Қазақстан Республикасында шағын кәсіпорындардың орны мен маңызы



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 64 бет
Таңдаулыға:   
Ж О С П А Р

Кіріспе

1 Қазақстан Республикасында шағын кәсіпорындардың орны мен маңызы
1. Қазақстан Республикасының экономикасындағы шағын кәсіпкерлік
субъектілерінің мәні мен рөлі, артықшылықтары мен кемшіліктері
2. Шағын кәсіпкерлік субъектілері

1. Қазақстан Республикасында шағын кәсіпорындардың даму деңгейі мен
тиімділігін талдау
2.1 Шағын кәсіпорындардың қызметін талдау және тиімділігін бағалау
2.2 Кәсіпорын қызметіндегі бәсеке және бәсекеге қабілеттілік

2. Қазақстан Республикасында шағын кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау
3.1 Еліміздегі шағын кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау механизмі мен
инфрақұрылымы
3.2 Шағын кәсіпорындарды ұйымдастыру мен қолдаудың шетелдік тәжірибесі

Қорытынды

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

Кіріспе

Еліміздің экономикалық дамуының қай кезеңінде болмасын кәсіпорынды
ұйымдастыру мен дамыту маңыздылығын жоғалтқан емес. Қазақстанның дамуының
қазіргі сатысы экономика мен қоғамды басқаруда өте
күрделі мәселелердің пайда болуымен сипатталады. Ол әлемді қамтыған қаржы
дағдарысы, еліміздің әлемдік экономикаға кірігуі мен
жандану жағдайында, сондай-ақ дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге
дайындық тұсында бизнесті ұтымды ұйымдастыру, басқару және тиімділігін
арттыру сияқты мәселелерді де қамтиды. Шағын және орта бизнесті дамыту
мемлекеттік экономикалық саясаттың басымды бағыты болып саналады. Сондықтан
да оның дамуы бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелердің оң шешімін
табуына және экономиканың өсу қарқынына оң ықпал етеді. Экономиканың нақ
осы секторы мемлекеттің стратегиялық мақсаттары мен ағымдағы міндеттерін
шешуге мүмкіндік береді
Осы аталғандарды ескере отырып, шағын және орта бизнес субъектілерін
дамыту қазіргі кезде объективті қажеттілік екендігіне көзіміз жетеді.
Өйткені ол мемлекеттің экономикалық жаңаруы мен жетілуіне, өндіріске,
халықтың жұмыспен қамтылуына және өзге де мәселелерді шешуге оң әсерін
тигізумен бірге, белгіленген экономикалық саясатты жүзеге асыруды
қамтамасыз ете алады. Осыған байланысты мемлекеттің
кәсіпорындарды ұйымдастыру мен дамыту және оны жан-жақты қолдауға жағдай
жасауы бірінші кезекте шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына мол
мүмкіндіктер ашады. Бұл мәселе еліміздің экономикалық саясатының құрамдас
бөлігі ретінде барлық даму стратегияларында, мемлекеттік бағдарламаларда
және Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында да қарастырылып, мемлекет
тарапынан ерекше назар аударылып отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы Жаңа
онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері деп
аталатын Жолдауында 2010 жылдан бастап Үкімет өңірлерде кәсіпкерлікті
дамыту жөнінде біріңғай бюджеттік бағдарламаны енгізіп, оны Бизнестің жол
картасы - 2020 деп атауды ұсынды. Елбасы Кәсіпкерлік - жаңа экономиканың
қозғаушы күші. Бұл бағдарламаның мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен
бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс
орындарын ашу болады. Бұл бағдарлама қаражатын пайдалану мынадай бағыттар
бойынша жүзеге асырылуы тиіс:
1) несиелер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау;
2) шағын және орта бизнеске несиелерді ішінара кепілдендіру;
3) бизнес жүргізуге сервистік қолдау білдіру;
4) кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру, жастар
практикасы және әлеуметтік жұмыс орындары, - деген болатын. Бұл шағын және
орта бизнес субъектілерінің экономикадағы рөлінің жоғарылығын, оны
ұйымдастыру, дамыту мен қолдауға баса назар аудару қажеттігін көрсетеді.
Сондықтан елімізде осы қызметті ұйымдастыру мәселесін теориялық-
әдістемелік және ғылыми-
талдамалық негізде қарастырудың маңыздылығы жоғары.
Қазақстан Республикасының үдетілген индустриалдық бағдарламасында
анықталған Қазақстан экономикасын дамыту мақсаты салалық және аймақтық
аспектілердегі барлық құрылымдық бөлімдердің өзара қарама-қатынасы және
теңдестіре дамыту негізінде жүзеге аса алады. Осы бағдарламада көрестілген
басты мақсаттарға жетудің негізгі факторы - ұлттық экономиканың
бәсекелестігін анықтайтын Қазақстан Республикасының инновациялық дамуы
болып табылады. Осыған байланысты үдетілген индустриалдық бағдарлама
негізінде жалпы экономиканың және әлеуметтік бағдарланған бәсекеге
қабілетті экономиканың дамуының негізгі шарты болып табылатын шағын
кәсіпорындарды тарту дәрежесіне байланысты.
Дамыған елдерде шағын кәсіпорындар – техникалық жаңалықтар енгізудің
негізі болып табылады.
АҚШ-тың ғылыми қорының деректемелері бойынша бұл елдің
ірі өндірісінің, жаңа өнімдердің 98% шағын кәсіпкерлікте.
БҰҰ статистикалық деректемелеріне сүйенетін болсақ шағын кәсіпкерлік
елдің 50% жұмыспен қамтиды және де ішкі жалпы өнімнің 40-тан 60% жуығын
шығарады.
Нарықтық қатынастар жағдайында кәсіпорын экономикалық істің, қарым-
қатынастың негізгі, әрі орталық тізбегі болып табылады. (Г.И. Әбдікерімова
Кәсіпорын экономикасы. Оқу құралы. – Экономика баспасы. – Алматы. – 2008ж.
– 367 бет)

1 Қазақстан Республикасында шағын кәсіпорындардың орны мен маңызы

1. Қазақстан Республикасының экономикасындағы шағын кәсіпорындарың мәні
мен мазмұны

Нарықтық қатынастардың дамуының қазіргі жағдайында шағын
кәсіпорындарды дамыту ерекше мәнге ие. Өйткені шағын кәсіпорындардың
өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары экономиканы жаңарту жағдайында
әртараптандыру мәселесін шешуге, инновациялық мүмкіндіктерді пайдалану мен
іске асыруға, еліміздің экономикалық даму стратегиясын жүзеге асыруға
айтарлықтай ықпал етеді. Қазіргі кезде шағын кәсіпорындарды құру, дамыту
және қызмет тиімділігін арттыру маңызды орынға ие болады. Себебі шағын
кәсіпорын жалпы ұлттық өнімнің және жалпы ішкі өнімнің көлемін, халықты
жұмыспен қамту жағдайын, экономикаиың өсу қарқынын анықтауға белгілі бір
деңгейде әсер етіп қана қоймай, икемді аралас экономиканы қалыптастыруға,
түрлі меншік нысандарының ұтымды үйлесуі мен шаруашылық жүргізуші
субъектілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да мүмкіндік береді.
Экономиканың дамуының барлық даму сатыларындағы негізгі тізбек
кәсіпорын болып табылады. Өйткені кәсіпорында жұмыскердің өндіріс құралдары
мен тікелей байланысы анық көрінеді. Кәсіпорын деп, жеке кәсіпкер немесе
кәсіпкерлердің бірлестігі құрған, қоғамдық тұтынушылықты қанағаттандыру
және пайда табу мақсатымен өнім өндіретін, жұмыс атқаратын, қызмет
көрсететін жеке шаруашылық субъектісі [Г.И. Әбдікерімова. Оқу құралы. –
Экономика баспасы. – Алматы. – 2008ж. – 367 бет]
Кәсіпорын – белгілі бір өнім өндіретін немесе халыққа қызмет
көрсететін заңды тұлға. [А.Д. Үмбетәлиев Кәсіпорын экономикасы және
кәсіпкерлік.Оқулық. – Экономика баспасы. – Алматы. – 2009ж. - 461 бет]
Шағын кәсіпкерлік - бұл нарықтық экономика субъектілерінің белгілі бір
анықталған критерийлер, көрсеткіштер және заңдар негізінде жүзеге
асырылатын кәсіпкерлік қызметі. Әлемдік және отандық тәжірибе көрсетіп
отырғандай, әр түрлі ұйымдық-құқықтық нысандардағы кәсіпорындардың шағын
кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылуының негізгі критерийі жұмысшылардың
саны болып табылады. Бірқатар ғылыми жұмыстарда шағын кәсіпкерлік
субъектілеріне бір меншік иесі басқаратын кәсіпорын немесе шағын адамдар
тобынан құралған кәсіпорын жатқызылады делінген. Жалпы алғанда, әлемдік
тәжірибеде шаруашылық жүргізуші субъектілерді шағын және орта кәсіпкерлікке
жатқызудың жалпы критерийлері ретінде персоналдар саны, жарғылық
капиталының мөлшері, активтерінің шамасы, айналым көлемі және т.б. айтуға
болады. Алайда, айтарлықтай жиі қолданылатын критерийлерге кәсіпорындағы
жұмыскерлердің орташа жылдық саны, кәсіпорынның жылдық айналымы және
активтерінің мөлшерін жатқызуға болады. Ал дамыған елдердің барлығында
дерлік негізгі критерий жұмысшылар саны болып табылады. Мысалы, құрамыта
дамыған елдер кіретін экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының
анықтауы бойынша кәсіпорындағы персоналдар саны 19 адамға дейін өте
шағын, 100 адамға дейін шағын, 100-499 адамға дейін орта және
персоналдар саны 500-ден жоғары болса ірі кәсіпорындар ретінде
анықталған.
Біздің елімізде кәсіпорындағы жұмыскерлер саны мен активтерінің
мөлшері бойынша оны шағын, орта немесе ірі бизнеске жататындығын анықтай
аламыз. Яғни, басты критерий жұмыскерлер саны және активтердің мөлшері
болып табылады.
2006 жылға дейін ҚР Үкіметінің 1997 жылғы 8-сәуірдегі №499 қаулысына
сәйкес шағын кәсіпкерлікке жатқызу кезінде жұмыскерлер санына қатысты
критерий өзгеше болды:
- өнеркәсіпте, құрылыста және ауыл шаруашылығында - 50 адамға дейін;
- сауда және тұрмыстық қызмет көрсетуде - 30 адамға дейін;
- көлік және байланыста - 25 адамға дейін;
- ғылым және инноваңиялық қызметте - 20 адамға дейін.
Ал жұмыскерлер саны 200 адамнан аспайтын кәсіпорындар орта бизнеске
жатқызылды.
Ресей Федерациясында қазіргі кезде шағын кәсіпорындарды жұмыскерлер
санына қарай анықтайды. Атап айтқанда келесі шарттар сақталуы керек:
- өнеркәсіпте - 200 адамға дейін;
- құрылыста - 100 адамға дейін;
- көтерме саудада - 50 адамға дейін;
- ауыл шаруашылығында - 50 адамға дейін;
- ғылымда және өндірістік емес сферада - 25 адамға дейін;
- бөлшек саудада - 15 адамға дейін.
Қазақстан Республикасының Жеке кәсіпкерлік туралы Заңына сәйкес,
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерінің
орташа жылдық саны 50 адамнан аспайтын дара кәсіпкерлер, сондай-ақ
жұмыскерлерінің орташа жылдық саны 50 адамнан, активтерінің орташа жылдық
құны 60 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар жатқызылады.
Орта кәсіпкерлік субъектілері деп жұмыскерлерінің орташа жылдық саны
50 адамнан асатын дара кәсіпкерлер және кәсіпкерлік қызметті жүзеге
асыратын, жұмыскерлерінің орташа жылдық саны 50 адамнан астам, бірақ 250
адамнан, ал активтерінің орташа жылдық құны 325 000 айлық есептік
көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғаларды айтамыз.
Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын,
жұмыскерлерінің орташа жылдық саны 250 адамнан асатын және активтерінің
орташа жылдық құны 325 000 айлық есептік көрсеткіштен асатын заңды тұлғалар
жатады.
Есірткі заттарының, психотроптық заттардьқ айналымымен
байланысты, акцизделетін өнімді өндіру және көтерме сатуды, астық
қабылдау пункттерінде астық сақтау, лотереялар өткізу, ойын және шоу-
бизнес,
сертификаттау, метрология және сапаны басқару, мұнай, мұнай өнімдерін, газ,

электр және жылу энергиясын өндіру, қайта өңдеу және сату, радиоактивті
материалдардың айналымы, банк қызметін және сақтандыру нарығындағы
қызметті, аудиторлық қызметті, бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті
жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік
субъектілері бола алмайды.
Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлік субъектілерін жеке тұлға
нысанында да, заңды тұлға нысанында да ұйымдастыру үшін заңнамалық база
құрылған. Қазақстан заңдарымен рұқсат етілген ұйымдық-құқықтық нысандар
шеңберінде және экономикалық коньюнктура мен қолда бар материалдық,
қаржылық және еңбек ресурстарына байланысты кәсіпкерлік қызметті дара
кәсіпкерлік (өзіндік немесе бірлескен) және ұжымдық (шаруашылық
серіктестіктер мен өндірістік кооперативтер) кәсіпкерлік нысандарында
жүзеге асыруға болады. Ал, кәсіпкерлер шаруашылық қызметті жақсы басқару
мен айтарлықтай жоғары табыс әкелуді қамтамасыз ететін нысанды
артықшылықтары мен кемшіліктерін ескере отырып таңдау жасайды. Шағын
кәсіпкерлік субъектілері өзінің шаруашылық және экономикалық қызметін бір
немесе бірнеше қызмет түрлерін орындай отырып экономиканың барлық сфералары
мен салаларында жүзеге асыра алады.
Қазақстанның экономикалық дамуының қазіргі жағдайында шағын және орта
кәсіпкерлік субъектілерін дамыту, олардың қызмет тиімділігін арттыру
маңызды орынға ие болады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің
дамуы бәсекелік ортаның күшеюіне, тұтыну нарығын қажетті тауарлармен
(қызметтермен) толықтыруға, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыспен қамту
мәселесін шешуге, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына,
ҒТП-ны жеделдету, жаңашылдықты енгізу және басқа да көптеген маңызды
мәселелердің оң шешімін табуына септігін тигізеді.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ел экономикасында маңызды
орынға ие болуын және тиімді қызмет етуін оның келесі артықшылықтарымен
түсіндіруге болады:
1) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің икемділігі, өндірілетін өнімдердің
тұтынушылардың талғамына сай тез бейімделу мүмкіндігі;
2) жергілікті ресурстарды пайдалану мен жергілікті нарықта қызмет етуі;
3) кәсіпорынды басқарудың қарапайымдылығы, ірі бюрократиялық құрылымның
болмауы;
4) жұмыскерлердің және кәсіпорын басшысының жоғары нәтижеге жетуге деген
ортақ мүдденің болуы, мотивацияның жоғарылығы;
5) ірі өндіріспен тиімді өзара әрекетте болу мүмкіндігі, яғни ірі
кәсіпорындар арқылы қосалқы бұйымдар мен бөлшектерді өндірушілер және
жеткізушілер ретінде әріптестік қатынаста болу;
6) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін қажетті бастапқы капиталдың
және жұмсалатын шығындардың салыстырмалы түрде аз болуы;
7) өндірісті жаңарту, жаңашылдықты енгізу, жаңа идеяларды жүзеге асыруға
икемділігі.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тән кемшіліктерге
төмендегілерді жатқызуға болады:
1) тәуекел деңгейінің жоғары болуы;
2) ресурстық, қаржылық және материалдық-техникалық базаның
жеткіліксіздігі;
3) өткізу нарықтарының тарлығы және әлемдік стандарттарға сай өнім өндіру
мүмкіндігінің төмендігі;
4) қызметкерлер біліктілігінің айтарлықтай жоғары деңгейде болмауы және
бір адамның бірнеше қызметті қатар атқару мүмкіндігі;
5) қосымша қаражаттар тарту және несие алу мүмкіндігінің төмендігі.
Елімізде экономиканы жедел жаңарту мен дамытуда, жоғары экономикалық
өсімге қол жеткізуде кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру мен кәсіпкерлікті
қолдау экономиканы құрылымдық қайта құруды жандандыруға, таңдау еркіндігі
мен қосымша жұмыс орындарын ұсынуға, шығындардың тез қайтымдылығын
қамтамасыз етуге, тұтынушылық сұраныстың өзгерістеріне жедел бейімделуге
мүмкіндік беретін шағын кәсіпорындар торабын құруды тездетуді талап етеді.
Ел экономикасын дамытуда шағын кәсіпкерлік субъектілеріні маңыздылығы өте
жоғары. Ал, осы шағын кәсіпкерлік субъектісі қандай да бір іс бастау үшін
ірі көлемде инвестицияларды талап етпейді және ресурстар айналымының жоғары
жылдамдығына мүмкіндік береді. Осыған байланысты экономиканы қайта
құрылымдау проблемаларын ұтымды шешуді, нарықты тұтыну тауарларымен
толықтыруды қамтамасыз етіп қана қоймай, бәсекелік ортаны күшейту арқылы
өндірілетін өнімдер мен көрсетілетін қызметтер сапасын жақсартуға, жаңа
жұмыс орындарын құра отырып, жұмыссыздық мәселесін шешуге қол жеткізуге
болады.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің экономикадағы рөлі, өзіндік
ерекшеліктері, артықшылықтары мен кемшіліктері жөнінде көптеген ғалымдардың
еңбектерінде қарастырылған. А.А. Шулустың пікірінше, шағын кәсіпорынның
келесідей ерекшеліктерін бөліп көрсетуге болады:
- кәсіпорынды тікелей басқару және меншік құқығының бірлігі;
- кәсіпорынның ықшамды болуы: оның масштабының шектеулілігі кәсіпорын
иесі мен жұмыскердің арасындағы қарым-қатынастың ерекше, жеке сипатын
көрсетеді. Ол қызметкер жұмысын мотивациялау мен оның еңбекке
қанағаттануының жоғары дәрежесіне жетуге мүмкіндік береді.
- ресурстар мен өткізу нарықтарының салыстырмалы түрде үлкен еместігі;
- кәсіпорын қызметінің тиімділігі мен даму перспективасында кәсіпорын
басшысының рөлі. Яғни, ол шаруашылық қызмет нәтижелеріне толық
жауапкершілікте болады.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің тиімділігінің басты факторы -
олардың өнім өндіру облысында, сондай-ақ қолданылатын еңбек құралдары
бойынша бір жақты мамандануы. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің шектеулі
номенклатурасында (1-2-ден 5-7-ге дейін) өнімдер өндіреді және бір мезгілде
жоғары өнімділікпен ерекшеленетін бір жақты мамандандырылған құрал-
жабдықтарды қолданады. Ол қысқа мерзімде өндіріс технологиясын және
өндірістік үрдісті интенсификациялауға ғана емес, сондай-ақ негізгі
құралдардың ұдайы өндіріс үрдісін өзгеріуге мүмкіндік береді. Өндіріс
көлемінің шағын болуы материалдық-техникалық жабдықтауды, сондай-ақ өнімнің
дайындығына байланысты өткізуді жүзеге асыруды жылдамдатуға мүмкіндік
береді. Ол еңбек ресурстарын тиімді пайдалануда да ерекше мәнге ие болады.
Әсіресе, қосымша жұмыс орындарын құруға, адамдарға маман ретінде өздерінің
шығармашылық қабілеттіліктерін жүзеге асыруға жағдай туғызады.
Сонымен жалпы экономикалық көзқарас тұрғысынан шағын кәсіпкерлік
субъектілерінің дамуы өндірісті мамандандыру өсімін, ғылыми-техникалық
прогресті жеделдетуді, өнім өндіру мерзімін қысқартуды, шикізаттар мен
дайын өнімдерді жеткізудің көлік шығындарын, жоғалтуларды азайту, еңбек
және материал ресурстарын едәуір толық пайдалануды қамтамасыз етеді.
Нарықтық қатынастар жағдайында шағын кәсіпкерлік субъектілері
экономикадағы рөлін қарастырған кезде жаңашылдық немесе жаңашылдықты енгізу
мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Нарық өзіндік өзгешеліктері мен
ерекшеліктеріне байланысты тұтынушыларға бәсекеге қабілетті және жоғары
сапалы өнімдер жеткізу мақсатында өндірісті жаңартуды талап етеді.
Сондықтан кәсіпорын басшылары оларды шешу жолдарын іздеуі қажет. Оның
үстіне нарықтық экономикасы дамыған елдер тәжірибесі көрсеткендей шағын
кәсіпорын жаңашылдық облысында ірі кәсіпорынмен салыстырғанда бірқатар
артықшылықтарға ие болады. Ол шағын кәсіпорын нарыққа тез бейімделу,
басқару икемділігі және ішкі коммуникациялар тиімділігі және басқа да
осындай сапалы қасиеттерімен байланысты.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің тиімді қызмет ету мүмкіндігі ірі
өндіріспен салыстырғанда келесідей бірқатар артықшылықтарымен
түсіндіріледі.
1. Өнім өткізудің жергілікті нарықтарына жақындығы және тұтынушылар
сұраныстарына тез бейімделумен, ірі кәсіпорындар үшін тиімсіз болған
жағдайда аз партиямен өнімдер өндіру, кәсіпорынды басқарудың тиімділігі
мен қарапайымдылығы және басқалары.
2. Шағын кәсіпкерлік субъектісінің дамуы мен тиімді қызмет етуі
бүкіл экономиканы жақсарту үшін қолайлы жағдай туғызады. Демек, бәсекелік
орта күшейеді, көптеген қосымша жұмыс орындары құрылады, тұтынушылық сектор
кеңейеді, өндірістегі, саладағы және ел экономикасындағы құрылымдық қайта
құру белсенді және тиімді түрде жүргізіледі, жергілікті ресурстар жақсы
қолданылады, нарықты тауарлар мен қызмет көрсету арқылы толықтыру тезірек
болады, ел экономикасының
әкспорттық әлеуеті артады.
3. Шағын кәсіпорын құра отырып қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлер
немесе шағын кәсіпкерлікті ұйымдастырудың әдістері мен нысандарын,
білімдерін меңгерудің өзіндік мектебі болып табылады. Сонымен қатар,
шығармашылық қабілеттерін дамыту, еркін өндірістік қорларды пайдаланудың
тиімді тәсілі ретінде қарастырылады. Шағын кәсіпкерлік субъектілері тұтыну
сферасында ғана емес, сондай-ақ соңғы өнімді шығару үшін қажетті жекелеген
түйіндер, бөлшектер, жартылай фабрикаттар, шағын механизмдер мен басқа да
еңбек заттарын өндірушілер ретінде де тиімді. Ал, оларды ірі кәсіпкерлік
субъектілерінің өздері өндіруі тиімсіз болып табылады. Сондықтан оларды
өндіруді келісімшарт бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тапсырады.
4. Шағын кәсіпкерлік субъектілері қоғамдық өндіріс үрдісінде қосымша
еңбекті енгізеді, ал ол жаңа құндылықтар құрады, ұлттық байлық пен ұлттық
табысты көбейтеді.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің ел экономикасындағы рөлінің жоғары
болуы оның өзіндік ерекшеліктерімен де байланысты. Ең алдымен шағын және
ірі кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет сферасы әр түрлі болады. Ірі
кәсіпкерлік бұйымдардың тұрақты номенклатурасы және жаппай өндіріс
жағдайында қызмет ете отырып, көтерме сатып алушылармен жұмыс жасайды. Ал,
шағын кәсіпкерлік субъектілері аз партияда өнімдер шығаруға, нарықтың
белгілі бір сегментінде сатып алушылар қажеттіліктерін қанағат-тандыруға,
екінші ретті шикізаттарды, өндіріс қалдықтарын пайдалануға, жеке
клиенттермен жұмыс жасауға бағытталады. Өзіндік өзгеше функция-ларды
орындай отырып шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бір-бірін
толықтырып отырады. Сондықтан шағын және ірі кәсіпкерлік субъектіле-рінің
арасында тікелей бәсеке бар деп айту дұрыс емес. Шағын кәсіпкерлік
субъектілері ірі кәсіпкерлікке қарағанда нарықтың айтарлықтай тиімді қызмет
ететіндей сфераларында өз орнын табады. Мұндай сфераларға бірінші кезекте
сауда, сервистік қызмет көрсету, материалмен жабдықтау және тағы басқаларын
жатқызуға болады. Мәселен, машина (автомобиль) өндіру сөзсіз ірі
кәсіпкерлік сферасына жатқызылса, автомобильге техника-лық қызмет көрсету
және оны жөндеуді шағын кәсіпкерлік айтарлықтай тиімді орындайды. Жалпы
алғанда шағын және ірі кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі
айырмашылықтарын келесі кесте (2-кесте) түрінде көрсетуге болады. Кестеде
шағын және ірі кәсіпкерлікт субъектілерінің негізгі айырмашылық белгілері
және олардың әрқайсысы үшін өзгешеліктері қарастырылған. Осы мәліметтер
негізінде шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өзіндік өзгешеліктерін айқын
ажыратуға болады деп айта аламыз.

2 кесте - Шағын және ірі кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі айырмашылық
белгілері

Айырмашылық белгілеріІрі кәсіпкерлік Шағын кәсіпкерлік
субъектілері субъектілері
1 Өндіріс және қызмет Ірі өнеркәсіп салалары, Өндіріс, сауда және
көрсету саласы жылу-әнергетикалық және қызмет көрсету
мұнай-газ кешендері
2 Стратегияны өзгерту 3-5 жыл 6 айдан 1 жылға дейін
3 Қызмет сферасы Ірі қалалар мен Ірі және шағын қалалар
өнеркәсіптік кешендер
4 Бәсекелік ортаны құруНарықтың белгілі бір Шағын кәсіпорындар саны
бөлігін жаулап көп болғандықтан
алғандықтан бәсеке бәсекелік орта күшті
шектеулі болады болады
5 Кәсіпорынды құру жәнеЕдәуір қаржылық Бастапқы шығындардың аз
тіркеу шығындардың қажеттігі болуы және тіркеудің
және тіркеу тәртібінің оңайлығы
ұзақтығы
6 Жаңа жұмыс орындарын Жаңа жұмыс орнын құру Жаңа жұмыс орындары
құру қарқыны едәуір төмен едәуір жоғары қарқынмен
құрылады
7 Басқару құрылымы Күрделі Қарапайым
8 Шешім қабылдау Ұзақ уақытты қажет етедіАз уақытта және ұтымды
шешім қабылдау
мүмкіндігі
9 Басқару жүйесіндегі Құрылтайшылар мен Басқарушы және
мұдделердің ұйлесуі басқарушылар құрылтайшы бір адам
мүдделерінің арасында болуы мүмкін, басқару
қайшылықтың туындау жүйесіндегі мүдде
мүмкіндігі қайшылығының жоқтығы
Ескертпе – Елшібаев Р.Қ. Кәсіпкерлік қызметті ұмдастыру. Оқу құралы.
Экономика баспасы. – Алматы. – 2009. – 81 бет.

Екінші кестеден байқағанымыздай ірі кәсіпкерлікке қарағанда шағын
кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі айырмашылықтары барлық жағынан
басымдыққа ие болып отыр. Өйткені қазіргі қатаң бәсеке жағдайында
кәсіпорынды басқару, оның даму стратегияларын жақсарту, дұрыс шешім
қабылдау және басқару жүйесінде мүдделердің қайшылықсыз үйлесім
табуының маңыздылығы жоғары.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің экономикадағы рөлін қарастырғанда
біз олардың жоғарыда аталған артықшылықтары мен басымдылықтарын негізге ала
отырып анықтауымыз қажет, Шағын кәсіпкерлік субъектілері нарықтың өзгермелі
қажеттіліктеріне тез бейімделетіндіктен, құрылымдық өзгерістердің
салдарларын азайтатындықтан, саяси және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз
ететіндіктен, сондай-ақ техникалық және ұйымдастырушылық жаңашылдықтарды
пайдаланатындықтан, аймақтық дамуға елеулі үлес қосатындықтан маңызды
әлеуметтік-экономикалық мәнге ие болады.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің ел экономикасындағы рөлін келесі
факторлармен де анықтауға болады:
1) дара кәсіпкерлер мен шағын кәсіпорындардың нарықтық әкономика
субъектілерінің жалпы санындағы үлесімен;
2) өнім өндіруде (жұмыс орындау, қызмет көрсету), жалпы ішкі өнімді
құрудағы шағын кәсіпорындардың қосқан үлестерімен;
3) республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыруда шағын
бизнес субъектілерінің салған салымдарымен немесе үлестерімен;
4) еңбекке жарамды халықтың шағын кәсіпорындарда жұмыспен
қамтылғандарының санының өсуімен, жұмыссыздар санын қысқартуға қосқан
үлестерімен;
5) нарықтың тұтыну тауарларымен (жұмыстармен, қызмет көрсетулермен)
толығуымен, халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруды жақсартумен;
6) кәсіпорынды басқару тәжірибесін жинақтаумен, өзінің жеке ісін
бастауды
жүзеге асырумен және тағы басқаларымен.

1.2 Шағын кәсіпорындардың түрлері

Қазақстан Республикасының Жеке кәсіпкерлік туралы Заңының
қабылдануына (2006 жылы) байланысты осыған дейін қолданылып келген Шағын
кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы Заң (1997 жылы қабылданған) өз
күшін жойды. Мұны айтып отырған себебіміз, шағын кәсіпкерлік субъектілері
2006 жылға дейін Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы Заңында
көрсетілген критерийлерге сәйкес анықталса, 2006 жылдан бастап Жеке
кәсіпкерлік туралы заң бойынша анықталып келеді. Осы заңда анықталған
критерийлерге сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін анықтауға
қол жеткізіледі.
Еліміздің негізгі заңнамалары және нормативтік-құқықтық актілері
бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мынадай мәселелерді атап
өтуге болады:
1. Шағын кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының қолданылып
жүрген заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметтің кез келген түрін жүзеге
асырады;
2. Заңды тұлға құрмайтын дара кәсіпкерлер, сондай-ақ белгіленген
критерийлерге сәйкес келетін мынадай ұйымдық-құықтық нысандардағы заңды
тұлғалар, яғни өндірістік кооперативтер мен шаруашылық серіктестіктер шағын
кәсіпкерлік субъектісі болуы мүмкін. Ал, шаруашылық серіктестіктер толық
серіктестік, сенім серіктестігі немесе коммандитті серіктестік,
жауапкершілігі шектеулі серіктестік және қосымша жауапкершілігі бар
серіктестік нысанында құрылып, қызметін жүзеге асыра алады.
3. Шағын кәсіпкерлік субъектілері қызметкерлерінің орташа жылдық
саны барлық қызметкерлерді, оның ішінде келісімшарт және мердігерлік
шарттар бойынша, жұмысты қоса атқару бойынша жұмыс істейтіндерін, осы
субыект филиалдарының, өкілдіктерінің және басқа оқшауланған бөлімшелерінің
қызметкерлерін ескере отырып анықталады.
4. Шағын кәсіпкерлік субъектілері заңдарда белгіленген
ережелерден асып кеткен жағдайда бұл заңды тұлға Қазақстан Республикасының
қолданылып жүрген заңдарында көзделген жеңілдіктерден айырылады.
Сонымен анықталған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің (дара
кәсіпкерлік, шаруашылық серіктестіктер мен өндірістік кооператив)
әрқайсысына қысқаша тоқталайық.
Дара кәсіпкерлік дегеніміз азаматтардың немесе жеке тұлғалардың
өздерінің меншігіне негізделе отырып, тәуекелге бару және мүліктік
жауапкершілігі арқылы жүзеге асырылатын табыс табуға бағытталған
бастамашылық қызметі.
Дара кәсіпкерлік өзіндік немесе бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге
асырылады. Өзіндік кәсіпкерлікті бір жеке тұлға өзіне тиесілі мүлік
негізінде, сол мүлікті пайдалану және оған билік ету құқығымен дербес
жүзеге асырады. Бірлескен кәсіпкерлікті жеке тұлғалар немесе бірнеше дара
кәсіпкерлер өздеріне тиесілі ортақ мүлік негізінде, мүлікті бірлесіп
пайдалану және билік ету құқығымен жүзеге асырады.
Бірлескен кәсіпкерлік келесі нысандарда болуы мүмкін:
1) ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі негізінде жүзеге асырылатын
ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлігі;
2) шаруа (фермер) қожалығының ортақ бірлескен меншігі немесе
жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ бірлескен меншік негізінде жүзеге
асырылатын отбасылық кәсіпкерлік;
3) ортақ үлестік меншік негізінде жүзеге асырылатын жай серіктестік.
Дара кәсіпкерлікпен айналысқысы келген кез келген жеке тұлға ең
алдымен Қазақстан Республикасының салық төлеуші куәлігін алуы керек. Яғни,
оны салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылады және оған
салық төлеушіні тіркеу нөмірі (СТН) беріледі. Жеке тұлға салық төлеуші
куәлігін алу үшін тұрғылықты жері бойынша аумақтық салық органына
белгіленген нысанда тіркеу туралы өтініш береді. Бұл салықтық есептілік
нысаны болып табылады және өкілетті мемлекеттік органмен
бекітіледі.
Заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке
тұлғаларды мемлекеттік тіркеу 2 түрде жүзеге асырылады: келіп тіркелу
(явочный характер) және міндетті мемлекеттік тіркеу.
Келіп тіркелу кезінде өзінің тұрғылықты жері бойынша аумақтық салық
органында дара кәсіпкер ретінде есепке алынады. Ал, міндетті мемлекеттік
тіркеу келесі жағдайда орындалады:
1) егер дара кәсіпкер тұрақты негізде жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін
пайдаланса;
2) егер дара кәсіпкердің кәсіпкерлік қызметтен түскен жылдық жиынтық
табысы жеке тұлғалар үшін белгіленген салық салынбайтын жылдық жиынтық
табыстың мөлшерінен (12 ең төменгі жалақы) асқан жағдайда.
Дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу үшін:
1) тіркеу органы белгілеген нысан бойынша өтінішін;
2) дара кәсіпкерді тіркегені үшін алым сомасын (2 айлық есептік
көрсеткіш) бюджетке төлегенін растайтын құжатын, жеке куәлігінің
көшірмесін, жеке тұлғаның СТН тіркеу органына ұсынады. Ал тіркеу органы
құжаттарды ұсынған күннен кейінгі 2 жұмыс күнінен кешіктірмей дара
кәсіпкерді мемлекеттік тіркеуден өткізеді. Егер өтініште басқаша мерзім
көрсетілмесе дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік мерзімсіз
беріледі.
Осыдан кейін мөр дайындалады, банктен шот ашылады, қажет болған
жағдайда лицензия алынады. ҚР Жеке кәсіпкерлік туралы Заңының 7-6абындағы
10 тармаққа сәйкес дара кәсіпкерлер іскерлік құжаттама бланкілерін, мөр,
штамп пайдалануға құқылы. Сондықтан мөрдің болуы міндетті емес және барлық
құжаттарға жеке қол қою арқылы жүзеге асыра
алады.
Шаруа қожалықтары, І, II, III топтағы мүгедектер, сондай-ақ Қазақстан
Республикасының азаматтығын алғанға дейін кәсіпкерлік қызметпен айналысатын
репатрианттар (оралмандар) алым төлеуден босатылады.
Мемлекеттік тіркеуден және мемлекеттік тіркегені үшін алым төлеуден
заңды тұлға құрмастан кәсіпкерлік қызметпен айналысатын келесі тұлғалар
босатылады:
- шаруа (фермер) қожалығының құрамындағы азаматар немесе тұлғалар;
- мердігерлік келісімшарт және өзге де азаматтық-құқықтық келісімшарт
негізінде бір реттік (жолғы; разовые) жұмыстарды орындаушылар;
- өздеріне тиесілі мүліктерді, сондай-ақ импорттық өнеркәсіптік және
тұтыну тауарларын қоса алғанда өндірілген, өңделген, сатып алынған
өнімдерді осы мақсатта арнайы бөлінген орындарда немесе комиссиондық
дүкендерде сатумен айналысатындар.
Кәсіпкерлік қызметтен түсетін жылдық жиынтық табыстарының мөлшері жеке
тұлғалар үшін белгіленген салық салын-байтын жылдық жиынтық
табыстың мөлшерінен аспайтындар.
Егер кәсіпкерлік қызмет лицензиялауға жататын болса кәсіпкерді
мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің болуы оған лицензиясыз қызмет ету
құқығын бермейді және мұндай қызметті жүзеге асыру үшін лицензия алуға
міндетті. Қазақстан Республикасының Үкіметі дара кәсіпкерлерге
лицензиялар берудің оңайлатылған тәртібін белгілеуге құқылы.
Лицензиялар беру белгілі бір қызмет түрі үшін жүзеге асырылады (Қазақстан
Республикасының Лицензиялау туралы Заңының 3-тарауы). Ұлттық қауіпсіздік,
құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны, азаматтардың меншігін,
өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында қызметтің жекелеген түрлері бойынша
лиңензиялық тәртіп енгізіледі. Ал лицензия дегеніміз тиісті лицензиардың
(лицензиялауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның) жеке немесе заңды
тұлғаға қызметтің жекелеген түрімен айналысуға беретін рұқсаты. Лицензиялар
мынадай белгілері бойынша бөлінеді:
1. Субъектілері бойынша:
А. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына
берілетін лицензия.
Ә. Шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды
тұлғаларға және халықаралық ұйымдарға берілетін лицензиялар.
2. Қызмет көлемі бойынша:
А. Бас қызмет - қолданылу мерзіміне шек қойылмай қызметтің жекелеген
түрлерімен айналысуға берілетін лицензия.
Ә. Біржолғы - рұқсат етілген мерзім, көлем, салмақ немесе мөлшер шегінде
белгілі бір шаруашылық операңиясымен айналысуға, сондай-ақ ойын бизнесі
саласындағы қызмет түрлерімен айналысуға берілетін лицензия.
Б. Операциялық - банк қызметінде жекелеген операциялармен, сақтандыру
қызметінде сыныптарға жіктеумен (сақтандыру сыныптарымен) айналысуға
берілетін лицензиялар.
Қазақстан Республикасының Лицензиялау туралы Заңында
лицензиялаудың 27 саласы (өнеркәсіп, атом энергиясын пайдалану, улы заттар
айналымы, техникалық қауіпсіздік, көлік, білім беру, бұқаралық ақпарат
құралдары, денсаулық сақтау, ойын бизнесі, ветеринария, т.с.с.)
көрсетілген, ол өз ішінде бірнеше қызмет түрлеріне бөлінеді.
Мемлекеттік лицензиялау жүйесі Қазақстан Республикасының Үкіметінен,
уәкілетті органнан, лицензиарлардан тұрады.
Дара кәсіпкерлік тәртібімен жолаушылар мен жүктерді автомобиль немесе
өзге де көлікпен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде лицензия беру үшін
жүргізуші куәлігінің болуы жеткілікті негіз болып табылады. Лицензия
берілгені үшін дара кәсіпкерден лицензиялық алым алынады.
Медициналық, дәрігерлік, мал дәрігерлік қызметті жүзеге асыру құқығына
лицензия мерзімі шектелмей (тұрақты лицензия); көлік қызметін жүзеге асыру
құқығына лицензия - кемінде 5 жыл мерзімге; дара кәсіпкерлік қызметтің өзге
түрлерін жүзеге асыру құқығына лицензия - кемінде 1 жыл мерзімге,
тауарлардың экспорты мен импортына лицензия - лицензиялау туралы заңдарда
көзделген мерзімдерге беріледі.
Дара кәсіпкерлік шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ғана бола
алады, ол ірі кәсіпкерлік субъектісі бола алмайды.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылатын дара
кәсіпкерлер бухгалтерлік есептің оңайлатылған нысанын қолдануға құқылы.
Дара кәсіпкерлер бухгалтерлік есепті жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте не
болмаса оңайлатылған нысанда жүргізуі керек, ал кейбіреулері бухгалтерлік
есеп жүргізуден мүлдем босатылады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей шағын кәсіпкерлік субъектілеріне дара
кәсіпкерлікпен қатар мынадай ұйымдық-құқықтық нысандардағы заңды тұлғалар
да жатқызылады:
- толық серіктестік;
- сенім (коммандитті серіктестік) серіктестігі;
- жауапкершілігі шектеулі серіктестік;
- қосымша жауапкершілігі бар серіктестік;
- өндірістік кооператив.
Шаруашылық серіктестік деп жарғылық капиталы құрылтайшылардың
(қатысушылардың) үлесіне (салымдарына) бөлінген коммерциялық ұйымды
айтамыз. Шаруашылық серіктестіктер толық серіктестік, сенім (коммандитті)
серіктестігі, жауапкершілігі шектеулі серіктестік және қосымша
жауапкершілігі бар серіктестік нысандарында құрыла алады. Шаруашылық
серіктестікті жеке және заңды тұлғалар құра алады, ал бір адам құрған
жағдайда, ол оның бірден бір қатысушысы болып табылады. Құрылтайшылар
(қатысушылар) серіктестіктің жарғылық капиталына салым ретінде ақша, бағалы
қағаздар, заттар, мүліктік құқық және өзге де мүлікті енгізе алады.
Толық серіктестік шаруашылық серіктестіктердің негізгі нысандарының
бірі болып табылады. Толық серіктестік деп мүлкі жеткіліксіз болған
жағдайда қатысушылары серіктестіктің міндеттемелері бойынша өздеріне
тиесілі барлық мүлкімен ортақ жауапкершілікте болатын серіктестікті
айтамыз. Толық серіктестіктің қатысушысы - серіктестіктің борышы бойынша
оған өзі кіргеннен кейін немесе кіргенге дейін пайда болғанына қарамастан
жауап береді.Толық серіктестікке қатысушының өз үлесін (үлесінің бір
бөлігін) оның басқа қатысушыларына немесе үшінші жақтарға қалған барлық
қатысушылардың келісімімен ғана беруге болады. Толық серіктестік қаржы-
шаруашылық қызметінің нәтижесі туралы мәліметерді жариялауға міндетті емес.
Толық серіктестіктің қатысушысы оның өзге де қатысушыларына алты ай
бұрын ескерте отырып, кез келген уақытта шыға алады. Егер қатысушы ұжымнан
шығып кеткен уақытта толық серіктестік сақталып қалса, оның шығып кеткен
күніндегі балансқа сәйкес серіктестік мүлкіндегі үлесінің салған салымына
тең құны төленеді және серіктестіктің сол жылы алған таза табысының оған
тиесілі бір бөлігі де төленеді. Егер серіктестікте жалғыз қатысушы қалып ол
алты ай ішінде серіктестікті қайта құрмаса немесе жаңа қатысушылар
қабылдамаған жағдайда таратылуы немесе басқа нысанда қайта құрылуы тиіс.
Толық серіктестіктің жарғылық капиталының мөлшерін оның құрылтайшылары
белгілейді, бірақ ол заң құжаттарында белгіленген ең төменгі мөлшерден,
яғни салымдарды енгізу сәтінде 25 айлық есептік көрсеткіштен, бірақ бір
жылдан кейін 100 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауы керек.
Серіктестіктің тағы бір нысаны - сенім (коммандитті) серіктестігі.
Серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзінің бүкіл мүлкімен қосымша жауап
беретін бір немесе одан да көп қатысушыларымен қатар, серіктестіктің
мүлкіне өздері салған салымдардың жиынтығымен шектелетін және кәсіпкерлік
қызметті жүзеге асыруға қатыспайтын қатысушыларды да енгізетін серіктестік
сенім серіктестігі деп аталады. Сенім серіктестігінің ісін басқаруды толық
серіктестер жүзеге асырады. Ал салымшылардың басқаруға қатысуға, сондай-ақ
сенімхат болмаса оның атынан әрекет жасауға құқығы жоқ. Толық серіктестер
серіктестікке жеке еңбегімен қатысуға міндетті, сондықтан азамат тек бір
ғана сенім серіктестігінің толық серіктесі бола алады. Ол толық
серіктестіктің қатысушысы бола алмайды. Сенім серіктестігі оған қатысушы
барлық салымшылар шығып кеткен жағдайда тоқтатылады. Толық серіктестер
сенім серіктестігін таратудың орнына оны толық серіктестік етіп қайта
құруға құқылы. Егер оны тарату кезінде ең болмағанда бір толық серіктес
және бір қатысушы-салымшы қалса, онда сенім серіктестігі сақталып қалады.
Сенім серіктестігінің жарғылық капиталы оның қатысушылары - толық
серіктестер мен салымшылар салатын салымнан құралады және қатысушылардың
жарғылық капиталға салымдарын енгізу сәтінде 50 айлық есептік көрсеткіштен
кем болмауы керек. Сондықтан жарғылық капиталдағы салымшылар үлестерінің
жиынтық мөлшері 50%-дан аспайды. Ал, жарғылық капиталының ең төменгі
мөлшері 100 айлық есептік көрсеткіш болып белгіленген.
Серіктестіктердің ішінде кеңінен тараған және едәуір қолайлы нысаны
жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып табылады. Жауапкершілігі
шектеулі серіктестік деп бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық капиталы
құрылтай қркаттарымен белгіленген мөлшерде үлеске бөлінген серіктестікті
айтамыз. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның
міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне
байланысты залалдарға өздерінің қосқан салымдарының шегінде тәуекел етеді.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің салымдарды толық қоспаған
қатысушылары оның міндеттемелері бойынша әрбір қатысушының салым салмаған
бөлігінің құны шегінде ортақ жауапты болады. Жауапкершілігі шектеулі
серіктестіктің жалғыз қатысушысы ретінде бір адамнан тұратын басқа
шаруашылық серіктестігі бола алмайды. Жауапкершілігі шектеулі
серіктестіктің қатысушысы серіктестіктен басқа қатысушылардың келісімінсіз
өтініш негізінде шыға алады және оған оның жарғылық капиталдағы үлесіне
пропорңионалды мөлшерде мүлік құны төленеді.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушылардың қабылдаған шешімі
бойынша өз еркімен қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкін. Сондай-ақ,
жауапкершілігі шектеулі серіктестік өзге де шаруашылық серіктестік,
акционерлік қоғам немесе өндірістік кооператив болып қайта құрыла алады.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталы құрылтайшылардың
(қатысушылардың) салымдарын біріктіру жолымен құрылады және серіктестікті
мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар табыс етілген күнгі 100-айлық есептік
көрсеткіштің мөлшерінен кем болмауы керек.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар серіктестікті
тіркеген кезге дейін жарғылық каптиалдың жалпы сомасының кемінде ең төменгі
мөлшерін енгізуге міндетті. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің
қатысушысы серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлесін немесе оның бір
бөлігін өз қалауынша осы серіктестіктің бір немесе бірнеше қатысушысына
сатуға немесе басқа түрде беруге құқылы.
Қосымша жауапкершілігі бар серіктестік деп қатысушылары
серіктестік міндеттемелері бойынша жарғылық капиталға қосқан өздерінің
салымдарымен, ал бұл сомалар жеткіліксіз болған жағдайда енгізген
салымдарының еселенген мөлшерінде өздеріне тиесілі қосымша мұлікпен жауап
беретін серіктестікті айтамыз. Қатысушылар жауапкершілігінің шекті мөлшері
жарғыда көзделеді. Қатысушылардың бірі банкрот болған жағдайда оның
серіктестік міндеттемелері жөніндегі жауапкершілігі қалған қатысушылар
арасында олардың салымдарына қарай бөлінеді. Қосымша жауапкершілігі бар
серіктестікке де жауапкершілігі шектеулі серіктестік туралы ережелер
қолданылады. Яғни, қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктің жарғылық
капиталының ең төменгі мөлшері де салымдар енгізу кұніндегі 100 айлық
есептік көрсеткіштен кем болмауы керек.
Сонымен, біздің еліміздегі шаруашылық серіктестіктер заң бойынша толық
серіктестік, сенім (коммандитті) серіктестігі, жауапкершілігі шектеулі
серіктестік және қосымша жауапкершілігі бар серіктестік нысандарында
құрылып, қызмет ете алатындығы белгілі. Бірақ, қазір тек жауапкершілігі
шектеулі серіктестік қана кеңінен таралып отыр, ал қалған серіктестік
нысандары сирек кездеседі. Өйткені мұнда таңдау жасау кезінде міндеттемелер
бойынша жауапкершілік дәрежесіне ерекше мән беріледі. Егер толық
серіктестікте қатысушылар барлық мүлкімен ортақ жауапкершілікте болса,
сенім (коммандитті) серіктестігінде коммандиттер өздерінің салған
салымдарыньқ жиынтығымен шектелсе, толық серіктестер өздерінің бүкіл
мүлкімен қосымша жауап береді. Ал, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік
салған салымдары жеткіліксіз болған жағдайда салымдарының еселенген
мөлшерінде өздеріне тиесілі қосымша мүлікпен жауап берсе, жауапкершілігі
шектеулі серіктестікте қатысушылар өздерінің қосқан салымдары шегінде ғана
тәуекел етеді. Сондықтан да жауапкершілік дәрежесі мен тәуекелдік деңгейі
төменірек нысан ретінде көбінесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік
таңдалады.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің бірі - өндірістік кооператив.
Өндірістік кооператив дегеніміз азаматтардың бірлескен кәсіпкерлік қызметі
үшін мүшелік негізде олардың өз еңбегімен қатысуына және мүшелерінің
мүліктік жарналарын біріктіруіне негізделген ерікті бірлестігі.
Кооперативтің құрылтайшылары екеуден кем болмауы тиіс. Өндірістік
кооператив заңды тұлға статусын иеленеді және міндеттемелері
бойынша қосымша (жәрдем беру) жауапты болады. Өндірістік
кооперативтер мүшелікке кіру мен шығудың еркіндігі, мүліктік (пайлық) жарна
енгізу міндеттілігі, басқарудың демократиялылығы, өзара көмек және
оның мүшелері үшін экономикалық тиімділікті қамтамасыз ету,
өндірістік кооперативтің қызметі туралы ақпаратқа қол жетушілік сияқты
қағидалар негізінде жұмыс істейді. Өндірістік кооператив мүшелерінің
мүліктік жарналары бастапқы капиталды қалыптастырады және кооператив
қызметін құру мен ұйымдастыруға, сондай-ақ шығындарды жабуға арналады.
Өндірістік кооперативтердің жарғылық қоры мен резервтік қорының мөлшері
жарғыда белгіленеді. Егер өндірістік кооперативтің жарғылық қоры оның
мүліктік жарналары негізінде қалыптасса, резервтік қоры жыл сайынғы
табыстан аударымдар жасау арқылы құрылады. Сонымен бірге, өзінің өндірістік-
шаруашылық қызметі мен әлеуметтік дамуына өзге де ақшалай және материалдық
қорлар құра алады. Өндірістік кооперативтің ерекше қасиеттерінің бірі оның
мүшелерінің жеке еңбегімен қатысуы болғандықтан - таза табысы да кооператив
мүшелері арасында еңбекке қатысуына сәйкес бөлінеді. Өндірістік кооператив
таратылса немесе кооператив мүшесі одан шығатын болса өз пайын бөліп ала
алады. Өндірістік кооператив өз мүшелерінің шешімі бойынша шаруашылық
серіктестік болып қайта құрылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Жеке кәсіпкерлік туралы Заңында
көрсетілген критерийлерге сүйенсек орта кәсіпкерлік субъектілеріне
белгіленген талаптарға жауап беретін дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды
жатқызуға болады. Ол шаруашылық серіктестіктермен қатар акционерлік
қоғамдар да болуы мүмкін.
Акционерлік қоғам деп өз қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту
мақсатымен акциялар шығаратын заңды тұлғаны айтады. Ал акция үлесті немесе
меншікті куәландыратын бағалы қағаз. Яғни, акционерлік қоғам шығаратын және
акционерлік қоғамды басқаруға қатысу, дивидендтер алу және қоғам
таратылғаннан кейін оның қалған мүліктерінің бір бөлігіне құқықтарын
куәландырады.
Құрылтай шарты мен жарғы акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары болып
табылады. Акционерлік қоғамдар жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе
өндірістік кооператив болып қайта құрыла алады. Қоғам өз міндеттемелері
бойынша өз мүлкі шегінде жауап береді. Қоғамның акционері оның
міндеттемелері бойынша жауап бермейді және өзіне тиесілі акциялардың құны
шегінде қоғам қызметіне байланысты залалдарға тәуекел етеді. Акционерлік
қоғам жыл сайын қаржы-шаруашылық қызметінің сыртқы аудитін жүргізуге
міндетті. Сондай-ақ, қоғамның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды жүзеге
асыру үшін үш адамнан тұратын ішкі аудит қызметі құрылуы мүмкін.
Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында коммерциялық емес ұйымдар
құрылуы мүмкін және олардың артықшылықты акциялар шығаруға құқығы жоқ.
Акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі, ұлттық экономиканың
негізін құрайтын стратегиялық жағынан маңызды салаларда Қазақстан
Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған акционерлік қоғам ұлттық
компания болып табылады. Олардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі
бекітеді.
Азаматтық кодекске сәйкес, егер акционерлік қоғамның дауыс беруші
акцияларының жиырма пайыздан астамы басқа заңды тұлғаныкі болса, ол тәуелді
қоғам деп аталады.
Акционерлік қоғамдар кеңінен тараған және халық шаруашылық салаларында
тиімді қызмет етіп отырған ұйымдық-құқықтық нысандардың бірі больш
табылады. Бұл оның салымшыларының сан жағынан шектеусіз қатысу жолымен
капиталды жылдам тарту, өзінің салымының акция түріндегі бөлігін еркін сату
мүмкіншіліктері, басқарудағы демократиялылығы сияқты маңызды сапаларымен
байланысты болып келеді. Акционерлік нысанның артықшылығы болып оның жоғары
икемділігі табылады. Бұл нысан экономикалық қызметтің барлық сфераларына
және шаруашылық әрекеттің әр түрлі жағдайларына бейімделе алады.
Акционерлік нысанның өзіндік ерекшелігі, инвестициялық тартымдылығы,
акционерлердің дивиденд түрінде қосымша табыс алу мүмкіншілігі және басқа
да ұтымды тұстары оның басымдыққа ие болуына себеп болып отыр.
Акционерлік қоғамның мынадай ерекшеліктерін бөліп көрсетуге болады:
1) акционерлік қоғам бизнестің ең демократиялы нысаны;
2) акционерлік қоғам іс жүзінде салымшылардың шектеусіз санын біріктіруге
мүмкіндік береді;
3) акционерлер акционерлік қоғамның міндеттемелері бойынша жауап бермейді;
4) акционерлердің құқықтары жеке және мүліктік болып бөлінеді. Мүліктік
құқық - бұл дивиденд алу және қоғам таратылған жағдайда қалған мүліктің бір
бөлігіне ие болу құқығы; жеке құқық бұл акционерлік қоғамды басқаруға
қатысу құқығы.
Қазақстан Республикасының акңционерлік қоғамдар туралы заңына сәйкес,
акционерлік қоғамның органдары жоғары орган, басқару органы және атқарушы
орган болып бөлінеді. Жоғары органға - акционерлердің жалпы жиналысы,
басқару органына - директорлар кеңесі, атқарушы органға - алқалы орган
немесе атқарушы орган қызметін жеке-дара жүзеге асыратын тұлға жатқызылады.
Акңионерлік қоғамның аталған органдарының тиімді жұмыс жасауы оның қызмет
нәтижелеріне және даму болашағына айтарлықтай оң ықпал етеді.
Акционерлік қоғамды қайта ұйымдастыруға (біріктіру, қосу, бөлу,
бөлініп шығу, қайта құру) рұқсат етіледі. Акционерлік қоғам ерікті және
мәжбүрлі түрде таратылуы мүмкін.

1. Қазақстан Республикасында шағын кәсіпорындардың даму деңгейі мен
тиімділігін талдау

1. Шағын кәсіпорындардың қызметін талдау және
тиімділігін бағалау

Нарықтық экономика жағдайында кәсіпорын қызметінің негізгі мақсаты
табыс табу болып табылады. Әсіресе, қазіргі бәсекелік күрестің күшеюі мен
экономикалық дамудың жаңа жағдайында тек табыс тауып қана қоймай,
тиімділігін арттыру мәселесіне көңіл бөлуді қажет етеді. Кәсіпорын
қызметінің тиімділігін ғалым-зерттеушілер әр түрлі көзқарас тұрғысынан
қарастырады. Оны көбінесе өндіріс тиімділігімен байланыстырады. Яғни,
өндірістің нақты нәтижелері шығындармен немесе қолданылған ресурстармен
салыстырылады. Мұндай жағдайда тиімділіктің негізгі қағидасы ең аз шығын
жұмсай отырып ең көп табыс табу болып табылады.
Кәсіпорын қызметін талдау деп оны жүзеге асыру нәтижесінде орын алған
теріс (негативті) себептерді анықтай отырып, бағалау үшін жан-жақты
зерттеулер жүргізуді айтамыз. Ол оның даму болашағы мен тиімділігін арттыру
резервтерін анықтауға мүмкіндік береді. Кәсіпорын қызметінің тиімділігін
талдаудың негізгі мақсаты оның ұйымдастырушылық, басқарушылық, қаржы-
экономикалық, инвестициялық, технологиялық және өзге де аспектілерін
зерттеу арқылы даму болашағын қамтамасыз ету болып табылады. Талдаудың
негізгі міндеттеріне нақты нәтижелерге жетуді, кемшіліктері мен әлсіз
тұстарын анықтауды, оның тиімділігі мен табысын арттыру резервтерін
айқындауды жатқызуға болады.
Анықталған мақсатқа байланысты талдау әр түрлі дәрежеде жасалуы
мүмкін, бірақ ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан Республикасындағы кіші бизнестің даму тенденциясы және оны қаржылық - несиелік қолдау механизмін талдау
Қазақстан Республикасындағы шағын кәсіпкерліктің даму жағдайы
Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті дамыту
Шағын бизнестiң дамуындағы әлемдiк тәжiрибе
Шағын және орта бизнестің түсінігі
Кәсіпкерлік түсінігі және оның негізгі түрлері
ШАҒЫН БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУДЫҢ ЗАҢНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Шағын бизнесті қалыптастыру
Шағын кәсіпкерлікті дамыту жағдайында Қазақстан Республикасының экономикалық саясаты
Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың құқықтық аспектілері
Пәндер