “субурбанизация” деген ат берді.
Қазақстанда қазір қалалық агломерацияның дамуы ең алдымен Алматы қаласының бет бейнесінен байқалады. Бұл қала өзіне Талғар, Николаев, Қалқаман секілді бірнеше елді мекендерді қосып алу арқылы барған сайын қанатын кең жайып келеді. Енді бір адым аттаса Қаскелеңге жетпек. Қапшағай қаласы да қол созым жерде тұр. Мамандардың айтысына қарағанда, Алматы төңірегі бір ядролы қалалық агломерация ретінде қалыптасып келеді.
Астананың қазіргі өсу, кеңею деңгейі де агломерациялану үрдісін байқатады. Ол маңайындағы Көктал, Мичурин, Кірпішті секілді елді мекендерді өзіне қосып алды.
Қарағанды-Теміртау қалаларының да бір-біріне жақын келуі тағы бір қызықты құбылыс. Бұл жерде екі орталықты қалалық агломерацияның пайда болу құбылысы байқалады.
Осындай үдерістер еліміздің басқа өңірлері мен қалаларында да жүріп жатыр.
Қазақстандық құбылыс
Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанның ең үлкен екі қаласы Алматы мен Астана өте жедел қарқынмен дамуда. Алматы халқының саны соңғы 6-7 жылда 160 мың адамға ұлғайып, қазір 1, 2 миллионнан асып түскен. Бұл - ресми деректер, ал шын мәнінде Алматыда қанша халық бар екендігін, қанша адамның тіркеусіз жүргендігін ешкім білмейді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz