ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ПАРТИЯЛАР МЕН ҰЙЫМДАР


ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ПАРТИЯЛАР МЕН ҰЙЫМДАР КУРСОВАЯ
ЖОСПАРЫ
КІРІСПЕ
- ҚАЗАҚСТАН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ЖАЛПЫ ИМПЕРИЯЛЫҚ ДАҒДАРЫСТАР ТҰСЫНДА
2. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ПАРТИЯЛАР
3. АЛАШОРДА ҮКІМЕТІ
ҚОРЫТЫНДЫ
ҚОЛДАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
КІРІСПЕ
1. ҚАЗАҚСТАН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ЖАЛПЫ ИМПЕРИЯЛЫҚ ДАҒДАРЫСТАР ТҰСЫНДА
Мәселенің зерттелу тарихынан. ХХ ғасыр басындағы бүкіл Ресей империясын қамтыған саяси оқиғалардың Қазақстанға да үлкен ықпалы болды. Осы тарихи оқиғаларға белсенді түрде араласқан Әлихан Бөкейханов, мәселен, 1905 жыл жөнінде “бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді”, - деп жазды.
Кеңестік тарих ғылымында 1905-1907 жылдардағы революциялық қозғалыстың Қазақстанға, қазақ қоғамына тигізген ықпалын талдауда тарихи фактілерді белгілі бір даяр схемаларға салып сұрыптау немесе метрополиядағы оқиғалар ықпалын асыра бағалау орын алды. Осы бағытта жазылған кеңестік тарихнаманың басты тұжырымы мынаған сайды: біріншіден, Қазақстандағы азаттық қозғалыс Ресейдегі большевиктер партиясы бастаған пролетарлық қозғалыстың табиғи одақтасы болса, ұлт-азаттық қозғалыстың өз мақсатына жетуі Ресейдегі пролетариат диктатурасының орнауына тікелей тәуелді еді. Зерттеу еңбектері көбінесе осы тұжырымға сай фактілерге негізделді, құжаттар жинағы осы талап тұрғысынан құрастырылды. Ал орыс мәдениетінің қоғамдық дамуда кенже қалған “түземдіктер” үшін прогресшіл рөлі болғандығын мойындау бұл тұжырымның шарықтау шегі, соңғы нүктесі болуға тиіс еді.
Басқаша айтсақ, кеңестік тарихи әдебиетте ХХ ғ. бас кезінде Қазақстандағы қоғамдық қозғалысқа атсалысқан әлеуметтік күштердің орнын ауыстыру, қазақ қоғамындағы таптық қайшылықты көпе-көрнеу асыра бағалау, осы негізде қисынсыз теориялық тұжырымдама жасау етек алды. Ал шын мәнінде сан жағынан тым аз әрі тап ретінде қалыптасып үлгермеген қазақ жұмысшыларының да, егіншілікке жарамды құнарлы жерінен айырылған қазақ бұқарасының да, қоғамның аз ғана бөлігін құраған ауқатты билеуші топтардың да қоғамдық санасын билеген ортақ ой - орыс әкімшілігінің құлдық тәртібінен құтылу еді. Басқаша айтқанда, отарлық езгідегі қазақ қоғамында таптық санадан гөрі ұлт-азаттық сананың тезірек пісіп-жетілуіне қолайлы алғышарттар басым түсіп жатты.
Әрине, метрополияда орын алған терең қоғамдық сілкіністердің Қазақстанға ықпалын жоққа шығару мүмкін емес. Сонымен бірге, империяның ішкі губернияларындағы азаттық қозғалыс пен отарлық жағдайынан бастау алатын мұндағы ұлт-азаттық қозғалыс арасындағы өзара айырмашылықтарға көз жұма қарау да дұрыс емес. Ол айырмашылық метрополия мен ұлттық аймақтағы азаттық қозғалыстар көздеген түпкі мақсаттардан туындайды. Орыс жұмысшы табы мен буржуазиясының, шаруалар бұқарасы және басқа да демократиялық күштер жүргізген орыс азаттық қозғалысының көздеген мақсаты - басыбайлылық жүйенің қалдықтарынан біржола арылып, еркін демократиялық және экономикалық даму жолына түсу болса, қазақ қозғалысының басты мақсаты - ұлттық мемлекеттік дербестікті қалпына келтіру арқылы саяси, экономикалық және мәдени еркін өркендеуге жол ашу болады. Басқаша айтқанда, орыс қоғамы үшін бірінші кезекте рыноктық және демократиялық кеңістікке шығу мүддесі тұрса, қазақ қоғамы үшін бірінші кезекте саяси мақсат - ұлттық еркіндік тұрды.
ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың басты ерекшеліктерінің бірі - оның жетекші күші ретінде алға жаңа саяси элитаның, яғни зиялыларының шығуы еді. “Колониальная революция (опыт Туркестана) ” атты еңбектің авторы, ғасыр басындағы оқиғалардың куәгері Г. Сафаров: “Қанаудағы ұлттар мен қоныс аударып келген орыс жұртының арасында ұлттық теңсіздіктен бастау алатын өзара түсініспеушіліктің қалың қабырғасы тұрды”, - деп жазды. Бұл империядағы ұлтаралық қатынас мазмұнын дәл ашып көрсеткен баға болатын.
Ұлттық саяси элитаның қызметін еркін зерттеу мүмкіндігіне тарихшы мамандар тек тәуелсіз мемлекеттік даму жағдайында ғана жетті.
Қазақстан халқы. ХХ ғ. басы Қазақстан халқы санының жедел өсуімен сипатталады. Ол жергілікті тұрғындардың табиғи өсуі, сондай-ақ, ішкі ресейлік губерниялардан келген миграциялық толқын арқылы жүрді. Тек 1877-1917 жылдар аралығында, яғни Ресей империясында жүргізілген алғашқы жалпы халық санағынан кейін жиырма жылдың ішінде Қазақстан тұрғындарының саны 25, 7%-ға өсті.
Мұндай өсу қарқыны жалпы өлке тұрғындарына тән болғанымен, оның негізгі жергілікті халқының жағдайы өзгеше-тін. Жиырма жыл аралығында қазақтардың Ресей империясы халықтары құрамындағы үлес салмағы 1897 ж. 3, 02%-дан 1917 ж. 2, 3%-ға төмендеп кетті. Ал Қазақстандағы қазақтар саны 1897 ж. 3384 мың адам болған болса, 1917 ж. 3615, 1 мың адамға, яғни жиырма жылда 231, 1 мың адамға ғана өсті.
Қазақ халқының демографиялық ахуалының нашарлауының бірнеше себептері байқалады. Біріншіден, көшпелі тұрмыс жағдайында түрлі жұқпалы аурулардың кең таралуы, ал дәрігерлік қызмет жүйесінің жоқтығы, соған сай өлім-жітімнің жоғары деңгейде болғандығы еді. Бұған 1916 ж. көтерілістен кейін патшалық жазалаушы күштері қолынан көтеріліске қатысушылармен қатар мыңдаған жазықсыз бейбіт тұрғындар (қарттар, әйелдер және балалар) қаза табуы өз әсерін тигізді. Орыс әскерінің қаһарынан ыққан мыңдаған қазақ отбасылары Қытай, Монғолия, Түркия және басқа елдерге көшіп кетті, тек Жетісу облысынан ғана 1916 ж. шет елдерге 150 мыңнан астам қазақ қоныс аударуға мәжбүр болды. Үріккен халықтың басқа елдерге көшуі Сырдария және Семей облыстарында байқалды.
ХІХ ғ. соңы - ХХ ғ. бас кезінде қазақ халқының басым бөлігі, яғни 70%-ы оңтүстік және батыс аймақтарында орналасты. Сырдария және Жетісу облыстарында 1897 ж. 1, 2 млн қазақ, яғни өлкедегі халықтың 36, 0%-ы тұрды. Бұл көрсеткіш 1917 ж. 34, 3% болды. Батыс аймақта (Торғай және Орал облыстары, Ішкі орда және Маңғыстау өңірі) 1917 ж. қазақтардың 35, 4%, Шығыс және Орталық Қазақстанда 17-18%-ы, ал Солтүстік Қазақстанда - 13%-ы өмір сүрді. ХХ ғ. бас кезінде Қазақстанның барлық аймағында қазақ халқының үлес салмағы кеми түсті.
Қазақ халқының өз еліндегі үлес салмағының кемуіне әсер еткен негізгі жағдай империяның ішкі аудандарынан орыс, украин және басқа ұлттар өкілдерінің Қазақстанға қоныс аударуы еді. Столыпиннің аграрлық реформасы нәтижесінде империяның шет аймақтарына қоныс аударғандардың 24, 9%, яғни төрттен бір бөлігі (1301, 4 мың адам) Қазақстанға келді. Соның нәтижесінде 1917 ж. Қазақстандағы орыс және украиндар 1745 мың адамға жетіп, өлке тұрғындарының 29, 4%-ын, яғни үштен бір бөлігін құрады. Олардың үлес салмағының бұл өсу қарқыны бұдан кейінгі жылдарда да сақталды. ХХ ғ. басында Қазақстанда аталған халықтардан басқа татар, ұйғыр, өзбек, дүнген, мордва және басқа халықтардың да өкілдері өмір сүрді.
Қазақстан тұрғындарының 90%-ы ауылдық жерде тұрып, мал және егін шаруашылығымен айналысты. 1917 жылға шейін Қазақстандағы қалалардың саны 28-ге жетті. Олардың бесеуі, яғни Шымкент, Әулиеата (Тараз), Түркістан, Перовск (Ақмешіт) және Жаркент көне қалалар санатына жатты, ал қалғандары Ресей құрамына енгеннен кейінгі уақытта қалыптаса бастады. Қала тұрғындарының басым бөлігі орыс, қазақ және татарлар болды.
Жер мәселесі. Жоғарыда баяндалғандай қазақ жерінде казак-орыс қоныстарын құру, әскери бекіністер салу патшалық биліктің қазақ жерін отарлауындағы бастапқы өтпелі кезең ғана еді. Ресейде 1861 жылғы 19 ақпанда жарияланған орыс шаруаларын кіріптарлықтан босату жөніндегі реформалық шаралардан соң патшалық билік Қазақстан сияқты империяның шет аймақтарына жерсіз орыс шаруаларын мейлінше көбірек қоныстандыру әрекетіне көшті. Мұндай шара арқылы үкімет өзара тығыз байланысты екі мақсатты көздеді. Біріншіден, реформалық шараларды іске асыру барысында ішкі губернияларда қалыптасқан әлеуметтік шиеленісті жерге мұқтаж орыс шаруаларын Қазақстан және басқа отарлық тәуелділіктегі аймақтарға қоныс аударту арқылы бәсеңдету болса, екіншіден, қоныс аударушы орыс және басқа еуропалық тұрғындарды жаңа қосып алған аумақта өзінің саяси-әлеуметтік тірегіне айналдырып, солардың көмегімен жергілікті отарлық билікке қарсы күштерді басып, болашақта отарланған жұртты орыстандыру арқылы оның этностық аумағын біржола империяның географиялық құрамдас бөлігіне айналдыру еді.
Мұндай аса маңызды мемлекеттік шараның заңды негізі де жасалды. 1868 ж. 21 қазанда патша бекіткен “Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару жөніндегі Уақытша ереженің” 210-бабы бойынша “қазақтар қоныстанған жер мемлекет жері есептеліп, қазақтарға қоғамдық пайдалануға беріледі” деп көрсетілді.
1886 ж. 12 маусымда бекітілген “Түркістан генерал-губернаторлығын басқару жөніндегі Ереже” Сырдария және Жетісу облыстарындағы қазақ жеріне байланысты 1868 жылғы Ереженің баптарын қайталады. Оның 270-бабында: “Көшпенділердің қоныстары орналасқан мемлекет жерлері, олардың дәстүрі мен осы Ереже баптары негізінде мерзімсіз уақытқа көшпенділердің қоғамдық пайдаланылуына беріледі” делінді. Бұл осы уақытқа шейін тек қазақ еліне ғана тиесілі, басқа көрші мемлекеттер соның ұлттық меншігі есебінде мойындап келген қазақтардың атамекенін Ресей үкіметінің зорлықпен тәркілеуі еді.
Ресми билік орындары қоныстанушыларға түрлі жеңілдіктер жасап, артықшылықтар белгіледі. Бұл істе бастама көтеру жергілікті патшалық билік орындарының қолына тиді. Мәселен, 1869 жылы Түркістан генерал-губернаторы К. Ф. фон Кафман бекіткен “Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша ережеде”: а) Әрбір қоныс аударушы ер адам басына егіншілікке жарамды 15 десятинадан жер бөлініп, оған қосымша 15 десятина қосылды. Ал пошта жолы бойындағы бекеттерге орналасқандарға 30 десятина бөлініп, оған 15 десятина қосымша жерлер берілді; ә) Қоныстанушылар 15 жыл салықтан, түрлі міндеткерліктерден (соның ішінде рекруттан) босатылды. Мұқтаж отбасыларға 100 сомға дейін қарыз беру белгіленді.
Жаңадан қалыптаса бастаған орыс қоныстарын өлкедегі ықпалды күшке айналдырып, қорғаныс қабілетін күшейту мақсатында оларды негізгі қатынас жолдары бойына орналастырып, аса құнарлы жерлерге тамыр жайған тұтас орыс қоныстары тізбегін жасап, сондай-ақ олардың орыс-казак қоныстары және қалаларымен жеңіл жалғасып жату мүмкіндігін қарастыру көзделді.
1874 ж. Ақмола облысына қоныс аударып келгендерді орналастыру тәртібі жасалынып, онда әрбір қоныстанушы ер адамға 18 десятинадан кем және 30 десятинадан артық емес үлес беру, ал оған қосымша ең аз дегенде 20 ер адам орналаса алатын учаскелер даярлау туралы айтылды. Бұл бөлінген учаскелерде қазақтарға егін егіп, қыстау салуға тыйым салынды. Егер көшіп келген орыс шаруалары бұл берілген жерлерді игеріп, түрлі шаруашылықтар құрса артықшылықтар алды, салықтан, түрлі қаржы және тікелей басқа міндеткерліктен (әскери емес) 10 жылға босатылды. Тура осындай жеңілдіктер Торғай, Орал және Сырдария облыстарына келген қоныстанушыларға да берілді. 1891 ж. 25 наурызда қабылданған “Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы Ереже” қазақ жерін отарлау ісіне жаңа қарқын берді. Ресей ішкі істер министрлігінің 1894 жылғы 29 маусымдағы өкімі бойынша Сібір мен Дала өлкесіне қоныс аударуға қойылған шектеу жойылып, губернаторларға қоныс аударушыларға ешқандай да кедергісіз құжаттар беру жөнінде нұсқау түсіріледі. ХІХ ғ. 90-жылдарының екінші жартысында және ХХ ғ. алғашқы он жылдығында қазақ жеріне арнайы шығарылған экспедицияларға қоныс аудару қорларын жасау үшін “артық жерлерді” анықтау ісі жүктелді.
Осымен бір мезгілде жаппай қоныс аудару үрдісіне мақсаттылық және ұйымдасқандық сипат бере алатын әкімшілік жүйесін құру ісі де қолға алынды. 1896 ж. Ресей ішкі істер министрлігі жанынан қоныс аударту басқармасы (Переселенческое управление) құрылды. 1905 ж. мамыр айында ол жаңа құрылған Егіншілік және мемлекеттік меншік министрлігі қарамағына өтті. Бұл мекемеге империя көлеміндегі қоныс аудару істері жүктелді. Осы мекеменің ұсынысы бойынша Қазақстан жері бес қоныс аударатын аудандарға (Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Сырдария және Жетісу) бөлініп, 1904-1906 жылдары бұл облыстарда аудандық қоныстандыру мекемелері ашылды. Өз ретінде облыс көлемін қамтыған қоныстандыру мекемелері уездік деңгейде кіші аудандық болып бөлінеді. Сөйтіп, Қазақстанда империялық орталықтан басқарылған қоныстандыру мекемелер жүйесі қалыптасты. Олардың жұмысын жүргізу ісіне империялық мүддені жақсы түсінген, тәжірибелі мамандар тартылды. Бұл мекемелерге негізінен екі міндет, яғни жергілікті қазақтар пайдалануындағы жердің “артығын” анықтап, қоныстандыру учаскелерін даярлау және қазақ бұқарасын “жерге орналастыру”, анығырақ айтқанда тездетіп отырықшы тұрмысқа көшіру жүктеледі.
Қоныстану мекемелері қоныс аударушыларға учаскелер даярлау барысында мыңдаған қазақ қожалықтарын соған дейін игерілген суармалы жерінен, жоңышқалықтарынан, бау-бақшаларынан, су жүйелерінен айырып, құнарлығы төмен басқа жерлерге көшірді. Мемлекеттік Дума депутаты Дзюбинский қоныстандыру мекемелерінің бұл әрекетін жеке отбасыларының меншігін зорлықпен экспроприациялау (яғни, тәркілеу) екендігін айтып, бұл істің тіпті себебін де ашып көрсетті, яғни суландыру жүйесін салу үшін мемлекеттен көп қаржы шығынын талап ететін жерлерден қашып, егіншілік құруға даяр жергілікті халықтың меншігіндегі жерлерді тартып алу сияқты жеңіл жолға түсу еді. Қоныс аударушыларға учаскелер даярлау қазақ қожалықтарын жерге орналастыру, яғни отырықшылық тұрмысқа көшіру ісімен қатар жүрді. Сондай-ақ, үкімет орындары бұл істі үлкен қарқынмен жүргізіп, тезірек аяқтау жолында тұрды.
Қорыта айтқанда, Ресей үкіметінің ХІХ ғасырдың соңы және ХХ ғасырдың бас кезіндегі (1917 ж. дейін) қазақ жерін отарлау шаралары мына көрсеткіштермен сипатталады. Осы мезгілде 45 млн гектар егіншілікке жарамды құнарлы жер казак әскерінің, орыс және басқа еуропалық қоныс аударушылардың, сондай-ақ мемлекеттің пайдалануына өтті. Бұл барлық қазақ жерінің 16 пайызға жуығы болатын. 1896-1916 жылдар ішінде Қазақстанға 1, 4 миллионнан астам келімсектер, яғни империяның азиялық бөлігіне қоныс аударған мигранттарының үштен бірі келіп орналасты. Өкінішке орай, ішкі Ресейден, Сібірден қазақ жеріне қоныс аударған орыс бұқарасы, белгілі дәрежеде, отарлау саясатының құрбанына айналды, “жайлы мекен, жұмақ жер” үшін өзі сияқты басқа жұрт бұқарасын құнарлы жерінен, ата қонысынан айыруға атсалысты.
Егіншілікке жарамды қазақ жерінің үлкен бөлігінің қоныс аударушыларға өтуі, табиғи жайылымдарында орыс қоныстарының пайда болуы дәстүрлі қазақ шаруашылығын күйзеліске ұшыратты. “Қазіргі уақытта, өкінішке орай, - деп жазды Жетісу қазақтары облыс губернаторы атына жолдаған хатында, - қазақтардың басым көпшілігінің кедейленгені сонша, олардың бір орыннан екінші орынға көшіп-қонуға қуаты жоқ, сондықтан да олар жерге біржола шөкті, ал мұндайларды қазақтар “жатақтар” деп атайды”. Мұндай құбылыс барлық қазақ облыстарына тән болатын.
Қазақстанда қалыптасқан жер мәселесі ұлттық зиялылар тобының қалыптасуына, оның тез жетіліп саяси күшке айналуына түрткі болды. “Жер дауы” ұлттық зиялылар қызметінің негізгі арқауына айналды.
2. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ПАРТИЯЛАР
Зиялылар қызметі. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары сан жағынан көп болған жоқ. 1917 жылғы Қазан революциясына дейінгі кезеңде қазақ қоғамында жоғары оқу орнын аяқтағандығы туралы дипломды иемденген мамандардың саны жүз отыздан, ал арнайы орта оқу орындарын бітіргендердің саны жеті жүзден асып жығылатын еді. Қазақстанда бірлі-жарым орта білімді мұғалімдер даярланатын курстар мен училищелерді есепке алмағанда, арнайы оқу орындары болған емес. Түрлі мекемелерде, әкімшілік орындарында қызмет жасаған қазақ мамандары негізінен ресейлік оқу орындарында білім алды.
Патша үкіметі қазақ халқының жалпы мәдени деңгейінің өсуіне мүдделі болған жоқ, керісінше, қараңғылықта ұстау оған пайдалырақ көрінді.
Ал ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде ашыла бастаған азын-аулақ мектептер мен гимназиялар жергілікті жұртты ислам дінінің “зиянды әсерінен” сақтау және далада орыс ықпалын өткізу үшін керек еді.
Сонымен бірге, отаршыл әкімшілік ресейлік оқу орындарынан бірлі-жарым орынды қазақ жастарына бөлуге мәжбүр болды. Мұндай қадамға бара отырып ол жыл сайын өсе түскен басқару жүйесінің жергілікті ұлттан шыққан мамандарға мұқтаждығын қанағаттандыруды көздеді. Осы мақсатта генерал-губернаторлық кеңселері жанынан қазақ студенттеріне жылына 3-4 стипендия белгіленіп отырды. Міне, осы белгіленген стипендияға және қазақ ауқатты топтарының өз еркімен жәрдемге жиған қаржысына сүйеніп қазақ жастары Мәскеу, Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы, Варшава сияқты қалалардағы оқу орындарында түрлі мамандықтар бойынша білім алды. Мәселен, тек Қазан университеті мен малдәрігерлік институтын 1917 жылға шейін 35 (20 және 15) қазақ жастары аяқтап шыққан.
ХІХ ғ. соңы - ХХ ғ. басында қазақ жастары үшін ірі білім орталығы міндетін Петербург қаласы атқарды. Империяның саяси өмірінің де астанасы болған бұл қалада осы мезгілде Ә. Бөкейханов (Орман шаруашылығы институты), М. Тынышбаев (Темір жол көлігі институты), Х. Досмұхамедов, С. Асфендияров (Дәрігерлік академиясы), Б. Қаратаев, Ж. Досмұхамедов, М. Шоқаев (Петербург университеті) сияқты қазақ азаттық қозғалысында терең із қалдырған қайраткерлер білім алды. Қазақ жастары сондай-ақ Стамбұл, Каир университеттерінде де оқыды.
Қазақ зиялыларының үлкен бөлігі гимназия, дәрігерлік училище, мұғалімдер даярлайтын семинария түлектерінен тұрады. Бұл топтың қатарында А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, С. Торайғыров, Ғ. Қарашев сияқты көптеген ірі тұлғалар болды.
Қазақ жастарының белгілі бір бөлігінің ірі орталықтарда оқып, саяси оқиғаларға тікелей араласуы, орыс демократиясының ықпалында болуы оның қоғамдық көзқарасының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына әсер етпей қоймады. Сол тарихи кезеңдегі Петербургтің саяси өміріне қатысты мәліметке жақсы таныс Х. Досмұхамедов: “Петерборға 1-ші революция қарсаңында бардым да, бірден студенттік өмір иіріміне сүңгіп, өзімнің саяси сауатымды ашуға кірістім, түрлі партиялардың бағдарламалық талаптарымен таныстым, түрлі студенттік үйірмелерде болдым, тек сонан соң ғана орыс мемлекеті өмірінің ішкі мазмұнын түсіне бастадым. Мені және басқа қазақ студенттерін бірде-бір саяси партияның немесе үйірмелердің бағдарламалары қанағаттандыра алған жоқ . . . Сол уақытта Петерборда жүрген 10 шақты қазақ студенттері өз үйірмемізді құрып, Қазан және Мәскеудегі отандастарымызбен хат алыстық. Осы үйірмеде алғаш рет біздің негізгі тілектеріміз бірқалыпқа түсті. Ол - қазақ еліне толық мәдени және саяси теңдік, автономия берілуге тиіс, мұсылмандық Шығыспен ғана емес, Батыс елдерімен де қатынасты нығайту, Түркиядан емес, Жапониядан үйрену, Бұхар және басқа Шығыс елдерінде емес, Ресей және басқа Батыс елдерінде білім алу, жаңа негіздегі білім мен мәдениет үшін күресу, қорыта айтқанда, осы үйірмелерде тұңғыш рет кейін алашордалық қозғалыста үстемдік алған пікірлер бір арнаға түсті” деп жазды.
Саяси қызметке араласу тек ірі қалаларда оқитын студенттерге ғана тиесілі құбылыс емес-тін. Өмірде болып жатқан саяси оқиғаларға ден қою, түрлі саяси үйірмелер ісіне араласу Омбы, Семей, Орал сияқты жергілікті орталықтарда оқып жүрген жастарға да тән әрекет еді. Халел Ғаббасов ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында Семей гимназиясында оқып жүргенде Бичевин деген кісі ұйымдастырған үйірмеге қатынасып, оның жұмысына Омбыдан саяси қызметі үшін қуылған Жақып Ақбаевтың да араласқаны, үйірме мүшелерінің халық арасында “саяси әдебиеттер мен қазақтарды отырған жерлерін өз еркімен бермеуге, халқының мүддесін кафтанға айырбастаған сатқын болыстармен күресуге” шақырған үндеу қағаздарын таратқандығын айтады.
Сонымен, ХХ ғ. басындағы қазақ зиялылары қоғамдық-саяси қызметке даярлықпен келді, ал оның дербес саяси күш ретінде белсенді әрекетке көшуі 1905 жылғы революциялық оқиғаларға тура келді. Оған қазақ халқының орыс отаршыл әкімшілігіне тәуелділігі және қоғамдық дамуда ортағасырлық дәрежеде қалуы түрткі болған еді. Саяси қызметі тура осы мезгілде басталған Міржақып Дулатұлы 1929 ж. кеңестік абақтыда тергеушілерге берген жауабында жалпы ұлт зиялыларына ортақ мынадай пікір білдірді:
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz