Мемлекеттік қорықтар



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 15 бет
Таңдаулыға:   
ЖОСПАР

Қорғалжын мемлекеттік қорығы 2
Ақсу-Жабағылы мемлекеттік қорығы 4
Барсакелмес мемлекеттік қорығы 6
Алматы мемлекеттік қорығы 9
Наурызым мемлекеттік қорығы 10

Қорғалжын мемлекеттік қорығы

Қорғалжын мемлекеттік қорығы Ақмола облысының Қорғалжын ауданында
орналасқан. Ол Тың өлкесінде табиғаттың әсем де бағалы жерін сақтау
мақсатымен 1958 жылы ұйымдастырылды. Бұл қорық Астананың оңтүстік-батыс
жағында 140 шақырымдай жердегі Қорғалжын көлінің оңтүстік жағалауын алып
жатыр. Ол кезде оның жер көлемі 15 мың гектардай еді. 1961 жылы қорық
Қорғалжын орман-аң шаруашылығы болып қайта құрылды. 1968 жылы Қазақ ССР
Министрлер Советінің шешімі бойынша осы шаруашылық тағы да қорыққа айналды.
Ондағы мақсат — табиғаттың көрікті орнын сақтау, аң-құстарына
тиіспей, оның көбеюіне қолайлы өріс-қонысты қорғау, сөйтіп, бұл
өңірдегі хайуанаттар мен өсімдіктер дүниесін тікелей зерттеу
лабораториясына айналдыру еді. Қазір қорық аймағына Теңіз-Қорғалжын көлдер
жүйесінің біразы енеді. Жер көлемі 183,7 мың гектар. Оның көпшілік бөлігі
Асаубалық, Қоқай, Есей, Қорғалжын және Теңіз көлдерінің еншісінде. Сондай-
ақ Бозарал түбегі және Мыңжылкы аралы жақында ғана қорық аймағына
енгізілді. Жағаларында жайқалып қамыс-құрақ өскен. Қорық территориясында
да, көршілес жерлерде де кішігірім өзендер мен көлдер көп. Бұлар бір
жағынан қорық табиғатының шөлді аймақтан ерекше болуына ықпал етсе,
екіншіден, шөл мен далалық өңірлердің өсімдігі мен жан-жануарларының, мол
болуына әсерін тигізеді. Өзендер мен көлдердің сулары көктемде қардың
еруіне байланысты көбейеді де, жазда азаяды. Жаз ортасынан көл сулары
сортаңданып ащы тартады. Бірақ тұз жиналуы шағын көлдерде түрліше болады.
Кейбір айдындар мен қара суларға жер астынан таза бұлақ сулары қосылып
жалғасады. Қорғалжын көліне Нұра өзені құятын оңтүстік жағаның суы
солтүстік жағаның суынан әлдеқайда тұщырақ. Сондықтан да көлдің осы
жағалауында қамыс-құрақ өте қалың өсіп, балық пен құстардың тіршілік етуіне
барынша қолайлы келеді.
Өсімдіктері. Қорықтың территориясында көбінесе жусан, көкпек, боз
селеу секілді өсімдіктер өседі. Бұлардың барлығы сол жердің шөлді аймаққа
жақын екендігін дәлелдейді. Өзен, көл жағаларында кұрақ, қамыс, тал биік те
бітік өседі. Мұның, өзі қорық өңіріне көрік беріп, оны шөл даладан өзгеше
етіп, табиғатын байыта түседі.
Қорық даласында Арқа жеріне кең тараған бұтаның түрі қызғылт тобылғы
орманын көресіз, оның маңында теңіздей толқыған бидайық, кілемдей құлпырған
бозшөп жайқалады.
Қорғалжын көлінде суда өсетін өсімдіктердің 22 түрі кездеседі. Олардың
ішінде құрақ, қоға, көл қамысы және жебе жапырақ кең таралған. Ал, көл
жүйесінде де түрлі өсімдіктер көп-ақ. Әсіресе, көлдің оңтүстік жагалауының
едәуір жерінде құрақ қалың шығады. Сондай-ақ, Нұра өзенінің көптеген
сағаларында бұл өсімдік жиі кездеседі. Суда қалқып жүретін және суға батып
тұратын өсімдіктерден балықоты және қазоты жиірек өседі. Судың асты-үстінде
және оның бетінде қалқып өсетін өсімдіктердің жиынтығы көлдің барлық
көлемінің, шамамен 80 проценттейін алады. фитопланктонның — суда қалқып
жүретін өсімдіктер жиынтығының 167 түрі бар. Олардың арасында, әсіресе ұсақ
және көк жасыл балдырлар көбірек кездеседі. Фитопланктондар су құстары мен
балықтардың қорегі. Теңіз көлінде судың бетінде өсетін өсімдіктер болмайды,
бірақ кейбір балдырлар мен фитопланктондар мол кездеседі.
Жер бедері мен ауа райы. Қорғалжын қорығы шөлді, дала аймағына
орналасқан. Ол негізінен Қорғалжын және Теңіз сияқты екі ірі көлдің
территориясын алып жатыр. Қорғалжын көлінің көлемі 39,6 мың гектардай,
жағаларының ұзындығы 135 километрдей, көлдің солтүстік және шығыс жағасы
қыратты, тілімделген, батысы мен оңтүстігі жадағай. Орташа тереңдігі 2
метрдей. Суы тұщы, жаралауында қамыс-қоға өседі. Көл жайылма келеді,
гидрохимиялық құрамы да әр түрлі, оның жүйесінде бірнеше су қоймалары бар.
Көл суы ертеректе өте мол болған, бірақ кейінгі жылдары Нұра өзенінің суын
кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы қажетіне көбірек пайдалануға байланысты
ол көлге жетпей қалды да, көл бірнеше ұсақ көлшіктерге бөлініп кетті. Теңіз
көлінің көлемі 156 мың гектардай, жағаларының жалпы ұзындыгы 450
километрдей, сортаңды келеді. Тереңдігі 3—5 метрдей. Суы ащы, жағалауында
қамыс-қоға сияқты өсімдіктер кездеспейді, тек балдырларға өте бай.
Қорықтың шырысында — Нұра, оңтүстігін жағалай Құланөтпес өзеңдері
ағады. Бұл өзендердің де жағалары қалың қамыс, көк шалғын— түрлі
аңдар мен құстардың мекендеуіне қолайлы. Басқа жердің ауа райына
қарағанда, қорық, орналасқан ауданның климаты өзгешелеу, оған оның
территориясына кіретін жағасы қопалы Қорғалжын көлі үлкен әсерін тигізеді.
Қыста ауаның температурасы — 41—42° суық болса, июльде температура + 38 +39
градуска жетеді. 125—130 күндей аязсыз шуақ болады. Алғашқы суық,
сентябрьде түсіп, май айының басында ғана аяқталады. Жылына 200 мм
шамасында жауын-шашын түседі.
Жаз айларының өзінде де күндізгі ыстықтан кейін кешке қарай салқын
самал соғады. Бұл да климаттың континентті екенін дәлелдейді. Жауын-шашын
июнь-август айларында жиі байқалады. Қыста қақаған аяз, бұрқыраған боран,
қар қалың болады.
Жануарлар дүниесі. Ауа райы, өсімдігі сияқты, жер құрылысына сәйкес
жануарлары да әр түрлі бұл қорықтың территориясында құстардың 225, сүт
қоректілердің 30, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың он шақты
түрі таралған. Қорғалжын көлінде балықтың көбеюі үшін қолайлы жағдай бар.
Шортан, мөнде, қарабалық, аққайран, шабақ, алабұға, сазан мекендейді.
Бірақ, көлде балық қоры тұрақты емес, онда су көп жылдары балық та мол
болады, ал су тартылып қалған кезде балықтың да қоры кемиді. Бұл көлде
зоопланктонның 71 түрі бар. Оның ішінде, әсіресе, коловраткалар мен
ашамұрт шаяндар көбірек кездеседі. Зоопланктон — жас шабақтардың алғашқы
күндері жейтін қоректерінің бір түрі. Ондай қоректердің нәрлілігі жақсы,
белогы көп, майлылығы мол. Ол ағысы шамалы жылы суда болады.
Қорғалжын және Теңіз көлдерінің басты назар аударарлық байлығының бірі
— су құстары.
Бұл көлдерде олардың 119 түрі жұмыртқалайды, 106 түрі қоныс аудару
және қыстайтын жерлеріне ұшу мезгілдерінде мекендейді. Осы қорықтың құс
базары деп аталуы өте орынды.
Мәселен, жалпақ тұмсық құстардың 27 түрі және балықшылардың 30 түрі
бар. Бірқазан, дуадақ, көкқұтан сияқты құстар да жайлайды. Бұл құс
базарында жер шарында өте сирек кездесетін аққұтан, жемсаулы қызыл
қасқалдақ, бұйра бірқазан, поляр жапалағы, жемсаулы қара гагара, мұртты
сары шымшық, қызыл жемсаулы қарашақаз, тұрпан, жалбағай, күжіркей және
басқа құстар бар.
Тіршілік тынысы көлде, әсіресе, жазғытұрым айрықша сезіледі. Бұл кезде
аспанда топтанып ұшып бара жатқан қоңыр қаздарды, үйректерді және балшықшы
құстарды көруге болады. Ну құрақ-қамыс арасынан шағалалардың, үйректердің,
қоңыр қаздардың, қасқалдақтың, сұқсыр үйректің қаңқылдаған даусын, у-шуын
есту қандай тамаша. Алыстан тырнаның дауысы, әупілдектің үні құлаққа
келеді. Қай жаққа қарасаң да құрақты тоғайдың үстінде үздіксіз қалқып ұшып
жүрген саз құладыны көрінеді. Бұл — қанаттылардың, әсіресе қаз, үйректің
жұмыртқаларымен және балапандарымен қоректеніп зиян келтіретін нағыз
жыртқыш құс.
Қорғалжын көлінде шағалалар, қасқалдақтар, қызыл үйректер және қызыл
тұмсық үйректер көптеп жұмыртқалайды. Еліміздегі аққудың ең көп колониялы
ұясының бірі орналасқан. Бұл айдын көлде осы аталған су құстарымен бірге
түз құстары да көп болады. Теңіз көлінде мекендейтін қанаттылардың түрі
онша көп болмады.

Ақсу-Жабағылы мемлекеттік қорығы

Талас Алатауының батыс бөлігінде қорық ұйымдастыру мәселесін, Орта
Азия мемлекеттік университетінің профессоры А.Л. Бродскийдің ұсынысы
бойынша, 1922 жылы ескі заман ескерткіштерін, табиғатты және өнерді
қорғаудың Түркістан комитеті көтерген болатын.
Осы комитеттің тапсырмасымен 1922—1923 жылдары Орта Азия мемлекеттік
университетінің, көрнекті ғалымдары профессор Д.Н. Кашкаров, М.Г. Попов,
Е.П. Коровин, М.В. Культиасов, II.А. Димо Ақсу мен Жабағылы өзендері
ағысының жоғарғы жағында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл өңір табиғатының
сұлу көріністеріне, өсімдіктері мен жануарлар дүниесіне таң қалған олар
Тянь-Шань тауының осы бөлігін қорыққа айналдыру керек деген қорытындыға
келеді. Жабағылы мен Ақсу өзендерінің жоғарғы жағында қорық боларлықтай
біраз артықшылықтар бар: тек осы өңірге тән, әлі ешқандай кәсіптік мақсатқа
пайдаланылмаған өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі тіршілік етеді.
Ландшафты сондай әсем, сәулетті және ғылыми тұрғыдан алғанда үлгі
боларлықтай..., — деп жазды. Март айында бұл өңірде ауа райы күрт
өзгереді. Қар еріп, күн жыли бастайды. Бәйшешектер гүлдеп, қара ала
торғайлар келіп, тау ішін әнге бөлеген кезде кенеттен қар жауып, суық
болып кететін жағдайлар көктемде байқалады. Кейде суық бір жетіге созылатын
кездері де болады. Бұл жағдай ерте ұшып келген құстардың тіршілік етуін
қиындатып жібереді.
Таудың альпі белдеуінде қыс 6—7 айға дейін созылады. Қар қалың түседі,
көбіне тау жоталарының теріскей беті қарлы келеді де, күнгей жағы қарсыз
болып, онда тіршілік ететін елік, арқар, таутеке сияқты хайуанаттардың
қыстап шығуына қолайлы жағдайлар тудырады.
Өсімдіктер дүниесі. Жер бедері мен ауа райының әр түрлі болуы
өсімдіктер дүниесінің алуан түрлі болуына жағдай жасайды. Тасты, құзды
келетін альпі белдеуінде (3000—4000 м) топырақ онша қалың емес. Субальпі
белдеуі (2000—3000 м) қоңыр топырақты келсе, орманды-дала белдеуі
(1200—2000 м) қызыл-қоңыр топырақты, ал тау етектері сұр топырақты болып
келеді.
Ақсу-Жабағылы қорығы өсімдіктер дүниесіне бай. Оның территориясында
мүктің 61, қынаның 58-ден астам, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1336 түрі
өседі. Бұл — бүкіл Қазақстанның өсімдік құрамының төрттен бірі.
Қорық территориясы түгелімен дерлік биіктігі 1200-дан 4200 метрге
дейін болатын таулы өңірде орналаскандықтан, жартылай шөлейтті, далалы,
орманды-далалы, субальпі мен альпі белдеулеріне тән өсімдіктерді
кездестіруге болады. Мәселен, жартылай шөлейтті белдеуге тән баданалы
қоңырбас, арпабас, қияқ, қозықұлақ, шоқайна сияқты шөптерді Ақсу,
Талдыбұлақ, Жабағылы өзендері бойынан 1100—1250 м биіктік аралығынан
ұшырастырамыз. Қорық орманында ағаштардан қара арша, балғын арша және сауыр
арша деп аталатын аршаның үш түрі өседі. Таудағы тоғайларда жапырақты
ағаштардан — талас терегі, тал мен қайыңның бірнеше түрлері кездеседі. Тау
беткейлерінде жабайы алма, түркістан доланасы, кавказ тауында өсетін
қарқас, мойыл бақтарын көрсек, ойда аздап шетеннің екі түрі, үйеңкі ағашы,
жоңғар доланасы кездеседі. Ал, алтай доланасы мен регель алмұрты тек 10—20
түптей ғана (Кармышева, 1973).
Бұталы ағаштың 60-тай түрі бар. Олардың ішінде ұшқаттың 8 түрі,
итмұрынның 10 түрі, қарақат бұталар көбірек таралған. Сондай-ақ, ақ
тікенектің 3 түрі, тобығының 2 түрі, шиенің 3 түрі, бадам осы арадан
табылады (Кармышева, 1973).
Ақсу-Жабағылы қорығында өсімдік түрлерінің көп екендігін төменде
келтірген мәліметтер айқын байқатады және бұл мәліметтерден өсімдік
тұқымдастарының арақатынасын да жақсы айыруға болады.
Өсімдіктер тұқымдастарының жалпы саны 438 түр саны 1306. Оның ішінде
күрделі гүлділер тұқымдастарының саны — 69 (түр саны—216), бұршақ
тұқымдастар — 14 (131), астық тұқымдастар —41 (122), ерінді гүлділер — 24
(70), шатырша гүлділер — 34 (69) болса, раушан гүлділер тұқымдастарының
саны — 24 (түр саны —68), қалампыр тұқымдастар—15 (60), лалагүл тұқымдастар
— 11 (56), сарғалдақ тұқымдастар —18 (49), сабынкөк тұқымдастар — 12 (48),
айлық тұқымдастар—21 (40), айқыш гүлділер—21 (39). Ал баска бірқатар
өсімдіктің тұқымдастар саны 1-ден 8-ге дейін ғана.
Жануарлар дүниесі. Қорық жерінің таулы және ауа райының құбылмалы
болып келуі жер шарының әр түрлі ендіктерінде мекендейтін сан алуан аңдар
мен құстардың осында шоғырлануына жағдай туғызған. Оның шағын
территориясында Европа, Солтүстік Африка, Англия және Орта Азияның әр түрлі
ландшафттарында мекендейтін хайуаиаттар ұшырасады. Міне осылай бір жерде
шығу тектері әр түрлі аңдар мен құстардың шоғырлануы — Батыс Тянь-Шань тауы
хайуанаттарының тарихы күрделі және өзінше ерекше екендігін көрсетеді.
Соңғы деректерге қарағанда, қорық территориясында және оған жақын тау
етектерінде құстың 238, сүт қоректілердің 42, бауырымен жорғалаушылардың 9,
қос мекенділердің 2 және балықтың 2 түрі мекендейді екен. Насекомдардың да
алуан түрлері осы төңіректе қоныстанған.
Қорықта қанаттылардан кекілік, ұлар, шіл, бөдене, кептер секілді
кәсіптік маңызы бар құстар тірілілік етеді. Қекілік көбіне орманды-дала,
субальпі белдеулерінде қоныстанған, қыс айларында таудың төменгі етегіне
қарай қоныс аударып отырады. Ұлар — альпі белдеуіне тән. Оны шабындық
арасынан, тас-құздар қуыстарынан көруге болады. Бір нәрседен үріккен кезде
бырылдаған үн шығарып, таудың етегіне немесе қарсы беткейге ұшып кетеді.
Көп құстың ішіндегі дауысы әдемісі осы ұлар болып саналады. Әсіресе, бұл
құс август-сентябрь айларында ән салуды үдетеді.
Көктем, күздегі құстардың келуі мен қайтуы кезіндегі қорық
территориясы еліміздің әр түкпірлерінен келген құстарға толы болады.
тундрадан дөңгелек тұмсықты балшықшы құстар мен мүйізді бозторғайлар,
далалы жерге тән қанаттылар, тіпті шөлді аймақта мекендейтін бұлдырықтар да
кездеседі. Әсіресе, мекендеуге қолайлы арша орманы ішінде құстар көп
болады. Бұл жерде шымшықтың біраз түрлері, кептер, тағанақ, шыбыншы
торғайлар ұя салады. Әсіресе, ағаштың басында сазбен сыланған тырқылдақ
шымшықтың ұясын жиі көруге болады.

Барсакелмес мемлекеттік қорығы

Барсакелмес мемлекеттік қорығы 1939 жылы ұйымдастырылған. Ол Арал
теңізінің солтүстік-батыс бөлігіндегі Барсакелмес аралында орналасқан.
Әкімшілік-территориялық бөлінісі жағынан қорық Қызылорда облысының Арал
ауданына қарайды. Арал станциясында қорықтың орталық базасы бар.
Барсакелмес аралынан Арал қаласына дейінгі қашықтық теңізбен жүзгенде 180
км. Ал ең жақын жаға Құланды түбегі. Ол аралдың солтүстік-батысында, су
жолына қарағанда неғұрлым жақын, яғни 22,5 км қашықтықта орналасқан.
Жылдың барлық маусымында қорық пен Арал қаласы арасында қатынас болып
тұрады. Май айынан ноябрьге дейін Арал портының жүк таситын кемесі қорыққа
қажетті жүктерді жеткізеді. Сондай-ақ, ай сайын алты рет екі араға самолет
қатынасады.
Барсакелмес — оңтүстік-батыстан солтүстік-шығыска қарай созылған арал,
оның жағасында шығанақ жоқ, кеме тоқтауға өте қолайсыз. Аралдың ұзындығы
28, батыс бөлігінің ені 11,5, ал шығыстағы ені 2,5 км, аралдың жалпы көлемі
шамамен 185 шаршы км.
Арал теңізі аралдың ауа райына айтарлықтай өзгеріс келтірмейді. Жазда
ауаның ылғалдылығы өте төмен ал жауын-шашынды күндер аз болады. Қыс айында
теңіз шала қатады, сондықтан да бұл мезгілде жүк таситын кемелер жүрмейді.
Қорыққа қажетті жүктерді көбіне жаз айларында тасып алады. Қыста самолет
апта сайын аралға газет-журналдар мен жолаушыларды жеткізіп тұрады. Әріне
осы маусымда дер кезінде белгілі кесте бойынша самолеттің қорық пен Арал
қаласы арасына қатынас жасауы ауа райына тығыз байланысты. Сөздің реті
келгенде айта кететін бір жағдай—тек кейбір қатты қыс болған жылдары ғана
теңіздің солтүстік жағы түгелдей қатады, осындай кезде мұз арқылы аралға
құрлықтан түлкі, қарсақ сияқты жыртқыш аңдар қоныс ауыстырады. Бірақ,
мұндай құбылыстар өте сирек байқалады.
Корыта айтқанда, Барсакелмес аралы — өзінің жер бедері, климаты,
топырағы жөнінен аймақтық ерекшелігі бар және бүтіндей, тұтас бағалы
объектілерді қорғауға және терең зерттеуге өте қолайлы орын.
Өсімдіктері. Аралдың өсімдіктері де көбіне шөл даланың өсімдіктері
типтес. Оларға негізінде көп жылдық бұталар мен раң тәрізді шөптер жатады.
Казіргі кезде бұл өңірдің флорасы толық анықталып отыр. Мұнда 256 түрлі
жоғары сатыдағы күрделі гүлді өсімдіктер өседі. Солардың ішінде алабота
тұқымдастар, күрделі гүлділер, дәнді шөптер, айқыш гүлділер тұқымдасы,
бұршақ тұқымдас өсімдіктер көбірек кездеседі. Аралдың сазды, тақырлы
аймақтарына көбіне жусан, бұйрығын, кейде сексеуіл мен итсигек өседі.
Сондай-ақ, тек аралдың шөлді өңірінде ғана өсетін күйреуік (бір түрі), қара
жусан, қара және ақ сексеуілдер сияқты өсімдіктер де кездеседі. Аралда
қылша, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ерекше қорғауға алынған территориялар
Қазақстан Республикасының қорықтары және олардың туризмдегі рөлі (Қорғалжын қорығы мысалында)
Қазақстан қорықтары
Ерекше қорғауға алынған территориялар жайында
Ерекеше қорғалатын табиғи обьектілердің құқықтыұ режимі туралы
Қазақстанның ерекше қорғалатын аймағының жалпы сипаттамасы
Биосфералық қорықтар
Ерекеше қорғалатын табиғи обьектілердің құқықтыұ режимі
Табиғатты қорғау мәселелері
Қазақстанда табиғатты қорғау ғылым аспектілерінің орнығуы туралы мәлімет
Пәндер