ДИАСПОРОЛОГИЯ ЖӘНЕ ДИАСПОРА ҰҒЫМЫ


ЖОСПАР
КІРІСПЕ2
1. ДИАСПОРОЛОГИЯ ЖӘНЕ ДИАСПОРА ҰҒЫМЫ3
2. ҚАЗАҚТАРДЫҢ ШЕТКЕ АУА КӨШУ КЕЗЕҢДЕРІ7
3. ТМД ЕЛДЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚТАР13
4. АЛЫС ШЕТ ЕЛДЕРДЕГІ ҚАЗАҚТАР17
5. ҚАЗАҚТАРДЫҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚҰРЫЛТАЙЫ20
ҚОСЫМША ДЕРЕКТЕР24
6. ШЕТ ЕЛДЕРДЕГІ ҚАЗАҚТАРДЫҢ АТАМЕКЕНІНЕ ОРАЛУ ПРОБЛЕМАЛАРЫ26
ҚОРЫТЫНДЫ31
ҚОЛДАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР32
КІРІСПЕ
Диаспорология ғылымы нені зерттейді. Қазақстанда диаспорология ғылымының дамуы көптеген себептерге байланысты тарихи Отаны шегінен асып кетуге мәжбүр болған халықтар тарихын тереңірек зерттеуге байланысты болды. Тәуелсіз даму жылдарында Қазақстанның көп ұлтты құрамының қалыптасу тарихын зерттеуге қадам жасалды. Еліміздің қазіргі тарих ғылымында қазақ диаспорасының пайда болуы және даму проблемаларын зерттеу жеке бағыт болып қалыптасты. Қазақ диаспорасы проблемаларын зерттеумен тарих ғылымы ғана емес, этнология, демография, ұлттық психология, жекелеген диаспоралар мәдениеті, т. б. ғылымдар айналысуда. Бұл ғылыми салалардың бәрі қазақ этносын өздеріне тән әдіс-тәсілдермен жан-жақты зерттеу үстінде.
1. ДИАСПОРОЛОГИЯ ЖӘНЕ ДИАСПОРА ҰҒЫМЫ
Диаспорология осы аталған ғылыми бағыттар жинаған деректерге талдау жасайды. Сөйтіп, белгілі бір бөлігі өзінің этностық отанынан тыс өмір сүріп жатқан этнос туралы тұтас білімдер жүйесін қалыптастырады. Басты мәліметтерге диаспораның қалыптасу себептері мен кезеңдері туралы тарихи фактілер мен оқиғалар, диаспораның мәдениеті, дәстүрі, тұрмысы, саны туралы цифрлық сипаттамасы, жас-жыныстық, кәсіби құрамы, т. б. деректер алынады.
Сөйтіп, Қазақстаннан тыс жерде өмір сүріп жатқан қазақтардың басым бөлігін қазақ ирреденталарына жатқызуға болады.
Қазақ диаспорасы қазақтардың Қытайға, Орта Азия мемлекеттеріне, Ауғанстан, Иранға, одан әрі Үндістан, Пәкстан, Түркияға қоныс аударуының нәтижесінде дүниеге келді.
Қазақ диаспорасы бір текті емес, әр типті, өйткені ол ұзақ уақыт бойына, әрқилы жағдайларда қалыптасты. Қазақ диаспорасы саяси күштеу шараларының салдарынан және соған мәжбүрліктен пайда болды. 1960 ж. дейін саяси қысым көрсетудің салдарынан болған мәжбүрлік миграциялары, 1960 жылдардан кейін экономикалық себептермен, неғұрлым жоғары өмір деңгейін іздеген еркін миграцияларға ауысты. Мәселен, қазақтар Батыс Еуропа, АҚШ сияқты елдерге белгілі бір мерзімге жұмыс істеуге кете бастады.
Сонымен қатар, 1960 жылдарға дейін дүние жүзі бойынша қазақтардың көшіп-қонуы жаппай сипат алса, одан кейінгі кезеңде жекелеген адамдардың орын ауыстыруына ұласты. Сондықтан Батыс Еуропа мен Араб, АҚШ елдеріндегі қазақтар шашырап орналасқан. Бірақ Түркия сияқты Азия елдерінде қазақ диаспорасының үлкен шоғырларын да кездестіруге болады.
Ал жалпы қазақ диаспорасын пайда болу мерзімі мен шығу тегіне байланыссыз біріктіретін нәрсе - бұл өзінің қазақ этносына жататынын мойындауы, рулық бөлінісі және этностық тілін сақтап қалуы. Қазақ диаспорасына тән сипат - өзі өмір сүріп жатқан елде, саны жағынан еш жерде артықшылық болмаса да, өзін сақтап қала алғандығы. Зерттеушілер қазақ халқының өзіне жат әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағдайларға тез бейімделіп кетуін көшпелі өмір салтына тән дүниетанымдық мұрасы деп есептейді. Көшпелі қоғам сыртқы және ішкі жағдайларға икемделуге бейім ашық жүйе болып табылады. Қазақтар өзінің тектік, рулық бөлінісін қатаң сақтай отырып, дүниені танудың әралуандық сипатындағы өзге діндер мен өзге мәдениетті кеңінен қабылдай алатын ділі бар халық.
Қазіргі диаспорология гуманитарлық ғылымның ең бір қызықты бағыты, өйткені қазақ диаспорасының қалыптасу және даму проблемасы әлі толық зерттелген жоқ. Бүгінгі қазақ диаспорасы - сыртқы әсерлерге байланысты өзгеріп отыратын тірі организм.
Диаспорология (грек тілінен аударғанда “диаспора” - шашырау, “логос” - білім) - қандай да бір халықтың тарихи отаны шегінен тыс жерде орналасу, қалыптасу себептері, кезеңдері мен бағыттары, тарихы, өзге мәдени этностық ортаға бейімделу және өмір сүруі әдістері туралы ғылым.
Диаспора халықтың тарихи жағдайларға байланысты көшіп-қонуынан пайда болады. Миграция (көші-қон) қандай да бір этнос өкілдерін мүлде жат өркениет кеңістігіне алып келеді. Миграцияны көшу себептеріне қарай үш топқа бөледі: 1) классикалық (неғұрлым жоғары өмір деңгейін іздеу) ; 2) жанжалдық (билік басындағылардың саяси және экономикалық қысым көрсетуі салдарынан) ; 3) жүйелік (көптеген себептер) . Миграция көшу себептеріне және саяси ортадағы өзгерістерге орай тұрақты немесе уақытша болуы мүмкін. Қайта оралусыз сипаттағы қоныс аударуды - эмиграция, ал кейін қайтып оралатындай белгілі бір мерзімге қоныс аударуды - иммиграция деп анықтайды. Әрқилы тарихи кезеңдердегі эмиграция және иммиграция себептеріне талдау жасау диаспораның пайда болу үрдісін сипаттауға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезеңде барлық саяси, экономикалық және мәдени үрдістер ғаламдық сипат алған жағдайда диаспора рөлі мен мәніне де көзқарас өзгерген. Диаспора қазіргі жағдайда тарихи отанымен және өзі өмір сүріп жатқан елдің өмірімен тығыз байланыста қарастырылады.
Орналасу ауданына, шоғырлана өмір сүруіне, саны мен даму деңгейі (білім, мәдени, экономикалық) жағдайына қарай диаспора мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас, ынтымақтастықты күшейтуге әсер етуі мүмкін. Ал этностық отанының билік басындағылары арандатқан жағдайда диаспора жанжал көзіне де айнала алады. Сондықтан диаспораның даму тарихын зерттеудің көптеген елдер үшін сыртқы саясатын жүзеге асыруда айтарлықтай маңызы бар.
Диаспорология жеке ғылыми бағыт ретінде жеке нәрсені - қандай да бір этностың тарихи отанынан тыс жерге орналасу тарихын зерттейді. Қазіргі жағдайда тарихи отан шекарасы мемлекеттің саяси картада көрсетілген шекарасымен әрқашан да сәйкес келе бермейді. Бұл мемлекеттер шекарасы белгіленген кездегі әрекет еткен халықаралық құқық нормаларына сәйкес тарихи үрдістерге байланысты.
Қазақ “ирредентасы” және “диаспорасы” ұғымы. Бүгінде әр түрлі мемлекеттер қарым-қатынасындағы тұрақтылық қазіргі халықаралық құқықтар нормасын сақтауға негізделеді. Халықаралық құқықтың негізгі қағидасы (постулаты) мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау болып табылады. Алайда бұл диаспорологиядағы ирреденталар қалыптасуы мен пайда болуы мәселесін ғылыми зерттеуге тыйым салмайды.
Ирредента дегеніміз - этностың өз тарихи отанында тұрып жатқан, алайда ол аумақ көптеген әр түрлі жағдайларға байланысты өзге ел құрамында қалған өкілдері немесе этностық азшылық.
Қазақтардың Қазақстаннан тыс жерлерге орналасуы қазақ халқының өміріндегі бірқатар ірі тарихи оқиғаларға байланысты. Бұл үрдіс айтарлықтай көп уақытты - ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардан ХХ ғ. ортасына дейінгі кезеңді қамтиды. Осы кезең оқиғалары қазақ диаспорасын қалыптастыруға негіз салды.
1997 ж. 11 шілдедегі “Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы” заңында мынандай анықтама берілген: . . . “диаспора - халықтың өзінің тарихи отанынан тыс жерде өмір сүретін бір бөлігі (этностық тобы) ”.
Қазақтардың қазіргі Қазақстаннан тыс жерлерге орналасу кезеңін зерттеу көрсеткеніндей, қазақ диаспорасы өкілдерінің белгілі бір өкілдері әр түрлі тарихи кезеңдерде Қазақстаннан бөлініп, көрші мемлекеттер құрамына енген аумақтарда өмір сүреді екен. Қазіргі тарих ғылымында мұндай тұрғындарға ирредента деген анықтама берілген. Ирредента дегеніміз - тарихи оқиғалар барысында өзге мемлекет құрамына ауысқан жерде тұратын этностық топ, яғни, басқа мемлекеттің құрамында болса да, өз атамекенінде тұрып жатқандар.
Қытайдағы қазақ ирредентасы ХVІІ ғасырда қазақ-жоңғар соғыстары кезінде басталып, ХІХ ғасырдың екінші жартысында - Ресей-Қытай шекарасын белгілеу кезеңінде жалғасқан. Ресейдегі қазақ ирредентасы ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Ресей империясының қазақ жерін отарлауы кезінде қалыптасты. Батыс, Солтүстік және Шығыс Қазақстан шекарасындағы жерлердің 1921 жылғы әкімшілік шекара белгілеу кезінде РСФСР пайдасына бекітілуі Ресейдегі қазақ ирредентасы қалыптасуына нүкте қойды. Орта Азиядағы қазақ ирредентасы 1918 ж. Түркістан АКСР-і және 1920 ж. Қазақ АКСР-і құрылуымен байланысты. Бұл бағыттағы келесі қадам 1924-1925 жж. Орта Азия мен Қазақстан аумақтарын ұлттық-мемлекеттік межелеу болды.
Қазақстан аумағынан тыс жерлерде шамамен 4, 5 млн қазақ тұрып жатыр. Олардың 1/5 бөлігі ғана диаспораға жатады, ал қалған бөлігі қазақ ирредентасы болып табылады. Демек, Қазақстандағы 8 миллиондай қазақтың тең жартысына дерлігін құрайды. Қазақ ирредентасының аса кең ауқымдылығы соншалық, басқа елге қарасты болғанымен, өз атамекенінде тұрып жатқандардың ішінде Ирандағы әзірбайжандардан кейін, Қытайдағы қазақтар екінші орынды алады.
Ал шет елдердегі ұлттық автономиялық құрылымдары жағынан тіптен алда тұр. Өйткені олардың көпшілігі өзінің ежелгі атамекенінің байырғы тұрғындары болғандықтан, мәселен Қытайда ұлттық үш облыс, екі округ, бір уезді иеленіп отыр. Ал Монғолияда бір Баян Өлгий аймағында орналасқан.
2. ҚАЗАҚТАРДЫҢ ШЕТКЕ АУА КӨШУ КЕЗЕҢДЕРІ
Шетелдердегі қазақ ирредентасы мен диаспорасының пайда болуы. ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ-жоңғар қақтығыстары кезеңіндегі Қазақ мемлекетінің шекарасын анықтау ең бірінші қажеттілікке айналып отыр. Көпжылдық соғыс кезінде жоңғар жеріне шектес жатқан Жетісу аймағындағы жайылымдар үшін күрес қызу жүрді. Әсіресе “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” деп аталған қайғылы жылдары қазақ халқы азып-тозып, бет-бетіне шашырап кетті. 1723-1725 жылдары, демограф М. Тәтімовтың есебінше, қазақ халқының шығыны 1 млн 100 мың адам болған. Қазақтар атамекенінен ауа көшіп, Ұлы және Орта жүздің бірсыпыра рулары Орта Азия мен Ресейге бағыт алды. Бұл кеткен қазақтардың көпшілігі отанына қайтып оралған жоқ, өйткені 1758 жылға дейін Жетісудың бір бөлігі, Орта Азияның солтүстік аудандары, Түркістан және Ташкент қалалары Жоңғарияның қол астында қала берді. Жоңғар хандығын Цинь империясы жойып жібергеннен кейін қазақ жерлері де Қытай қарамағына өтіп кетті. Қазақтар дипломатиялық жолмен Тарбағатай төңірегіндегі жайылымдық жерді қайтарып алуға тырысты. 1763 ж. 5 қыркүйекте Қытай императоры Цяньлун Шыңжаң билеушілеріне арнаған арнаулы жарлығында қазақтар мен қырғыздардың Шу, Талас өзендері аймағында және Іле өзенінен батысқа қарайғы, Аягөздің оңтүстік жағындағы жерлерде көшіп-қонуына тыйым салады. Тыйымға қарамастан, қазақтар Тарбағатай мен Жетісуға көшуін тоқтатпайды. Сөйтіп, бұл аумақтар екі жақтың арасында дау туғызады. Бұл кезеңде Ресейдің Орталық Азияға ықпалы артып, Цинь империясының беделі бәсеңдей түседі. 1864 ж. 25 қыркүйекте орыс-қытай шекарасын межелеу туралы Шәуешек хаттамасына қол қойылады. Бұл келісім бойынша Қытайдың Ресеймен батыс өлкесі шекарасы анықталды. Шекара сызығын жүргізу кезінде Тарбағатайдағы қазақтардың жайылымы Цинь империясына ауысып, жергілікті қазақ рулары Қытайдың бодандарына айналады. Ливади (1879 ж. 20 қыркүйек) және Петербург (1881 ж. ақпан) келісім-шарттары бойынша Іле өлкесі Қытайдың заңды жері болып бекітілді. Орта жүз бен Ұлы жүздің көп бөлігі, көбінесе найман, албан және керей рулары Батыс Қытайдың қол астында қалып қойды. Сөйтіп, халықтың негізгі бөлігінен бөлініп қалған қазақ шоғырлары алғаш рет қазақ-қытай шекара сызығын белгілегенде пайда болды.
Қазақтардың шетелге кетуін бірнеше кезеңге бөліп көрсетуге болады.
Бірінші кезең - ХІХ ғасырда Қазақстан аумағын Ресей империясы мен циндік Қытай мемлекеттерінің бөліске салуы нәтижесінде Алтай өңірі мен Жетісу қазақтары Монғолия мен Шығыс Түркістанда қалып қойды. 1883 жылы Шығыс Түркістан қазақтарына бір жылдың ішінде екі мемлекеттің біреуін таңдау міндеті қойылды. 1884 ж. Маньчжур-Цин империясы Жоңғария жерлеріне Шыңжаң (Жаңа өлке) деген атау беріп, өзінің қол астына ресми түрде қосып алды. Алайда шекаралық аудандағы қазақтар шекараны ары-бері кесіп өтіп көшуді көпке дейін жалғастыра берді. Осылайша Қазақстанмен шектесетін шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде ирридент қазақтар алғаш рет пайда болды. Бұл қазақтардың әр түрлі мемлекеттердің құрамына бөлшектенуі ұлттың біртұтастығына зиянын тигізіп, ұлттың бір-бірінен ажырап, бір бөлігінің оқшаулануына әкелді. Дегенмен, Қытайдың қол астындағы қазақтардың Ресейдің құрамындағы қалың қазақ еліне қосылуға деген табиғи ұмтылыстары сақталып қалды. Кейін оларға Ресейдің отаршылдық езгісінен қашқан қазақтар қосылды.
Ал қазақтардың бір тобы жаңа жер іздеп Ертіс бойымен ХІХ ғ. басында Алтай аймағына көшіп барады. Алтай тауының Өр және Теріскей бөлігі Шыңжаң әкімшілігіне қарады. 1912 ж. құрылған Монғолия мемлекетінің құрамына Қобда қазақтары да енді.
Екінші кезең - 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басып-жанышталғаннан кейінгі қазақтардың жаппай ауа көшуі.
Ресей әскері Шыңжаңға өтпекші болған қазақтарды зеңбірекпен атқылайды. Қазақтардың біразы қырылып, қалғаны Қытай шекарасына қарай қашады. 1916 ж. Қазақстаннан Қытайдағы Шығыс Түркістанның Іле, Шәуешек, Алтай аймақтарына кеткен босқын қазақтар мәселесін Шыңжаң үкіметі бейбіт түрде шешуге тырысып бақты. Шекараны бұзып барған қазақтарды бейбіт, мәмілегерлік тәсілдермен кейін қайтарып жіберуге бар күшін салды. Себебі, Тарбағатайдағы шағын қытай әскерінің саны көп босқындарды тоқтатуға әлі келмеді. Сонымен бірге, босқындармен немесе орыс әскерлерімен қақтығыс Шыңжаң өлкесінде де дүрбелең туғызуы мүмкін еді. Қытайға қарай толассыз ағылған босқындар легін тоқтатуды талап етіп Іле өлкесінің бас бақылаушысы Ресей елшісіне наразылық нотасын да тапсырады. Қытай үкіметі босқын халықты өз еліне қайтару мақсатында әскер шығарады. Қытайдағы “босқын қазақтар” мәселесі Қытай үкіметін де біраз әуре-сарсаңға салды. Шыңжаңда оған дейін де 500 мыңдай тұрғылықты қазақтар болды. 1916 ж. Орта Азия мен Қазақстаннан барған қазақтар Іле, Тарбағатай, Алтай, Ақсу, Қашқар аймақтарына қоныстанды. Әсіресе ауа көшу Жетісуды көбірек қамтыды. Ашыққан, күйзелген адамдар тобы Қытаймен шекараға жақын өңірлерге ығысты. Үрімжі, Құлжа, Ақсудағы босқындар лажсыздықтан өз балаларын сатып, тиын-тебен үшін бай қытайларға жалданды. 1917 жылы Іле бойына келгендердің көп бөлігі - 200 мыңдай адам Қазақстанға қайтарылды. Алайда алғашқы қайтқан қазақтарды Қаракөл деген жерде орыс әскерлері оқтың астына алып, 700 адам қаза табады. Бұл қырғынды естіген қалған бөлігі Қытайдан кетуден бас тартады. Олар осындағы байырғы қазақтармен араласып кетті.
Қазақ ирредентасының одан әрі кең етек алуына Ресей отаршылдығы да тікелей ықпал етті.
Өзбекстандағы қазақтар патшалық Ресейдің Орта Азия мен Қазақстан жерін саяси-әкімшілік жағынан бөлуі барысында пайда болды. Бұл әкімшілік бөлініс халықтардың ұлттық мүддесі және этностық орналасу тәртібімен санаспай жүргізілді. 1867 жылы бұрынғы Қоқан хандығы иеліктері жерлерінде Түркістан генерал-губернаторлығына енген Сырдария облысы Ташкент уезінің 28 болысының 17 болысында қазақтар тұрған. Ташкент уезінің Шыршық, Қарасу (Тайтөбе) аудандарында қазақтар басым болды. Мәселен Қарасу, Келес өңірінде халықтар түгелдей қазақтардан тұрды. Ал Ангрен тобының Осман болыстығында қазақтар жергілікті халықтың көпшілігін құрады. Жалпы, Ангрен өңірінде көбінесе құрама халықтар мекендеген. Олар әр түрлі ұлттардың қосындысынан туған халықтың бір тобы. Олардың ішінде өзбектеніп кеткен тәжіктер, қалмақтармен бірге қазақтар да болды. Шындығында олардың тұрмыс-салты, тілі, түр-тұлғасы қазақтарға ұқсас. Құрамалардың ішінде Алшыннан тарайтын Тама, Кердері, Жағалбайлы, Керейт, Төлеу, Арғынның Қанжығалы, Үйсін, Жалайыр рулары кездеседі. Сонымен, ХХ ғасырдың басында Ташкент уезінің 64, 1% халқын қазақтар мен құрамалар құрады.
Ташкент уезінде Ресей мемлекеті жаулап алғанға дейін 145 мың қазақтар, 77301 құрамалар, 34, 6 мың өзбектер болса, 1897 ж. санақ бойынша қазақтар - 163 мың, өзбектер саны уезде 11 мыңға жуық болды.
Алайда, Ресей өкіметінің қазақтардың жерін тартып алып, орыс шаруаларын қоныстандыруынан Сырдария облысы Ташкент уезінің қазақтарының көші-қон аумағы қысқарады. Олар көбінесе отырықшы елді мекендерге баруына тура келді. Өзбекстанның қазіргі Ташкент облысы аумағындағы қазақтар саны кеми бастады. Олардың бір бөлігі Орта Азияға ішкерілеп еніп, Бұхарға, Әндіжанға, Ферғанаға, Тәжікстанға, Түрікменстанға қоныс аударды. Мысалы, Ташкент уезіндегі қазақтар саны 1897 ж. - 163 мың болса, 1917 ж. - 157 мыңға жуық, 1920 ж. - 147 мыңға азайып отырған.
Сөйтіп, мұнда ежелден тұрып келе жатқан қазақтардың орнын қоныс аударған орыс шаруалары басты.
1915 жылға дейін жалпы саны 200 мың қазақтар сыртқа кетуге мәжбүр болды.
Сонымен, Орта Азия мен Ресей Федерациясына іргелес жерлерде қазақтар ежелден-ақ қоныстанып келді. Оларға 1916-1921, 1931-1933 жылдардағы аштық пен голощекиндік геноцидтен қашқандар қосылды.
Жалпы, Қарақалпақстандағы, Түрікменстандағы, Өзбекстандағы қазақ диаспорасы да осылай қалыптасты. Ал ат-көлігі барлар одан әрі Ауғанстан, Иран елдеріне асып кетті. Сондықтан Ауғанстан қазақтары негізінен Кеңес өкіметінің қысым көрсетуінен Сырдария бойынан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстаннан ауып барғандардан тұрды. 1978 ж. Ауғанстандағы төңкерістен кейін қазақтар Иранға өтіп кеткен.
Маңғыстау өлкесін мекен еткен Адай тайпаларының бір бөлігі көшпенділік салтымен қазіргі Түрікменстан аумағындағы Жаңғақ, Балқантауға дейін мекен етіп келген. Кеңестер Одағы құрылғанға дейін қазақтар Жаңғақ, Бесқала маңын атамекені деп санаған. 1897 жылғы халық санағы бойынша Закаспий облысына енген Красноводск, Ашхабад, Мерв, Тәжен уездеріндегі бүкіл халықтың бестен бір бөлігін (72589 адам) қазақтар құраған. Демек, аталмыш өңірлердегілерді қазақтар ирредентасы деп толығымен айтуға болады.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі кеңестік таптық реформаларға жұт пен аштық сияқты табиғи апаттар қосылып, халық күйзелген жылдары Маңғыстау түбегінен Түрікменстанға, одан әрі Ауғанстан, Иран елдеріне кетуге мәжбүр болды. Түрікменстанның Шағадам, Байрамалы, Бесқалада қоныстанған қазақтар тұрмыс-салттары, діні мен тілі туыстас түрікмен, өзбек халқымен тез тіл табысып кетеді.
Туған жерінен қол үзіп келгендерге түрікмен халқы қонақжайлық көрсеткенін қазіргі оралмандар ерекше ризашылық сезіммен атап өтеді.
Иран еліндегі қазақ диаспорасы негізінен Бендер-Түрікмен, Гүрген, Күмістөбе кенттерінің төңірегінде орналасқан. Ирандағы қазақтар көбінесе Маңғыстау өңірінен кеткендерден тұрады.
Иран еліндегі қазақтарды екі топқа жіктеуге болады. Олардың біріншісі Иранға 1930 жылдардың бас кезіндегі аштық жылдарында Маңғыстау өңірінен қоныс аударғандар, екінші тобы - Ауғанстаннан - Иранға қоныс аударып келгендер.
Үшінші кезең - Азамат соғысы мен 1920-1930 жылдардағы қазақтарды күштеп отырықшыландыру және ұжымдастыру жылдарында қазақтардың шетел асуы. Халықтың босқыншылыққа ұшырауының басты себебі - күштеп ұжымдастырудағы асыра сілтеулер, бұрмалаулар мен аштық еді. 1932-1933 жылдары жабық шекарадан өту көп шығынға түсті. Шекара бойындағы ОГПУ қызметкерлері ауа көшкен әлсіз де аш қазақтарды шеп құрып, пулеметпен қарсы алды. Ауа көшу негізінен шекаралық аудандарды қамтыды.
1928 ж. Қытайға барлығы 416 отбасы кетсе, 1930 ж. 3478, 1931 ж. тек қаңтар мен мамыр айлары аралығында 2009 отбасы көшіп кетті. Қытайға шекаралас шығыстағы Мақаншы, Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл аудандарындағы қожалықтардан 1928-1930 жылдары байларды тәркілеуге байланысты ауқаттылар, кейіннен орташалар мен кедей аш-жалаңаштар жаппай өте бастайды. Алакөл, Кеген, Нарынқол, Ақсу, Жаркент аудандары қазақтарының жартысына жуығы көшіп кетті. Жалпы, 1930-1931 жылдары ауа көшушілердің себебінен Қазақстандағы қазақтар 12-15 пайызға кеміп кетті. Олар өздерімен бірге 1, 5-2 млн малды бірге айдап әкетті.
Жоғарыдан жүргізілген ет пен астық даярлау науқандары, соңынан оның ізін ала жүрген аштық қазақтардың шетелге босуына әкеліп тіреді.
Голощекиндік геноцидтен қазақтар Батыс Сібір мен Орта Еділ бойына босып кетті. Олар бұрыннан сол жақта тұрып жатқан қазақ ауылдарын паналады. Орта Еділ, Орынбор өңірінде, Самара төңірегіне Батыс Қазақстан жерінен келгендер 50 мыңдай адам қоныстанды. Ал Батыс Сібірдің 33 ауданында 1932 ж. 46, 6 мыңдай қазақ босқындары тіркелген.
1930 жылдан бастап қазақтардың Орта Азия жеріне ауа көшуі кең ауқымда жүрді. Көрші республикалар - Өзбекстанға, Түрікменстанға, Тәжікстанға кетті. Қарақалпақ жеріне Қазалы, Арал, Шалқар, Темір, Ақтөбе аудандарынан келгендер болды. Оңтүстік Қазақстаннан Орта Азия республикалары арқылы Ауғанстан асқан қазақтар салыстырмалы түрде көп болған жоқ. Кейін қазақ босқындарын Қазақстанға қайтару жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыста С. Меңдешев көп еңбек сіңірді. Дегенмен, шамамен босқындардың жартысына жуығы барған жағында қалып қойды. Өзбекстанның Әндіжан, Хаваст, Самарқан, Қаттақорған, Ташкент ауданындағы босқын қазақтарды да елге қайтару ісі жүргізілді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz